Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы

Жазу тәртібі

«Айқаптың» 4-5 нөмірлерінде А.Б. (Ахмет Байтұрсынов) қазақша жазуға тәртіп көрсетіп, оқушылардың сынына салған, көпшілік ұнатса, сол тәртіппен әліппе бастырмақшы екен. Жазуды тәртіпке салу деген оңай емес. «Оқушылар сынасын» дегенде әркім басына келгенін жазатұғын болса, еш уақытта ойды бір жерге қорытып болмайды, бұл туралы сынаушылар да байқап жазарға керек. Әркімнің ізіне түсіп қуған, үйренген бір ісі болады. Сол ісін ол басқалардан артығырақ біледі. Егер оқу оқытуды машықтап, ол оқытудың һәм оқытқан нәрселерінің, асыл тәртібін, түп негізін анық білетін кісілер жазу хақында өз пікірлерін түсінікті етіп жазса, сынаушы деп соларға айтуға жарайды. Құр шала- шарпы естіген яки өзінің көзі үйренгеннен басқаның бәрі де теріс деп білушілер сынайтын болса, біреу түгіл, тоқсан тоғыз тәртіпке де табан тоқтату қиын. 

«Айқаптың» №6 нөмірінде Ш.Жияшов деген кісі (А.Б.) Ахмет Байтұрсыновтың жазу тәртібін тіпті басқаша түсінген, дұрыс айтқанда түсінбеген. Ол кісінің, жазғаны №7 тамам болмаса да сондағы жаз- ғандарынан-ақ бұл мәселеге нешік қарауы байқалды. Бұл кісі Ахмет Байтұрсыновтың жазу тәртібінің дұрыс, терісін өз алдына тексеруден бұрын ноғайлардың әліппе жазушыларынан басқа жол іздегені үшін қатты ренжіген. Ахмет Байтұрсыновтың ноғай жазушыларын жатыр- қағандықтан емес, қазақ тілінде қанша дыбыс болса, сонша белгі көрсетіп, артық қаріптерді кеміткен. Соныменен қазақша жазу-оқуды оңайлатқан. Сынаушы да осы арасын көздерге керек еді. Ахмет Байтұрсыновтың бұл көрсеткенінде жаңа тәртіп, ноғайлардын, «үсұл жәдит» ... жаңа тәртіп деген сөз, екеуінің де көздеген мақсаты бір. Қазақтың оқығандары қазақ балаларын өз тілінде үйрету үшін жеңілдікті басқа ретпенен тапса, ноғай жазушылары өкпелер ме екен?! 

Жияшовтың бұл күнгі қолданып тұрған ноғай әліппелерінің, кемші- лігі жоқ, соның үшін оған қарсы келген жан жоқ дейді де хатта «үсұл жәдит» яғни звуковой метод пенен оқыту ноғайлар арасына кіргеніне көп заман өткен жоқ. 

Наху Сәріф кітаптары соңғы бір-екі жылдың, ішінде ғана көріне бастады, ноғай сөздерінде де бағызы дыбыстардың өзіне арнаған белгілері жоқ екені мағұлым. Біз өз ісімізді басқаралық. Қазіргі әліппелерін, оқу кітаптарын тәртіпсіз көшірушілер ноғайлардың өз арасында жоқ емес, бар. Мысалы, Қазанда учитель Әбуәлханов шығарған «Үсұл жәдитке» қарсы бірінші алдым деген рсәләләр (әңгіме С.Д.) секілді Жияшов Ахмет Байтұрсыновтың қаріптерді дауысты, дауыссызға бөлуін де қатеге санап, 28 қаріптің бәрін де жарты дауысты дейді. Бұл еш уақытта естілмеген жаңа хабар. Керек мұсылманша, керек орысша оқығандарды құрметті Жияшов сол қаріптердің бәрі де жарты дауысты, арасында дауысты һәм дауыссыздары жоқ екендігіне сендіріп болғанша мен өзім сенбей тұрам. 

Ахмет Байтұрсыновтың тәртібінше қазақ тіліндегі әрбір дыбыстың өзіне арнаған қарпі бар. Ол қаріптерменен не айтылса, соны жазуға, не жазылса соны оқуға болады. Орыс жазуында менен е-нің дыбысы бір, жазылатын орындары басқа болғандықтан жалғыз қаріп үшін емтихан уақытында қанша балалар азап шегеді! Бір қаріптің орынсыз артық жүргендігінен мұндай қиыншылық болғанда 14 қаріп артық жүрген қазақ жазуында қалайша шатақ болмасын. 

Жияшовтың: «Бірге қозғалалық ... түрік балалары ... һәди махсудының әліппесі Гаспринскийдің төте жолын Үндістан мұсылмандары да қабыл қылды...» деген сөзінен («Айқаптың» №7 қалған сөзінің ақырын оқып көрсем де) біздің қазақтарда түрік балаларының осы күнгі қолданып келе жатқан жазу тәртібінше болуын мәслихат көретіндігін түсінемін. Бұл секілді пікірлер менен бұрын да азырақ таныстығым бар. Дұрыс, түрік баласы екеніміз рас, береке-бірлікте екені де рас. Бірақ жеңілдік үшін әліппенің бірнеше қарпін өзгертумен түрік қауымынан шығып қаламыз ба? Онан дін, дүниеге қарасымыз өзгере ме? Қайта, қалың түрік тұқымы- ның бір тарауы болған қазақ жұрты өзінің тұқымдастарынан кейін қалмасқа тырысып, оларменен аяғын тең басуға тағы да төтерек жол тауып, ілгері ұмтылғаны қуаныш емес пе? Бұрынғыдай кемшілігімізді көрмей, қатемізді түземей, құр «біз де түрік баласымыз» деп атаның әруағына сүйенумен қазіргі өнер-білімнің қызу заманында бәйгеге қосыла аламыз ба? Егер жазу тәртібі Ахмет Байтұрсыновтың көрсетуін- ше болса, түрік, татар, араб, парсы жазуларын оқуға болмай ма? Әбтейі мектепте шет тілдері өзі де оқылмайды. Қазақша әбтейі мектепті бітірген шәкірт ноғайлардың орта мектептеріне түспекші яки арабша, парсыша оқымақшы болса, қазақ әліппесіндегі жоқ 5-10 қаріпті екі-үш сабақта үйреніп білуге болады. Және де 3-4 жылдай белгілі тәртіпте қазақша оқып, жазып үйренген соң, әлгі соңынан таныс болған қаріптерді қазақ тіліндегі сөздерге бұрынғыдай қатынастырмайды. Ахмет Байтұрсыновтың жазу тәртібін ұнатқанымнан басқа қосарым мынау: «Қазақ әліппесіне ф, х-да кірсе екен деймін. Таза қазақ сөзінде болмаса да қазақ тіліне кірген араб, парсы сөздерінде һәм: «Ахмет, Мұхамеджан, Фазыл...» деген секілді қазақ аттарында бұл екі қаріп көп ұшырайды. Ф мен х әліппеге кіргенменен жазу тәртібіне қиыншылық келтірмейді. Естілуінде де, жазылуында да бұлардан айыра алмастай ұйқас қаріптер жоқ. Жазу тәртібі хақында оқығандар (әсіресе мұғалімдер) шабандамай тезірек пікірлерін білдірсе екен. Ұнатпағандары себебін көрсетіп, ұнатқандары қосары болмаса да ашық хатпенен ұнатқандығын білдірсе, «Айқап» олардың кімдер екенін басып тұрар еді.