Жазу теориясының негіздерін жоғары оқу орындары бағдарламаларына енгізу мәселесі туралы

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің» бесінші, академиялық басылымы алдымен 2005 жылы 5000 данамен, артынша ішінара түзетулер енгізіле отырып, 2006 жылы 100 мың данамен жарық көрді. Араға жыл салмай, соңғы жарияланымның да шығу себебі біреу-ақ – ол кейбір қысқартулар жасай отырып, сөздікті ықшам, Қазақстанның барлық аймағына тарайтын, қолжетімді етіп тарату мақсаты. Екі басылым да «Арыс» қоры баспасынан жарық көрді. Сөздіктердегі жаңалықтар арнайы сөз болып, айтылмағандықтан, мақала түрінде көпшілік назарына ұсынылмағандықтан, емле сөздігінің соңғы сөз болып отырған басылымындағы өзгешеліктерді бір-екі сөздің айналасына жинақтайтын болсақ, ол мынаған саяды.

Ең алдымен, сөздіктегі реестр сөз саны 43 мың сөзден (2000 ж.) 53 мың сөзге көбейді. Олар бұрын сөздікке тіркелмей қалған сөздермен (әзборақ (борсықтың баласы), әздік (қадір-қасиеттілік), әзелде, әйкел, әйкелтаяқ, жыртық-жамау, жібіскі және олардың туынды қатарымен, жаңа сөздер, жаңа қолданыстармен (жеткізілім, айтылым, естілім, дәріс, хашия), саяси, діни факторларға байланысты бұрын сөздік ресстріне алынбаған, көне, тарихи, кітаби, діни сөздермен (бұрхан, дәргаһ, жолдасу, елаты, еңбекшерік, пайшерік т.б.), әлеуеті бар жергілікті сөздермен, жазылуы қиындық тудыратын қарапайым сөйлеу тілі элементтерімен (ертең-бүрсігүндері, пәлен-пәштуан, пошым, боғауыз, боқмұрын), бірге, бөлек жазылуы қиындық тудыратын есімді тіркестермен (дара меншік, кірпіш қалааушы, арыз беруші) толықты.

Бірге, бөлек жазылатын сөздер қатары жүйеленді: емле ережесінің 21-на сай бұрын анықтауыш-анықталғыш қатынастағы есімді тіркестер делініп бөлек жазылып келген бір ғана зат, ұғым атаулары бірге таңбаланды. Жазу дәстүрін бұзбау мақсатымен, мұндай қатардағы сөздерді жазу жүйесіне сатылап енгізу қарастырылды. Сондықтан көп денотативке ортақ сыңарлы тіркестен гөрі бұл сөздікте 2-3 денотативке телінген есімді тіркестерді бірге жазу кодификацияланды. Олар: қолорамал, беторамал, асқасық, шайқасық, қолайна, қолбұрғы, қолшана, желдиірмен, будиірмен, қолсағат, ашішек, тоқішек, көтенішек, атдорба, аткөпшік, еткөйлек, жанқалта, желбесік, желқайық, шыныаяқ, қойындәптер, ішкөйлек, сазбалшық, қарабалшық, көрпетыс т.б.

Аталған қатардың бірге жазылуына, біріншіден, екі сыңары да әсіресе соңғы сыңары өз мағынасында тұрғанмен, екеуі бірігіп, бір заттың атауы болуы, екіншіден, жиі қолданыстағы тұрмыстық атау болуы; үшіншіден бір екпінге бағынуы себеп болды.

Сондай-ақ бір-бір ұғымды білдіретін -ым жұрнағымен келетін ұлттық өлшем атаулары бірге жазылды: аспісірім, атшаптырым, әудемжер, биесауым, бірезім, бірасым, көзкөрім, біржағым, біркөш жер, бірасым, біраттам, бірауыз, біржайлы, біржер егу, біржолғы, біржолы, біржұтым, біриірім, біркиер, бірқадам, бірқайнатым, бірқызық, бірсалар, бірсалым, бірсауым, бірсыдырым, біртабан, біртартар, біртурам, біртұтам, біртүрлі, біртілім, біртістем, біруыс, бірұрттам, бірүзім, біршағым, біршайқам, біршөкім, біршымшым, етасым, етқайнатым, етпісірім, жазғасалым.

Бұл қатар бұрын экспрессивті-эмоциялық сипаты бар бағалауыш мәндегі фразеологизмдер ретінде бөлек жазылатын. Алайда мұнда экспрессивтіліктен гөрі қазақ ұғымына тән өлшем бірлік атауының номинациялану дәрежесі бірге жазуға мүмкіндік береді.

Бірге таңбалауға байланысты енді бір өзгеріс бейнелі тіркес ретінде бөлек жазылып келген дерексіз атаулар, әсіресе адам мінезін сипаттайтын біріншілік атау дәрежесіндегі фразеологизмдердің жазылуында болды. Және бұл қатардың сөзжасам жұрнақтарымен (-лан, -лық, -лы) түрлене алатын сипаты бірге таңбалаудың шартына айналды. Мысалы: ақкөңіл, ақкөңілді, ақкөңілділік, ақкөңілдену, ақниет, ақниетті, ақниеттену, ақниеттілік, ержүрек, ержүректену, айранкөз, - дену, ақайран,- дану, ақжағал, - дану, ақжарқын, -дылық, ақжем, - дену, ақжүрек,-тену, -тік, ақкөз,- дену, аққұлақ, - тану, ақниет, -ті, -тену, -тілік, ақпақұлақ,-тану, ақпейіл,-ді, -ділік, -дену, ақсирақ,-тану, ақтаңдақ,-тану, ақтүтек,-тену, ақүй,-лі, ақүрпек,- тену, ақшаңдақ,-тану, алабажақ,-тану, алабөтен,-дік, алағаншық,-тану, алакөз,-дену,-дік, алакөңіл,-дену,-дік, алақол,-дық,-дану, аласабыр, аласапыран,-шыл, аласапақ, алауыз,-дану, алашапқын,-дану, алаяқ,-тық, алқаби-лік, алаөкпе,-лену, апайтөс, арамтамақ,-тық, атажұрт, атақоныс,атамекен, атамұра, ататек, атжал,-дану, аткөпір ету, атқамінер,-лік, атсалысу,-лық, атүсті,-лік, ашкөз,-дену, -дік, ашықауыз,-дық, -дану, әкімқара, басбұзар,-лық, баскесер,-лік, бассауға,-лау, бозөкпе,-лену, -лік, бойұру, -шылық, боркемік,-тену, босбелбеу,-лену, -лік, бос сөз,-ділік, бұланқұйрық,-тану, шаласауытты,-лық, құймақұлақ, қызылшырай,-лы, бірбеткей,-лік, бірмінезді,-лік, бірсөзді,-лік, біртуар, дүниежүзі,-лік, дүниеқоңыз,-дану, -дық, езмалта, -лау, -лық, екіжүзді,-лік, екісөзді,-лік,жалаңаяқ,-тану, -тық, жалаңбас, -тану, -тық, жалғызбас,- тылық, -ты, жалпақшешей,- лену, -лік, жалпетек,- тену, жалтаңкөз,- дену, -дік, жанқияр,-лық, жанпида-лық, жансауға,-лау, жаужүрек,-тену, -тік, жаутаңкөз,- дену, -дік, жезөкше,-лік, сормаңдай,-лық, -лану, сужүрек,-тену, -тік, суқараңғы,-лық, сумұрын, боқмұрын, суыққол, еркөңілді,-лік, сыңарезу,-лік, -лену, сыңаржақ,-тық, -тану, сырткөз, тасжүрек, -тену, -тік, кісікиік,- тену, -тік, ауызбірлік т.б.

Сондай-ақ көп денотатқа ортақ үй, ағаш, мәшине, тас сөздері нақты мағынасынан ауытқып, дерексіздене бастаған қолдынасында бірге жазылды: бормәшине, ісмәшине, ауызүй, төрүй, асүй, алмаағаш, жидеағаш, сүтмәшине т.б.

Бейнелі тіркес ретінде бұрын бөлек таңбаланып келген мезгіл, шақ атаулары бірге жазылды: күнұзаққа, күнілгері, күнібұрын, алакөлеңке шақ, қаракөлеңке шақ. Сондай-ақ аяқасты, аяқастынан, әртарап, әртекті, әртүрлі; басыбүтін сияқты сөздер үстеу ретінде бірге таңбаланды.

Сонымен қатар үш сөзден тұратын зоологиялық атаулардың -ды, жұрнағымен келетін алдыңғы екі сыңары және осы тіркестің -лар жұрнағымен келетін түр атауы біріктіріліп ресстрге шығарылды. Мысалы: ашатұяқты, ашатұяқты жануар, ашатұяқтылар, бауыраяқты, бауыраяқты жәндік, бауыраяқтылар т.б.

Формалды белгісі бар біріккен сөздердің қатары молайды: адамсүйгіш, еңбексүйгіш, ауызбаққыш, антатқан, атмалтыс, мұрынжолды, ауырдәулетті, беткеұстар, ақнәсілді, ағылшынтілді, қазақтілді, екітілді т.б. мұндағы жұрнақтар (-ғыш, -лы, -ыс, -ар, -ды) қазақ тіліндегі біріккен сөздің формалды белгісі ретінде танылып, біріккен сөз жасамның бір тәсіліне айналған еді.

5- басылымда -лық жұрнағының сөз біріктірушілік сипатына артықшылық берілді: жұрнақ қатар айтылған есімді тіркесті де, етістікті тіркесті де біріктірді. Мысалы: -лық//шылық: алдыналушылық, арашаруашылық, арқатұтунышылық, арттақалушылық, артықкетушілік, асырасілтеушілік, атқоюшылық, ауажайылушылық, ауызбірлік, ауызтатырлық, ауызтұшырлық, ауылшаруашылық, бассалушылық, белбайлаушылық, бұғышаруашылық, бүкілхалықтық, бүкілқазақстандық, жалпымемлекеттік, жалпыұлттық, жалпыадамзаттық, жалпыхалықтық, жалпыэкономикалық, жантүршігерлік, жанашырлық, жантыныштық, жателдік, жатжұрттық, жатжерлік, жатпейілдік.

Бұрынғы емле сөздігінде бас әріппен жазылатын сөздер жалқы есім ретінде танылып, сөздікке енгізілмейтін. Өйткені жалқы есімдердің жеке сөздігі болуы шарт саналатын. Бас әріп функциясы денотаттың жалқы екенін ғана көрсетіп қоймайды. Онда идеографиялық ұғым, жазарман мен оқырман санасына танылған ерекше патетика мен символика бар. «Однако же при различение больших и малых букв дело представляется несколько иначе: хотя ассоциации с представлениями произносительно-слуховыми остаются один и те же, но зато меняются ассоциации с представлениями морфологическими и семасиологическими. Ведь представлениями больших букв свойственны другиеассоциации этого рода, не ужели представлениямси малых букв. Применение больших букв в начале собственных имен и других слов особого вида относится к категории писанно-зрительных различения по семасиологическим соображениям»[1,c.216] деген Бодуэн де Куртенэ.

Мысалы, құдай сөзі қазіргі тілді тұтынушы санасына, жазарман мен оқырман санасына ерекше ассоциация береді. Сондықтан сөздікке символдық қызметтегі бас әріппен жазылған сөздердің қатары енгізілді. Олар жиі қолданыстағы жалқы есім ретінде тіркелді. Мысалы: Елбасы, Зәбүр кітап, Қаршақыз, Ақ (құдай), Ақүй, Хақ тағала, Құдай, Құдай тағала, Тәурат, Құран, Жаңа жыл, Наурызтой т.б.

Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің енді бір жаңалығы – қосымша варианттарының жалғануы қиындық тудыратын сөздердің орфограммасы болды. Мысалы, бұрынғы сөздіктерде екінші буынында ә жазылатын сөздердің барыс, тәуелдік жалғауымен келген түрі ғана берілсе, енді күмән, куә, шүбә сияқты сөздерге табыс, жатыс, шығыс септіктері мен көптік жалғауының қосылып жазылуы да көрсетілді. Өйткені жазу практикасында күмәндер// күмәндар, күнәлер// күнәлар, куәсіне//куәсіна, шүбәлар//шүбәлер варианттарының біреуін таңдау қиындығы бар еді. Сөздікте бұл қатардың а вариантына артықшылық берілді. Ол түбір сөз соңындағы ә-нің а варианты екенінен, сондықтан қосымшадағы a [a] не [ә] болып айтылатынынан хабар береді: күнәлар  күнәләр.

Сондай-ақ басы, қайсы сөздерінің грамматикалық формалары көрсетілді. Мысалы, әскербасы, әскербасысы, отбасысы, отбасылар, әскербасылар, әрқайсы (әрбіреу), әрқайсысы (әрбіреуі), әрқайсысына, әрқайсысылары, әрқайсысының, әрқайсысынан, әрқайсысымен, әрқайсысымыз. Мұндағы қиындық түбірдегі тәуелдік ІІІ жақ жалғауының грамматикалық мағынасының күңгірттенуінен шығады. Жазу тәжірибесінде отбасылар// отбастар, қолбасылар//қолбастар, әрқайсына//әрқайсысына орфограммаларының бірін таңдау проблемаға айналады. Соңғы варианттың ішінде мағыналық дифференциация бар. Яғни қайсы жансыз затқа, қайсысы адамзатқа қатысты айтылатын реңкте сияқты.

Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің енді бір жаңалығы дыбыстық құрамы игерілген кірме сөздердің фонетикалық принциппен жазылуы болды. Мысалы, мәйкі (майка), кәстөм (костюм), бәнкі (банка), штангі (штанга), соды (сода), стансы (станция), стақан (стакан), күрд (курд), пәлте, резеңке, тұңғыс-манжұр (тунгус-манжур), кепкі, кофты, поштамп, шұрып, шопыр, кәлөш, мәшине т.б. Бұл жазуды нормалаудың алғашқы кезеңінде жазылған ауызша тілде қалыптанған, жиі қолданылатын тұрмыс-зат атауларына қатысты.

Сондай-ақ сөздікте кірме сөздер мен терминдердің ішінде қазақ тіліндегі баламалары тұрақталған қатарының емлесі көрсетілді де, орыс тіліндегі нұсқасы сөздік ресстрінен шығарылды. Мысалы: пилот(ұшқыш), плитка (тақташа), пленка (үлдір), плита (тақта), паспорт, паспортист, паста, порт, потенция, почштамп, пристав, профилактика, профйорма, пункт, радикализм, разъезд, рапорт, реакцияшыл, регистратор, регистратура, регистрация, реставрация, ресторан, саквояж, жюри, космос, адрес, актуалды, ассорти, белок, бинт, блокнот, бриллиант, галош, галстук, глобализация, глобализм, паста, прерспектива, пират, поднос (қолтабақ), порт (айлақ), портсигар (шылымсалғыш), поршень (піспек), поселке, мрамор (мәрмәр), инфляция, канал, канализация, кассета, клавиатура, климат, контур, коллегия, компенсация, комплект, консультант, консультация, рулон, секретарь, сигнал, скважина, социолог, спутник, стажер, стимул, телефонист, критерий, кузов (шанақ), курсив (көлбеу жазу), трубина (мінбе),тротуар (жаяусоқпақ),флагшток (тутұғыр), фонтан (хауыз), ювелир (зергер) т.б.

Ал кейбір екі нұсқасы да қолданылатын қатардың кірме варианты да, қазақ тілі баламасы да сөздіктен орын алды. Мысалы: террор-лаңкес, терроризм-лаңкестік, колхоз –ұжымшар, контрабанда –әткесшілік т.б.

Сонымен, «Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің» бұл басылымы қазіргі қазақ жазуының қиындық тудыратын тұстарында басшылыққа алатын, қазіргі қазақ жазба тілінің қалып-күйін танытатын еңбек болып шықты деп ойлаймыз. Сөздікте берілген орфограммалардың негізі жоқ емес, оған қазақ ауызша сөзінің айтылуы мен жазба сөзінің таңбалану нормасынан бірнеше рет өңделген анықтағыш құрал жазып, емле сөздіктерін құрастырып келген проф. Р.Сыздықтың, қазақ әліпбиі мен орфографиясының теориялық негіздерін іздеп, осыған дейін тілдің басқа деңгейлерінің қалтарыстарында қалып қоятын орфографияны тіл білімінің бір саласына айналдырған  Н. Уәлидің, жазба тіл, бірге, бөлек жазылатын сөздердің емлесіне зерттеу жүргізген Қ. Күдеринованың еңбектері негіз болды.

Осыған орай қазақ жазуындағы орфограммалардың қалыптану уәжін жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде оқитын тіл маманы білуі тиіс, игеруі міндетті деген мақсатпен, филология факультеттерінде осы күндері өткізіліп жүрген «Қазақ жазуының тарихы», «Қазақ тілі орфографиясы мен орфоэпиясы», дәрістерімен қатар «Қазақ жазуының теориясы» атты дәріс те, арнаулы семинар да жүргізілуі қажет деп баса айтамыз. Сонда қазақ жазба тілінде қолданылып келген графика түрлерін, ондағы әліпби құрамы мен орфография нормаларын танып, қолданып, меңгеріп көрген студент қай графикамен жазып, қандай әліпби құрамын пайдаланғанда, орфографиялық нормалардың қандай деңгейде қалыптанғанын көргенде, Қазақстан даласында қолданылған жазу түрлерінің қайсысы жетілген жазу болып саналады деген бүгінгі күн үшін маңызы бар сауалға пікірін түйіндеп, ой қорытып, қазіргі қазақ жазуына баға беріп үйренеді. Баға беру үшін, бірақ, студент жалпы жазу теориясының, қазақ жазуы теориясының негіздерімен таныс болуы қажет.

Жазу теориясы деген қарапайым ұғымның мәнісі не? Қарапайым мысалдан бастайық. Айталық, студент өнер, кәсіпорын, қыркүйек деген сөздердің айтылуына қарай өнөр, кәсіборұн, қыргүйөк болып жазылмайтын себебін, қазақ орфографиясы морфологиялық принципке негізделген, сондықтан сөздің жеке тұрғандағы түбір тұлғасын сақтап жазамыз деп түсіндіреді. Дұрыс-ақ, яғни соңғы мысалдардағы сөздер түбір тұлғасында кәсіп, орын, қыр, күйек деп жазылады және дыбысталады. Дыбысталады деп айтуға күмілжіп отырғанымыз, жоғарыдағы сөздердің жеке тұрғандағы тұлғасы өнөр, кәсіб, орұн, күйөк емес, өнер, кәсіп, орын, күйек екенін қайдан білеміз? Сол сияқты өгүз емес, өгіз, жапрақ емес, жапырақ, топрақ емес, топырақ екенін және солай жазылатынын жеке тұрғандағы дыбысталуына қарап та анықтау мүмкін емес қой? Сондай-ақ қазақ жазуының негізгі принципі түбір сақтап жазу деп, кітап-кітабы, күрек-күрегі, теп- тебеді, қақ- қағады деп жазатынымыз тағы бар. Болашақ тіл мамандарын қазақ жазуының осы сияқты тұстарына ойландыру керек екендігі өте қажет. Олар жазуды көзшалымға жатталған орфограммаларды норма деп танитын қатардағы оқырманмен бірдей, «бұрыннан осылай жазылып келеді ғой» деп қана отырмауы керек. Әр сөздің жазылу тұрпатының уәжін танып, аңғарып, байқап отыруға міндетті. Сонда ғана қазіргі уақыттардағы орфоэпиялық нормаларды орфографиялық нормаға айналдырайық деген ұсыныс тастаушыларға қарсы, негізді уәжді кез келген тіл маманы айта алатын еді.

Сонымен, жазу теориясы пәнінен оқылатын дәрістердің мазмұны мен негізгі бағыттары қай тұрғыда өрбуі керек? Енді төменде осы сауалға нақты ұсыныстарымызбен жауап беріп көрейік.

Ол үшін студент «Жалпы тілі білімі» пәні бойынша меңгерген іргелі ұғымдар – тіл мен сөз дихотомиясы туралы білімін одан ары тереңдетуі қажет. Яғни тіл – құрылымы бар жүйеден тұратынын, сөйлеушінің санасында фонема, грамматикалық құрылым (сөз, сөйлем), лексикалық қор түрінде дайын бірліктер ретінде, статикалық күйде сақталатынын, ал сөз тұтынушы санасында, парадигмада қаланған, тұрақтанған, жүйені ойды жарыққа шығару қажетіне қарай қозғалысқа түсіретін, пайдаланатын, үнемі динамикалық күйде, қозғалыста болатын, сондықтан белгілі бір уақыт пен кеңістікке сәйкес нормалары бар, уақыт өте келе тұрақтанған нормалар тілдің қалыптанған жүйесіне өзгеріс енгізе алатын жүйе.

Бүгінде, дыбыстық жазу қоғамдық өмірдің ажырамас құрамдас бір бөлігіне айналып отырған заманда, жазба тіл арқылы қатынас ауызша тілмен тең, тіпті болмаса артық дәрежеде қолданылып, ойды жарыққа шығарудың өзіндік құралына айналып отырғанына байланысты, динамикадағы сөз – нақты, ауызша сөз және жазба сөз түрінде көрінетінін түсінудің маңызы зор, яғни тілдегі фонема ауызша сөзде дыбыс, жазба сөзде әріп болып  таңбаланады. Фонема – тіл тұтынушы санасының парадигмалық жүйесінде орналасқан дыбыстық бірліктер – инвариант, ал дыбыс – фонеманың, айтылымда іргелес дыбыстардың үндесе, ықпалдаса отырып, өзгеріске түсетін фонеманың, варианттары. Әріп – дыбыстық қоршауға тәуелді өзгерістерді есепке алмай, фонеманың ауызша сөздегі варианттарын емес, тілтұтынушы санасында орналасқан негізгі инвариант формаларды таңбалаушы. Сондықтан жазу көбінесе тілдік жүйенің өзімен сәйкеседі. Осы арада қарапайымнан күрделіге қарай, сөздің, құрама сөздердің, сөз тіркесінің, ырғақты топтардың, мәтіннің дыбыстық транскрипциясын студенттердің бірнеше семинар сабақтары бойы жазып үйренуінің, сондай-ақ сөйлеу тілі, қарапайым сөйлеу тілі, әдеби тілден сөйленген, өздері сол сөзді бірге тыңдап отырған мәтіндерді таспаға жазып алып, сол қалпында қағазға түсіріп, ондағы дыбыстық, морфемалық, лексикалық, синтаксистік деңгейдегі өзгешеліктерді студенттердің өздеріне іздеткізу, жазба тілдің мәтініне айналдырып жаздыру арқылы, сөйтіп жазба тіл мен ауызша тілдің екі басқа өзіндік жүйе екеніне көз жеткізудің үлкен маңызы бар. Сонда ауызша тіл  - есту мен сөйлеуге және көруге арналған, көбінесе бетпе-бет отырып сөйлесуге, нақты уақыт аралығында нақты тілдесушісі бар, уақыт пен кеңістікке тәуелді, сондықтан сөйлеу жағдаяты тілдік бірліктерді қысқартып отыруға мүмкіндік беретін тіл. Ауызша тілдің кіші бірлігі айтылатын және естілетін дыбыс болып табылады. Ал жазба тіл –көруге, оқуға және жазуға негізделген, қағазбен, экранмен бетпе-бет отырып «тілдесуде» қолданылатын, сондықтан нақты бір уақыт аралығында нақты оқырманы болмайтын, не күңгірт, не белгісіз болатын, сол себепті адресатқа барынша түсінікті болу үшін үстіңгі синтаксистік конструкциялар толымды берілетін, тілдесушінің өзі көрінбейтін, сұрыпталған, стандартталған, стилі қалыптанған, сондықтан өз сөзі өзіне жаттанған мәтін жасайтын тіл.

Әріп фонемамен, жазба тілдің синтаксистік конструкциялары көбінесе тілдік жүйедегі сөйлем құрылымымен, ал жазба тілдің морфологиялық көрсеткіштері мен лексикалық бірліктері әдеби тілдің жүйесіне сәйкесетіндіктен норма болып танылады. Сөйтіп, бүгінде жазба мәтінде көрініс табатын құрылым мен жүйе тілдің құрылымы мен жүйесі болып түсіндіріледі. Осыған орай жазудың бүгінгі таңдағы үлкен бір қызметі оның тілдің жады бола алуы екендігіне студенттердің назарын аударудың қажеттілігі бар. Тіл тұрақты, қалыптанған, парадигмалық жүйе болса, ауызша сөз алуан түрлі өзгерістерге ұшырап, үсті-үстіне деформацияланып жатса, жазба тілдің тіл тарихы үшін де, сөз этимологиясы үшін де құнды ақпарат бере алатынына көзіміз жетіп келеді. Сонда жазу дәстүрі, жазу нормаларын тұрақтандыру, дәстүрлі жазу деген ұғымдардың артында жазба тілдің жүйесі деген іргелі ұғым жатқанын көреміз. Сонымен, айналып келгенде жазу теориясы деген ұғым жазудың ойды жарыққа шығаратын өзіндік бірліктері, жүйесі мен құрылымы, нормасы бар тіл өмір сүруінің бір формасы болып қаланған, бірақ бүгінгі таңда өзіндік жеке жүйе болып табылатын таңба дегенге барып саяды. Осы айтылғандарды көңіліне тоқыған болашақ тіл мамандарына одан әрі мына тұрғыдағы дәрістер мен семинарларды жүргізудің қиындығы болмайды:

Қазіргі қазақ әліпбиінің құрамы. Әріп аттары. Әріп реті. Қазақ тіліне тән дыбыстарды таңбалайтын әріптердің тұрпаты мен орналасу реті. Бір фонемаға бір әріп сәйкесетін таңбалар, екі дыбыс тіркесін беретін әріптер, үш дыбыс тіркесін беретін әріптер, кірме сөздерді таңбалау үшін алынған әріптер, дәстүрлі жазу үшін алынған әріптер.

Әліпби теориясы. Әліпбидегі әріп саны мен фонема саны. Әріп саны мен тілдегі фонема саны сәйкес келетін әліпби. Әріп саны фонема санынан артық және әріп саны фонема санынан кем әліпби.

Қазақ ауызша тілінің негізгі дыбыстық заңы. Тіл үндестігі. Ерін үндестігі. Тіл үндестігінің дауысты дыбыс әрпі арқылы берілуі. Артықшылықтары мен олқылықтары. Қазіргі қазақ жазуындағы үндесімнің буын шегінде таңбалану уәждері.

Бейүндес буынды сөздер. Кірме сөздер мен бірге жазылатын сөздердің шеніндегі бейүндесімділік. Ә әрпінің фонеманы таңбалау қызметі, ә әрпінің дыбысты таңбалау қызметі. Орфографиядағы қосымша жалғау арқылы тексеру әдісі. Жұпсингармодауыстылар сыртындағы жұпсыз е дыбыс-әрпінің қазақ тілі тіл үндесімінің доминанталық сипатын күшейтетіндегі туралы.

Қазақ тіліндегі ерін үндесімі. Ерін үндесімінің екінішілік сипаты. Ұ,ү,ө,о әріптерінің екінші буында таңбаланбау уәждері. Ерін үндестігінің жазуда белгіленбеу тарихы. Қосымша арқылы тексеру әдісі.

Қазақ тіліндегі позиция түрлері. Әлді және әлсіз позиция. Екінші буында жазылуы күмән тудыратын әріптердің негізгі реңкін анықтау әдісі.

Ы, і әріптерінің орфограммасы. Ы,і әріптерінің фонемалық қызметі, ы, і әріптерінің дәнекерлік қызметі. Ы,і әріптерін түсіріп жазудың ерекшелігі. Жазу үнемділігі.

Әліпбиге и,у,я,ю әріптерін алудағы емле қиындығы мен жазу экономиясы.

Һ, х, ф әріптерінің дәстүрлі жазудағы және одағайларды жазудағы қызметі.

Дыбыстық емес графикалық белгілер: босаралықпен, босаралықсыз және қосаралықпен жазу. Өзгешеліктері мен ерекшеліктері.

Бірге жазылатын сөздердің формалды белгілері. Ұластыруыштар. Аффиксойдтар. Құрастыруыштар. Бірге жазылатын сөздердің семантикалық белгілері.

Қосаралық (дефис) қызметі. Босаралық – қосаралық – босаралықсыз жазу эволюциясы. Дефиспен  жазылатын сөздердің орфограммасы.

Бас әріп қызметі. Кіші әріп қызметі. Символика. Ассоциация. Қазақ тіліндегі бас әріппен жазылатын сөздердің типтері мен топтары.

Кірме сөздерге қазақ тілінің қосымшаларын жалғаудағы ерекшеліктер т.б.  Дыбыстық жағынан толық игерілген және жартылай игерілген кірме сөздердің орфограммалары.

Сонымен, жоғарыда айтылған ұсыныстар «Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің» соңғы басылымында кодификацияланған орфограммалардың негіздерін көрсететін, танытатын, сөйтіп, болашақ тіл мамандарына қазақ жазба тілінің өзіндік бірліктері мен құрылымын, жүйесін, нормасын меңгертетін, қазіргі қазақ жазуының қалып-күйін аңғартатын ұсыныстар болып шығады. Қазақ жазуы теориясының негіздерін жоғары оқу орындары бағдарламаларына енгізілу мәселесі дәл осы кезеңде, жазба дәстүр біршама тұрақтанып, емле проблемаларының шеңбері тарылып, жазба тілдің жүйесі пайда болғаны айқын байқалып отырған кезеңде көтеріліп отырғаны өте заңды деп білеміз.

Пайдаланған әдебиет:

1.  Бодуэн де Куртенэ И.А. Избранные труды по общему языкознанию. І, ІІ М., 1963.-388 с.


comments powered by HyperComments

Қосымша материалдар