Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы

Сирек кездесетін дауыссыз дыбыстар сәйкестігі

Қай тілдің болмасын оның ішіндегі диалектілік ерекшеліктерді жинап зерттеудің тіл үшін маңызы зор. Тілдегі жергілікті ерекшеліктерді негізінен ауызекі сөйлеу тіл, баспасөз, сол жерге қатысты көркем әдебиет тілі мен ақын- жазушылар тілінен, түрлі шығармалардан іздестіріп жинайды. Негізгі дерексөздер де осылар болмақ. Әр тілдің даму тарихынан қажетті деректер беруде, сондай- ақ әдеби тілімізді көркейтуде таусылмас байлық екені айқын дәлелденген ілім. Біз сөз еткелі отырған Саратов, Астрахан облыстары мен Қалмақ республикасында тұратын қазақтардың тіл ерекшеліктері. Мұндағы тұрғын халықтың шұғылданатын кәсібі көбінесе мал бағу мен балық аулау болса Элтон (Волгоград), Басқұншақ (Астрахан обл.) сияқты тұз өндірістерінде жұмыс істейді. Каспий теңізі жағасындағы казак- орыс байларының балық өндірісіне барып, күнкөріс үшін тіршілік еткен қазақтар сол өндірісте істеп жүрген түрлі (татар, башқұрт, қалмақ т.б.) ұлттардың өкілдерімен аралас- құралас өмір сүріп, ортақ тіл табысады. Бұл жағдайдың өзі олардың сөйлеу тіліне әсерін тигізбей қоймайды. Аталған өлкедегі қазақ тұрғындарының ауызекі тіліндегі өзгерістер, қазіргі қазақ әдеби тілдің нормасынан алшақ жатқан ерекшеліктерін, оған басқа тілдердің тигізген әсерін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл деректер осы өлкелердегі қазақтар мен батыс сөйленістер тобының өкілдері арасындағы этно- лингвистикалық байланыстарды тарихи тұрғыдан танып білуге зор көмегін тигізері анық.

Біз зерттеп отырған саладағы барлық фонетикалық ерекшеліктерді дауысты және дауыссыз дыбыстар аясында қарап, қажетті жерінде басқа сөйленістердің, әсіресе Қазақстанның батыс өңірі сөйленістерінің өзгешеліктерімен салыстыра тексердік. Сөйленістердегі дауыстыларға тән ерекшеліктерге қарағанда, дауыссыздардың өзара дыбыс алмасу жағы молырақ болып келеді. Дауыссыздардың бірді- екілі сөздерде ғана кездесетін эмпирикалық дыбыс сәйкестігіне төмендегі ерекшеліктерді келтіруге болады:

  С- з: зауық құру- сауық құру, залу- салу, зырғанау- сырғанау. Мысалы: Зауық қылып отырайық! Залып қалайын ба осы басыңа? Зырғанатып құяды да жібереді сар еткізіп бидайды  (Э.М.). Дыбыстардың мұндай алмасуы Қазақстанның батысындағы қазақтар тілінде де кездеседі. 

  Ж- ш: былшыраған- былшыраған, ит- шығыш- ит- шығыс- ит- жығыс, шегу- жегу, шеу- кеу. Мысалы: Өмір ит- шығышпен өтіп жатыр, бірін- бірі алдап. Кәрем қорада ат шегіп атыр. Уайым шеп отырамыз, бала кешіксе. Мұндай құбылыстар батыс облыстардағы, Қарақалпақ және Түркімен қазақтарының тілінде де ұшырасады.

  Р- л: зарар- залал, саңлау- саңырау, бырығу- былығу. Мысалы: Әуелден кісімен араз болса, қашан да болса зарар  ойлап тұрады. “Бұрынғының қойы маңырайтын еді, осы күнгінің қойы ауыз ашатын бопты”, - депті бір саңлау.

  Р- й: қиылысу- қырылысу, тұрық- тұйық. Мысалы: Екі бура қиылысады таласып. Уайымшыл адамның алды тұрық жармен тең.

  Т- с: байқұт- байқұс, оқсын- оқсын- оқтын- оқтын, оқта- секте- оқта- текте. Мысалы: Өзі байқұт адам. Оқсын- оқсын жел соғып тұрады. Олармен оқта- секте ұшырасып тұрамыз.

  М- н: мәжнүм- мәжнүн, бірем- сарам- бірен- саран, перме- перне. Бұл өзекте қызыл балық бірем- сарам ғана кездеседі. 12- пермесі бар домбыра.

  Т- ш: талту- шалқу, ләпсі- нәпсі. Ей көңілім, талти берме бет алдына!

  Л- н: жантақ- жалтақ, жарлама- жарнама. Мысалы: Мынау енді әйелінің алдында жантақ боп отыр.

Ей, қазақ, жігер етіп балаңды оқыт

Оқуға ерте емес, болды уақыт.

Көзіңнің ағы менен қарасындай

Айырма ұл- қызыңды бірдей оқыт-

деген жарнама келді.

  Л- д: анадар- аналар, молла- молда. Анадар да кетті сонымен бірге. Елде моллалармен айтысыпты бұрын.

  Бұл көрсетілгендерден басқа жеке- дара сөздерде а-т, г-у, т-ж, м-н дыбыстарының да өзара алмасулары байқалады. Әдеби тілдегі мертігу, түйреуіш, жүз, пейіл сөздері сөйленісте мерзілу, түйрегіш, түз, мейіл болып айтылады. Мысалы: Ол бұзау бір аяғы мерзіліп ауырып отыр. Балам, мына жердегі түйрегішті көрмедің бе? Кеше дүз метр жер жыртты. Қожаның мейілі құртқа шабады, көжесінің қатығы жоқ болса да. Жоғарыда көрсетілген дыбыс сәйкестіктерінің пайда болуын белгілі фонетикалық заңдылықтардың нәтижесі деп дәлелдеп беру, әрине, қиын. Солай бола тұрса да, олардың кейбіреулері жөнінде өз тапшылауымызды айта кетуге болатын тәрізді. Мәселен, сөйленістегі түйрегіш пен әдеби тіліміздегі түйреуіш вариантын салыстырып қарасақ, алдыңғыны бұл сөздің көне түріне жататынын көреміз. Өйткені дәл осы тәріздес сөздер  М. Қашғари сөздігінде тошағ- тұсау; ямағ- жамау, немесе “Кодекс куманикусте” “Tusac- тұсау” (51, 290) түрінде айтылған. Сонда түйреуіш сөзі ертеде түйрегіш формасында қолданылған (уіш<гіш). Бұл форма біз зерттеп отырған сөйленімдегі кейбір сөздердің құрамында кездеседі де, әдеби тіліміз, негізінен, -уіш формасын қабылдаған. Бұл ерекшелік басқа түркі тілдерінде де кездеседі (40, 100-101). Жоғарыда әңгіме болған дыбыс алмасуларымен қатар, сөйленісте сөз басында, не ортасында дауыссыз дыбыстардың түсіріліп айтылуы немесе кейбір дыбыстардың қабаттаса айтылуы сияқты құбылыстар да ұшырасып отырады.

  Сөз басында дауыссыз дыбыстың түсіріліп айтылуы: әжәйып- ғажайып, әлкем- бәлкім, үзім- жүзім, айбалам салу- байбалам салу т.б. Мысалы: Еділ бойы әжәйып қой. Бұйақта үзім өспейді. Бір көргеннен ашық болып, үйленіп алдық. Әлкем ол ишанның мылтығы болар (Э.М.).

Пайдаланған әдебиеттер:

1.  Аманжолов С. Вопросы истории и диалектологии казахского языка Алма- Ата, 1959.

2.  Досқараев Ж., Мұсабаев Ғ. Қазақ тілінің жергілікті тіл ерекшеліктері, 1952.

3.  Нақысбеков О. Қазақ тілінің ауыспалы говоры Алматы, 1972.

4.  Нұрмагамбетов Ә. Түркіменстандағы қазақтардың тілі. Алматы, 1974.

5.  Сарыбаев Ш.Ш. Батыс Қазақстан экспедициясының материалдарынан. Қазақ тілі тарихы диалектологиясының мәселелері. 4 шығуы, Алматы, 1962.