Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы



Жазу жөндеу

Жазу жөндеу мәселесі араб қарпін қолданған жұрттың көбінде-ақ қозғалып жатыр. Бұл мәселені Стамбұл түріктері де, Русиа түріктері де осы күнде мықтап қолға алып жатыр. Оны қолға алдырып жатқан қазіргі жазу ісіндегі зор-зор кемшіліктер. Ол кемшіліктер әуелі араб қаріптерінін әр қайсысы әлденеше түрлі болғандығынан, мысалы, бас түрі, орта түрі, аяқ түрі, жеке түрі барлығынан. Екінші араб әліппесінде дауысты дыбыстардың арнаулы қаріптерінің жоқтығынан. Әp қаріптің бірнеше түрлі болуы қазірінде көп іске ауырлық келтіріп, зарары тиіп тұр. Әсіресе бұлай болуынан зарар шегіп тұрған екі іс: бірі – оқу ісі, екіншісі – матбұға ісі. Бұл екеуі де халықтың мәдениет жолында алға басуына себепкер болатын істердің бас дәрежелісі. Қаріп түрінің көптігінен оқу ісіне тиетін зарары сол: балалар бір қаріптің түрін танып, есіне сақтау орнына бірнеше түрін танып, есінде сақтамақшы. Бір нәрсені білуден бірнеше нәрсені білу әрине ауыр болмақшы. Матбұға ісіне тиетін зарары сол: бір қаріпті сатып алу орнына матбұғашы бірнешеуін аларға керек. Бір қаріпке төлейтін ақшадан бірнеше қаріпке төлейтін ақша әрине көп болмақшы. Олай болған соң матбұға қымбатқа түспекші. Екінші қаріп түрі көп болса, қаріп қоятын ұясы көп болады. Неғұрлым ұясы көп болса соғұрлым жиюы ауырламақшы, жию жұмысы шабан жүрмекші. Сөйтіп аз адаммен істейтін ісін көп адамға істетіп, аз уақытта істелетін істі көп уақытқа созып, матбұға ісін қымбатқа түсірмекші. Бастырған кітап, газета, журнал сияқты нәрселер матбұға қымбаттығынан қымбат басылып шықса, олардың жұртқа таралуы ауыр болмақшы.

Осындай кемшіліктерін түзетіп, жазу ісін жөндеуге әркім талаптанып жатыр. Жалғыз-ақ ойлары бір жерге жиылып, ынтымаққа келіп, бата қылуына қалып тұр. Олардың жазу түзету турасындағы істерінің көшесі мынау: бір қаріптің бір-ақ түрі болсын дейді, яғни бас түрі, орта түрі, аяқ түрі, жеке түрі болмай, бұлардың біреуі-ақ алынсын дейді. Олай деудің мәнісі: осы күнгі қаріптердің қайсысының да болса түр негізі ескі қаріптерден алынған. Ескі қаріптердің бәрі де тіркеспей, жеке- жеке жазылған. Бұрынғы тасқа, қыш тақтайларға жазылған жазулардың қаріптерінің бәрі жеке-жеке. Тіркестірген жазу бергі замандарда шыққан. Оның шығуына себепкер болған матбұға жоқ замандарда кітаптардың қолмен жазылғандығы, кітаптарды шапшаң жазу үшін асығыс қаріптерді жалғастырып, тіркестіріп жазған. Сонан бірте-бірте тіркестіріп жазу дағдылы қалып болып кеткен. Кітапты бастыру амалы табылғанда Eвропа халықтары баспа қаріптерін жасау үшін жалғасқан, тіркескен қаріп түрін алмай, негізгі жеке түрін алған. Сондықтан олардың баспа қаріптерінің әр қайсысы бір-ақ түрлі. Араб баспа қаріптерін жасағанда, себебі неге екенін білмейміз, негізгі жеке түрін алмай, жалғасқан жазба түрін алған. Бұлай ету зор қате болған. Басында істелген қате осы күнге шейін түзетілмей келе жатыр. Eвpoпa халқы жоғарыда айтылған кемшіліктерін көре тұрып сол күйінде қалдырмай, ол қатені әлдеқашан түзетер еді. Азия халқының дағдылы соқпағынан бұрылып аяқ басуының ауырлығынан сол қатені түзетуді жаңа ғана қолға алып жатыр. Түркияда «Ислах харф» жәмиғаты, Ысмағұл әпенді Хақыбек, Русиада Зәкір әпенді Рамиев, баспашы Харитонов Бабай һәм Ғабдолла әпенді Албаров бұлардың бәрі де баспа хәріптердің бас, орта, аяқ, жеке түрлері болмай бір-ақ түрлі болуын көздегенде, ойлап тапқандарын алифби етіп майданға шығарып отыр. Бұлардың ойлап тапқандарын қазірінде төртке бөлуге болады. Бірі парсы, араб қаріптерінің осы күнгі жеке түрін алмақ һәм баспа мен жазба екеуіне де жеке-жеке қоймақ. Бұлай болуды қолайлаушылар «Ислах харф» жәмиғатында, екіншілері бас һәм аяқ түрін ғана алмақ. Бұлар Түркияда «Танин» газетасына жақ адамдардан шыққан пікір. Үшіншілері жалғыз ғана бас түрін алмақ. Бұлай ойлаушы Албаров әпенді. Төртіншілері бас түрі, басқа түрі демей, қай баспаға қолайлы, келістісін алмақ. Олардың түрлерін өзгертіңкіреп сұлуламақ. Мұны шығарып отырған Рамиев әпенді мен Харитонов Бабай. Бұл екеуінің ойлары баспа турасында бір деуге болады: қаріптерінің арасында айырмасы аз, жазу қаріптерінің келгенде екеуінің арасы алыс. Рамиев әпенді жазба осы күнгі қалпында қалсын дейді. Харитонов баспа қаріптердің өзгерген түріне қарай жазба да өзгерілсін дейді. Оның жазба қаріптері араб қаріптеріне тіпті ұқсамайды, теріс қаратып қойған латын қаріптсріне ұқсайды.

Осы айтылған төрт пікірдің қайсысы алынары қазір белгісіз. Жақын арада Стамбұлда «Жәмиғат Хейрие Исламие» залында Әбдулғазиз Шауыш әпенді бас болып қаріп жөндеу, емле түзету мәселесі турасында кеңес құрған. Ол кеңесте түрік, араб, иран жазулары – бәрі де дыбыс бойынша жазылатын болсын деп бата қылысқан. Әбдулғазиз әпенді «Дар эл-фунун» ашу жайын кеңеспекке Мединеге кетіп, сонан қайтқан соң жазу түзету жұмысын қолға алып, тірілтпекші болған.

Осылардың бәрі де жазудың түзетіп жөнге салуға мезгіл жеткенін көрсетеді. Тіршілік ісі жарысқа айналған заман. Уақыт қымбат. Кешіккен кейін қала бермекші. Шапшаң істерлік іс шабан істелсе, ол қып-қызыл залал. Оңайлықпен үйретерлік нәрсені қиындықпен үйрету балаларға обал. Араб алифбиінің кемшілігінен матбұға ісінде шабандық, оқу ісінде ауырлық, емле ісінде тәртіпсіздік. Осы кемшіліктерді жою үшін әр жерде-ақ жол қарастырып, іздеп жатыр. Біздің де емле түзету ісіміз сол жұмыстардың бір тарауы.

Басқа түрік балаларының қаріп һәм емле түзету ісіне қарасақ, олардың бізден, біздің олардан айырылатын жерлеріміз бар. Біздегі бар дыбыс оларда жоқ, оларда бар дыбыс бізде жоқ көрінеді. Біздегі бар сөздердің түрлері оларда жоқ, оларда бар түрлері бізде жоқ. Сондықтан біз қазақ тілін тастап басқа түрік тілдерінің біріне қосыламыз демесек, айырық жерде айырыла, бірдей жерде біріге іс ету тиіс. Солай ету қазақ тіліне керек жұмыстарда да боларға тиіс. Тіліміздегі харакаттар болсын, сөздің түрлері болсын басқаларда бар болса, солармен бірдей жаза білуі тиіс.

Олардан басқа болса, басқа жазылуы тиіс. Бірақ айырылымы аз жерлерді айырысы жоққа есеп етерге керек. Қазіргі жазу жұмысы екіге бөлініп тұр: бірі баспа қаріптерді түзету, екіншісі сөзді дыбыс басына қаріп қойып жазу, баспа қаріптердің жоғарғы айтылған түрлерінің түйінінде қолайлаған біреуін алар. Бұл іс барша араб алифбиін тұтынған халықтармен бірге көретін іс. Қазақ тіліндегі дыбыстарға керек қаріп- терді алып, қазақ жазуының емлесін жөндеп тәртіпке салу, ол өзіміз істейтін жұмыс. Біз қазақ тіліне араб алифбиінде бар қаріптерден бас- басына қаріп арнап алып, сол қаріптермен қазақ сөздерін еш кемшіліксіз жазып отырмыз. Араб қаріптері қазақ тіліндегі дыбыстарға жетпеген жерлерін, яғни, қаріппен толықтыруға болмайтын жерлерін, жаңа қаріп алсақ жұрт жатырқар деп, қағидамен толықтырдық. Қазақ сөзін жазуға кемшілігі жок, осы жарайды деп тұрмыз. Мұнан да гөрі, қаріп көбейтпей, оңайырақ жолын тапқан адамдардың айтқанын қабыл етуге даярмыз. Бірақ қиындату жағына баспаймыз.

Бізден басқа түріктер де дыбыс басына қаріп жазуға түсейін деп жатыр. Хасан Әли әпендінің «Мұғалім» журналы осы жөнде жұмыс бастап жатыр. Түркия, Иран, Араб баршасы да дыбыс басына қаріп қойып жазуды ұнатқанын жоғарыда айтып өттік. Биыл жаз «Шура» журналы да бұл туралы анкета (сұрау)мен жұрттың пікірін байқап еді, көбі дыбыс жазуды түрік тіліне қабылдап, араб сөздеріне ғана қабылдамап еді. Олай болса араб пен түрік сөзін айыра білу әркімнің қолынан келмейді деп қойып еді. Енді арабтар дыбыс жазуын қабыл етсе, біздің ноғай ағайын- дар да қабыл етер деп ойлаймыз. Исмағұл әпенді Гаспиринский бұ жолда да ноғай қарындастарымызға басшылық қылатын көрінеді: «Тәржіман» газетасын оқитын адамдар байқайтын шығар, Исмағұл әпенді дауысты емлені қолдана бастағанын.

Бұ жоғарыда жазылғаннан көрінеді: дыбыс жазуын қолайлап, тұты- нуға түскен жалғыз біз емес, басқалар да қолайлап, соған түсейін деп жатыр. Әр қайсысы өз тілінде бар дыбысқа араб қаріптерінен қаріп арна- мақшы. Біздің қазақ тіліне арнаған қаріптеріміз «Қазақ» газетасы мен «Оқу құралы» кітаптардағы. Ендігі жұмыс соның кемшілігі болса көр- сетіп, түзету. Түзеткенде ауырлық жағына емес, жеңілдік жағына түзету.

Емле хақында

«Қазақ» емлесін қабыл еткендіктерін білдіріп хат жазушылар: Торғайдан Файзолла Сатыбалды Ишанұлы, мұғалімдерден Тәшен Қиямбеков. Зәкір Ғайсин, Мейрам Асхақов. Шаһмардан Ибраһимов. Садық Абыланов, шәкірттерден Мырза Ахмет Қожақұланов, Мұртаза һәм Рахымжан Бексейіт балалары. Павлодардан Қасым қажы медресе- сіндегі қазақ шәкірттері һәм Астрахан медресесіндегі қазақ шәкірттері.