Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы

Тағы да бүгінгі емлеміз жайында

Мәдени дүниемізде қашан да пікірталасы арылмаған саланың бірі – емле, яғни қазақша тегіс сауатты жазу жайы болатын. Ал бұл күндерде баспа дүние беттеріндегі сауаттылық мүлде божырап, қалыптасқан, даусыз ережелердің өзін мақсұқ ету бой көрсете бастады. Мысалы, біріккен тұлға ретінде келген қазақша адам аттарын бөліп жазу, одан да асырып, орысшылап араларына сызықша кою (Дәулет-қазы, Әмір-бек т.б.) немесе қатар екі дауыссыздан бастап жазу (Сқақ, Слан, Ргенова) әдетке айналды. Қазақ сөздерін буын жігіне қарамай келг-ен, кел-ген, балал-ар, бал-алар деп тасымалдаған үлгілерді кездестіретін болдық. Бір сөзді екі түрлі жазу, корректорлық қателерге жол беру, кірме сөздерді айтпағанда төл сөздердің өзіне қосымшаларды дұрыс жалғамау, кейбір кірме сөздердің емле ережелері мен сөздіктерде ұсынылған тұлғасын өзгертіп, «қазақыландырып» жазу нәтижесінде бүгінгі күнгі ең сауатты қазақтың өзі дағдарып қалатын күйге түсті.

Жалпы жазу сауаттылығы жайының әрдайым алаңдатып келуінде сол емле тәртіптерін түзушілер мен тұтынушылардың еркінен тыс та, қалам ұстағандардың өздеріне қатысты да себептер бар. Алғашқысының себебі – жазу дағдымыздың қалыптасып үлгермей, бас-аяғы он шақты жылдың барысында жазу графикасын үш рет ауыстыру. Бұл жазу мәдениетімізге әлі күнге зиянын тигізіп келеді, өйткені емле бірте-бірте түзеліп, жылдар бойы тәжірибеден өтіп, дәстүрлі сипат алған күнде ғана сол тілдің сауатты жазу нормалары қалыптасады. Ал қазақ емлесінің дәстүрге айналуы былай тұрсын, ережелерінің өзін тұрақтандыруға мүмкіндік болмай жатты. Жазу таңбасы өзгерген сайын емленің жаңа ережелері ұсынылды. Ол ережелер өмірде орын таппай жатып өшіп, жаңаларын түзуге мәжбүр болдық.

Қазақ емлесінің бірқыдыру жеңіл де түзік түрі Ахмет Байтұрсынов ұсынған нұсқа болатын. Ғалым 1912 жылдардан бастап қазақтың ұлттық жазуының негізін араб жазуы етіп, оны тілге икемдей түзуді қолға алғанда емле ережелерін де ұсынды. Әрине, ол кезде бүгінгідей сөздердің бөлек не біріктіріліп жазылуы, кірме сөздер мен оларға жалғанатын қосымшалардың жазылуы сияқты қиын сәттер болған жоқ. Сөздердің барлығы да, тіпті жалқы есімдердің көпшілігі бөлек жазылды, аздаған кірме сөздердің түбірі қазақшаланған тұлғада жазылғандықтан, қосымшалардың жалғануында  қиындық болмайтын.

А. Байтұрсынов ғылыми, практикалық негізде дәлелдеп, қисынды етіп түзілген, жазу тәжірибемізге 18 жыл қызмет еткен, түрколог мамандардың көпшілігі ең сәтті, ең оңтайлы, ұлттық тілге жақсы икемделген графика деп таныған «Байтұрсынов жазуы» саясат күшімен ығыстырылып, 1929 жылы латынды қабылдадық. Бұл жазу бойынша ұсынылған емле ережелері де бірден бой түзеп кете алмады. Профессор Қ. Жұбанов емле мәселелерін 1934-35 жылдары арнайы қолға алып, оны жетілдірудің жобаларын ұсынды. Қазақ емлесін бір жүйеге түсірудің ғылыми негіздерін, практикалық жолдарын осылайша енді іздестіре бастаған кезде Қ. Жұбанов сияқты тіл мамандары репрессияға ұшырап кетті. Ал 1940 жылы үшінші графика – кириллицаға (халық тілінде «орыс жазуына») көштік. Жаңа жазудың емле ережелері де  жаңадан түзілді.

Қазақ емлесінің тарихын қысқаша болса да, бұлайша баяндап отырған себебіміз – біріншіден, жазу дәстүріміздің басталуынан тоқтауы тез болып, келте қайырылып отырғандығын еске салу. Өйткені жалпы емле мәселесінде дәстүр басты фактор болып саналады. Мысалы, ағылшын, француз, жазулары сан ғасырлық дәстүрлі емле тәртібімен өмір сүріп келеді.

Міне, осындай дәстүрлі емлеміз болып, жазуымызды қалыптастыру үшін қазақ жазуын да едәуір ұзақ уақыт – тәжірибе жылдары керек. Біздің емлеміздің дәстүрлі жазуға айнала бастағанына небары жарты ғасыр ғана болып отыр. Осы жарты ғасырдың ішінде соңғы кириллицаға көшкен бойда қабылданған, дәлірек айтсақ, алғашқы нобайы ұсынылған емле ережелеріне екі рет (1957 және 1983 жылдары) ішінара түзетулер енгізіліп, ол ережелер ресми түрде үкімет тарапынан заңдастырылып, жарғымен бекітілді.

Әміршіл-әкімшіл кезеңнің бір көрінісі сияқты болғанымен, мүмкін, орфографиямыздың арнайы жарғымен бекітілуі кезінде дұрыс та болған шығар. Жарғы барлық адамды осылай жазуға міндеттейтін, яғни жазуда жүйелілікті, баршаға ортақтықты қамтамасыз ететін шара, амал, жол болды. 

Сөз жоқ, бірқыдыру орнығып қалды деген жазу тәжірибеміздің өзінде әлі де түзету қажет ететін сәттері бар екенін де айту керек, айтылып та келеді. Жеке мақалаларды былай қойғанда, тіл мәдениеті мәселелерімен шұғылданушы мамандар Н.Уәлиев пен А.Алдашеваның «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» атты 1988 жылы шыққан еңбегінде авторлар қазақ емлесіндегі қайшылықтар мен ауытқуларды жинақтап, оның себептерін ғылыми негізде ашуға ұмтылған мұндағы талдауларға қарағанда, емле қағидаларымыздың ойластыратын мәселелері бар екенін байқаймыз. Бұл мәселелердің үстіне бүгінгі күндері жаңалары қосылып отыр. Ол – орыс тілінен енген сөздердің жазылуы. Дәлірек айтсақ, осы тұсқа қатысты бұрынғы ережелерден ауытқып, әр газет, әр баспа өз қалауынша жаза бастаған бағытты байқаймыз. Орыс тілінен енген бірқатар сөздердің тұлғасын қазақша айтылуынша жазу принципінің пайда болуының себебі бар. Өз тағдырына өзі енді ие болып жатқан халқымыздың мәдени өмірінің бүгінгі талабы бұрынғы тәуелділіктен, қосақтаулы күйден арылу болса, осы арылудың бір көрінісі – орыс тілінен қаулап енген сөздерді мүмкіндігінше төл сөздерімізбен алмастыру, алмасуға келмейтіндерін қазақша тұлғалау болуы керек деп ұғынып жатырмыз.

Кірме сөздердің жазылуы қазақ емлесінің барлық кезеңінде де күн тәртібінен түспей келеді. Әсіресс бұл проблема латынға көшкен кезде қатты қойыла бастады. Бұған қазақ тіліне, оның жазба дүниесіне 20-30-жылдардан бастап орыстың өз сөздері (совет, совхоз, колхоз, союз, гудок, наград т.б.) мен «интернационалдық» деп аталатын дүниежүзілік ортақ сөздер – ғылыми-техникалық терминдердің молынан ене бастауытүрткі болды. Бір ғажабы осы кездің өзінде термин сөздердің жазылуына қатысты емле қағидаларының саны (18) қазақтың төл сөздерінің орфографиясына арналғандарынан (12) асып түсті.

Сөйтіп, латын жазуы кезінде «шет тілдік термин сөздерді жазуда қазақ тілінің дыбыс заңдары негізге алынады» деп қабылданған ереже бойынша бір сөзді әркім өзінше дыбыстай, бірнеше тұлғада таңбалануы қиындық келтіріп отырғанын Қ. Жұбанов, С. Аманжолов сияқты мамандар атап  көрсетті. Мысалы, бір ғана коммунист сөзі 16 түрлі болып жазылған екен. Сондықтан 1940 жылы «орыс жазуын» қабылдағанда, «орыс тілінен жаңадан енген сөздер, әсіресе терминдер сол орысша тұлғаланған түрінде өзгертілмей жазылсын» деген ереже осы қиындықтан шығудың амалы  ретінде қолайлы  болған болу керек.

Әрине, тіл-тілдің көбінде кірме сөздер осы тілдің дыбыс  заңдылықтарына бағындырылып қабылданады, сол қабылданған күйінде жазылады. Ал бізде бұл тәртіп неге бұзылуға тиіс, сондықтан осы заңдылықты енді орнына келтірейік деген бағытпен бұл күндерде бұрын завод, кино, станция, машина деп жазылып келген сөздерді газеттер зауыт, кино, станса, мәшине тұлғасында бере бастады. Әңгіме тек осындай әрі нақты заттың атауына орай бес-он сөзге қатысты болса, көп пікір таласы тумас та еді. Бұлардың да жазылуын бұрынғы бар ереженің, жазылуы ертеден қалыптасып кеткен шай, самаурын, пойыз, нөмір, шыт, сәтендердің қасына қоса салар едік. Бірақ қазіргі бағыт тек санаулы сөздің жазылуына емес, барлық кірме сөздерге қатысты екенін кейбір газеттердің үніберсітет, белесіпет деп жаза бастағанынан байқаймыз. Дегенмен біраз газеттер көрсетілгені бес-он сөзден басқа жүздеген кірме сөздерді бұрынғы емлесімен орысша тұлғасын сақтап жазып отыр. Мысалы, «Егемен Қазақстанның» осы жылдың 17 ақпанындағы нөмірінде орыс тілінен енген 616 сөз-тұлға, яғни бір сөздің қайталап қолданылғандығын қоса есептегенде бір рет жазылған «орыссөздері» бар екен. Мұнда облыс (12) рет, газет (2), нөмір (2), мәшине (3), шот, учаске, картоп, рөл, тауар, станса, кірпіш, зауыт (бір-бірден) деген 12 сөз ғана «қазақы» тұлғада жазылыпты. Бұлардың ішінде газет, облыс, нөмір, шот, учаске, картоп, кірпіш деген 7 сөз орфографиялық сөздікте бұрыннан «қазақыланып» ұсынылғандар. Демек, жаңадан қазақшалап қолдана бастағанымыз рөл, мәшине, тауар, зауыт, станса деген бес қана сөз, қалған 500-ден астам сөз орыс тіліндегі тұлғасымен жазылған. Байқасақ, сандық пропорция жер мен көктей. Демек, мұнда бір гәп бар. Ең алдымен, қалың көпшілікке қызмет ететін газет сияқты жазба құралдар сол көпшілікті шатастырудан сақтанса, екіншіден, әлі ресми де, практикалық та күшін жоймаған, емле ережелерін ұстану жауапкершілігін сезініп отыр деп ойлаймыз.

Кірме сөздердің орысша тұлғалануынан бірден бас тарта алмай отыруымыздың бұлардан басқа да себептері бар: біріншіден, қазақ қоғамының бір емес, үшінші буыны кірме сөздерді осылайша жазып дағдыланған жарты ғасырлық дәстүрін қазіргі графиканы пайдаланып отырғанда күрт бұзудың пайдасы мен зияны қандай болмақ, олардың қазіргі емлесінен практика жүзінде қандай қолайсыздық көріп отырмыз дегендерді салмақтау керек екендігі даусыз. Егер басқа жазуға, айталық, латынға көше қалғандай болсақ, ол күнде орфографиялық принциптерді де бірден өзгертіп, кірме сөздердің барлығын қазақыландырып жіберу мүмкіндігі болар. Соның өзінде де «әйтеуір қазақша айтылуынша жазу» деп тұрпайы теорияны көлденең тарта бермей, бүгінгі жаппай сауатты, өзге тілдерді де меңгерген қазақ қауымының мәдени деңгейіне қарап, ғылыми негізде дыбыстық сәйкестіктерді жүйелеп алып, кірме сөздерді казақша тұлғаға көшіруді ойластыру керек  болады.

Қазақ тілі жаратылған күнінен бастап еш өзгермеген, өзгермейтін, өзгеруге тиіс емес құбылыс деп танылмауы кажет. Қоғамның  тұрмыс-тіршілігінің, мәдениетінің, саяси-әлеуметтік болмысының, өзге халықтармен қарым-қатынасының өзгеріп, жаңа санаға, бағытқа, түрге ие болуына қарай тілде де, оның жазу сияқты қосалқы құралдарын пайдалануда да өзгерістер болып жатады. Соның бір көрінісі – өзге тілдерден сөз қабылдауы болса, қазақ тілі бұл ортақ заңдылықтан ешқашан кағыс калмағаны белгілі. Орта ғасырларда араб, парсы тілдерінен, кейін орыс тілінің, орыс тілі арқылы басқа тілдерден қабылдаған мыңдаған сөздер осыны көрсетеді. Демек, орыс тілі арқылы аламыз ба, ағылшын, неміс т.б. тілдері арқылы аламыз ба, әйтеуір бүгінгі қазақ тілінде кірме сөздердің, әсіресе ғылыми-техникалық терминдердің орын алуы – өмір шындығы. Осы қазынаны қалай игеріп, қалай пайдаланамыз деу – қазіргі қазақ қоғамының заңды проблемасы.

Осы проблеманы шешу үшін көмектесетін мынадай ұсыныстар айтқым келеді. Ең алдымен, таяу уақыттарда қазақ емле ережелеріне өзгерістер, түзетулер енгізіліп, оның жаңа жобасы ұсынылуы керек. Бұл жұмысты А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мен Білім министрлігі және республикамыздағы университет, институттардың қазақ тілі кафедралары бірігіп жасаса. Жобаны жасау барысында тағы да баспасөз бетінде және арнайы ұйымдастырылған мәслихат жиындарда тіпті мамандар, баспагерлер, жазушы, журналистер, ағартушы мұғалімдер т. бболып пікір алысу кажет. Пікір ұсыныстардың нәтижесінде жоба жасалып, ол баспасөз беттерінде көпшіліктің талқысына тағы салынса, әсіресе бұған мұғалімдер қауымы белсене араласса. Өйткені қазіргі күнде жазуымызда етек алып бара жатқан ала-құлалықтың зардабын оқу-ағарту ісі, мектеп көріп отыр. Ертең жаз басында мектеп бітіретін балалар шығарма жазғанда немесе жоғары оқу орындарына түсу үшін қазақ тілінен жазбаша емтихан ұстағанда, олар қай ережеге иек артулары керек? Баланың болашақ тағдырын шешетін бағаны қалай қою керек? Меніңше, мектеп пен жалпы оқу орындары жаңа емле ережелері жасалып, қабылданғанша әзірге ресми түрде әлі күшін жоймаған, қолданылып отырған емле ережелерін ұстанулары керек. Қазақ тілінің жаңа орфографиялық ережелері қабылданғаннан кейін ғана оны бүкіл жұртшылық мектеп, баспа орындары, редакциялар, іс қағаздарын қазақша жүргізетін мекемелер т.т. міндетті  түрде ұстанулары қажет деп білеміз.

Бұл қиындық баспагерлердің басына да түсіп отыр деп ойлаймыз. Айталық, қазақ тілінде ғылым салаларынан оқулықтар мен әр алуан арнайы басылымдар ұсынуды көздеп отырған баспа орындары, ғылыми журналдар редакциялары ендігі жерде емленіп қай принципін ұстап жазулары тиіс: үніберсітет, пизика, қыймыйа, кәсметика деп «жаңа бағытты» ұстай ма әлде бүгінгі жаппай сауатты қазақтың көзі мен қолы үйренген осы күнгі жазу қағидаларына сүйене ме?

Біздіңше, қазір тілге, оның жазу мәдениетіне жасалып жатқан экспериментті тоқтату керек. Әрі жарты ғасырлық дәстүрі қалыптаса бастаған жазу мәдениетіміздің негізін ең болмағанда бүгінге дейінгі күй-қалпында дұрыс сақтап тұру үшін тек өзгеріс сынақтарды тоқтату емес, сауаттылыққа деген жалпы жауапкершілікті күшейту дәл қазір өте-мөте кажет. Себебі газет, журнал, кітап шығарушылардың жауапсыздығынан, жазу мәдениетіне немқұрайды қарайтындығынан, олардың бетінде кеткен әріп пен тыныс белгілері қателерінен көзтұнады. Мысалы, «Жалын» журналының  өткен жылғы 5-6-нөмірінде басылған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Және бір түн» деген шығармасында ешбір сын көтермейтін қателер самсап тұр. Бұған енді емле ережелері де, оның бүгінгі әңгіме өзегі болып жатқан талас тұстары да кінәлі емес. Бұл – барып тұрған жауапсыздық, жазу мәдениетін, баспа дүние мәдениетін мейлінше мансұқ етушілік.

Бұл күнде қалың көпшілік жақсы сөйлеп, сауатты жазуға жазба дүние арқылы дағдыланады. Күнбе-күн оқитын газет-журналдар мен әр алуан кітаптардан сөз байлығын игереді, әдеби нормаларды таниды, сауатты жазудың негізін қалыптастырады. Демек, қазақ тілін шын мәніндегі пәрменді мемлекеттік құрал етіп көтеруге бет бұрған болсақ, оның барлық жағынан түзіп, қолайлы, икемді, мәдениетті болуы үшін жүргізілетін күресті барлық салада бірдей, қатарластыра жүргізуіміз қажет. Оның бір ұшы жазу сауаттылығымызға барып тіреледі. Сол себептен де әңгіме арқауы емлеміздің бүгінгі жайы мен келешегі туралы болып отыр.

«Егемен Қазақстан», 1993 жыл, 27 наурыз