Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы

Мәдениеттілік тілден басталады

Өзімізге белгілі, бүгінде телеарнада да қазақша хабарлардың уақытын көбейтуге күш салынып жатыр. «Еларна» сияқты тек қана мемлекеттік тілде хабар тарататын жеке арнаның ашылуы да – осы шараның бір жақсы көрінісі. Сонымен қатар біраз арналардан  «Көзқарас», «Еркін сөз», «Ой-көкпар» сияқты бағдарламалардың ашылуы қазақ тілінде пікір алысуға, оған тыңдармаңдардың тікелей қатысуларына, көп нәрсе жайында білік-танымдарын көтеруге игі ықпал етіп отыр. Алайда экраннан көрінген қайсыбір адамдардың ойын туған тілінде таза, жатық жеткізе алмай жататыны қынжылтады. Тіпті біршама жатық сөйлей білетіндердің өзі де «жаңағы» деген сөзді жиі қайталап, әп-әдемі әңгіменің әрін кетіреді. Бұл ақаулық, ақаулық емес-ау, ана тіліміздің сұрқын қашырып, берекесін алып жүрген ең жиі кездесетін сорақылық бүгінгі сөйлеу тілімізге жабысқан індет болып отыр. Жиын-жиналыстарда, теледидардан сөйлей қалғанда көп адам ойын еркін айтып бере алмайды, әрбір үш-төрт сөзден кейін «жаңағы», «жаңағы» дейді де отырады. Ол – ол ма, бұдан сорақысы – орыс тілінің так, конечно, вообще, пока, уже, значит, допустимдеген сөздерін араластырып жібереді.

 Біз бұл жерде осылайша кім сөйледі дегенді айтып, сөйлеушінің бетін шиедей қылуды мақсат етпейміз, әңгіменің бастысы – қазақ тілінің ауызша қолданысында құтын қашырып, мәдениетіне нұқсан келтіріп келе жатқан осындай үрдістің орын алып отырғанын баса айту, қынжыла ескерту.

Әрине, бұл дерттің де сырын ашу қиын емес, мұның бір себебі – тілге деген немқұрайдылық, жауапсыздық, екіншісі – күнделікті тұрмыста сөйлесу тәжірибемізде орыс-қазақ сөздерін араластырып, ойымызды қалай болса солай, тез жеткізе салуға машықтанып алғанымыз. Алдымен, күнделікті тіршілігімізде, үй ішінде таза, дұрыс сөйлесуге балаларымыздан бастап, үлкендер де үйренсе, ана тілінің берекесін кетірмеуді өзінің бір міндетім деп ой-санасында қалыптастырса, топ алдына шыққанда да бұл үрдіс жалғаспас еді. Бұл ойымызды тағы соңғы 1-2 айдың жүзінде қазақ тіліндегі телехабарларды мүмкіндігінше (әрине, барлығын дей алмаймыз) қолымызға қалам алып отырып тындағанда жиналған фактілерге сүйеніп айтып отырмыз... Нұртілеу Иманғалиұлының алғашқыда «бақуатты болайық!» деп, одан кейін «бай, қуатты болайық!» деп қайыр-қош айтуы да сәтті емес: бақуатты деген кірме сөз, «әлді, қуатты, күшті» деген мағынаны беретіндігі, барлық өңірде жиі қолданылмайтындығы өз алдына, ең алдымен, қазақ қайыр-қош айтқанда байлықты да, батырлықты да тілемейді, амандықты тілейді, амандық, саулық болса, батырлық та, байлық та келеді, сондықтан халықтың салт-дәстүрінің психоэтнологиялық мазмұнын бұзбаған дұрыс.

Келесі ескертетін сәт, тілді қай жерде, қандай мақсатпен жұмсасақ та, әрбір сөздің мағынасын, стильдік-эстетикалық жүгін түсініп жұмсау – әркімге аян талап. Әсіресе ақпарат құралдары әрбір сөзді сақтықпен қолдануы қажет.

Сөзді өз орнында қолданбаудың анық көрінетін тағы бір тұсы – мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестердің бұзылып айтылуы. Теледидардан «той тойға жалғаса берсін»,«жел болмаса, ағаштың басы қимылдамайды»деген мақал-мәтелдерді естідік, бұлар бұзылып тұр: алғашқысының дұрысы «той тойға ұлассын» болуы керек, мұнда жалғасу мен ұласу мағыналары жақын, тіпті синонимдер болғанымен, әрқайсысының қосымша мағыналық реңкі бар, оның үстіне ұлассын деген сөздің фонетикалық тұлғасы той, тойға дегендердегі ұ – о дыбыстарымен келіп, ассонанс құбылысын жасап тұр; ал дыбыс гармониясы– мақал-мәтелдер мен бейнелі фразеологизмдердің басты белгілерінің бірі, ол бұзылса, мақалдың мағыналық-тұлғалық бітімі бұзылады. Сол сияқты екінші мақалдың дұрысы – «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» болу керек: біріншіден, жел болмаса деген мен жел тұрмаса деген тіркестердің мағынасы бір емес; желдің жалпы болуы бар да, сәл-сәл басталуы бар, сәл жел тұрса, ағаштың биік басы емес, жердегі жатаған шөптің басы қимылдайтынын бабаларымыз дәл берген.

Кей кездері ауа райының ертеңгі күнгі болжамын бергенде, «жауын-шашын жаумайды»«көшпелі бұлт көшеді», «нажағай шартылдайды»деген сияқты сөздер қайталанып жүреді. Бұларды да сөз фактілерге сүйеніп айтып отырмыз. Ана тілін ұлттық белгім деп танып, ұлттық намысты таптамауға күш салып, әрбір сөзді орнымен қолданатын, «жаңағы, осы, мына» деген сияқты «жабысқақ» сөздерді қыстырып сөйлеу машығы жоқ, орыс тілінің элементтеріне де «жиендік» жасамайтын адамдар аз емес, бар. Мысалы, соңғы айларда теледидардан сөзі естілген шенеуніктерден Болатхан Тайжановтың, Ахметжан Есімовтің, саясаттанушы Ерлан Қариндердің есімдерін атар едім.

Енді ойымыздың желісін жалғастыру үшін телеарналардан қазақша берілетін хабарларда кездесетін ақаулықтардың екі-үшеуіне тоқталалық. Алдымен, дикторлар мен хабар жүргізушілердің бірқатары қазақ тілінің сөзді дұрыс дыбыстап айту заңдылықтарын, яғни орфоэпиялық нормаларды жақсы білмейді. Олардың шекара, қыркүйек, көкөніс, қол қойды, кез келген, жеті күн, сонымен қатар, қыл қалам деген сөздер мен тіркестердегі к, қ дыбыстарын осылайша жазылған түрінде қатаң айтады, ал бұл сөздер айтылуда шегара, қыргүйөк, көгөнүс, қолғойдү, кезгелген, жетігүн, соныменгатар, қылғалам болып, үндестік заңдарына бағынып дыбысталуы керек.

Екінші бір нәрсе – дикторлар мен хабар жүргізушілердің амандасу-қоштасу сөздерінде байқалатын ақаулар. Әрине, барлығы біркелкі, бірдей сөздермен амандасып, қоштассын деуге болмайды, қазақта амандық сөзі де, қош айтысу тіркестері де біраз бар, бірақ солардың қалыптасқан түрлерін бұзбай айтқанға не жетсін. Мысалы, көріскенше күн жақсы болсын деп жатады, ал көрісу мен қоштасу да, мақал-мәтелдер сияқты, әбден ықшамдалған, белгілі бір тұлғада, тіркесте қалыптасқан болыпкеледі, сондықтан қазақ көріскенше күн жақсы! дей салады, бұл жерде болсын, болғай деген етістік ойда тұрады, оны айтпасада тілек мағынасы жоғалмайды. Қош айтысудың бұл вариантының әсерлі, икемді болуын керек (көріскенше күн) деген дыбыс үйлесімі (аллитерация) менсөздің ықшамдығы жасап тұр. Сондықтан кейбір хабар жүргізушілердің жүздескенше күн жақсы! деп өзгертіп айтулары дұрыс емес. Ал эфирде жүздескенше!; аман-сау болыңыздар! деген, көшпелі бұлт көшеді, нажағай шартылдайды деген сияқты сөздер қайталанып жүреді. Бұларда да сөздер өз орындарында емес: жауын-шашын дегеннен кейін жаумайды етістігі тұра алмайды, өйткені жауу етістігі деректі заттың қимылын білдіреді, мысалы, жауын жауады, қар жауады, бұршақ жауады, ал жауын-шашын деген қос сөз жиынтық атау, дерексіз ұғым атауы, дерексіз зат болады не болмайды деген сөздермен ғана беріледі. Көшпелі бұлт көшеді деген сөйлем де қазақ тілі үшін ыңғайсыз құрылым: көшпелі деген сөздің өзі ол бұлттың көшіп жүретінін білдіреді, аспанды көшпелі бұлт қаптайды десе, бір сәрі. Сол сияқты нажағай шартылдамайды, ойнайды, дыбысқа келсек, күн күркірейді. Рас, «Еларнада» қазақ тіліндегі хабарлар сапасы едәуір жанданып келеді. «Көзкөрген», «Ақиқат ауылы», «Бір сәт және бүкіл ғұмыр», «Азамат» сияқты телесұхбат, теледебат, телеестелік, телетанымдық айдарлар ашып, оларды өзекті, әлеуметтік үні бар, тәрбиелік мәні зор, эстетикалық танымдық бояуы айқын хабарларға айналдырып отырғандығы қуантады. Сондай-ақ  31-каналдың «Еркін сөз» атты тікелей эфирге шығатын бағдарламасын да қызыға тыңдайсың, көп мағлұмат аласың. Бұларды жүргізушілер де хабарға дайындықпен келетіндіктері байқалады, тек кейбіреулерінің сұхбаттасып отырған адамды киіп кетіп қосам-жарланып отыратыны, «жаңағы» деген «жалмауыз» сөзді (уақытты жалмайтын) көбірек айтатыны бар. Әсіресе маған «Еларнадағы» «Ойталас» сұхбатын жүргізген журналист Қарлығаш Жәкетаева өте ұнады: сұрақтары қисынды, сөзі әдемі, өзін аса мәдениетті ұстайды, «тағы бір адам телефон шалып тұр, тоқтай тұрыңыз» деп, кейбір жүргізушілер сияқты, қонағының сөзін шорт кесіп тастамай, «кешіріңіз!» деп барып, телефон шалушыға кезек беруі өте дұрыс.

Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мұндай журналистер қатары басқа телеарналарда да баршылық. Мысалы Бауыржан Омаров, Зейін Әліпбек, Ләззат Танысбай, Қымбат Досжан, Арман Балтабайұлы сияқты күнде көріп, жиі тыңдап келе жатқан комментаторларды ана тіліне аса жауапты қарайтын, өз ісінің мамандары деп білемін.

«Егемен Қазақстан». 2002 жыл, 3 шілде