Мәжіліс ертеңгі сағат 10-да ашылды.
Мәжіліс ағасы Бөкей-қан ұлы Әли-қан – жазу ережелерінің жалпы жолы тақырыбты сөз сөйлеуге Неколай Ибан ұлы Бутобскийге сөз берді.
Бұутобский: дыбыс жүйесінің жалпы зандарын; түрлі дыбыстарды бірінен-бірін олардың айтылуына, естілуіне қарай айыруға болатынұн; жалғас айтылған екі дыбыстың біріне бірінің қандай әсер беретүнін; сол себептермен түрлі сөздердің жүре келе өзгеріп кету мүмкіндігін; сөздің өзгеруіне сөздің екпіні қаншалық әсер беретүнін - айтып келіп: біз ойымызды сөзбен білдіреміз; сөзді жазумен белгілей аламыз; дұрысында сөздің өзі ойды түгел жеткізе алмайды, жазу сөзді де түгелімен бейнелей алмайды; сөз ойдың көлеңкесі, жазу сөздің көлеңкесі; сонда жазу мен ойдың арасын салыстырсақ, - жазу көлеңкенің көлеңкесі болып шығады; дыбыс жүйесінің жоғарыда айтылған зандарынша түрлі дыбыстарды бірімен бірін салыстырып тексерсек, - ұқсас дыбыстарды бірінен бірін айыра тану мүмкін емес дерлік қиын екенін білеміз; мұнан: әр сөздің өзіне дәл келетін жазудың мүмкін емес екені ыспатталады - деді. Сондықтан жазу ережесін тексергенде жазудың дыбыс жүйесінше дәлме - дәл дұрыс болу жағына көп шұғылданудың керегі жоқ. Жазудың негізі сөз жүйесінше дұрыс болса да жарайды, әрпі дыбысына дәл келмейтін сөз болса оны сөйлемнің тізілуіне қарай айыруға болады- деді. Қара халықтың тілі дыбыс жүйесіңің тиісті зандарынша өзгеріп, түрлі сөздердің айтылуы жылдан-жылға басқаша болып, бұзыла береді; Мәселен: орысша "Сходно," "Никита", "Котлеты", "Ладно", "Церковь" сықылды сөздерді қара халық өзгертіп, бұзып жіберген - ол сөздерді орыстың мұжығы "Коклеты", "Ланно", "Схонно", "Черковь", "Микита" - деп бұзып айтады. Ондай сөздер тек оқығандардың тілінде ғана бұзылмай таза күйінде қалып отыр,- мұның себебі орысша жазу ережелері сөз жүйесінше болғанынан, олай болмай, жазу дыбыс жүйесінше болса, біздің кітеп тілі де бұқараның тілінше бұзылып кетер еді - деді.
Мұның үстіне Бұутобский әріп мәселесін де сөз қылып қазаққа латын әліббиін алу керек - деді. Латын әліббиіне қарсы дәлелдердің ең күштісі: оны алсақ бұрын қазақша хат танитұн азаматтарымыз да хат танымайтын болып, сауатсыздықты арттырып жібереміз - деген қауіп. Бірақ мұның да қисыны жоқ: батса өкіметі құлағаннаң кейін орыстың жазу ережелері өзгеріп, бұрынғы әріптердің бірсыпырасы әліббиден шығып қалды; бірақ онан бұрын хат таныйтын кісілер хат танымайтұн болып қалған жоқ. Жаңа ережені оп-оңай-ақ үйреніп алды; арабша әліббиді тастап, латын әліббиін алудың қиындығы да сондай-ақ болуға тиіс деп сөзін аяқтады.
Мұнан кейін сөз Байтұрсын ұлы Ақметке берілді.
Ақмет: жазу мәселесін тексергенде әуелі жазудың негізін шешіп алу керек: қазақ тіліндегі дыбыстардың қандай екенін, оның таңбалары қандай болатұнын, олардың, өзара қалай жіктелетүнін ашып алу керек. Елдестің баяндамасынша қазақ тілінің 24 дыбысы бар;- арабтың 4 әрпі "х", "ш", "ф", "һ" - лермен белгіленетін дыбыстар қазақ тілінде жоқ десек дыбысымыз 24 болады; бұл 24 дыбысты Елдес айтқанша жіктесек,- тіліміздің, дыбыс жүйесінше мінсіз болады. Қазақша дыбыстарды солай, дыбыс жүйесіне келтіріп жіктегенде,- "у" мен "и" дауысты дыбыстардың табына кіре алмайды, дауыссыз "р" мен "л"- ға қосылып кетеді. "бала", "кісі", "еге", "оқы"-деген сөздердің аяғындағы дыбыстары дауысты; "қар", "жүр"- деген сөздердің аяғындағы дыбыстары дауыссыз "р", "су", "сай", "жуу", "ти" деген сөздердің аяғындағы дыбыстары "у" мен "и". Осы сөздерге түрлі жалғау, жіктеу жұрнақтар жалғап көрейік:
I - Дауысты дыбыс
Атау: бала кісі
Ілік жалғау: баланың кісінің;
Барыс жалғау: балаға кісіге
Табыс жалғау: баланы кісіні
Жатыс жалғау: балада кісіде
Шығыс жалғау: баладан кісіден
Көптік жалғау: балалар кісілер
Етістіктүбірі: еге оқы
1-іншіжақ: егеймін оқимын
2-інші жақ: егейсің оқисың
3-інші жақ: егейді оқиды
II - дауыссыз "р"
Атау: қар
Ілік жалғау: қардың
Барыс жалғау: қарға
Табыс жалғау: қарды
Жатыс жалғау: қарда
Шығыс жалғау: қардан
Көптік жалғау: қарлар
Етістік түбірі: жүр
1-інші жақ жүремін
2-інші жақ жүресің
3-інші жақ жүреді
IIІ - "у" мен "и"
Атау: су сай
Ілік жалғау: судың сайдың
Барыс жалғау: суға сайға
Табыс жалғау: суды сайды
Жатыс жалғау: суда сайда
Шығыс жалғау: судан сайдан
Көптік жалғау: сулар сайлар
Етістік түбірі: жуу ти
1-інші жақ жуамын тиемін
2-інші жақ жуасын тиесін
3-інші жақ жуады тиеді
Мұнан: дыбыс жүйесінше "у" мен "и"-дың дауыссыз "р"- дан еш басқалығы жоқ екені, екеуінің де дауысты дыбыстарға қосылмайтыны ыспатталады. Мұның үстіне қазақша "тау" "мүйіз" сықылды сөздерді бірсыпыра түрік қалықтары "тағ", "мүгіз" - дейді; мұнан "у" мен "и"-дің асылы дауыссыз екені ыспатталады.
"Қ" мен ,"ғ"-нің "к" мен "г" ден айтылуы да, естілуі де басқаша, әрқайсысының ауыздан шығатын орындары да бірінен-бірі өте алыстап кеткен; бұларды бірінің-бірі жіңішке түрі деу қисынсыз.
"Б" мен "п"-ның ережесі тақырыпты Қалелдің айтқаны дұрыс,- "б" тұйықталып келгенде де көбіне "б" болып естіледі; "б" мен "п"-ның ережесін "тіл құралша" қалдырған дұрыс.
2-інші жақтың жіктеу "сін" болмай "сің" болсын - деген қисынсыз: 1-інші жақтық жіктеу, тәуелдеулер "м" болғанда ғана, 2-інші жақтық жіктеу "ң" болады; 1-інші жақтық жіктеу "мін" болғанда оған сәйкес 2-інші жақтық жіктеу "сін" болуға тиіс; "мін"-нің асылы "мен", "сін"-нің асылы "сен" болуға керек,- бұлардың аяғындағы дыбыстары, "ң" емес, "н", сондықтан "сін"-ді "сің"деп жазудың жөні жоқ. Халықтың аузында бірсыпыра жерлерде "сін" демей "сің" дейді - деген дәлел емес, тілдің негізгі ережелерін бұзып, қатадан айтылған сөз түріне еліктеу - қисынсыз.
Елдес шығаруға ұйғарған төрт әріптің қазақ тілінде сақталуға азда болса ақысы бар "һ"; өйткені "һ" дыбысы мен айтылатұн қазақтың өз тілінде аз да болса сөздер бар. Мәселен: "Аһ!", "уһ!" деген одағайлардан туған "Аһыламақ", "уһілемек" сияқты сөздер түрлі тұрпат түрлері жалғауларымен. Басқаларының сақталғандай қазақ тілінде ақысы жоқ. Сондықтан "һ"-ден басқаларын сақтау керек деу орынсыз.
Қалелдің "ы" мен "у"-дың қайсысы екенін айыруға дұдемал болған жерде "ұ" жазу қолайлырақ деуінің мәнісі мынау: дыбысты айтарда аузымыздың сөзді айтуға қатысатұн мүшелерін сол дыбыстың айтылуына ыңғайлаймыз. Дыбысты айтқандағы ауыз мүшесінің қалпы біріне бірі жақын болса, дыбыстарда жақын ұқсас болып шығады. Мәселен: "таны", "тасы", "қоры", "тоқы", "құры", "мұжы" деген сөздерді айтып қарасақ, әуелгі екі сөздің аяғындағы "ы" ап-анық естіліп тұр. Мұнда аяғы "ы" ма? "ү" ма? деп күмәнданбайсын. Олай болатын себебі: бұл сөздерді айтқанда ауыз мүшелерінің қалпында "ұ" дыбысын айтқанда болатұн қалпыдарына ешбір ұқсасы жоқ. Ауыз мүшелерінің қалпы да, айтылатұн орындары да басқа болғандықтан, дыбыстарының арасында да ұқсастық жоқ. Онан кейінгі екі сөзді алсақ бұлардың аяғындағы дыбыс "ы" ма, "ұ" ма деген дұдемалдық пайда болып, сезіле бастайды. Себебі- "о"-ны айтқанда ернімізді созыңқырап айтамыз; "ұ"-ны айтқанда да ернімізді созып айтамыз. Арасындағы айырымы сол - бірін айтқанда ерін аз созылады, ауа тамақтан еркін шығады, екіншісін айтқанда, ерін көбірек созылып ауа қысылыңқырағаң тамақтан шығады. "О" мен "ұ" ауыз мүшесінің ұқсас қалпымен айтылғандықтан дыбыстарында да ұқсастық бар. "О" ға икемделген ауыз мүшесі "ы"-ны айтуға кіріскендіктен, "ы"- ға "ұ"-ның дыбысына ұқсас өң береді. Сондықтан "ы" анық естілмей дүдемал болып шығады. Соңғы екі сөзді алсақ, мұнда "ы" ма, "ұ" ма деген дүдемалдық күшті. Қатта "ы" емес "ұ" деп айтуға да болады. Мұның олай болатұн себебі - "ұ"-ны айтуға икемделген ауыз мүшесі "ы"-ны барып айтқанда "ы" "ұ" сыиақты болып естілуден. Егерде ондай орындарда "ы" жазбай "ұ" жазу керек делінсе, мен оған да қарсы емеспін. Бірақ олай болғанда айтатұным мынау: "қоры", "тоқы", "құры", "мұжы" деген сөздерді "қорұ", "тоқұ", "құрұ", "мұжұ" деп жазатұн болсақ, бұлардың зат есімге айналған түрі де тәуелдеу түрлері де сол жөнмен "ұ" арқылы жазылу тиіс болады, - "қорұу", "тоқұу", "құрұу", "мұжұу" (зат- есімге айналған түрі), "қорұуұ", "тоқұуұ", "құрұуұ", "мұжұуұ" (тәуелдеу түрі) деп жазу керек болады; өйткені - жалғыз "ұ"- ның әсерінен "ы" "ұ"-ға айналып кетті десек, "ұ" мен "у" екеуінен кейін "ы" сақталады деуге орын жоқ. "ы" мен "ұ" дұдемал талас болғандықтан екеуінің таңдап, қай қолайлысын алуымыз керек. "ұ" қолайлы десек, жоғарыда көрсетілгенше жазамыз. "ы" қолайлы десек, жоғарыдағы сөздерді бұлай жазамыз: "қорыу",' "тоқыу", "кұрыу", "мұжыу" (зат есімге айналған түрі) "қорыуы", "тоқыуы", "кұрыуы", "мұжыуы" (тәуелдеу түрі).
Ақметтен кейін сөз Шонан ұлы Телжанға тиді.
Телжан:- баяндамада көрсетілген жобалардың "у" мен "и" ден басқаларына дауым жоқ, бірақ қазақ тілінде дауысты ұзын "у" мен ұзын "и" жоқ деу қата. Ахмет пен Елдес жалғау жұрнақтардың түрлерін дәлел қылып, "и" мен "у" дауысты дыбыстар табына қосыла алмайды дейді. "у" мен "и"-дің дауысты дыбыстарға қосылатұн жері де бар, қосылмайтұн жері де бар. Ілік жалғау табыс жалғаулар "у" мен "и"-ге - "дың", "ды" болып жалғанатұны рас, бірақ "лық", "лы" сықылды жұрнақтар, көптік жалғау "лар", барыс жалғау "ға", бәрі де - "у" мен "и"-ге жалғанғанда дауысты дыбыстарға сәйкес түрде жалғанады: "сұу", "сай" деген сөздерге сол жалғау-жұрнақтарды жалғасақ "бала", "кісі" деген сөздердің жалғау жұрнақтарымен бірдей болады.
Сұу сай, бала, кісі.
Сұулық, сайлық, балалық, кісілік.
Сұулы, сайлы, балалы, кісілі.
Сұулар, сайлар, балалар, кісілер.
Сұуға, сайға, балаға, кісіге.
Бұл жалғау жұрнақтардың бірдейлігі: "у" мен "и"-дің дауысты екеніне дәлел. Ақмет "у" мен "и"-дің дауыссыз дыбыстармен ортақ жалғауларын көрсетіп, ол екі дыбысты дауыссыз дейді. Мен "у" мен "и"-дің дауысты дыбыстармен де ортақ қасиеті бар екенін көрсетіп отырмын.
"У" мен "и" дауыссыз деудің қисыны қандай болса, оны дауысты деудің қисыны да сондай; мұның үстіне "у" мен "и"-дің созып айқайлап айтуға келмейтүнін қоссақ,- "у" мен "и"-ді дауысты дыбыс деудің дәлелі басым болып шығады. Дауысты ұзын "у" мен ұзын "и" қазақтан басқа түрік халықтарының бәрінде де бар; қазақ тілін басқа түріктердің тілінен бөліп алып, бізде дауысты "у" мен "и" жоқ - деу қисынсыз. "У" мен "и"-дің жазыу ережесін жеңілдік жағынан тексерсек: балаларды миына қонбайтұн нағыз шатақ ереже осы болып шығады. "құуыу", "жұуыу" сықылды сөздерді, Елдестің ұсынған жобасынша жазсақ, қатарынан бес "у" жазуымыз керек болады; бұл өте қиын; бұл қиындық, бір "у"-ды екі дыбыс деп, екі әріппен жазғаннан болып отыр. Бір дыбыс болып естілетұн ұзын "у" мен ұзын "и"-ді бір әріппен жазатұн болсақ - жазу жеңілденеді.
Арабай ұлы Ишанғали: Біздің шығарып тастаймыз деп отырған төрт әріп, басқа түрік халықтарының бәрінде де бар, олар бірінің кітебін бірі оқымай отыра алмайды. Ол төрт әріпті әліпбиден шығарып тастасақ, біз басқа түріктердің жазғанын мүлде оқи алмайтұн боламыз, олар біздің әдебиетімізді де оқи алмайтұн болады. Бұл үлкен қата. Төрт әріптен жиренбеу керек; онымен қазақша сөздерді жазбайтұн болсақта, оны әліпби кітебіне кіргізіп, жат тілдер үшін қолданатұн әріптер ретінде балаларға таныстыратұн болу керек.
Ұзын "у" мен ұзын "и" қазақ тілінде жоқ дегенге өзім түсіне алмаймын. Көп жыл мұғалім болып бала оқытып көрдім: балаға "ұу", "ыу", "ыи" деген әрқайсысы екі дыбыс деп түсіндіру қиын. Тілдің заңы ғылым жолы деп, жазуды қиындатып алып жүрмейік,- "у" мен "и"-дің жазу ережесін жете тексеру керек.
Қалел, - екінші рет сөз алып мынаны айтты: арабтың төрт әріпін қазақша әліпбиден шығару керек. "У" мен "и"- дің ережесін өзгертуге болмайды. Ақметтің келтірген дәлелдерінен асып кету мүмкін емес. Екінші жақтың жіктеу "сын" болмай, "сың" болу керек: халықтың аузында көбіне "сын" емес "сың" делінеді,- онымен санаспасқа болмайды. "Ы" мен "ұ" көмескіленіп естілген жерде, "ы" жазбай "ұ" жазған дұрыс: ондай дыбыстардың асылы "Ұ". Мәселен "үшін" деген сөзді "ұшұн" деп жазсақ дұрысырақ болады.
Дулат ұлы Мыржақыб: арабтың төрт әрпі тақырыпты Ишанғалидің сөзін қуаттап, ол төрт әріптің әліпбиден шығарылмауын - тіледі.
Жолдыбай ұлы Молдағали: тілдің заңы, тілдің бұзылмау шаралары сықылды дәлелдерге тоқтау керек. Міржақыптың төрт әріп қазаққа керек деп отырғаны қисынсыз. Айтыс жеткілікті болды; баяндаушыға адаққы сөз беріп, әңгімені доғару керек.
Мәжіліс ағасы сөз сұраған кісі жоқ екенін жариялап, баяндаушыға қорытынды сөзін сөйлеуге кезек берді.
Елдесқорытынды сөзінде мынаны айтты:
Орысша жазу ережесі сөз жүйесінше; орысша сөздің түбірі өзгеріп отыратұн болған соң; орысша туынды сөз бен түбір сөздің сүгіреті бірдей де, айтылуы (естілуі) басқаша болады; сондықтан орысша жазу дыбыс жүйесінше дұрыс болмай шығады. Бұутобскийдің: жазу дыбыс жүйесінше дұрыс болуы мүмкін емес деп отырғаны сонан,- орысша жазудың сөз жүйесінше болып, сөздері түбірімен қопарылып өзгеретүн болғаннан. Бірақ Бұутобскийдің айтқанына еріп, қазақша жазудың да дұрыс болуы мүмкін емес деп - білудің жөні жоқ. Қазақша сөздің түбірі өзгермейді, - туынды сөздің түбірі жеке түбірмен бірдей болып айтылады. Сондықтан қазақша дыбыс жүйесінше жазылған сөз - сөз жүйесінше де дұрыс болып шығады. Жазудың сөз жүйесінше болуының артық жері: оқи, жаза білетұн кісі, жазылған сөзді ежелеп оқымайды, бүтін сүгіретін бірден көріп танып оқиды; жазушы туынды сөзді жазғанда,- оның түбірінін; сүгіретін есінде тұтып, туынды сөзді түбіріне ұсатып жазады; туынды сөздің айтылуы түбірден басқаша болып, жазу ережесі дыбыс жүйесінше болған күнде де, - жазушы көбіне қаталасып, туынды сөзді түбірге ұсатып қойады: мәселен: біз "түн" деген сөзді алдына дәйекші қойып жазып үйренгенбіз, "түндік" деген сөздің жұрнағында жіңішке "к" болған соң оған дәйекшінің керегі жоқ,- сүйтседе, "түндік" ті бастап жазғанда, оны түбіріне ұсатып, қатасып алдына дәйекші қойып қоямыз. Осындай қата болмау үшін орысша жазу ережесі сөз жүйесінше болған. Бірақ жазудың бұлай сөз жүйесінше болуының қолайсыз жағыда аз емес.
Бұутобский: Бұқара тілді бұзып барады, орысша әдебиет тілі, жазудың сөз жүйесінше болғаны себепті ғана, бұзылмай аман сақталып келеді - дейді. Бутобскийдің мұнысы қата. Тілдің тетігі сол тілмен сөлейтұн елде,- бұқарада. Елдің тілі, сырттан бір төтенше себеп болмаса,- еркімен өзгеріп, өркендей беруге тиіс . Мәселен қазақ тілі солай өзгеріп, дыбыстары тап-тапқа бөлініп, бірінен бірінің жігі ашылып шыққан,- қазақ тілінің олай өркендеуіне сырттан бөгеу болған жоқ,- тілдің бұл өзгерісіне себеп болған: сол тілмен сөйлеген ел, сол елдің тұрмысы. Ноғай тілі олай өзгерген жоқ, ноғай тілінің дыбыстары бірінен бірінің жігі ашылмаған,- оның себебі жазу, әдебиет; Бұутобскийше айтқанда,- жазудың арқасында ноғай тілі қазақ тіліндей, бұзылмай аман қалған - деуге болады. Дұрысында қазақ тілі бұзылған жоқ,- еркімен өзгеріп өңделіп шыққан; ноғай тілі олай еркімен өзгере алмай, жазу-әдебиетпен шегеленіп қалған. Жазудың, әдебиеттің қызметі: тілдің өзгерісіне әсер беру емес, сол өзгерістен қалмай еріп отыру,- болған өзгерісті қаттаб таңбалап отыру. Тілдің ескі түрін ұстап алып, сонан айырылмай, жаңадан болған өзгерісті тілдің бұзылғаны деп түсініп, қабыл алмай отырған жазу елдің тіліне салған бұғау есебінде болады. Орыстың жазуы, дұрысында Бұутобский айтқан қалыпты тілді өзгерістен аман алып қалып отырған жоқ, бұқараның тіліне бұғау болып отырған жоқ,- тілдің өзгерісіне еріп, болған өзгерістерді хатқа түсіріп таңбалап келеді. Орысша "я, ю" деген әріптер әуелде "иа", "иу" болып әркайсысы екі дыбыстың тізбегі болып оқылатын; жүре келе орыстың тілі (дыбыс жүйесі) өзгеріп; бұлардың әрқайсысы бір дыбыс болып, "ә", "ү" болыб айтылатұн болды. Орысша жазу, Бұутобский айтқанша, тілді өзгертпей аман сақтайтұн болса орысша, "Пять", "няня" сықылды сөздер "я"-ның әуелдегі мәнісінше: "пиәт", "ниәниә" болып оқылуға тиіс еді; жазу тілдің өзгерісінен қалыспай еріп отырғаны себепті бұл сөздер осы күнге айтылуынша, "я"-сы "ә"-ге ұқсап оқылады. Орысша "Сон", "Весь" деген сөздер бұрын "сънъ", "вьсь" деп жазылады екен,- айтылуы "сын", "біс" (орысша "В" дыбысы "Б" мен көрсетілген") болған екен; Жүре келе орыстың тілі өзгеріп бұл сөздер осы күнгісіндей "Сон", "Весь" болып айтылатын болған; жазу ол өзгерісті хатқа түсіріп өзгерген сөздерді өзгерген күйінде жазатұн болған. Жазу, әдебиет өз міндетін дұрыс атқаратұн болса,- осылай тілдің өзгерісінен қалыспай еріп отыруға тиіс; жазу халықтың аузында болған өзгерісті Бұутобскийше, тілдің бұзылғаны- деп қабыл алмай отыратұн болса,- ондай жазудың пайдасынан зяны артық болады: ондай жазу тілдің еркімен өзгеріп ілгері басуына бөгеу болады;- ол болмаған күнде, әдебиет тілін бұқараның тілінен басқаша қылып, екеуінің арасын алыстатып жібереді.
Мәжіліс ағасы сағат екі болды деп, Елдестің қалған сөзін кешке қалдыруға ұйғарды.
Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезі/ Алматы, 2005.- 38-48 бб.