Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы

Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі туралы

«Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» екінші басылымы 1978 жылы  «Ғылым» баспасынан шыққан [1]. Содан бергі 5-6 жыл мерзім ішінде сөздік өзін таныта білді ғой деп ойлаймыз. Бұл сөздік туралы біреулер «жетістігі көп» дейді [2],  қайсыбіреулер «кемшілігі бар» дегенді айтады [3].  Шамасы, екі жақтың пікірлерінде  шындықтың ізі жатқан  болу керек.

   Біздің мақсатымыз – аталған сөздіктің жетістіктері қайсы, кемшіліктері неде дегендердің басын өз шама-шарқымызша ашуға тырысып, сол арқылы келешекте сөздіктің жақсы жақтарын одан әрі жетілдіре түсуге, кемшіліктерін түзеуге аз да болса да септігімізді тигізу.

  Орфографиялық сөздіктің бірінші (титул) бетінде «Түзетіліп, толықтырылып екінші басылуы» деп жазылған. Шындығында да солай. Сөздікті құрастырушылар мен тіл мәдениеті бөлімі қызметкерлері және редакция алқасы (жауапты редакторы М.Балақаев) сөздіктің 1963 жылы шыққан бірінші басылымындағы кеткен кемшіліктер мен қайшылықтарды түзеген және оны едәуір  толықтырған. Сонымен қатар, сөздікке аздаған өзгерістер де жасаған. Ендігі жердегі әңгіме, міне, осы үш түрлі бағыттағы (түзету, өзгерту, толықтыру) «еткен еңбек, төккен тер» жайында болмақшы.

  Алдымен сөздіктегі түзетулер жайлы.

  Ең бірінші кезекте сөздіктің бірінші басылымында бар 1085 сөз керексіз деп табылып, оның екінші басылымына енгізілмей, алынып тасталған. Олар қандай сөздер дейсіздер ғой?

   Бірінші, лексикалық единица ретінде тілімізде қолданылмайтын,  о баста орфографиялық сөздікке ешбір негізсіз ендірілген жасанды, кездейсоқ сөздер мен сөз  тұлғалары. Екінші, жарыса алынған вариант сөздердің қажетсіз сыңарлары. Үшінші, қалыптасқан қазақша баламалары бар орыс сөздері. Төртінші, түбір тұлғасы термин ретінде тілімізге енген орыс сөздері негізінде жасалған туынды сөздер.

  Екінші кезекте сөздіктің бірінші басылымында жаңылыс кеткен, қате жазылған сөздердің жазылу үлгісі түзетілген. Мыс.: айла-шарғы (айла-шарқы), бай-патша (бай-батша), бастаңғы (бастанғы), башқұрт (башқыр), ғұлама (ғулама), жүн-жыбыр (жүн-жұбыр), жып-жылмағай (жып-жылмақай), иінағаш (инағашы), ұждан (уждан), үлек (лөк), т.б. [4].

  Орфографиялық сөздіктің екінші басылымындағы түзелген нәрселердің бірі – оның бірінші басылымында -ист, -ёр, -смен, -ник қосымшаларымен келген туынды термин сөздердің соңғы басылымда -шы/-ші жұрнағын алып, қазақша өң алуы. Мыс.: авиоспортшы (авиоспортсмен), боксшы (боксёр), велосипедші (велосипедист), комбайыншы (комбайнер), т.б.

  Екінші басылымдағы тағы бір түзетілген нәрсе -  сөз соңы льный/-льний түрінде келген сын есім мағынасындағы орыс сөздерінің (терминдерінің)  қазақшаланғанда ондағы жіңішкелік белгісінің [ь] түсіріліп жазылуы. Мыс.: апикалды (апикальды)., легалды (легальды), максималдық  (максимальдық),  формалды (формальды),  т.б.  Бұлар бұрыннан осылай жазылып келген коммуналды, материалдық, натуралды, реалды, феодалдық, федералды деген сияқты сөздермен жазылуы жағынан сай келіп,  бір жүйеге түсірілген.

  Сөздікті шығарушылардың үшінші кезекте істеген ісі – орфографиялық сөздіктің екінші басылымына жаңадан 7 180 реестр  сөз қосып, оны бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда толықтыра түскен. Жаңадан қосылған осы 7 180 сөздің түр-тұрпатын, сыр-сипатын байқату үшін,  оларды шартты түрде екі топқа бөліп қарастырған жөн.  Біріншісі – жай сөздер, екіншісі – біріккен сөздер. «Жай сөздер» деген шартты топқа біз түбір сөздер мен туынды сөздерді, қос сөздерді жатқызып отырмыз.

  Сөздіктің екінші басылымына қосылған қазақтың төл түбір сөздері онша көп емес. Кездейсоқ ілінбей (енбей) қалған бірлі-жарымдары болмаса,  олардың көпшілігі сөздіктің бірінші басылымында қамтылған. Дегенмен бұл жерде екінші  басылымға қосылған  түбір сөздердің біразын көрсетпесек тағы да болмайды: ағзам, алайда, әбес, әздек, әперу, дәліз, дәруіш, дос,  жайғау, жампоз, жәдит, жұбату, жігіт, зұлым, қырғи, олақ, олжа, омырау, орамал, отан, обу,  т.б.

  Екінші басылымға қосылған түбір сөздердің көбі  негізінен алғанда тілімізге орыс тілі арқылы енген термин сөздер. Мыс.:  аллергия, амфибия, артерия, атлетика, аут, ацетон, аэрозол, базис, белок, галактика, гандбол, глюкоза, т.б.

  Ал екінші басылымға қосылған туынды сөздер мен қос сөздердің  бәрі де төл сөздер. Бұлардың саны әжептәуір көп,  әсіресе  туынды сөздер жетерлік. Жоғарыда айтылған 7 180 сөздің жартысынан астамы осы туынды сөздер.

  Енді екінші топқа, яғни біріккен сөздерге келсек, бұлар да сөздіктің екінші басылымын толықтырудағы туынды сөздерден кейінгі негізгі рөл атқарған басты материал болып табылады. Бұл жерде ашығын айту керек,  орфографиялық сөздіктің  екінші басылымын даярлау үстіндегі сөздікті шығарушылардың бет бұрған басты бағытнамасы (компасы)  -  «бір заттың, ұғымның атауышы болып келетін» [5] күрделі сөздердің біразын біріктіріп жазу принципі болды. 

  Осы ретте олардың бірінші істегені – бұрынғы басылымда бірлі-жарым жерлерде  болмаса көбінесе бөлек жазылып  келген аралық, тану, құмар, сымақ, жанды тәрізді тұлғаларды өзі қатысты сөздерге қосып,  жүйелі түрде  біріктіріп жазған. Мыс.:  қатараралық, жаратылыстану,  дүниеқұмар,  әкімсымақ,  итжанды, т.б. 

  Сөздікті шығарушылардың осы бағыттағы екінші істегені – орфографиялық сөздіктің бірінші басылымында бар, бірақ тіркес ретінде ұя құрамында берілген 950-ге жуық күрделі сөздердің 168-ін біріктіріп жазып, ұядан реестрге шығарған. Мыс.: ақбөкен, ақсүйек, алтыбақан, арамшөп, бесатар, бозторғай, есекмия, қолжуғыш, тоғызқұмалақ, түпнұсқа т.б.

  Орфографиялық сөздікке толықтыру жүріп жатқан кезде мен бөлім қызметкерлеріне өзімнің көп жылдар бойы жиған, бұрынғы орфографиялық сөздіктің не реестр қатарында жоқ, не ұя құрамында жоқ 3 мыңға тарта күрделі сөздердің тізімін берген едім. Оның жартысынан астамы өсімдік атаулары болатын. Орфографиялық сөздікті шығарушылардың біріккен сөздерге байланысты үшінші істегені -  бұрын бөлек жазылып келген осы 3 мың сөздің 410-ын емле ережелеріне сай біріктіріп жазып реестр етіпті. Мыс.: айырқұйрық (жәндік),  арпабоз (өс.), асатаяқ (муз.аспап), ементұмсық (құс), ешкіемер (жәндік), жорғатаяқ (ойын), қоқиқаз, қолтаңба, құртқашаш, қылқалам, шаңқобыз, т.б. Ал қалғандары тіркес ретінде ұя құрамына кіргізіліпті.

  Сөйтіп, «Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің» екінші басылымындағы біріктіріліп жазылған сөздердің жалпы саны – 578 сөз (Мұның ішінде Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы соңғы жылдары бекіткен:  алаяқ, арамтамақ, бейне-жазба, біртұтас, гүлшанақ (бутон), қарашақаз, қарашірік, төлтума, ізашар деген сөздер де бар) [6]. Бұл сөздердің көпшілігі өсімдік, аң, құс, балық, жәндік, ойын, ырым, ауру, зат атаулары. Сөз жоқ, мұндайлардың біріктіріліп жазылуы талассыз ғой деп ойлаймыз.

  Енді орфографиялық сөздіктің  екінші басылымында кеткен  кемшіліктерге тоқталалық.

  Сөздіктің алғашқы басылымындағы кемшіліктерді түзеу, өңдеу, жетілдіру, оны жаңа материалдармен толықтыру және ондағы кейбір принциптерді өзгерту – әрине, игілікті іс. Бірақ кейде артық қылам деп тартық қылып алмау жағын ойластырған да жөн.  Осы ретте қазақ тілі  орфографиялық сөздігінің екінші басылымындағы басты кемшілік деп – біз тілімізге орыс тілінен еніп, әуел бастан-ақ, аптек, арматур, вокабул, гитар, гранат, диет, лампы, лигатур, мандалин, моды, наград, папах, террас, сигарет, цитат, шахты, штанг түрінде жазылып келген сөздердің соңдарына сөздіктің екінші басылымында [а] әрпін қосып жазылғандығын айтқан болар едік. Біріншіден, бұлардың бұрынғы жазылу үлгісіне көз де, қол да әбден үйреніп кеткен еді. Екіншіден, осыған дейінгі шыққан барлық оқулықтар мен сөздіктерде, ғылыми-көпшілік әдебиеттерде, көркем туындыларда олар осы жерде көрсетілгендей жазылып келген еді. Амал не, өзгерді де кете барды.

  Түптеп келгенде, бұл мәселе орфографиялық сөздіктің екінші басылымында бір ізді шешілмеген, тіпті аяқсыз қалған деуге де болады. Олай деуімізге себеп – дәл осы жоғарыда аталған сөздерден ешбір айырмашылығы жоқ аффрикат, газет, контор, координат (тіптен  бұл сөздің тұсына -  жақша ішіне - «координата емес» деп жазып қойған), котлет, минут, пар, плацкарт, секунд, фонер, цифр сөздері бұрын қалай жазылып келсе, орфографиялық сөздіктің екінші басылымында да солай – [a] әрпінсіз жазылған. Сонда қалай? Бір топқа тән сөздердің (орыс тілінде бәрі де женский родқа жатады)  жартысы бір түрлі, қалғандары екінші бір түрлі жазылатын болғаны ма?  Жалпы осы тәрізді сөздерге қалыптасқан дәстүрді бұзып,  соңдарына [a] әрпін қосып жазғаннан не ұтамыз?

  Біздің ойымызша  бұл әрекет тек ала-құлалық туғызудан басқа еш нәрсе бермейді. Оған дәлел: 1978, 1981 жылдары шыққан екі томдық «Орысша-қазақша сөздікте»  аталған сөздердің біразы аптек, аффрикат, гитар, котлет, лампы, мандолин, плацкарт, пар, секунд, сигарет, фанер, цитат, цифр  болып, [a]-сыз берілсе, яғни қазақшаланса, қалғандары, керісінше, арена, арматура, диета, вокабула, шахта, штанга болып, [a]-мен жазылған. (Біз бұлардың да қазақша баламалары жайлы айтып отырмыз. - Қ.Б.). Бір сөзбен айтсақ, бұл сөздердің жазылуында үйреншікті дәстүрдің өзінен жақсысы жоқ еді.

  Үйреншікті дәстүр демекші, тілімізге орыс тілінен ерте кезде еніп, дыбысталуы жағынан қазақшаланып кеткен, айтылуы жағынан да, жазылуы жағынан да әбден қалыптасқан дожына, кәмпеске (-леу), пенжек, үйез (-дік), шабадан сөздерінің сөздіктің екінші басылымында дюжина, конфиске, пиджак, уезд, чемодан болып, өзгертілмей-ақ  қойылғаны жөн еді. Өкінішке орай, бұлардың да жазылуы орысшасына қарай ыңғайланып кеткен.

  Жалпы тілімізге ертеректе еніп,  қазақша айтылуы бойынша қалыптасқан орыс сөздерінің жазылуы жайлы әлі де ойласа түскен жөн ғой деп ойлаймыз. «Қазақ тілінің орфографиясының негізгі ережелерінің» (1957) 19-шы параграфына  берген ескертуде: «Не айтылуы, не мағынасы өзгеріп енген мынадай сөздер өзгерген күйінде жазылады», - деп тоғыз сөздің (жәшік, бәтес, теңге, сом, сот, бәтеңке, минут, газет, сиса) тізімі берілген. Рас, олар сол көрсетілген күйінде жазылып келеді.

  Ал ескертудегі ережеге сай келетін, бірақ онда көрсетілмеген сөздер ше? Олар әр түрлі жазылып жүр. Айталық, нөмір, үстел сөздері орфографиялық сөздікте осы жерде көрсетілгендей берілсе, осылардан ешқандай айырмашылығы жоқ нөл сөзі онда ноль түрінде, үрел сөзі роль, әдіріс сөзі адрес түрінде жазылуы қаланыпты.  Бұл, әрине, аталған сөздердің ескертудегі тізімге кірмей қалғандығының кесірі ғой деп білеміз.

  Жоғарыда – сөздіктің жетістіктерін айтқан жерде – біз «біраз сөздердің жазылу үлгісі түзетілді» деген болатынбыз және сол жерде оларға мысалдар келтіргенбіз. Сондай түзетілген сөздердің бірі – базна (-лық), бәйт, қортпа, түркстандық, ұйтқызу сөздері. Сөздіктің екінші басылымында бұл сөздердің екінші буындарындағы қатар тұрған екі дауыссыздардың арасына [ы], [і] қысаңдарының бірі қыстырылып, базына, бәйіт, қорытпа, түркістандық, ұйытқызу түрінде түзетілген. Осыны дұрыс деп білген күнде, бірінші басылымда дұрыс жазылған айырық, майырылу сөздерінің екінші басылымда айрық, майрылу деп жоғарғы сөздерге керісінше түзетілуін ақылға ешбір сыйғыза алмай-ақ қойдық.

  Осылар тәрізді күлпәра сөзін күлпара, көпе-көрнеу сөзін көпе-көріне, сау-саламат сөзінсау-сәлемет деп өзгерткеннен не ұттық? Қалыптасқан дәстүрді бұздық, сингармонизм заңына қайшы келдік – басқа  «пайдасы» шамалы. Сондай-ақ, айна қатесіз, алқын-жұлқын, ашар-ашпастан, әзәзіл, мойынсұну, мұжы, құжбан, сарүйек (жылан), скиф, тәж сөздері тұрғанда олардың әдеби баламалары ретінде айны қатесіз, алқым-жұлқым, ашар-ашпаста, әзезіл, мойын ұсыну, монтанысу, мүжі, күжбан/гүжбан, сары сүйек (жылан), скип, таж варианттарының алынуы (таңдалынуы) сөздігіміздің құнын арттырып тұрған жоқ.

  Сөздікті шығарушылар қаншалықты еңбектенгендерімен оның бірінші басылымындағыдай екінші басылымында да жекелеген қайшылықтар мен ала-құлалықтар кездеседі. Мәселен, сөздікте тебіңгі (-лік) сөзі [ң] әрпі арқылы жазылыпты. Бұл сөздің түбірі – тебін. «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінің» 35-ші  параграфында: «Сөздің соңғы дыбысы ң болып, оған қ, ғ, г, б, п дыбыстарының бірінен басталатын қосымша жалғанғанда, сөздің соңғы дыбысы өзгертілмей жазылады», - деген ереже бар. Олай болса, бұл сөздің [н] арқылы (тебінгі болып) жазылғаны дұрыс.

  «Түкті, жібек мата» мағынасындағы барқыт сөзі тиісті жерінде осылай жазылу керектігі дұрыс көрсетілгенмен, панбархат  сөзіне барғанда,  ол – бархат болып өзгеріп кеткен.  Ол сөз панбарқыт болып жазылу керек еді.  Осы тәрізді, орфографиялық сөздікте  жүзген түрінде жазылған сөз  қоянжүзгін сөзінің құрамында жүзгін болып өзгеріпті. Қолтырмаш сөзінің құрамындағы тырмаш сөзі  жеке алынғанда тырмыш (-та-у) түрінде жазылыпты. Мәңгі-бақи сөзі қос сөз ретінде жазылған да, осыдан еш айырмашылығы жоқ өмір бақи сөзі тіркес.  «Жан тәсілім етті»  дегендегі тәсілім сөзі бір жерде [і]-мен (136-б.),  екінші жерде [і]-сіз (371-б) жазылған. Ұйытқы сөзі де бір жерде ұйтқы (бір іске ұйтқы болды), екінші жерде ұйытқы (сүтке ұйытқы құйды) болып, екі түрлі көрсетілген. Бұлар бір сөздің екі түрлі мағыналары. Сондықтан олардың жазылуы да бірдей болуы керек. Итала қаз дегендегі ала сөзі алдыңғы сөзбен бірігіп жазылған да, сары ала қаз дегендегі ала сөзі одан бөлек жазылған.

  Реті келіп  тұрғанда кейбір сөздердің жазылуына байланысты өз тарапымыздан мынадай екі түрлі ұсыныс айтқымыз келеді. Оның біріншісі – [ы], [і] әріптерінің жазылуына байланысты. Мәселе мынада: Орфографиялық сөздікте араб-иран тілдерінен ауысқан мұғалім, тағзым [7], тәрк сөздері осы жерде көрсетілгендей жазылған. Егер Тіл білімі институтының лексикография бөлімінің картотека қорына жүгінсек,  мысалдардың басым көпшілігі мұғалым, тағызым, тәрік түрінде кездеседі. Қазақша айтылуы да, жазылуы да осыған сәйкес.  Сондықтан бұл сөздердің  [ы], [і] дыбыстары арқылы жазылғаны мақұл болар еді.

  Екіншісі – тағы да сол араб-иран тілдерінен енген рақат, сақаба, сұқбат сөздеріне қатысты. Бұлар орфографиялық сөздікте  [қ] әрпі арқылы жазылыпты.  Біздің ойымызша, бұл сөздерді [х] арқылы жазған дұрыс тәрізді. [Х] әрпі ол сөздердің басқа тілден енгендігінің белгісі екендігін былай қойғанда,  олардың айтылуларына да дәл келеді. Егер жоғарғы сөздерді біз ұсынған түрде жазған болсақ, ол сөздер айтылуы жағынан да,  жазылуы жағынан да тіліміздің табиғатына сай келген болар еді және де оларды қолданғанда (айтқанда, жазғанда) құлақ та, көз де тосырқамас еді.

  «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» екінші басылымында әлі де қамтылмай қалған сөздер бар ма?

  Сөз жоқ, бар. Бір рет қана көз жүгіртіп қарап шыққанның өзінде онда мынадай сөздердің жоқ екендігі байқалады: айқас, әбестеу, әзиз, бағамдау, бағжаңдау, бірізді, ғайбат, ғарыш, ғұмыр, дүлдүл, езеуреу, жартыкеш, жаутаңдау, жолжазба, көрермен, көкбозат (жұлдыз), қазандық, мая, мәрт (-тік), меймілдеу, мият, отыз, ояу, өлшеу, пұл, ырдуан, сарағаш, сұлба (-лану), сүйкімсіз, таныту, тарату, таутеке, тиектеу, төскей, түйеқарын, тірелу, шәкірт, шыжбалақтау, шырпу т.б.

   Әрине, орфографиялық,  сөздікте  жоқ сөздер бір ғана осылармен шектелмейді.  Шынымен іздестірген адамға ондай  талай сөздерді  табуға болады. Мәселе – сөздікке кірмей қалған кез келген сөзді табуда емес,  жазылуы қиын сөздерді қалдырмауда.  Біздің орфографиялық сөздігімізде қайдағы  жазылуы қиын  сөздердің  кейбіреуінің жоқ болып шығуы өкінішті-ақ.

   Айталық, баспа бетінде  мақшар/маһшар/махшар  немесе сәкүн/сәкін/секүн/секін  түрінде әр түрлі жазылып жүрген сөздердің  қай варианттары дұрыс? 36 қағаздан тұратын,  преферанс ойнайтын ойынның аты – карта ма, қарта ма? Болмаса, Бұхар ма, Бұқар ма? Біржылдық (шөп),  қырықжеті (қалыңмал) сөздерін біріктіріп жазған орынды ма, әлде оларды тіркес ретінде бөлек жазған дұрыс па?  Аттың саржелісін қайтеміз? Мүмкін сары желіс болып бөлек жазылатын шығар? Қысқасы, осылар сияқты дүдамал сөздердің біразы орфографиялық сөздікте жоқ.

  Орфографиялық сөздіктің екінші басылымында  біріккен сөздердің жазылуы деген мәселе әжептәуір  ілгері басқанмен, ол түгелдей дұрыс шешілді деуге болмайды. Себебі, біріншіден, біріктіріліп жазылып, реестрге шығарылған 578  сөздің  бәрі бірдей мінсіз емес. Олардың ішінде «күріш арқасында күрмек су ішер»-дің керімен әлі де біріге қоймаған,  тіпті біріктіруге болмайтын біраз фразалар мен идеомалар кеткен.  Мыс.: алыпсатар, ауызбастырық, ауызбірлік,  ашықауыз, әпербақан, басараз, жайбасар, үйкүшік, шөпжелке, т.б. Бұлар  (ашықауыз, жайбасар деген екеуінен басқалары) академик І.К.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде»  бөлек жазылып, тіркес ретінде алынған.

  Екіншіден, орфографиялық сөздіктің бірінші басылымындағы  сияқты оның екінші басылымында да біріккен сөздерге байланысты  біраз ала-құлалықтар кездеседі. Мәселен, екінші басылымда аяқкиім бірге, бас киім, сырт киім, іш киім бөлек;  жолбасы, қолбасы бірге, елу басы, жүз басы, мың басы, он басы бөлек;  баспасөз, келіссөз бірге, алғы сөз бөлек; қолхат, сенімхат, тілхат бірге, ашық хат бөлек...  Осылай кете береді.  Тіпті бір сөздің өзі екі жерде кездесіп, бірінде бөлек, екіншісінде бірге жазылған мысалдар да жоқ емес.  Мәселен, бүк түсу -бүктісу, жер алма – жералма, кере қар – кереғар, қаз тамақ -қазтамақ, қалың малы -қалыңмал, тас төбе -тастөбе,  тас түлек -тастүлек, тау сағыз – таусағыз (кіріспеде, 4-б.) т.б.

  Сөздіктің екінші басылымындағы барлық біріккен сөздердің жалпы саны – 938  сөз дегенді біз жоғарыда айтқанбыз.  Бұл, әрине, аз цифр емес.  Дегенмен де тіліміздегі бірігуге тиісті сөздер  тұрғысынан қарағанда  бұл сан әлі де жеткіліксіз сияқты. Соңғы басылымның өзінде бар, ондағы біріктіріліп жазылған сөздерден ешқандай айырмашылықтары жоқ, бірақ, өкінішке орай, біріктірілмей, ұя құрамына тіркес ретінде берілген аш ішек, бал қаймақ, ит көйлек, көк бауыр, тау ешкі, бал қарағай, қаз жуа т.б. сол сияқты жүздеген сөздерді біріктіріп жазуға әбден болар еді деп ойлаймыз.

  Орфографиялық сөздіктің екінші басылымындағы жаңадан біріктірілген сөздердің  түгелге жуығы ешбір  өзгеріссіз біріккен сөздер. Әйткенмен,  олардың ішінде дыбыстық өзгеріске ұшырағандары бірлі-жарым болса да кездесіп қалады. Мыс.: алтатар, ерғашты, жарғанат, көгөніс, қарағаш, қолғанат, саратан, сарауру, т.б. Тек өкінішті жері – бұл сияқты кірігулер жүйелі, бірізді емес. Егер жүйелілік болса, осылардан мағыналық дербестігі (семантикалық белгі) жағынан да, құрылымдық тұтастығы (морфологиялық белгі)  жағынан да, синтаксистік бірлестігі (синтаксистік белгі) жағынан да ешқандай айырмашылықтары жоқ батаоқыр,  ботакөз(өс.), торкөз, қандыағаш, молдааяқ (өс.), сарыбас (өс.), сарысадақ (өс.)  деген  сияқты  біріккен сөздер де  жоғарғылардай дыбыстық  өзгерістерге ұшырап жазылған болар еді ғой.

  Орфографиялық сөздіктің екінші басылымындағы кемшіліктер  бұлармен ғана бітпейді. Оның сөз тізбесінде әлі де болса басы артық, қажеті шамалы біраз сөздер (әулі-жай,  қимылды, қоңы-жоны, құлдалау, қызыстыру, майда-шуақ, таңырық, тапсырық, т.б.)  мен терминдер (даосизм, деаэратор, лабрадор, лакриматор, мадаполам, сантим, сапрофаг, содом, фортейтор, т.б.)  варианттар (мипаздау, бапанақтай, мыңғырлау, сербеңдеу, тымпылдау, т.б.) кездеседі.  Сондай-ақ, көкірекше сөзі  тұрғанда жилет сөзінің, кеңсе сөзі тұрғанда контор сөзінің, кеме сөзі тұрғанда пароход сөзінің ешбір қажеті жоқ еді.

  Қысқасы, «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» екінші басылымының жетістік-кемшіліктерін бір сөзбен тұжырымдасақ, ол – В.И.Лениннің сөз орамымен айтқанда – «екі адым ілгері, бір адым кейін» дегенге саяды (Біз «бір адым ілгері, екі адым кейін» дегенді білмей отырғанымыз жоқ. - Қ.Б.).  Ілгері басқан «екі адымның»  біріншісін – сөздіктің бірінші басылымындағы кеткен  кемшіліктерді түзеу, қайшылықтар мен ала-құлалықтарды бір ізге түсіру ісін,  бірінші басылымына қарағанда екінші басылымының әлдеқайда толыға, молыға  түскенін, екіншісіне – бір зат атауы болып кеткен күрделі  сөздердің біразының біріктіріліп жазылғанын жатқызамыз. Ал кейін басылған «бір адымға» біз екінші басылымда жасалған өзгерістердің кейбірін,  атап айтқанда: бұрыннан аптек тәрізді жазылып қалыптасып кеткен орыс  сөздерінің кейінгі басылымда орыс тіліндегі үлгісіндей аптека болып өзгертілулерін, дожына тәрізді сөздердің дюжина формаларына ауыстыруларын жатқызып отырмыз.

  Осы тұрғыдан қарағанда, орфографиялық сөздігіміздің сапасын арттыру үшін істелетін істер, ойласатын мәселелер әлі де баршылық. Ондай істелетін жұмыстар деп – біз сөздіктің екінші басылымында кеткен кемшіліктерді түзету, ала-құлалықтарды  бір ізге түсіру, ондағы басы артық сөздер мен варианттарды алып тастау және сөздіктің сөз тізбесін онда жоқ сөздермен толықтыруды, ал ойласатын мәселелер деп  орыс, араб-иран тілдерінен ертерек кезде енген кірме сөздердің жазылу үлгісін, термин сөздерге қазақ тілінің қосымшаларын қосу (жалғау) мәселесін, біріккен сөздердің жазылуы мен сыңарларының кірігу, үндесу тәсілдерін айтамыз. Әсіресе, біріккен сөз мәселесін шешудің мәні зор. Өйткені «Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің» екінші басылымының жақсы жағы да, нашар жағы да осы біріккен сөздерге,  дәлірек айтқанда  бірігуге тиісті күрделі сөздердің жазылуына байланысты.

  Қорыта айтарымыз: орфографиялық сөздікті түзетіп, толықтырып үшінші рет қайта бастырған мақұл.

   Әдебиеттер

 1. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. Алматы, 1978, 480 б.

2. Қарағұлов Ә. Бағалы құрал. - Қазақ әдебиеті, 1979, 13 апрель; Уәлиев Н. Сауатты жазудың сындарлы құралы. - Еңбек туы, 1979, 5 апрель.

3. Маманов И. Орфографиялық сөздіктегі олқылықтар. - Қазақ әдебиеті, 1983, 4 февраль.

4. Жақша ішіне олардың бірінші басылымдағы жазылуы көрсетілді. - Қ.Б.

5. Сөздіктің кіріспесін қараңыз, 5-б.

6. Сөздіктің бірінші басылымындағы біріккен сөздердің саны небәрі 360 қана сөз еді. Осыған екінші басылымдағы жаңадан бірігіп жазылған 578 сөзді қоссақ, орфографиялық сөздіктегі біріккен сөздердің жалпы саны – 938 болады. - Қ.Б.

7. Ал осылар сияқты тағлым, мақлұқ сөздері орфографиялық сөздікте тағылым, мақұлық түрінде жазылған. - Қ.Б.

Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабарлары.

  Тіл, әдебиет сериясы, 1984, №2, 36-42-б.