Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы

Қазақ әліпбиі мен орфографиясы туралы

Жазу мен әліпби мәселесі бір-бірімен тығыз байланысты болады. Алдымен әр тілдің дыбыс қорын анықтап, содан кейін әр дыбысты әріптермен таңбалау қажет. Жазбаша тілді ауызша тілдің графикалық бейнесі деуге болады. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Жазудың қандай түрі болмасын белгілі бір таңбалар арқылы жасалады. Жазу тарихын жан-жақты білу үшін  графикалық лингвистика  теориясын терең тану  керек.  Қазақ жазуы мен әліпбиі тарихында А.Байтұрсыновтың араб графикасын  қазақ тілінің дыбыс жүйесіне бейімдеп жасаған әлем тіл білімінде өзінің жетістіктерімен ерекшеленетін сингармоалфавиті мен сингармоорфографиясының маңызы зор болды[1]. Себебі қазіргі жазуымыздың өзі А.Байтұрсынов еңбектеріндегі жазу теориясымен сабақтасып жатыр. А.Байтұрсыновтың араб графикасына негізделген (төте жазу) еңбегі 1912 жылдардан бастап белгілі болып, 1914, 1925, 1926 жылдары әр түрлі басылымдарда елге танылды [6.6]. Қазіргі әліпбиіміздегі 42 әріптің қызметін А.Байтұрсынов жасаған әліпбиде 16 әріп пен дәйекші атқарған еді. Қазақ тілінің табиғатына сай келтіру мақсатында араб графикасына өзгеріс енгізген. Ғалым 24 әріптің ішінен араб жазуынан 16 таңбаны дайын күйінде алған да, 8 таңбаны өзі қосқан. Араб жазуынан алынған екі әріптің таңбасы А.Байтұрсынұлы әліппесінде басқа әріптерді таңбалайды [2.6]. 

Қазақ жазуы тарихында 1924 жылы  12-14 маусым аралығында Орынбор қаласында өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш сьезінің маңызы зор болды. Осы құрылтайда қазақ жазу емлесін бір ізге түсіру мәселесі жөнінде құрылған комиссия жазу емлесін айтпастан бұрын «...Әуелі қазақша дыбыстар қандай екенін, оған лайық таңбалардың нендей болуын ашып алу керек» деген тоқтамға келіп, қазақ тіліндегі «24 дыбыс былай жіктелсін: 1) дауысты (а, о, ұ, ы, е ); 2) жарты дауысты (и, у, л ); 3) ұяң (м, н, ң ); 4) ымырасыз (д, г, ғ ); 5) ымыралы (ж, з ); 6) қатаң (б, п, т, с, ш, қ, к ). Бұл әріптердің әліпби реті былай болады: «а, б, п, т, ж, ш, д, р, з, с, ғ, қ, к, г, ң, л, м, н, ұ, о, у, е, ы, и »,- деп қаулы қабылданған екен [3.21]. Әліпбидегі әріптердің орналасу тәртібі төте жазудағы араб графикасының жазылу ерекшелігіне байланысты туындағандығы байқалады. Комиссия жұмысында «и» мен «у»арқылы жазу мәселесі, яғни А.Байтұрсынов пен Е.Омаровтың «қазақ тілінде ұзын у мен ұзын и жоқ» деген пікірі қолдау тауып, оларды қос әріппен жазуға келіседі [3.22]. Шындығында да, қазақ тілінде дауысты «и»мен «у»  жоқ екендігі кейінгі кезде ғана Ә.Жүнісбеков зерттеуінде дәлелденгені баршаға аян [4.11]. Жазу емлесі жөнінде талқылау барысында «тілімізде үндестік заңы бар деген соң, сол заңның арқасында дәйекшімен жазуды жеңілдете алатын болған соң, «к мен г» дыбыстарына өз алдына  әріп алмай-ақ, жұмсақ  сөзде келетін «қ мен ғ» әріптерімен белгілеу туралы пікір айтып, бұл төрт дыбысты жеке-жеке таңбалап, кейіннен «к мен г»дыбысының  «тегі» тексерілсін деген шешім алады [3.19-20]. Бұл шешімнің  де дұрыстығын  қазіргі жазуымыз дәлелдеп отыр.

А.Байтұрсынов құрастырған әліпбидің бір артықшылығы ретінде тіліміздегі барлық дыбыстар жеке-жеке әріптермен таңбаланған айтуға  болады. Ал батыс халықтарының латын графикасына негізделген әліпбиінде барлық дыбысқа жеке-жеке әріптердің жете бермейтінін байқауға болады. Сондықтан олардың жазу жүйелерінде әріптердің асты-үстіне қойылатын қосымша белгілер, көптеген диакритикалық таңбалар мен екіден жетіге дейін әріптердің тіркестері қолданылатын болған. Мысалы, «ч»  дыбысы немісше –tszh , ағылшынша–tch, французша-tch  түрінде бірнеше әріптер тіркесімі арқылы беріледі екен.  Ал «щ»дыбысы немісше -scthtsch, ағылшынша-stch, фрацузша-szcz  тіркесімдері арқылы беріледі.  Сондай-ақ, ағылшын әліпбиіне зер салатын болсақ,  әріп саны аз болғанмен, жүзден аса қосымша белгілер (графемалар) қолданылатынын байқауға болады. Осындай салыстырмалы түрде қарай отырып, А.Байтұрсынов негізін қалаған қазақ әліпбиінің бүкіл әлемдік маңызын танығандай боламыз. Қазақ әліпбиі мен жазуы жоғары жақтың шешімі бойынша 1929 жылғы 25маусымда жаңа орфографияға көшіріліп, бұрынғы араб графикасының  орнына латын әріптерін қабылдады. Латын графикасына негізделген қазақ  әліпбиінде 9 дауысты, 2 жарты дауысты, 18 дауыссыз дыбысты таңбалайтын 29 әріп болды. Алғашқы кезде бас әріптер болған жоқ еді, сондықтан 1930 жылғы 11 маусымдағы жоғары жақтың шешімі бойынша әліпбиге  бас әріптер енгізілді [3.53].  Латын графикасын қабылдаған қазақтың жаңа жазуы фонетикалық принципті басшылыққа алды. Жаңа жазу заңдылығы 30 параграф және 12 ескертпеден тұрса, оның 18 бөлімі  орыс тілінен енген сөздерге, терминдерге, қалған 12 бөлімі қазақ сөздерін жазуға қатысты болды. Фонетикалық принципті басшылыққа алған сол  кездегі жазу емлесінің кемшілігі жеке сөздерді, әсіресе, орыс тілінен енген сөздерді бірнеше вариантта құбылтып  жазуға жол берді. Осы кемшілікті көрсете келіп,  Қ.Жұбанов  бір ғана «коммунист» сөзі 16 түрлі жазылып жүргенін сынады [4.513].  Латын графикасына негізделген жазуды жетілдіру жұмыстарына Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Қ.Басымов т.б. ғалымдар белсене араласты. Қ.Жұбанов тіліміздің фонологиялық ерекшеліктерін дөп басып тани білген ғалым ретінде қазақ тілі дыбыстарын буын құрамында қарастырып, дауыстылардың таңбасы “буынның жуан-жіңішкелігін білдіретін қарақшы” деген дәлелді пікір айтады. Кезінде «ұу, үу, ый, ій» - қосынды дыбыстар екендігін көрсете отырып, оларды жазуда жалаң «у, и» әріптерімен таңбалау туралы айтқан ұсынысы жазу сауаттылығын жақсарту бағытындағы сол алғашқы ізденіс кезеңі үшін маңызы болғанын жоққа шығара алмаймыз. Себебі, латын графикасына негізделген алғашқы дауысты дыбыстар қазақ әліпбиінде 13 әріп (17 таңба) арқылы белгіленген болса, ғалым енді оны қазақ тілінің ішкі мүмкіншілігін ескере отырып, 7 әріппен таңбалауға болатындығын көрсетеді [5. 521]. Араб әліпбиіне негізделген қазақ жазуындағы дәйекшінің артықшылығын Қ.Жұбанов өте жоғары бағалаған. Ол 1912-1930 жылдар аралығында 18 жылдай қазақ сөзі А.Байтұрсынов жасаған әліпби арқылы жазылғанын айтып, араб алфавитінің табиғатына тән кейбір ерекшелігі болмаса, бұл жазудың еш кемшілігі байқалмағанын, сондықтан одан бас тартып, латынға көшу мәселесі жоғары жақтың қысымы екендігін ескертеді [5.506].

Қазақ орфографиясын жетілдіру мақсатында 1938 жылы жазудағы негізгі принцип  морфологиялық деп танылып қазақ әліпбиіне  «ф, х, в»әріптері енгізіледі. Ал 1940 жылы 5 қарашада қазақ жазуын орыс графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшіру туралы заң шығарылады. Қазақ әліпбиінің орыс графикасына негізделген жаңа жобасын  ғалым С. А. Аманжолов жасаған еді [6]. Оның авторлығымен 1940 жылы латын графикасымен жазылған емле ережелері де  жарық көрді. Бұл алфавитте 41 әріп, яғни орыс әліпбиінен 32 әріп және қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін танытатын 9 әріп, болды. Әліпбидегі әріптер орналасу тәртібі бойынша алдыңғы жағында орыс тіліне тән әріптер, ал соңғы жағында қазақ тіліне тән әріптер орналасты. Кезінде орыс графикасын алған қазақ жазуын жетілдіру жөнінде  баспасөз беттерінде көптеген ғылыми пікірлер айтылды. Осы орайда, яғни «ұ»дыбысының таңбасын жетілдіру қажеттігі туралы ғалым Н.Т.Сауранбаев: «Тәжірибеде «ỹ» әрпінің үстіне көлденең  қойылатын сызықша баспада түсіп қала беретіндігі айқын болды. Оның түсіп қалуынан сөздің мағынасы бұзылады»,- деген еді [7.39]. Қазақ жазуында жуанды- жіңішкелі ұу/үу тіркесімдерін, яғни «оқы, тоқы, кемі»сөздеріне«у» қосымшасын жалғаған кезде, түбір соңындағы қысаң дауыстылар ұ/ү болып, әлгі сөздер«оқұу, тоқұу, кемүу»болып айтылса да, жазуда сөз соңындағы екі дыбысты бір ғана «у»әрпімен таңбалау заңдастырылды. Сол кезеңде  жуанды – жіңішкелі ый/ій дыбыстары тіркесімін бір ғана әріппен (и) таңбалау туралы М.Балақаевтың пікірі болған еді. Бұл жөнінде ғалым  Н.Т. Сауранбаев былай деген еді: «Жуанына да, жіңішкесіне де «и» жазудан сөздің мағынасы бұзылмайды, қайта «ый»жазылатын сөздердің жазылуы біріңғайланып жеңілденеді» [7.43].  Кейіннен 1951 жылы  «ұ»дыбысының бұрынғы таңбасы (ỹ) сәл өзгертіліп, қазіргі күйінде жазылатын болды. Сондай-ақ,  әліппеге «ё» дыбысы енгізілді. Қазақ  әліпбиіндегі  әріптердің оранласу тәртібі 1957 жылы қайта өзгертіліп, қазіргі тәртіппен жазылған еді. Қазіргі әліпбиімізде 42 әріп бар, оның 9-ы қазақ тілінің  дыбыстық ерекшелігіне сай келтірілген (ә, ө, ү, ұ, і, ғ, қ, ң, һ ) әріптер болса, 33 әріп орыс тілінен өзгеріссіз алынды. Бұл әріптер 15 дауысты, 25 дауыссыз және дыбыстық мәні жоқ  2 әріп (ь, ъ) таңбаны бейнелейді. Қазақ тілінің  алғашқы  орфографиялық  сөздігі 1941 жылы жарық көрсе, одан кейін толық басылымы 1963 жылы жарияланып, ал 1978, 1988 жылдары кейбір кемшіліктер түзетіліп, жетілдіріліп қайта басылады. Бұл сөздіктердің шығуына  белгілі тілші ғалымдар арасындағы қызу пікір алмасу, талқылау барысында 1957, 1983 жылдары толықтырылып қабылданған «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері » негіз болды. Қазақ білімпаздары жиынында қазақ жазу емлесін бір ізге түсіру бағытында адам аты-жөнін жазған кезде орыстың «ов», «ский», арабтың «и» сияқты сөздерінің орнына ұлттық ерекшелігін танытатын қосымшалар жалғану қажет деген мәселе көтерген еді. Ал бұл мәселе одан кейінгі кезеңдерде де ғалымдар назарынан тыс қалған жоқ. Мысалы, 1950 жылы ғалым Н.Т.Сауранбаев адам аттары сөздің айтылуы бойынша жазылып жүргенін сынап, «... жалпы есімдер сияқты жалқы есімдер де » «... туыс жүйелі принцип бойынша бастапқы тұлғалалары сақталып жазылуы керек » деген болатын [7.41]. Кейбір ғалымдар «кісі аттарының, жер-су  аттарының, қала берді жалпы біріккен сөздердің түбірін сақтап жазу дегенді принципке айналдырмау керек. Олай ету тілге зорлық » деп, сөз аралығындағы фонетикалық өзгеріс екі сөзді жымдастырып, ізін білдірмей бір сөз етіп тұратынын айтады [8.37]. «Қазақ жазуындағы жетекші принцип қандай, яғни фонетикалық принцип пен морфонологиялық принциптің қайсысын ұстанып жазып жүрміз?» деген мәселе жөнінде ғалымдар пікірі бір-бірінен алшақ түседі. Шындығында, қазіргі  жазуымызда сөздің түбір тұлғасын сақтап жазу да, сөздің айтылу ерекшелігін ескеріп жазу да бар екенін көреміз. Мысалы, I. Фонетикалық принцип бойынша жазу: 1) үндестік заңы бойынша жазылатын сөздер; 2) кейінгі ықпал заңына бағына жазылатын сөздер (жүрегі-жүрек, қабы-қап); II. Морфологиялық принцип бойынша жазу: 1) Сөз тұлғасын сақтап жазу (жамбады-жанбады, башшы-басшы); Осы орайда М.Жүсіпұлы  қазақ орфографиясының негізгі принципі – сингармофонологиялық принцип деп көрсетіп, « Қазақ тілінің сингармофонологиялық принципі үш түрлі орфографиялық принципті қамтиды: а) морфологиялық, себебі: морфема әркез бір түрлі жазылады; ә) фонетикалық, себебі морфема, сөз көбінеше  айтуынша жазылады; б) фонологиялық (фонемалық), себебі: морфеманың құрамында әр кез бір түрлі фонемалар қоры сақталады», - дейді [2.157].

Қазақ әліпбиі мен жазуының тарихында осы саладағы ғылым дамуына өз үлестерін қосқан А.Байтұрсынов, Е.Омаров, Т.Шонанұлы, Қ.Басымов, Ш.Х.Сарыбаев, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, М.Балақаев, Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Р.Сыздықова, Г.Жәрекешова, Н.Оралбаева, А.Хасенова, К.Ниеталиева, Н.Уәлиев, Қ.Күдеринова т.б. ғалымдардың еңбектері мен зерттеулерін атап көрсетуге болады. Қазақ тілі емле ережелерін жетілдіру мәселесі, әсіресе, орыс тілінен енген сөздерді жазу, сөз басындағы буындарда ғана келіп, ал сөз соңында өте сирек кездесетін «ә, ұ»дыбыстары (сірә, күнә, бұлбұл) туралы«щ, я, ю, х, һ»әріптерімен келген сөздерді жазу, сөздерді бірге және бөлек  жазу мәселесі туралы ғалымдар арасында көп пікір айтылды. Сол кездегі баспасөз беттеріндегі С.Аманжолов, М.Балақаев, Н.Сауранбаев, Р.Сыздықова, Т. Жанұзақов, Ш.Сарыбаев, Ғ.Әбуханов, Ф.Мұсабекова, Е.Жанпейісов, Қ.Есенов, Н.Оралбаева т.б. ғылымдар өздерінің ғылыми мақалалары арқылы қазақ жазуын жетілдіруге үлес қосты. Қазақ жазуының даму тарихы жөнінде ғалым Н.Оралбаева арнайы зерттеу жүргізіп, қазақ жазуы теориясының өзіндік заңдылықтарын, емле ережелерінің жетілдіру ерекшеліктерін қарастырды [9].

Қазақ жазуы мәдениетін дамыту бағытында ерекше үлес қосып келе жатырған ғалым Р.Сыздықова деп білеміз. Ғалым «Емле және тыныс белгілері», «Қазақ тілінің орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш», «Орфографиялық сөздік», «Тілдік норма және оның қалыптасуы» атты еңбектерінде жазу емлесін тұрақтандыру, оны жетілдіру, айтылым мен жазылым арасындағы сәйкессіздіктерді реттеу мәселелерін бір жүйеге түсіру  бағытында айрықша еңбек етті [10]. Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негіздері жөнінде зерттеу жүргізген ғалым Н.Уәлиев айтылған сөзді арнайы таңбалармен жазу мәселесін дыбыс – фонема – графема - әріп байланыстары арқылы түсіндіріп, инвариант – вариант тұрғысынан талдайды [11.14]. Тілде фонетикалық құбылыстардың ұшы-қиыры жоқ. Ал олардың жазуда таңбалануы сөздерді фонемалық негізгі реңкі бойынша жазуға, яғни фонематикалық принципке негізделетінін көрсетеді [11.9]. Ғалым қазақ жазуының жетістігі мен қазіргі таңда орын алып отырған кемшіліктері мен шешімін күткен мәселелерін алға тартады.

Белгілі фонетист ғалым С.Мырзабеков емле ережелерін жетілдіру барысында әлі де кейбір кемшіліктер кездесетінін көрсеткен еді [12.175-186]. Мысалы, кісі аттары жазылуында «Амангелді, Есенғұл»деп жазу дұрыс емес, олар тоғыспалы ықпал арқылы (Амаңгелді, Есеңгелді) жазылатынын, «соңғы буынында «ы, і» дыбыстары бар сөздерге (орын, құлық, көрік т.б.) дауысты дыбыстан басталатын қосымша жалғанғанда «ы, і» дыбыстары кей уақытта түсіп қалады» деген ережедегі «ы, і дыбыстары» деген дұрыс емес, дұрысы «ы, і әріптері» екенін аңғару керек, өйткені бұл жерде «ы, і» әріп, олар «ұ, ү» болып дыбысталады дейді [12.177-178]. С.Мырзабеков тілімізг е орыс тілінен енген сөздер көп екенін ескертіп, емле ережелерінде «оларды буынға бөлу, тасымалдау жайында бір-екі параграф айтылса артық болмас еді» деген еді [12.186]. Ал Р.Сыздықова да жазу практикасындағы кемшіліктің бірі «күні бүгінге дейін, әсіресе, аударма әдебиетте, баспасөз беттерінде орысша  баламасына қарап бір типтегі сөздердің бірін қосып (аяқкиім-обувь), екіншісін бөлек (бас киім – головной убор) жазушылық жиі кездеседі»,- дейді [10.5].

Қазақ тіл білімі дамуының жаңа кезеңдегі жетістіктері қазақ жазуын да  жетілдіріп, оның теориялық жағынан дамуына себеп болып отыр. Қазақ жазуы емлесіндегі күрделі мәселелердің бірі сөздерді бірге және бөлек жазудың теориялық ұстанымдарын, негізгі таянышын анықтау болып табылады. Осы мәселе жөнінде жазылған құнды еңбек Қ.Күдеринованың зерттеуі деп білеміз [13]. Сөздің мағыналық жағына назар аудару қажеттігін айта келіп, «Жазудың тұрпат межесі жазудың мазмұн межесін дәл ашып көрсете алмаса, тілдің коммуникативтік қызметі әлсіреп, адамдардың ойлау қабілеті тоқырауға ұшырайды. Тұрпат межесі таңбаның мазмұн межесін қашан да дәл бейнелеп, қанағаттандырып отыру керек»,- дейді [13.32].

Баспасөз беттерінде жарияланған кейбір мақалаларда «қазақ тілінде «в, ф, х, һ, э» дыбыстары жоқ, сондықтан оны әліпбиден шығарып тастау керек» деген пікір айтылса, екінші біреулері бұл дыбыстар қазіргі сөздердің айтылуын дәл береді дейді.  Сондай-ақ, «ы, і, и» қысаң дауысты дыбыстарының сусып түсіп қалатын кездері жазуда сақталмаған жағдайда, сөз тұлғалары артық әріптермен жазылатыны айтылып жүр. Жарыспа тұлғалардың түсіндірме сөздіктерде берілуінде де бірізділік сақтала бермеуі жазу мәдениетімізге өз әсерін тигізіп жүргені де айтылып келеді. Орыс тілінен  енген сөздерді өзгеріссіз ала салмай, қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне сай жазу керек деген мәселе жөнінде де ғалымдар  арасында пікір алшақтық бар.  С.Мырзабеков орыс тілінен енген сөздерді «станса, газет, зауыт, облыс, пойыз» деп «жартыкеш» жазуға қосылмайтынын айтып, сондықтан бабалар тіліне жақындату бағытында оларды «ыстанса, гәзет, зауұт, обұлұс, пойұз» деп жазуды ұсынады. Әрине, бұлай жазу тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне сай келгенмен, қазіргі ғылым мен техника тасқыны кезеңінде шет тілдері сөздерін өз ана тіліндей қолдана білуді меңгерген жас ұрпақтың қалай қабылдайтынын да ескерген жөн сияқты.

Қорыта айтқанда, жазу- әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Сондықтан жазу мен алфавитке  ерекше  мән беру қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Байтұрыснов А.Тіл тағлымы. Алматы: Ана тілі, 1992.-448 б.

2.  Джусупов М.  Фонемография А.Байтурсынова и фонология сингармонизма.-Ташкент: Узбекистан, 1995.-176 с.

3.  1920-30 жылдардағы қазақ тілі жөніндегі зерттеулер:- Қарағанды : ҚарМУ, 1994.-19-22 б.

4.  Джунисбеков А. Сингармонизм в казахском языке. – Алматы: Наука, 1980.-78 с.

5.  Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. -Алматы: Ғылым, 1999.-581б.

6.  АманжоловС. Новый казахский алфавит (на основе русской графики) и орфография (проект) Социалистік қазақтан №180, 8 август 1939 ж.

7.  Сауранбаев.Н.Т. Қазақ тіл білімінің проблемалары.-Алматы: Ғылым, 1982.-351 б.

8.  Балақаев М., Серғалиев М. Қазақ тілінің мәдениеті. – А: Зият Пресс, 2004-140 б.

9.  Оралбаева Н. История казахской письменности послеоктябрьского периода КДА – Алма-Ата, 1955 с.

10.  Сыздықова Р. Емле және тыныс белгілері . – Алматы: Рауан, 1996.-285 б.

11.  Уалиев Н. Фонологические основы казахской графики и орфографий АКД. – Алматы: 1993.-21 с.

12.  Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі.- Алматы: Сөздік-Словарь, 1999.-200 б.

ҚазҰУ Хабаршысы. - Филология сериясы. – Алматы: Қазақ университеті, 2008.  №1(109) – 175-178 б.)