Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы

Қазақ емлесінің кейбір мәселелері жайында


Орфографиялық ережелер мынадай мәселелерді қамтиды:

1) кейбір дыбыстардың жазылуы;

2) түбір сөздердің және қосымшалардың жазылуы;

3) сөздердің бірге, бөлек және дефис арқылы жазылуы;

4) шылаулар мен одағайлардын жазылуы;

5) бас әріптердің қолданылуы;

6) сөздерді тасымалдау.

Қазақ тілі орфографиясында д а у ы с т ы, д а у ы с с ы з дыбыстардың жазылуының барлығы бірдей қиындық туғызбайды.

Олардың көпшілігі сөздің кез келген жерінде қолданылып, өз әрпімен жазыла береді. тәжірибеде бірсыпыра қиындық келтіріп жүрген тұстар – дауысты ә, ы, і, и дыбыстарын таңбалайтын әріптер мен дауыссыз х, сонор й, у дыбыстарын таңбалайтын әріптердің емлесі.

Ә әрпі орфографиялық ереже бойынша көбінесе сөздің екінші, үшінші, соңғы буындарында жазылмайды, бірақ алдыңғы буындағы жіңішке дауыстының әсерімен келесі буындағы жуан а дыбысы ә болып жіңішке айтылатын (естілетін) сәттерде қай әріпті жазу қиындық келтіреді. Мысалы, тәкаппар, кітап сияқты сөздерді тәкәббар, кітәп деп те айтамыз (немесе оқимыз). Әдетте орфография (сөздерді дұрыс жазу) нормалары мен орфоэпия (сөздерді дұрыс айту) нормалары барлық сәттерде бір-біріне сай түсе бермейді. Әсіресе бұл – сөздерді сөйлем ішінде қолданғанда, яғни сөйлеу үстінде айқын көрінеді.

Орфоэпия нормалары бойынша жеке сөздер немесе сөйлем ішіндегі сөздер әрдайым жазылуынша айтылмайды, олар бір-бірімен үндескен, тілдің фонетикалық заңдарына бағынған, “сынған” күйінде айтылады. Осы себептен барлық сөзді естілуінше жазу қандай қате болса, жазылуынша айту (дыбыстау, оқу) сондай өрескелдік болар еді. Мысалы, көгалагөйлөкті ұзұнғыз бізгеғарай жалтпұрұлт деген сөйлемді осылай естілуінше (айтылуынша) жазу қандай ыңғайсыз болса, көк ала көйлекті ұзын қыз бізге қарай жалт бұрылды деп жазылуынша айту (оқу) да сондай сәтсіздік болмақ.

Түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде де сөз басында келген ж, ш дыбыстары (бір буынды сөздерде) мен үнді (сонор) й дыбысының аралығында а дыбысы тұрса, ж, ш дыбыстарының өздері де жіңішкеріп, дауысты дыбысты да жіңішкертіп жіберетін қасиетін ғалымдар әлдеқашан байқаған-ды. Мысалы, қосымшасыз жеке айтылғанда жәй, шәй болып естілетін сөздер бар. Ал бұларға жалғау- жұрнақтар жалғанғанда, олар жуан қосымшаларды қабылдайды: жайыңа отыр (жәйіңе отыр емес), жайсыз тиді (жәйсіз тиді емес), жайғасу (жәйгесу емес), жайлау (жәйлеу емес), жайша жүру (жәйше жүру емес), жайылым (жәйілім емес), жайырақ (жәйірек емес) т.т. Сондай-ақ шайға кел (шәйге кел емес), шайсыз қалу (шәйсіз қалу емес). Сондықтан жеке келгенде де, қосымшалармен қолданылғанда да, жай, шай сөздерінде жуан а әрпі жазылады.

Ә әрпінің түбір сөздің екінші буынында жазылатын сәттері де бар. Бұлар жалпы ережеден ауытқитын, сондықтан ескертуде көрсетілетін сөздер. Мысалы, ә әрпі сірә, куә, куәлік, күнә, күмән, іңкәр сияқты санаулы сөздердің екінші буынында жазылады (бұлардың толық тізімі орфографиялық сөздіктерде беріледі).

Ы, і әріптерінің қолданылуында да біраз қиындықтар бар. Мысалы, олардың сөз ортасында жазылатын не жазылмайтын; кейбір сөздерді тәуелдегенде, түсіп қалатын не түсіп қалмайтын; сөз басында р, л дыбыстарынан бұрын жазылатын не жазылмайтын орындарын жете анықтап алу қажет болады.

Сөз ортасында не соңында келген екі дауыссыздың арасына қысаң ы, і дауыстыларын салмай, шұғыл айтылуы мен араларына ы, і дыбыстарын қатыстырып және соларды анық қосып айту жазуға да әсерін тигізеді. Мысалы, жарқ-жұрқ етті дегендегі жарқ деген сөздің айтылуы мен Шамның сәулесі жарық екен дегендегі жарық сөзінің айтылуы бірдей емес. Алдыңғысының соңғы екі дауыссызы кілт, шұғыл айтылса, соңғыда р дыбысы созылыңқы айтылады. Осы құбылыс жазуда да ерекшеленіп, жарқ-жұрқ дегенді ы әрпінсіз жазамыз да, сәуле беру мағынасындағы жарық сөзін ы әрпімен жазамыз.Осы сияқты жапырақ, қоңырау, мағына, құбылыс, үкімет деген сөздердің орталарындағы дауыссыздар кілт, шұғыл айтылмайтындықтан, араларына ы, і әріптері қойылып жазылады. Тек жазылуы қалыптасып кеткен яғни, сахна сияқты санаулы сөздер ғана ортасына ы, і әріптерін салмай, екі буын болып таңбаланады. Бұларды да орфографиялық сөздіктерден қарап жазу керек.

Сөздің соңғы буынындағы екі дауыссыздың арасындағы ы, і әріптерінің жазылуы немесе түсірілуі белгілі бір грамматикалық құбылысқа байланысты. Көптеген тілдерде сөз тұлғасы өзгергенде, кейбір дауысты дыбыстардың сусып түсіп қалу құбылысы бар. Қазақ тілінде де соңғы буындарында ы, і қысаң дыбыстары бар бірқатар сөздерді тәуелдегенде, олардағы соңғы қысаң дыбыстар сусып түсіп қалады: халық + ы – халқы, көрік + ікөркі (ажары), ерік + і – еркі. Бұл заңдылық ы, і дыбыстарының үнді (сонор) р, л дыбыстары мен қатаң қ, к дыбыстарының аралығында келген жағдайында ғана байқалады. Ал қалған сәттерде соңғы буындағы қысаң дыбыстар сусымайды, сақталып айтылады және жазылады: киім + і – киімі, құлын + ы – құлыны, ойын + ы – ойыны, бұрым + ы – бұрымы.

Соңғы буынында ы, і дыбыстары бар түбір етістіктерге (мұнда да көбінесе р, л сонорлары мен қ, к қатаң дауыссыздардың аралығында келген ы, і дыбыстары бар сөздерге) дауыстыдан басталатын жұрнақтар жалғанғанда, қысаң дыбыстар сусып түсіп қалады, бұл заңдылық жазуда да орын алады: үрік + екүркек, бұйыр + ық – бұйрық, қорық + ақ – қорқақ, қорық + атын – қорқатын, қорық + ыныш – қорқыныш т.т.

Сондай-ақ кейбір зат есім, сын есімдерге көбінесе а, е сияқты ашық дауыстыдан басталатын қосымшалар жалғанғанда, соңғы буындарындағы ы, і дыбыстары түсіріліп айтылады және жазылады: орын + а – орнады (орынады емес), ойын + а – ойнады (ойынады емес), жиын + а + лыс – жиналыс (жиыналыс емес), ерін+ еу – ернеу (ерінеу емес), қырық + ыншықырқыншы (қырықыншы емес) т.т.

Р дыбысынан басталатын бірқатар сөздердің басында (р әрпінен бұрын) ы, і әріптері жазылады да, бірқатарында жазылмайды. Бұл сөздердің саны аса көп емес, сондықтан сөздіктен қарап жазуға болады. Дегенмен бұларды ажырататын белгілердің бірі мынадай: егер сөз басындағы р дыбысынан кейін қысаң ы, і дауыстыларынан басқа дауыстылар келсе, сөз басында ы, і әріптері жазылмайды: рас, рай, рақмет, ресми, рәсім, рең, рет, риза, рия, ру, рұқсат, рәсуа. Ал р дыбысынан кейін ы, і қысаң дауыстылары келсе, олар сөз басында да жазылады: ырым, ырыс, ырық, ірі, іріту, ырылдау т.б.

Түбір сөздің басындағы л дыбысынан кейін дауысты дыбыс келсе, сөз басында ы, і әріптері жазылмайды (ілім деген сөзден басқасында); лақ, лаж, лас, лай, лезде, лек-лек, леп, леген, лоблу, лоқсу, лық (толды). Бұл ережеге қарап ілу, ілесу, іле-шала дегендердің жазылуын шатастырмау керек: бұл сөздердің түбірі іл болғандықтан, сөз басында да і әрпі сақталады.

И әрпі кірме сөздердегі жалаң и дыбысымен қатар (кино, икс, фило­соф), ій, ый қосар дыбыстарын да таңбалайды. Жінішке айтылатын и-дің алдынан і әрпін жазбау қазақ емлесінде бірсыпыра қалыптасып, орнықты: би, тиек, киім, биік, имек, ирек, иіс, ине. Сондай-ақ и дыбысының жуан айтылған түрі де (ый) жалаң и әрпімен таңбаланады: бидай, диқан, риза, қария, иық, дария, кағида, қиын, сиыр, Сағира, Қалима.

Ій, ый дыбыстарын жалаң и-мен, сол сияқты үу, ұу дыбыстарын жалаң у таңбасымен беру оқыту ісінде, мысалы, сөздерді буынға бөлуде қиындық келтіретіні айтылып жүр. Тіл табиғатына қарасақ, қиын, қиық, қуыс, гуіл деген сөздер дұрысында қы-йын, қы-йық, құ-уыс, гү-уіл болып буындалуы керек, ал қазір жазылуына қарап шартты түрде қи-ын, қи-ық, қу-ыс, гу-іл деп буындап, соған қарай тасымалдап жүрміз.

Ый қосар әріптері тек тый, сый деген сөздерде ғана (олардың түбір тұлғасында да, қосымшалы түрінде де) жазылатынын негізгі ережеден ауытқу ретінде есте тұту керек: сый, сыйлық, сыйлау, сыю, сыяды, сыйды; тый, тыю, тыйылды т.т.

Дауыссыздардың ішінде х әрпінің қазақ сөздерінде (негізінен араб, парсы тілдерінен енген сөздерде) жазылуына өте ұқыпты қарау керек. Не морфологиялық, не фонетикалык принципке сай келмесе де, бірсыпыра сөздерде х әрпі жазылып, дәстүрге айналып кетті: хат, хабар, халық, мұхит, сахна, -хана. Оларды сөздіктен қарап жазуға болады. Ерекше есте болатын жағдай– араб, парсы тілдерінен енген көптеген сөздерде х әрпін жазудан сақ болу керек. Бақыт, құрмет, қатер тәрізді сөздерді бахыт, хұрмет, хатер деп жазу түпнұсқаға жуық келгенмен, қазақ емлесінде қалыптаспағандығын білу қажет. X әрпі қазақ тіліндегі жалпы есімдерден гөрі, жалқы есімдерде (адам аттарында) жиірек қолданылады: Мұхтар, Ахмет, Хамит, Халел, Хафиза, Райхан т.б.

Қосымшалардың жазылуында да мына мәселелерге көңіл аударуға болады. Қазақ тілінде қосымшалар, негізінен, үндестік заңы бойынша жалғанады. Қосымшаның жуан не жіңішке жалғануына келгенде, түбірдің соңғы буынындағы дауыстының жуан-жіңішкелігі ескеріледі: кі - тап + тың, мұға - лім + нің, ки - но + ға, те - атр +ға. Бірақ қосымшалардың буын үндестігінен ауытқып жалғанатын тұстары да бар. Мұндайда қосымша сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың жуан-жіңішкелігіне қарай емес, соңғы дауыссыз дыбыстың (не дыбыстардың) жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады. Бұл құбылыс әсіресе орыс тілі арқылы енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары жалғанғанда айқын байқалады. Мысалы, руль, ось деген сөздердегі дауыстылар жуан болғанмен, бұлардың соңындағы дауыссыздар жіңішке айтылатындықтан, қазақ тілі қосымшалары да жіңішке жалғанады: рульдің (рульдың емес), рулі (рулы емес), жердің осі (осы емес). Соңғы дауыссыздың жіңішкелігіне қарап қазақ тілі қосымшасын жіңішке жалғау ль дыбысына аяқталатын көп буынды сөздерге келгенде тек тәуелдік жалғауларына қатысты болады, яғни магистраль, фестиваль сияқты соңғы буыны жуан көп буынды сөздерге дауыссыздардан басталатын қосымшалар жуан жалғанады да, дауыстылардан басталатын тәуелдік жалғаулары жіңішке жалғанады: магистраль + ға, магистраль + дық, бірақ магистралі, фестивальға, бірақ фестивалі.

Енді бірқатар тұстарда, керісінше, сөздің соңғы буынында жіңішке дауысты дыбыстың әрпі таңбаланғанмен, қосымшалар жуан жалғанады. Мысалы, кінә, күнә, күмән, Күләш, Іңкәр тәрізді соңғы буындарында ә әрпі жазылған сөздерге қосымша жуан жалғанады: кінәлау (кінәлеу емес), күнәлы (күнәлі емес), күмәндану (күмәндену емес), күнәға (күнәге емес), Күләшқа (Күләшке емес).

ск, кс, кт, нг, лк, нкт, кль, брь, бль сияқты дауыссыздар тізбегіне аяқталған сөздерге де, соңғы буынның жуан не жіңішкелігіне қарамастан, қосымша жіңішке жалғанады. Мұнда бұл дыбыс қатарларының ішіндегі к, г дыбыстарының жіңішкелігі де әсер етеді. Осының салдарынан бұл тізбектер кіт, кіс, нгі, нкіт, іскі, кіл, бір, біл тәрізді болып айтылады: Омскіге (Омскыға емес), фактіге (фактыға емес), фактісі (фактысы емес), танкіге (танкыға емес), паркке (паркқа емес), пунктке (пунктқа емес), спектакльге (спектакльға емес), ансамблі (ансамблы емес).

Емле ережелерінің соңғы редакциясы бойынша орыс тілінен енген ог, уг дыбыстарына аяқталатын сөздерге де қазақ тілі қосымшалары жіңішке түрде жалғанатынын есте сақтау қажет. Г дыбысы қазақ тілі үшін жіңішке дауыссыз дыбыс екендігі мәлім. Сондықтан орыс тілінен енген сөздердің соңында осы дыбыс тұрса, қазақша сөйлегенде сөз соңы жіңішке айтылады. Осы заңдылық бұл сөздерге қазақ тілі қосымшаларын жалғауда үлкен әсер етеді, яғни жіңішке қосымшаларды қалайды: педагогке, педагогтік, педагогі, округке, округтік, округі. Қосымшалардың жазылуын сөз еткен тұста орыс тілі үлгісімен фамилия жасайтын -ов, -ев, -ин (-ова, -ева, -ина) жұрнақтарына да назар аудару қажет. Бұл күнде қазақтардың фамилиясын таныту үшін орыс тілі қосымшаларынан бас тартып, өзгеше белгілерімен қазақша беру принципі өте дұрыс екенін мақұлдай отырып, әлі де біраз уақыт осы жолмен жасалған қазақ фамилиялары қолданылатынын ескеріп, “Қосымшалардың жазылуы” деген тарамның 26-параграфында көрсетілген жұрнақтардың жалғану тәртібі, емлесі беріледі.

Қ о с ы м ш а л а р д ы ң жазылуында да тағы бір көңіл қоятын нәрсе – олардың кейбір тұлғаларға дефис (жарты сызықша) арқылы жазылатындығы. Әріптерден қысқарған сөздерге қосымшаның дефис арқылы жалғанып жазылуы – қалыптасқан ереже. Осымен бірыңғайлас болу үшін шартты белгілерге де, объект болып тұрған әріп, буын сияқты жеке тұлғаларға да қосымша жалғанғанда, дефиспен жазу керек: 10 см-ге, 20°-қа; и-дің жазылуы (и әрпінің жазылуы), да-ға қарағанда (да шылауына қарағанда) т.б.

Тәжірибеде пайызды (процент), градусты таңбалар арқылы, ал бірсыпыра өлшем атауларын шартты әріптер арқылы белгілеу, басқа тілдердегідей, қазақша жазуда да бар. Мысалы: 5% (5 процент бұл сөз пайыз деген вариантта да қолданыла бастады), 20° (20 градус), 15 см (15 сантиметр), 250 га (250 гектар), 220V (220 вольт), 10А (10 ампер), 5W (5 ватт). Жазу тәжірибемізде көбінесе осы сөздер атау тұлғасында қолданылғанда, шартты белгілер арқылы жазылады да, соларға қосымша қосыла қалса, толық жазылатыны жиі кездеседі: 5%, ал 5 процентке немесе 5 пайызға; 10А, ал 10 амперге. Бұл шартты белгілермен берілген сөздерге де қазақ тілі қосымшаларын жалғағанда, оларды “ашып” жібермей-ақ, қосымшаны сол таңбалардың өзіне дефис арқылы тіркеп жазуға болады. Оқығанда таңбалар жеке әріп түрінде оқылмай, толық сөз түрінде оқылады. Мысалы: 5 см-ді, оқылуы – бес сантиметрді (5 эсэмді емес), 5 А-ге, мұның оқылуы – 5 амперге (5 аге емес), 17°С-ге оқылуы – 17 градусқа (цельсийше 17 градусқа). Негізінен бұл қосымшалар таңбаның (әріптің) дыбысталу әуеніне қарай емес, сол әріп арқылы таңбаланған сөздің әуеніне қарай жалғанады. Мысалы: 5 А-ге (бес амперге), егер а дыбысының әуеніне қарай жалғанса, 5А-ға болар еді.

Сөздердің б і р г е және б ө л е к жазылу ережелері жайында да бірсыпыра түсініктер беруге тура келеді, өйткені бұл – жазу тәжірибесінде көп қиындық тудырып келе жатқан мәселе. Сондықтан қазақ орфографиясы ережелерінің соңғы редакциясында жүргізілген толықтыру, айқындаулар осы салада көбірек орын алды. “Біріккен сөздердің компоненттері қосылып жазылады және олардың дыбыстық жағынан өзгеріп кірігіп кеткен түрлері сол өзгерген қалпында, ал көпшілігі түбір тұлғаларын сақтап жазылады” деген мазмұндағы ережелер бұрыннан да бар әрі даусыз болатын. Жазуда қиындық туғызып келе жатқан жайт ереженің өзі емес, сол ережеге бағынатын біріккен сөз категориясын ажыратуда болып келе жатыр.

Соңғы кездердегі жазу дәстүріміз көрсетіп отырғанындай, ғылым мен техникаға, қоғамның әлеуметтік-саяси өміріне, мәдениетке, спортқа т.б. салаларға қатысты терминдік мәнде жұмсалатын күрделі атаулар бір сөз ретінде танылып кетті. Мысалы, 1978 жылға дейінгі орфографиялық сөздіктерде келіс сөз, қонақ асы, жанар май түрінде бөлек жазылып берілген сөздер күнделікті баспасөзде, кейбір оқулықтар мен жеке кітаптарда біріктіріліп жазылып жүрді. Екі түбірден құралып, терминдік сипат алған сөздерді біріктіріп жазу ережесі мен тәжірибесі бұрыннан бар (өнеркәсіп, кәсіподақ, баспасөз, бесжылдық т.б.).

Соңғы редакцияда бұрынғы: “Ғылымның әр алуан саласындағы терминдік мәнге ие болып қалыптасқан атаулар және басқа сөздер де бастапқы тұлғалары сақталып, дағды бойынша бірге жазылады” деген параграф сараланып, толықтырылды, атап айтқанда: “1) ғылым мен техника салаларында терминге айналған күрделі атаулар; 2) екі түбірден құралған аң-құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа, өсімдік атаулары; 3) шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, өнер, спорт сияқты салаларға қатысты зат, құрал-жабдық, әр алуан ұғым атаулары мен мамандық, кәсіп, қызмет иелерінің аттары; 4) екінші сыңары аралық, тану сияқты сөздер және алғашқы сыңары авиа, авто, изо, ультра... тәрізді сөздер болып келген күрделі тұлғалар біріктіріліп жазылады” деп айқындалды және олар жеке баптарға ажыратылды.

Бұл күнде ғылымның сан алуан саласы қазақ тілінде сөйлеп отыр. Мектептер мен жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтардан бастап, ғылыми еңбектерде, ғылыми-көпшілік қолды әдебиет пен баспасөз беттерінде жүздеген күрделі терминдер мен тіркестер қолданылады. Олардың дені интернационалдық сөздер болса, енді бірқатары қазақ тілі мүмкіндігімен жасалған атаулар болып келеді. Солардың ішінде екі түбірді біріктіріп, жаңа ұғым атауын білдіру де кең орын алатыны мәлім. Бұл күнде көзіміз үйреніп, қолымыз дағдыланып қалған баспасөз, өнеркәсіп, бесжылдық дегендермен қатар, термин мәніндегі қонақасы (ресми, яғни үкімет қонақтарына берілетін), келіссөз (үкіметтер, мемлекеттік ұйымдар арасында жүргізілетін), жарыссөз (жиналыстарда айтылатын), тілхат, қолхат тәрізді сөздерді қосып жазу қажеттігі сезіледі.

Сондай-ақ биология, зоология терминдері болып саналатын өсімдік, аң-құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа атаулары және солардың құрылысына, организміне (ағзасына) қатысты бөлшек не тұтастық атаулары екі түбір арқылы білдірілсе, оларды біріккен сөз ретінде тану қажеттігі даусыз. Мысалы, гүлтабан, тозаңқап, бұршаққын, сүтқоректілер деген сөздер – өсімдіктер мен жан-жануарлардың өздерінің атаулары емес, олардың бөлшектері немесе топтарының терминдік аттары.

Өсімдіктер дүниесі мен жан-жануарлар әлемінде ақ, қара, сары, боз, теңбіл сияқты сын есімдермен келген бір ғана өсімдік түрінің немесе бір ғана аң-құстың, жәндіктің т.б. атаулары жиі кездеседі. Бұлардың қосылып не бірге жазылуында да қиындықтар ұшырасып жүр. Олардың бірге де, бөлек те жазылатын реттері (заңдылықтары) бар. Әдетте түсті, қасиетті білдіретін сөздердің жеке өзі белгілі бір аңның, өсімдіктің, жәндіктің, құстың тұқымын айырып көрсету үшін қолданылса, олар бөлек жазылады. Мысалы, ақ аю, қара аю, қоңыр аю дегендердегі аңның аты – аю, оның алдындағы сын есімдер аюдың тұқымдарын (түрлерін) айырып айтады, сондықтан бөлек жазылады. Ал кейбір атауларда түсті, қасиетті білдіретін сын есімдер немесе солармен тіркесетін негізгі сөздер өздерінің лексикалық негізгі мағынасынан айырылып, екеуі бірігіп, бір ғана аңның, құстың, өсімдіктің т.б. жалпы атауын білдіреді. Мысалы, ақбауыр (құс), аққайран (балық), ақсары (құс) дегендердегі ақ сын есімі өз тіркескен сөзімен бірге жазылады, өйткені бұл жердегі балық, құстардың атаулары бауыр, қайран, сары емес, бұл сөздер ақ сөзімен қосылып барып қана жалпы атау болып тұр, демек, мұндағы ақ сөзі де тек қана түсті білдіріп, айырымдық қызмет атқарып тұрған жоқ, сондықтан бұлар бірге жазылады. Әрине, кез келген сәтте бұларды бірден ажыратып тану оңай емес. Әр алуан кітаптарда, сөздіктерде, энциклопедияларда мұндай күрделі атаулардың жазылуында бірізділік болмай келеді. Бұлардың орфограммасын (таңбалануын) мүмкіндігінше реттеу – емле сөздіктерінің міндеті, бірақ мұнда да едәуір қиындықтар болатынын мойындаймыз.

Тек ғылым салалары емес, техника, шаруашылық, қоғам өмірі, мәдениет, күнделікті тұрмыс, өнер, спорт сияқты салаларға да қатысты терминдік мәнге ие болған сөздер аз емес. Мысалы, бір ғанаспортта, бессайыс, онсайыс, жанкүйер, тоғызқұмалақ тәрізді күрделі сөздер термин есебінде қалыптасты. Сондай-ақ өнер-білімге қатысты қылқалам, күйтабақ, сөзжұмбақ, сөзтізбе, төлтума, жолжазба сияқты атаулар да жиі қолданылып, бір сөз ретінде танылып жүр. Жолсерік (проводник), жағажай (пляж), ақжайма (простыня), балабақша (детский сад), гүлтәж (венок), саяжай (дача), майбалшық (раствор сияқты сөздер белгілі бір ғылым мен техника саласының терминдері болмағанымен, бір ғана атау ретінде қолданылып, біріктіріліп жазылып жүргені аян. Әсіресе екі түбірден жасалған мамандық кәсіп, қызмет, белгілі бір бағыт иелері атауларын бір сөз деп тануға бет алып барамыз: теміржолшы, қызылізшілер, ізашар т.т. Міне, тілдегі осы бағыт жазуда да өз әсерін тигізіп отыр: бір сөз ретінде танылғаннан кейін мұндай атауларды біріктіріп жазу дәстүрі орныға бастады.

Осы жерде соңғы емле ережелерінің кісі аттарының жазылуына енгізілген өзгерістер мен түзетулерге назар аудару қажет. Мұнда “екінші компоненті қ, к дыбыстарынан басталатын біріккен сөзден болған кісі аттары естілуінше жазылады” деген ескерту айтылды. Мысалы: Қоскелді, Амангелді, Төрегелді, Күсепқали, Аманғали, Құтқожа, Телғожа, Көккөз, Қарагөз, Аққыз, Айғыз.

Жалпы кісі аттарының жазылуына байланысты және мынаны айту қажет: қазақтың төл сөздерінен жасалғандары болсын, араб, парсы сөздерідерінен қойылғандары болсын, кісі аттарына қатысты жалқы есімдерде едәуір ерікіндік бары байқалады. Бір сөздің өзі әр түрлі болып қойыла береді. Мысалы: ШекерСекер (хан), Әлия Ғалия Қалия, Зәуре Зура Зухра, Гүлбаршын Гүлбараш, Нәзікен – Назықан, Роза Рауза, Фарида Фариза, Болат Полат, Жүсіп – Нүсіп – Дүсіп – Түсіп – Жұсып, Асанғали Асанәли Асанәлі, Құрбан Құрман, Мұхамбет Мұхамет (қали) – Махамбет – (Айт)мағамбет – (Айт) мұхамбет т.т. Бұл варианттардың көпшілігі өзге тілдік есімдерді әр жерде әр түрлі қабылдауға (Шекер Секер, Фариза – Фарида), оларды қазақ тілінің дыбыс заңдылықтарына түрліше бағындыруға (Мұхаммед есімінің қазақша сан түрлі болып қойылуы бұған дәлел), жуан-жіңішке айтуға (Нәзім Назым, Айтым Әйтім) тағы осы сияқты себептерге байланысты болып келеді. Бұл жарыспалы қатарлардың тек біреуінің қолданылуын (демек, жазылуын) талап етіп, қалғандарына тыйым салу мүмкін емес. Бұл – тек жалқы есімдерге тән құбылыс. Сондықтан қазақша кісі аттары баласына ат қойған ата-анасының қалауына немесе сөздің сол өлкеге, сол отбасына тән болып калыптасып, дағдылануына байланысты қалай айтылса, солай жазылғаны дұрыс. Бірақ бұл еркіндікті тілдің дыбыстық заңдылықтарына қайшы етіп пайдалануға болмайды. Мысалы, қазақтың төл сөздері мен араб, парсы тілдерінен енген сөздер еш уақытта екі дауыссыз дыбыстан басталмайды. Ол екі дауыссыз дыбыстың не алдында (сөз басында), не ортасында ы, і дауыстыларының бірі қатысып айтылады. Бұл фонетикалық заңдылыққа жалпы есімдер де, жалқы есімдер де (соның ішінде кісі аттары да) бағынады. Сондықтан соңғы жылдары кітап, газет-журнал беттерінде орын теуіп бара жатқан Рза, Сматай, Сланов, Рсалды, Смайыл, Сқақ сияқты жазулар мүлде қате. Бұл есімдер қазақша жазғанда Ырза (немесе Риза), Сыматай, Сылан(ов), Ырысалды (немесе Ырсалды), Ысмайыл (немесе Сымайыл), Ысқақ түрінде таңбалануы керек.

Күрделі сын есім жасап тұрған екі (кейде үш) сөздің әрқайсысы өздерінің нақтылы лексикалық мағынасына ие болып тұрса, бір-бірінен бөлек жазылатындығын алдыңғы айтылған (көрсетілген) топтармен шатастырмау керек. Мысалы: үш бұрышты тақтай, көп таңбалы сан, ауыл шаруашылық артелі. Бұл жердегі көрсетілген күрделі сын есімдердің әр сөзінің бөлек жазылу себебі олардың өз мағыналарын сақтап тұруларында. Аударма әдебиетте, содан барып төл жазбаларда да осы тектес сын есімдерді қосып жазып шатастыру кездеседі, себебі бұлар орыс тілінде біріккен сөз болады: треугольная дощечка, многозначное число, сельскохозяйственная артель. Бірақ екі тілдің сын есімінің жасалуы мен жазылуы тепе-тең емес екендігін, яғни айырмашылық болатындығын қатты ескеру қажет.

Сол сияқты күрделі сан есімдердің, күрделі етістіктердің әрбір компоненті (сөзі) бір-бірінен бөлек жазылатындығы да қазақ тілінің ерекшелігі: он бірінші, он бір, он бес, он бестегі; қол қой,қол қойды, көре алмады, көре алмаушылық т.т.

Емлеге байланысты көңіл аударатын жайт – бір сөздің екі не одан да көп болып келетін нұсқаларының (варианттарының) қайсысын таңдап жазу жайында. Табиғаты жағынан мұндай қатарлардың біркелкі емес екенін ескеру қажет. Бір алуан нұсқалардың қайсысын таңдау негізінен емлеге қатысты емес, лексикалық нормаға, яғни ол жарыспа қатарлардың тілде қолданылу сипатына байланысты болады. Кейбір вариант қатарларының екеуі де (кейде үшеуі, төртеуі де) қолданыла беруі мүмкін. Мысалы, әдеби тілдің өзінде бір түбірден өрбіген разы, риза, ырза деген үш түрлі тұлғаның үшеуі де жұмсалады. Сол сияқты бір түбірден тараған сұрақ сұрау, рұқсат – лұқсат, адас – аттас, едәуірнедәуір, шейін – шекті, я жә, өн бойы – өне бойы, бұл – бұ, қаһар – кәр, заһар – зәр, әскерләшкер, адым – қадам, күнбағыс – күнбағар, айдаһар – аждаһа, шайтан сайтан, күкірт кеуірт, лық толды лықа толды, заманзамана, жиналыс – жиылыс, қоныш – қойыш, бүлінубүлу дегендердің екі сыңары да – тілден орын алуға құқықты сөздер. Олардың бірқатарының екі варианты да әдеби норма болса, енді бірсыпырасының біреуі көне тұлға (ләшкер, ұғыл, адас) немесе жергілікті қолданыс (кеуірт, қойыш, күнбағар, шекті) болып келеді. Сондықтан мұндай бір мағынадағы жарыспалы қатарлардың екеуі де (кейде үшеуі, төртеуі де) сөздіктерден орын алып, орфограммалары (жазылу түрі) көрсетіледі.

Енді бірқатар жарыспалы тұлғалар бір түбірден екі түрлі мағына беретін екі сөз жасаудың нәтижесінде пайда болғандар. Мысалы: үкімет (правительство) және өкімет (власть). Бұл екі сөздің түбірі – хукмат деген бір сөз. Сол сияқты есеп және хисап, әрекетхарекет, найзағайнажағай, дүрдүррі, каһаркәр, кәдімгі – қадим (заман) т.б.

Жарыспалы сөздердің үшінші тобына стильдік мақсатпен бір сөздің екі түрлі тұлғада жұмсалатындары жатады. Мысалы, мына қатарлардың әрқайсысы белгілі бір стильдік жүк арқалап жұмсала береді: шайтансайтан (соңғысы “өжет, өткір, жұртты өзіне қаратқан” деген сияқты ауыспалы мағынада стильдік мақсатпен қолданылады: Мен қара көз сұлумын, сайтан қызбын – Ж.Молдағалиев), жұмақ ұшпақ (соңғысы ауызекі сөйлеу тілінің элементі ретінде көркем әдебиетте кейіпкер аузына салынады), әзіз ғазиз, көңілкеуіл, патша – падиша, заман – замана, көктем – көктеме, беріп жіберді – періп жіберді (соңғысы “соғып қалды, қойып жіберді” дегенді айырып көрсету мақсатында жазылуы мүмкін).

Сөйтіп, жарыспалы қатарлардың қай сыңарын жазуда контекске қарау қажеттігі туады.

Тағы бір алуан варианттар қатарының жазуда біреуін таңдауға тура келеді. Олар – фонетикалық-орфографиялық дублеттер, яғни бір сөз екі түрлі айтылып, бірақ ешбір мағыналық айырмасы не стильдік жүгі жоқ болып келетін сөздер. Мұндай қатарлардың біреуін жазуда тұрақтандыру арқылы әдеби норма етіп қалыптастыруға тура келеді. Мысалы: бұл күнде лағынет – лағнат, башай – бәшей, саршұнақ – сары-шұнақ, ерегіс – ерегес, қонағуар – қонақуар, уайымуәйім, жай – жәй, екі ұшты – екі үшті тәрізді фонетикалық дублеттердің алдыңғы сыңарларын жазып тұрақтандыру бағыты күшті.

Оқулықтар мен анықтағыш құралдарда көрсетіп отыру арқылы, күнделікті жазу тәжірибесінде, әсіресе баспасөзде біркелкі қолдану арқылы бұрын екі-үш түрлі жазылып келген жүздеген сөздердің бір ғана тұлғада таңбалануы едәуір орнығып қалды. Мысалы, бәйтерек, бәйшешек, диқан, ерегіс, жай, қазір, қисса, меруерт, мысалы, өйткені, өйтіп, патша, сіріңке, шілдехана сияқты сөздердің байтерек, байшешек, дихан, ерегес, жәй, кәзір, хисса – қысса – қыса, мерует, үйткені, үйтіп, патса, сіреңке, шілдеқана, шылдақана деген варианттарының жазылуы біршама тежелді. Мұндай фонетикалық-орфографиялық варианттардың дұрысын емле сөздіктерінің көрсетуі бойынша жазу керек.

Қ о с сөздердің жазылуын сөз еткенде, дефис арқылы жазылатын қос сөздерден басқа, үтір арқылы немесе тіпті ештеңе қойылмай жазылатын күрделі қосар құрылымдардың болатындығын еске алу керек: апы кіріп, күпі шығып; үлде мен бүлдеге; ақай жоқ, тоқай жоқ; күн демей, түн демей т.б.

Рәбиға Сыздық. Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы). Астана: Елорда, 2000, - 532 б.