Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы

Орфографиялық сауаттылық мәселесі

Тіл мәдениетінің дамуына, сауаттылықты арттыруға, әдеби тіл мен оның нормаларына, жазу емлесін қатаң сақтауға әр кез назар аударып отыру керектігін естен шығармау керек болады. Бұл ретте қазақ тілі білімінің заңдылықтарын мектеп табалдырығынан бастап, тиянақты меңгерудің берері көп. Қазақ тілінің сөз қолдану мәдениетін берік сақтауға , тілдің ішкі заңына қарай  сөздерді дұрыс іріктеп қолдану, стильдік ерекшеліктерді орынды пайдалана білу, дұрыс айтып, дұрыс жазу мәселесіне айрықша көңіл бөліп отыру ләзім.

Орта және жоғары оқу орындарында, мерзімді баспасөз беттерінде сөздердің жазылуындағы ала-құлалық жиі байқалып жүр. Бұл мемлекеттік тіліміздің орфографиясы мен орфоэпиясын, грамматикасы мен әдеби түрін жете білуді қажет етеді. Сөздерді, оның дыбыстарын дұрыс жазу үшін белгілі бір ережелер жинағы керек болса, тіл ғылымында бұл саланы тексеретін (зерттейтін) ғылым – орфография. Ол тілдің түрлі жақтары мен олардың байланысын ескере отырып, нақтылы принциптерге сүйенеді. Бәрімізге белгілісі: орфографиялық, орфоэпиялық және дәстүрлі принцип.

Орфографиялық принцип бір сөз екі немесе одан да көп түрде жазылатын жағдайда, оның тек біреуін ғана таңдап алуды айқындайды – деген “Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағышта” көрсетілген ережелеріміз бар. (“Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш” (“Мектеп баспасы”. Алматы 1974), баспа қызметкерлері мен мұғалімдер үшін өңделіп, толықтырылып жазылған соңғы басылымы 2000 жылы жарық көрді. Авторы белгілі ғалым, академик Р.Сыздықова).

Аталған “Анықтағыштың” кіріспесінде орфография (сөздерді дұрыс жазу) нормалары мен орфоэпия (сөздерді дұрыс айту) нормалары барлық сөзде бір-біріне сай келе бермейді. Мәселен: кітәп, тәкәппар деп айтылатын сөздерді кітап, тәкаппар деп, екінші, үшінші буындарда а жазсақ, оларды дұрыс оқуға ешқандай қиындық келтірмейді. Бірақ баспасөзде кітәп, тәкәппәр болып жазылып жүретіні жасырын емес. Сол сияқты жеке айтылғанда жәй, шәй болып естілетін сөздер де жай, шай болып жазылуға тиіс. Баспасөзде жәйт, жайт болып әр түрлі жазылуда. Осы сияқты әртүрлі, әрқилы, әртарап, әртекті сөздері 2007 жылғы орфографиялық сөздікте бірге жазылған, ал одан бұрынғы 1978, 1988,  2001 жылдардағы сөздіктерде аталған сөздер әр түрлі, әр нәрсе, әр текті, әр уақытта болып бөлек жазылған. Көзге түскен және жиі кездесетін кейбір сөздерді ғана мысалға келтіріп отырмыз.   

Дұрыс жазып, дұрыс сөйлей білу – әрбір мәдениетті адамның алдына қойылатын басты шарттардың бірі. Бұл ұлттық тіліміздің орфографиясы мен орфоэпиясын, грамматика мен әдеби түрін жете білуді қажет етеді. Тіл мәдениетінің мәртебесін айқындайтын көрсеткіштің бірі – жазудағы бірізділік. Бұл күнде қалыптасқан сөздерді баспа беттерінде түрліше жазу етек алып барады. Тіпті дау-таласы жоқ ережелерді де бұзып жазып жүрген жайлар да кездесіп жатады. Әрине сауаттылық жайында аз айтылып жатқан жоқ. Баспа беттерінде мақалалар жариялануда, арнайы конференциялар өткізілуде, ол жиындарда да келіскен шешім – ұсыныстар қабылдануда.

Сауатты жазу үшін біз әрқашан “қазақ тілінің негізгі ережелерін” басшылыққа алып отыруымыз қажет. Бұл ережеде бірнеше пункттен тұратын әріптердің емлесі, сөздердің бірге, бөлек жазылуы, қосымшалардың жазылуы т.б. сияқты бөлімдері мен ескертулері берілген. Қазақ жазуы күні бүгінге дейін 1957 жылы қабылданған емле ережелерін пайдаланып келеді. Содан толықтырылып, түзетіліп 1963 жылы алғашқы орфографиялық сөздік, ол 1978 жылы екі рет басылды. Одан кейін 1988, 2001, 2007 жылдары жарық көрді. Осы сөздіктердің өзінде де бірізділік мәселесінде әр түрлі жазу кездесіп қалып жатады.

1978 жылғы орфографиялық сөздікте – әрқайсы деп жазылса (54-бетте), ал 1988, 2001 жылғы басқа сөздіктерде – әрқайсысы деп жазылған. 1978 ж. сөздікте – шет ел деп бөлек жазылса,  2007 ж. сөздікте – шетел деп бірге жазылған, ал басқа сөздіктерде мүлдем жазылмаған. 2001 ж. сөздікте: көгөніс, көгет (анат.), шегара, пойыз, пайыз, зауыт, тауар, нөл, нөмір, рөл, қыргүйек болып жазылса, 2007 ж. сөздікте: көкөніс, көкет, шекара, қыркүйек деп жазылған. 1963, 1978, 1988 ж. сөздіктерде: артист, артистер, артисі деп жазылған да 2007 ж. сөздікте мүлдем жазылмаған. Актер деген атақ өз рөлінің режиссеры болуы керек. Осы сөз бірде актерлер, енді бірде актерлар болып жазылып жүр. Шет елдің актершыларымен де таныс боларсыздар.Мысалы: Ақтоқты рөлін сомдау кез келген актрисаның арманы... кино туындыларының ролі ерекше. Тұрмыс – адам өмірінде маңызды рольге ие. Қоғамның рольін тамаша ойнап шыққан деген сөйлемдерді де кездестірдік. “Астана балетінің” әлемдік гастролі... т.т.

Күнделікті баспасөзде, теледидарда әртіс, халық әртісі болып жазылып жүр. Дұрысы осылай айтылып, осылай жазылғаны жөн болар еді.

Баспасөзде бір сөзді әр түрлі жазу яғни кім қалай жазғысы келсе солай жазып жүрген сөздерді көрсете кеткеннің артықтығы болмас.

1988 жылы жарық көрген орфографиялық сөздікте және соңғы сөздіктерде де таңғалу, таңғалушылық, таңғажайып болып көрсетілген. Орфографиялық ережелеріміз бойынша осылай жазылу керек сөздер күнделікті баспасөз беттерінде  таң қалу, (кейде біріктіріп таңқалу)номер, ноль, роль болып жазылып жүр.

Қосымшалардың да жазылуында шалағайлықтар кездесіп жатады. Мысалы: М. Әуезовтың (дұрысы М. Әуезовтің), И. Тасмағамбетовтың (дұрысы И. Тасмағамбетовтің), Х. Досмұхамедовтың (дұрысы  Х. Досмұхамедовтің ) т.б. Қосымшалардың ішінде түбірдің соңғы буынына тәуелді болмай, әрқашан өз қалпын сақтап тұратын қосымшалар да кездеседі. Солардың ішінде баспа бетінде көп ұшырасатындары – нікі, – дікі, – тікі қосымшаларының жазылуы. Мысалы: Жұлдыздікі, Мақсаттікі, Динанікі т.б. Күнделікті баспасөзде: Жұлдыздыкі, Мақсаттыкі, Динаныкі болып жазылып жүргені жасырын емес. Бас әріптерден қысқарған сөздерге қосымшалар соңғы әрпінің айтылуына қарай үндесіп, я жуан, я жіңішке болып, дефис арқылы жазылады. Мысалы: Юнеско-ның, НАТО-ға, БҰҰ-ның, ҚазҰУ-дың, ҚазҰПУ-дың болып жазылатын сөздері газет-журналдардың беттерінде, кейбір әріптестеріміздің жазуында да ҚазҰУ-інің, ҚазҰУ-дің, ҚазҰПУ-інің, ҚазҰТУ-дің болып жазылып жүргені жиі байқалады. Орфографиялық ережеде цифр арқылы жазылатын есептік саннан кейін ешқандай белгі қойылмайды, ал реттік сан араб цифры арқылы жазылса, саннан кейін (-) қойылады. Яғни дефис (-) деп отырғанымыз – ыншы, – інші,  – ншы, – нші қосымшаларының орнына жүреді. Енді осыған баспасөзде жиі кездесетін тұстарына бірер мысал: 2013 жыл, 14 қазан, 5 маусым, 2 – қабат, 3 – сынып, 5 – сынып, 3 – курс т.б. болып жазылуы керек сөздер газет, журналдарда және кейбір кітаптарда 2013-інші жыл, 10-ыншы маусым, 14-інші қазан, 5-ыншы желтоқсан; 2 қабат, 3 сынып, 5 сынып болып жазылып жүр.

Сызықша (–) мен  дефисті (-) ажырата алмайтындар да жоқ емес. Орта мектепті бітіріп, ЖОО-да оқып жүрген студенттерді былай қойғанда, күнделікті баспасөзде кездесетін осы сияқты қателерден аяқ алып жүре алмайсыз. Тіліміздегі сөздердің дұрыс жазу нормасын (ережесін) жөнді білмейтін, тіл туралы заңдылықтармен санаспайтын азаматтар тіл мәдениетінің мәртебесін төмендетіп барады. Бұл кемшілік әсіресе баспа қызметтерінде істейтін журналист мамандардың жазуларында жиі кездесетіні жасырын емес. Олар ең болмағанда орфографиялық сөздіктерді басшылыққа алып отырса сауатты жазуға септігін тигізер еді. Жұртшылық қауым мерзімді баспасөзді жазу мәдениетінің айнасы деп ұғады.

Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайындағы анықтағышта орфографияның кейбір мәселелерінің кезекті бір пунктінде: и әрпі жіңішке естілетін жалаң и дыбысымен қатар ій, ый қосар дыбыстарын да таңбалайды. Жіңішке естілетін и-дің алдынан і әрпін жазбау қазақ орфографиясында әбден қалыптасып, орнықты: би, тиек, киім, биік, ирек, иіс, ине т.б. Осы жерде ки-ім, би-ік деп буынға бөлетініміз бар. Ол фонетикалық заңдылықтар бойынша үлкен қате болып саналады. “Қазақ тілінің дыбыс жүйесі” атты оқулықтың “буынның сипаты” бөлімінде сөз ортасында дауысты дыбыстан буын басталмайды – деген қағидамыз (ережеміз) бар. Тіліміздегі байырғы сөздер, буындар да қос (екі) дауыссыздан басталмайды делінген (оқулықтың авторы белгілі ғалым С. Мырзабеков). Одан бұрынғы академик І. Кеңесбаевтың оқулығында да солай жазылған.   Тіл табиғатына қарасақ, қиын, қиық, қуыс, гуіл деген сөздер дұрысында қы-йын, қы-йық, құ-уыс, гү-уіл болып буындалуы керек, ал қазір жазылуына қарап шартты түрде  қи-ын, қи-ық, қу-ыс, гу-іл деп буынға бөліп, соған қарай тасымалдап жүрміз. Бұлай буынға бөлу өрескел қате.

Сондай-ақ и дыбысының жуан естілген (ый) түрі де жалаң и әрпімен таңбаланады: бидай, риза, қария, иық, дария, қағида, Сағира, Қалима т.б.

Ый қосар әріптері тек тый, сый деген сөздерде ғана (олардың түбір түрінде де, қосымшалар жалғанған түрінде де ) жазылады: сый, сыйлық, сыйлау, сыяды, сыю, сыйдық, тый, тыю, тыйылды т.т.

2001 ж. орфографиялық сөздікте 337-бетінде: сиық, сиқы, сияқты, сиыр,сиыру, сия, сиясауыт, 353-бетте: сый, сыйлы, сыйақы, сыйғызу, сый-құрмет, сыйлау, сыйсыз, сый-сыяпат, 2007 ж. сөздікте: сый-сияпат, 2001 ж. сөздіктің 378-бетінде тиын, тиыны, тиын-тебен, тиімді, 398-бетінде тыйылу, тыйымы, тыйымсыздық. Мұндай мысалдарды келтіре берсек созыла бермек.

Қазіргі қазақ жазуының басты міні тек кириллицаға ғана емес, тұтас орыс тілінің тілдік нормаларына негізделгенінде болып отыр.

Орыс графикасына негізделген ең алғашқы қазақ әліпбиі жобасын Н.И.Ильминский, В.В.Григорьев, П.М.Мелиоранскийлердің “о передаче звуков киргизского языка буквами русской азбуки” деп аталатын мақаласында орыс әліпбиіндегі таңбалар өзгермеуі тиіс деп көрсетті.

Қазақ тілінің қырғыз тілімен шатастыруынан сол кездегі әліпбиіміздің жағдайының қалай болғандығын байқауға болады. Яғни қазіргі қолданыстағы әліпбиіміз бен емле - ережелеріміз орыс тілінің заңдылықтарын негізге алған көшірінді дүние. Тіпті қазақтың төл дыбыстарының өзін анықтауда жансақтықтарға жол берілген (Ө. Айтбайұлы “Ана тілі” газеті, №3, 2013 ж.).

А. Байтұрсынұлы  “өзге жұрттарда бұзып алған сөздер сақталады. Олай болса, тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек” десе , Х. Досмұхамедұлы: “жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ. Басқаның сөзін бұзбай аламыз деп тіліңді бұрап жүргенде, өз тіліңнен айырылып қаларсың” деп ескертті. Қ. Жұбанов:  “Емле негізіне қожа сол тілдің жаратылыс заңы болуға керек. Тіліміздің жаратылыс заңына қарасақ, емле дыбыс негізді  (фонетикалық принцип) болуға тиісті” – деген болатын. Осы тұста Аймауытұлы Жүсіпбек: “Емлені өзгерту керек дегендегі бас нысанам – сөздері грамматика заңына тірей бермей, қалай естілсе, солай жазу, емле ережелерін азайту, яки жоғалту” – деген (1924, 7 иануар).

А. Байтұрсынов та, Қ. Жұбанов та қазақ жазуы фонетикалық принципті ұстану керек деген пікірде болды. М. Балақаев “Тіл мәдениеті мен қазақ тілін оқыту” атты кітабында “сөздердің айтылуы мен жазылуы нұсқаларында мүмкін болғанша жақындық, үйлесім болуға тиіс” – дейді. “Баспа орындарынан шығатын газет, журнал, кітаптар мәдениетті оқушы қауымға арналатындықтан, олар қай жағынан болса да, әсіресе, орфографиялық, пунктуациялық қателерден аулақ болғаны жөн” – деп көрсетеді. Ал біз болсақ жазуға бола тілге қиянат жасағандығымыздың зардабын тартудамыз.

Елбасы жолдауында  “Біз 2025 жылдан бастап, қазіргі қолданыстағы әліпбиіміздегі латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек” – деді. Содан бері баспасөз бетінде латынға көшу туралы әр түрлі көзқарас, пікір білдірушілердің мақалалары жарық көріп келеді.

Латын әліпбиіне көшкенге дейін, қазіргі ережелерімізді, жазуымызды қазіргі кезден бастап ретке келтіру керек болады.  

Пайдаланған әдебиеттер.

1. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы, 1992 ж.

2. Балақаев М. Б. Қазақ әдеби тілі, Алматы, 1987 ж.

3. Сыздықова Р. Ғ. Қазақ тілі орфографиясы мен пунктуация жайындағы анықтағыш. Алматы, 1959 ж.

4.  Сыздықова Р. Ғ. Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы). Астана: Елорда 2000 ж.

5. Қазақ тілінің орфографиялық сөздіктері (1963, 1978, 1988, 2001, 2007 ж.ж).