Мәжіліс ағасы: қорытынды сөзін аяқтау үшін Омар ұлы Елдеске сөз берді.
Елдес: жазудың сөз жүйесінше болуы жазуға да, оқуға да жеңіл болатыны рас; бірақ сөз жүйесінше болған жазу, дыбыс жүйесінше де дұрыс болуы шарт. Қазақша сөздің түбірі өзгермейтұн болған соң, біздің дыбыс жүйесінше жазғанымыз сөз жүйесінше де дұрыс болады. Қазақша жазудың сөз жүйесінше дұрыс болмайтұн жерлері бар, дұрысында ондай сөз жүйесіне келмейтұн ережелеріміз дыбыс жүйесінше де дұрыс емес. Мәселен біз бұл күнге шейін "ы"-ны бітеу буында жазбай, "біи", "қарыз" сықылды сөздерді "би", "қарз" деп жазып келеміз,- сөйте тұра, "біиі", "карызы" деген сөздерді жазғанда, бітеу буын ашылды деп, түбірінде жазылмайтын "ы"-ны жазамыз, - сөздің сүгіреті түбірінен басқаша болып шығады, - жазу сөз жүйесінше дұрыс болмайды, сондықтан ондай сөздердің жазылуы да, оқылуы да қиын болады. Біздің жазуымыздың бұлай сөз жүйесінше болмай отырған себебі: оның дыбыс жүйесінше де дұрыс болмағанынан,- тілдің заңына келмейтұн бітеу буын ережесінің кесірінен. Бітеу буын ережесін бұзып, "ы"-ның жазылуын дыбыс жүйесінше қылып шығарсақ ("ы"-ны бар жерінде қалдырмай жазып отыратұн болсақ): "бый", "қарыз" сықылды сөздердің жазылуы сөз жүйесінше де дұрыс болып шығады, - жазу да жазылғанды оқу да жеңілденеді. Жазудың осылай сөз жүйесінше де дұрыс, дыбыс жүйесіне де қайшы келмейтұн болса, - жеңіл болатұнын ойлап, мен: түбірі дәйекшісімен жазылатұн сөздерге ішінде "е", "к", "г" дыбыстары бар жұрнақ жалғаулар қосылғанда да, дәйекші қалмай жазылатұн болсын, туынды сөздің сүгіреті түбірден басқаша болмасын деп едім. Білім кеңесі, олай болғанда дәйекші мүлде көбейіп кетеді - деп, менің ол жобамды қабыл алмады.
Бұрын ескі түрік тілінде "ы"-ның орнына көбінесе "ұ" дыбысы айтылатұн болған. Бірақ жүре келе қазақ тілі басқа түрік тілінен жігі ашылып, "ұ" дыбысы бар сөздердің көбі "ы"-мен айтылатұн болған. Бұл қазақ тілінің өз еркімен болған өзгерісі; ол өзгеріске қарсы болып, ескішілдік қылудың жөні жоқ, болған өзгерісті сөзсіз қабыл алып қаттап отыру керек. Қазақ тілінде "ұ" өзгеріп "ы" болып бара жатқандығы себебті,- "ы" мен "ұ"-ның көмескі естілген жерінде "ұ"-ның орнына "ы" жазатұн болсақ: жазуымыз тілдің өзгерісінің жөніне дәл келеді.
2-інші жақтық жіктеу "сын" иә "сың" екенін, жалпы бұқараның айтуына қарай, шешу керек. Тілдің заңын ашу үшін, оның түрлі мәнісін білу үшін; бұқараның аузындағы сөз түрлерін тексеру керек. "Тілдің заңы мынадай, бұқараның сөзі дұрыс емес, сөздің түрін тілдің заңына келтіріп түзейміз" деу қата. Олай болған күнде: бұқараның тіліне қарсы заң дегеніміз - тілдің заңы емес, тек оймен жорыб шығарған заң болады. Тілдің заңының тетігі - жалпы бұқараның, аузындағы тіл, оны елемей ойдан шығарған заң - заң емес, жазуды ондай заңға сүйеудің жөні жоқ. Екінші жақтық жіктеу "сың" болса тілдің заңына кемейді - деу қата; "сын;"-ға қарсы заң - жорамал заң. "Мын" мен "сын"-ның түбірлері "мен" мен "сен" деу де қата. "Мен жазамын", "сен жазасың (сын)" дейміз; "мын" мен "сын"-ның мәнісі "мен", "сен"-мен бір болса, - оны екі қайта айтпас едік. "Жазамын"- ның "мын"-ы "мен" деген мағынада болуы мүмкен де емес: "жазамын" екі сөзден кұралған, "жаза", "мен" десек, "мен" бастуыш, "жаза" баяндауыш болуға тиіс; Қазақ тілінде еш уақытта да бастауыш баяндауыштан соң айтылмайды, қазақша сөйлемнің баяндауышы ең соңында болады; "мын"-ның, бастауыш бола тұрып, баяндауыштың артынан айтылуы мүмкен емес. Жорамал заңды дәлел қылып "сың"- ды жоғалтып жіберуіміз зорлық. Елдің көбі "сын" демейді"сың" дейді. 2-інші жақтық жіктеу "сын" болмай "сың" болуы керек. Бұқараның ауызында "сың"-ның сыпайы түрі "сыңыз" бар; "сіз жазасыңыз" дейді. "сыңыз"-дың орнына "сіз" деп те айтады; Бірақ жалпы жұрттың ауызындағы "сыңызды" тілдің заңына қарсы деп, жоғалтып жіберуге болмайды. Тілдің заңын ойдан шығарып, бұқараның ауызындағы сөз түрлерін сұрыптай бастасақ: тіл өзіне басқа, тілдің заңы дегеніміз тілге түк қатысы жоқ өз алдына бірдеме болып шығады. Түбінде жорамал заң үстем болып шықса, елдің тілі бұзылады; Олай болмай, тіл аман сақталып қалса: тілдің заңы деп әуреленіп жүйелеп жүргеніміз - заң емес ертегі болып қалады.
Қазақша сөздің түбірі өзгермейді, сондықтан біздің дыбыс жүйесінше жазғанымыз сөз жүйесінше де дұрыс болып шығады - дедік. Бірақ, бұл заңға (сөздің түбірі өзгермейді - деген заңға) келмейтұн бірен-саран сөздер бар; ол: "қ", "к", "п" дыбыстарымен тынатұн сөздер; ондай сөздерге дауысты дыбыс бен басталатұн жалғау жұрнақтар қосылғанда сөз аяғындағы "қ", "к", "п" өзгеріп, "ғ ", "г ", "б " болады. Біздіңжазуымыздың негізі дыбыс жүйесі; "қ", "к"-ның жазылуы дыбыс жүйесінше. "П"-ның қасиеті "қ", "к"-мен бірдей, сондықтан оның жазылуы да "қ" мен "к"-нікі сықылды болу керек. Бұған көнбей, Қалел айтқанша, сөз аяғында тұйықталып кеген "б"-да "п" болып естілмейді, көмескіленіп "п"-дан көрі "б"-ға жақын болып естіледі - деп білсек, сөз аяғындағы ""б мен "п"-ны жазылуы "тіл құралша" болсын дегенмен: жалғау жұрнақтардағы "п" мен "б"-ны дыбыс жүйесінше жазбай болмайды. "Б"-мен басталатұн жалғау жұрнақтар қатаң дыбысқа "п" мен басталып жалғанады, - оны естілуінше жазуымыз керек. Мисал.: "біз азбыз", "біз ашпыз", "қазба", "аспа". Жалғау, жұрнақтардың жазылуын дыбыс жүйесіне келтірмей, "п" орнына "б" жазуымыз: қатаң дыбыстардың, дербес қасиетің елемегендік болады, оның жөні жоқ.
Манан мен Міржақып арабтың төрт әрпінен айырылмаймыз - деуі қисынсыз, ол төрт әріп әліббиден шығарылмаса: тіл бұзылады. Ол төрт әріп тұрғанда, қазақтың өз сөзі болып кеткен "Асан", "Үсен", "Зәуре", "Әкім", "Бақыр" сықылды сөздерді Манан мен Міржақыб: "Хасен", "Хұсейн", "Зухра", "Хакім", "Фақыр" деп жазатұн болады; Сонан соң тіл бұзылмай қоймайды.
"Сұу", "жазыу", "бій", "қый" сықылды сөздердің аяғындағы дыбыстары орыстың дауысты ұзын "у" мен "и"-не ұсап естілетұны рас. Бірақ бұл сөздерге дауысты дыбыспен басталатұн жалғау, жұрнақтар жалғасақ: бітеу буындағы дауысты "ұ", "ы"-лар ашық буынға келіп дауыссыз "у", "и"- лардан айырылып шығады: "сұуат", "жазыуы", "бійіміз", "қыйады" - деген сөздер де дауысты "ұ" мен "ы"-да, олардан соңғы дауыссыз "у" мен "и"-да анық естіледі. Орыстың дауысты "у" мен "и"-не ұсап естілетұн қазақша дыбыстардың бәріде осылай,- сөзге жалғау, жұрнақтар жалғағанда ішіндегі дауысты дыбысы мен дауыссыз "у", "и"-лері бірінен бірі айырылып шығады,- тұйық буында көмескіленіп естілетұн дауысты "ұ" мен "ы" буын ашылғанда анық естіледі. "Құйын", "күйеді" сықылды сөздердегі "ұ" қандай анық естілсе, "қиын", "кійеді" сықылды сөздердегі "і"-да сондай анық естіледі; "күйеді" де "ұ" жоқ деп дауласу қандай қыйсынсыз болса, "кійеді" де ("к'-ден соң) "і" жоқ деп дауласу да сондай қыйсынсыз. "Кійеді" де "і" бар екені рас болса,- оның түбірі "кій"-де де "і" бар екені рас. "Кіи"- дің "і"-сі мен "и"-нің тізбегі орысша дауысты "И"-ге ұсаб естіледі, сондықтан оны екі дыбыс емес, бір дыбыс - деп білу керек - деп дауласу: Орысшаға еліктеу болады. Қазақ тілінде 24 дыбыс бар; оның бесеуі - дауысты, бұл дауысты дыбыстар арасына дауыссыз дыбыс салмай, біріне бірі жалғана алмайды. Бұлардан басқа 19 дауыссыз дыбыс (мұның ішінде "у" мен "и" де бар) бірі мен бірі, әсіресе дауысты дыбыстармен жалғана алады: "и" да, "у" да дауысты дыбыстардың қандайымен да жалғана алады, - алдынан да, артынан да жалғана алады ("қой", "тай", "тау", "егеу", "қоян", "тауық"). "іи" де орысша "И" деп, "іу" мен "ұу"-ді орысша "у"- десек: басқа дауыстылардың бәріне де жалғана алатұн "у" мен "и" дыбыстары дауысты "ы" мен "и" де, "ы" мен "у" да, "ұ" мен "у" да қатарынан бір жерге сыйыса алмайды, бұлардың бірі мен бірінің жалғануы мүмкен емес - деген, ақылға да, тілдің заңына да келмейтұн өз алдына бір ережеміз болуы керек. Мұқтар мен Телжанның ұсынысын қабыл алыб, қазақ тілінде дауысты "и" мен "у" бар - десек: әлгіндей жалған ережеден құтыла алмаймыз. Оқушы бастаб әріптермен танысқан соң, түрлі әріпті бірімен бірін тізіп үйренеді; тізілген әріптерді қосып оқып үйренеді; өзі қосып оқи алмағанын оқытушыдан сұрайды, осылай өз бетімен әріп тізіп оқыған окушы, аса кешше болмаса,- түрлі әріптерді тізе келе, мәселен "ы"-ға "и"-ді жалғап тізуі мүмкін,- зейінді оқушы "ы" мен "и"-дің тізбегі қалай оқылатұнын оқытушыдан сұрамай, өзі-ақ оқып кетеді,- бірен саран оқи алмайтұны болса, амалсыз оқытушыдан сұрайды. Сонда оқытушы балаға не деп жауап бермек? Оқытушының жауабы тек мынадай кана болуға тиіс: "бұл дыбыстар басқа дыбыстардан өзгеше; басқа дыбыстар бірімен бірі жалғана береді; бірақ бұл дыбыстар олай біріне бірі жалғана алмайды" деп қана түсіндіруі керек. Оқытушының балаға онан басқа айтар дәлелі болмайды; ол айтқан дәлелі тілдің заңына келмейтұн жалған ереже болады. Оның жалған екені көп ұзамай-ақ, оқушы сөз жүйесін оқи бастағанда-ақ,- анықталып шығады: окушы сөз жүйесінен етістіктің жіктеулері мен танысады,- дауысты дыбыстармен тынатұн етістік түбірлерімен "ймын", "йысын", "йды" деген жіктеулер жалғанатұнын біледі,- "қара" + "йды" = "қарайды", "күре" + "йді" = "күрейді" болатұнын біледі, "оқы" + "йды" = "оқыйды"болатұнын да, "ы" мен "й"-дің біріне бірі жалғана алмайды деген ереженің өтірік екенін біледі. Бес күнге бармайтұн өтірікті балаға ереже есебінде үйретудің түк жөні жоқ. Қазақ тілінде дауысты "у" мен "и" бар - десек, оны өтірік ережесіз түсіндіру мүмкен болмайтұны жоғарыда айтылады. Баланы өтірік ережемен оқыту үшін ол өтірік ереженің өтірігі ашылмайтұн болуы керек; дауысты "у" мен "и"-дің өтірігін ашпау үшін сөз жүйесінің зандарын бұзып, "ы"-ны дауысты дыбыс табынан шығару керек: дауысты дыбысқа "йді" болып жалғанатын жіктеу "ыға" екінші түрлі болып жалғанады,- "ы"-ның өзі жоғалып кетеді де жіктеу дауысты "й" мен басталып жалғанады- деген тағы бір жалған ереже керек. Жалған ережеге көнбейтін дұрыс ережелер толып жатыр; жалған ереженің өтірігін ашу үшін ол дұрыс ережелердің бәрін де осылай бұзып, тағы да толып жатқан жалған ережелер шығару керек болады,- жаңа басталып түзеліп келе жатқан "тіл құралдың" заң ережелерін қопарып, бұзу керек болады. Тілдің заңына келтіріп шығарған ережелердің орнына жалған ережелер кіргізіп, былықтыру керек болады, сол былықтардан құрастырып жаңадан дыбыс жүйесі, сөз жүйесі шығару керек болады, "ыу" мен "үу"-ды дауысты "у" деп білудің қыйсыны да осындай; ол үшін тағы да толып жатқан өтірік ережелер керек болады, "сауық", "жауын" деген сөздердегі "а" мен "у", "егеуім"- дегі "е" мен "у" қандай анық болса, "сұуық", "жұуын"-дардағы "ұ" мен "у" да, "егеуім" деген сөздегі "і" мен "у" да сондай анық. "Жұуын" да "ұ" мен "у" қатар тұрғаны рас болса, оның түбірі "жұу"-да да қатарынан "ұ" мен "у" бар екені рас; "егіуім" де бар "і" мен "у"-дың тізбегі "егіу"-де де бар. "Ы" тақырыпты бітеу буын ережесі жойылған соң, "у" мен "и"-дің жазылуы дыбыс жүйесінше де, сөз жүйесінше де дұрыс болып шығады: "жазыу" мен "жазыуы" біріне бірінің сүгереті ұқсас ("жазылыуы" сөз жүйесінше) болады; "жазыу"-дағы "ы”-нықалдырмай жазатұн болған соң,- оның жазылыуы дыбыс жүйесінше де дұрыс болады, дыбыс жүйесі мен сөз жүйесінің екеуіне де дәл келетұн жазудан жеңіл жазу болмайды.
Мұқтар "сұу"-ды "су" деп, "сұуат"-ты "суат" деп жазатұн болса, олай жазу ("у"-ды дауысты ұзын "у" деп білген күнде) сөз жүйесінше дұрыс, "сұуат"-дың сүгіреті "сұу"-ға ұсап түседі; бірақ "суат" деп жазу дыбыс жүйесінше дұрыс болмайды: "сұуат"-тың ап анық естіліп тұрған "ұ"-сын жоғалтып жіберуді дыбыс жүйесі көтермейді.
Телжан "и" мен "у" дауысты дыбыстар мен ұқсастығын айтып, оны дауысты дыбыстар табына кіргізгенмен еш кемшілік болмайды деді. Жалғау, жұрнақтарды түбір сөзге Телжанша жалғап тексерсек: қазақша дыбысты тап тапқа бөліп жіктеу мүмкен болмайды. Ұяң дыбыстардың ілік жалғауы "ның" болады ("нанның", "шаңның"), дауысты дыбыстардың ілік жалғауы да "ның", "баланың", "кісінің" дыбысты Телжанша тексерсек, ұяң дыбыстарды да дауысты деп білуіміз керек. "Сын", "сіз" сықылды жіктеулер, "шы", "шыл" сықылды жұрнақтар, дауысты дыбысқа да барлық дауыссыз дыбыстарға да тек бір түрде ғана жалғанады ("баласын", "баласыз", "жылқышы", "қарашыл", "азсын", "азсыз", "малшы", "қазақшыл"). Телжан мұндай жұрнақтарды дәлел қылып, дауыссыз қатаң дыбыстардың дауысты дыбыстарға қосылмайтұн жерлері де бар, дауысты дыбыстармен ортақ қасиеттері де бар, сондықтан қатаң дыбыстарды дауысты дыбыс табына кіргізгеннен де артық кемшілік болмайды - деуі мүмкін. Түрлі ұғымдарды тап- тапқа бөліп жіктегенде, Телжанша жіктейтұн болсақ: ешбір ұғымда да тұрлаулы қылып жіктеу мүмкен болмас еді, - ешбір пәнде де жүйе болмас еді, осы күнгі жүйелі ғылымдардың бірі де болмас еді. Дұрысында адам баласының ақылы түрлі ұғымдарды Телжанша жіктеуді көтермейді, - оны тап-тапқа бөліп жіктегенде, әр тапты біріне бірі қатыспайтұн қылып жіктейді. Қазақша 24 дыбысты бізде солай қылып жіктеп отырмыз: бірінен бірінің еш басқалығы жоқ дыбыстарды өз алдына бір тапқа кіргізіп жіктеп отырмыз. "ң", "н", "м"- үшеуін бір тапқа кіргізіп, бұларға ұяң деп ат қойып отырмыз: бұл үшеуінің дауысты дыбыстармен ортақ қасиеті де толып жатыр ("баланың", "нанның"; "баламен", "нанмен", "балада", "нанда"), бұлардың жарты дауысты дыбыстармен ортақ қасиеттері де көп ("нанды", "сұуды"; "нансыз", "сұусыз"); бұл үш дыбыстың басқа дыбыстардың қайсысымен де ортақ қасиеттері жоқ емес; бірақ бұл үш дыбыс дауысты дыбыстардан да басқаша ' ("баланы", "нанды", "баладан", "наннан"), жарты дауысты дыбыстардан да айырылып шығады ("сұулар", "нандар"); ымыралы, қатаң дыбыстардан да осындай басқалығы бар. Бірақ бұл үш дыбыстың өзара бірінен бірінің басқалығы жоқ; біз осындай, өзара бірінен бірінің басқалығы жоқ дыбыстарды жиып өз алдына бір тап қылып жіктеп отырмыз. "Р", "у", "и" - үшеуінің бір бірінен еш басқалығы жоқ, сондықтан бұл үшеуін бір тап деп отырмыз, түрлі ұғымды тап тапқа бөліп жіктеудің осындай мәнісі болады. Оны Телжан білу керек еді, сүт еметұн жануарларды Телжанша жіктеп: "бұзау торпақ, ұрғашы сиыр, бұқа - бәрі де сиыр; бірақ өгізді сиырдың табына кіргізуге болмайды, өгіздің атқа ұқсас жері көп, сондықтан өгізді - жылқы деп білу керек: өгіздің жылқыға ұсамаған жері де бар, бірақ жылқыға ұсаған жері де бар, - өгізді жылқы дегеннен артық кемшілік болмайды" - деу қанша қисынды болса, "у" мен "и"-ді дауысты деудің қисыны да сондай.
Елдестің қорытынды сөзі біткен соң.
Ақмет: жазу тақырыпты талас мәселерді жете тексеріп, дұрыс шешу үшін,- өз алдына бір кемесие сайлап, мәселені сол кемесиенің қарауына тапсыру керек - деді.
Сіиез, Ақметтің бұл ұсынысын қабыл алып, жазу мәселесін тексеру үшін бес кісілік кемесие сайлауға ұйғарды; Кемесиеге: Байтұрсын ұлы Ақмет, Шонан ұлы Телжан, Омар ұлы Елдес, Мырза ұлы Мұқтар, Досмағамбет ұлы Қалел - бесеуі сайланды.
Мұнан кейін қалған уақыт кемесиенің мәжілісіне тисін - деп, сіиез өз мәжілісін келесі күнге қалдырды.
Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезі/ Алматы, 2005.- 49-57 бб.