Кіріспе

Жаңа әліпбиге көшуге негізделген тілтанымдық реформаның қоғамды қамту ауқымы кең, бұл — жалпыхалықтық реформа. Себебі тілдің жазба коммуникациядағы қызметін осы тілде сөйлейтін барлық тілдік ұжым мүшелері қолданады, сонымен бірге тілдің жазбаша формасы оның мемлекеттік мәртебесін жүзеге асырудағы аса маңызды арна болып табылады. Осыларды ескере отырып, реформаның сәтті жүзеге асырылуы үшін қоғамның барлық әлеуметтік–мәдени топтарына түсінікті насихат, тартымды саясат жүргізілуі керек деп санаймыз.

«Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру қазақстандық қоғамның әлеуметтік, саяси және мәдени өмірдегі күрделі әрі бірқалыпты емес, оның әртүрлі жіктерінде қарама–қайшы реакциялар тудыратын үрдіс болатынын жоққа шығаруға болмайды. Осыған қарамастан, бұл үрдістің Қазақстанның орта және ұзақ мерзімдік болашақ дамуында позитивті мәні болатындығы еш күмән тудырмайды» [1: 228]. Сол себепті, түрлі әлеуметтік топтар арасындағы қарама–қайшы реакциялар, пікірлер, ұстанымдарды анықтап, солардың әсерінен туындайтын қауіптердің алдын алу маңызды.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Мемлекеттік тілді латынграфикалы ұлттық әліпбиге көшіруді қамтамасыз ететін жаңартылған нормативтік сөздіктер мен академиялық басылымдар сериясын әзірлеу» атты бағдарламалық–нысаналы зерттеуінің (ЖТН — OR11465483) бір міндеті жаңа ұлттық әліпбиге көшу реформасын әлеуметтік–тілтанымдық тұрғыда зерттеуге арналады. Осыған орай, жаңа ұлттық әліпбиге көшу реформасы әлеуметтік тілтанымдық тұрғыда екі бағытта қарастырылды: 1) латынграфикалы ұлттық әліпби негізінде қазақ тіліндегі коммуникация сапасы мен тиімділігін және тіл өміршеңдігін қамтамасыз ететін параметрлерді анықтау үшін зерттеу материалдары жинақталып, өңделді және сұрыпталды; 2) жаңа әліпби мен емле ережелерін енгізудің тиімді жолдарын, тетіктерін анықтау бойынша әлеуметтік тілтанымдық зерттеу жүргізілді.

Зерттеудің алғышарты ретінде төмендегі сұрақтар әлеуметтік–тілтанымдық тұрғыда қарастырылып, талқыланды:

  • Жаңа әліпби мен емле ережелерін енгізудегі әлеуметтік–лингвистикалық проблемалар қандай? Және оларды шешу жолдары қандай?
  • Жаңа әліпби мен емле ережелерін енгізудің тиімді жолдарын анықтау үшін әлеуметтік лингвистика тұрғысынан қандай зерттеулер жүргізуіміз керек?
  • Жаңа әліпби мен емле ережелерін енгізудің тиімді жолдарын анықтау үшін жүргізілетін әлеуметтік–лингвистикалық сауалнама/сұхбат сұрақтары қандай болуы тиіс?

Осы сұрақтарды көтеріп, талқылай отырып, расымен латыннегізді әліпбиге көшу барысында түрлі әлеуметтік–тілтанымдық проблемалардың туындайтынын анық байқадық. Соның ішінде, жаңа әліпбиге көшу кезеңінде әлеуметтік тілтаным мамандарының басты мақсаты — түрлі қауіптерді анықтап, олардың алдын алу іс–шаралары бойынша ұсыныс айту екені анықталды.

Әдеби сипаттама

 

Жаңа әліпби мен емле ережелерін енгізудегі негізгі қауіптер контент–талдау барысында анықталып отыр. Бұл қауіптер жазу реформасымен қатар, тілдің өміршеңдігіне тікелей қатысты. Осы орайда, жалпы тіл өміршеңдігіне қауіп төндіретін жағдаяттар туралы айтып өту керек деп есептейміз.

Әлеуметтік–лингвистикалық терминдер сөздігінде «тіл өміршеңдігі» терминіне мынадай анықтама берілген: «Тілдің өміршеңдігі (ағылш. vitality) — тілдің өмір сүруге, дамуға қабілеттілігі, тілдің тұрақтылығы, «тірі қалуға» ұмтылысының жоғарылығы» [2: 298–299]. Және тілдің бұл қасиеті бірнеше параметр бойынша анықталады: әлеуметтік–саяси параметр, әлеуметтік–демографиялық параметр, лингвистикалық параметр, әлеуметтік–функционалдық параметр, ұлттық–мәдени параметр. Түйіндеп айтқанда, тіл өміршеңдігі қалыпты болып, оған ешқандай қауіп төнбеуі үшін аталмыш параметрлер тұрақты түрде нығая беруі тиіс. Ол үшін тілдің мәртебесі заңмен белгіленіп, оның дамуына, корпустық базасының ауқымды болуына қатысты мемлекеттік бағдарламалар аясында шаралар жүргізілуі тиіс; сол тілде сөйлеушілердің саны табиғи түрде артып отыруы тиіс; сол тілдің өзіндік тұрақты әдеби нормасы болуы тиіс және бұл норма оқу бағдарламасына тиімді түрде ендірілуі тиіс; сол тіл қоғам өмірінің барлық салаларында (білім беру, медицина, заң шығару, қызмет көрсету, т.б) кеңінен қолданылуы тиіс; сол тілде ұлттық құндылықтар кино, дін, өнер т.б арқылы таратылып, насихатталуы тиіс. Сонда ғана тілдің өміршеңдігіне қауіп төнбейді. Сонда ғана сол тілдің жазуына реформа жүргізу қауіптері болмайды немесе қауіп деңгейі төмен болады.

Аталған параметрлерді саралап, өз еңбегінде толыққанды түсіндірме берген З. Ахметжанова әлеуметтік–функционалдық межеге ерекше назар аударады [3]. «Мы хотели бы остановиться на четырех сферах: управление, СМИ, наука, образование, которые, на наш взгляд, в совокупности определяют динамику развития языка» деп, тілдің дамуын осы салалар бойынша қарқындатуды ұсынады. Бұқаралық ақпарат құралдарының идеологиялық маңызын, ықпалын ғалым ерекше атап өтеді. Біз де өз зерттеуімізде осы салаға мән беріп, оған қоғамдық пікірді қалыптастырушы және қоғамдық пікірдің жинақ қоры ретінде қарадық. Осылайша жазу реформасына қатысты халық пікірін жинақтап, контент талдау жасауда БАҚ материалдарына жүгіндік. Қазақ тілінің әлеуметтік–саяси, әлеуметтік–демографиялық, тілтанымдық, әлеуметтік–функционалдық, ұлттық–мәдени параметрлері бойынша қазіргі ахуалының сипаттамасын А. Фазылжанованың «Қазақ жазуын жаңғыртудың әлеуметтік тілтанымдық негіздері: тілдік жағдаят және тәуекелдерді басқару» атты монографиясынан [4] да табуға болады. А. Фазылжанова тіл өміршеңдігінің негізгі параметрлері бойынша тілді дамытуға қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын берді. Мысалы, әлеуметтік–саяси параметр аясында «Мемлекеттік тіл туралы заңның қажеттілігін» ерекше атап көрсетті. Лингвистикалық параметр бойынша ресми тілдік ортадағы мәтіндерге мемлекеттік тілдің базалық нормаларына сәйкестігі жөнінен жаппай мониторинг жүргізуді ұсынды және бұл шараның білім беру саласы органдары тарапынан қолдау таппай, тоқтап қалу қаупі бар екенін де айтып өтті. Осы лингвистикалық параметрге қатысты «Өзге тілдің әсеріне қарсы тұру иммунитеті» тармағы бойынша А. Фазылжанова халықтың кез келген ұғымды ана тілінде атауына кедергі келтірмей, қайта керісінше, ұлттық тілде сәтті жасалған аударма, балама терминдерді насихаттау шараларын жүзеге асырудың тиімділігін алға тартады. Және де шеттілдік сөздерді игеріп жазу тетіктерін қайта қалпына келтірген жаңа емле ережелерін насихаттап, жұртшылыққа түсіндіріп, қолданысқа енгізу қажеттігін айтады. Ғалым бұл шаралардың бірыңғай ұлттық жазудың қалыптасуына әкелетініне сенім білдірді.

Бірыңғай ұлттық жазу ұлттық бірегейлікті нығайта түсетіні анық. «Қазақ жазуының латын графикасына көшуі қазақ халқының ұлттық бірегейлігін қалыптастыруда принципті түрде ерекше мәнге ие. Бірқатар әлем ұлттарының, соның ішінде Түркия елінің іс-тәжірибелері, жазудың ауысуы біртұтас ұлттық бірегейліктің алмасуында шешуші қадамдарының бірі екенін көрсетеді» [1: 228]. Сол себепті әліпби ауыстырудың мәнін халыққа жеткізу өте маңызды. Өйткені, контент–талдау барысында анықталғандай, түрлі әлеуметтік топтардың санасында ақпараттық қауіп бар. Бұл реформаның ұлттық бірегейлікті нығайтудағы орны былай тұрсын, латыннегізді әліпбиге ауысу үдерісін «латын тіліне» көшу деп ойлап жүргендер бар екені анықталды. Бұл ақпараттың толыққанды, жеткілікті түрде қоғамға жеткізілмеуі салдарынан туып отыр.

Зерттеу әдістері мен нәтижелері

 

Әліпби ауыстыру сияқты ауқымды жазу реформасын жүргізбес бұрын қауіптерді анықтау бойынша стратегиялық жұмыстар орындалуы тиіс. Бұл жұмыстардың бастамасы ретінде әлеуметтік-тілтанымдық аспектіде зерттеу жүргізілді. Зерттеуіміздің мақсаты — жаңа әліпби мен емле ережелерін енгізудің қауіптерін анықтау. Мақсатқа жету үшін бірнеше міндеттер белгіленді:

1. қоғамның жаңа әліпбиді қабылдауына, оған деген көзқарасына бақылау жүргізу, қауіптерге қатысты гипотеза құру;

2. латыннегізді жаңа әліпбиге көшу тақырыбын кеңінен талқылаған интернет-порталдарды анықтап, материалдарымен танысу;

3. латыннегізді жаңа әліпбиге көшу мәселесін сауатты, көпшілікке түсінікті етіп талдап, ұсынған интернет-порталдардың мақалаларын іріктеп алу;

4. интернет-порталдардан іріктелген мақалалардың пікірлерін жинақтау;

5. жинақталған пікірлерге контент-талдау жасау;

6. контент-талдауға әлеуметтік–тілтанымдық тұрғыда қорытынды жасау.

Осы міндеттерді орындау үшін қолданылған негізгі әдістер — бақылау, материал жинау, талдау, контент–талдау.

Зерттеу кезеңдері міндеттер бойынша анықталды. Осылайша зерттеу жұмысы 6 кезеңнен тұрды.

Бірінші кезеңде көпшіліктің жазу реформасына деген көзқарасына бақылау жүргізілді. Бақылау осы мәселенің түрлі әлеуметтік желілерде, танымдық бағдарламаларда, халық арасында талқылануына бағытталды. Бақылау нәтижесінде әліпби ауыстырудың болжалды қауіптері (қоғам жазу реформасына психологиялық тұрғыда толық дайын емес, ақпараттық тұрғыда мәселеден жеткілікті хабардар емес, басқа да қауіптер болуы мүмкін) анықталды. Анықталған қауіптерге негізделген ғылыми гипотеза құрылды. Гипотеза: жаңа әліпбиді тиімді енгізуді тежейтін бірнеше қауіп бар: психологиялық, тілдік, ақпараттық және техникалық.

Құрылған гипотезаның дұрыс–бұрыстығын тексеру үшін зерттеу жұмысының екінші кезеңінде латынграфикалы жаңа әліпбиге ауысу тақырыбын кеңінен талқылаған, көпшіліктің қызығушылығын оятқан интернет–портал мақалалары жинақталды. Үшінші кезеңде жинақталған интернет–портал мақалаларына талдау жұмысы жүргізілді. Көпшіліктің назарын көбірек аудартқан сауатты, тартымды мақалалар іріктеліп алынды. Олар — Tengrinews, Azattyq медиа–порталдарының мақалалары.

Төртінші кезеңде іріктелген интернет–портал мақалаларына жазылған пікірлер жинақталды. Барлығы Tengrinews [5], Azattyq [6] медиа–порталдарының мақалаларынан 105 пікір (ақпан–маусым айлары, 2021) жинақталды.

Бесінші кезеңде жинақталған пікірлерге контент–талдау жасалды: пікірлер мазмұны жағынан бірнеше топқа бөлініп, пікірлердің өзегі анықталды. Сол өзегі болып тұрған негізгі пікір қауіптің түрін айқындады. Мысалы: «төл дыбыстарды жоғалтып аламыз, и, у әріптерінің таңбалауда шатастым, ә таңбасы кирилде қалса, шеттілдік сөздерді қалай жазамыз?» пікірлері тілдік қауіп негізін құраса, «латын тілі не керек, әліпби ауыстырудан не пайда? жаңа әліпбидің артықшылықтары бар ма?» пікірлері ақпараттық қауіпті түзеді, «латын әліпбиін үйрену қиын болады, қоғамда одан да өзекті проблемалар жетерлік, жазуда қиналатын болдық, халықты одан әрі сауатсыз еті үшін жасалып жатқан әрекет» пікірлері психологиялық қауіпке жатқызылса, «жазуда қоғамның қолы латынға жаттықпаған, пернетақта қандай болады, төл әріптерді пернетақтадан табу қиындайды» сынды пікірлер уақыт өте келе шешілетін техникалық қауіпке жатқызылды. Контент–талдау барысында гипотеза расталды.

Алтыншы кезең пікірлерге жүргізілген контент–талдауға әлеуметтік–тілтанымдық тұрғыда қорытынды берілді. Қорытынды бойынша контент–талдау зерттеу гипотезасын растады, яғни, жазу реформасының бірнеше негізгі қауіптері бар. Олар — психологиялық, ақпараттық, тілдік және техникалық қауіптер. Оған қоса, жазу реформасының тағы бір негізгі қауіп түрі — интеллектуалдық қауіп және қосалқы — тілдік трансмиссияның бұзылу қаупі анықталды.

Нәтижелердің талқылануы

 

Әлеуметтік тілтанымдық зерттеу барысында белгілі болғандай, жаңа әліпби мен емле ережелерін енгізудің тиімді жолдары, ең алдымен, түрлі қауіптерді анықтап, солардың алдын алудан басталатыны анықталды.

А. Фазылжанова жазу реформасын жүргізуде орын алуы мүмкін кедергі–қиындықтарды тәуекел деп белгілеп, [4] өз монографиясында сол тәуекелдерді анықтап, оларды басқару шешімдерін ұсынды: «Ағымдағы тілдік ахуал талданымы бойынша анықталған қазақ тілінің әлеуметтік–саяси, әлеуметтік–демографиялық, тілтанымдық, әлеуметтік–функционалдық, ұлттық–мәдени параметрлері бойынша анықталған өзекті мәселелерін тиімді шешу үшін 2020–2024 жылдарға арналған бағдарламада мынадай негізгі бағыттар бойынша атқарылатын іс-шаралар жүйесі қамтылуы тиіс:

1. Латынграфикалы жаңа әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту;

2. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін арттыру;

3. Мемлекеттік тілді насихаттау және оның қоғамдық беделін көтеру;

4. Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту.

Зерттеу барысында А. Фазылжанованың ұсыныстары басшылыққа алынды. Ұсыныстарға қарап, болжалды тілдік қауіптер тізімі жасалды және контент–талдауда қолданылды.

Зерттеу барысында тілдік қауіппен қатар, келесідей негізгі қауіптер анықталып, типтерге бөлінді. Лингвистикалық бақылау барысында анықталып, гипотезада ұсынылған 4 қауіп расталды:

1. Психологиялық қауіп;

2. Ақпараттық қауіп;

3. Техникалық қауіп;

4. Тілдік қауіп.

Және контент–талдау нәтижесін саралап, басқа зерттеулермен салыстырып, тұжырымдау барысында тағы екі қауіп анықталды: бір негізгі — интеллектуалдық қауіп және тілдік қауіпке қосалқы — тілдік трасмиссияның бұзылуы.

Бірінші негізгі қауіп түрлеріне тоқталайық:

– Психологиялық: қоғамның кейбір өкілдері жаңа дүние болғандықтан латыннегізді ұлттық әліпбиге күдікпен, қорқынышпен қарайды, оны қабылдаудан бас тартады;

– Ақпараттық: қоғамның кейбір өкілдері латын графикасына емес, латын тіліне көшеміз деп ойлайды, ұлттық әліпбидің артықшылықтары және кемшіліктерінен бейхабар;

– Техникалық: пернетақтада бар таңбаларды қолданғандықтан ағылшын латын әліпбиіне негіздеп жазу үрдісі байқалады, жазуда қоғамның қолы үйренбеген;

– Тілдік: төл дыбыстар, ономастикалық атаулар, дифтонгтар, кірме сөздердің таңбалануына қатысты сұрақтар тілді менсінбеушілікке, тілдік бірегейліктің бұзылуына себепші болуы мүмкін.

Анықталған төрт негізгі қауіптің тілдік ортаға қарай — қазақтілді және орыстілді ортада таралуына қарай талдадық. Нәтижесінде қазақтілді ортадағы басым қауіп — тілдік және ақпараттық, ал орыстілді ортадағы басым қауіп — психологиялық екені, екі әлеуметтік топқа ортақ қауіптер — техникалық қауіп екені белгілі болды (сурет 1). Жазу реформасы қауіптерін алдын алу жұмыстары кезінде тілдік ортаға қарай ерекшеленіп таралуын ескеру істі жеңілдетеді деп есептейміз. Сондықтан тілдік параметрге қарай бөлінген екі әлеуметтік топтағы қауіптердің таралуына мән берген жөн.

Сурет 1. Қазақтілділер мен орыстілділер ортасындағы қауіптер

 

Контент–талдау нәтижесін тұжырымдау барысында анықталған интеллектуалдық қауіп негізгі төрт қауіптің салдары болып табылады. Өйткені, психологиялық қауіптің ықпалынан шыға алмай, одан әрі тілдік мәселелермен басы қатқан, жаңа әліпбидің мәнін жете түсінбеген, техникалық қауіп үшін жазу реформасына үрейлене қарап отырған қоғам ұзақ уақыт осы жағдаятта қалатын болса, интеллектуалдық қауіп зардабын шегеді. Интеллектуалдық қауіп зардабы дегеніміз — қоғамдық сананың жаңа дүниені жедел қабылдай алмай, ұлттың жаппай сауатсыздыққа ұшырауы. Сондықтан бұл бұл үлкен қауіптің алдын алу үшін аталған негізгі қауіптердің алдын алып, мүмкіндігінше болдырмау шараларын жүргізген жөн. Және барлық қауіптер жиынтығының салдары болып табылатын интеллектуалдық қауіпті болдырмау үшін жаңа әліпби мен емле ережелерін бекітіп, неғұрлым тезірек халыққа ұсыну қажет.

Контент–талдау нәтижесін өзге зерттеулермен салыстыра отырып, талдау барысында анықталған тілдік қауіпке қосалқы қауіп — тілдік трансмиссияның бұзылуы, яғни ұрпақтар арасындағы тілдік байлыныстың әлсіреп үзілуі. Тіл мен мәдениет ұрпақтар жалғастығы арқылы жүріп отыратын үдеріс. «Смена поколений в каждом обществе происходит как одна из изначальных и естественных предпосылок его существования, при этом сами поколения — относительно самостоятельные образования — обеспечивают непрерывную передачу (трансмиссию) языка и культуры как по вертикали от предшествующих поколений к следующим» [7: 6]. Кирил әліпбиімен оқып–жазып үйреніп қалған аға буын өкілдері мен ағылшын тілінің ықпалының, өзге де сыртқы факторлардың әсерінен латын әліпбиіне тез бейімделіп келе жатқан жас ұрпақ арасында түсініспеушілік орнауы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде ұлттық бірегейлікке, ұлт тұтастығына кері әсерін тигізуі мүмкін. «Непрерывность и преемственность смены поколений, как правило, осложняется происходящими в обществе социальными, культурными, информационными и иными потрясениями, зарождением и развитием контркультуры, утратой традиционных культурных ценностей, столкновением проверенных временем и новых — более агрессивных и эффективных — способов и средств передачи и хранения информации, массовыми языковыми сдвигами, кризисом идентичностей, обострением конфликтов отцов идетей (так называемых разрывов связи поколений)». Монография авторларының пікірінше, осындай жағдаяттар ұрпақтардың рухани және идеялық тұтастығының әлсіреуіне алып келеді және тілге қарым-қатынас, тіл таңдау, мәдени таптаурындардың қалыптасуы мәселелеріне қатысты ұрпақтардың көзқарастары әртараптанып кетеді.

Сол себепті, маңыздылығын ескере отырып, тілдік қауіптің құрамына кіретін қосалқы қауіп ретінде осы тілдік трансмиссияның бұзылуын қарастырып отырмыз. Енді зерттеу гипотезасының негізін құраушы қауіптерді еңсеру жолдарына тоқталайық. Психологиялық қауіпті еңсеру жолдары:

– Бұл қауіптің бар екенін, болуының заңды екенін (қоғам да, ғалымдар, тіл реформасының мамандары да) мойындау керек. Жаңа дүниеге адам, жалпы қоғам күдікпен, қорқынышпен, сенімсіздікпен қарайды, қоғамның кейбір өкілдері мүлдем қабылдай алмайды. Психология, әлеуметтанудағы «терістеу (denial), ксенофобия» терминдері осының дәлелі;

– Жазу реформасына қоғамның психикасын дайындау қажет. Жаңа нәрсенің жаңа, қажет, пайдалы екенін және одан келетін пайда мен қауіптерді түсінгенде ғана адам оны қабылдай алады (психологиялық тұжырым — З.Фрейд). Психологиялық қауіпті еңсеру жолдары ақпараттық қауіппен күресу тәсілдерімен астарласып жатыр.

Ақпараттық қауіпті еңсеру жолдары:

– Жаңа әліпбиге көшу қажеттілігін түсіндіретін сапалы ақпарат тарату;

– Жаңа әліпбидің артықшылықтарын түсіндіретін әлеуметтік роликтер түсіру, БАҚ арқылы тарату;

– Әліпбидің атауындағы латыннегізді, латынграфикалы деген терминдерді азайтып, «ұлттық әліпби», «жаңа қазақ әліпбиі». Мысалы: Түркия әліпбиінің атауы — Yeni Türk Alfabesi. Ал латыннегізді, латынграфикалы деген терминдер тек ғылыми ортада қолданылғаны дұрыс;

– Түрлі әлеуметтік топтарға латынграфикалы әліпбиге көшкенде қол жеткізетін мүмкіндіктері мен кездесетін қиындықтарын топ ерекшелігін (жасы, жынысы, мамандығы, ұлты т.б.) ескере отырып түсіндіру керек.

Техникалық қауіпті еңсеру жолдары:

– Латыннегізді қазақ әліпбиінің пернетақтасын насихаттау жұмыстарын жүргізу;

– Жаңа пернетақтаны жүктеп алу, қолдану бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу;

– Latyngo, qazlatyn сияқты конвертерлерді қолдануды насихаттау;

– Андроид, IOS жүйелерінде латыннегізді қазақ әліпбиін қолдану бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу.

Тілдік қауіпті еңсеру жолдары:

– Тілдік қауіптердің нақты мысалдарын анықтау үшін тілдің барлық құрылымдық қабаттары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу;

– Зерттеу қорытындыларына негізделген шараларды мемлекеттік деңгейде қатаң бақылай отырып жүйелі ұйымдастыру және жүргізу;

– Ресми түрде латын әліпбиін қабылдау және емле ережелерін қоғамға ұсыну;

– Жазу реформасының нормативтік базасын бекіту.

Бұл мақалада болжалды қауіптерге қатысты алғашқы ұсыныстар келтірілген. Келесі зерттеулер барысында бұл ұсыныстар ғылыми дәлелдермен толықтырылады.

Қорытынды

Қорыта айтқанда, жазу реформасы қоғамда түлі қарама–қайшы пікірлер мен толқулар тудыруы мүмкін үдеріс. Сондықтан аталмыш реформаның өнімді жүргізілуі үшін, жаңа әліпби мен емле ережелерін тиімді енгізуді ұйымдастыру үшін негізгі қауіптерді анықтап алған жөн. Осы орайда, өз зерттеуімізде біз де жазу реформасына және тіл өміршеңдігін сақтауға қатысты болжалды қауіптерді анықтауға тырыстық.

Зерттеуіміз өз мақсатына жетті. Құрылған гипотезаға сәйкес, зерттеудің эмпирикалық базасы жинақталып, кезең–кезеңімен өңделіп, контент–талдау жасалды. Контент–талдау барысында жаңа әліпби мен емле ережелерін енгізуде кедергі болатын, тілдің өміршеңдігіне кері әсерін тигізуі мүмкін деген қауіптер төрт негізгі қауіп: психологиялық, ақпараттық, техникалық және тілдік анықталды. Және контент–талдау нәтижелерін өзге ғалымдардың пікрілерімен салыстыра, толықтыра келе негізгі қауіптердің салдары болып табылатын тағы бір негізгі қауіп (интеллектуалдық) және бір қосалқы қауіп (тілдік трансмиссияның бұзылуы) анықталды. Анықталған қауіптердің алдын алу бойынша ұсыныстар да келтірілді. Болжалды қауіптердің алдын алып, оларды тиімді басқару бойынша стратегиялық жоспар керек. Келесі зерттеуіміз сол стратегиялық жоспар құруға арналады. Тілдік саясат, тілдік жоспарлау аясында осы зерттеуімізді жалғастырып, жазу реформасы қауіптерінің алдын алудың құқықтық-заңнамалық аспектілеріне тоқталатын боламыз.

 

Мақала ҚР БҒМ ҒК OR11465483 «Мемлекеттік тілді латынграфикалы ұлттық әліпбиге

көшіруді қамтамасыз ететін жаңартылған нормативтік сөздіктер мен академиялық басылымдар

сериясын әзірлеу» атты бағдарламалық–нысаналы қаржыландыру аясында орындалды

 

Әдебиеттер тізімі

1 Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау: теориясы мен практикасы / жалпы ред. басқарған А.М. Фазылжанова. — Алматы: «Қазақ тілі» баспасы, 2016. — 560 б.

2 Сүлейменова Э.Д. Әлеуметтік лингвистика терминдерінің сөздігі = Словарь социолингвистических терминов / Э.Д. Сулейменова, Н.Ж. Шаймерденова, Ж.С. Смағұлова, Д.Х. Ақанова. — Астана: Арман-ПВ, 2008. — 392 б.

3 Ахметжанова З.К. Язык в социальном, культурном и коммуникативном контекстах: моногр. / З.К. Ахметжанова. — Алматы: Изд-во «Елтаным», 2012. — 564 с.

4 Фазылжанова А.М. Қазақ жазуын жаңғыртудың әлеуметтік тілтанымдық негіздері: тілдік жағдаят және тәуекелдерді басқару: монография / А.М. Фазылжанова. — Алматы: А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, 2020. — 128 б.

5 «Tengrinews» медиа-порталының сайты [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік режимі: https://tengrinews.kz/ (Анықтама күні: 15.10.2021).

6 Azattyq медиа-порталының сайты [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік режимі: https://www.azattyq.org/ (Анықтама күні: 15.10.2021).

7 Сулейменова Э.Д. Выбор языка и корреляция языковой трансмиссии: моногр. / Э.Д. Сулейменова, М. Акберди, Г. Койшыбаева. — Алматы: Қазақ университеті, 2016. — 184 с.