Бүгінде ғаламторды, оның ішінде әлеуметтік желілерді пайдаланбайтын жан тым сирек. Әрине, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын ғаламтордың игілігі жетерлік. Бірақ оның қоғамға тигізер кері әсерлері де жоқ емес. Әсіресе, қазақ тiлінің тiлдік нормаларын бұзып бара жатқаны жанға батады. Әлеуметтік желілердегі қате сөздер мен орашолақ сөйлемдердің тасқынын ауыздықтау оңай шаруа болмай отыр.

Бүгінгі күннің сәніне айналған әлеуметтік желі біз үшін қаншалықты қажет? Сауаттылық, тiл тазалығы мәселелері қаншалықты шешімін тауып жүр? Ең бай, оралымды тiл деп бағаланған қазақ тiлі заман ағымымен бірге лайланып бара жатқан жоқ па? Жасыратыны жоқ, заманауи деп танылған интернет торабының қазақ тiлінің тазалығын сақтаудағы кері әсері көбейді.       Жастардың ғаламтордағы жазбаларында немесе бір-бірімен хат алмасқанда пайдаланатын түрлі жаргон сөздер, оған қоса бір сөйлемде қолданылатын бірнеше тiлдегі сөздер сәнге айналып барады. Мәселен, «базар жоқ», «құлақтан тепті», «қораға кірді», «лақтырып кетті», «сындырды» деген сарындағы сәнге айналған сөздерге жастар қауымы тым құмартып алған. Бұл көшенің сөздерін бүгін ғаламторда пайдаланған жас буын ертең сөйлегенде де қолданады. Ал түрлі чаттардағы хаттар, ғаламтордағы сайттар, теледидардағы мәнсіз бағдарламалар, әлеуметтік желілердегі жеңіл әңгімелер арқылы жастардың сөздік қорына енген мұндай сөздер қазақтың тiлін, сөйлеу мәдениетін жоғалтпасына кім кепіл?! Ғабит Мүсіреповтің «Ана тiлі дегеніміз – сол тiлді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілік мәселесі. Ана тiлін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деген аталы сөзі бар. Бұған қарап, «бүгінгі қазақ жастарының бәрі өз тiлімізге өгей болғаны ма?» деген сауал пайда болады. Сұрақтың туындауы да заңды. Өйткені жастардың бүгінгі сөйлеу тiлімен біз жақсы таныспыз. [1. 7 б]

Қазақ тiлінің бай сөздік қорындағы сөздерді аздық ететін жас буын өкілдері тiлді шұбарландырып, орысша сөздер мен жаргондарды қосып сөйлеуді әдетке айналдырғалы қашан. Белгілі бір ортада ғана қолданылатын жаргондар қазақ лексиконына еніп бара жатқан тәрізді. Таңның атысы, күннің батысы әлеуметтік желіде отыратын жастар ұзақ жазуға еріне ме, әлде мұның өзге себебі бар ма, әйтеуір, жаргондармен қысқа ғана жазуға құмар. Жастардың күн сайын қолданатын жаргондарының қатарында мынадай сөздер кездеседі. Мәселен, «тормозы ұстап қалды», «зависать етіп қалды» – бір жағдайдан шешім таба алмай қалды, «блатной болу» – менменсу, «маяк тастау» – қысқа ғана қоңырау шалу, «вызов тастау» – кездесуге (разборка) шақыру, «құлаққа лапша ілу» – өтірік алдау, «базар жоқ» – сөз жоқ, «маған сынып қалды» – мені ұнатып қалды, «қораға кірді» – басы бәлеге қалды, «лақтырды» – сөзінде тұрмады, «қоянның суретін салып кетті» – қашып кетті деген мағынаны білдіреді. Мұндай жаргондар қатарын жалғастыра берсең, ұзынсонар тізім болары анық.

Ғаламтордағы түрлі сайттар, ше­телдік телеарналар мен ондағы бағ­дар­ламалар, компьютерлік ойындар осы тектес паразит сөздердің туын­да­уына себепші болып отыр. Жаһандану дәуіріндегі жан-жақтан ретсіз келіп жатқан ақпараттар тасқыны жастардың санасын осындай сөздермен улап жатқаны айқын. Бірақ бұл мәселеге бас ауыртып жүргендер шамалы. Соған қарағанда, әлі де болса еліміздің ертеңі ана тiлінің болашағына байланысты екенін жиі жадымыздан шығарып алып жүрміз-ау. Ана тiліміздің құндылығын дәріптеп, қазақ тiлі үшін аянбай күрескен Алаш арыстары бүгінгі ұрпаққа тiліміздің тағдырын да сеніп тапсырды емес пе? Ал бүгінгі тiл тағдырына жауапты жастардың сөйлеу мәнері жоғарыдағыдай болса, тiл тазалығын кімнен талап етеміз?

Жаргондардан бөлек жастардың әрбір сөзінен орыс тiлінің компонент­терін де байқауға болады. Мысалы, копировать ету – көшіру, сохранить ете сал – сақтап қой, удалить ет – өшір, комнатамдамын – бөлмемдемін. Өз туған тiлін егжей-тегжейлі білмей жатып, өзгенің тiліне жармасқан жастарды тәртіпке шақыратын жандар да сирек. Өйткені қазіргі уақытта ешкім де өзге біреу үшін бас ауыртқысы келмейді. Қазақ тiлін осындай сөздермен ластап, шұбарландырып жүргендердің санасында намыс пен ұлттық рухты ояту әзірге қолдан келмей тұр.

Бүгінгі жастар сленгтер (белгілі бір аптада қолданылатын, қалыпты тiлден ауытқыған, мысқылды сөздер) мен жаргондарды әртүрлі себептерге байланысты қолдануы мүмкін: әсер қалдыру, елден ерекше болу, өзгелер түсінбеу үшін, белгілі бір әлеуметтік топқа жататынын көрсету үшін, кейде әзіл ретінде де айтып жататындары бар. Соңғы уақытта жасөспірімдер компьютер ойындарына қатты әуестеніп кетті. Бұл да бір компьютерлік сленгтердің пайда болуына әкеліп соқтырды. Мысалы, ойындағы «ең басты жау» деген ұғымды білдіретін «бродилка», «аркада», «босс» сленгтері пайда болған. Мұны жастар күнделікті тіршілікті де қолдануды әдетке айналдырды.

Осындай түсініксіз сөздердің нәтижесінде қазақ тiлінің көркемдік стилі жоғалып барады. «Әлеуметтік желілердегі сленг сөздердің тiлімізге енуі заңдылық, тiл пайда болған әлеуметтік құбылыстарға үнемі бейімделіп отырады, бірақ жаңа сөздердің бәрі бірдей қолданысқа ене бермейді». Бүгінгі тiл тазалығына қатысты қоғамда мұндай да пікір бар. Алайда дана Абайдың «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол – ақынның білімсіз бишарасы» деген сөзін жадымыздан шығармағанымыз жөн. [2, 21 б]

Әлеуметтік желілер адамды мәде­ниет­ті сөйлеу ғана емес, мәдениетті ойлау мүмкіндігінен де айыруда. «Жастар ізденбейді, ағаларын оқымайды, олар қазақ әдебиетін оқымайды… Жастар сөйлемді әдейі бұзып жазады, олар ерекшеліктің белгісі түсініксіз жазу деп ойлайды… Тiл мәдениетінің төмен болуына ғылыми-техникалық прогрестің де әсері бар», – деген жазушы Әлжаппар Әбішевтің пікірі де бекерге айтылмаған.

Қазақ тiлінің дамуы ақсап келе жатқанын ұрандап айтуда алдына жан салмайтындар кінәні өзгеден іздейтіні белгілі. «Қазақ тiлі мәселесінің кері кетуіне үкімет кінәлі, бәрі өз тiлін білмейтін қазақтардың кінәсі» —  деп басқаларға айып тағатындар көп-ақ. Әлбетте, өзгеге кінә арту – ең оңай жұмыс. Абзалы, барлығын әр адам өзінен бастауы қажет.

Бүгінде интернет қолданушы жастардың өз «тiлі» қалыптасқан. Ең бірінші мәселе – қазақ тiлінің қ, ғ, ң, ә, і, ү, ұ, ө тәрізді төл әріптерінің қолданылмауы. Әлеуметтік желілерді пайдаланатын жастардың басым көпшілігі жоғарыда аталған әріптерді алмастырып, қазақ тiліндегі сөздерді жетімсіретіп қолданатыны жасырын емес. Желіні қолданушылар көп жағдайда қазақ әріптерін орыс графикасында бар таңбалармен алмастырып қолдануды және латын графикасындағы таңбалармен жазуды үрдіске айналдырып келеді (әсіресе, агент тiлінде), яғни оқушы жастар кейбір сөздердің графикалық формасын қалауына қарай өзгерте береді. Жоғарыдағы әріптерді қолданып жазатындардың қатары бірен-саран. Мұны жастардың өзі де мойындайды. «Әлеуметтік желілерде хат жазғанда, қазақ әріптерін қолданбайтындығымды жасырмаймын. Маған орыс тiлінен қазақ тiліне ауыстырып, барлық сөзді орфографияға сай жазу қиындау. Сондықтан, өзіме ыңғайлы жолмен жаза беремін. Ол үшін әлеуметтік желіде мені ешкім сынға алмайды. «Салем», «калайсын?», «жаксы», «бари дурыс» деген сөздерде қазақ әріптері алмастырылғанымен, қазір бізге бұл сөздердің дұрыс жазылуы осындай секілді болып көрінеді. Өйткені біздің көзіміз осыған үйреніп кеткен.

Келесі үлкен мәселе: орфографиялық және пунктуациялық  қателер,  ауызекі тiл элементтері, сөйлемдердің қысқаруы, сөздердің орын алмасуы. Мұндай қателіктер интернет қолданушыларының арасында бұрыннан қалыптасқан жағдай болғандықтан, оны өзгерту де қиын. Бірақ бұған көз жұмып қарауға мүлдем болмайды. Өйткені ғаламтор пайдаланушылар қазақ тiлінің тiлдік нормаларын сақтамауы жастардың сауатсыздыққа бой үйретуіне әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Ғаламторда әдеби тiлдің нормаларын сақтап отырып сөйлесу мүмкін еместігі түсінікті. Кей мамандардың айтуынша, ғаламтордағы қарым-қатынас тiліндегі біз атап өткен қателіктердің орын алуы заңдылық көрінеді. Ғаламтор тiлі тез әрі жылдам қарым-қатынасқа қолайлы тiл. Оның басты ерекшелігі де осында. Сондықтан, әдеби тiл нормаларын интернетте сақтау міндетті деген қате пікір дегенді қолдайтындардың қатары көп. [3. 10 б.]

Әлеуметтік желілердегі хаттар мен жазбалардың кейбірінен дауысты дыбыстарды таба алмайсың. Жылдам хат жазу үшін сөздердің ішіндегі дауысты дыбыстарды тастап кету – нағыз грамматикалық қателік. Осыған бой үйретіп алған жастардың ертеңгі күні орфографиялық ережелерге бағынбай кетпесіне кім кепіл?! Сөздерді бөлек, бірге, жартылай бөлек жазу (дефис арқылы) ережелері де назардан тыс қалып жататынын көріп жүрміз. Бұл олардың қол және көз дағдыларына әсер етіп, сауатты жазу дағдысын жояды. Әлеуметтік желі коммуникациясында сөйлеу тiліне жақын құрылымдар көп қолданылады, яғни сөздің тұлғасын өзгертіп кең жазу да етек алып келеді. Біріншіден, жіктік жалғауды түсіріп жазу: отырм – отырмын, ұйктайм – ұйықтаймын, билмейм – білмеймін, егер сөз жалпыға түсінікті болса, дауысты дыбыстарды түсіріп жазу: кдрп – қыдырып, мсқ – мысық, сөзді жөнсіз қысқартып қолдану: раха – рахмет, см – сәлем, сб – сау бол, шетелдік сөздерге қазақ тiлі жалғауларын қосып қолдану: каксын?, плизбен (please) сойлессейши, сөзді орфоэпиялық норма бойынша таңбалау: не істеватсын (не істеп жатырсың?), дийұана (диуана), барат, келет, бошы (болшы). Сонымен қатар, ғаламтордағы кейбір жазбалардан тыныс белгілерді мүлдем таба алмайсың.               Ал енді бірі сөйлемнің басын, адамның атын үлкен әріппен жазу деген ережені мүлдем ұмытқан. [2, 13 б]

Бүгінгі күні қазақтiлді сайттар­дың саны артты. Бірақ бұл интер­нет қолданушы жастардың сауат­ты­лық деңгейін көтеруге толық­қан­ды көмектесе алған жоқ. Жалпы, ғаламтордағы сауаттылық мәсе­лелеріне бейжай қарау қазақ тiлінің болашағына орасан зор қауіп төндіретіні анық. Уақыт өте келе интернет арқылы өзгеріске ұшыраған тiл мәдениетінің нормалары бұзылып, жаппай сленг, жаргон тәрізді дисфемизмдермен ластануы мүмкін. Интернетте тiлдік норманы бұзып қарым-қатынас жасау тiлдесушілердің тiлдік санасында «бұрыс графикалық портреттің» қалыптасуына әсер етеді.

Осы мақаланы барысында «Әлеуметтік желідегі сөз мәдениеті» тақырыбындағы  ойларын білу мақсатында сауалнама жүргіздім. Сауалнамаға 13 және 55 жас аралығындағы 70 адам қатысты. Сауалнама «гугл формада» алынып, негізгі 3 сұраққа жауап іздедім. Олар: 1.Қазіргі жастар тiліндегі қандай «жаргон», «сленг» сөздерді білесіз?  2.Қазіргі әлеуметтік желіде қарым-қатынас барысында қысқарып кеткен сөздерді атап берсеңіз… 3.Әлеуметтік желінің сіз үшін маңызы. Сауалнаманың қорытындысы бойынша 1 сауалға жауап 1-суретте көрсетiлген:

Қазіргі әлеуметтік желіде қарым-қатынас барысында қысқарып кеткен сөздерді атап берсеңіз… сауалына 70 адам жауап берген. (2-сурет)

 

Әлеуметтік желінің сіз үшін маңызы… деген сауалға 70 адам түрлі деңгейде жауап берген (3-сурет)

Қоғамда қалыптасқан этикалық норма бойынша, қандай жағдайда болмасын, «жаргон», «сленг» сөздерді қолдану нормаға жатпайды. Сөз мәдениет ұғымының коммуникативтік компонентіне қатысты нормаларға ең адымен тілдің функционалдық ерекшеліктеріне тән нормалар  мен қарым-қатынастың прагматикасына тән нормалар жатады. Тілдік нормада комуникативтік компонент сөз мәдениетін айқындауда ерекше орын алады. Қарым-қатынастың нәтижелі болуы коммуникавтік компонентпен тығыз байланысты. Мысалы, тілдік норманы сақтағанмен, этикет тәртібін бұзылмағанмен тыңдаушыны//оқырманды ескермей, көңілдегідей мәтін құрастыру мүмкін емес. Мұның өзі сөз мәдениетінің коммуникативтік жағын мықтып ескеруді қажет етеді. Бұл ретте тілдің функционалдық тармақтарға тән ерекшеліктері мен қарым-қатынас прагматикасының шарттарымен санасудың керек екенін байқатады.

Коммуникативтік құзіреттілік тілдік қарым-қатынастағы әлеуметтік мәдени нормаларды, және стеретиптерді білу дегенге саяды. Коммуникативтік құзіреті жоғары адам әртүрлі деңгейдегі бірліктердің мағынасы мен сол элменеттердің өзара тіркескендегі мағынасын білумен бірге мәтін деңгейіндегі тіл қатудың әртүрлі формаларын қолдана алады. Белгілі бір оқиғаға өзінің бағасын шынайы түрде отырып, оған тыңдаушы тарапынан жауап реакция туғыза алады. Сөйлеушінің әртүрлі коммуникативтік ситуацияда қолданылатын тұрақты сөз орамдарын, мақал-мәтелдерді, мәтіндік клишелерді т.б. айрықша.

Қорыта айтқанда, жаңа заман жастарын әлеуметтік желісіз елестету қиын-ақ, десек те Ахмет Байтұрсынов айтқандай «Тiл тазалығын сақтау – бейпіл, жаргон сөздерді пайдаланбау – біздің патриоттығымыз бен сауаттылығымызды арттырады». Бұл жүрегі тілім деп соққан әрбір азаматты толғандыруы керек деп ойлаймын.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Байтұрсынов А. Тiл тағлымы: — Алматы, Ана тiлі, 1992-260 б
  2. «Егемен Қазақстан» 2018ж. 14 ақпан 6 бет. «Тiлді сақтау-ұлтты сақтаудың кепілі» мақала авторы: Орынкүл Асанқызы

3.«Егемен Қазақстан»2018ж. 26 ақпан 8 бет.Мақала: «Тiлді түлетудің тұғырнамасы», авторы: Ербол Шаяхметов –Тiлдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры

 

Кусёва Салтанат Жұмабекқызы

Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Антон Макаренко атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі