Бүгінгі қазақ тілінің емле-ережелері, орфография, орфоэпия принциптері өз бастауын ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы еңбектерінде көрсетілген заңдылықтармен жүйеленіп, қалыптастырылды. А.Байтұрсынұлы – ХХ ғ. басындағы қазақ тілінің жазу мәдениетінің негізін салушылардың басшы тұлғасы болса, ХХІ ғасырдағы жаңа латын әліпбиінің негізін қалаушылар – бүгінгі ғалым-тілшілер, жастар жалғастырушы – болашақ ұрпақ. Елбасының, Президенттің тапсырмасымен латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, тіл жанашыры, ғалым Анар Фазылжанова «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне берген сұхбатында латын әліпбиінің мән-маңызына тоқтала
келіп, тілшінің: «Латын әліпбиіне көшу неше кезең бойынша жүзеге асады?» – деген сұрағына орай әр кезеңнің мақсатын түсіндіріп береді.

Ғалым сондай ақ жер-су атауларын латын графикасына көшіру, яғни қазақ тілі ономастикалық жүйесінің мәселелеріне тоқталды. Кезінде кирилл графикасына негізделген қазіргі қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген сөздерді, атауларды сол күйінде, ұлттық тілімізге икемделмеген қалпында жазып келді. Енді, академик Р.Сыздықтың айтуынша, «латын графикасына көшкен кезде түпнұсқалық принциппен жазылатын сөздер қазақшаға игеріліп жазылуы керек. Ғалымның бұл пікірі жерсу, қала, көше атауларына, яғни ономастикаға да қатысты екені даусыз. Яғни кеңестік кезеңнің жазу принципінен құтылудың жалғыз жолы – латын графикасына негізделген әліпбиге көшу болды. Осы ұстанымды танымал тілші-ғалымдардың дені қолдап, өз пікір-ұсыныстарын баспасөз арқылы білдірді. Бұл басқа тілдерден енген сөздерді, терминдерді қабылдамау керек деген сөз емес, кез келген тілдің лексикасы басқа тілден сөздерді қабылдау арқылы дамиды. Әйтсе де кірме сөздер қазақ тілінің орфографиялық, орфоэпиялық заңдылығы бойынша қабылдануы әрі игерілуі керек. Мұны неге айтып отырмыз?

Қазір елімізде адам есімімен, табиғат ерекшелігімен т.б. байланысты жер-су атулары өте көп. Оның түпнұсқасын сақтап жаза берсек, біз кирилл графикасынан еш уақытта құтыла алмаймыз. Сондықтан латын графикасына негізделген әліпби арқылы түзелген жер-су, есім атауларының сөздігін, анықтамалықтар шығару кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені кезінде қазақ тілі араб әліпбиіне негізделген ескі жазба тілі деп айтылып келген әліпбиіміз болғаны белгілі, төте жазудың әрине өз ережесі болды. Ал отызыншы жылдардағы латын әліпбиіндегі жазу-сызудың ұстанған өзіндік емле-ережелері қалыптасты.

Бүгінгі күнге дейін орыс әліпбиіне, яғни кирилшеге негізделген орфографиялық ереже фонетикалық-морфологиялық принцип бойынша жасалып, қолданыста болды, бұл аралас-құралас, яғни орыс-қазақ гетерогенді принцип сақталды.

Біздің сөз етіп отырған мәселеміз ономастикалық атаулардың латын әліпбиімен дұрыс жазылуын қарастыру болғандықтан, ұлттық тіліміз үшін ономастикалық атаулар сөздігін жасау аса маңызды болып отыр. Өйткені Қазақстан халықаралық әуе жолымен 200-ден астам әуежай, теміржол қатынасы арқылы сан мыңдаған қаламен, әралуан елдермен байланыс жасайды. Республикамыздың жер-су атаулары орфографиялық ережелерге, яғни картадағы нысандар орфографиялық стандартқа сай болуы көзделеді.

Адам есімдері, миллиондаған төл құжаттары, мекеме, ұйымдардың, жеке және заңды тұлғалардың аттарының орфографиялануы, емле ережесіне сәйкес болуы міндетті. Әрбір сөз белгілі бір орфографиялық принцип бойынша жазылуы керек, өйткені орфографиялық принциптер жазу жүйесі үшін аса маңызды. Латын графикасына көшудің негізгі мақсаты да кірме сөздерді қазақшаға икемдеп, қазақ тілінің заңдылығына бағындыру. Бүгінгі күнге дейін бір атаудың-есімнің бірнеше нұсқада жазылып жүргендігі мәлім. Мысалы, Қожа Ахмет Иассауи – Яссауи – Ясауи; Баба түкті Шашты – Әзиз – Баба Түкті – Шәшті Әзіз; Дінмұхамед – Дінмұхамет тәрізді. Осы сынды ономастикалық атауларды біріздендіру кезектегі мәселе. Қазірдің өзінде Qazaq, Qazaqstan деп жазылған атауларды кез келген адам қиналмай-ақ оқи алады. Сондықтан да латын графикасын қабылдау еш қиындық тудырмайды деген пікірдеміз.

1940 жылдан бастап қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне тән емес в, и, ф, х, ц, щ, ч, э, ю, я, ь, ъ тәрізді әріптердің енуіне де байланысты шығар, Қазақстан жер-су, қала аттары кеңестік саясаттың салдарынан Көкшетау орыс тілінде – Кокчетав, Қызылорда – Кзыл-Орда, Жамбыл – Джамбул т.б. орыс кириллицасымен айтылып, жазылып келді. Алайда әлі де болса, кеңестік жүйенің сарқыншақтары сақталып келе жатқаны жасырын емес. Қорыта келгенде айтарымыз, латын графикасына негізделген жер-су, есім атауларын жазуды орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктерін
қазақ тілі емле ереже заңдылықтарын сақтай отырып қолға алу керек.

ЗҮБАЙРА САДЫРБАЕВА,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
ғылыми қызметкері