Еліміздің
бүгінгі жеткен биігіне шығуы жолында жазу мәдениетіміздің де өз үлесін қосқанын
жоққа шығармаймыз. Себебі адамзат мәдениеті тарихында әліпби мен жазудың маңызы ерекше, жазу – мәдениеттің ажырамас
бір бөлшегі. Халықтың ғасырлар бойы
игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Әр халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс ретінде жазу- өткен мен бүгінгіні, бүгін мен келешекті
жалғастыратын алтын көпір екендігін кезінде академик Ә.Қайдар атап көрсеткен
еді. Бір жазудан екіншісіне көшу
халықтың осы рухани байлықтан сусындауына қосымша қиындық келтіруі мүмкін.
Сондықтан әліпби мен жазу мәселесіне әлеуметтік лингвистика тұрғысынан жете
назар аударған жөн деп білеміз. Осы орайда, қазақ
жазуы тарихында алғашқы түрен салушы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет
Байтұрсынұлы есімін құрметпен еске аламыз. Өткенге
ой жіберіп, таразылайтын болсақ, ХХ
ғасырдың бас кезінде өмір сүрген қазақ зиялыларының арасындағы шоқтығы биік
тұлға деп Ахмет Байтұрсынұлының
есімін бірінші кезекте ауызға аламыз.
Шындығында да, ол қалдырған мұраны саралай келе ұлт ұстазы Ахмет айналыспаған саясаттың да, ғылымның да саласы
жоқ екендігіне, оның соңында қалған мұрасы мен
айтқан ойларының осы күні де өзінің өзектілігін жоймағандығына көз жеткіземіз. Табиғатынан
ерекше дарын иесі Ахмет Байтұрсынұлының тілтаным саласындағы еңбектері қазақ
тіл білімінің алғашқы ғылыми теориялық негізін қалауға ұйтқы болды. А.Байтұрсынұлының рухани мұрасының тереңіне бойлап,
оның теориялық маңызын түсінуде әліпби мен жазуға қатысты еңбектерінің де маңызы ерекше зор деп білеміз. Ғалым
қазақ әліпбиін құрастырып, жазуын қалыптастыруда тіліміздің
сингармофонологиялық негізіне арқа сүйеген еді. А.Байтұрсынұлы жасаған әліпбидің сингармофонологиялық табиғаты
туралы кеңірек білу үшін ғалым М. Жүсіпұлының зерттеулеріне назар
аударамыз [1].
А.Байтұрсынұлы тіл тазалығы, тілді терең меңгеру, ұлттық тәрбие баланың алғашқыда өз ана тілінде сауат ашуына байланысты екендігін атап көрсетіп, «Тіл - құрал» еңбегінде: «Әр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін, басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше, әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс», - деп жазды[2.13]. Сондықтан ана тіліміздің сингармофонологиялық табиғатын, үндесім заңдылығын сақтау үшін бұл пікірдің маңызы зор екенін ескеру керек. Ғалымның бұлай айтуына себеп, ана тіліміздің өзіне тән табиғи қалпын сақтап сөйлеуі әр адамның тілі бала жасынан қалыптасуына айрықша көңіл бөлуінде жатыр. Білім беру, оқыту үдерісі жазумен де тығыз байланысты, сондықтан ана тілі заңдылықтарын сақтау жазу ісінде де көрініс табуы тиіс, яғни тілдің фонологиялық заңдылықтары жазумен ұштасып жатады. Осы фонологиялық заңдылықтарды терең танығанда ғана ана тіліміздің айтылымы мен жазылымын өз мәнінде қалыптастырып, қолданыс аясын кеңейтіп, белсенділігін дамыта түсеміз.
Ахмет
Байтұрсынұлы еңбек еткен алғашқы кезеңде, яғни ХІХ ғасырдың соңынан бастап,
қазақ халқының өзге түркі халықтары сияқты 4-5 ғасыр бойы қолданып келген араб
жазуы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толық бере алмайтыны, оның түркі тілдеріне жарамсыздығы мен кемшілік
жақтары баспасөз беттерінде айтылып,
қазақ жазуын жетілдіру керек деген
мәселе көтеріле бастаған еді. Міне,
осы көзқарастарды өз мақсаттарына шеберлікпен пайдаланған Н.И.Ильминский
бастаған миссионерлер араб жазуының кемшіліктерін сынай отырып, қазақ жазуын
бірден орыс графикасына көшіру
идеясын уағыздай бастады [3.272]. Сол тұста Н.И.Ильминский
бастаған миссионерлік топтар жазу
мәселесін әлеуметтік саясат құралына айналдырып, халық тағдырын өз мақсаттарына
қарай өзгертуді ойлаған еді. Осындай уағызға ерген кейбір қазақ оқығандары да қазақтың ескі жазба тілін «татаршина»,
«арабшина» деп жағымсыз қылып
көрсетуге қосылып кетті [3.273]. Ал бұл көзқарастардың әлеуметтік саяси астарын терең түсіне білген А.Байтұрсынұлы
«қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек.
Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да
айыру болмайтын жұмыс… Дінмен
байланысқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды»,- деп жазды[2.609]. Ол тек өз
көзқарасын білдірп қана қоймай, 1910 жылдардан бастап араб жазуы таза сол
күйінде қазақ тілі үшін қолайлы еместігін
байқап, оны қазақ тілінің дыбыстық
жүйесіне икемдеп, қайта түзуді қолға алды. А.Байтұрсынов
араб әріптерін қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, қазақ тілінде жоқ
дыбыстардың таңбаларын әліпбиден
шығарып, арабша таңбасы жоқ қазақ
дыбыстарына таңба ойлап тауып, қазақ
тілінің үндестік заңы бойынша жуанды-жіңішкелі
дыбыстарға сай етіп, жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасап, 1911-1912 жылдары жаңа әліпби құрастырды. Бұл
«Әліппе» Уфа, Орынбор
қалаларының баспаханаларында жарық көрген. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу
құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту
ісінде пайдаланылды. 1926 жылы ғалым
«Әліпбидің» жаңа түрін жазды. Сөйтіп,
А.Байтұрсынұлы реформалаған қазақ графикасы дүниеге келіп, 1924 жылы
Орынборда өткен қырғыз-қазақ білімпаздарының тұңғыш құрылтайы оны ресми түрде қабылдады. Бұл әліпбиді халық «Байтұрсынұлы алфавиті»,
«Байтұрсынұлының төте жазуы» деп атаса, сол кездегі орыстың
белгілі ғалымдары, профессорлар Е.Д.Поливанов
пен Н.Ф.Яковлев өте жоғары
бағалады. Н.Ф.Яковлев өз сөзінде
жақсы алфавит бірнеше ғылыми
талаптарға жауап бере алатын болуы керек. Ол талаптардың негізгілері мыналар: 1.Алфавитте әріптер саны тілдегі сөз
мағынасын ауыстыра алатын дыбыстар /фонемалар/ санына тең болуы керек; 2.
Алфавитте әріптер саны өте көп болмау керек; т.б. Осы негізгі екі қасиет
қазақтың сингармониялық алфавитіне тән. Ал сингармониялық алфавит пен
сингармониялық орфографияға қосымша таңба – дәйекшінің ендірілуі үлкен ғылыми жаңалық болды дейді[1.79]. Кезінде
профессор Қ.Жұбанов та осы араб графикасына негізделген жазуға қарсы айтылып
жүрген пікірлердің негізсіздігін айтып, осы жазудың авторы А.Байтұрсынұлының
еңбегін жоғары бағалаған еді [4.581]. Е.Д.Поливанов
бұл жазуды
«Байтұрсыновский алфавит» дей отырып, «…енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика» деп ғылыми тұрғыда жоғары бағалады[5.283]. Ғалым А.Байтұрсынұлы қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар, оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты дыбыстар екенін айтып: «бұл дыбыстардың ішінде «қ» һәм «ғ» ылғи жуан айтылады, «к», «г» һәм «е» ылғи жіңішке айтылады. Өзге 19 дыбыстардың һәр қайсысы бірде жуан, бірде жіңішке айтылады. Егерде бұл 19 дыбыстың жуан айтылуы үшін бір белгі, жіңішке айтылуы үшін бір белгі керек десек, … онда 19 дыбысқа 38 белгі керек болар еді. Бұған дайым жуан айтылатын «қ» мен «ғ» –ны қосқанда, дайым жіңішке айтылатын «к», «г», «е» - лерді қосқанда, бәріне 43 белгі керек»,- дейді[6.324]. А.Байтұрсынұлы қазақтың сингармонииялық сөйлесімінің барлық қасиеттерін жазылым процесінде толық қамту үшін осы 43 түрлі дыбысты дәйекшіні қосқанда 25 белгімен жазу техникасын ойлап тапқан; Бір сингармофонеманың қызметін сөйлесім процесінде бірнеше дыбыстар атқарады. Олар біріне-бірі ұқсамауы да мүмкін. Осы сингармодыбыстарды сингармофонеманың позициялық сингармотүрлері дейді. А.Байтұрсынұлы осы фонологиялық принциптерді - қазақ тілінің дыбыс жүйесінің сингармофонемалық және сингармопозициялық классификациясын – жасады [1.47]. Ал Халел Досмұхамедұлы өзінің сингармонизмге арналған көлемді мақаласында тек қазақ тіл білімі тарихында ғана емес, жалпы тіл білімі тарихында бірінші болып сингармонизмді сөз құрамындағы барлық дыбыстардың үндестігі деп таныған болатын [7.81]. Ал бұл жазудың нағыз ғылыми бағасын танытып, Байтұрсынұлытың ұсынған жазуы мен әліпбиінің құдіреттілігі мен тылсым сырын ашып, оның жазуы әлемдік деңгейдегі ғылыми жаңалық болғанын еліміз егемендік алғаннан кейін қорғаған докторлық диссертациясында ғалым Махамбет Жүсіпұлы жан-жақты дәлелдеп бергені ғылыми қауымға белгілі жай [8]. Сонымен, А.Байтұрсынұлыты араб алфавитін тұңғыш реформалаушы және соған сәйкестендіріп, емле ережелерін құрастырушы, қазақ жазуы мен әліпбиінің тағдырын шешкен ғұлама ғалым деп білеміз. А.Байтұрсынұлы жасаған алфавиттің әлеуметтік лингвистикалық жетістігі қандай десек, ғалым М. Жүсіпұлы анықтап, ғылыми тұрғыда дәлелдеген төмендегі мәселелерді атап көрсету қажеттігі туындайды:
Ғалым қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар, оның бесеуі дауысты,
он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты дыбыстар
екенін айтып: «бұл дыбыстардың ішінде «қ» һәм
«ғ» ылғи жуан айтылады, «к», «г» һәм «е» ылғи
жіңішке айтылады. Өзге 19 дыбыстардың
һәр қайсысы бірде жуан, бірде жіңішке айтылады. Егерде бұл 19 дыбыстың жуан
айтылуы үшін бір белгі, жіңішке айтылуы үшін бір белгі керек десек, … онда 19
дыбысқа 38 белгі керек болар еді. Бұған дайым жуан айтылатын «қ» мен «ғ» –ны
қосқанда, дайым жіңішке айтылатын «к», «г», «е» - лерді қосқанда, бәріне 43
белгі керек»,- дейді [6.324]. А.Байтұрсынұлы қазақтың сингармонииялық
сөйлесімінің барлық қасиеттерін жазылым процесінде толық қамту үшін осы 43
түрлі дыбысты дәйекшіні қосқанда 25 белгімен жазу техникасын ойлап тапқан; Бір
сингармофонеманың қызметін сөйлесім процесінде бірнеше дыбыстар атқарады. Олар
біріне-бірі ұқсамауы да мүмкін. Осы сингармодыбыстарды сингармофонеманың
позициялық сингармотүрлері дейді. А.Байтұрсынұлы осы фонологиялық принциптерді
- қазақ тілінің дыбыс жүйесінің
сингармофонемалық және сингармопозициялық классификациясын – жасады [1.47].
Қазақ тілінде фонологиялық қызметті сингармонизм атқаратындығын, сондықтан
тіліміздің табиғаты үндестік
заңдылығымен астасып жатқанын, соған сай А.Байтұрсынұлының
да ғылыми еңбектері сингармонизмге негізделгенін ғалым Ә.Жүнісбек өзінің зерттеулерінде
ғылыми түрде дәлелдеген еді [9].
Ғалым
өзінің құрастырған алфавитіне «х, һ» дыбыстарын енгізбеген. Себебі «һ» дыбысын
одағай сөздерде ғана (аһ,
уһілеу) кездеседі деп, «Бұл әріпті
қазақ әліппесінен шығарғанда мұнымен
жазылатын сөздер аз деп шығарып едік. Аз болғанмен тілде бар дыбыс
болған соң, жоқтығы
сезілетіні көрінеді», - дейді [1.88];
Ал
«х» дыбысы араб, парсы сөздер арқылы еніп, қазақтың өз сөздері болып кеткен (адал – халал,арам – харам), сондықтан оны сақтау керек дейді[2.385]. Қазіргі жазуымызда «х» дыбысының фонемалық қасиеті жөнінде бірізділік болмауы себепті (хабар-қабар, қош- хош) жазуда қиындық келтіріп келеді. А.Байтұрсынұлы «х, һ, ц, ч, в, ф, щ» дыбыстарды қазақ тілінің сингормофонемалар құрамына ендірмеген, оларға арнайы таңба арналмаса да, қосымша әріптермен қалай жазу жолдарын көрсеткен [1.30]. Қазіргі кездің өзінде «и», «у» дыбыс-әріптерін жазуға қатысты пікірталастар болып жүрсе, ғалым өз кезінде «и, у» жарты дауысты деп көрсетіп, олардың қандай жағдайда ұзын, қандай жағдайда қысқа айтылатынын көрсетіп, осы әріптермен жазу емлесіне де ерекше назар аударды. Осы «у» мен «й» «қай жағынан тексергенде де дауысты деуге болмайтынын» кезінде Е.Омарұлы да өз еңбектерінде айтқан еді[10.72]. Ғалым М.Жүсіпұлы зерттеулерінде А.Байтұрсынұлы дыбыстың жіңішкелігін арнайы таңба – дәйекшімен белгілеп, дәйекші сөз құрамындағы дауысты және дауыссыз дыбыстың, сонымен бірге, бүкіл сөздің толық жіңішке дыбысталуын таңбалағаны, сөз құрамындағы дауыссыз дыбыстар дауысты дыбыстарға тәуелді, яғни дауысты дыбыстардың жуан – жіңішкелігіне қарай дауыссыздардың да жуан- жіңішке болатындығын анықтаған; Сонымен бірге фонема статусына ие болған және фонема статусына ие болмаған дыбыстарды нақты ажыратқан, сөйтіп алфавиті мен орфографиясында жеке әріппен тек сингармофонемаларды, яғни сөз мағынасын өзгертетін фонологиялық бірліктерді белгілеген [1.49]. А.Байтұрсынұлы төмендегідей маңызды теориялық сауалдарға жауап берген: 1/. Неге бір түрлі фонетикалық жағдайда дыбыстар әр түрлі дыбысталатыны /сыз –сіз/; 2/. Неге алфавитке сөйлесім процесінде қолданылатын дыбыстардың барлығын жеке әріптермен таңбалау мүмкін еместігі; 3/ Неге алфавиттегі әріп таңбасы әр дыбыстың емес, акустика – арткуляциялық жағынан ұқсас дыбыстар тобының, дыбыстық типтің, белгісі болатыны: Н – н- нь (тон- төн); 4/ бір бірімен акустика – артикуляциялық жағынан ұқсас әрі толық ұқсас емес дыбыстар тобы мен адамның ойлауындағы дыбыстардың психологиялық бейнесі арасындағы байланыста қарым қатынас бар ма? [2.63]. Осы сұрақтарға жауап іздеу, зерделеу барысында өзінің «төте жазуын» мінсіз құрастырып шыққан. Егер А.Байтұрсынұлы қазақ тілі сингормофонемасын жуан- жіңішке болып бөлінетін екі сингармовариациялардан тұрады деп анықтамаған жағдайда, өзінің сингармоалфавиті мен сингармоорфографиясын әлем ғалымдары жоғары бағаланғандай биік деңгейде жасай алмайтын еді [1.57]; А.Байтұрсынұлы позициялық принципті, фонеманың позициялық түрлері және фонема дыбыстар қоры ұғымдарын жалпы тіл білмі әлемінде бірінші болып зерттеп, анықтаған [1.59]; Байтұрсынұлы қазақ тілі дыбыс жүйесінде сингорможуан /қ, ғ/ және сингорможіңішке /к, г, е/ дыбыстарды ажыратып, оларға жеке таңба арнады. Яғни, түркі тіл әлемінде тұңғыш болып жуан-жіңішке сингармокорреляцияны анықтады, жұпталған сингармокорреляттік дыбыстар санын нақты белгілеген [1.23]. Ахмет Байтұрсынұлы еңбегінің бір жетістігі дауыстыларды таңбалауда қадим, жадид жазуынан бері қарай қолданылып келе жатқан халық санасындағы қалыптасып қалған араб тіліндегі аз дауыстылар таңбасын қазақ тілінің үндестік заңымен байланыстыра отырып әліпби құрауында жатыр [11.45]. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әліпби мен жазуының реформаторы ретіндегі ғылыми теориялық ұстанымдары бүгінгі таңда да маңыздылығын танытып отыр[12].
Ахмет
Байтұрсынұлының 1912 жылы шыққан
«Оқу құралы» деп аталатын алғашқы оқулығы қазақ
балаларының тұңғыш рет өз ана тілінде әріп танып, жазуға үйренуіне жол
көрсетті. Бұл еңбек қазақтың ұлттық жазуын қалыптастырудағы алғашқы табысы
болды. 1914 жылы шыққан «Тіл - құрал» еңбегі тіл заңдылығын үйрету құралы, яғни
қазақ тілінің теориялық мәселелерін танытатын алғашқы еңбек болса, 1920 жылы
тілді дұрыс қолдана білу тәртібін үйрететін «Тіл жұмсар» еңбегін, одан кейін
тілді оқыту, сауат аштыру әдістемесі жөнінде «Баяншы», «Әліпби астары» деген
т.б. оқулықтары бүгінгі таңда да халық игілігіне қызмет етіп келеді.
1). А.Байтұрсынұлының құрастырған әліпбиі туралы М.Дулатұлы: «Араб әріптерінің
өзгеріп отырғаны рас, бірақ қалай өзгертілген, әңгіме сонда болу керек қой. Араб әріптерінің 14-і ғана бұрынғыша болса, өзге ойдан
шыққандары жұртқа жат болу керек қой. Ойдан шығарылған әріптерді
жұртқа үйретіп, оқытып жату керек еді ғой. Ондай нәрсе болды
ма? Болған жоқ, ендеше бұны «өзгертушінің шеберлігі» деп біліңдер
Бұларды өзгерткенде әр әріптің бұрынғы тұлғасын жоймай, өзгерткенін сездірмей, хат танитын адам бөгелместен оқып кетерлік қылып өзгерткен»,-деп түсіндірген еді[13.77].
2). А.Байтұрсынұлы өз кезеңінде қазақ тіліндегі сөзді жазуға икемді әліпби жоқ екенін:
«Осы күнгі
жазуымызда дыбыс басына
арналған белгі жоқ; бір белгімен
әлденеше түрлі дыбыстарды
жазамыз»,- деп түсіндірген екен[6.380].
Ғалым М.Жүсіпұлының зерттеуіне сүйене отырып, төмендегі мәселелерге көз
жеткіземіз:
-А.Байтұрсынұлы бір сингармофонеманы бірнеше әріппен таңбалаудан, әлденеше сингармофонеманы бір әріппен таңбалаудан құтылу
мүмкіндігін анықтады [1.17].
- сингармоезужуан, сингармоезужіңішке дыбысталатын дербес сингармофонемалардың сингармопозициялық
түрлерін ажыратады[1.18].
- қазақ тіліндегі консонантизм жүйесіндегі 19 сингармофонема сөз құрамында дыбысталған
кезде сингарможуан, сингарможіңішке дыбысталатын екі түрлі корелляциялық
қарым-қатынаста тұратын сингармопозициялық сингармодыбыстар түрлерінде қызмет
атқаратынын анықтаған[1.19]. Мысалы,
«н» сингармофонемасы 12 түрлі сингармодыбыс, 6 корелляциялық жұп, 2
сингармопозициялық түрі арқылы таңбаланады:
«Н»-
[н]: - сингармоезужуан, сингармоезужіңішке (сан, сән), сингармоерінжуан, сингармоерінжіңішке(қон, көн);
«Н»- [м]: - сингармоезужуан,
сингармоезужіңішке (қанба-қамба, сенбе- сембе), сингармоерінжуан,
сингармоерінжіңішке(қонба-қомба, көнбе-көмбе);
«Н»- [ң]: - сингармоезужуан,
сингармоезужіңішке (жанға-жаңға, есенге- есеңге), сингармоерінжуан,
сингармоерінжіңішке(тонға-тоңға, күнге-күңге)
[1.19]. Дауысты және дауыссыз
дыбыстар жүйесінде сингарможуан,
сингарможіңішке дыбыстарға ажыратып,
сингармокорелляцияны анықтады [1.23].
2). А.Байтұрсынұлы жаңа
графика жасау мәселесін мүлде көтерген жоқ. Оның негізгі концепциялық ойы –
жеке фонемаға жеке таңба алу, сондықтан араб
графикасын қазақ тілі дыбыс жүйесінің құрамына сәйкес реформа жасау мәселесін көтерді. Сол оймен араб таңбалары негізінде қосымша таңбалар жасады[1.20]. Әліпби мен орфографияны сингармофонологиялық негізінде жасау қазақ тілі әрпі санын үнемдеуге себеп болды[1.22].
3). А.Байтұрсынұлы
өзінің құрастырған әліпбиінде сингарможуан,
сингарможіңішке корелляциялық жұп дауысты фонемаларды бір әріппен таңбалау арқылы әлемдік
жалпы фонология мен графемика ғылымын тағы
да бір баспалдаққа жоғары көтерді[1.44].
А.Байтұрсынұлы
құрастырған әліпбиінде фонема
статусына ие болған және фонема статусына ие болмаған дыбыстарды нақты ажыратқан, сөйтіп әліпби мен орфографияда жеке әріппен тек сингармофонемаларды, яғни сөз мағынасын өзгерте
алатын фонологиялық бірліктерді белгілеген[1.49].
4). Халел Досмұхамедұлы тіл білімі тарихында бірінші
болып сингармонизмді тек дауыстылар үндестігі ғана емес, сөз құрамындағы барлық
дыбыстардың үндестігі деп танып, осы тұжырымдары арқылы сингармонизмді фонологиялық
деңгейге көтеріп, түркі тілдерінің дыбыс жүйесін зерттеуде жаңа ғылыми жол
ашқан болатын[1.71]. Кейіннен осы
бағыттағы ғалым Ә.Жүнісбек зерттеулерінде қазақ
(түркі) тілінің негізгі просодиялық доминанты екпін емес, сингармонизм екені дәлелденген болатын.
5). А.Байтұрсынұлы еңбектеріндегі сингармофонологиялық ізденістер ғалымдар Ә.Жүнісбек пен М.Жүсіпұлы зерттеулерімен толыға түскен. А.Байтұрсынұлы қазақ тілі дауыссыз дыбыс жүйесінің құрамындағы екі позициялық түрін (сингармоезужуан, сингармоезужіңішке) көрсеткен. Ал Ә.Жүнісбек қазақ тілі дауыссыз дыбыс жүйесінің құрамындағы төрт позициялық түрін (сингармоезужуан, сингармоезужіңішке, (сингармоерінжуан, сингармоерінжіңішке) және сингармоварианттар мен сингармовариацияларды анықтаған[1.29].
6). Қазақ тілінде бір дауыссыз сингармофонема әлді позицияда
4 түрлі сингармовариацияда қызмет атқарса, ал әлсіз позицияда тағы да
4 не одан да аз сингармовариантта қызмет
атқарады. Қазақ тілінде бір дауыссыз
сингармофонема барлығы 105 сингармодыбыстан құралатынын, яғни әлді позицияда 66 сингармовариацияда қызмет атқаратынын
ғалым Ә.Жүнісбек анықтаса, ал әлсіз позицияда 39 сингармовариантта қызмет атқаратынын ғалым М.Жүсіпұлы
анықтаған[1.116]. А.Байтұрсынұлы
басқа тілден енген сөздер тіліміздің табиғатына, айтылу сазына кері әсер
ететінін, ана тіліміздегі сөзіміз шұбарланып, әуені бұзылатынын айтып,
сондықтан басқа тілдің сөзін өз
тіліміздің дыбыстық ерекшелігімен айту керектігін ескерткен еді. Мысалы: орыста
«һ» дыбысы жоқ, сондықтан оны олар «г»
дыбысымен айтатынын білеміз.
Сондықтан өз тіліміздің табиғатына назар аударған жөн. Осы орайда ғалым. «Тілі жоғалған халықтың
өзі де жоғалыды» деп тұжырым жасаған еді. А.Байтұрсынұлы араб жазуынан
безіп, латын графикасына көшудің бір
артықшылығы, қажеттілігі болып тұрмағынын айтып,
«латынға алмастырғанынан енетін пайда көп болса немесе
латын әріпін алу машақаты,
шығыны араб әріпін түзуден аз болып шығатын болса, …. латынмен болуды жөн дер едік. Ол
жоқ.», - деп, бүкіл түркі халқына ортақ болған араб
графикасы негізіндегі жазуды жақтайды
[2.565]. А.Байтұрсынұлыдай
дара тұлғаның өсиеті, сингармофонологиялық зерттеулері тіл жанашырларының алға
ұстар бағдаршамы болуға тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жүсіпұлы М. Ахмет
Байтұрсынұлы және қазіргі қазақ тілі фонологиясы. - Алматы: Ғылым, 1998. - 216
б.
2. Байтұрсынұлы А. Қазақ тіл білімінің мәселелері.- Алматы: «Абзал-Ай» баспасы,
2013. - 640
б.
3. Уәли Н. Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ жазуының онтогенездік дамуы // Ұлттық рухтың ұлы тіні. Ғылыми
мақалалар жинағы. - Алматы: Ғалым, 1999.- 268- 281 б.
4. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. - Алматы: Ғылым,1999.-581
б
5. Мәжітаева Ш. Қазақ
(араб) жазуының тарихы хақында // Ұлттық рухтың ұлы тіні. Ғылыми мақалалар жинағы. - Алматы: Ғылым, 1999. - 281-288 б.
6. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы.- Алматы: Ана тілі, 1992. -448
б.
7. Досмұхамедұлы Х.
Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы // Аламан. - Алматы: Ана тілі, 1991. - 81-99 б.
8.
Джусупов М. Сингармонический звуковой строй в
сопостовлении с несингармоническим (на материале қазахского и русского языков)
АДД. - Алматы, 1992. -38 с.
9. Джунисбеков А. Сингармонизм в казахском языке.
- Алма-Ата: Наука, 1980.
-78 с
10. Елдес Омарұлы
шығармалары. I том. - Алматы: «Лұғат» қоғамдық қоры, 2018. - 300
б.
11. Әліпби. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Арда+7», 2020. - 368 б.
12. Машқанова Н.Т. Ахмет Байтұрсынов – қазақ жазуының
реформаторы.- Алматы,1994. - 154 б.
13. Әліппе . - Қарағанды: ҚарМУ, 1990. - 106 б.