Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы

Емле турасында

Емле турасында XI Бұл заманда оқу, оқыту жылдан жыл таррақи етіп, мақсұты ілгері жүру. Әр жұрт та аяғын кере-кере аттап кетіп барады. Әр жұрт өз тілін, өз емлесін қатарға қосып, өз әдебиетін ілгері жіберуде, ол әдебиеттің ілгері басуы тілдің байлығында. Жалғыз тілдің бай болуы ғана жетпейді, байлығын майданға салып көрсету керек болады. Біздің қазақ халқы тілі бай, әдебиеті мол болса да, өзіне арнаулы емле, балаларын тәрбие етерлік жөні түзу әліппе майданға шыққаны жоқ еді. Замананың түрткілеп оятуына да оянушылар аз еді. Ұйқысы сергек Ахмет Байтұрсынов неше жылдан бері ойлап, сынап, жаңа емлемен жазған алифбаны бір жылдан бері майданға қоя бастады. Емле турасында медресе Ғалиедегі қазақ шәкірттерінің пікірін білейін деп ойлаған еді. Медреседе қырықтан аса қазақ шәкірттері бар еді, кейбіреулер қабыл етуді қолдап, кейбіреулері бұл емле және алифба мәселесі жеңіл іс емес, біраз мекеме қылып тексеріп қарайық, не үшін десеңіз заманамызға ұнаулы болып дауам ететін бір іс, ол істің негізді боларлық түрі бар ма, жоқ па? Анықтап көз салу керек, қолдануға лайықты тапсақ, қабыл қылармыз. Кем жері болса, көрсетерміз деген ойда болып қабыл етуге кезінде мойындап жауап бермеген еді. Екі айға жақын талқыға салып, ойлап сынағанның соңында қабыл етуді ұнамды таптық. Бұл Ахмет Байтұрсынов әліппесінде кем жері болса болар. Ондай жерлерін тәжірибе иесі елде мұғалім болған шәкірттер өздері бір хатпен жазушыға білдіруге мүмкін. Лайық болған жерде пікірден шығып кетпес. Не үшін десеңіз шәкірттеріміз де, жазушыларымыз да әр қайсысы ұлт балаларына оқу ісінде ауырлық келтіру, қиын жолға бастау ниетінде емес, бәлки жеңілдік, оңайлату жағында. Аз-маз кем жері болса да, қабыл қылу керек. «Қос жүре түзеледі» деген, бастауында кемдік, қысқалық болса да, жүре жөндігіп кетер. Бірен-саран болса да жолбасшыларымыз көріне бастады. Әр жерде оқып жүрген азаматтарымыз да бар. Мұнан он жыл бұрынғы шағымыз бен соңғы 4-5 жылды салыстырып қарасақ, арасында көп өзгерістер бар. Бұрын ноғай медреселерінде қазақ шәкірттері жоқ есебінде аз еді, соңғы жылдарда бірте-бірте көбейіп оқу жолына кірісіп жатыр. Жақсы оқып шығып, ұлтына қызмет жолына бел байлап түскен- дері бар. Сондай талапты азаматтарымыз ұлт баласына қызмет еткелі ниет қылып оқу құралына ділгір болып шыққанында жоғын-керегін даярлап қойған Ахмет мырза Байтұрсыновтың оқу құралын қолданып, тәлім жолына кірісуін тілейміз. 

Кейбір ұнатпағандар да болар. Бізге әліп, би, ти, си, яки мұғалім әуелі, мұғалім саны жетпей ме деп, үстінен қарағанда жетерлік болса да, терең ойлап қарағанда ұнамсыз талай жерлері бар деп білеміз. Бірнеше милион қазақ халқы өзімізге белгілі тілде жазылған балаларды тәрбие қыларлық әліппе, емле, сарф, тарих, хисаб, жағрафия секілді өз тілімізде жазылған кітаптың жоқтығы еді. Өздеріміз кемшілік не дәрежеде екендігі ап-ашық көрініп тұр. «Көп жоқтаса, жоқ табылады» деген секілді қазақ ішіне шыққан азаматтар балаларды бір ізбен тәрбие етуге сіздер борыштысыз. Қабыл етуге риза болып қол қойған шәкірттер медресе Ғалиеде. 

Сәдуақас Жандосов, Ысхақ Заһиров, Абушахме Боқаев, Абдалхамит Молдағалиев, Абдолла Толбаев, Хайралла Ибрахимов, Закир Сералин, Ахмет Маметов, Ерғали Бейсов, Софалла Ғабдолғазизов, Исмаил Тұрсынов, Тажәли Жұмалиев.