§30.Кейбір сөздердің дыбыстық екі вариантының қатар айтыла беруі әдеби тіліміздің орфоэпиясына қайшы келмейді. Бірақ мұндай сөздер онша көп емес. Мысалы: мұның – бұның, мұнда – бұнда, шейін – дейін, нажағай – найзағай, уану – жұбану, разы – риза, жаздың күні – жаздыгүні. Бұл сөздердің варианттылығының басты себебі орфоэпияға байланысты емес, өзгеде.

Сол сияқты шайтан – сайтан, үкімет – өкімет, айқай – айғай, құдай – құдая, заман – замана, ашық – ғашық сияқты бірқатар сөздер де екі вариантта қолданылады. Бұлардың орфоэпиясы жазылған түрінде болуы керек. Өйткені бұл сөздерді екі түрлі етіп қолдануда қазіргі тіліміз белгілі бір мақсатты көздейді. Мысалы, өкімет пен үкімет (екеуінің түбірі – бір сөз) деген сөздердің алғашқысы “государство” дегеннің баламасы ретінде қалыптасты; шайтан ~ сайтан сөздерін ақын-жазушылар көбінесе стильдік мақсатта ажыратып қолданады: шайтаны “кәдімгі жын-шайтанды” білдірсе, сайтаны көбінесе “өжет, өзгені билеп алатын сиқыр қылықты” деген жақсы мәнде жұмсалады. Мысалы, Жұбан Молдағалиевтің мына жолдарына назар аударыңыз, мұнда сайтан сөзі “жын-шайтан” мәнінде емес, жақсы мәнде:

Мен қазақпын, қара көз сайтанқызбын,

Сөйлей қалсам, тілімнен бал тамғыздым.

Сүйе қалсам, өмірдей өле сүйдім,

Қас батырмен айқасқам балтам жүзін.

Ашық (асық) – ғашық, құдай – құдая, заман – замана сияқты параллельдерді ақындар буын санының артық-кемі қажет болған сәттерде кезек таңдап қолдана береді. Олар сол қолданылған түрінде айтылады (дыбысталады). Мысалы, Абай:

Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,

Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да, –

дегенінде асық вариантын алады, өйткені дауыстыдан басталған асық сөзі алдындағы сөздің соңғы буынымен кірігіп, сор-ла-сық түрінде үш буын құрайды, егер ғашық вариантын алса сор-лы ға-шық болып 4 буын болып кетер еді де, 11 буынды тармақтың өлең өлшемі дұрыс шықпас еді. Ал өзге сәттерде Абай “ғашықтың тілі – тілсіз тіл” немесе “сен шошыдың ғашығыңнан” деп ғашық вариантын жұмсайды. Міне, бұл тәрізді бір сөздің белгілі бір мақсатпен әдейі қолданылған екі вариантының екеуі де әдеби нормаға жататындықтан, олардың айтылуы да екі түрлі (яғни қалай берілсе, сол түрінде) болуы керек.

§31. Бір сөздің екі түрлі дыбысталып айтылатындарының ішінде жергілікті ерекшеліктеріне (диалектизмдерге) қатыстыларын жоғарғы көрсетілген вариантты сөздермен шатастырмау керек. Яғни көптеген сөздердің әр жерде әр түрлі дыбыстық өзгерісі болғанмен, әдеби тілдегі түрінше айту – орфоэпиялық норма болады. Мысалы: маңдай – маңлай, шаңырақ – шаңғырақ, киіз – кигіз, ие – еге (үйдің иесі), шатақ – чатақ, сияқты – сиықты, аула – әулі, жоңышқа – жоңырышқа, қабырға – қабыртқа, жоқ – джоқ, масқара – машқара, бес тиын – беш тиын, ас пісті – ас пысты, мысық – мышық, балалар – баладар сияқты параллель сөздердің алдыңғы сыңарлары әдеби норма да, екіншілері – жергілікті (диалектілік) варианттары. Бұлардың айтылуында әдеби нормадағы тұлғасын ұстау қажет. Олай дейтін себебіміз – кейде автордың не кітап, журнал шығарушылардың салақтығынан я болмаса білместігінен кейбір сөздердің әдеби варианты емес, жергілікті қолданыстағы тұлғасы жазылып кетеді. Мұндайда сөзді түзетіп оқыған (айтқан) абзал. Ал пьесаларда немесе фельетон, сықақ әңгімелерде автор сөздің жергілікті не қарапайым сөйлеу тіліндегі варианттарын әдейі берсе, оларды, әрине, сол берілген тұлғасында айту (оқу) керек екендігі белгілі.

§32. Қазақ тілінде одағай сөздер де дыбыстық, тұлғалық варианттары бар сөздер тобына жатады. Бірақ бұлардың барлығында қалай берілсе (жазылса), солай айтуға (оқуға) болады. Мысалы: япырау – япырмау – ойпырмау – ойпырмай – ойпырым; ойбой – ойбай, ах – аһ – еһ – ех, аһ-аһ – еһ-еһ, аха-қа – еһе-һе, уа -уау -уай, па – паһ, бәлі – пәләй, әй – ей, астапыралла – астағыпыралла т.б.

Жалпы одағай дегендер – дыбысталуы жағынан өте құбылмалы тұлғалар. Сондықтан жазушы өзінің қалауынша бір одағайды бірнеше түрлі құбылтып, қатарлап, дыбыстарын созып бере береді. Мысалы: Ә-ә, солай де! Ой-қой, дүние-ай! Бәрекелді-і, жігіт-ақ екен! Паһ- паһ-паһ, мына сұлудың кербезін-ай! Осы сөйлемдерді: Е, солай-де! Ой, дүние-ай! Бәрекелді, жігіт-ақ екен! Паһ, мына сұлудың кербезін-ай! деп те беруі мүмкін.

Одағайлар адамның түрлі сезім дүниесін білдіретін ишараттар болғандықтан, актер немесе фельетон оқушы пьесалардағы, сықақ- фельетондардағы одағайларды өзгертіп, бірінің орнына екіншісін айтпағанмен, образдың ыңғайына қарай, дыбыстарын созып немесе келте қайырып, бір одағайды екі-үш рет қайталап немесе бір-ақ рет айтып дегендей, құбылтуына болады. Мысалы, пьесадағы ситуацияға қарай: жә, болды! түрінде де,жә-жә-жә, болды! түрінде де айтылуы мүмкін. Алғашқысында өктем бұйырып, тұжыртып тастау реңкі болса, одағайды екі-үш қайталап айтуда сәл өзгеше реңк пайда болады.

§33. Кейбір етістіктердің толық және ықшам варианттары, сондай-ақ олардың қосымшалы, шылаулы қолданыстарының да түрлері жарыса келе береді. Олар сол қолданылған түрінде, ықшам да, толық та айтылады. Мысалы, келіп қалды, болып отыр деген тұлғалар кеп қалды, боп отыр түрінде келуі мүмкін.

Сондай-ақ барамын, келемін, айтамын деген тұлғалар барам, келем, айтам түрінде айтыла береді. Барғаннан соң, келгеннен соң деген тұлғалар қысқарып, барған соң, келген соң түрінде, тіпті одан ары ықшамдалып, барғасын, келгесін түрінде де айтылуы жиі ұшырайды. Немесе барғанмын, келгенмін дегендерді ақын, жазушы не драматург барғамын, келгемін тұлғасында қолдануы да әбден ықтимал. Едім, едің деген етістік тұлғалары ем, ең түрінде, бармаймын, алмаймын деген тұлғалар барман, алман түрінде ықшамдалып келе береді. Ықшам тұлғалар әсіресе поэзияда көбірек ұшырасады. Мұндайда тұлғалар қалай берілсе (ықшам не толық), солай айту керек. Кеп, барам, барғасын, барғамын деп жазылғанды келіп, барамын, барғаннан соң, барғанмын деп айтуға (оқуға) болмайды немесе керісінше: толық түрінде беріліп тұрса, оны қысқартып айтуға болмайды.

Осы ережеге байланысты сөздерді тауып, мына үзінді шумақтарды дұрыс оқып (айтып) көріңдер.

Талай сөз бұдан бұрын көп айтқамын,

Түбін ойлап уайым жеп айтқамын.

Ақылдылар арланып, ұялған соң,

Ойланып, түзеле ме деп айтқамын.(Абай)

Сен үшін әлі босқа жанам, күйем,

Көңіліңе қайырым салсын мейірімді ием,

Өзің біл танам десең уағдадан,

Өмірімше ұмытпаймын, мен шын сүйем.(Бернияз Күлеев)

Сенің алма бағыңа

Шыбық шаншып кетіп ем.

Алдағы өмір бағына

Соны белгі етіп ем.

Келдім қайтып майданнан,

Таптым іздеп сені алғаш.

Сол шыбықтан жайқалған

Өсіпті бір алма ағаш.

Тұр жайқалып бағыңда,

Қызығамын, тамсанам.

Өзің де бұл шағыңда

Кем емессің дәл сонан.

Неткен жақсы жер еді

Жас шыбығым жайқалған!

Бір сөз айтқым келеді,

Тіл жетпейді, айта алман.(Қасым Аманжолов)

Ей, халайық, барым ең сен,

Зарыңа зар қосып ем.

Жатың емес, досың ем мен,

Дос бейілін тосып ем!

Бауырым жара, сөзім нала,

Дертпен келем мен бүгін.

Аямас жау мені айнала

Салды салмақ сұмдығын!

Алдыңа кеп жар саламын,

Тап жауымды жабылып.

Өш аламын, өш аламын

Қанды кекті жамылып!(Мұхтар Әуезов)

§34. Әдетте грамматикалық норма бойынша етістіктің ауыспалы шағының ІІІ жақтағы жалғауы -ды/-ді түрінде келеді. Өлең тілінде, кейде қара сөзде де өлең өлшемі, ұйқасы сияқты шарттарға орай бұл жалғау ықшамдалып, жалаң -д түрінде қолданылуы мүмкін. Мұндай тұлғалар тіпті т дыбысымен де айтылады. Мысалы, Әсет ақынның “Iнжу-маржан” деген өлеңінің бірінші шумағы:

Әуелетіп ән салса әнші Әсет,

Аққуменен аспанда жер тілдесет.

Дауылдатып тұнықтан шыққан даусы

Жүрегінен күңіреніп желдей есет, –

деп келеді. Мұндағы етістіктер әрі ұйқас үшін (бірінші жолдағы Әсет сөзімен ұйқасу үшін), әрі өлшем үшін (өлең жолдары 11 буыннан аспауы керек) тілдесед, есед (тілдеседі, еседі деудің орнына) болып қолданылып тұр.

Екінші мысалға “Ақан сері-Ақтоқты” драмасынан Ақтоқтының сөзін алуға болады:

Саған көнсем, сүйгенім бе ед?

Көңілім құлағанын қашан көріп ең?

Ақаннан безсем, шыным ба еді?.

Жүрегімді жерге төсеп,

Әрең айтпап па ем “ие” деп?

Ақан жаққан от бар да,

Сен қатырған мұз бар...

Отым қашан сөніп ед,

Мұзым қашан еріп ед!...

Осы жолдардың дұрыс айтылуы:

Сағаң көнсөм / сүйгөнүмбет /

Көңүлүм / құлағанын / қашаң гөрүбең //

Ақаннанбессем / шынымбет//

Жүрөгүмді / жергетөсеп /

Әрең / айтпаппем / иедеп /

Ақан жаққан / отбарда /

Сеңғатырған / мұзбар /

Отұмғашан / сөнүбет /

Мұзұмғашан / ерібет //

§35. Қазақ тіліне өзге тілдерден енген сөздердің дұрыс айтылуы жөнінде мына жайттарды ескерген жөн:

1) Қазақ тіліне енген араб, парсы сөздері сол тілдердің дыбысталуын сақтамай, “қазақшаланған”, яғни қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне бейімделіп қалыптасқан тұлғада айтылады. Олардың кейбіреулерінің күні бүгінге дейін бір тұлғада орнықпай, екі-үш түрлі болып айтылып (және жазылып) жүргені байқалады. Мысалы: үрдің қызы – хордың қызы – һүрдің қызы; ыждағат – еждиғат, бихабар – бейхабар; үкімет – өкімет, ақиқат – хақиқат, есеп – қисап, уәде – уағда; шәр – шаһар; әрдайым – әрдәйім, мәлімет – мағлұмат, мақұлық – мақлұқ, мәліғұн – мәлғұн, несіп – нәсіп т.т. Бұндай жарыспалы тұлғалардың бірсыпырасы “бас-басына отау тігіп”, екеуі екі мағынадағы сөздің баламасы ретінде қолданылып жүр. Мысалы: үкімет – “правительство”, өкімет – “власть”, мәлімет – “сообщение, справка”, мағлұмат – “сведение”, есеп – “счет”, қисапсыз, қисабы жоқ дегендерде қисап тұлғасы “өте көп, мол” дегенді білдіреді. Ал енді бірқатарының бір ғана тұлғасы орфографиялық және өзге де сөздіктерде әдеби норма ретінде ұсынылып жүр. Мысалы, болымсыздықты білдіретін бей- (би-) элементімен келген сөздерді бей-мен жазуды (және айтуды) жөн деп табамыз: бейкүнә, беймаза, бейтарап, бейуақ, беймезгіл т.т. Сол сияқты мақлұқ ~ мақұлық, мәлғұн ~ мәліғұн, мәкрүк ~ мәкүрік деген параллельдердің екі буынды тұлғасы (мақлұқ, мәлғұн, мәкрүк) әдеби норма деп ұсынылады. Бірақ айтуда бұларды мақұлұқ, мәліғұн, мәкүрүк деп үш буынды етіп айту керек. Әрдайым, тәкаппар, дүдамал сияқты 2-3 буындары жуан жазылатын араб, парсы сөздерін де айтуда алғашқы жіңішке буынның әуенімен тәкәппар, әрдәйім, дүдәмал деп айту керек болады.

2) Орыс тілінен енген орыс сөздері мен интернационалдық сөздер, негізінен, орыс тіліндегі дыбысталуынша айтылу дағдыға айналды, яғни сөздің орыс тілінде айтылудағы екпін тұрған орнын сақтап, қазақ тілінде жоқ в, ч, щ, ц, э сияқты дыбыстарын сақтап айтылады. Мысалы: вице-президент (битсе емес), республика (респөблике емес), парламент (пәрламент емес), экономика (економике емес). Тек, ертеректе еніп, “қазақша” қалыптасқан самауыр, қамыт, доға, жәшік, сіреңке (сырянка), білте (фитиль), пәтер (квартира) сияқты сөздер ғана сол қалыптасқан тұлғасында айтылады. Кейінгі дәуірде енген сөздерден газет (газета-ның орнына), цифр (орысша цифра дегеннің орнына), минут (минута-ның орнына) сияқты 5-10 сөздің соңғы дауысты дыбысы түсіріліп қолданылады (солай айтылады әрі жазылады).

§36.Кейбір дыбыстарды дұрыс айту жөнінде мына жайттарға көңіл аудару кажет:

1) Қазақ сөздерінің басында келген е дыбысы йе түрінде айтылады. Мысалы, ер, елек, екі, ет деген сөздердің дұрыс айтылуы: йер, йелек, йекі, йет. Әрине, бұл жерде й (йот) дыбысы толық и түрінде емес, “жартылай” (болар-болмас) естілуге тиіс. Егер бұл сөздерді йот элементінсіз айтсақ, эр, элек, экі, эт түрінде айтылар еді. Бұл заңдылықты анығырақ байқау үшін орыс тіліндегі ель (ағаш) сөзі мен қазақша ел (жұрт) сөзіндегі е дыбысының айтылуына назар аударыңыз: орыс сөзі эль түрінде, қазақ сөзі йел түрінде дыбысталады.

2) Сөз басында келген о, ө дыбыстарының алдынан да у дыбысының элементі естіледі: уотан (жазылуы: отан), уорақ (орақ), уөрүк (өрік). Бұл жердегі у да толық емес, “сәл-пәл” айтылуы керек.

3) Сөз басында келген р, л дыбыстарының алдынан ы, і, ұ, ү (сөздің жуан-жіңішкелігіне қарап) дыбыстары қосылып айтылады. Жазуда ы, і әріптері жазылмайды. Мысалы:

жазылуы:

рет

рас

рай

ру

рұқсат

леген

лаж

лақ

лайық

айтылуы:

ірет

ырас

ырай

ұрұу

ұрұқсат

ілеген

ылаж

ылақ

ылайық

4) Қазақтың төл сөздерінде ч, дж дыбыстары айтылмайды. Қазақстанның кейбір өлкелерінде жергілікті ерекшелікке байланысты ауызекі сөйлеу тілінде ш, ж дыбыстары келетін сөздерді ч, дж дыбыстарымен айту дәстүрі бар. Мысалы: чатақ, чырақ, малчы, джақсы, джоқ. Бірақ әдеби тіліміздің орфоэпиялық нормасы бойынша, қазақ сөздерін тек ш, ж дыбыстарымен айту керек болады. Ескертетін нәрсе дыбыс жүйесін зерттеушілер ж дыбысының қазақ сөздерінде, әсіресе сөз басында айтылуына сәл-сәл “д” элементі қатысатынын айтады.

5) X әрпімен жазылатын араб, парсы сөздерінде ауызекі тілде бұл дыбыс қазақша қ дыбысына жуықтаңқырап айтылады. Мысалы: қабар (хабар дегеннен гөрі), қат (хат дегеннен гөрі), Ақымет (Ахмет дегеннен гөрі), Қадыйша (Хадиша дегеннен гөрі), тарыйқ (тарих дегеннен гөрі), қалық (халық дегеннен гөрі).

6) һ әрпі жазылған сөздерде осы дыбыстың өзінің айтылуын сақтау қажет. Мысалы: гәуһар (гәуқар емес), қаһарман (қахарман емес), жиһан (жиқан немесе жихан емес), аһ-аһ, еһе.

7) Екі дауыстының ортасында келген б дыбысы қазақ сөздерінде жеке тұрғандағы айтылуынан сәл өзгешелеу болып естіледі. Мысалы, Абай, таба, көбелек сөздеріндегі б дыбысын айтқанда, екі ерін бір-біріне тиіп қатты жуыспайды (осы дыбысты жеке айтқандағыдай немесе орысша дыбыстағандай). Мұны байқау үшін Абай деген сөзді орысша (орыс тілінде сөйлеп тұрғандай) және қазақша айтып көріңдер. Не болмаса баба деген орыс сөзі мен баба (“ата” мағынасындағы) деген қазақ сөзін айтып, екінші буындағы б дыбысының естілуіндегі (айтылуындағы) айырмашылығына назар аударыңдар.

Орыс тілін жақсы білетін қазіргі жастардың қазақша сөйлеу тәжірибесінде қазақ сөздеріндегі б дыбысын орыс тіліндегідей етіп, екі ерінді бір-біріне қатты жабыстырып айтушылық байқалады. Бұл қазақ тілінің орфоэпиялық нормасына қайшы келеді.

8) Қазақ фамилияларында келетін в дыбысын ф деп, ал, -ев, -ов жұрнағын -ыф, -іф, -ева, -ова жұрнағын -ыва, -іва деп айтқан жөн. Мысалы: Кұнанбайыф, Ілекеріф, Құнанбайыва, Ілекеріва, Шәрійпыф. Өзге ұлт өкілдерінің аты-жөндерін жазылған түріне жуықтау етіп айтқан абзал. Өйткені қазақша Болат болып келетін жалқы есім өзбекше Пулат, Пулад деп берілсе, оны қазақшаламаған жен. Ал орыс адамдарының аты-жөндерін орыс тіліндегіше дыбыстау керек. Мысалы: Николай (жазылуынша Николай емес), Канстантин (Константин емес), Лэф Талстой.

Шетелдік адамдардың аты-жөндері мен қазақша жер-су аттарынан өзге географиялық атаулар негізінен орыс тіліндегі айтылуынша дыбысталғаны жөн. Мысалы: Вильям Шекспир, Моцарт, Лондон. Олардың ішінде тілімізге ертеден еніп, қазақша қалыптасқандарын сол дәстүрлі түрінде айту қажет. Мысалы: Қырым (Крым емес), Мысыр (Миср емес), Бағдат (Багдад емес).

Рәбиға Сыздық. Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы). Астана: Елорда, 2000, - 532 б. ISBN: 9965-06-023-1