§10.Сөздің басындағы немесе бірінші ашық буындағы ұ, ү, о, ө дыбыстары және екі дауыстының ортасында келген у дыбысы (тауық, бауыр сияқты сөздерде) келесі буындағы ы, і дыбыстарын өзгертіп, ұ, ү-лерге жуықтатып естіртеді (ашық буын дегеніміз кұ-, кү-, қо-, бұ, бү- сияқты дауысты дыбысқа бітетін буындар). Мысалы, құ-лын, бү-гін, о-рын, кү-ліп, ө-мір деген сөздер кұлұн, бүгүн, орұн, күлүп, өмүр болып айтылады. Еріндік дыбыстардың ықпалы үшінші, төртінші буындарда біртіндеп әлсірей береді. Мысалы, күмістің деген сөздің екінші буыны ү-ге ұқсап, соған жуық айтылса, үшінші буында і-ге жуықтау айтылады: күмүстің.

Сол сияқты сөздің басындағы немесе бірінші ашық буындағы ө, ү дыбыстары келесі буындағы е дыбысын өзіне жуықтатыңқырап естіртеді, бұл әсердің де күші үшінші, төртінші буындарда әлсірей түседі. Мысалы: өнер, кө-ре-ді, ө-сер, кө-бе-лек, жү-рек, кү-рек деген сөздер өнөр, көрөді, көбөлек, жүрөк, күрөк болып айтылады.

Қазіргі кезде бұл сияқты ерін үндестігі байқалатын сөздерді жазылуынша оқу орын алып барады, әсіресе екінші буындағы е дыбысын э етіп, өнэр, үлэс, өрэн түрінде айтушылық байқалады, бұл, әрине, қате.

Осы ережеге сай етіп, мына шумақтарды дұрыс айтып көрелік:

Жігітке / өлеңдөнөр / өнөрдөнөр //

Шынжүйрүк / өргөшапса / өршөлөнер // (Халық өлеңі)

Қазақтың / өзгөжұрттан / сөзү / ұзұн /

Бірінің / бірішапшаң / ұқпассөзүн //

Көздүңжасы / жүрөктің / қаныменен /

Ерітуге / болмайды / ішкімұзұн // (Абай)

Бірінші буын бітеу не тұйық болса (тұйық буын дауысты мен дауыссыздан тұрады: өр, ұр, ұл, үс, өс деген сияқты, ал бітеу буынның алды-арты бірдей дауыссызға бітеді: қол, көр, көз, түн дегендей) келесі буындағы ы, і, е дыбыстарының ұ, ү, ө-ге қарай бейімделуі сәл бәсеңдеу болады, дегенмен таза өздерінің дыбысталуын да сақтамайды. Мысалы, қолтық, қойдыр, құлдық, көркем, көзде, бөрте сияқты сөздердің екінші буындарындағы ы, і, е дыбыстарының езулік болып айтылуы сәл солғындау (күмүс, өнөр дегендерге қарағанда).

Осы ережелерге және бұдан басқа көрсетілгендеріне орай етіп, мына үзінділерді дұрыс оқып және жазып көріңдер. Соңғы ережеге сай дыбыстары үндесіп айтылатын сөздердің астын сызыңдар не атаңдар.

...Өсер...өсер...не өсер? Тек зұлымдық өсер нөсер болып сенен!

Сор өсер, ар өшер!... Өскенде тек зар өсер сенің лағынет табаның астында! (М. Әуезов).

Қ а р а б а й. Құтылдым ба, құтылмадым ба? Көзім көрмес, қолым жетпес жерге кеттің бе, кетпедің бе?! Қараң батып болды ма, болмады ма? Уа, қайда әлгі қатын-баласы? Жық үйді, арт жүкті! Айдат жылқыны! (Ғ. Мүсірепов).

Бүгін сүйсем, сені алсам – ертең жалқып,

Суып қайтар көңілім желше шалқып,

Қуантып, қайғыменен суалтамын

Біреудің қызыл гүлін тұрған балқып.

Құдайдың толып жатыр күні бүгін,

Жігіттің тани алмай кемшілігін.

Бір алып қадірлемей, тастап кеткен

Тартып жүр қиянатшыл ер күйігін (Абай).

§11. Қазіргі қазақ орфографиясы бойынша жіңішке буыннан басталатын сөздердің екінші, үшінші буындарында ә әрпі сирек жазылады. Сірә, ірә, кінә, күнә, куә, жүдә, шүбә деген сияқты бірқатар сөздерде болмаса, қалған сөздерде ә естілгенмен, а әрпі жазылады. Мысалы: ләззат, тәкаппар, рәсуа, діндар, Сәбира, Жәмила. Мұндай сөздерде алдыңғы жіңішке буынның әсерімен келесі буындар да жіңішке айтылады: ләззәт, тәкәппар, рәсуә, діндәр, Сәбирә, Жәмилә.

Бірақ бұл сөздердің алдыңғы тобына да (екінші буынында ә жазылатын), соңғы тобына да қосымшалар жуан түрде жалғанады: күнәға (күнәге емес), Күләшқа (Күләшке емес), Жәмиләға (Жәмилеге емес), діндарлық (діндәрлік емес). Айтылуда да қосымша жуан айтылады.

Осы ережеге сай етіп және өзге ережелерді де ескере отырып, мына үзінділерді дұрыс айтып (оқып) көріңдер:

Талақ етіп бұл ғаламды

Болды мәлім кеткенің.

Кінәсы жоқ жас адамды

Қатты соққан не еткенің...

Ғашық-ақпын еш күмәнсыз,

Ырыс емес, сор үшін.

Көрісуге шыдамаспыз,

Айрылалық сол үшін... (Абай)

§12. Қазақ тілінде жай, шай сияқты сөздер қосымшасыз тұрғанда, жіңішке айтылады: жәй, жәйт, шәй. Бірақ бұл сөздерге де қосымша жуан болып жалғанады да, сөз тұтасымен жуан болып айтылады. Мысалы: жайсыз (жәйсіз емес), шайға кел (шәйге кел емес). Бірінші буыны жай, шай болып келетін өзге сөздер де осындай. Қысқасы,ж, ш дыбысы мен й дыбысының ортасында келген а дыбысы сәл жіңішке айтылады. Мысалы, жайылым, жайлау, жайнау, шайпау, шайлығу, шайы (жібек) сөздері жәйылым, жәйлау, жәйнау, шәйпау, шәйлығу, шәйы болып айтылады.

Ж, ш дыбыстары мен өзге дауыссыздардың ортасында келген а дыбысы жуан болып айтылады (және а жазылады): жарғақ (жәрғақ емес), жануар (жәнуар емес), жақтау (жәқтау емес) т.т.

Осы ережеге сай етіп айтсақ, Абайдың “Оспанға” деген өлеңі былай оқылар еді:

Жәйнағантұуұң /жығылмай /

Жасқаныбжаудан / тығылмай/

Жасаулұжаудан / бұрұлмай /

Жаужүрөк / жомарт / құбұлмай /

Жақсөмүрүң / бұзұлмай /

Жасқұуатың / тозұлмай /

Жалынжүрек / сұуұмай /

Жамбіткеннен / түңүлмөй /

Жағалайжәйлау / дәулетің /

Жарқырабжатқан /өзөнің /

Жасылшөбү / құуармай /

Жайдақтартып / сұуалмай /

Жәйдарыжүзүң /жабылмай /

Жәйдақтапқашып /сабылмай /

Жақсөлүпсің / йапырмай //

Бұл өлеңнің барлық жолы жа деген дыбыс тіркесінен басталады және барлығы да а әрпі арқылы жазылады, ал айтылуда бірінші буыны жіңішке естілетін сөздер: жәйнаған, жәйдақ, жәйдары, жәйдақтап, өйткені бұларда а дыбысы ж мен й дыбыстарының ортасында келген.

Өздеріңіз мына үзіндінің дұрыс оқылуын жазып көрсетіңдер.

Жан қысылса жайтаңдап /,

Жанды еріткен / жайдары-ау.

Жан жай тапса, / сен неге /

Жат мінезсің / жабырқау?(Абай)

Ойландым да / толғандым,

Ойландым / ойға толмадым.

Жанды қидым / жалындым,

Жайланып, сірә, қоймадым. (Бернияз Күлеев)

§13. Кейбір екі буынды сөздерге тәуелдік жалғаулары жалғанған кезде, екінші буындағы ы, і дыбыстары сусып түсіп қалады. Бұл құбылыс сөздердің айтылуында да, жазылуында да ескеріліп, түсіп қалған дыбыс түсіріліп айтылады және солай жазылады. Мысалы, халық, ерін, ауыл, нарық, бөрік деген сөздерге I, II, III жақтық тәуелдік жалғауларын жалғағанда, екінші буындағы ы, і дыбыстары сусып түсіп қалады: халқы (халықы емес), халқым, халқың, халқымыз, ернім, аулым, нарқы, бөркі. Мұндайда қ, к дыбыстары ұяңдамайды: бөркі (бөрігі емес).

Ал жалпы заңдылық бойынша қ, к дыбыстарына аяқталған сөздерге дауысты дыбыстардан басталатын қосымшалар жалғанғанда, олар ұяңдауға тиісті: балық+ы – балығы, күрек+ім – күрегім.

Кейбір сөздерде ы, і дыбыстарының түсу-түспеуі сөз мағынасын ажыратуға қатысады. Мысалы, жоғарғы көрік сөзі екі түрлі мағынаға ие, егер “адамның көркі” болса, тәуелдік жалғауы жалғанғанда, і дыбысы түсіп қалады (көркім, көркің, көркі), ал «ұстаның темір балқытатын көрігі”болса, түспейді де соңғы к дыбысы ұяңдап кетеді. Сол сияқты “көпшілік, қауым, жұрт” мағынасындағы халық сөзі тәуелденгенде, халқым, халқың, халқы, халқымыз болып, соңғы к дыбысы ұяңдамайды, ал Халық сөзі жалқы есім болса, Сәрсенбайдың Халығы болып, ұяңдап айтылады.

Соңғы буынындағы қысаң ы, і дыбыстары сусып қалатын сөздер кейде өлең ішінде буын санына орай түсірілмей айтылуы да мүмкін.

Тіпті о баста құрамында ы, і дыбыстары жоқ бұлт, кілт, жалт сияқты сөздер де өлеңде буын саны жетпей тұрса, бұлұт, кіліт, жалыт болып айтыла береді. Мысалы, ауыл, бауыр сөздері тәуелдік жалғаулармен құбылған кезде, мына шумақтардың біреуінде қысаң дыбыстарын түсіріп, екіншісінде түсірмей айтылады:

Аулұмқоңған / Сырымбет / саласына – 11 буын

Болдұмғашық / ақсұңқар / баласына – 11 буын

Егер мұнда ауұлұм болып айтылса, өлең жолы бір буынға артып кетер еді. Ал мына өлеңде буын саны 11 болу үшін, керісінше, ы, ідыбыстары түсірілмей айтылуға тиіс болып тұр:

Атымның / қақтұрады / сауұрұна – 11 буын

Қостепкі / салыпкелем / бауұрұна – 11 буын

Қолұнан / шәйғұйдұрұп / ішейіндеп – 11 буын

Келемін / Айтпайсұлұу / ауұлұна – 11 буын

Осы ережені сақтай отырып және берілген басқа да ережелерді еске алып, мына үзінділерді дұрыс айтып көріңдер (кей сөздерде емле ережесі әдейі бұзылып жазылды, оларды көрсетіңдер). Өлеңнің буын санын көрсетіп, түсіріліп айтылатын дыбыстарды түсіріп, түсірілмейтіндерін қосып жазыңдар.

Созады Біржан дауысын қоңыр қаздай,

Басқаға бір өзіңнен жүрмін жазбай.

Жиылысы жандаралдың болады деп,

Жанбота, тынышымды алдың ала жаздай.(Біржан)

Қамшы бастым асыға буырылтайға,

Өткел бермей тоқтатқан терең сай ма?

Жұрт жаңғыртып орынынан бір күн түнде

Қалқатайдың ауылы кетті қайда?(Біржан)

Қонады бір күн жас бұлыт

Жастастың төсін құшақтап.

Жөнелді ертең, қалды ұмыт

Көк жүзіне ойнақтап.(Абай)

Суырып көкте қылышын

Нөсерлі қара төнді бұлыт.

Тарылтып жердің тынысын

Тапа-тал түс болды ымырыт.

Өрістен қашты төрт түлік,

Асыға үйге енді жұрыт.

Салатындай бір бүлік.

Ақырды бейне долы бұлыт. (Қасым Аманжолов)

§14. Қысаң ы, і дыбыстары көптеген үш буынды сөздердің ортаңғы буындарында көмескілеу естіледі, бірақ олардың түсірілмей сақталып айтылғаны жөн (емледе де көбінесе ы, і әріптері сақталып жазылады). Мысалы: ықылас, жапырақ, топырақ, тебіренді, күңіренді.

Ал өлеңдерде буын санына қарай мұндай сөздерде дыбыстарды түсіріп те айтуға болады. Мысалы:

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,

Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай,

Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп.

Жапырағынан айырылған ағаш, қурай, –

деген Абайдың шумағында соңғы тармақтағы жапырақ, айырылған, сөздері жапрағынан, айрылған болып айтылуы керек, өйткені өлең жолы 11 буынды болу үшін жап-ра-ғы-нан 4 буын болып, ай-рыл-ған 3 буын, а-ғаш, қу-рай 4 буын болып айтылуы қажет.

Мына өлең шумақтарындағы курсивпен терілген сөздердің дұрыс оқылуын (айтылуын) көрсетіңдер және себебін айтыңдар.

Қалың ағаш жапырағы

Сыбырласып өзді-өзі.

Көрінбей жердің топырағы,

Құлпырған жасыл жер жүзі. (Абай)

Уа дариға, алтын бесік – туған жер,

Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр.

Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей

Ақын болмай, тасың болсам мен егер. (Қасым Аманжолов)

Әлі есімде бұлтсыз әлем аспаны,

Арман бізді алға апарып тастады.

Қара шашың мойныма оралып,

Жерге тамған мөлдір көздің жастары. (Н. Әлімқұлов)

§15. Бір ырғақтық топта айтылатын сөздердің алдыңғысы дауысты дыбысқа аяқталса, екіншісі дауысты дыбыстан басталса, қатар келген екі дауыстының біреуі (алдыңғысы) “жұтылып” кетеді де, бір ғана дауысты айтылады. Мысалы, торы ат, қара ала, келе алмадым, барып па еді, Қараадыр, Сарыөзек, айта-айта сияқты сөздер торат, қарала, келалмадым, барыппедің, қарадыр, сарөзек, айтайта деп айтылады. Бұл заңға біріккен сөздер де, жеке сөздер де, сөз бен шылаулар да, қос сөздер де бағынады.

Қазақ тілінің бұл орфоэпиялық заңдылығын ақындар шебер пайдаланады, яғни жазуда буын саны артық шықса да, айтуда (оқуда) дәл шығатын болғандықтан, сөздерді ақындар еркін қолданады. Мысалы:

3  4  4

Бі-лек-тей / ар-қа-сын-да / өр-ген-бұ-рұм /

3 4  4

Шол-пұ-сұ / сыл-дыр-ға-ғып / жүр-са-қы-рын /

4 3  4

Кәм-шәт-бө-рүк / ақ-та-мақ / қа-ра-қас-ты /

4  3  4

Сұ-лұу-ғыз-дың / кө-рүп-пең / мұн-дай-тү-рүн //

Мұнда жүрсе ақырын, көріп пе ең деген сөздері бар жолдар жазылуда 12 буын болғанмен, айтылуда жүрсақырын, көріппең болып кірігетіндіктен, өлең өлшеміне ешбір нұқсан келтірмей тұр.

Қатар тұрған сөздердің кез келгенінің екі аралығындағы дауыстылар бірін-бірі “жұта” бермейді. Егер ондай екі сөз екі ырғақтық топта тұрса, аралық дауыстылар өз орындарында анық айтылады:

Аласыз / қара гөзү / айнадайын /

Жүрекке / ыстықтійіп / салғансайын /

Үлбүрөген / ағетті / ашығжүздү /

Тісәдемі / көріппең / қыздыңжайын //

(Абай)

Мұнда көзі айнадайын, жүрекке ыстық, етті ашық деген сөздер қатар тұрғанмен, екі аралықтарындағы дауыстылар кірікпейді, өйткені бұлар әр бөлек ырғақтық топта тұр.

Осы ережені ескеріп, мына өлең шумақтарын ырғақтық топтарға бөліп, дұрыс айтып көріңдер. Дауысты дыбыстардың кірігетін және кірікпейтін жерлерін дәлелдеңдер.

Жас қыз бен жас бәйтерек – бәрі бірдей,

Жапырағы тұра ма жылда өзгермей?

Менен гөрі сөзіңді жақсы ұғушы

Кетер деме ер жігіт бір кез келмей.(Абай)

Жас дәурен, қызығыңа тоя алмаспын,

Ән мен күй, өлең, сені қоя алмаспын.

Тірлікте тербелейін, тебіренейін,

Бір күні кетсем ұйықтап оянбаспын.(Қ. Аманжолов)

Жел желпиді кейде есіп,

Көк жайлауда жатырмын.

Жұлдыздармен сөйлесіп,

Астында аспан-шатырдың.(С. Мәуленов)

Ұшады аққу көлден байпаңдаған,

Қалқаға бір сөзім бар айта алмаған.

Су құйып сырлы аяққа тұндырғандай,

Көзіңнен айналайын жаутаңдаған.(Халық өлеңі)

§16. Қазақ тілінің қазіргі емле ережелері бойынша қосар ый, ій әріптерінің орнына бір ғана иәрпі жазылады. Мысалы: ки (дұрысында кій болу керек), қи (қый болу керек), сол сияқты: би (бій), биыл (быйыл), жиі (жійі), жиналыс (жыйналыс), ти (тій), тиын (ақша, тыйын), тиін (аң, тійін) т.т.

Ал и әрпі – жіңішке дыбыстың таңбасы, бірақ жазуда жуан ый дыбысын да таңбалайтын болғандықтан, оны жіңішке де, жуан да етіп айтуға тура келеді. Ішінде а, ы, ұ, осияқты жуан дауысты дыбыстары бар сөздерде и таңбасын ый деп жуан айту керек. Мысалы: жыйналыс (жазылуы: жиналыс), қыйыңғыстау (қиын-қыстау), быйыл (биыл), сый-сыйапат (сый-сияпат).

Сөз ішіндегі и дыбысының жуан не жіңішке екенін ондағы өзге дауыстыларға қарап айыруға болады. Мысалы, дидар, миғұла, мизам, бидай, мирас, миық, мия, қыдию, қалқию деген сөздерде и – жуан, өйткені бұлардағы өзге дауыстылар жуан, сондықтан айтылуда бұлар дыйдар, мыйғұла, мыйзам, быйдай, мыйрас, мыйық, мыйа, қыдыйу, қалқыйу болуы керек. Ал ми, жи, қи үш-төрт сөздің жуан айтылуға (мый, жый, қый) тиіс екенін есте ұстау кажет, өйткені бұл сөздерге жалғау-жұрнақтар жуан вариантта жалғанады: миы ашыды (мийі емес), мисыз (мисіз емес), жина (жине емес), қиды (қиді емес).

Есте оңай сақтауға болатын ереже, ол – қ, ғ дыбыстары бар сөздердегі идыбысының әрдайым ый болып жуан айтылатындығы:

  жазылуы:

қырғи қабақ

қилы-қилы

қалқиған

қыли (көз)

шиқ етті

шиқан

жан қиярлық

қағида

  айтылуы:

қырғыйғабақ

қыйлығыйлы

қалқыйған

қылый (гөз)

шыйқетті

шыйқан

жаңғыйарлық

қағыйда

Мұндай сөздердің ішінде сый, тый деген екі сөз түбір күйінде де, әр алуан қосымшалар жалғанған тұлғасында да жалаң иәрпімен емес, қосар ый-мен естілуінше жазылып жүр. Оның себебі осы буындардың жіңішке варианттарында айтылатын сөздермен (ти, си) мағынасын шатастырмауға байланысты. Алдыңғыларын айтқанда, үнемі жуан ый етіп айту керек: тый, сый. Бұлардың туынды, қосымшалы түрлері де әрдайым жуан айтылады: сыйлау, сыйлық, сыйды, сыймады, сый-құрмет, сыйымсыз, сыйысу, тыйғызу, тыйылу, тыйымсыз. Бұл сөздер осы тұлғада ый арқылы жазылады.

С мен т-дан басталатын және осылардан кейінгі дыбысы и болып келетін сөздердің қалғаңдарында жалаң и жазылады, бірақ сөз жуан болса, и әрпін жуан ый етіп айту керек. Мысалы: сияқты (айтылуы: сыйақты), сидаң қағу (айтылуы: сыйдаңғағу), сидиды (айтылуы: сыйдыйды), сиқыр (айтылуы: сыйқыр), сипақтау (айтылуы: сыйпақтау), сипаң-сипаң (айтылуы: сыйпаңсыйпаң), сипат (айтылуы: сыйпат), бұл сөздің сыпат түрі де айтылады, әйтеуір сійпат деп бірінші буыннан жіңішке айтпау керек, сипау (айтылуы: сыйпау), сирақ (айтылуы: сыйрақ), сиыр (айтылуы: сыйыр), сия (айтылуы: сыйа), сиыну (айтылуы: сыйыну), типыл (айтылуы: тыйпыл), тиын (айтылуы: тыйын), тиянақ (айтылуы: тыйанақ).

Идыбысының жуан не жіңішке айтылуы өзінің алдындағы дауыссыз дыбыстың айтылуына үлкен әсер етеді. Мысалы, ти және тый деген сөздерді айтып көріңдер: алғашқысында т дыбысын айтқанда, тілдің ұшы тіске тиіп, едәуір ілгері созылады да, соңғы жуан сөзде т дыбысын айтқанда, тіл сәл артқа қарай тартыңқы болады. Өзге дауыссыздар да осындай азын-аулақ өзгеріспен айтылады. Ол үшін жиі және жиын, би және быйыл, тиін және тыйын, шикі және шыйқыл деген сөздерді айтып көріңіздер де, басқы дыбыстардың айтылуындағы ерекшеліктерді аңғарыңыздар.

Қазіргі кездегі орфоэпиялық қателіктердің көзге түсетін тұстарының бірі – жуан сөздердегі и дыбысын жазылуынша жіңішке айту (оқу). Мысалы, жиналыс, ми, дидар сөздерін жійналыс, мій, дійдар түрінде жіңішке айтушылық кездеседі. Бұл – дұрыс емес.

Кейбір үш-төрт буынды сөздерде и дыбысынан басқа әрі жуан, әрі жіңішке дауыстылар аралас келеді. Ол сөздер көбінесе араб, парсы, орыс және интернационалдық сөздер болып келеді. Мысалы: қасиет, қиямет (қыйамет), Сәлима, антитеза, архипелаг, дебитор, артезиан. Мұндайда араб, парсы сөздеріндегі и дыбысы іле-шала қ дауыссызынан кейін тұрса, ый болып айтылады: қыйамет, қыйсап (есеп-қисап), ал қалған жағдайда жіңішке айтылады: Сәліймә, қасійет.

Осы ережені сақтап және өзге қағидаларды да ескеріп мына үзіңділерді дұрыс айтып көріңдер, ол үшін транскрипциялап жазып көріңдер, яғни естілуінше (айтылуынша) жазыңдар.

1) Зым-зия, зымиян, тиянақ, жария, биялай, тиесілі, қияқ, Сұлуқия, қиқар, киім-кешек, қоқиланды, қомпиды, қария, зиянкес, Зікірия, Рәшида, Рахила, Рахима, Бәлия, Қапия, Халима, Кәрима, Бәтима, Фәтима, Қали, Ғали, Уәли.

2) Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын.

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың. (Абай)

3) Біз бұлбұл қызыл гүлге тартқан сада,

Нәркес көз, қалам қасты лағыл бала.

Иранның Құсни-зия тотысындай,

Гәухардан шыққан нәсіл тудың зада.

Топ көрсе, қырындайтын біз бір тұлпар,

Бұлбұл құс қызыл гүлге болып іңкәр.

Сіздерді неге ұмытсын көрген сұңқар.(Ақан сері)

4) Сүйе алмадық, қия алмадық, қимадық,

Неге біздер от құшаққа сыймадық?

Екеуміз де екі айрылған өзендей,

Махаббатты басқа жанға сыйладық.(Т. Молдағалиев)

§17. Қазіргі емле ережелеріміз бойынша қосар ұу, үу әріптерінің орнына жалаң у әрпі жазылады. Бұл дыбыстың да айтылуының жуан-жіңішке екендігін (ұу немесе үу екендігін) сөз ішіндегі өзге дауыстыларға қарап айыру керек. Екі, үш не одан да көп буынды сөздерде өзге дауыстылар жуан (а, о, ы) болса, ұ әрпімен келген тұс ұу болып, ал жіңішке (е, ә, ө, ү, і) болса, үу болып айтылады.

Ал бір буынды сөздерді (олар сан жағынан өте аз) сөйлемнің мағынасына қарай қай сөз екенін ажыратып, жуан не жіңішке айтуға тура келеді. Мысалы, Үйдің төбесінде ту желбірейді деген сөйлемде ту сөзі жуан тұу болып айтылады. Ту дегенде түкірігі жерге түспейді деген сөйлемде ту сөзі жіңішке болғандықтан, түу деп айту керек. Сол сияқты: Шу, жануар, шу деді дегенде шу сөзін жіңішке шүу деп айту керек те, Көшеде айғай-шу естілді дегенде шу сөзінің жуан екенін, сондықтан шұу деп жуан айту керек екенін контекстен, яғни сөйлемнің мазмұнына қарап ажырату керек.

Тәжірибеде удыбысын жуан не жіңішке айтуда қиындық байқалмайды, сондықтан орфоэпиялық қателіктер де бұл ретте онша сезілмейді, дегенмен ту және түу, шу және шүу, гүугууледі (жазылуы: гу-гуледі) және гудок, су және сүурет (жазылуы: сурет) сияқты бес-он сөздің жуан-жіңішке айтылуынан жаңылыспаған абзал.

Осы айтылғандарға сәйкес Абайдың мына жолдарын дұрыс оқып көріңдер.Идыбысы жуан және жіңішке айтылатын сөздерді ый, ійарқылы жазып көрсетіңдер.

Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,

Сыртын танып, іс бітпес, сырын көрмей.

Шу дегенде құлағың тосаңсиды,

Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей. (Абай)

Түйе боздап, қой қоздап, қорада шу,

Көбелек пен құстар да сайда ду-ду.

Гүл мен ағаш майысып қарағанда,

Сыбдыр қағып бұраңдап ағады су. (Абай)

§18. Бірқатар сөздер мен қосымшалар жазылуда түбірі сақталатындықтан, аралас буынды болып келеді, яғни жуан сөзге жуан варианты жоқ -кер, -гер, -кентсияқты жұрнақтар жалғанады немесе жіңішке түбірлі сөзге жіңішке варианттары жоқ -қой, -паз, -қорсияқты жұрнақтар жалғанады. Мысалы: сауда+гер, Шым+кент, бал+гер, Таш+кент, әсем+паз, сән+қой, шәй+қор (жазылуы: шайқор) т.б,

Осылардың ішінде -кер, -гер,-кентжұрнақтары жалғанған кейбір жуан сөздер айтылуда осы жұрнақтардың әсерімен тұтасынан жіңішке айтылады. Мысалы: сәудегер, Шімкент, Тәшкент. Бірақ бұл жұрнақтар жалғанған кез келген жуан түбірлі сөз жіңішке айтыла бермейді. Мысалы: қаламгер, жауапкер, айыпкер, Құмкент сияқты сөздер жазылған түрінше айтылады. Ал жуан жұрнақтар жіңішке түбірді жуандата алмайды, сондықтан олар жуанды-жіңішкелі аралас буынды болып, жазылған түрінше айтылады. Мысалы: әсемпаз, өнерпаз, сәнқой, әзілқой.

§19. Соңы к, г деген жіңішке дауыссыздарға аяқталатын кірме сөздерге жалғанған ІІІ жақтағы тәуелдік жалғауын жіңішке айтқан дұрыс. Мысалы: педагог – педагогі, ток – тогі, монолог – монологі т.б.

Тегі, сөз соңындағы к, г дыбыстарының қазақ тілінде жіңішке айтылуының әсері күшті, сондықтан айтуда көбінесе қазақ қосымшаларын жіңішке жалғауға бейім тұрады. Мысалы: педагокке, педагоктік, участокке, участогтер, участогі, рояльдің т.б. Өйткені қазақтың өз сөздерінде к, г дыбыстары еш уақыт жуан а, ы, о дыбыстарымен келмейді (айтылмайды).

Рәбиға Сыздық. Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы). Астана: Елорда, 2000, - 532 б. ISBN: 9965-06-023-1