Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы

Тіл сақтаушылық

Дүниедегі һәмме халықтың рухы (жаны) өзінің ана тілі, сол себепті әр миллет (халық) алдыменен ана тілін жоғалтпаудың себептеріне мықтап жабысқан, бірақ тіл, дін, әдебиет сияқты нәрселер мал, дәулет арқасында сақтай алмайынша жұрттың іштен шыққан талапты, жау жүрек, халық үшін білімін, қаламын аямайтын ер көңілді жігіттердің қызметіменен сақталады. 

Ондай халық адамы екі түрлі болады, біреуі шайырлардың, яғни өлеңші ақындардың жыры, өлеңменен сақталады. Екіншісі, романстер яғни халық жайынан халықтың жақсы, жаман жағын хикаят қылып жазып жұртқа көргізуші адамдарменен сақталады. Біздің қазақ, қырғыз аталарымыздың «Жігіт жігіттің күзгісі – айнасы» деген һәм «жақсы жігіт пен жақсы ат көптікі» деген мақалдары бар. Сол сияқты халық үшін туған ерлер арқасында дін, тіл, намыс деген нәрселер сақталады. Мұндай адамдар әр жұрттың ішінен шығып, өзінің дінін, тілін сақтап өз жұртының абыройын көтеріп келе жатыр. Бізге үлгі боларлық халық толып жатыр. Біздің қазақ, қырғыз тілінің жоғалмауы үшін біздің ішімізден де осындай қаламын халық пайдасына жұмсайтын жігіттер шығып, халық пайдаланғандай, әртүрлі өлеңдер, әртүрлі халық жайынан кітаптар жазуға керек. Өзіміздің түрік тіліменен әртүрлі балаларымызға оқытуға ылайықты мектеп кітаптарын жазып, келешек күніміз үшін зор дәулет әзірлеуге керек. Бүтін түрік татар, башқұрт, мишір, ғұсманлы секілді халықтардың арасында бұзылмаған сап түрік тілі біздің қазақ, қырғыз тілі екендігін бізге араласқан адамдардың бәрі де біледі. Бұлайша болған соң, қолымыздағы дәулеттің қадірін біліп, тіліміздің бай кезінен оқыған жастардың қызмет етіп, қимылдап қалатын уақыты келді. Россияның мемлекетінде обшее образование, яғни ғұмыры тегіс оқу басталайын деп тұр. Қазақ халқы тілге, әдебиетке кедей емес, бірақ басы қосылып құралмағандықтан білімсіз самарқау жатыр. Ғұмыры оқу басталғанша өз ана тілімізде балаларымыз үшін кітаптар жазып программаға кіргізуге даярлануға тиіс қой. Біздің ел ішіне де түрлі халық араласа бастады. Сол себепті кейінгі жастарымыздың тілі кәдімгідей бұзылып бара жатыр. Қазақ жерінде қазақтан да орыс, хақол көп болу себепті қазақ жастары әр нәрсенің атын, есімін орысша айтқанына мәз болып, өз тілін ... ұмытады. Күнбатыста Польша дейтін жерде, поляк ішінде бөлініп қалған аз ғана татарлар бар «поляк татар» деп айтылады. Солар осы күнде өз тілін ұмытып, бала-шағасына шейін орыс тіліменен сөйлейді. Сол сияқты қазақ жастарының көбі орысша оқығандары өз тілін ұмытып, яки ұмытпаса да қазақ тіліменен сөз айтуға намыстанушыларымыз да жоқ емес. 

Біз миллетке олардан онша көп пайда үміт ете алмаймыз. Ондай адамдардың көбі өз тілінің, өз дінінің қадірін білмей, тек қана өз құрса- ғына қызмет етіп кетеді. Біздің миллетке қызмет етушілеріміз бір жағы мұсылманша, бір жағы орысша білімі болған жігіттерімізден болады. Бұл замандағы педагогтардың сөзіне қарағанда бала ең кемі 3 жыл яки 4 жыл ана тілімен оқуға тиісті болады. Біз қазақ балаларына сол 3 жыл ішінде өз тілімізде кітаптар оқыған сияқты татар тілінен де хабарсыз етпеске керек. Әбтейі (жаңаша) мектептен шыққан бала татар тіліне таныстығы болмаса, қалайша шәһәрге барып жоғары сыныпқа кіреді, оның дәріс кітаптарына қалайша түсінеді, бұл да ескерілетін бір жұмыс. 

Бізге бұл күнде басшы болған, халыққа үлгі көргізген жігіттеріміз жоқ емес қой. Мынау «Маса» мен «Қырық мысалды» жазушы Ахмет Байтұрсынов секілді ерлерді халық қызметшісі деуге болады. Және де ... «Айқап» журналы менен «Қазақстан» газетінде халыққа жол-жөн көр- гізген қызметтерін біздерге ұмытуға керек пе еді?! А.Б. Әпенденің «Жал- ғыз қаз келгенменен жаз бола ма?» – дегені сияқты алты миллионнан артық қазақ халқы үшін бір газетпен бір журнал шыққанменен халықтың сусыны басылмайды ғой. Сонда да ауадағы қазға қарап қолындағы тор- ғайды ұшырма! – деген сияқты көп журнал, көп газетке дейін қолымыз- дағы екі құсымызды ұшырмайық, шама келгенше ел-жұрт болып... дуам 23 етуіне иждиһат қылайық. «Көп түкірсе көл болады» деген ғой. Қандай ғана халық болса да білімі-ғылымы мемлекетіндегі шығатын газет-жур- налдарыменен, әдебиетіменен өлшенеді. Қай жұрт білімді болса, ол жұрт ішінен шығатын газет те көп болады, надан халықта біреуі де болмайды. Қашанға дейін киіз үйлерімізбен сары қымызға мас болып күнімізді өткі- земіз. Ау, жұрт, ашайық көзімізді! Ұмтылайық, ғылым-білімге.