Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы

​Қазақ орфографиясының принциптері жөнінде

Көптеген тілдердің емле заңдарына көбінесе үш-төрт түрлі принцип негіз болады. Олар: фонематикалық, фонетикалық, морфологиялық, тарихи-дәстүрлік т.б. принциптер.

Морфологиялық принципбойынша сөз бөлшектерінің түбір тұлғалары сақталып жазылады. Фонематикалық принципке дыбыстардың бір сөз ішіндегі немесе сөз аралықтарындағы бір-біріне тигізетін әсерлері ескерілмей, негізгі фонемалық түрі (мәні) сақталып жазылуы жатады. Фонетикалық принцип бойынша сөз бөлшектерінің дыбыстық өзгеріске ұшырауы есепке алынып, олар айтылуынша (естілуінше) жазылады. Тарихи-дәстүрлік принцип бойынша жазу сөз бөлшектерінің түбір тұлғасын сақтау ережесіне де, естілуінше жазу ережесіне де сай келмейді, мұнда сөздердің бір кездегі қалыптасып, үйреншікті болып кеткен жазылу түрі сақталады.

Белгілі бір тілдердің орфографиясында бұлардың біреуі не екеуі негізгі, басым принцип болады. Сонымен қатар осы тілде емле принциптерінің қалған түрлері де орын ала алады.

Қазақ орфографиясының негізі морфологиялық-фонематикалық және фонетикалық принциптерге сүйенеді.

Қазақ тіліндегі сөздер мен сөз бөлшектерінің (түбір, жалғау, жұрнақтарының) басым көпшілігінің түпкі тұлғасы сақталып жазылады. Мысалы, жұмыс, іс, аш деген түбірлерге -шы, -шең, -са қосымшалары жалғанғанда, олардың естілуі (айтылуы) жұмұшшы, ішшең, ашша болады. Бірақ сөздердің түбірі жұмыс, іс, аш болғандықтан және қосымшалар -шы, -шең, -са болғандықтан, әрқайсысының түбір тұлғасы сақталып, жұмысшы, ісшең, ашса түрінде жазылады. Сондай-ақ қашанғы, түнгі, күнге деген сөздердің естілуі қашаңғы, түңгү, күңгө болады. Бірақ бұлардың айтылуындағы (естілуіндегі) фонемалардың (дыбыстардың) қосалқы реңкі есепке алынбай, сөз бөлшектерінің түпкі тұлғалары сақталып, фонемалардың негізгі реңкі таңбаланады да, қашанғы, түнгі, күнге болып жазылады. Бұл ереже емленің фонематикалық принципінің қолданылуын танытады. Қазақ орфографиясында фонематикалық принцип пен морфологиялық принциптердің тоғысып кететін сәттері жиі кездеседі. Мысалы, біріккен сөздер мен қос сөздер де, негізінен, әр компонентінің жеке тұлғасын сақтап жазылады, олардың арасындағы дыбыстардың айтылуда бір-біріне ететін әсері ескерілмейді. Айталық, қара + құйрық (жануар), жар + қабақ, орын + басар, алма + кезек, көзбе +көз, қиян + кескі деген сөздер біріккенде не қосарланғанда, айтылуы (естілуі) қарағұйрұқ, жарғабақ, орұмбасар, алмагезек, көзбөгөз, кияңгескі болады, бірақ әр сөздің түбір тұлғасы сақталып қарақұйрұқ, жарқабақ, орынбасар, алма-кезек, көзбе-көз, киян-кескі түрінде жазылады. Бұл әрі фонематикалық, әрі морфологиялық принциптердің қабаттаса қолданылуы болып табылады.

Қазақ орфографиясында фонетикалық принцип те кеңінен қолданылады. Ол мынадай тұстарда көрінеді:

1) Қазақ тіліндегі септік, көптік, тәуелдік, жіктік жалғаулары, сондай-ақ жұрнақтардың көпшілігі сөздің соңғы буынының жуан-жіңішке әуеніне қарай және ең соңғы дыбысына қарай түрленіп жалғанады: қала +лар, көше +лер, ат + тар, ит + тер, қаз + дар, із + дер; қала+ ның, көше + нің, ат + тың, ит + тің, қаз + дың, із + дің; қалам+ ым, дәптер + ім, әнші + мін, оқушы + мын. Бұларда жалғаулар естілуінше жазылып тұр.

2) Қатаң п, қ, к дыбыстарына аяқталған сөздерге дауыстыдан басталған қосымша жалғанғанда, қатаң дыбыстар ұяң естіледі (айтылады): кітап + ым – кітабым, тарақ + ы – тарағы, күрек + ің – күрегің. Мұндай жағдайда да сөздің түбірі сақталмай, естілуінше ұяң дыбыс әрпі жазылады: кітабым, тарағы, күрегің. Бұл да – фонетикалық принцип бойынша жазу.

3) Қазақ тілінде п дыбысына аяқталған етістіктерге көсемшенің – ып, – іп жұрнақтары жалғанғанда, қос п дыбысы қатар айтылмай немесе алдыңғысы ұяңдамай, түбірдегі п дыбысы үнді у дыбысына айналып кетеді және сол өзгеруінше жазылады: кеп + іп – кеуіп (кепіп, кебіп емес), тап + ыптауып (тапып, табып емес). Ал пы, пі дыбыстарына аяқталатын етістіктерге п жұрнағы жалғанғанда, алдыңғы ережеге бағынбай, екі п дыбысы араларына ы, і дауыстыларын салып, қатар естіледі және естілуінше жазылады: күпі + п – күпіп, лепі + п – лепіп (отыр).

4) Бірқатар біріккен сөздер әр компонентінің түбір тұлғасын сақтамай, естілуінше жазылады: белбеу (бел+бау), қолғабыс (қол+қабыс), қолғап (қол+қап), бүгін (бұл+күн), биыл (бұл+жыл), екіншігәрі (екіншіден әрі). Бұл тәрізді фонетикалық принциппен жазылатын біріккен сөздердің саны, морфологиялық принциппен жазылатындарына қарағанда, әлдеқайда аз. Олар орфографиялық сөздіктерде беріледі. Сондықтан кез келген біріккен сөзді естілуінше жазудан сақ болу керек.

5) Орыс тілінен ертеректе еніп, дыбысталуы жағынан өзгеріп кеткен бірқатар сөздер фонетикалық принциппен қазақша айтылуынша жазылады: самаурын (самовар емес), пәуеске (повозка емес), шайнек (чайник емес), божы (вожжи емес), болыс (волость, волостной управитель емес), шөген (ыдыс, чугун емес).

6) Араб-парсы тілдерінен енген сөздер қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарына қарай өзгерген күйінде, айтылуынша жазылады: әділ (‘адл), пайда (файда), ақпар (әхбар), ақыр (ахир), қайран (хэйран), қате (хәта), дүние (дүнийа), нәпсі (нәфс), өсиет (уасийәт), ауа (һауа), әлек (һәлак), мазақ (мәзх). Мұндағы жақша ішінде көрсетілгендер – бұл сөздердің арабша-парсыша транскрипциясы (яғни сөздердің өз жазуымызбен сол тілдегі айтылуының көрсетілуі).

Тарихи-дәстүрлік принципке орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген сөздердің қазақша айтылуынша емес, орыс орфографиясы бойынша жазылуы жатады: спорт, стадион, алгебра, физика, химия, геометрия, банк, биржа, съезд, фестиваль, кандидат, доктор, капитал, кальций, авиация, авианосец, акционер. Бірақ бұларға қазақ тілі қосымшалары фонетикалық-морфологиялық принциппен жалғанады, яғни сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігі, сөз соңындағы қатаң дауыссыздардың ұяңдауы (бұл сөзге дауысты дыбыстан басталатын қосымша жалғанған күнде), дәнекер ы, і дыбыстарына иек артуы сияқты құбылыстар орын алады: акцио-нер + лік, кон-церн+дер, репор-таж+ы дегендерде кірме сөздің соңғы буындарына қарай бірде жуан, бірде жіңішке қосымшалар жалғанған, ал банк, фонд сияқты сөздерге қазақ қосымшалары ы, і дәнекерлері арқылы қосылады: банк+ і + ге, банк+ і + ден, фонд + ы + сы, фонд + ы + ға.

Араб пен парсы тілдерінен енген бірқатар сөздерді х, һ әріптері арқылы жазу да дәстүрлік принципке сүйенеді: хат, халық, хабар, хал, хан, -хана, гауһар, жиһан, қаһарман. Бұлайша таңбалау 1940 жылы қазақ тілінің кириллицаға негізделген жаңа жазуы мен жаңа емле ережелері қабылданған кезде көрсетілді де, содан бергі мерзім ішінде осылайша таңбалау дәстүрге айналды.


Рәбиға Сыздық. Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы). Астана: Елорда, 2000, - 532 б.