Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде біраз даулы проблемаларды шешу керек. Мысалы, интерсөздерді төл дыбыстар арқылы қалай таңбалаймыз? Қазақ тілінің төл дыбстарына в, ф, х, и, у жатпайды. Бірақ қазіргі кезде осы дыбыстар қазақ тілінде жиі қолданады. Көршілес елдермен рухани, мәдени, тарихи байланыстар нәтижесінде аталмыш дыбыстар тілімізге кірме сөздер арқылы енді. Қазақ тіліндегі интерсөздердің қолданылуы жаңа затқа, жаңа ұғымға, жаңа құбылысқа байланысты. Қоғам өмірінің түрлі салаларын қамтитын жүздеген атаулар келді. Қазақ тіл білімінде терминдерді қалыптастыру, қазақ тілінің фонологиялық заңдылықтарына икемдеу, ана тілінің дыбыстық заңдылықтарын сақтау деген ұстаным бар екені белгілі. Интерсөздерді латын графикасымен таңбалауда осы қағидаларды мейлінше сақтау керек. Мысалы, қазіргі таңда біз Ресей, Еуропа, тауар, үстел, жәрменке, кәмпит, бәтеңке, резеңке деп кірме сөздерді қазақ тіліне икемдеп айтамыз да, жазамызда. Бірақ бұл сөздердің көбісі бұрыннан қалыптасқан. Ал кейбір кірме сөздерді игеріп, қазақ тіліне икемделі «сындырып» айту мен жазу оңайға түспейді. Осыған орай соңғы кезде латынға көшумен байланысты кірме сөздерді таңбалауда бірнеше көз қарас бар.

Кейбір ғалымдар кірме сөздер арқылы келген кірме дыбыстарды мүлде таңба-лағысы келмейді. Олар ана тілімізге бөтен, жат, сондықтан ол сөздерді тек төл дыбыстар арқылы жазамыз дейді. Сонда филологияны – пійләлөгүйе, латын графикасымен piylälögüye; биологияны – бійәлөгүйе, латын графикасымен – biylä- lögüye; университет – үунійверсіитет – üwniyversiytet; институт – ійнстійтүут – iynstiytuwt; автор – аптор – aptor; академик – әкәдемійк – äkädemiyk; магистратура – магыйстратүура – magıistratuwra т.б. Мұндай жазу мен айту көпшілікке жабайы, сауатсыз адамның сөзі сияқты көрінеді және сөздер ұзын, ұғуға өте қолайсыз болып тұр. Сондықтан мұндай жазуды жас және орташа ұрпақ, әрине, қолдамайды. Бұл жазу пуристік ағымына сәйкес келеді.

Белгілі бір тілде қандай деңгейде және құрамы жағынан қанша дыбыстар бірлігі қолданылатынын анықтау үшін алдымен екі мәселені шешіп алу керек: 1) сөйлеу сөзін минималды дыбыстық кесіктерге, яғни жеке дыбыстарға бөлу; 2) қандай дыбыстар бірдей, ал қандай дыбыстар бірдей емес, басқаша деп қарастыруды анықтау. Тілдердің мұндай механизмін, яғни бір сызықтағы, бір желідегі сөйлеу сөзінің сегменттерін теңдестіріп бөліп қарауды алғаш рет 1912 жылы Л.В.Щерба ашқан болатын.

Қазақ тілінде дауыстылар жуан-жіңішке болып, екі топқа бөлінетіні белгілі. Дауыстылардың осындай бөлінуінің фонологиялық мәні бар. Қазақ тілінде еркін сөйлей алатын қазақтар, үндестік заңы бойынша, дауыстылардың қай сөзде жуан, ал қай сөзде жіңішке екендігін бірден ажыратады. Дауыстылардың жуан-жіңішке оппозициясының дауыссыз дыбыстардың комбинаторлық варианттарында болуы қоршап тұрған дауыстыларға байланысты. Айталық, дауыссыз фонемалар жіңішке дауыстылардың қасында палатализацияланады, мысалы: жон-жөн [žon - ž›ön›], сыз-сіз [syz – s›iz›], тан-тән [tan – t›än›]. Орыс тілін жетік білмейтін қазақтар жуан және жіңішке дыбыстар бар сөздерді айтқанда олардың акценті (интерференциялық қателер) білініп тұрады. Мысалы: слушать, дышать, падать, ходить деген сөздерде соңындағы жіңішке дауыссыздар жуан болып естіледі, себебі қазақ тілінде үндестік заңы бойынша, барлық сөздер я жуан, я жіңішке болып айтылатыны белгілі.

Морфологиялық, яғни лингвистикалық мазмұн сипаттамасы, біріншіден, ең маңызды мәселені шешуге мүмкіндік береді. Ол сөйлеудегі сөздердің толассыз тасқынының жалаң (жалғыз) сөздерін де, оның тізбек кескіндерін (отрезки) де, әртүрлі байланыста тұрған құрылымдарын да ажыратып бөліп алуға мүмкіндік береді. Ал сол бөлініп алынған сөздердің өзара айырмашылығын білу үшін оларды салыстырып қарастыру керек. Мысалы an, än, un, ün деген сөздердің соңындағы дауыссыз фонема «n» сөйлемдерде әртүрлі дыбысталатынын, яғни әртүрлі естілетінін анықтау қиын емес: бұл дауыссыз дауыстылардың ықпалымен жуан-езулік, жіңішке-езулік, жуан-еріндік, жіңішке-еріндік болып тұрады. Әдетте мұндай айырмашылықтар «байқалмайды». Себебі ол айырмашылықтар «n»-ның қасында тұрған түрлі дауыстылардың ерекшеліктерінің әсерінен болғандықтан. Көрші дыбыстар өзара бір-біріне әсер етеді десек, дауыссыздардың ықпалымен дауыстылардың да өздерінің сапасы мен бейнесі өзгереді: bal - šaj. Дыбыстың сапасы оның фонетикалық жағдайына ғана байланысты емес, ол бір морфемада тұрып, фонетикалық жағдайы өзгергенімен, автоматты түрде (автоматически) бірінің орнына бірі жүре береді, мысалы, kel, ket, keldim деген сөздердің бәрінде фонема «е» түбірге қатысты (бір түбірлі, туысты сөздер), немесе Ermek, kutkenše, qajtkende деген сөздерде фонема «е» сөздің басында, ортасында, соңында орналасып тұр. Сондықтан сөйлеушілер келтірілген сөздерге қарап, оларды абстрактыландырып, «е» дауысты дыбысты бірлік, бір фонема деп қарайды.

Дыбыстардың фонема деңгейінде жұмсалуы, яғни фонологизациялануы тілдің даму барысында конвергентті-дивергентті құбылыстар арқылы жүзеге асып, оның жалғамалық (агглютинативтік) құрылысымен, үндестік заңымен тығыз байланысты. Қазақ тілінің фонемалары ұзақ жылдар бойы қалыптасып, айырым белгілері сұрыпталып, әртүрлі аллофондарда іске асырылатын функционалдық ең шағын лингвистикалық бірлікке айналған. Тілдегі жаңа фонемалардың пайда болуы адамның ойлау процесінің дамуы мен тілдің жаңа ұғымдарымен және кірме лексикасының баюымен байланысты.

Қазақ тілінің төл фонетикалық жүйесіне кірмейтін орыс тілі арқылы грек, латын тілдерінен келген халықаралық сөздерде кездесетін «ф» фонемасы сол орыс тілінің өзінде де көпке дейін қабылданбай, бөтен, жат дыбыс болып келген. Сондықтан «ф» фонемасынан басталатын сөздер орыс тілінде мүлде аз, бірнеше сөздер фабрика, фирма, фильм дегендер еуропа тілдерінен келген. Орыстың кейбір деревнялық говорларында [ц, ч] аффрикаттарының орнына [с, ш] дауыссыздары айтылады: птица, курица, конец деудің орнына птиса, куриса, конес десе, чай, чисто, ночь дегенді шай, шисто, ношь дейді, себебі аффрикаттар төл славян тілінде қолданылмаған және «в» ~ «ф»; «с» ~ «ц»; «ч» ~ «ш» деген фонологиялық оппозициялар болмаған, олар фонологизация құбылысының нәтижесінде орыс тілінің фонетикалық жүйесіне кейінірек енген.

Қазіргі кезде дамыған еуропа тілдерінде фонемалардың саны аз емес, мысалы, латын алфавитінде 26 әріп бар, ал фонемалардың саны оған қарағанда әлде қайда көп: ағылшын тілінде 44, француз тілінде 35, неміс тілінде 42, итальян тілінде 32. Себебі латын әліпбиі көне замандардан келе жатыр, содан бері фонологизациялану процесіне байланысты барлық тілдердегі фонемалар саны өскен. Батыс Римдік империясы ыдырағаннан кейін 476 ж. жаңа «жабайы» мемлекеттер пайда болды және жаңа феодальдық мәдениет қалыптасты. Бұл мәдениет Батыс Еуропаның көне христиандық-феодальды элементтерімен қатар халық мәдениеттің де элементтерін қамтиды. Сондықтан жазудың дамуында да жалпы тенденциялармен сол аумақтың ерекшеліктері байқалады.

Ерте феодализмнің кезеңіндегі мәдениеттің ең басты ерекшелігі – өмірдің барлық салаларында латын тілі жазуының басымдылығы. Кейбір герман және ирлан халықтарында руникалық жазудың сақталғанның ескерсек, және аз мерзімінде өмір сүрген гот және грек жазулармен Батыс Европада латын тілі және латын жазудың жүйесі қалыптапсқан.

Бұл процесс Римдік империя кезінде басталып, ерте феодализмнің уақытында, Европа халықтарының христианство дінін қабылдағанда жалғасқан. Сол уақытта латын тілі батыс еуропа шіркеуінің ресми тіліне айналып, ортағасыр ғылым мен мектеп білімі де латын жазуына негізделіп дамиды. Сонымен Батыс Европа халықтарының латын жазуына негізделген әліпби жүйелері ерте феодализм кезеңінде дамып өркендеген феодализм кезеңінде қалыптасады. Алғашқы жазу мәтіндердің жаңа еуропа тілдерінде пайда болуы көне латын тілін білмейтін қалың оқырманға негізгі мемлекеттік құжаттардан мәліметтер берудің қажеттілігімен байланысты. Бізге белгілі француз тілінде жазылған ескі құжаттардың ішіндегі ант мәтіні 842 жылы француз әміршілер әскер алдында оқыған.

Батыс еуропа тілдерінің әліпбиіндегі әріптердің саны 26 болса, шығыс еуропа тілдерінің әліпбилері шамамен 30-40 әріпті қамтиды. Тіл мен жазудың арасындағы үлкен алшақтық батыс европа халықтарының жазу жүйелерінде көптеген замандар бойы елеулі реформаның жасалмауынан болып отыр. Мысалы, француз, ағылшын жазуында 13 ғасырдан бері ірі өзгеріс болған емес. Ертерек қабылданып, елеулі өзгеріске түспеген жазу жүйелері сөйлеу тілінің ғасырлар бойы дамуын, ондағы өзгерістерді көрсете алмайды. Айтылуына жазылуы жақынырақ келетін тілдердің қатарына неміс, голланд, венгр, швед, норвеж тілдері жатады. Чех тілінде реформа жасаған тілші-реформатор Ян Гус, венгр тілінде Матьяш Деваи, норвеж тілінде Ивар Осен болған.

Латын графикасына негізделген шығыс еуропа тілдерінің жазуы модификацияланып, өздерінің спецификалық дыбыстарына сәйкес жаңа графемалармен толықты. Жаңа графемалар көбінесе диакритикалық таңбалар арқылы жасалды. Сондықтан шығыс еуропа тілдерінің әліпбиінде әріптердің саны көбірек. Демек, батыстан шығысқа қарай әріптердің саны көбейгені байқалады. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі 100 аса жоба қамтиды.

Кейбір ұсынылған жобаларда в және ф фонемалары қазақ тілінің төл фонетикалық жүйесінде болмағандықтан латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінде жоқ. Бұл фонемалар қосалқы әріптермен таңбаланады. Мысалы, фарфор – pharphor; вагон – bhagon, хабар – khabar. Дегенмен в, ф, х әріптерінің негізгі латын әліпбиінде баламалары бар: v, f, h. Және диграфтар жазудың негізгі үнемдеу принципіне қарсы. Сондықтан, біздің ойымызша, аталмыш дыбыстарды өздеріне сәйкес латын әріптерімен таңбалау керек. Кірме сөздерде кездесетін ц мен ч дауыссыздарын ts мен th тіркестерімен таңбалауға болады. Бұл тіркестер латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне кірмейді әрине, олар тек жазуда қолданылады.

И мен у әріп-дыбыстарға келетін болсақ, олар ый, ій, ұу, үу дыбыс тіркестерінен тұрады.

Сөздердің құрамында и мен у дифтонгоид дыбыстар болғанда біз ойланбай- ақ институт, университет, кино, магистратура, аспирантура, факултет, деп жазамыз, транскрипцияда олар былай жазылады ійнстійтүут, үунійверсійтет, кійно, магійстратұура, факүултет.

Орфографияның негізгі заңдылығы үнемдеу принципі: аз әріппен көп дыбыстарды қамту. Жастар мен орта буын осы принципті ұстанады, ал сексеннен асқан ақсақалдар бұрынғы латын әліпбиін пайдаланғандар транскрипциялық жазуды, яғни дыбыстардың бәрін белгілеуді алға тартады. Бұл әлеуметтік лингвистиканың факторы дау тудырып, сауатты жазуға әсер етеді. Бірнеше ұрпақ тұратын бір отбасының өзінде де кейде бірізділік болмайды. Сондықтан орфографияның концепциясын дайындағанда, ғылыми-лингвистикалық негіздемелермен қатар экстралингвистикалық, әлеуметтік факторларды да ескеру керек. Сонымен, орфографияның ережелерін жасағанда, жазу-оқудың сабақтастылығын, сәйкестілігін, оңайлығын, жеңілдігін, пара-парлығын сақтау қажет.