Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы



Ұйеннің 14-ыншы күнгі ертеңгі мәжіліс

Мәжіліс ағасы Зәли ұлы Нұғман мәжілісті ашып, жазу тақырыбты кемесиенің үйғарған жобасын баяндау үшін Омар ұлы Елдеске сөз берді.

Елдес: мынау ретте жазылған кемесиенің мәжіліс қатын оқып шықты.

Мәжіліс қат

1924-жылы ұйеннің 13-ншы күні, жазу ережесін түзетуші кемесиенің мәжілісі болды.

Мәжіліс ағасы Ақмет.

Мүшелері: Қалел, Мұқтар (Мырзаұлы), Телжан. Қатшы: Елдес.

Кемесие, өзіне тапсырылған мәселелерді тексеру ретін қарастырып, әуелі қазақша дыбыстар қандай екенін, оған лайық таңбалардың нендей болуын ашып алу керек - деді.

Қазақ тілінде: а, б, п, т, ж, ч, д, р, з, с, ғ, қ, ң, л, м, н, о, ұ, е, ы - дыбыстары бар, олардың таңбалары осы жазылған әріптер екені - даусыз қабылданды.

Мұнан кейін "к" мен "г" дыбыстары тексерілді.

Мұқтар: Тілімізде үндестік заңы бар деп, сол заңның арқасында дәйекші мен жазуды жеңілдете алатын болған соң,- "к" мен "г" дыбыстарына өз алдына әріп алмай-ақ, жұмсақ сөздерде келетұн "қ" мен "ғ"-ны "к" мен "г" деп білсек болады, сонда әріптің саны азайады да жазу жеңілденеді - деді.

Қалел: Мұқтардың дәлелін теріс деуге болмайды; Мұқтардың мұнысын қабыл алсақ,- әрпіміздің жүйесі бір ыңғайланатұны рас, бірақ онан жеңілдік болмайды: "қ" мен "ғ"-ны дәйекші мен жазып "к", "г" деп оқуға болады,- бірақсөз алдындағы дәйекші жазуды қиындатады,- бұрын "к", "г" мен жазылатұн сөздердің бір таңбасы (дәйекші) артық болып жазылды. Жана: елдің үйреніп кеткен (к) мен (г)-ні бірден шығарып тастауымыз тым күрт болады. (К) мен (г)- ні бұрынғысынша өз алдына қалдыру керек - деді.

Ақмет: (к) мен (г)-ні қазақ әліббиінен шығарыб тастауға болмайды: (к) мен (г)-нің (қ) мен (ғ)-дан заты басқа, әрқайсысы ауыздың әр жерінен шығатұн дыбыс - деді.

Кемесие, бұл мәселені тексере келе: (к) мен (г) қазақ тілінде бар, екеуі де қазақша әліббиге кіргізілсін, түбінде бұл екі дыбыстың тегі тексеріліп, талқыға түсетін болса,- қайтадан қаралар деп ұйғарды.

Мұнан кейін х, ш, ф, һ дыбыстары тексерілді.

Кемесие: Бұл төрт әріп қазақша әліббиден шығарылсын деді; Жана: Бұл төрт әріп қазақша оқу құралдың аяғында арабтың басқа әріптерімен бірге оқушыларға таныту ретінде ғана жазылатұн болсын; бірақ ол әріптердің ешбірімен де қазақша ешбір сөз жазылмасқа тиіс - деп ұйғарды.

Мұнан кейін жарты дауысты "у" мен "и" тексерілді.

Кемесие: Жарты дауысты "у" мен "и" дауысты дыбыстардың артынан жалғаса болады - деп , бір ауыздан қабыл алды.

Сонан соң "у" мен "и"-дің дауысты дыбыстардың алдында болатұн, болмайтұны тексерідді.

Кемесие: "У" мен "и" екі дауысты дыбыстың арасында да келеді - деп білді.

Мұның артынан қазақ тілінде дауысты ұзын "у" мен "и" дыбыстарының бар жоғы тексерілді.

Бұл мәселе тақырыбты кемесие бір қарарға келе алған жоқ, мұнан соң "ы"-ның бітеу буында жазылу, жазылмау мәселесі қаралды.

Кемесие: "Ы" бітеу буында да қалмай жазылатұн болсын деді.

"Б" мен "п"-ның жазыу ережесі тексеріліб,- кемесие: "б" мен "п"-ның жазыу ережесі түбір сөздерде де, жалғау, жұрнақ, жалғаулықтарда да тіл құралша болсын - деп ұйғарды.

Бұрын "д" мен жазылып жүрген жалғау, жіктеу, жұрнақтар тексеріліп, кемесие: олардың жазылуы дыбыс жүйесінше болсын - деді.

Сөз артынан айтылатұн демеулердің жазу ережелері тақырыпты, кемесие: ондай демеулердің түбір мен жалғаудың арасында айтылғандары түбірге сызықшамен жалғанып, жалғаумен бірге жазылсын да, түбір мен жалғаудың арасына түспей жалғасқанда түбірден бөлек жазылсын - деп қаулы қылды.

Сүйеу таяқ тексеріліп, кемесие: оны жоғалту керек - деп ұйғарды; сөз басындағы "а" мәтсіз "а" болып жазылсын - делінді.

Үндестік заңына келмейтүн жұрнақтар тексеріліп,- кемесие: ондай жұрнақтармен жалғанған түбір сөздің дәйекшілері қалмай жазылатұн болсын -деді.

Даусыз қабылданған 24 дыбыс бұлай жіктелсін делінді:

- дауысты: а, о, ү, е, ы;

- жарты дауысты: р, л, у, и;

- ұяң: ң, м, н;

- қатаң: б, п, т, ч, с, қ, к;

- ымыралы: ж, з;

- ымырасыз: д, г, ғ;

Бұл әріптертің әлібби реті бұлай болады: а, б, п, т, ж, ч, д, р, з, с, ғ, қ, к, г, ң, л, м, н, о, ү, ү, у, е, ы, и.

Екінші жақ жіктеудің "сын" иә "сың" болуы тексеріліп,- кемесие: қазақ тілінде оның екі түрі де бар - деп білді.Мәжіліс қатқа кемесие мүшелерінің бәрінің де қолы қойылған.

Сіиез кемесиенің қаулысын баяндап тексерді. Арабтың төрт әріпі тақырыбты талас болып, оның қазақ әліббиінен шығарылмауын дәлелдеп Манан мен Мыржақыб сөйледі. Дәлелдері: бұрын айтылған, басқа түріктерден алыстап кетпеу - болды. Оларға қарсы Елдес өз дәлелдерін (баяндама мен қорытынды сөзіндегі дәлелдерін) кетіріп сөйледі.

Сіиез: "х", "ш", "ф", "һ" әріптері қазақша әліббиден шығарылсын - деп қаулы қылды.

Мұнан кейін Төреғұл ұлы Нәзір: қазақша әліббиден "ч" шығарылып, оның орнына "ш" әріпі алынсын: қазақ тілінде басқа түріктердің "ч" мен жазатұн дыбысы жоқ, қазақша "ч" мен таңбаланатұн дыбыс арабта да, басқа түріктерде де "ш" әріпімен жазылады - деді; Жана: "ғ" әріпі жеңілдік үшін нүктесіз "ғ" деп жазылатұн болсын деді. Сіиез: Нәзірдің бұл екі ұсынысын да қабыл алды.

"Ы"-ның бітеу буында жазылуы тақырыпты сұраған сөздерге баяндаушы жауап беріп, түсіндіргеннен кейін, кемесиенің "ы" тақырыпты жобасы да қабыл алынды.

Кемесиенің "б" мен "п" тақырыпты жобасы; бұрын "д" жазылып жүрген жалғау, жұрнақтардын, дыбыс жүйесінше жазылуы; сөз артынан айтылатұн демеулердің жазу ережесі; сүйеу таяқ жоғалып, сөз басындағы "а"-ның мәтсіз жазылуы; үндестік заңына келмейтүн жұрнақтардың жазу ережесі; Қазақша әріптердің әліпби реті, дыбыстардың жігі - әрқайсысы өз алдына тексеріліп, бұл мәселелер кемесиенің ұйғаруынша қабылданды; "ш"-ның әлібби ретіндегі орны "с"-ға жалғас болсын - делінді. Кемесиенің: 2-інші жақ жіктеу ("сын" мен "сың") тақытыбты жобасы тексерілді.

Мыржақыб: "сын" мен "сың" - екеуінің қатар жүруі ретсіз; мұны жете тексеріп, біреуін ғана алу керек - деді.

Сіиез Мыржақыбтың ұсынысын қабыл алып, "сын" мен "сың"-ды жаңадан тексеру керек деп ұйғарды.

Ақмет:екінші жақ жіктеудің "сын" болуын қолдап, бұрын айтқан дәлелдерінің үстіне мынаны айтты: "мын", "сын"- жіктеулері жалғыз етістіктерге ғана емес, зат есім, сын есімдерге де жалғанады; бұл жіктеумен айтылған сөз көбіне нәрсенің күйін көрсетеді. "мен кісімін", "сен кісісін" дейміз,- мұның үшінші жақ жіктеуі жоқ,- "ол кісі"- дейміз; бұл жіктеулер етістікке басқаша жалғанады: етістіктің түбіріне жалғанбайды, көсемше түріне жалғанады,- "мен қараймын", "сен қарайсын" - дейміз; жана бұл жіктеулердің етістікке жалғанғанда, үшінші жақтық түрі де болады: "ол қарайды" - дейміз. Бұл жіктеудің үшінші жақтық түрі бері де болған әуелде ескі түрік тілінде мүның үшінші жақтық түрі болмаған; етістіктің"мын", "сын"-ға сәйкесі үшінші жақ жіктеуі бірсыпыра түрік халықарында бұл күнде де жоқ: мәселен ноғайлар,- "ол қарайды" "ол барады" - демейді,- "ол қарый", "ол бара"- деп етістікті тек көсемше түрінде ғана айтады. Үшінші жақтық түрі жоқ, бірінші жағы "мын", екінші жақ түрі "сын" болған соң,- бұл жіктеудің асылы "мен", "сен" болуға тиіс деп білу керек. "кісімін"-нің асылы "кісі мен" болуға тиіс, "қарайсын"-ның асылы "қарай сен"- "қарайтұн сен" болуға тиіс. Екінші жақтық түрі "ң" болатын жалғаулар - дұрысында, жіктеу емес, тәуелдеу болуға тиіс:"сенің басың"-дегендегі "ң"- тәуелдеу,-"сен бардың" дегендегі "ң"-да тәуелдеуден шыққан болуға тиіс: "бару сенің амалың" деген мағанада болған соң аяғы тәуелдеуге ұсап "ң"болған. Дұрысында екінші жақ жалғау "ң" болғанда, бірінші жақтық "м"-ға сәйкестеніп болады; бірінші жақтық жалғау "мын" болғанда, оған сәйкес екінші жақ жалғауы, еш уақытта да "ң" мен тынбайды, "сын" болады.

Елдес: қазақ тілі басқа түріктердің тілінен басқаланып, сөз түрлері өз алдына дербес жолмен өзгерген. Солай өзгеріп бір қалыпқа келген сөз түрін,- оның тегін жорып,- дұрыс иә дұрыс емес деудің жөні жоқ. "мен бардым", "сен бардың" дегендегі жалғаулардың тегі тәуелдеу деп, жорудың өзі қата: тәуелдеу болған күнде, "мен", "сен" делінбей "менің", "сенің" делінуге тиіс еді,- "менің бардым", "сенің бардың" болу керек еді,- бірінші жақтық "мын"-ға сәйкес екінші жақтық жалғау еш уақытта да "сың" болмайды. Екінші жақтық жалғау "сың" болу үшін,- аяғы "ң" болуы үшін: бірінші жақтық жалғаудың аяғы "н" болмай "м" болу керек- деудің де жөні жоқ. Акметтің бұған келтіріп отырған дәлелі: жалғыз "сын",- "мен жақысымын", "сен жақсысын", "мен барамын", "сен барасын"; "сын"-ның өзі даулы болған соң,- оны дәлелге келтіруге болмайды; "сын"даусыз түрі жоқ: Ақмет "жақсысын", "барасын"-дейді, біз "жақсысың", "барасың"- дейміз; Ақмет: 1-інші жақтық "мын"-ға сәйкес 2-інші жақтық жалғау "сын" болады - дейді; біз:"мын"-ға сәйкес 2-інші жақ жалғауы "сың" болады,- еш уақытта да "сын" болмайды - дейміз. "Сын"-ның асылы "сен" екеніне де толық дәлел жоқ; Дұрысы: "сың" "сын" деген өз алдына жіктеу болуға тиіс.

Жана: Біз жазу ережесін дыбыс жүйесінше шығаратұн болған соң, сөздің асылын зерттеудің керегі жоқ,- тек осы күнгі түрін ғана алу керек. Талас жіктеудің халық аузындаға түрі "сың", оның "сыңыз" дейтұн сыпайы түрі де бар; "Сіз барасыз" деп те айтады, бірақ "барасыңыз" деп те айтады,- "барасыныз"- деп ешкім де айтпайды. Бұл: даулы жіктеудің, "сын" емес "сың" екеніне толық дәлел.

Мұнан кейін мәселе дауысқа қойылып, көпшілік Акметтің жобасын макұлдады: 2-інші жақтық жіктеу "сың" болмай "сын" болсын - деді.

Күндізгі мәжіліс осымен бітіп, жазу ережелерінің басқа мәселелері кешкі мәжіліске қалдырылды.

Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезі/ Алматы, 2005.-58-63 бб.