Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы

Емле туралы

Мәдениет қалай ілгері басады һәм мәдениет ілгері басу үшін не керек? Бұған жауап 1) ең әуелі бір білгіш кісі білімнің бір тарауын тудырады. Бірақ ол кісі білімнің ол тарауын біржолата түпкілікті түзететіні жоқ. Дұрыс қылып һәм енді қосатын ештеңе қалдырмай толық қылып шығара алмайды. Ол тек бастайды. Оның бастағанын одан соңғылар әркім шамасына қарай түзетеді һәм өсіреді. Сөйтіп, білімнің әрбір тарауы бір кісінің күшімен ғана емес, көп кісінің күшімен көп ғасырлар бойынша істеліп, алға басады. Мәдениет баратын жеріне бір аттағанда барып жетпейді. Мәдениет көп ғасырлар бойынша жұмсалған көп кісінің күшімен бірте-бірте ғана ілгері басады. 2) Мәдениет ілгері басу үшін керек болған шарттардың бірі – ғылым жолында әркімнің тапқанын ескерусіз қалдырмай, тексеріп табылған нәрсе аз да болса, азсынбай қабыл алып жүзеге шығарып, іске асыруға жұрт қам қылу керек. 

Бұл айтылғанды дұрыс десек, енді қазақ емлесіне келелік. Қазақ емлесін тудырған Ахмет Байтұрсынов деген кісі білімсіз кісі емес, білімді кісі. Осы уақытқа шейін ескерілмей келген емле мәселесін алдымен қолға алған кісі. Қазақ тілін білетін кісі. Бірақ сонда да Ахмет Байтұрсынов шығарған қазақ емлесінде мін жоқ деп айтуға болмайды. Бұл емленің түзететін де жері жоқ, бұл емлеге қосатын да ештеме жоқ деп айтуға болмайды. Бұл емленің аз-мұз міні һәм ол міндерді қалайша жоюға болатындығы тіл мәселесін ілтипатсыз тастамайтын қазақ зиялыларының бастары қосыла кеткен жерлерде де әңгіме болып жүр һәм бірлі-жарымды рет матбуғат жүзінде де болды. Мұндай емле түзету туралы айтылған һәм жазылған сөздерді кейбіреулер дұрыс тауып, қолдана бастады. Оқытқан балаларына үйретіп жүр. Жазған кітаптарын түзетілген емлемен бастырып жатыр. Кейбіреулер бұл түзетулерді «Ахмет Байтұрсынов мақұлдап, матбуғат жүзінде жарияламай тұрып біз қабыл алмаймыз. Әрқайсысымыз әр жерде жүріп, бет-бетімізбен емлені өзгерте берсек қазақтың қолданатын емлесі түрлі-түрлі болып кетеді» деп жүр. Сөйтіп осы күні қазақтың емлесі түрлі-түрлі болуы ол жұрттың ілтипатсыздығын, құнтсыздығын, ауыз бірлігі жоқтығын көрсетеді. Ілтипатсыздық, құнтсыздық, ауыз бірлігі жоқтық жұрттың ілгері басқан аяғын кейін жіберетін нәрселер. Сондықтан мұндай мінездерді тастау керек. 

Әркім әр жерде жүріп үндемей-түндемей өз бетімен емлені өзгерте беруге де болмайды. Және олай деп емленің міндерін түзетпей, ескерусіз қалдыра беруге де болмайды. Емленің мінін тапқан кісі, емлені түзету керек дейтін кісі пікірін матбуғат жүзіне шығарып, жұрттың сынына салу керек. Онан соң әрбір емле мәселесін керек қылған кісі ол матбуғат жүзіне шыққан пікірді әбден тексеріп, қатесі болса көрсетіп жазу керек. Егерде емле түзету туралы жазылған пікірге қарсы жазушы болмаса, ол пікірді қабыл алып әркім жүзеге шығара беру керек. 

Ал енді қазақ емлесінің түзететін қандай жерлері бар һәм оларды қалай түзету керек, соған келелік. Екі дыбысты Ахмет Байтұрсынов таңбасыз (қаріпсіз) қалдырды. Ол таңбасыз қалған екі дыбыс «тау» деген сөздегі соңғы жарты дыбысты «у» һәм «тай» деген сөздегі соңғы жарты дауысты «й». Жарты дауысты «у» келетін жерде дауысты «ұ»-ның қарпі жазылады. Бұл дұрыс емес. Себебі, әрбір дыбыстың өз алдына бөлек таңбасы боларға тиіс. «Ауыл» деген сөздің басында естілетін дыбыс (дауысты у) пен «тау» деген сөздің аяғында естілетін дыбыс (жарты дауысты у) бір емес һәм «тары» деген сөздің аяғында естілетін дауысты дыбыс пен «тай» деген сөздің аяғында жарты дауысты дыбыс бір емес. Бұл дыбыстар әрқайсысы басқа. Басқа дыбыстар болатын болса, олардың таңбалары да басқа боларға тиіс. Егерде екі дыбысқа бір таңба жарай береді десек, Б мен П-ның бірін тастау керек, Ж мен Ч-ның бірін тастау керек, Д мен Т-ның бірін тастау керек. Мұндай тастайтын қаріптер көбейеді. Егерде бұл дыбыстарға екеуара бір таңбадан десек, дауысты «у» мен жарты дауысты «у»-ға да һәм дауысты «ы» мен жарты дауысты «и»-ға да екеуара бір таңбадан арнауымыз ақылға сыймайды. Бүгінге шейін таңбасыз келген Бұл екі дыбысқа беріп «тау» деген сөздің аяғында келетін дыбысқа «у» қарпін беру керек. «У» қарпі басқа түрік тілдерінде һәм осы күнге шейін қазақ тілінде де «в» орнында жүретін еді. Қазақ тілінде «в» дыбысы жоқ. Басқа тілдерде «в» келетін жерде қазақ орнына қарай һәм әркім өзінің тілінің икемділігіне қарай я жарты дауысты «у» айтады, я «ф», я «б» айтады. Мәселен, «товар», «Василий», «автомобиль» деген сөздерді қазақ «тауар», «афтомобил», яки «абтомобил», «Бәселей» дейді. Бұл қазақ тілінде «в» дыбысы жоқ екендігін көрсетеді, қазақ тілінде «в» дыбысы жоқ болса, ол жоқ дыбысқа қаріп арнаудың да қажеті жоқ. Егерде бөтен тілдерде бар дыбыстарға да қаріп арнау керек десек, онда қазақ тілінде жоқ болса да, басқа тілдерде бар дыбыстардың бәріне де қаріп арнау керек. Өз тілімізде болмаса да, басқа тілдерде бар дыбыстарға қаріп арнау керек деп ешкім айта қоймас. Олай болатын болса, бұрын «в»-ның орнында босқа тұрған «у» қарпін алып, басқа керекті орынға қою керек. Ол керекті орын жарты дауысты «у». Бұрын «в» орнында жүретін «у» қарпін қазақ тіліндегі жарты дауысты «у»-ға арнауымыздың бір себебі – қарпі жоқ дыбысқа бос тұрған қаріпті алып беру болса, екінші себебі – «В» мен жарты дауысты «у» бір-біріне өте жақын дыбыстар. Бұл дыбыстар бір-біріне өте жақын болғандықтан басқа тілдерде жарты дауысты «у» келетін жерлерде өз тілдерінде ондай дыбыс болмағандықтан орыстар «в» айтады. Мәселен, Валиев, Көкшетау, Ауғуст, Аустралия, Аутономия, Аутор деген сөздерді орыс Валеев, Кокчетов, Август, Австралия, Автономия деп жазады һәм айтады. Осы себептен басқа тілдерде в келетін жерлерде қазақ кейде жарты дауысты «у» айтады. Мәселен, Товар, Самовар, Первый, Васька деген сөздерді қазақ Тауар, Самауар, Пируай, Уэске дейді. Сондықтан (Бұл екі дыбыс бір-біріне өте жақын болғандықтан) басқа тілдерде «в» келетін жерлерде көбіне «у» қарпін жазуға болады. Оны «в» қылып оқыған кісі «в» қылып оқыр, «в» қылып оқымаған кісі жарты дауысты «у» қылып оқыр, одан келер көп зиян жоқ. Қай тілді алсақ та өзінде жоқ дыбыстарды сәл өзгертіп айтады. Мәселен, орыстар өз тілінде жоқ болғандықтан «һ» дыбысын «г» қылып, «ң» дыбысын «к» қылып, жарты дауысты «у»-ды «в» қылып айтады. 

Енді «тай» деген сөздің аяғында естілетін жарты дауысты «й»-ға қаріп табу керек. Оған бұрынғы «ы» қарпін беріп, «тары» деген сөздің аяғында естілетін дауысты дыбысқа үтір қойып «й» қарпін алу керек. Сонда бұрын былай жазылатын «таы», «тары» деген сөздер енді былай жазылады: «тай», «тары». Дауысты «й»-дің үстіне үтір қоюымыздың бірінші себебі – таңбасы жоқ дыбысқа таңба тауып беру, екінші себебі – бұл дыбыс кейде «у»-ға жақындайды. «Ы» дыбысы кейде «у»-ға жақындайды деуге екі түрлі дәлел бар: 1) бір сөздің әуелгі буындарының бірінде «у», яки «у» келіп, онан соңғы буындарының бірінде «ы» келсе, ол «й» мен «у»-ға ұқсап кетеді. Мәселен, «тұрсын», «көрсін», «дұрыс». «құрық», «торсық». Сондықтан жұрттың көбі бұл сөздерді былай жазады: «тұрсұн», «көрсүн», «дұрұс», «құрұқ», «торсұқ»; 2) жуан сөздерде келетін «ы» дыбысы орыстың «ы»-сы секілді естіледі. Орыстың «ы»-сы академик Гроттың айтуынша, «и» мен «у»-дың арасындағы ортақ дыбыс. Егерде бұл қаріп ұнамаса, жарты дауысты «й»-дың төрт түрін де қос ноқатты қылып, дауысты «й»- дың төрт түрін де ноқатсыз қылып алу керек. 

Қазақ емлесінің тағы бір түзететін жері – «ы» қарпінің қандай орында жазылып, қандай орында жазылмайтыны туралы қағида. Бұл қағида бойынша ұлт (жұрт), құрт (тамақ), көрік (кісінің көркі), (от жылт ете түсті), сылт (аяғым сылт ете қалды), жорт (жүгір) деген сөздердің естілуі ұлт (итті ұлт), құрт (жоқ қыл), көрік (ұстаның көрігі), жылт (суды жылт), сылт (майын сылт), жорт (түсті жорт) деген сөздердің естілуінен басқа болса да, жазылуы бір. Бұл да емлеге үлкен мін. Бұл мінді де мінеу керек. Соның үшін «й» дыбысы қай жерде естілсе, сол жерде қалмай жазылатын қылу керек. Бұрын «мысық» деп жазылатын сөзді енді ерінбей һәм қағазды да өте аямай «мисық» деп жазу керек. Бұл қағиданың қалуының тағы бір пайдасы – емле үйрену жұрттың көбіне аз да болса оңайланады. 

Қандай кемшілігі болса да, бұл қағиданы өзгертуге болмайды десек сийыр, қийын, кийім, бийік, тийын секілді сөздерді жазуды түзету керек. Мұндай сөздерді Ахмет Байтұрсынов өзі ылғи екі «и» мен жазады. «И» қарпінің қандай орында жазылып, қандай орында жазылмайтыны туралы қағидаға қарасақ мұндай сөздер бір ғана «и»мен жазыларға тиіс. Оның бір ғана «и»мен жазылуға тиіс екендігін көрсету үшін осы сөздердің ішінен біреуін, мәселен, сийыр деген сөзді алып тексеріп қарайық. Сийыр деген сөзде екі буын бар: әуелгі буын «си», екінші буын «йыр». «Си» деген буында екі дыбыс бар: «с» һәм дауысты «и». Бұл буын бас буын болғандықтан Бұл буында дауысты «и» жазылмасқа тиіс. Сөйтіп, бас буында жазылатын қаріп жалғыз «с». Енді екінші буынға келсек, онда үш дыбыс бар: жарты дауысты «й», дауысты «ы» һәм «р». Бұл буынның бас дыбысы жарты дауысты, соңғы дыбысы дауыссыз. Сондықтан Бұл буын бітеу буын. Бітеу буында дауысты «и» жазылмайды. Олай болса, Бұл буында қалатын (жазылатын) қаріптер: жарты дауысты «й» һәм «р». Бұл буынның естілуі де һәм жазылуы да «ир» деген сөздің соңғы буынының естілуі һәм жазылуы секілді. Енді бұл сөздің бас буынында жазылатын «с»-ны һәм екінші буынында жазылатын жарты дауысты «и» мен «р»-ды бір жерге қоссақ, «сир» болып шығады. Яғни екі «и» емес, бір-ақ «и» болып шығады. Қин, ким, бик, тин, жирма, эил, тилді һәм тағы бірсыпыра сөздер бәрі де осы секілді. Сондықтан мұндай сөздердің бәрін де екі «и»мен емес, бір «и» мен жазу керек. 

Срңғы жылдары көп жерлерде арбатың «ث» ,«ح» ,«ذ» ,«ش» ,«ص»  «ع» ,«ظ» ,«ط» ,«ض «қаріптерін қолдануды мүлде қойып, араб, парсы һәм басқа шет тілдерден алынған сөздердің бәрін де Ахмет Байтұрсынов шығарған қазақ әліппесіне кірген қаріптермен қазақ емлесі бойынша жазып жүр. Мәселен, бұрын шарт, мұғалім, сабыр, хажыт, сылтан, hip, қазза, аззан, залым, мисал болып жазылатын сөздер енді шарт, мұғалім, сабыр, әжет, султан, һәр, қаза, азан, залым, мысал болып жазылып жүр. Және «қаріп», «һәм» секілді сөздер қазақ әліппесіне кірген қаріптермен жазуға келіңкіремейтіндіктен һәм мұндай сөздерді жазғанда керек болатындықтан араб әріптерінен үш қаріп алынып қолданылып жүр. Ол үш әріп: «х», «ф», «һ». Көп жерлерде істеліп жүрген Бұл істі дұрыс деп тану керек. Мұны дұрыс деп тану керек дейтініміз – жұрттың көбі араб, парсы тілдерін білмейді һәм сондықтан араб, парсы тілдерінен алынған сөздер ол тілдердің емлесі бойынша қалай жазылатынын да білмейді. Сол себепті жұрттың көбіне араб, парсы тілдерінен алынған сөздерді дұрыс жазып үйрену өте қиын іс.

Басқармадан: Ахмет Байтұрсыновтың зор еңбегімен емлеміз дұрыс бір бет алса да, қозғалмайтын берік негізге ие болды деуге болмайды. Сондықтан мынау көтерілген емле мәселесі туралы емлемізді тексеріп жүрген азаматтар, мұғалімдер, әсіресе, тілімізге негіз салған Ахмет Байтұрсынов өз пікірлерін жазып, журналымызға жіберсе екен.