Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы

Қазақ тілінің сингармонизм заңы

Қазақ тіліне сіңіп кеткен жат сөздер көп: қала, молда, шілде, ақыл, айып, әділ, әлім, әдет, ылаж, өмір, ар, құрбан, әкім, аспан, дұшпан, заңғар, құн, береке, патса, дастарқан, сабын, бедеу, Асан, Үсен, Сәмеке, Шайбақ, Сидақ, Мәмбет, Мәделі, әзіл, масқара, дәулет, апат, есеп, шынжыр, несібе, серт, әсет, ақырап, жеді, дүйсембі, сәрсенбі секілді тағы талай сөздің бәрі қазақ тіліне жат тілдерден кірген сөздер. 

Бұл сөздер біздің тілімізге соншама сіңіп кеткен, қазақ халқы бұлар- дың жат екендігін сезбейді. Байқап қарасақ, жоғарғы сөздердің бәрі де қазақ тілінің қай заңына да көнеді; қазақтың түбір сөздерімен бірдей болып өзгеріп, бірдей құбылады. Қай жағынан қарағанда да бұларды жат сөздер деп айтуға болмайды. Бұларды жат сөздер десек ел көнбейді. Бұларды жат деген адамның өзін ел өзіне жат санайды. Сондықтан бұл сөздердің бәрі қазақ сөзі деп айтуға тура келеді. Шет тілдерден келіп, қазақ сөзі болып кеткен сөздердің ата тегін қуып түбіне жете тексерсек, бұлардың асыл қалыбы біздің тіліміздегі қалыбына көбіне ұқсас емес. Қазақ тіліне сіңу үшін бұлар танымастай болып өзгерген. Өзгерген- де, бұлар қазақ тілінің заңдарына бағынатын болып, алдымен, сингармонизм заңына көндігіп өзгерген. Өзіміздікі болып кеткен сөздің жеріндегі қалыбы сингармонизмге келмейді, сингармонизм заңымен жүрмейді. Өзінің заңымен өзгертпей қазақ тілі ішіне ешбір жат сөзді алмай, кіргізбейді. Бұл ақиқат нәрсе. Бұндай заң, әсіресе жат тілдерден кірген қос сөздерде айқын байқалады. 

Маделі деген сөз Мухамедали деген сөздерден, бисембі деген сөз панжшанбе деген сөздерден, Абдолда деген сөз Ғабдолла деген сөздерден шыққан; осы сықылды көп үлгілер келтіруге болады. Өз сөзі қылып сіңіру үшін қазақ тілі жат сөздердің бірнешеуін қосып біріктіріп, сингармонизм заңына бағындырып, бір сөз қылып жібергені бар. Мәселен: «жапа тармағай» деген сөз арабтың (жамған – туран – мағхн-бәрі ұмтылу) деген сөздерінен шыққан. Осы секілді үлгілер аз болмаса керек. 

Орыс тілінен қазақ тіліне кірген сөздерді тексеріп қарасақ, бұлардың да сингармонизм заңымен өзгеріп тілге сіңгені байқалады. Самауар (самаурын), Бәселей, Шодыр, габрошке, жәшенке, лампы, корпыс секілді сөздерде сингармонизм анық байқалады. Осы сөздердің орыс тіліндегі асыл нұсқаларында сингармонизм жоқ. Орыстың қалаларының, я жерлерінің атақтарына келсек, оны да қазақ не өз сөзіне аударады, не сингармонизм жолымен өзгертіп айтады. Топайлы (Тополевский), Өрлік (Орловский), Кирімшік (Гребенщиковский), Сарытау (Саратов), Самар (Самара), Мәскеу (Москва), Харкеу (Харьков), Орунбур (Оренбург), Омскамен (Усть-Каменагорск) деген сөздерде сингармонизм анық байқалады. Губернетір, үйез (ойаз), болыс, жандарал (боласнай), ауылнай, старшын (старшина), пәмөшнік, нәшәндік, судиа, піріступ өрендік, пірпеске, әткез, шербі, сиаз, пірсетіл, переботшік, шөтшік, песір, үшетіл, мұжық секілді сөздердің көбін орынды ма, орынсыз ба тексермей, ел ішіне ықтиярсыз біздің оқығандар, әсіресе, тілмәштар кіргізді. Оқығандар бұндай сөздерді нағыз орысшасынан бұлжытпай сөйледі, қазаққа бұлжытпай сөйлетуге тырысты. Қара халық оған көнбеді, өзінше аударып сөйледі. Жоғарыдағы жазылған жиырма сөздің бәрі де нағыз қара қазақтың айтуынша жазылған. 

Сингармонизм бұларда анық. Қара халық өте сақ болады. Тұрмысына, салтына, елдігіне зиянды нәрселерді қабылдамайды. «Қара қарын» ел бұзады деп, жат рулардың адамдарын өте арасына сақтықпен кіргізгеніндей, шет сөздерді де сынап, тергеп, тексеріп, екшеп, өзгертіп, өз тілінің әдетіне лайықтап кіргізеді. Сондықтан, оңаша жүрген елдің өз еркінде тұрғанда тілі бұзылмай- ды. Елдің тілін бұзатын, көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған, мәдениетті елдердің әсері. Елдің тілі бұзылуына, ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол басшы болады. Оқығандар өзіне ылайық әдебиет тілі деген тіл түзейді. Түзеген жаңа тілін ел ішіне жая бастайды, көбіне зорлап кіргізеді. Әдебиет тілі дұрыстап түзелмесе, қара тілдің затымен жүрмесе, әдебиет тілі көп бұқараға түсініксіз жат тіл болады, елге сіңбейді; Сондықтан, жер жүзіндегі жұрттың көбі әдебиет тілін қара тілге жақын қылып, елге түсінікті қылуға тырысады. 

Әдебиет тілінің қаруы – баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп деген адам шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді; мектеп пен баспадан қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел – сорлы ел. Бұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды. Қазақтың әдебиет тілі жаңадан басталды. Елдің қара тілі әдебиет тілімізге негіздікке алынды. Әдебиет тіліміздің табаны дұрыс салынды деуге болады. Табаны дұрыс салынғанмен, үйді көркем болып түзеледі деп айтуға болмайды. Үйдің керегесі (дуалы), төбесі, есік-терезелері, түрлі әшекей- лері көп болады. Осылардың бәрі дұрысталып салынғанда ғана, әр қайсысы өз орнына қойылғанда ғана үйді түзеліп бітті деуге болады. Осы күні әдебиет тіліміз өте қарқындап, өсіп барады. Бір жағынан, өз сөзінен сөз тудырып байыса, екінші жағынан жат сөздерді кіргізіп, бай- ып баратыр. Тілдің өз сөздерінен туған сөз тілдің негізгі затымен тууы керек. Тіл- дің нағыз өз баласы болуы керек. Бұған ешкім таласпас та, таласпайды да. Жат сөзді қолдаушылар екі түрлі. Жат сөздерді туғандағы айтылуы- нан өзгертпей кіргізу керек. Жат сөздерді өзгерту күнә деп, жат сөздерді тілімізге әдейі жорта, қалыбынан бұлжытпай кіргізіп отырғандар бар. Бұл – бір.

Екінші – не себепті екенін өзі білмей, ойламай, бір сөзді бір жерден қалай есітсе, я оқыса сол сөзді сол күйінше бұлжытпай, тілге кіргізіп, қолданып отырғандар бар. «Қаскүнемдердің» саны аз, бірақ, аз да болса, қолында дәлелі бар. «Майымшілдердің» саны көп те, сапасы жоқ: бір сөзді бүгін былай жазады, ертең олай жазады, ұстаған жолы жоқ, әйтеуір, есі-дерті жат сөзді қолдану. Бір тілге кірген жат сөз бейне адамның қарнына түскен тағам. Адамның денесі ішкен-жеген тамақтан түзеледі. Адамның денесі ет, сүйек, қан секілді нәрселерден түзелген. Сырттан қарағанда, бұлардың ішкен сүтке, жеген нанға тіпті ұқсасы жоқ. Ауыздан кірген, ішкен-жеген тамағымыз ішек-қарында уытталып, сіңімді халге келеді. Сонан соң, қанға сіңіп, тұла бойға тарап, ет, май, сүйек, шеміршек болады. Құсықты, жынды, нәжісті адамның бәрі біледі. Ауызға салған қазы мен қартаның ішек-қарындағы көжеге не ұқсасы бар?! Ауызға салған қып-қызыл алманың, құсыққа не ұқсасы бар? Құсықты, жынды жемек түгіл, адам көре алмайды. Көргеннен-ақ, жүрегі айниды. Шындығында, құсық, жын, нәжіс ауыздан кірген тамақтан пайда болған. Микроскоппен қарағанда, я химия ретімен тексергенде, бұл анық болып шығады. Ауыздан кірген тамақ сіңу үшін, денеге «өзімдік» болу үшін дене заңымен өзгеруі керек. Дене заңымен өзгермеген тамақ, дене заңына көнбеген тамақ денеге сіңбейді, «Бұратана», «қара қарын» болып, денеге зиян береді. Тілге кірген жат сөздер де сіңу үшін, тілге «өзілік» болуы үшін, сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге келуі керек. Бүйтпесе, жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян береді. Тілдің қорықшысы, қара халық мұны жақсы біледі. «Жапатармағайдың» арабтың үш сөзіне, қандай ұқсасы бар?! 

Жат сөздерді қолданғанда, тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер, дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады. Бұл туралы Аурупа тілдерінен алдымызда үлгі келтіреміз. Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз деген – шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді. Жат сөздерді өзгертпейінше жүргіземіз деп қазақтың тілін бұраған- дар да, «мәдениетке үйретеміз, өнер шашамыз» деп, арақ пен шылым, жұқпалы ауру таратқандар да бір есеп. Арақ, шылым, аурулар адамның денесін бұзса, зорлықпен кіргізген жат сөздер елдің түп қазығы болған тілді бұзады. Қайсысының күнәсі көп?! Тілімізге жат сөздер екі жақтап кіріп жатыр. Бірі – араб, парсы сөздері, молдаға оқығандар, екіншілер: Аурупа сөздері, ордаға оқығандар арқылы. Араб-парсы сөздері біздің тілімізге дінмен бірге кіре бастады. Молдалар қаншама дін сөздерін дұрыс айтқызамыз деп бұраса да ел болмады. Жат сөздерді өзінше айтып, тілінің заңына ылайықтап қолданатын болады. Дін тілімізді бұза алмады. Бұған себеп – көшпелі салтымыз, көшпелі елге жазу-сызу таралмады. 

Жазба әдебиет жоқтық, бізді сақтады. Жазбасөз қазақ арасына он тоғызыншы ғасырдың екінші бөлімінде пайда болды десе болады. Онан бұрынғы есепке алынбайды. Жазбасөз бізге бір жағынан, Қазаннан, бір жағынан, Бұхардан келді. Араб-парсы сөздерінің де көбі осы көршілер арқылы келді. Қазақтың балалары ноғай, сарт мектеп-медреселерінде оқитын болды. Медреселерде араб-парсы сөздерін өзгертіп айту зор күнәге есептеліне- тін еді. Молдалар қазақ арасына араб-парсы сөздерін бұлжытпай айтуды жазу арқылы үйрете бастады. Ана тілін бұзып, ноғайшылап, сартшылап сөйлеуді, жазуды шығарды. «Хұрметлу изитлу қадырменде, зияда көруші ағамызға көп-көп саламларым бағыдунда, біз, тарафтан хал-ахуал сұрасаңыз, әлхамдуллә сағ-саламат тұрадырмыз» секілді, әдебиет тілі болған шатақ тіл пайда болды. Бұл тілді күні кешеге дейін молдалардан басқа да ел ішіндегі сөз жазған кісілердің бәрі қолданып жүрді. Хүкімет тілі де осындай болды. Он тоғызыншы ғасырдың екінші бөлімінде қазақ елі отырықшы бола бастады. Өзара араласуы кеміді. Көршілес отырған «адабияты» бар ноғай-сарттардың тілі отырықшы елдің арасына жайыла бастады. Осы ағайындар арқылы бірқатар парсы-араб сөздері өзгермейінше тілімізге кіре бастады. 

Көп қазаққа «шатақ» тілдің әсері жарытып тиген жоқ. Шатақ тілден сақтаған: 

1) көшпелі салтымыз, 

2) бай, ауызша айтылып жүрген ел әде- биеті, 

3) Ыбырай Алтынсарыұлы һәм Абай Құнанбайұлы сияқты шын тіл қамқоры болған нағыз әдебиет тіліне жол салған оқымысты жігіттеріміз. 

Дегенмен, «ноғай-сарт дәуірі» босқа кеткен жоқ. Қазақтың шын әдебиет тілі түзелгенде де, ноғайдың, сарттың мектеп-медреселерінде оқыған жігіттеріміздің көбі араб-парсы сөздерін өздері үйренген жалған жолмен жүргізе берді. Басқа оқығандарымыз бұлардың соңынан ере бастады. Сондықтан, соңғы заманда пайда болған, қазақтың ұлт мектеп-медіреселері үшін жазылған құралдарда, оқу үшін жазылған кітаптарда көркем һәм білім әдебиеттерінде сингармонизм заңына ылайықсыз болып, жаңылыс жазылған жат сөздер өте көп ұшырай бастады. Газет-журналдарымыздың беттерін қарасақ, жаңылыс жазылған жат сөздермен толулы. Кімнің, қай орында қате жазғанын түстеп жатудың керегі жоқ. Бұндай қателер жазушылардың бәрінде де бар. Үлгі үшін осы күнде жаңылыс жазылып жүрген араб, парсы сөздерін сингармонизм жолымен, дұрыс жазып көрсетеміз. Хүрмет (үрмет), хәсірет, Хамид, Ахымет, рахымет, хажет (әжет), хатер, хәзірет (әзірет), Мұхамбет, бет-пақ, хадыс (хәдис), Әлі, пәрмен, Орымбет (Ор- мәмбет), көрек (хөрек), хәсте, миірман (мейірмен), миман (меймен), ытипак, тағдыр, кұдыс, мирас, мұғалым. Көрсеткен сөздерді жақшаның ішіне қойылған түрлеріндей қылып жазса да, қата болмайды. Жіңішке айтылған сөздердің жалғаулары да жіңішке, жуан айтылған сөздердің жалғаулары да жуан болып қосылуы керек. Тағдырге, мұғалымге, мейменға деп айту-сызу жаңылыс. Кейбір араб, парсы сөздерін екі түрлі айтуға болады. Ғылым –ғылымға, ілім – ілімге, ғалым – ғалымға, әлім – әлімге, ғұмыр – ғұмырға, өмір – өмірге. Бұлай айтылудан тілімізге келетін зиян жоқ. Қостуқ тіліміздің заңы. Тек жалғауларын ұйқастыру керек. 

Сингармонизм заңына келмейтін болып тұрған кейбір сөздер бар. 

Арабтың Мухаммуд деген сөзін қазақ Мәмбет, Мұхамбет, Махамбет, Мағамбет деп өзгертеді. Мәмбет сингармонизмге толық келеді. Мұхамбет сингармонизмге жалалау көнеді. Мағамбет сингармонизмге қарсы. Қазақ тіліне кірген араб-парсы сөздерін тергеп қарасақ, бір бөлек сингармонизмге жалалау көнген я көнбейтін сөздер ұшырайды. Бұлар тілге ықтиярсыз кіргізілген, бұзып айтылуына қарсылықты көп көрген. Тілді бұрап, алғашқы қалыбында сөйленуіне, жазылуына көп еңбек сіңірілген сөздер. Бұларды қазақ тіліне толық сіңіп, болды деуге болмайды. Бұлар шала сіңген сөздер. Жаттығын білдіртпей, бұларды тілге әбден сіңіріп жіберу, әдебиет тілінің міндеті. Арабтың Мухаммед деген сөзіне қазақ тілінде сәйкес сөз Мәмбет. Бөтен түріктерде Мәмед, Мемед деп айтады. Мұхаммед, Мұғамбет деген молдалардың, оқығандардың қолданған, елге ықтиярсыз сөйлеткен сөздері. Бұлар, шала қазақ сөздері. Махамбет, Мағамбет осы шала сөздердің түзетілген түрлері. Жат сөздерді қазақ сөйлегенде айтып өз сөзіне жақындастырып, ұйқастырып айтуды жаратады. Мағамбет деген сөз жалқы айтылмайды. Алдында, қосымша қосылып айтылады. (Қос- мағамбет, Қос-мағамбет). Махамбет деген сөзді қазақ екіге бөліп айтады: біреуі Махам – Махан – Мақан. Екіншісі – бет. Сондықтан Махамбет деп айту пайда болады. Ханибет, Ханден деген сөздерді де, қазақ Қани-бет, Қан-ден деп екі бөліп айтады. Қани-бет секілді айтылуына ыңғайлы келетін тағы талай сөздер бар. Осындай орындардың бәрінде де, жат сөз де қазақ тілінде екі бөлініп айтылады. Шындығында, бұл дұрыс болса да әдебиет тілімізге Махам-бет, Қани-бет, Қан-ден деп алу керек емес, Махамбет, Ханибет, Ханден деп алу керек. 

Түрік тілінде түбір сөздер қысқа келеді. Түрік тілі ұзын сөзді жарат- пайды. Мұндай қасиет қазақ тілінде айқын байқалады. Сондықтан, шет тілдерден келген сөздерді, қазақ тілі екіге, үшке бөліп айтуға тырысады. Махмудтың Махамбет (Махам – Махан – Мақан һәм бет) болуы да осыдан. Қос – махмуд деген сөз Қос-бағам-бет болып, қазақтың тіркелген үш сөзіндей айтылады. Сондықтан қазақтың айтуынша, сингармонизмнің заңынша жүрсек, Қосмахмудты Қос-бағам-бет деп жазу керек. Қос Бағам-бет деп жазуды өте ерсі көрсек – онда ережеден тыс қалып, Махмудтың Бағамбет болуына көніп, Бағамбет секілді сөзді бір жазамыз. Бірақ, мұндай болып жазылудың айрықша тыс нәрсе екендігін өнемейін ұмытпай, жалпы ережеге аудармасқа керек. Бұлай болғанда, Қос-махмуд, Дос-махмуд деген сөздерді Қос-бағамбет, Дос-бағамбет деп екі боліп жазу керек. Алдыңғы сөз жуан болады да, соңғы сөз жіңішке сөзге баланады. Ұзын сөздің қысқасы, арабша, парсыша сөздерді арабша, парсыша айту керек емес. Қазақша айту керек, қазақ тілінің заңына көндіріп қолдану керек. Бір сөздің ішінде жуан, жіңішке айтылатын дыбыстар аралас келмейді. Сондықтан, бір сөздің ішінде бір жағынан «қ», «ғ», екінші жағынан «к», «г», «е» дыбыстар кірмесін. Жуан сөздерге жіңішке жалғаулар, жіңішке сөздерге жуан жалғаулар жалғанбасын. Жат сөздерді қалай қолданудың ұлы бағытына түсінген соң, әрбір сөзді дұрыстап жазу қиын емес.

Тілімізді байытайын деп тұрған екінші түрлі жат сөздер – Аурупа сөздері. Бұл сөздердің жаңғыз-жарымы болмаса, елге сіңгені жоқ. Бұларды қолданып, елге ықтиярсыз кіргізейін деп тұрған әдебиет тілі- міз. Аурупа сөздері соңғы заманда әдебиет тілімізге жапа-тармағай кіріп жатыр. Сондықтан, бұлар туралы да біраз ғана сөз айтпақшымыз. Аурупа тілдері бірнеше топқа бөлінеді. Бізге керегі мына үшеуі:

1) румын тілдері, 2) хермен тілдері, 3) слабиян тілдері. 

Бірінші топқа француз, итальян, португалия, испания, румыния тағы басқалар тілі кіреді. Херман тобына: неміс, норвегия, швед, дания тілі кіреді. Ағылшын тілі неміс тіліне жақын, хермен тілі мен франсуз тілінің араласуынан пайда болған. Слабян тобына: орыс, хахол, поляк, болғар, серб тілі кіреді. Әр топтың ішіндегі тілдер бір-біріне жақындығы біздің түрік тілдері- нің (ноғай, қазақ, қырғыз, өзбек, түрікпен, осман) жақындығындай. Әр топтың бір-бірінен айырмасы, түрік тілінің монғол я фин тілінен айырмасындай. Аурупа жұрттарының ғылым тілі қылып алған тілі – латын тілі. Латын тілінде бұл күнде сөйлейтін ел жоқ. Латын тілінде бұрынғы заманда рум халқы сөйлеген. Румдардың тұқымы бұл күндегі италияндар мен румындар. Латын тілінде сөйлеу, я кітап жазу бірден бірге қалып баратса да, сонда да Аурупа ғылымындағы атаулардың (терминдердің) бәрі латынша. Латын тіліндегі терминдерді ешкім қалдыруға ниет қылған жоқ, қалдыруға қолдану да келмейді. Ғылым ұлғайған сайын латын терминдері де ұлғайып барады. Аурупа жұрты латын сөздерін термин қылып қолданғанда, бұлжыт- пай алып отырған жоқ. Әр сөзді әркім өз тіліне бейімдеп, өзгертіп қолданып жүр. Сөзді өзгерткендер әрқайсысы өз тілдерінің заңымен өзгертеді. 

Мысал үшін, бір азғана үлгі келтірелік. Латынның портсио (порцио) деген сөзін неміс портсион (порцион), орыс портсиа (порция) деп қолданады. Латынның Пилантатсио (плантацио) деген сөзін француз пилантаж (плантаж), орыс пилантатсиа (плантация) деп қолданады. Латынның провинденция (провиденция) деген сөзін неміс провидент (проидент), француз пробинданс (провиданс), орыс пробинденна (провидения) деп қолданады. Осындай көп үлгілер келтіруге болады. Румын (латын), герман тілдерінде шолақ «у», «һ», «е» дыбыстары бар. Орыс тілінде мұндай дыбыстар жоқ. Сондықтан, орыстар шолақ «у» дыбысын «в» дыбысымен,«һ» деген дыбысты «г» я «и» деген дыбыстармен сөйлейді. Біздің қазақ-қырғыздың ішінде Аурупа тілдерін жақсы білетініміз аз, көбіміз білмейміз. Аурупа сөздері бізге орыс арқылы жалғасады. Сондықтан, Аурупа сөздерін, орыстың айтуынша қолданып жүрміз. Бұл дұрыс емес. Аурупа сөзін асыл нұсқасынан алып, өзгертіп қолдану керек. Орыстың айтуы Аурупаның айтуынан қандай айырылатынын төменгі үлгілерден байқауға болады. Латын сөздерін қазақша жазып, орыстың айтуын орысша жазып көрсетеміз. Аудииториум (аудитория), аутор (автор), аурора (авторе), аутономиа (автономия), аутомобилиус (автомобилъ), Данаус (Донай), һиспание (Испания), һисториа (история), һелена (Елена), құуадратус (квадрат), һипнозис (гипноз), һұманитұус (гуманный), һориизонт (горизонт), һигииена (гигиена), һиимн (гимн), һолланд (Голландия), Уилһелм (Вилъгельм), Хермен (Герман), Уиена (Вена), тағы талайлар. 

Аурупа сөздерін ала қалсақ, біздің білуімізше мынадай жолмен алу керек. 

1) Аурупа сөздерін алғанда, сөзді қазақ-қырғыз тілінің заңымен өзгертіп, сіңуге қолайлап алу керек. Аурупа тілінен бізге әсері көп тиетін тіл – орыс тілі, орыс сөздерін ықтиярсыз көп қолдануға керек болатын дәуірде тұрмыз. Сондықтан, орыс сөздерін қолданғанда, өте сақтық керек. 

2) Күнбатыс Аурупа сөздерін алғанда, түбін тексеріп, шамадан келгенше сөзді түпкі иесінің сөйлеуіне жақындатып алу керек. Сөз француздікі болса, француздың айтуына, немістікі болса немістің айтуына жақындатып алу керек. Көпке дейін Аурупамен біздің арамызға орыс тілі дәнекер болады. Орыстар Аурупа сөздерін өзінше өзгертіп алады. Мұны үнемі ұмытпасқа керек. Аурупа сөздерін орыс арқылы алғанда, өте сақтық керек. Аурупа сөзін орыс өзгертіп, орыстың өзгерткенін біз тағы өзгертсек, ақырында, Аурупа сөзі орынсыз танымастай болып кетіп, аурупаша да болмай, орысша да болмай шатақ болуы мүмкін. Копенгаген дұрыс емес, Көпен-һаген я, Көпенһаген болуы керек. Гелсингфорс дұрыс емес, Һелсинк-Форс болуы керек. Бұндай үлгілер көп. 3) Румын, херман сөздері жалпы айтқанда, жуан айтудан гөрі жіңішке айтуды сүйеді.«Л» деген дыбыс бүтіндері де, өнемейін жіңішке айтылады. Сондықтан, ішінде «л» дыбысы бар Аурупа сөздерін жіңішкертіп айтқан сөздің түбіне жақын, қолайлырақ болады. Немістің «Ланд» деген сөзі кірген сөздерді жіңішкертіп айтқан тіпті артық. Мәселен, Һолландиа дегеннен Һолләндие деген сөздің асыл нұсқасы жақынырақ болады. 

4) Француз тілінде сөздің басуы (ударение) соңғы буынының ішіндегі дауысты дыбыста болады. Қазақ-қырғыз тілінде де осындай қасиет бар. Сондықтан, Аурупа сөздерін өзгерткенде, франсуз тілін үлгіге алсақ көп жеңілдік көреміз. Мәселен, латынша механійкус деген сөз орысша механический, французша механик болады. Бұл сөзді қазақша механік деп алуға болады. 

5) Аурупа сөзін алғанда, түбірін сингармонизмге көндіріп алған соң, жалғаулардың да бәрін сингармонизм заңымен жалғау керек. Алған түбірден туынды сөздерді өз тіліміздің заңымен тудыру керек. Мехенікші, мехеніктемек, химие, химиеші, химиемек, химиелеу, гу- лейттемек, гулейттеймін (гулайт етемін деген дұрыс емес). Анатомиа, анатомиамақ, анатомиаламақ, анатомиашы. Көп ұшырайтын Аурупа сөздерін біздің ойынша, былай айту һәм жазу керек. Хермение (Гер-маниа), Туркие, Һыспаниа (һіспение, Әнгілие, Һөлләндие (Һолландиа), Бірәзилие, Ірләндие (Ирландиа), Финләндие, кәмесие, кәнференсие, сексие, реперетсие, Ителие (Италия), Һындиа (Ындық), Аурупа (Еуропе), химие, фійзиелөгие, пәтөлөгие, һигиене, мәтеметике, әріфметике, бійелогие, резөлитсие, Әмерике (Әміркен – Амырқан), Әфірике, Азиа, Ауыстыралиа, Нөрбегие, Шібетсие, Шібетсерие, Сербие, Романиа, Пелше, фіренік, маркы, Дәние, кәмесер, Түркістен, ысполком (ыспалқом), гөбкөм (ғобқом), гүбірне (ғобырна), әренде. Қазақ негізгі түбір сөзінде бас буынынан басқа орында сөздің ішінде «і» дыбысы естілмейді. Бөтен түрік тілдеріндегі «і» біздің тілде «е» болып кетеді. Сондықтан, бөтен тілдерде бар де, дән, нән, ләр (дәр) біздің тілде: да, ден, нен, лер болып айтылады. Жат сөздерді қолданғанда, ішіндегі «ә» дыбысты «е» қылып қолдану керек. Сонда, бізге «елеген» жалғаулардың үстіне, «әлеген» жалғаулардың керегі жоқ болады. Жәмиле, Мәлике, кәлендер, фебірел, декебір, сентебір, кәмесие, кемисер, Лейле, кітеб деп айту да керек, жазу да керек. Бірқатар азаматтарымыз, ел Жамила, Ләйлә, Хамила, Фебрал деп сөйлейді деуі мүмкін. Бұлай айтушыларға мынадай жауап береміз, шын қазақтың өзіне салсаң календарь деп, тіпті айтпайды, не кәлендер, не қаландар деп айтады. Бұлай қылып айтуды түрік тілінің заңы бұйырады. Өңге сөздер де кәлендер сықылды сөйленеді. Елді ықтиярына жібермей, шатастырып отырған, әуелі молдалар, сонан соң, біз – оқығандар. Жолтосбай болып, біздер жат сөздің әбден сіңіп кетуіне кедергі болып жүрміз. Жамила, Ләйлә, календар, фебрал деп оңды-солды елдің құлағына құйып, балаларға үйретіп тіл бұзуға себеп болып жүрміз. Оқығандарға енді мұны қою керек. Тілді бұзу емес, тілді ұстарту жолына түсу керек. 

Сингармонизм заңымен байланысқан қазақ тілінде мынадай заңдар бар: 

1) Қазақ-қырғыздың түбір сөзінде бір дыбыс екіленіп (таштиденіп) келмейді. Сондықтан, жат сөздердегі екіленіп айтылатын дыбысты қазақ- қырғыз не бір дыбыс қылып айтады, не соңғысын бөтен дыбысқа аударады. Молла – молда, үммет – үмбет, алла – алда, аууал – әуел, жиннат – жендет, суннат – сүндет. Тіліміздің заңы осылай болған соң, жат сөздерді алғанда ішіндегі бір дыбысты екілетіп айту, жазу керек емес. Мұғалым, қуат, қодыс, муезін, зәре, митал (метел), хылорупіл деп жазу керек. Осы заңның бойынша сұу, тұу секілді сөздерде бұрынғы ұұ жазуымыз дұрыс емес еді. Бүгінде қатемізді түзеттік; екі «ұ»-ны қатар қоймай ұұ- ның орнына ұу жазатын болдық. Бұлай қылғанымыз жоғарғы айтылған заңнан шығып отыр. 

2) Қазақтың түбір сөзінде екі дауыссыз дыбыс көршілес қатар тұрмайды. Өнемейін арасында дауысты дыбыс болмақшы. Қазақ сөзінде екі дауыссыз дыбыс көршілес қатар тұрса, онда сөздің екі сөзден құралғанын я, сөздің ішінде жалғаудың барлығын көрсетеді. Бүркіт, көгершін, шекбен, кетбен, тышқан, іркіт, бөктергі, борсық, жылқы деген сөздердің түбірі: бүр, көгер, шек, кет, тыш, ір, бөк, бор, жыл болуы керек те, қалған бөлімдері жұрнақ болуы керек. Олай болмаса, бүрікіт, көгерішін, шекібен, кетібен, тышықан, ірікіт, борысық, жылқы болуы керек. 

«Сананың» бірінші нөмірінде емле туралы жазғанда, ұлыт (ел), ұлт (итті), жылыт (көріну), жылыт (ысыту) секілді үлгілер көрсетіп, бұлардың әрқайсысы әр түрлі айтылады, бұларды жазғанда мағынасын айыру қиын. Сондықтан, бітеу буында «ы» («і») дыбысын қалдырмай жазу керек дейді, жоғарғы көрсетілген сөздердің бәрінде де «ы» дыбысы бар, бірақ, сөзде бұл дыбыс ұзындау айтылады. Біреулерінде қысқалау айтылады. Бір дыбыстың біресе ұзындау, біресе қысқалау айтылатыны, тіл болған жерде болмай қалмайды. Сондықтан, мұндай ұсақ айырмаларды жоюға таңбалар шығара берсек, тіліміздің қағидаларын өте қиындатып жібереміз; бұлай қылудың керегі жоқ. Бірқатар сөздерде екі дауыссыз дыбыстың арасындағы дауысты дыбыс жоқ секілді болып көрінуі де «ы» дыбысының өте шолақтанып, қысқа айтылуынан болса керек. Сингармонизм заңы жалғыз қазақ тілінің емес, түрік тілінің заңы. Тек түрік тілінің емес, орал-алтай тобына кіретін тілдердің заңы. 

Орал-алтай тобы мынадай тілдерге бөлінеді: 

1) фин тілі, мадиар- оңғар, фин (сууами), есті, мордва тағы талайлар. 

2) самоиет (қасұуами), 

3) түрік,

4) моңғол (қалмақ, бурлят), 

5) тоңғыз. 

Түріктің бұрынғы тарихы қытай, араб, парсы тілдерінде жазылған. Бұлар түрік-моңғол сөздерін орасан өзгертіп жіберген. Тарихтағы жаңылыс сөздерді түзетіп алуға сингармонизм заңы жол көрсетіп отыр. Ноғай тарихында Селенх деп жазылған, бұл дұрыс емес, сингармонизм заңынша Селенге я Сыланғы болуы керек. Шындығында, Сылаңғы. Селжуқ дұрыс емес, не селжік болуы керек, не салжық, сілжік болуы керек. Тарихтағы адамның, жердің аттарын алғанда, осы күнгі қазақтағы адамдардың, рулардың, жердің аттарымен салыстыру керек; Құбылайды Көбілей, Һулагуді Әлеке деу керек; Шыңғыздың атын Темучин деу дұрыс емес, Теміршін я Темірші болуы керек. Түрік, моңғол тілдерінің тұқымдас, тумалас екендігін, қытай тілінде «р» дыбысының жоқтығын ескерсек, Шыңғыздың аты Темірші болуға қолайлы бола қалады. Осман түріктерінде сингармонизм болғандығы жаулап алған Аурупа жерлерін атауларынан айқын көрініп тұр. Ыстанбол-Константинополъ, Әдірне-Адрианополъ, Иәнине-Янина, Азмыр-Смирна, Марыш-Марица, Бакрж-Бухарест, Олах-Волахия, Бағдан-Молдавия, Росшық-Рущук, Шетиние-Цетинье, тағы талайлар. Россияда орысша жақсы, ең жақсы таза сөйлейтіндер түріктердің оқығандары. Әсіресе, ноғайлар мен біздің қазақ-қырғыздар; ермелі грузиндер, немістер, латыштар, финдер орысша жаман сөйлейді. Бұлардың тілінде өнемейін акцент деген нәрсе білініп тұрады. Бұның себебі мынау – соңғы уақытқа дейін біздің Россиядағы түріктерде мұсылманша оқыту бар еді, ұлт оқытуы жоқ еді. Орыс мектептеріне кірген балалар ана тілін оқып, әбден жаттығып кірмей, ана тілімен таныс болмай тұрып, орысша оқи бастайтын еді. Орыс мектептеріне кіргендердің есіл-дерті, орыс тілін жақсы білу, орысша жақсы сөйлеу болатын еді. Орыс мектептеріндегі оқытушылардың да бар тілегі, жас өспірімге орыс тілін жақсы білдіріп, орыс тілін ана тіліндей қылып жіберу еді. Осылай болған соң, бірнеше жыл орысша оқыған балалар орысша орасан шебер болып кететін еді. Ана тілінің заңын, әдетін ұмытып кететін еді. Ана тілінің нақуы, сарфы жоқтығы, орыс тілінің астамдығы, болашақтағы пайдасы адамды қызықтыратын еді. Жасында ұлт мектебінде дұрыстап оқыған адам ана тілінің заңын ұмытпайды. Бөтен тілдің сөздерін, ана тілінің заңымен айтамын деп шатасады. Акцент туады, бөтенше сөйлеуге, бөтен елдің адамынан айырылмастай болып сөйлеу бұларға өте қиын болады. Бұлардың жат тілде сөйлегенде, жаттығы білініп тұрады. Өз тілін жақсы білген түрікке Аурупа тілдерінде сөйлеу қиын болса керек. Сонда да, біздің ноғай, қазақ сықылды түріктер, орысша соншама жақсы сөйлейді. Бұлардың орыс еместігі жақсы сөйлегеннен білініп тұрады. Оқыған түрік орыстың нағыз әдебиет тілімен сөйлейді. Нағыз орыс көбіне жасында, үй ішінде үйренген тілімен сөйлейді. Оқыған түріктер орыстың әр дыбысын школда үйренген қалпымен айтады. Сондықтан, орыс школында қатар оқыған орыс, қазақ балалары диктовка жазғанда қазақтар қатесіз жазады. Орыстар қатемен жазады. Мектепте ана тілін жақсылап оқыған балаға орыс сөздерін көпке дейін дұрыстап сөйлеу мүмкін емес. 

Біздің айтайын дегеніміз мынау. Орысша жақсы сөйлеймін деп мақтану керек емес, ойлаңқырау керек. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең бұл сүйініш, ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең бұл күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілді еліктей беруі зор қате. Бұл оқығандардың есінен шықпауы керек. Х.Досмұхамедов