Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы



"Ов" туралы

Газетамыздың 102 нөмерінде студент Ыдырыс Оразалыұғлының осы күні фамилия жазғанда қосылып жүрген орысша «ов», «ова»-ны тастап, оның орнына «ұғлы», «қызы» деп жазу тиіс деген пікірі басылған еді. Басқарма бұл пікірді мақұл көрсе де, фамилия орнына үлкен әке яки бабаның аяғына еш нәрсе қосылмай-ақ жазылса, қалай болар деген пікірді көрсеткен еді. Сонан кейін басқармаға бұл туралы мына кісілер өз пікірлерін жазып отыр.

1. К.С. «ов» орнына «и», «ова» орнына «ие» жазу тиіс. Мысалы, Әлихан Бөкейхани, Назипа Құлжание. Өз әкесін жазғанда «ұлы», «қызы» деген сөздер жазылар.

2. Жармұхамед Болатұғлы жоғарғы пікірде. Бірақ «и» мен «ие»-ні арабша, жат тілдік десек, түрікше «лу», «ли» дегенді алу лайық болмас па? Мысалы, Әлихан Бөкейханлу, Назипа Құлжанли.

3. Желкек. «ов» пен «ованы» қалдыру тиіс. Еркек, әйелді айыру үшін біреуінің аяғына ешнәрсе қоспай айтармыз. Назипа Құлжан секілді. Екіншісінің аяғына «и»-ді жалғармыз. Әлихан Бөкейхани секілді.

4. Нығметолла Күзембаев. Әкені жазғанда «ұлы» (ұғлы емес), «қызы» деу керек. Үлкен әкені яки бабаны жазғанда аяғына еш нәрсе қоспау лайық.

5. Кенжеғали Аблуллаұғлы. «ов» орнына «дан», «нан»-ды жалғау керек. Мысалы Әлихан Нұрмұхамедұғлы Бөкейханнан, «ова»-ның ор- нына, еркектен айыру үшін, «ның», «дың»-ды қосу тиіс. Мысалы, Нази- па Сағызбайқызы Құлжанның.

6. Ыдырыс Оразалыұғлы. Ал енді үлкен ата жазылғанда «ұғлы», «қызы» деп жазу тиіс. Ал енді үлкен ата яки баба жазылғанда олардың аяғына ешнәрсе жалғаудың қажеті жоқ. Қазақтың тілінде түбінде еркек пен ұрғашы айырылмағандықтан мұнда да оның керегі жоқ. Біреудің еркек, ұрғашылығы өз атынан-ақ білінеді.

7. Әлихан Ыдырыс Оразалыұғлының пікірін мақұлдайды.