Қазақ әдеби тілінің қазіргі қоғам өмірінде алатын орны орасан зор. Сондықтан оның әр түрлі салаларын зерттеу, әсіресе күнделікті өмір талабына сай келелі мәселелерін зерттеуге көп көңіл бөліну керек. Осы талай рет ескеріліп, 1950 жылдары тіл мәдениеті пробле­маларын зерттеу мәселесі қолға алынып, сол сала бойынша біраз жұмыстар істелді. Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының құрамында “Тіл мәдениеті” бөлімі ұйымдастырылды. Тіл мәдениеті тақырыбына тікелей қатысы бар республикалық конфе­ренция өткізілді (1968 ж.). Жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде қазақ тілінің мәдениеті арнаулы курс ретінде оқытылатын болды. Бірнеше кітап, жинақтар, көптеген мақалалар жарияланды. Осылардың бәрі қазақ тілі мәдениетінің мәселелеріне жұртшылықтың назарының аударылғанын көрсетеді.

Іргетасы қаланып, дамып келе жатқан сол ғылым саласының міндеттері мен зерттеу объектілерін айқындай түсу үшін тіл мәдениеті мәселелерін сөз етуді дұрыс деп таптық.

Мәдениет, оқу-ағарту, ғылым, өнер тағы басқалар рухани өмір табыстарының жиынтығы да, тіл мәдениеті дегеніміз –  тілдік тәсілдердің ширау, жетілу дәрежесі. Сонымен қатар ол тіл жұмсаудағы ізеттілік, сауаттылық қана емес, тілдік тәсілдерді, фонетикалык, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық, син­таксиста, стильдік құбылыстарды ұқыпты, дұрыс қолдану дағдысы. Тіл мәдениеті екі салаға бөлінеді: баспасөз тілінің мәдениеті, сөйлеу тілінің мәдениеті. Олардың қарым-қатынасы нәтижесінде баспасөздің сөйлеу тіліне тигізетін әсері күшті. Баспасөз тіл мәдениетінің дәрежесі әдеби тілдің сапасы қандай екендігіне өлшем бо­ла алады. Сол орайда баспасөз –  әдеби тіл мәдениетінің айнасы.

Тіл мәдениеті халықтың жалпы мәдени дәрежесімен, әдеби тілдің қандай белесте екенімен тығыз байланысты. Халықтың жазу, әдеби мұралары, тіл жұмсау, сөйлеу өнері неғұрлым жоғары болса, әдеби тілдің мәдениеті де солғұрлым биік болмақ. Қазіргі қазақ тілі әр алуан әдебиет майданында шыңдалған, кемеліне келген бай, мәдениеті жоғары тілдің бірі деуге болады. Оның мұндай дәрежеде болуы – совет заманының мақтанышы, лениндік ұлт саясатының іске асу нәтижесі. Сол әдеби тілді байытуда, халықтың тіл мәдениетін арттыруда қазақ баспасөзінің ролі ерекше болғаны аян.

Тіл мәдениетінің қамын жеу, сайып келгенде, тіл тазалығына, ой дәлдігіне қамқорлық жасау болып табылады. М. Горький “Тіл тазалығы үшін, мағына дәлдігі үшін, тіл өткірлігі үшін күрес –  мәдениет құралы үшін күрес” деген болатын. Бұл құрал неғұрлым өткір болса, ол солғұрлым нысанаға дәл тиіп, ол солғұрлым жеңімпаз болмақ. Жаңа өскелең өмірдің мүддесіне қызмет ететін қазақ тілінің жеңімпаздық күшін арттыру үшін әлі де оның тазалығын, мағына дәлдігін күшейтіп, оны шыңдай түсу мақсаты қойылып отыр. Олар өзінен-өзі бола бермейді. Ол жайында сол тілдік құралдың дұрыс жұмсалуына біздің қауымның жанашырлық ғылыми негіздегі іс-әрекеті болуға тиіс. Өз өміріне өзі қожалық ететін адам өз тілінің де өміріне ықпалын тигізіп, оны дамыта түсуге қамқоршы болу керек. Аспан әлемін шарлап, Айға, Шолпанға аттанған, табиғаттың небір асау тұлпарына бас үйретіп, өмір тізгінін өз қолымызға алған заманда, өз тіліміздің өзекті мәселелерін шешудің орнына, оның табиғатына құлшылық етіп, қол қусырып отырмай, тілді саналы түрде жетілдіру, ширақ ету әрекеті болу керек-ақ. Әдеби тіл –  халық тілінің жоғарғы формасы. Оның іргесін әлі де бекемдей түсу үшін оның байлығын арттырумен қатар, жүйелілік сапасын да арттыру міндеттері қойылмақ. Әдеби тілді пайдаланушылар арасында сөздерді әркім әр түрлі жазатын, түрліше айтатын, талғамай қолдана беретіндей бағыт байқалса, әдеби тіл мәдениетінің дәрежесі онша мақтанарлық болмағаны. Біздің арамызда ондайлар жоқ емес. Әдеби тілдің жауы – анархия. Біз соған жол бермеуіміз керек.

Балақаев М.Б.

«Қазақ әдеби тілі»- Алматы, 2007.- 396-397 б.