Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы

Сөз сазының көркем әдебиет пен өнердегі маңызы

Сөз сазы дегеніміз сөйлеу актісінде сөз ішіндегі немесе сөз аралығындағы дыбыстардың бір-біріне әсер етіп, бірін-бірі өз ыңғайына иіп айтылуы болса, ол, бір жағынан, сөйлеу мүшелерінің жұмысын жеңілдетуге, әр алуан кедергіні кемітуге ұмтылуын көздейді, екінші жағынан, сөз сазы айтылған сөздің тыңдаушы құлағына жұмсақ тиіп, сөзге әуенді үн береді.

Тілдің мұндай үйлесімді үндестігін және құлаққа жағымды әуенділігін өлең тілі шебер пайдаланады. Мысалы, өлең жолдарындағы сөздердің буындарын жеке-жеке санағанда, сол өлеңге тиісті өлшемнен артық шығуы мүмкін, бірақ айтылуда дыбыстар үндестігіне сай, өлеңнің әр жолының (тармағының) дәл 7-8 немесе 11 буын болып шығатыны еске алынады, я болмаса, керісінше, кейбір сөздерге артық буын қосылып айтылатыны ескеріледі. Айталық, Біржан салдың “Жанбота” деген өлеңі 11 буынды өлшеммен құрылған. Оның:

Жанбота, осы ма еді өлген жерім,

Көкшетау боқтығына көмген жерің –

деген жолдарындағы сөздерді жеке-жеке алып

  1  2  3 4 5 6 7 8  9  10 11 12

буындап санасақ: Жан-бо-та о-сы ма е-ді өл-ген же-рім болып 12 буын шығады. Ал айтылуда ортадағы сөздер осымеді болып ма деген буынның соңғы дауыстысы мен одан кейін келген еді сөзінің басқы дауыстысы кірігіп, ма-е-ді деген үш буынның орнына ме-ді болып екі буын айтылғандықтан, осы өлеңнің өлшеміне сай 11 буын шығады. Бір ырғақпен айтылатын сөздердің аралығындағы екі дауыстының бірі “жұтылып”, өлең өлшемі дәл шығатын мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мысалы, Абайдың:

Аласы аз, қара көзі айнадайын,

Жүрекке ыстық тиіп салған сайын, –

деген өлең жолдарының алғашқысы жазуда 12 буын болғанмен, алдыңғы сөздің соңғы ы дыбысы мен келесі сөздің басқы а дыбысы кірігіп, аласаз болып айтылады да, өлең өлшемі дұрыс шығады. Өлең жолдарындағы бір ырғақты сөздердің арасындағы екі дауыстының бірі әрдайым “жұтыла” бермейді: егер буын саны дәл келсе, мұндай екі сөз бірінің соңы, екіншісінің басындағы дауыстыны кіріктірмей, олар сақталып айтылады. Мысалы, Абайдың:

Жаздың көркі енеді жыл құсымен

Жайраңдасып жас күлер құрбысымен, –

деген өлең жолдарындағы көркі енеді деген сөздер қатар тұрғанмен, бірінші (көркі) сөздің соңғы дауыстысы да, екінші (енеді) сөздің басқы дауыстысы да жеке-жеке айтылады, өйткені өлеңнің бұл тармағы осы тұрысында 11 буынды, оларды кіріктіріп айтса, 10 буын болып, өлеңнің өлшемі де, ырғағы да бұзылады.

Кейде өлшемге қажет буын саны жетпей тұрса, “жедел жәрдемге” ы, і дыбыстары “шақырылады”. Мысалы:

Баянауыл басынан бұлт кетпес,

Қиядағы түлкіге құсым жетпес, –

деген өлеңдегі бірінші тармақтың жолдарын жазылуы бойынша санасақ, 10 буын, сондықтан бұл өлең айтылуда: ба-йа-на-уыл  ба-сы- нан бұ-лыт кет-пес болып, бұлт сөзі бұлыт болып дыбысталады. Бұл – алдыңғы екі дауыстының біреуінің “жұтылып” кетуіне қатысты құбылысқа қарағанда әлдеқайда сиректеу кездеседі, дегенмен қазақ өлеңінің сазында орын алатынын айтуға болады.

  Қазақ поэзиясы ассонанс пен аллитерация деп аталатын дыбыстар біркелкілігінен туатын құбылысты да стильдік мақсатпен кеңінен пайдаланады. Өлең жолдарында немесе қатар келген сөздердің басында, мақал-мәтелдерде, тұрақты тіркестерде, монологтерде, мақала, кітап т.б. аттарында, газет-журналдардың айдарларында немесе тақырып аттарында, қысқасы, текст ішіндегі сөздер біркелкі немесе бір-біріне жуық (мысалы: т-д, б-п, с-з сияқты дыбыстар) дауыссыздардан басталып келсе, ол аллитерация деп аталады. Мысалы, Мұқағали Мақатаевтың “Жастық” атты өлеңінің мына шумағына назар аударалық:

Жастық менің жаныма жыр байлады,

Жастық мені жалтартпай, шыңға айдады,

Жастық мені шыңдады, шынықтырды,

Жастық шіркін өмірді шын ұқтырды.

Мұнда ж және ш дыбыстарынан басталатын бірқатар сөз шоғырланған. Екінші мысал Қуандық Шаңғытбаевтан:

Кімде жоқ кірбің көңіл, күрсін арман,

Кейде мен шығай маңып, үн шығарман.

Кей уақыт көңіл шіркін көкке шалқып,

Күндер көп күмбірлетіп, күй шығарған –

деп алынған өлең жолдары к және ш дауыссыз дыбыстарынан басталатын сөздерді қатыстыру арқылы жасалған. Мұнда осы шумақтың әр тармағы к дыбысынан басталатын сөздермен келген. Өлеңнің жеке шумақтарының немесе кейбір шағын өлеңнің бірінші сөзі тұтасымен бір дыбыстан басталатын сөздерден құралатынына Абайдың інісі Оспанның өліміне шығарған “Жайнаған туың жығылмай” деп басталатын шағын өлеңін келтіруге болады. Бұл өлеңнің 16 тармағы (жолы) түгелімен ж дыбысымен келген сөздерден басталады:

Жайнаған туың жығылмай,

Жасқанып жаудан тығылмай,

Жасаулы жаудан бұрылмай,

Жаужүрек жомарт құбылмай,

Жақсы өмірің бұзылмай,

Жас қуатың тозылмай,

Жалын жүрек суынбай,

Жан біткеннен түңілмей,

Жағалай жайлау дәулетің,

Жасыл шөбі қуармай,

Жарқырап жатқан өзенің

Жайдақ тартып суалмай,

Жайдары жүзің жабылмай,

Жайдақтап қашып сабылмай,

Жан біткенге жалынбай,

Жақсы өліпсің, япырмай!

Мұнда ж дыбысы тек жол басындағы сөздерде ғана емес, тармақ ішіндегі сөздерде де келіп отырады: жайнаған туың жығылмай, жасқанып жаудан тығылмай, жасаулы жаудан бұрылмай т.т.

Аллитерацияның құлаққа жағымды саздық қызметін мақал-мәтелдер де жақсы пайдаланады. Мысалы, “Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнар” деген мақал қ дыбысынан басталатын сөздерді шоғырлап, белгілі әсер беріп тұр. “Көппен көрген ұлы той” деген мәтелді елмен көрген, жұртпен көрген, халықпен көрген деп ауыстырып айтуға болмайды, өйткені мұнда көппен көрген деген сөздер аллитерацияны пайдаланғандықтан, құлаққа жағымды, айтуға жеңіл, еске сақтауға қолайлы мәтел болып тұр.

Қазақтың атақты билерінің сөздері көбінесе аллитерациялы болып келеді. Мысалы, “Төле би айтыпты”деген сөздерден: “Батыр деген – барақ ит, екі долы қатынның бірі табады, би деген – бір бұлақ, қатынның ілуде бірі табады” деген шешендікте батыр, би деген сөздеріне б дыбысынан басталатын барақ, бұлақ деген теңеулер алынған.

Осы құбылыс дауысты дыбыстарға қатысты болып келсе, ассонанс деп аталады. Бұл да қазақ тілінде орын алады. Бұған классикалық мысал ретінде Махамбеттің атақты “Ереуіл атқа ер салмай” деп басталатын өлеңін келтіруге болады. Мұнда өлеңнің әрбір тармағы е дыбысынан басталатын сөзбен келеді. Сондай-ақ ақындар өлеңнің бір жолында біркелкі дауыстыдан басталатын сөздерді алу арқылы да ассонанс тәсілін қолданады. Мысалы, Фариза Оңғарсынованың:

Айналайын, ауылдың адамдары-ай,

Сендер барда бұзылар заман қалай? –

деген өлең жолдарында а дауысты дыбысымен ассонанс жасалып тұр.

Аллитерация мен ассонанс құбылыстары тек үн сазын келтіру үшін ғана емес, айтылмақ ойға екпін түсіру, ақынның көңіл- күйін білдіру сияқты стильдік қызмет те атқарады. Мысалы, Жамбылдың Алғадай деген баласы Ұлы Отан соғысында қаза тапқанын естігенде:

Алатауды айналсам

Алғадайым табам ба?!

Сарыарқаны сандалсам

Саңлағымды табам ба?! –

деп күңірену үстінде Алатауды айналсам, Алғадайым... Сарыарқаны сандалсам, саңлағымды... деп ассонанс пен аллитерация жасап, Алғадай, саңлақ сөздеріне екпін түсіріп, әке зарын мейлінше әсерлі етіп беріп тұр. Біркелкі дыбыстарды не буындарды таңдап, қатар тұрған сөздердің басында не ортасында келтіру айтылмақ ойға әсерлі өң беріп, образ жасауға да қатысады. Мысалы, Мұхтар Әуезов “Еңлік-Кебек” пьесасындағы Абызды сөйлеткенде: “Сыбдыр сөзбен шығарып сап, сынайын деп кепсің ғой, көлгір сөзбен көлденең болғың кепті ғой” деп, с, к дыбыстарын ойнатады. Демек, бұл рөлді ойнаушы актер аллитерация жасап тұрған дыбыстарды ерекше мәнерлеп айтса, құба-құп болар еді. Екінші мысал: “Қарагөз” пьесасындағы Сырымның сүйген жары жынданып кеткен сәттегі ышқына күйінген образын беру үшін, оның монологіне с, з дыбыстары бар сөздерді шоғырлап келтіреді: “Өсер.., өсер.., не өсер?. Тек зұлымдық өсер нөсер болып сенен. Сор өсер, ар өшер! Өскенде тек зар өсер сенің лағынет табаның астында!”. Мұнда да дыбыстардың айтылуы ерекше қалыптасып, жай сөйлеу нормасынан өзгеше болуы керек, яғни с, з дыбыстарын өзге дыбыстардан бөліңкіреп айтқан абзал, сонда ыза, қайғы, зар буған кейіпкердің образы айқындала түседі.

Сөйтіп, көркем әдебиет пен сахна өнері сөз сазына, сөздердің дыбысталу сипатына бейтарап емес екендігі байқалады. Сондықтан бұл жайтқа көркем әдебиетті оқытып үйрететін мектеп мұғалімдері мен сахна шеберлерін: актерлер мен әншілерді, көркем сөз айтушыларды тәрбиелейтін оқу орындарының ұстаздары мен режиссёрлар назар аударулары шарт.

Рәбиға Сыздық. Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы). Астана: Елорда, 2000, - 532 б. ISBN: 9965-06-023-1