Орфоэпиялық нормаларды игеру дегеніміз – орфоэпиялық сөздікте берілген сөздер мен сөз түрленістерінің, болмаса белгілі бір сөзге тіркескен сөздер тобының дұрыс айтылу нормаларын жаттап алу дегенді білдірмейтін көзі қарақты қауым сезе бастаған сыңайлы. Мысалы, сөйлемнің құрамындағы кідірістер арқылы жекелеген бөлшектердің, яғни тұтас алғанда мағыналық бөліктердің де атқаратын қызметі ерекше. Мысалы, «қонақ үй» орфоэпиялық нормаға сәйкес «қонағ үй» болып айтылады. Бірақ «Қонақ үйге кірді» деген сөйлемдегі  кідірістің орнын өзгерту арқылы екі басқа мағынада түсінуге болады. Біріншісі «Қонағйгө // кірді», ал екіншісі «Қонақ // үйгөгірді» болып шығады. Алғашқы сөйлемнің бастауышы «ол» деген жасырын тұлға болса, келесі сөйлемде «қонақ» екенін аңғарамыз. Ал кідіріспен ажыратылып тұрған ырғақтың ішінде қаншама сөз болмасын олар бір әуенмен, бір деммен айтылғандықтан, олардың арасына жік салмай тіркестіріп көрсетіп айтқан дұрыс деп есептейміз. Сонда кідіріс арқылы ажыратылған ырғақтардың ішінде қаншама сөз болмасын, өзара дыбыстық құбылыстарға ұшырап орфоэпиялық жағынан тұлғаланып тұрады екен. Сонда орфоэпиялық нормалар сөз ағымындағы кідіріссіз іске аспайды екен. Әрине, мұндай жайттардың «Орфоэпиялық сөздіктерде» қамтылмайтыны белгілі. Сонда мәтіндегі орфоэпиялық нормалардың іске асу жазбасын, ережесін жасаудың қандай да бір жолдары бар ма деген заңды сауал туындайды.

Біздің ойымызға мәтінді екіге бөліп «өлең сөздің орфоэпиясы» және «қара сөздің орфоэпиясы» деп қарастырған жөн. Алдымен өлеңге тоқталайық. Қазіргі кезде тәжірибеде байқалып отырғандай біреулер өлеңді судыратып оқып шығады, біреулер сезімге беріліп оқиды, біреулер әр сөзден соң кідіріп кідіріс жасап оқиды, біреулер мәнерлеп оқиды, енді біреулер сөзбен сөздің арасына жік салмай сірестіріп оқиды. Әйтеуір қазіргі кезде кім болса да өлеңмен немесе мәтінмен жұмыс істегенде оны мәнерлеп оқып тұрмыз деп есептейді. Бірақ мәнерлеп, өлеңді нақышына келтіріп, орфоэпиялық нормаларды сақтап оқу дегеніміздің өзі не? Көпшілік мұның өзі белгілі бір заңдылықжүйесінен шығатынын және соған бағынары даусыз екенін іштей сезеді.

Мәнерлеп оқудың алғышарттарына тыныс белгілердің тек қағазда көрініс табуы ғана емес, солардың сөз ағымында да өз қызметін атқаруы, дауыс ырғағының өз орнымен көтерілуі не түсуі, қарқынның жылдамдауы не баяулауы, фонетикалық заңдылықтардың, орфоэпиялық нормалардың және тағы да сол секілді біршама заңдардың сақталуы жатуы тиіс. Осы тұрғыда «Қазақ грамматикасы» «Сөйлеу тіліндегі интонацияның жазба мәтінде көрініс табуы табиғи нәрсе және жазылған мәтінді мазмұнына қарай дұрыстап, мәнерлеп оқу да оның интонациясына байланысты. Егер оның интонациясын өзгертіп, яғни қатар тұрған сөздердің ырғақтық топтасуын, сонымен байланысты паузасын жылжытса, оның стилистикалық реңі ғана емес, сөздердің грамматикалық мағынасы да өзгеріп кетуі мүмкін» [1,105] деп ескертеді.

Сөз бен сөйлемдердің, сонымен бірге өлеңді бунаққа, ырғаққа, кідіріске  ажырату үшін фонетикалық дыбыстық сараптау бағдарламасы Praat-ты қолдануға болады [2]. Тегін таратылатын бағдарлама Windows операциялық жүйесінде оңай жұмыс жасайды және бағдарламаның тәжірибелік мақсаттарды шешудегі мүмкіндігі мол. Тек компьютерде отырған адамға дауысты жазып алатын микрофон мен дауыс зорайтқыш болса жеткілікті.

  Енді жоғарыда сөз етілген дыбыстық сараптау құралдарының тілдегі көрінісін Абайдың көркем оқылған өлеңінен үзінді алып бағдарламаның көмегімен кешенді түрде талдауға болады. Ал алынған нәтижелерді қазіргі қазақ тілінің фонетикасы мен интонологиясында пайдаланып жүрген шартты белгілермен өрнектеп, өлең шумағының толық транскрипциясын жасап көрейік:

Жазылуы:

Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға.

Жақсы ат пен тату жолдас - бір ғанибет,

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

Айтылуы (талдау жұмысы оңай болуы үшін әрбір тармақты жеке-жеке сараптаудан өткіздік):

   // Қ а нс о н а р да  //  бүр - күт  -  чү  //  ш ы ғ а д а ң ғ а //

//Тас - тан  түл - кү  //  та – былар  //  аң  -  дығаңға//

  Жақ - сат пен  //   та - тұу  жолдас   // –  бір ғаныйбет

//Ыңғайлы   //  ық  -  шам гійім   //  аңшадамға//

  Сараптаудан байқағанымыздай, өлеңнің әрбір тармағы үш бунақтан тұратынын ажырату қиын емес. Дыбыстық сараптаудың құралы көрсетуінше кідіріс болған тұста дыбыстық белсенділіктің бәсеңдеуін байқауға болады. Оны мәтіндегі көлбей тік тұрған қос сызықтардың көмегімен өрнектеп көрсетіп тұрмыз. Ал бір бунаққа біріккен ырғақтар ішінде фонетикалық белсенділіктің артқанын, өрістегенін анық көрінеді. Оны мәтіндегі орфоэпиялық нормаларға бағынған бунақтардың айтылуынан байқаймыз.

Ал осы өлең шумағын қазіргі дыбыстық жүйеде қолданылып жүрген шартты белгілердің көмегімен[3;3] толық транскрипция жасап көрейік. Сонда:

Қансонарда4 // бүркүтчү3 // шығад¢Çаңға4/// (11)

ТастанÇтүлкү4 // табылар3// аңдығаң8ға4///(11)

Жақс¢ÇатÇпен3 // татұуÇжолдас4 // бірÇғаныйбет3///(11)

Ыңғайлы3 // ықшам9гійім4 // аңш¢Çадамға4///(11)

Әрине, өлең тармақтары орфоэпиялық нормаларды сақтап айтылған және жазылған. Өлшемі 11 буынды қара өлең ұйқасына құрылған. Әрбір жорғақта (А.Байтұрсынұлы), қазіргі айтуымызша бунақта ерін үндестігі, ықпал және үнем заңдылықтары жүзеге асқан.  Мұндағы әр өлшемнің және шартты белгілердің қолданылу ерекшелігі өлең құрылысы мен мазмұнын белгілейтіндігі анық. Яғни үйлесімділік деген қатаң заңдылыққа бағынып тұрғанын көреміз.

Өлең сөздерде бунақ басты меже болса, сөз ағымындағы мәтіндегі басты көрсеткіш сөздің мағыналық бөлшегін құрайтын ырғақтық топтар болып шығады.  Мысалы, Ауылдан келген Асан қалаға келгеннен бері көп қызыққа, көп қиындыққа тап болды – деген сөйлемді айтылуы бойынша өрнектесек: АуылдаңгелгенАсан // қалағагелгеннембері // көпқыйындыққа // көпқызыққа // тапполдұ болып шығады. Осы сөйлемнің 5 ырғақтық топпен айтылатынын, жазылуымен салыстырғанда 6 фонетикалық құбылыс іске асатынын аңғару қиын емес.

Енді бір сөйлемді (лебізді) жоғарыдай сараптау бағдарламасынан өткізіп көрейік.

Мысалы:

Сенің   айтып  отырғаның  –  қай  қазақ?

(Сенің   айтыб  отұрғаның     қай  ғазақ)

Берілген сөйлемнің екі ырғақтық топтан тұратыны және фонетикалық құбылыстар арқылы іске асатын орфоэпиялық нормалардың тек ырғақ ішінде болатынын көреміз. Сөйтіп әдетте тек құлаққа естілетін, бірақ көзге көрінбейтін дыбыстардың заңдылығын осы бір ақпараттық технология арқылы қолмен ұстағандай етіп түсіндіруге болады екен. Бұл шәкірттердің зор қызығушылығын туғызып қана қоймай, олардың зерттеушілік қабілеттерін де дамытатыны анық деп айта аламыз.

Белгілі бір мәселені оқытып меңгертуде мына мәселелер қамтылатыны белгілі: 1) мақсаттары (не үшін оқыту керек?); 2) мазмұны (нені оқыту керек?); 3) ұйымдастырылуы (қалай оқыту керек?); 4) құралдары (ненің көмегімен оқыту керек?); 5) оқыту кезінде білім алушының білімді меңгеру деңгейі, ақыл-ойының дамуы мен тәрбиеленуі арасындағы ұштастық мәселелері. Біздің көздеген мақсатымыз осы аталған шарттарға ІT-технология арқылы жаңадан жол ашу болып табылады.

1. Қазақ грамматикасы. –Астана, 2002. –784 б.

2. http://www.praat.org

3. Қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы. –Арыс, 2004. –200 б.