Кіріспе
Қазақ емлесі (орфография) тарихында өзіндік орны бар ғалымдардың бірі – Елдес Омарұлы. Ғалымды А.Байтұрсынұлынан кейін бұл мәселемен ғылыми деңгейде айналысқа алғашқы есімдердің бірі ретінде тануға лайықты негіз бар. Бүгінде тілші ғалымдарға Елдес Омарұлының есімі белгілі, А.Байтұрсынұлының төл шәкірті, лингвистикалық мектебінің өкілі екені баршаға мәлім. Алайда ғалымның ғылыми мұралары тыңғылықты зерттеліп, қазақ тіл білімінде алар орны айқындалмай келеді. Бұл – ғалым мұраларына бүгінгі ғылым биігінде лайықты баға бере алатын тіл мамандарының мойнындағы жауапты міндеті. Десе де ғалым мұраларын зерттеуде оның А.Байтұрсынұлымен ғылыми байланысына назар аудармау – тыңғылықты тұжырымға әкелмейтінін қаперден шығармаған жөн. Қазірге мәлім деректерге қарағанда, А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы Омарұлы Елдеспен 1914 жылдың өзінде пікірлес болып, оны қазақ жастарының ішіндегі пікірі салмақты, талабы мен таланты оқшау талапкер ретінде бағалайтыны айтылады. Е.Омарұлы бұл жылдарда жазу, емле мәселесімен тыңғылықты айналысқан жоқ. Оның тіл білімі саласындағы өнімді қызметі А.Байтұрсынұлымен бірге ҚР Оқу комиссарияты құрамында болған кезеңнен басталады.
Е.Омарұлына дейін де қазақ емлесінің қалыптасып дамуы жолында талпынған қазақ оқығандары болды. Олардың қатарында Шәкәрім Құдайберді, Ғабдулғазы Муса, Ишанғали Бейсенұлы, Хасен Ғали (ноғай), Шаһзаман, Нығыметолла Күзембаев, А. Бекмұхаммедов т.б. бар. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесі» («Оқу құралы») жарық көргеннен кейін аты аталған авторлардың қатысуымен қазақ емлесінің бұл жаңа беталысы қазақ және ноғай (татар) тілді басылымдар арқылы көптеп талқыланды. Десе де А.Байтұрсынұлы мен аталған авторлардың емле туралы білігін салыстыруға да келмейтін, сондықтан олар «Байтұрсынұлы емлесіне» ескерерлік ұсыныстар мен сындар айта алмады. «Байтұрсынұлы емлесінде» кейбір олқылықтар болуына қарамастан, 1912-1922 жылдар аралығында қолданылды. Реформатор ғалым жасаған емле «Оқу құралы» еңбегінен бұрын «Қазақ» газеті арқылы көпшілікке кеңінен танымал бола бастағандықтан, «Қазақ емлесі» («Қазақ» газетінің емлесі) деп аталды. Осы «Қазақ емлесінің» кемшін тұстарын жазу тәжірибесі кейіннен көрсетті, содан оны жетілдіру жолында ізденістер туындады. Бұл мәселені алғаш рет терең зерделеген ғалым Омарұлы Елдес болды. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ тілінің емле, жазу мәселесі Елдестің меншікті тақырыптарының біріне айналды.
Зерттеу әдістері
Мақалада Елдес Омарұлының қазақ емлесі туралы тұжырымдары жеті тақырыпқа бөлініп талданады. Зерттеуде сипаттамалы әдіс, тарихи әдіс, салыстыру, жинақтау, жүйелеу тәсілдерді қолданылды.
Талқылау
Е.Омарұлы емле мәселесімен Қазақстан Республикасы Оқу комиссарияты жанынан құрылған Білім кеңесінің хатшысы қызметін атқарған кезеңнен бастап айналыса бастады. 1923 жылы Білім кеңесінің басшысы А.Байтұрсынұлының жетекшілігімен 13 баптан тұратын қазақ тілінің жаңа емле ережесі дайындалып, оған Кеңестің хатшысы ретінде Елдес Омарұлы, Оқу комиссары Нұғман Залыұлы қол қойып бекіткен. Бұл емле ереже сол тұста жарық көріп тұрған «Еңбекші қазақ», «Қазақ тілі» т.б. газеттерде қатар басылып, көпшілікке таныстырылған. Соңын ала дәл осы ереже Түркістан Республикасы Халық ағарту комиссарияты жанындағы Білім комиссиясының да мақұлдауынан өтіп, Комиссия төрағасы Х.Досмұхаммед, мүшелері М.Жұмабаев пен Ә.Диваевтің қол қоюымен, ереженің 5-бабы қысқарып, 12 баппен Халық ағарту комиссары С.Қожановтың ресми бұйрығымен бекітіледі. Осылайша бұл емле ереже Түркістан аумағында да қолданысқа енеді. Қысқарып қалған 5-бап ереже мынадай: «Ішінде « خ» (х), «ش» (ч), «ف» (ф), « ه» (һ) дыбыстары бар жат сөздер, мағынасы бұзылып кетпейтін болса, ішіндегі жат дыбыстары шығарылып, орнына қазақ тіліндегі дыбыстар қойылып, қазақ тілінің дыбыс қиынына үйлестіріліп айтылып, һәм солай жазылады. Жоғарғы төрт хәрф, ішіндегі жат дыбыстарды шығарып тастағанда сөздің мағынасы бұзылып кететін болғанда гәнә, сол жат дыбыстарды белгілеу үшін жазылады. Ондай сөздерді әркім әртүрлі жазып кетпейтін болуы үшін Білім кемесиесі жат сөздерді тізіп, лұғат жазып шығарады». Бұл баптың, аса маңыздылығына қарамастан, Түркістан Республикасы аумағында қолданылмай себебі белгісіз. Мүскін оңтүстік өңірдің тілі аталған дыбыстарды айтуға бейім, жазба тілінде кірме элементтер (өзбек, парсы) көп болуынан да болса керек.
Жоғарыда аталған 1923 жылғы емле ереженің жасалуына Елдес Омарұлының өзіндік үлесі бары даусыз. Елдестің бұл ережеге хатшы ретінде қол қоюшы ғана болмағанын одан кейінгі әр жылдары емле тақырыбында жазған еңбектері көрсетеді. Елдестің өз есіміне жеке тиесілі емле жайлы ойлары 1924 жылдан бастап мақала көлемінде жан-жақты айтыла бастады. Ғалым «Еңбекші қазақ» газетінің бірнеше номерінде қатар басылған «Қазақша жазу жайы» атты мақаласын (Ж.Аймауытұлымен айтыс үшін жазылған) былай деп бастайды: «Қазақша жазу ережелері Төңкерістен бұрын «Оқу құралы», «Тіл-құрал» болып реттеліп шығып еді. Ол ережелерді мінсіз деуге болмайды. Сүйтсе де жоқтан артық, үйретуге жеңіл еді. Жеңілдік жағынан басқа елдердің жазу ережелерінің қайсысымен де таласуға жарайтын еді, орысша жазу ережелерінен анағұрлым жеңіл еді» [1, 20 б.]. Мақалада одан әрі «Байтұрсынұлы емлесінің» жеңілдігімен қоймай, жоғарыда айтылған 1923 жылғы ережеде жазу одан сайын жеңілдетілгені айтылады. Солай бола тұра, қазақша жазуға жұрттың ынтасыз болуының, қатесіз жаза алмауының себебін іздейді және оның мәні «қазақ тілін менсінбеуде» деп көрсетеді. Ол тағы: «Біздің жазу ережелеріміз мінсіз деуге болмайды. Жазу ережелерінің жеңілдік жағынан да, мағына (қазақ тілінің негізгі қасиеттеріне келу-келмеу) жағынан да кемшіліктері жоқ емес», – деп жазады [1, 21 б.]. Бұл пікір жазу теориясының екі үлкен принципті мәселесін танытады: бірі – жазудың жеңіл болуы, екіншісі – емле ереженің тіл заңын сақтай білуі. Осы екі ұстаным оның емле тақырыбындағы барлық ойлары мен ұстанымдарының бұлжымас негізі болды. Ғалым 1923-1929 жылдар аралығында емле туралы мақалаларында жазудың көптеген мәселелерін көтерді және оның дұрыс шешімін көрсете отырып, қазақ тілінің емле ережелеріне енгізді. Бұл ретте Елдестің қазақ емлесінің дамуына қосқан үлесі мен өзекті ойларын тақырып бойынша жүйелеп көрсету ұтымды.
1. Жазу ұстанымдары (принциптері):
1924 жылы Орынборда «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі» (бұдан әрі – ҚБТС) өтіп, онда қаралған басты мәселелердің бірі
«Қазақ тілінің емлесі» болғаны белгілі. Елдес айтқандай, шынында да А.Байтұрсынұлының емлесінде кейбір кемшіліктер бар еді. Қазақ оқырмандарының тіл туралы білімі артып, жазу машығына төселген сайын осы кемшіліктер көріне бастады. Басылым беттерінде түрлі пікірлер айтылып, қазақ зиялылары арасында таластартыстар күшейе түсті. Сондықтан бұл түйткіл, өзекті мәселелердің бірі ретінде, Білімпаздар съезінің күн тәртібіне қойылды. Съезде емле мәселесі бойынша бас баяндамашы Е.Омарұлы болды. Емле мәселесінде А.Байтұрсынұлынан тәжірибелі, білікті ғалымның жоқ екені кімге де болса түсінікті болғанымен, Съезде емле туралы баяндама тізгінін Елдестің алуы күтілмеген міндет емес еді. Елдес ұзақ жылдар бойы А.Байтұрсынұлымен пікірлес, істес бола жүріп, оның тіл туралы ғылыми мұраларын терең меңгерді және ол ашқан қазақ тілінің ішкі заңдылықтарын қорытындылай отырып, жазу тәжірибесінде ұтымды қолдана білді. Сондықтан Елдестің тіл турасындағы әрбір тұжырымдары мен ұстанымдарында А.Байтұрсынұлы идеяларының айқын нышандары бар. Мұны екі ғалымды салыстырып оқыған қырағы зерттеуші аңғарады. Елдестің мүмкіндігін бұрын да, одан кейін де байқаған А.Байтұрсынұлы шәкірті ретінде емле мәселесінде Елдеске көп сенім артады. Елдестің емле мәселесіне тереңдеп енгені соншама, кей тұстары А.Байтұрсынұлының өзі онымен санасатын болды. Есесіне Елдес ұстазының емле турасындағы идеяларын дамытты және қазақ емлесінің жетілуіне өзіндік үлес қосты.
Елдес Омарұлы ҚБТС-да жасаған баяндамасында емледегі түйткілдерді тақырып бойынша жүйелеп, әрбірін жеке-жеке дәйектеді. Ең әуелі, жазу принциптеріне тоқталып, оның дыбыс жүйелі (фонетикалық принцип), сөз жүйелі (морфологиялық принцип) екі түрін атады. Жазу принциптерін ешкім қалағанынша таңдай алмайтынын, оны тілдің табиғаты таңдайтынын баса айтты. Қазақ тілінің ұстануға тиіс негізгі принципі «дыбыс жүйелі» (фонетикалық принцип) дей отырып, оны қазақ тілін таза сақтаудың шарты есебінде көрсетті. Сондықтан жазуды қарапайым қазақтың сөйлеу тіліне жақындату керектігін қуаттады. Ал бұл екі принциптің қазақ тіліндегі арақатынасы туралы: «Қазақша сөздің түбірі өзгермейтін болған соң, біздің дыбыс жүйесінше жазғанымыз сөз жүйесінше де дұрыс болады», – дейді [1, 63 б.]. Соңғы жылдарға дейін қазақ жазуының принципі морфонологиялық, фонетикалық және морфологиялық болып келгені – осы.
Ол тағы: «Қазақша жазудың сөз жүйесінше дұрыс болмайтын жерлері де бар», – дей келіп, мұның дәлеліне «ы» дыбысының түбірден түсіп қалуын көрсетеді [1, 63 б.]. А.Байтұрсынұлының «Бітеу буын ережесі» бойынша түбір сөзде екі дауыссыз арасындағы «ы» дыбысы түсіріліп жазылатындықтан (М: қорт), сол түбірден тараған туынды сөздің (М: қорытынды) түбірі (М: қорыт) әуелгі түбірге ұқсамай шығатынын айтады. Бұл – жазу ережесімен болған түбірдегі өзгеріс еді. Мұндай өзгерісті қалпына келтіруге болады (қазіргі қолданыстағы емледе дұрыс жазылады). Ал тілімізде тілдің өз заңдылығымен болатын түбірдегі өзгерістер де бер. Ол да осы «ы» дыбысына байланысты. Мысалы, «көрік» деген сөзге «і» тәуелдік жалғауын жалғасақ, «көркі» болады. Мұндағы екі түбір (көрік – көрк) ұқсас емес. Бұл түзеу тілемейді, өйткені қателік емес. Мұны өзгертуге болмайды. Сондықтан қазақ жазуында морфологиялық принциптің де бұзылатын тұсы бар. Бұл бізге, ғалым айтқандай, фонетикалық принцип бойынша жазу морфологиялық принцип бойынша да дұрыс болатынын, бірақ бұлай болуы жазуымызда басты принцип морфологиялық дегенді білдірмейтінін түсіндіреді. Шешуші сәтте фонетикалық принцип морфологиялық принциптен үстем, оған жетекші болатынын көрсетеді.
ҚБТС-де қаралған емле ережелерін сараптау, түсіндіру үшін Съезден кейін жазылған (1924 жылы) «Жазудың жаңа ережелері» атты мақаласында да ғалым жазу принциптеріне тоқталады. Мақалада қазақ жазуының морфологиялық принципке қайшы тағы бір тұсын көрсетеді: «Біздің сөз жүйесіне келмей жазылатын сөздеріміз аз. Бізде сөз жүйесінше жазылмайтын сөздердің көбі «қ» пен «к»-ке тынатын түбірден болған туынды сөздер. Ондай сөздерге дауысты дыбыспен басталатын жалғау, жұрнақтар жалғанғанда, «қ»-пен «к» өзгеріп, «ғ», «г» болады. Жазуымыз дыбыс жүйесінше болған соң, біз ондай сөздерді түбіріне ұсатпай (ұқсатпай – Е.М.), естілуінше жазамыз. Мәселен, бек, бақ сықылды түбірлерден болған бегі, бағамын деген сөздерді осылай, естілуінше жазамыз. Бұл сөздерді сөз жүйесінше жазсақ, бекі, бақамын болып жазылар еді де, естілуі де, мағынасы да басқа сөздермен қатысып кетер еді» [1, 84 б.]. Ғалымның мұнда айтып отырғаны – «Бітеу буын ережесі» сияқты, жеңілдік үшін жасалған жасанды заңдылық емес, тілдің өз заңдылығы. Бұдан бөлек, біздің байқауымызша, морфологиялық принципке қайшы келетін сөздер біріккен, кіріккен сөздерде де кездеседі (М: тәңертең, бүгін т.б.). Дегенмен, ғалым сөз жүйелі жазудың артықшылығы жазу мен оқудың анағұрлым жеңіл, автоматты болып, сөзді қаріптеп оқымай, сөз тұрқын (суретін) жаттап, тұтас танып оқуға мүмкіндік беретіндігінде екенін айтады [1, 84 б.]. Осы айтылған тұжырымнан, жазу принциптерінің өзіндік артықшылықтары мен қатар, жазудың автоматтылық мәселесі де аңғарылады.
1929 жылы жазылған «Емле мәселесі» атты
мақаласында: «Қазақша жазудың жолы дыбыс жүйесінше дейміз. Бірақ таза дыбыс жүйесінше болып шығатын емле ешбір тілде де болған емес. Ондай емленің болуы мүмкін де емес. Біз өз емлемізді дыбыс жүйесінше дегенде, оны басқа тілдердің емлесімен салыстырып, басқа емлелерге қарағанда дыбыс жүйесінің жолына анағұрлым жуық болған соң, сонымен ғана дыбыс жүйесінше дейміз», – дейді [1, 169 б.]. Ғалым, қазақ жазуының дыбыс жүйелі екенін одан сайын дәйектеуіне қарамастан, бұл принципке де қайшы тұстардың бар екенін таниды (көк дөнен, қара өгіз). Күрделі құрамды сөздерде сөздің түбірін сақтамай жазу сөзжасамның аналитикалық тәсіліне оңтайлы болмайды. Себебі, мұндай жағдайда, түбір сөз бен «сөзжұрнақтардың» графикалық формасы көбейіп қана қоймай, сөз тұрпаты тани алмастай түрленіп кетеді. Сондықтан мұндай сөздерді сөз жүйесінше түбірін сақтап жазу керектігін ғалым нақты айтты. Бұл қатарға дыбыс жүйесімен естілуінше жазғанда мағынасы өзгеріп кететін сөздерді де жатқыза келіп, принцип алмасуға негізгі себеп «мағына» екенін айтады. Бұл морфологиялық принцип сияқты болып көрінгенімен, мұндағы негізгі ой ұшығы, ол кезеңдегі лингвистиканың деңгейі тани қоймаған, семантикалық, фонематикалық принципке тіреледі. Аталған мақалдан қазақ емлесі бір принципті жетекші ете отырып, одан басқа бірнеше принципке қатар арқа сүйейтінін аңғаруға болады.
2. Тіл заңы және оның жазумен байланысы:
Е.Омарұлы тіл заңдары туралы да өзекті ойлар айтады. «Дұрысында, ешбір тілде де тастай қатқан тұрлаулы заң болмайды» [1, 78 б.], - дей келіп, заңның заңдылыққа айналуын тіл дамуына жасалған мүмкіндік ретінде қарастырады. «Қазақ тілінде бұрын бар дыбыстар қазір де бар. Бірақ жүре келе қазақтың тіл жүйесі өзгерген, тіл заңдары көбейген» [1, 43 б.], - дейді. «Дағдылы жол мен айлалы жол» атты мақаласында тіл дамуын Дарвиннің эволюциялық жолымен ұштастыра отырып, дағдылы жол (табиғи даму) және айлалы жол (жасанды даму) деген екі түрлі даму жолын атайды. Мұнда тілдің дәуір салған табиғи өзгерісін елемеуге болмайтынын айтады [1, 43 б.]. Сондай-ақ тіл заңына сүйене отырып,
«айлалы жолмен» жасаған өзгерістер де тілді өңдеуге, байытуға себеп болатынын ескертеді. Осы тұрғыда, емленің тілге, сөйлеуге айтарлықтай әсері барын көрсетеді. Мұның дәлеліне соңғы жылдарда жазудың әсерінен мәдәнійәт, мәктәб, кәсіп сөздері мәдениет, мектеп, кесіп болып өзгере бастағанын айтады [1, 44 б.]. Ғалым жазудың (айлалы өзгерістің) тілге тигізер осындай өң әсерін пайдалана отырып, сол жылдарда өз еңбектерінде қате, кітап, қазір, дәстүр, құрмет, т.б. сөздерді мақсатты түрде кітеп, қата, кәзір (әзір), дәстір, күрмет деп қазақ тілінің буын үндестігі заңына икемдеп бере бастайды. Бұл – тіл түзеуге жазудың күшін пайдалану еді.
Е.Омарұлы ҚБТС-дағы қорытынды сөзінде: «Жазудың, әдебиеттің қызметі – тілдің өзгерісіне әсер беру емес, сол өзгерістен қалмай еріп отыру, болған өзгерістерді хаттап, таңбалап отыру. Тілдің ескі түрін ұстап алып, сонан айрылмай, жаңадан болған өзгерісті тілдің бұзылғаны деп түсініп, қабыл алмай отырған жазу елдің тіліне салған бұғау есебінде болады», - дейді [1, 62 б.]. Ғалымның бұл ойлары тілді күшін жоғалтқан өткен ғасыр заңдарына таңа беру де дұрыс еместігін танытады. Керісінше, әр тілдің өзгеру, даму заңдылықта-
рын, бағытын анықтап, оның әрі қарай жеделдеуіне амал қосу керектігін айтады. Бұл «төл заңдылыққа оралу» атымен өткен ғасырлардың «тіл елегі» үшін жасалған талпыныстардың барлығы дұрыс бола бермейтінін, кейде мұндай қадам тілдің түп заңынан туған жаңа заңдарына кедергі болатынын түсіндіреді. Ғалым тағы тілдің өзге тілдермен қатысқанда, өзін қорғайтын иммунитеті болатынын айтады. Мұны «сақтық заң» деп атай келіп: «Тіл сақтық заңына бағынып, өзінің дербес заңдарын, өзіне ғана меншікті негізгі сырларын жоғалтпай, аман сақтау жолымен басқа тілдермен қатысып, өңін бұзып жібермей, өзге тілдерден өзгеше, өзіне ғана меншікті түрге түсу бағытымен өзгереді» [1, 45 б.]. Демек, тіл заңы аясында жазу мен тілдегі жаңа ұғымдар мен жаңа өзгерістерге өріс ашу қажеттігін тани білген ғылымдардың бірі – Е.Омарұлы.
Е.Омарұлы емле ережелерін жасауда, ең
әуелі, қазақ тілі дыбыстарын жіктеудің аса маңызды екенін айтады. Бұл ойын «Қазақша дыбыстардың жігі» мақаласында: «Дыбыс жүйесінің де, сөз жүйесінің де түрлі ережелерінің тетігі – сол дыбыс жігінде» [1, 136 б.], - деп түйіндейді. Демек, дыбыстардың дұрыс жіктелуі дұрыс емленің жасалуына негіз болады. Сол себепті А.Байтұрсынұлы да, Е.Омарұлы да емледен бұрын, әуелі, дыбыстардың жіктелімін беріп отырған. Дыбыстар өзге дыбыстармен буын ішінде, буын жігінде, сөз бен қосымша жігінде, екі сөздің тіркес жігінде синтагмалық қатынасқа түсіп, өзара ықпалдасады (Елдесше айтқанда, «ымыраласады» – Е.М.). Ал дыбыстардың мұндай функционалды ерекшелігі позиция қалыптастырады. Е.Омарұлы қазақ тілі дыбыстарының жігін дұрыс көрсету үшін дыбыстардың функционалды ерекшеліктерін мұқият зерделеген. Бұған ғалымның: «Қазақ тілінің кәбійнеті кәзір де дыбыс жүйесін тексеріп, сөз ішіндегі дыбыстардың біріне-бірінің қалай жалғасатынын тексеріп жатыр» [1, 144 б.], - деген сөзі де дәлел. Елдеспен болған емле жайлы айтысында Ж.Аймауытұлы: «Жалғауларын, жұрнақтарын саусылдатып алып келеді»; «Елдес Тәшкенттегі жоғары мектепке оқытушы болғаннан бері бұрынғыдан да бетер дыбыстың түп-тұқиянын қазуға айналған көрінеді» [2, 3 б.], - деп жазатыны осыдан. Елдес Омарұлы – қазақ жазуы тарихында қазақ тілі дыбыстарының түрлері мен қасиетін, жігін тіркесім түрімен дәл анықтаған екінші ғалым.
Кейбір беделді фонетист ғалымдардың зерттеулерінде бұл ХХ ғасыр басы қазақ фонетикасы зерттелуінің «Интуициялық кезеңі» деп беріледі. Бұл терминнің дефинициясын таратып айтсақ: «тіл дыбыстарын белгілі бір ғылыми дәйекке емес, ішкі түйсікке сүйеніп, болжаммен, жорамалмен анықтау кезеңі» дегенді білдірсе керек. Бүгінгі қазақ фонетикасының тұжырымдары тереңдегені даусыз. Алайда қазақ тілінің төл дыбыстарының саны 28-ге (24+4 жіңішке дауысты) тиянақталған, дыбыстардың дауысты, дауыссыз, қатаң, ұяң, үнді деген топтары, тіпті әр тобының саны мен түріне дейін дәл анықталған, одан бері жүз жыл өтсе де, бұған ешкім өзгеріс енгізе алмаған классикалық кезеңді бұлай төмендетуге болмас деген ойдамыз. Қалай дыбыстауды әр сөйлеушінің өз ыңғайы білетін тиянақсыз артикуляцияға емес, сенімді тілдік фактілерге (дыбыстар тіркесіміне) сүйеніп жасалған зерттеулердің нәтижелері мүлтіксіз тиянақты болса керек.
3. Әріптердің (дыбыстардың) жазылымы:
Елдес Омарұлы 1924 жылы жарық көрген «Қазақша жазу жайы» атты мақаласында қолданыстағы А.Байтұрсынұлы емлесінің бірнеше кемшіліктерін көрсетеді: бірінші кемшілік – сүйеутаяқ («۱»). Бұл – түптамыры «соғды жазуына» тірелетін, берісі «араб жазуынан» келе жатқан мың жылдан аса тарихы бар, сөз басында дауыстының барлығын білдіретін белгі. 1912 жылы А.Байтұрсынұлы дауысты дыбыстарға жеке таңба арнаса да, жазу дағдысын сақтап, оны әліпбиден бірден шығармай, қалдырған. Мұның қажет еместігін 1913 жылы жазылған «Жазу мәселесі» мақаласында: «Оны керек қылғаным, халық жатсынбас үшін еді. Екіншісі басқа түріктерден тым оқшау кетпес үшін еді. Онан басқа керегі бар деп өзім де айтпаймын», - деп, әу баста-ақ айтқан. Бұл мәселені Елдес Омарұлы ҚБТС-да арнайы көтерді. Нәтижесінде Елдестің тікелей түрткі болуымен мың жылдық тарихы бар сүйеутаяқ қазақ жазуынан аластатылады.
Екінші кемшілік – «ы» дыбысының ашық буында жазылып, бітеу буында жазылмауы.
«Ы»-ны көмескі дыбыс ретінде танудың үлкен ағаттық екенін батыл айта отырып, оның себебі орыс орфографиясының ықпалына түсіп, қазақ тілінің ішкі заңдарын жете түсіне алмауда деп көрсетеді. Ғалымның көтерген мәселесі дұрыс еді. Дұрыстығы, өзі айтқандай, әр кезең сайын да айтылып келе жатқан «орыс тілінің ықпалына түсу» деген құрғақ даурықпа тұрғысынан емес, жазу теориясы тұрғысынан тексергенде көрінеді. Бұл кемшіліктің мәнісі мынадай:
Ереже бойынша бітеу буындағы екі дауыссыздың ортасындағы дауысты «ы» дыбысы жазылмайтындықтан, шұғыл айтылатын жарқ, бүлк, құрқ, жылт т.б. еліктеуіш сөздер мен жарық (сын есім, зат есім), бүлік, құрық (зат есімдер), жылыт (етістік) т.б. сөздерді ажыратуға ауырлық тудырады. Сол сияқты, соңы үнділер мен қатаң дауыссыздардың «ы»-сыз тіркесіне бітетін бұлт, қарт, ерт (ілестір) тектес сөздер мен тұлғасы осыған ұқсас қарыт (етістік), еріт (етістік) сөздерінің тұрпаты ұқсас жазылатындықтан, оқуда шатасып, мәтін мазмұнын түсінуге айтарлықтай әсері болды. Мәнмәтін ішінде мұны ажыратуға да болады. Бірақ ол кідіріс тудырады. Оқу мен жазудың автоматты болуына керағар.
Емленің бірі қызметі – сөздің таңбалық тұрпатын мағынаны мейлінше дұрыс беретін қалыпқа келтіру. Осы тұрғыдан келгенде, бұл
«бітеу буын» ережесі фонем (фонема) мәселесіне де тіреледі. Фонема мағынаға айтарлықтай әсері бар дыбыстарды көрсетеді және оны таңбалаусыз қалдырмауды міндеттейді. Ахмет Байтұрсынұлы «бітеу буын» ережесін шығарарда «ы» дыбысының көмескі айтылып, мағынаға айтарлықтай әсері жоқ екенін басшылыққа алған. Бұл туралы ғалым: «Мен [ы] дыбысының харфі «ی» болсын да, ол сөздің аяғында қалмай жазылсын, басқа орындарда ол жазылмағанда, сөздің мағынасы бұзылып, кемшілік келерлік болса жазылсын деп едім. Оқуға кемшілік болмаса, сөздің мағынасына кемшілік келмесе, жазуға жеңілдігі болса, «ы» дыбысының харфін жазбағанда не залал көреміз деген ойым еді. Мысалы: «қсмшлқ»,
«еркншлк» харфтерін түгел жазсақ, бұлай жазылмақшы: қысымшылық, еркіншілік. Осы сөздерді «ы»-сыз жазсақ та мағына бұзылмайтын болған соң, «ы»-ны жазбасақ та болмай ма дегенім еді [3, 4 б.].
Аталған түйткілді «орфограмма» ұғымымен де байланыстыруға болады. Яғни бұл жазуда қате жіберу ықтималдығы жоғары графемалар санатына жатады. «Ы» – жазылатын жерде, түсіріп, жазылмайтын жерде жазылып кетуге және сол бетімен қате оқуға соқтыратын дыбыс түрі. Мұны «сусыма дыбыс» деп атауға да болады. Е.Омарұлы осындай кемшіліктерді түзету, бәрінен бұрын, үйрету, оқыту жұмыстарына айтарлықтай жеңілдік тудыратынын айтады.
Сөз болып отырған «Бітеу буын ережесін» А.Байтұрсынұлы 1913 жылы шығарған және қазақ жазуында он жыл бойы қолданылған. Оның кемшіліктерін ғалым өзі де білген және
«ы» дыбысының бас буындағы ерекшеліктеріне байланысты ережені бірнеше рет түзеткен. Сөздің естілу жағына басымдық бергендіктен, жазуды ауызша тілге, айтылу нормасына (орфоэпия) барынша жақындатуды көздеген. Бұл жазудың жеңілдігі мен тіл заңы ұдайы бір-біріне үндес келе бермейтінін көрсетеді. ҚБТС-да Елдес көтерген түйткілдердің бірі осы «Бітеу буын ережесі» болды. Жоғарыда баяндалғандай, Съезде ғалым мұның кемшілігін жан-жақты негіздеді. Нәтижесінде Елдестің ұсынысы қабылданып, Съез «Бітеу буын ережесін» жоюды мақұлдайды, «ы» барлық бітеу буында түсірілмей жазылатын болды.
Үшінші мәселе – «и» мен «у». Ғалым «Қазақша жазу жайы» мақаласында және одан кейін жасаған баяндамалары мен осы тақырыпта арнайы жазған мақалаларының бәрінде «и» мен «у»-ды дауыссыз дыбыс деп таниды. Оған көптеген дәлелдер келтіреді. Сондықтан бұл дыбыстарды буын тәртібіне келтіріп, таратып жазуды барынша қолдайды. Ғалымның бұл турасындағы дәлелдері мен дәйектеріне айтылар уәж, қарсы дәлелдер бұрын да болған, қазір де бар. Олардың бәрін жинап-теріп талдасақ, бір мақала емес, бір кітапқа да сыя қоймайды. Оның үстіне бұл таластың беті кімге де болса түсінікті, жұртты да жалықтыра бастады. Сондықтан бұл туралы сөз ғалым ұстанымын білдірумен ғана доғарылғаны жөн.
Мұнда айтпай кетуге болмайтын жалғыз-ақ нәрсе – «и» мен «у»-дан тарайтын дыбыс тіркесінің нешеу екендігі. Ғалым -ыу , -ұу, -ый үш түрін (жіңішке нұсқасымен алтау) көрсетеді. Қосымшаларда келетін «у»-дың алдындағы дыбыс «ы» дыбысы екенін шегелеп айтады: «Орыстарда «окно»-сын «а»-мен жазбай, «о»-мен жазады. Себеп – дұрысы «акно» емес, «окно». «Алжыу» деген сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыс көмескі, оны «ы» деуге де болады, «ұ» деуге де болады («ұу» мен «ыу»-дың айтылуы да, естілуі де бірдей).
«Алжыу»-ды үшінші жақтық қылып өзгертсек, алжұуы болмайды, алжыуы болады және алжыу деген сөздің түбірі – алжұ емес, алжы. Сондықтан «алжыу»-ды дұрысынша (бітеу буын ережесі болмаса), алжыу деп жазу керек» [1, 28-29 бб]. Кей ғалымдар «и» мен «у» күрмеуін «өте қарапайым» мәселе деп біледі. Қиынның түйінін өз қалағанындай етіп шешудің жолы оған «қарапайымдық» мағына беру. Бір анығы, қарапайым мәселе ешқашан күрделі дау тудырмайды. Оның күрделілігі одан туындайтын күрделі мәселелердің ұшығы болуында. Омарұлы Елдес те бұл мәселенің салмағы- на: «Жазу ережелері тақырыпты таластың мықтысы «у» мен «и»-да», - деп баға береді [1, 32 б.].
ҚБТС-да тағы былай деді: «Бұрын ескі түрік тілінде «ы»-ның орнына көбіне «ұ» дыбысы айтылатын болған. Бірақ жүре келе қазақ тілі басқа түрік тілінен жігі ашылып, «ұ» дыбысы бар сөздердің көбі «ы»-мен айтылатын болған. Бұл – қазақ тілінің өз еркімен болған өзгерісі. Ол өзгеріске қарсы болып, ескішілдік қылудың жөні жоқ, болған өзгерісті сөзсіз қабыл алып, хаттап отыру керек. Қазақ тілінде «ұ» өзгеріп «ы» болып бара жатқандығы себепті
«ы» мен «ұ»-ның көмескі естілген жерінде «ұ»- ның орнына «ы» жазатын болсақ, жазуымыз тілдің өзгерісінің жөніне дәл келеді» [1, 63 б.]. Бұл – қазақ емлесіндегі өте принципті мәселе. Яғни қазақ сөздері соңғы буынға қарай ерінбейімді ме, езубейімді ме? Қазақ тілінің буын үндестігі ерінбейімді ме, езубейімді ме дегенді анықтайды. Қазіргі ұсынылып отырған емле жобаларының ішінде «ұ» дыбысы арқылы ерін үндестігін екінші буыннан асырып, сөз соңына дейін апаруды көздейтін жобалар (ф.ғ.д., профессор Ә.Жүнісбектің жобасы) бар.
ҚБТС-да Х.Досмұхаммедұлы жеңілдік үшін «ұу/үу, ыу/іу»-лардың бір ғана «ұ/ү» нұсқасын қалдырып, ереже шығаруды ұсынады. А.Байтұрсынұлы «у»-дың алдындағы дыбыс «ы» екені бітеу буынды ашқанда айқындалатынын түрлі дәлелдермен көрсете отырып, бұл ұсынысқа «мен оған қарсы емеспін» дей келіп, олай болуы үшін «Бұлардың зат есімге айналған түрі де, тәуелдеу түрі де сол жөнмен «ұ» болып жазылуы тиіс» [4, 30 б.], - дейді (Мысалы, жазұуұнұң). Қазақ емлесіне, қазақ грамматикасына орасан бетбұрыс алып келетін мұндай жобалардың ақиқат не ағаттығын жазу тәжірибесі ғана көрсетеді.
Е.Омарұлының емле туралы тұжырымдарында екіұдай тұстар да жоқ емес. «Жарты дауысты дыбыстар» мақаласында «жарты дауысты» аталған «р», «л», «у», «й» дыбыстарының емлесі туралы тоқталады. Аталған дыбыстардың сөз шеніндегі орны туралы: «Бұлардың өзге дыбыстардан өзгеше бір қасиеті сол – бұлар сөздің басында айтылмайды, сөздің бас буынында жарты дауысты дыбыс болса, оның алдында ылғи бір дауысты дыбыс болады», - дейді. Сондықтан рыс, лас, лай, рет, рас, ру т.б. сөздердің алдына дауысты қосып, ырыс, ылас, ылай, ірет, ырас, ұру түрінде жазу дұрыс деп тұжырымдайды. Мұның дұрыстығының дәлеліне осы тұрпатты кейбір сын есім сөздерге күшейткіш буын «ы» дауыстыдан басталып, ып-ырас, іп-іретті түрінде жалғанатынын келтіреді [1, 120 б.]. Бұл ақиқат заң ба? Бұған бүгінгі фонетика ғылымы әлі көз жеткізе қоймады. Әсіресе, лапылдау, лепіру, лүпіл, лоқсу, лебіз т.б. сөздердің алдында «ы/і» дауыстыны қоя алмайтынымыз анық тұрғанда, бұған шүбәланбасқа болмайды. Бұл да – бүгінгі емледе ақиқатын мұқият тексеруді қажет ететін түйткіл.
Е.Омарұлы қақақ емлесіндегі кемшілік-
тердің негізгі бөлігін ҚБТС-да жасаған баяндамасында көрсетеді. Кемшілік деп таныған түйткілдердің алғашқысы – әліпбиге енген кірме дыбыстар. А.Байтұрсынұлы әліпбиінде орын берілмеген «х», «ч», «ф», «һ» дыбыстары 1923 жылы «Білім кеңесінің» шешімімен қазақ әліпбиіне енген болатын. Съезде Е.Омарұлы
кірме дыбыстарды әліпбиге енгізуді «үлкен кемшілік» деп көрсетті. Сондықтан оларды әліпбиден қайта шығарып тастау керектігін айта келіп, оның себебін былай деп көрсетті:
«Білім кеңесінің онысы қата. Қазақ тіліне жат сөздерді кіргізгенде, оның жат дыбыстарын бұзбай кіргізуге болмайды. Жат дыбысқа жалпы бұқараның тілі келмейді де, ішінде жат дыбысы бар жат сөз жалпыға жат болып қала береді. Сүйте келе қазақша әдебиет тілі бұқараның тілінен мүлде басқаланып, хат танитын бұқара біздің жазған сөзімізге түсінбейтін болады. Ол болмай, ойда жоқ бір керемет себептер болып, бұқара оқығандардан қалыспай, жат сөздерді жат дыбыстарымен бұлжытпай айта алатын болып кетсе, қазақтың тілі бұзылады» [1, 50 б.]. Съез мүшелері бұл туралы біршама тартыса келіп, ақыры аталған дыбыстарды қазақ әліпбиінен шығаруды ұйғарады. Бұған Елдес Омарұлы үлкен ықпал етті. Десе де сол «керемет себептер» қазір шындыққа айналғанын мойындауға тиіспіз. Қазіргі таңда жат дыбыстарды айта алмайтын оқыған қазақ баласы жоқ. Бұл ана тілдің, қазақ артикуляциясының бұзылғанын (өзгергенін) білдіре ме?! Бәрінен де маңыздысы, Совет дәуірінен қазірге дейін «қазақ тілі дыбыстары» деп жасалып келген фонетикалық эксперименттер қандай дыбыстарды айтуға дағдыланған артикуляциялық аппараттарға жасалды деген күдік туады. Фонетистердің теорияларында мәселенің бұл жағы айтылмайтындықтан, зерттеу нәтижелерінің шындықпен қаншалықты сәйкестігі де күмән тудырады. Біздің «Қазақ тілінде үндестік заңы бұрыннан қалған қазақ сөздерінде болмаса, қазір ауызда (артикулияцияда) жоқ» деуіміздің мәні осында. Сондықтан үндестік заңын қорғау күресі емле ережеден емес, артикуляциядан басталуы керек. Ол үшін қазақ тілінің орфоэпиясын оқыту қажет. Әйтпегенде, ереже тарих алдында ақталу парағынан өзге ештеңеге де жарамайды. Емле ережесі тіл дағдысына жасалады, тілді дағдыландыру үшін емес. Съезде Елдес көтерген келесі мәселе – жазуда дыбыстың негізгі реңкін таңбалау. Бұл туралы былай дейді: «Қазақта «ә», «мә» деген одағайлар да бар, «ыңһ» дейтін де одағай бар. Аттың жүрісін бәсеңдету үшін айтылатын ықылық бар. Ондай бірен-саран сөздерде ғана кездесетін дыбыстардың бәріне де әріп керек десек, әріптің саны 24 емес, 240 болып кетуі мүмкін» [1, 51 б.]. Қ.Жұбановтың сөз басында от, өгіз, екеу, ел деген сөздерде жарты дауысты
«у», «й» бар, сондықтан олар уот, уорақ, уөгіз, йекеу, йел деп жазылуы керек деген ұсынысын талқылай келіп: «Ондай айырмалардың бәрін де таңбалай береміз десек, әрпіміздің саны 240-тан да асып кетуі мүмкін. Ол жазуға үлкен қиындық болады», - дейді [1, 51 б.]. Бұл дыбыстардың негізгі реңкі таңбалануы қажет деген тұжырымын жандандыра түседі. Әрі жоғарыда жазу принциптері туралы айтылған «Таза дыбыс жүйесінше болып шығатын емле ешбір тілде болған емес. Ондай емленің болуы мүмкін де емес» [1, 169 б.], - деген пікірімен ұштасып жатады. Ғалымның бұл тұжырымдары ауыздан шыққан дыбыстардың барлығын таңбалай беру емле болмайтындығын, фонетикалық принцип пен фонетикалық транскрипцияны шатастырмау керектігін ұғындырады.
Осы мәселемен ұштас, кей тұжырымдары
«вариант» және «вариация» ұғымдарына де тіреледі. «Қазақша жазу жайы» мақаласында былай дейді: «Қазақ тілінің кейбір дауысты дыбыстары түрлі есептермен өзгеріп, екінші түрлі дауысты дыбыс болып айтылады. Мәселен, сауда деген сөздің аяғында «а» жұмсақ айтылатын -гер деген жұрнақпен жалғанып, «е» болып өзгереді (сауда + гер = «саудегер» болады); Қазақ тілінің кейбір дауыссыз дыбыстары да солай өзгеріп, басқа бір дауыссыз дыбыс болып шығады. «Қ» өзгеріп «ғ» болады, «к» өзгеріп «г» болады. Тарақ – тарағы болады, керек
– керегі болады. Солай кейде «қ» өзгеріп, «к» болады, «п» – «б» болып өзгереді. Бірақ дауыссыз дыбыс өзгеріп, дауысты дыбыс бола алмайды» [1, 23 б.]. Ғалымның мұндағы айтпағы вариант пен вариация екені айдан-анық. Тіпті, бір ғана «саудагер» сөзінен «а» фонемасының үш түрлі реңкі көрінеді: саудегер, сәудегер – а, ә, е.
Алайда ҚБТС-да «қ» мен «к», «ғ» мен «г» дыбыстарының емлесіне тоқтала отырып, бұл дыбыстардың қазақ тілінде жуан және жіңішке нұсқаларының жоқтығын, олар бір-біріне жуан және жіңішке нұсқа бола алмайтынын, қай жағынан да төркіндес еместігін айтады
[1, 52 б.]. Мұны өз тұжырымдарында А.Байтұрсынұлы да қуаттайды. Ал орыс тілінде «к» мен «г»-ның жіңішке де, жуан да түрі барын айтады. Қазақ тіліндегі бұл дыбыстар туралы ғалымдар арасында қазір де талас бар.
Буын мен сөз шеніндегі дыбыстардың синтагмалық қатынастары нәтижесінен пайда болған дыбыстық өзгерістер емледе қиындық тудырмай қоймайды. Е.Омарұлы мұнда да орфографиялық білімін көрсетті.
4. Түбір мен қосымшаның жазылымы:
ҚБТС-да Елдес Омарұлы түбір мен қосымша жігінде «п», «к», «қ», дыбыстары дауысты дыбыстармен тіркескенде «б», «г», «ғ» болып естілгенімен (айтылғанымен), қазақ тілінде төл сөздің соңы (Елдесше – тұйық буынның соңғы) «б», «д», «г», «ғ» дыбыстарына аяқтал-
май, «п», «т», «к», «қ» дыбыстарына аяқталатынын айтады. Мұны айтқан себебі, бұған дейінгі А.Байтұрсынұлы ережесінде «б» қатаң дыбыстардың қатарына жатқызылып, «п» дыбысына аяқталатын сөздер «б» болып жазылатын және «п»-дан басталатын қосымшалар қатаң дауыссыздардан кейін «б» болып жазылатын. Е.Омарұлы бұның ағаттығын айта келіп, сөз соңында «б» болып жазылып жүрген сөздерді «п»-ға ауыстыруды, қатаң дауыссыздардан кейін «б» емес, «п» нұсқалы қосымшалар жалғану керектігін ұсынады [1, 55 б.]. Мұның дұрыстығын бүгінгі жазу тәжірибеміз көрсетіп отыр. Алайда Съезде А.Байтұрсынұлы мен Х.Досмұхаммедұлы, сөздің соңы тұйықталып келгенде «п» емес, «б» болып естілетіндігін дәлел етіп, «б» болып бұрынғыша жазылу керектігін құптады. Бұл тақырыпта Елдестікі дұрыс болса да, Съез ұсынысты қабылдамай, «Тіл-құралдың» ережесі сақтауды ұйғарды [4, 45-55 бб.].
ҚБТС-да Елдес көтерген тағы бір түйткіл-
ді мәселе – түбірге жалғанатын екінші жақ жіктік жалғауының жазылуы. Ғалым «Байтұрсынұлы емлесі» бойынша «-сын» (оқисын) болып жазылып келген екінші жақ жіктік жалғауының дұрысы «-сың» (оқисың) деп көрсетті. Алайда Съезде мұны Х.Досмұхаммед қолдағанымен, А.Байтұрсынұлы құптамады:
«1-жақтық жіктеу, тәуелдеулер «м» болғанда ғана 2-жақтық жіктеу «ң» болады. 1-жақтық жіктеу «-мын» болғанда, оған сәйкес 2-жақтық жіктеу «-сын» болуға тиіс. «-мын»-ның асылы
– «мен», «-сын»-ның асылы – «сен» болуға керек. Бұлардың аяғындағы дыбыстары «ң» емес, «н». Сондықтан «-сын»-ды «-сың» деп жазудың жөні жоқ», - деп, Елдестің пікірін терістейді [4, 29 б.]. Қосымшаның шығу тегін қарастырғанда, А.Байтұрсынұлынікі дұрыс та болар. Алайда бүгінде тіл дамуының тоңмойын заңы «-сың»- ды қолданыста қалдырып отыр. Съезде бұл тақырыпта Е.Омарұлы мен А.Байтұрсынұлы ұзақ таласты. Байтұрсынұлы жалғаудың этимологиясын мысалдармен көрсетіп, тегіне қарау керек десе, Омарұлы дыбыстың түбін тексерудің қажетсіздігін, өзгерген қазіргі қал- пына қарау керектігін айтты. Түрлі дәлелдер екі ғалымды да мойындатпады, мәселе дауысқа салынып, Съез мүшелері тағы да А.Байтұрсынұлын қолдайды [4, 48 б.].
Е.Омарұлы жазылымы немесе оқылымы
емле ережелері шеңберінен шығып кететін кейбір ерекше жағдайларды «жазудың тұрлаусыздығы» деп атайды. Жазудағы мұндай тұрлаусыздықтардың қатарына дәйекшінің қызметі шегінен тыс жатқан бейүндес қосымшалардың жазылуын жатқызады. Дәйекші – А.Байтұрсынұлының жазу тәжірибесіне енгізген ұлы жаңалығы. Ғалымның тұжырымы бойынша қазақ сөздері әрқашан біріңғай жуан және біріңғай жіңішке болып үндес айтылады. Бәрінен мәртебесі биік осы ұлы заңға дәйекшімен «белгітас» орнатты. Ахмет Байтұрсынұлы дәйекшісінің ұлылығы мынада: бір ғана дәйекші ([ ء]) Байтұрсынұлы емлесінде 19 дыбыстың мәнін береді: 4 жіңішке дауысты ([ә], [ө], [ү], [і]), 2 жарты дауысты ([й],
[у]) және [қ], [ғ], [к], [г]-ден басқа 13 жіңішке
дауыссыз дыбыстар. Ал аталған дыбыстардың сөз шеніне қарай ауысып, тұрпаты өзгеріп отыратын 2-4 түрлі таңбалық нұсқасын қосқанда, бір ғана дәйекші 19 қаріпті, 62 таңбаны ықшамдайды.
Ғалым тапқырлаған «Дәйекші ережесі» бойынша барлық жуан сөздер мен құрамында «е», «к», «г» дыбыстары бар сөздерге дәйекші қойылмайтын. Десе де бұл ереженің де құдіреті жетпейтін сөздер жазу практикасында байқалды. Оны да байқаушы – Е.Омарұлы. Ғалым қазақ тіліндегі дікі, -тікі, -нікі сияқты үндестік заңына бағынбайтын қосым-
шаларды түбірге қосып жазғанда, түбірдің жуан/жіңішкелігін тануда қиындықтар туындайтынын байқаған. Оған мына мысалдарды келтіреді: тұздікі, түздікі, тордікі, төрдікі. Ереже бойынша «к» бар жерде сөзге (туынды немесе қосымшалы сөз болса да) дәйекші қойылмайтындықтан, түбірдің жуан/жіңішкелігі де, мағынасы да мүлде бөлек кей сөздер бірдей тұрпатта жазылды. Сондықтан бейүндес қосымшалы сөздерде дәйекшіні тұтас сөзге қарап қоймай, түбірге қарап қоюды, түбір жіңішке болса, қалдырмай қойып отыру керектігін ұсынды [1, 59 б.]. Бұл ұсыныс 1923 жыл Білім кеңесі қабылдаған ереже тұсында «олай болса дәйекші тым көбейіп кетеді» деген уәжбен қабылданбаған [1, 63 б.]. Дегенмен, Съезде мәселе жіті тексеріліп, Елдестің бұл ұсынысы мақұлданады [1, 54-55 бб.].
Дәйекшіге байланысты мұндай кемшілік-
тер, әсіресе, аралас буынды шетел сөздерінде аса көп кездеседі. Дәйекшінің ережесі шетел сөздерінің дұрыс оқылуына «қауқарсыз» болды (Дұрысы – арналмаған). Төте жазу «дәйекшіден» бас тарта алмайтындықтан, А.Байтұрсынұлы бастаған ғылыми топ аралас буынды шетел сөздерін біріңғай буынға айналдыруға көп күш жұмсады. Оның нәтижесінің сәттісі де, сәтсізі де болды. Бір анығы – бұл реформа соңына жетпеді, жетпейтін де еді. Өйткені қазақ тілінің бар болмысын көрсететін құбылыс өзге тілдерге мүлде керағар болатыны, ол
– заңдылық. Өзге заңдылықта құрылған сөздерді өз заңдылығына салуға амал ғана емес, зорлық та керек. Тіл зорлықпен түзелмейді де, түрленбейді. Бұл бір жазудың жүйесін екінші жазуға қалпын құратпай көшіруге болмайтынын көрсетті. 1928 жылдары қазақ жазуы латын негізді әліпбиге көшкенде алғашқы жобалардың бірінде дәйекшілі әліпбилер болды. Бірақ тәжірибе (практика) теорияны (ұлы да болса) әліпби жүйесінен ығысуға мәжбүр етті.
«Үндестік заңын» Х.Досмұхаммед «Қазақ тілінің қарауылы» деп атайды. Олай болса, осы дәйекші – қарауылдың «қаруы» тәрізді. Қарусыз қарауыл қауқарсыз болатыны сияқты, жазудан дәйекші алынып тасталғаннан кейін, үндестік заңы өз күшін жоғалтты . Латын жазуы тұсында да, кирилл жазуы тұсында да аралас буынды шетел сөздері лек-легімен еніп, тіл төріне орнығып үлгерді. Бұл үдеріс әлі де жалғасуда. Әліпби ауыстыру кезеңінде тұрғанда, бұл да – ұлттық емле жолында еңсерілуі тиіс қиындықтардың бірі. Бұл жолда әр кірме сөзге ұлттық сипат береміз деп әуре боламыз ба, әлде тіл кеңістігін құрсаулап, іштен күресіміз бе, әлде тіл заңын шетел сөздеріне бас идіріп, «қосақ емле» жолына түсеміз бе, ол жағы – білгісіз. Неде болса, тіл болашағы мың қайнап бір піскен жоба күтуде. ҚБТС-да Елдес көрсеткен қолданыстағы емленің келесі кемшілігі «т – д» дыбыстарының түбір мен қосымша арасындағы жазылуы. А.Байтұрсынұлының 1914-1924 жылға дейін қолданылған: ««Т» мен «д» дыбыстары дүдамал болса, «т» жазылмай, «д» жазылады», - деген ережесі болды. Бұл ереже бойынша сөздің соңы қатаң дыбыстарға аяқталғанда, оған жалғанатын жалғаулар мен жұрнақтардың
«т» емес, «д» нұсқасы жалғанып жазылатын.
Бұл туралы Е.Омарұлы: «Сөздің аяғы қатаң дыбыс болғанда, оған жалғанған жалғау, жіктеулердің «т»-сын «д» қылып өзгертпей, «т» қылып жазу керек: атдың, атды, атда, атдар демей, дыбыс жүйесінше аттың, атты, атта, аттан, аттар деп жазу керек; ішдім, ішдің демей, іштің, іштім деп жазу керек. -Дікі, -дағы,
-дай сықылды жұрнақтар, -да сықылды демеулер де қатаң дыбысқа жалғанғанда дыбыс жүйесінше тікі, -тағы, -тай, -та болып жазылуы керек: аттікі, аттағы, аттай, «ат та, арба да керек» делініп жазылу керек», – дей келіп, сөз соңы қатаңға аяқталса, жалғанатын қосымшалардың «т» нұсқасы жазылуын ұсынады [1, 58 б.]. Съез Елдестің бұл ұсынысын қабылдады. Тек шылау болғанда ғана: ««да»,
«де» бөлек сөз болғаны себепті қатаң дыбыстардан соң да сол «да», «де» күйінде жазылады. (Мысалы, Қазақта ат да бар, ас да бар)», - деп мақұлдады [4, 55 б.].
Омарұлы 1925 жылы жазылған «Айнымалы дыбыстардың жазу ережесі» деген мақаласында А.Байтұрсынұлы «Тіл-құралда» «тоң дыбыстар» (екінші нұсқасы жоқ, өзгермейтін дыбыстар) деп атаған «қ», «ғ», («к», «г») дыбыстарына «айнымалы дыбыстар» (өзгермелі) деп ат береді де, арнайы ереже шығарады. Ереже бойынша «қ», «к» дыбыстары сөздің соңында келіп, оған дауыстыдан басталатын
қосымша жалғанғанда «қ» «ғ»-ға, «к» «г»-ге өзгеріп жазылуы керек. Осы ретпен «Қазақыстан» сөзін «Қазағыстан» деп жазу керек (қазақым демейміз, қазағым дейміз) дейді. Мұның фонетикалық принцип бойынша дұрыс екенін негіздейді [1, 118 б.]. Ал Байтұрсынұлы бұған қарсы «Еңбекші қазақ» газетінде «Қазақыстан ба? Қазағыстан ба?» деген арнайы мақала жазып, көптеген дәлелдермен «Қазақыстан» нұсқасының дұрыстығын негіздейді (Мысалы, Түркістан – түргістан емес, қазақы мал, қазағы мал емес). Алайда Елдестің мақаласынан кейін бұл сөз көбіне «Қазағыстан» болып жазылған. Ал біз қазір «Қазақстан» деп
«ы» дауысты дыбысты түсіріп (үш дауыссызды қатарластырып), үшінші нұсқада жазатынымыз белгілі. Бұл да – дағды, дәлел, тіл табиғаты қатар сынасқан емле заңының бір мысалы.
5. Күрделі құрамды сөздердің жазылымы: бірге/бөлек, екпін, интонация.
ҚБТС-да сөздерді бірге/бөлек жазуда да кемшіліктер барын айтты. Ең әуелі, «да», «де» шылаулары мен «-да», «-де» жатыс жалғауын ажырата біліп, шылауды бөлек, жалғауды бірге жазуды ұсынады. Бұл қолданылып келген
«Байтұрсынұлы емлесінде» ара-жігі ашылмай жазылатын. Съез түйткілді мұқият тексеріп, Елдестің ұсынысын мақұлдады [1, 54 б.].
Осы тақырыпты талдау үстінде Елдес қазақ тілінде екпін мәселесін қозғайды (А.Байтұрсынұлы да қазақ тілінде екпін барын, сөздің соңғы буынындағы дауыстыға түсетінін айтқан). Біздің ойымызша, қазақ тілінде екпіннің бар екені былай тұрсын, сөздердің бірге/бөлек жазылуын белгілеу қызметін де атқарады. Бұл туралы Е.Омарұлы былай дейді: «Атда жал бар, өгізде мүйіз бар» дегенде ат пен өгіз-ге жалғанған «-да» – жалғау. Атда, өгізде деген сөздердің екпіндері «д»-дан соңғы «а» мен
«е»-де, өгіз де деген екі сөз болса, «г»-ден соңғы
«ы»-да да екпін болар еді. «Ат та көлік, өгіз де көлік» дегенде «ат да» да екі сөз «өгіз де» де екі сөз болады. «Ат»-тың екпіні басындағы «а»-да да, «өгіз»-дің екпіні «г» мен «з»-дың арасындағы «ы»-да. Сондықтан демеу жалғаулықтарды алдындағы сөзбен қосып жазуға болмайды, арасына сызықша қойып жазудың да керегі жоқ» [1, 58 б.]. Бұл тұжырым «екпіннің» тек бір буынның күшті айтылуы ғана емес, сөз семантикасына да әсер етуші қазақ тілінде бар интонациялық бірлік екенін анық аңғартады.
Әрине жазу машығы қазақ арасына кең таралмаған кезеңдерде, сөздердің бірге/бөлек графикалық тұрқын көруге болмайтын ауызша тілде жоғарыда аталған жалғаулар мен шылаулардың, одан басқа да омонимдер мен күрделі құрылымдардың мағынасын қалай ажыратты деген заңды сұрақ туады. Адам ойы мен ниетін сөз әуенінен танылатын қазақ тілінде екпін болмауы қисынсыз. Бір анығы, қазақ тіліндегі екпін сипатына орыс не басқа тілдердегі екпін түрімен салыстырып баға беруге болмайды. Әр тілдің дыбыс құрамы әртүрлі болғаны сияқты, екпін қызметі де әртүрлі.
Ғалым көтеріп отырған бұл мәселе бүгінгі орфографияда сөздің графикалық тұрпатын тағайындауда шешуші тетіктердің бірі екпін болу керектігін ұғындырады. Емлеші мамандар атаулы тіркес, атаулы сөйлем, біріккен сөз, қос сөздердің жазылымын, кей-кейде болса да, екпінмен ажыратқаны жемістірек болмақ.
«Жазу мәселесі» деп аталатын мақаласында жазуға интонация мен екпіннің де қатысы барын айтады: «Адам да» деген – екі сөз. Оқымаған, Жүсіпбекті еліктей алмайтын қазақ оны екі сөз қылып, «адам»-ның «д» мен «м»-ның арасындағы дауысты «а»-сын көтеріп айтады.
«Адамда» деген (Мәселен, адамда ақыл болады дегенде айтылатын адамда) – бір сөз. Қазақша сөйлей білетін қазақ оны бір сөз қылып, «д» мен «м»-ның арасындағы «а»-ны көтермей, ең соңғы «а»-ны көтеріп айтады. «Адам да» деген екі сөзді бір сөзге ұсатып «адамда» жазатын болған соң, оны оқушы жазылуынша оқып,
«д» мен «м»-ның арасындағы «а»-ны көтермей, аяғындағы «а»-ны көтеретін болады» [1, 35 б.]. Мұнда да екпіннің мағына ажырату қызметі анық айтылған.
Е.Омарүлы кейінгі зерттеулерінде емле туралы ізденістерін одан сайын тереңдете түседі. 1929 жазылған «Емле мәселесі» мақаласында күрделі құрамды сөздердің емлесіне ойысады. Әсіресе «бірге/бөлек» мәселесі және тіркес жігіндегі дыбыстардың комбинациялық өзгерістері мен жазылу ерекшеліктерін қарастырады. Бұл ғалымның қазақ тілінің ғылыми синтаксисін зерттеуге дендеп енумен
байланысты еді. Күрделі сөздердің графикалық ерекшелігін беруде олардың таптық, топтық статусын ажыратудың маңызы зор екенін айтады. Әсіресе, көмекші сөздердің, шылаулардың түбірге қосылып не бөлек жазылу керектігін сөздер мен сөздердің синтаксистік байланыстары арқылы тексерді [1, 170-173 бб.].
Бұл ретте бұған дейін (1929 жылға дейін) барлық жерде бөлек жазылып келген «мен» тұлғасын сөйлемдегі семантикалық қызметі мен сөздерді байланыстыру ерекшелігіне қарай демеу (шылау) және жалғау деп екі бөліп, екі басқа форма деп таниды [1, 173 б.]. Бөлек жазылатын демеуден «жалғау» атымен жеке айырылып шыққан түрі көмектес септік жалғауы еді. Осылайша А.Байтұрсынұлы грамматикасында берілмейтін, осыған дейін, тілде болса да, емледе көрініс таппаған көмектес септік тұлғасын (Кей зерттеушілер ХХ ғасыр басына дейін қазақ тілінде көмектес септік болмаған деп ұғады) шылаудан ажыратып алған және жалғау болғанда түбірге қосылып жазылып, шылау болғанда түбірден бөлек жазылатын қазіргі нормасын тұңғыш енгізген ғалым
– Е.Омарұлы. Осыған орай ғалым үшін, енді, шейін, қой, қана, ма, ақ, ау, да т.б. шылауларды түбірден бөлек жазу керек дейді [1, 173 б.].
Бұл мақалада айтылған тағы бір өзекті мәселе – сөйлеу тілі элементтерінің жазылуы нормасы. Тілдегі түрлі дыбыстық өзгерістермен айтылатын (М: барған соң – барғасын; содан соң – сосын) баршаға түсінікті сөздерді сұрыптап отырмай, бәрін айтылуына сәйкес жазуды, ал бір түбірден тараса да, жалпыға бірдей түсінікті емес, өңірлік ерекшелігі бар сөздерді (М: ашты, ашшы) сұрыптап, көбірек қолданылатын түрін нормалау керектігін айтады [1, 175-176 бб.]. Осы тұжырым сөйлеу тілі элементтерінің орфографиялық сөздіктен орын алуға қақы бар екенін көрсетеді. Бұл да – қазіргі таңда орфографияда басшылыққа алынатын ұстанымдардың бірі.
6. Ономастикалық атаулардың жазылымы:
Қазақ орфографиясының күрделі салаларының бірі – ономастикалық бірліктердің жазылуы. Бұл – тілдің ұлттық саясатпен ұштасып жатқан арналарының бірі. Соның ішінде, әсіресе, кісі есімдері мен жер-су атаулары. Совет дәуірінде қазақ есімдері дерліктей орыстық бояумен (маркермен) ов, ев, ин, ова, ева, ина түрінде берілгені белгілі. Кісі есімдеріндегі осы ұлттық бояу ұлттың тілдегі, жазудағы паспорты сияқты құбылыс. Бұл да Елдестің назарынан тыс қалмады. Кісі есімдерінің ұлттық нақышта жазылу тәртібі туралы ғалым былай дейді: ««Күшікбайұлы Мырқымбайдың асығы түгел» деген сөйлемде «Күшікбайұлы» деген сөз «Мырқымбайдың» ғана анықтауышы болады. Сондықтан «Мырқымбайдың» деу қандай ерсі болса, «Күшікбайұлы Мырқымбай»-ды «Мырқымбай Күшікбайұлы» деп, анықталатын сөзді анықтауышының алдына салып сөйлеу де сондай ерсі болады» [1, 124 б.]. Ол тағы: «Дұрысында кісінің өз атына әкесінің атын қосып айтудың керегі жоқ. Кісінің өз атына әкесінің атын қосып айту, жалғыз қазақ емес, жалпы түрікте жоқ. Қазақ тілінде бірен-саран кісілердің атына, оны аттас кісілерімен қатыстырмау үшін әкесінің атын қосып айтатын орындар да болады. Бірақ ондайда әуелі әкесінің атын айтып, оған «ұлы» деген сөзді қосады да, кісінің өз атын соған жалғап айтады. Ескі әңгімелерде Жәнібек батырды «Қошқарұлы Жәнібек» дейді. Кісінің аты-жөнін жазу реті бізде де жалпы түрікше болу керек», -дейді [1, 82 б.]. Міне, бұл – бүгінгі қазақ кісі есімдерінің жазылуын ұлттық нақышқа түсіруде ескерілуі керек ұтымды ойлардың бірі.
7. Терминдердің жазылымы:
Е.Омарұлының емле мәселесіндегі тағы бір үлкен қадамы – терминдердің орфографиясы туралы жоба ұсынуы. Араға бір ғасыр салып, ғылымның да, ғалымның да деңгейі көтерілді деп бағаланатын қазіргі кезеңде терминтанушылар емле туралы, емлешілер терминжасам туралы тыңғылықты тұжырым айта алмайтынын ескергенде, мұның өзі – ғылыми ерлік. Ғалымның кірме терминдердің орфограммасы туралы жобасын қысқаша жинақтай келгенде, мынадай тоғыз түрге бөлінеді:
1) аралас буында кірме сөздерді бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке буынға келтіру;
2) кірме сөздерде (әсіресе араб) өздің соңғы буыны «ә» дыбысына аяқталса, ыңғайына қарай не «а»-ға, не «е» дыбысына өзгертіп алу;
3) шетел сөздеріндегі бас буыннан басқа буында келген «о», «ұ» дыбыстарын өзге дауыстылармен ауыстырып алу;
4) сөз аяғы «ғ», «г», «д», дыбыстарына аяқталатын жат сөздердегі аталған дыбыстарды
«қ», «к», «т»-ға өзгерту немесе бұл дыбыстарды сөз соңынан мүлде алып тастау. Ал бұлар екі дауыстының ортасында келсе (т-дан басқа)
«ғ», «г»-ге өзгерту, тек соңынан ғана дауысты келсе, «қ», «к», «т» күйінде қалдыру;
5) шетел сөздерін қазақ тілінің буын заңына, буын құрамына толық бағындыру;
6) шетел сөздерінің екпіні қазақ тілінің екпініне сәйкес сөздің соңына түсетін қалыпқа келтіру;
7) шетел сөздеріндегі қатар келген ұқсас дыбыстың біреуін алып тастау;
8) шетел сөздеріндегі жат дыбыстарды төл дыбыстармен ауыстыру;
9) шетел сөздерін түбір сөз есебінде алып, оған қосымшаларды қазақ тілінің түрлену жүйесімен жалғау [1, 75-80 бб.].
Жобада кірме терминдерді қазақ тілі заңдарына сәйкес игеріп жазудың нақты модельдер де бар, жалпылама сипаттағы ұсыныстары да бар. Бастысы, қазақ тілінің негізгі заңдылықтарын көрсете білді. Бұл жобадағы біраз ұсыныстар сол кезеңдерде нақты жүзеге асты. Кейбіреуі жоба жүзінде қалып, қазақ тілінің заңдылығы тұрғысынан дұрыс болса да, практикада толық жүзеге аспады.
ХХ ғасыр басында емлеге байланысты нағыз ғылыми талас Елдес Омарұлы мен А.Байтұрсынұлы арасында өрбіді. Нәзір Төреқұловтың: «Білім кеңесінің мүшелері қырылысып жатыр», - деп кекесін тілмен мақала жазатыны (1925 ж.) осыны меңзегені еді. Бұл кәсіби емлешілердің айтысы еді. Екі ғалымның ғылыми дәлелдерінің дәйектілігі сонша, қай ғалымның тұжырымын бірінші оқысаңыз, соның дұрыстығына күмәнсіз иланасыз. Біріне қарсы екіншісінің дәлелдерін оқығаннан кейін ғана артықша иланғаныңызды байқайсыз. Ал қайсының дұрыс екенін анықтау – одан кейінгі мәселе. Ол – оңай шаруа емес. Оған емле туралы терең білім қажет. Екі ғалым арасындағы мұндай пікір қайшылық тіл білімінің басқа салаларында да орын алды. А.Байтұрсынұлымен болған ғылыми ой жарысын бағалай келгенде, Елдес есіміне байланысты сол заманда-ақ айтылған «Қай жағынан да Ахаңнан кем емес», «Қазақтың Ломоносовы» деген бағаның бекер еместігіне көз жетеді.
Десе де ғылыми мәселедегі мұндай қарсы пікірлері үшін алты алашқа ардақты ұстаз – Ахмет Байтұрсынұлы өзі тәрбиелеген шәкірті Омарұлы Елдеске салқын қабақ танытпайды. Керісінше, ұдайы қолдап, талантын бағалап, ғылым жолында өрісін ашып отырады. Былайғы өмірде жанашыр жақын, сенімді серік бола білді. Әркімнің жеке пікіріне құрметпен, достық ниетпен қарау – нағыз зиялы ларға тән қасиет. ХХ ғасыр басында қазақ зиялылары арасында сөз бостандығы, еркін ғылыми ойлау және оны ортаға салу, пікір ашықтығы шындап болды. Бұл – Еуропадағы Ренессанс дәуірінде адамзатқа қайтарылған құндылықтардың бірі еді. Сонысымен Еуропа ғылымы өркениеттің алдыңғы легіне шықты. Дей тұрғанмен, бұл – қазір қазақ ғылымы жете алмай жүрген биіктердің бірі. Ахмет атамыз бен Елдес осылайша, емледе ғана емес, ғылыми өмірде де өнеге көрсете білді. Емледегі жаңаша бастамаларымен Елдес ұстазын терістеген жоқ, оның теориясын қару ете отырып, оны дамытты, толықтырды.
Нәтиже
Емле – тілдің бар заңдылығын таңбамен көрсететін тілдің ең қиын, әрі жауапты саласы. Жазу ережесі жүздеген жылдар бойы жетіліп, көптеген мамандардың күш салуымен түзеледі. Онымен айналысуға, білгір де болса, бір ғана саланың маманы болу жеткілікті болмайды. Қазақ емлесі тарихында Омарұлы Елдестің орны ерекше. Қазақ тілінің бүгінде қолданыстағы өте маңызды орфографиялық ережелер мен бірсыпыра графикалық нормалары Елдестің есімімен тікелей байланысты қалыптасқан. Елдес Ормарұлының қазақ емлесі туралы ғылыми танымын зерттеу нәтижесінде ғалымның қазіргі қазақ жазуын ұлттық сипатта реформалауға, латынграфикалы жаңа қазақ әліпбиі мен жаңа емледе шешуге тиіс күрделі мәселелердің түйінін табуға қа-
жетті тұжырымдар анықталды. Сондай-ақ осы зерттеудің нәтижесінде қазақ емлесінің қалыптасу, даму тарихы туралы жан-жақты, жүйелі, терең ғылыми тұжырымға ие болуға мүмкіндік береді. Қазақ жазуы орыс орфографиясы арқасында емес, өз ғалымдарының қажырлы еңбегі мен терең ғылыми танымы негізінде қалыптасқанын нақты дәлелдей алады. Қазақ жазуының тамыры терең тарихы, графикалық негізі, тіл жүйесіне сәйкес принциптері, қазақ емлесін қалыптастырушы ұлттық ғалымдары бар, әлемдік жазу мәдениетінің толыққанды тәжірибесін көрсетеді. Бұл қазақ жазба мәдениетінің беделін арттырып, болашақ тұғырын биіктетеді. Елдес Омарұлы қазақтың ұлттық жазының бастауында тұрған тұлғалардың бірі. Мақала ғылыми қауым мен оқырмандарға ғалымның осы тарихи еңбегін танытады.
Қорытынды
Елдес Омарұлы мен қазақ емлесінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін қорытындылай келгенде:
1) Елдес Омарұлы – ХХ ғасыр басында Ахмет Байтұрсынұлының лингвистикалық мұрасын, әсіресе жазу теориясын терең меңгерген, әрі дамытқан, қазақ емлесінің қалыптасуы мен дамуына айрықша ықпал еткен тұлға;
2) Елдес Омарұлының емле туралы еңбектері қазақ жазуының басты принципі фонетикалық принцип болуымен қатар, морфологиялық, фонематикалық принциптерге де негізделетінін көрсетеді;
3) Елдес Омарұлының емле туралы ғылыми тұжырымдарына сәйкес, тіл заңдылықтары жазуды белгілейді, керісінше жазудан тілдің барлық заңдылықтары көрініс табады;
4) Елдес Омарұлының тұжырымына сәйкес қазақ сөздерін бір принцип шеңберіне сыйғызу мүмкін емес, кей сөздер мәнмәтінде семантиканың дұрыс берілу қажеттілігінен қосымша принциптер негізінде жазылады. Мысалы, көрік+і – көркі, көргі, көркі емес (фонетикалық та, морфологиялық та принцип емес, фонематикалық принцип). Мұны ғалым «жазудың тұрлаусыздығы» деп атайды; 5) түбір мен қосымшаның емлесі – қазақ емлесінің ең ауқымды, ең мазмұнды, ең күрделі тақырыбы;
6) Елдес Омарұлы – қазақ емлесі тарихында жазуға екпіннің әсер ететінін айтқан алғашқы ғалым;
7) Ахмет Байтұрсынұлы және Елдес Омарұлының негіздеуі бойынша қазақ есім-
дерінде адамның тегі анықтауыш ретінде есімнен бұрын жазылады;
8) Ахмет Байтұрсынұлы мен Елдес Омарұлы кірме сөздер мен терминдер қазақ тілінің төл заңдылығына бағындырылып жазылуын ұсынды. Төл сөздерге бір ереже, кірме сөздерге бір ереже, яғни бір тілге екі емле ереже арнауға түбегейлі қарсы болды.
Әдебиеттер
1. Омарұлы Е. Көптомдық шығармалар жинағы // Құрастырушы – Е.Маралбек. – Алматы: «Лұғат» қоғамдық қоры. – 2018. 1-2 т.
2. Аймауытұлы Ж. Емле, әріп жайынан // Еңбекші қазақ газеті. 1927. №93 (821). – 3 б.
3. Байтұрсынұлы А. Жазу мәселесі // «Қазақ» газеті, 2013. №35. – 4 б.
4. Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі. – Орынбор: Қазмембас. 1924. – 118 б.