Тіл мамандарының арасында “тілдің жаны емледе” деген қанатты сөз бар. Бүгінгі жазуымызда емле принципінің негіз деп сөздің морфологиялық тұлғасын сақтап жазып келеміз. Ендігі жерде біздің айтуымыз бен жазуымыздың арақатынасын парықтай алмай, сөздерді қалай жазылса солай оқуымыздың себебін осы қазақ орфографиясындағы жетекші принцип атанып келген морфологиялық деген тұжырымға шүбәмен қарауға тура келеді. Ахмет Байтұрсынұлының өзі бір кезде “жазудың идеалы фонетикалық принципте” деген болатын. Профессор Қ.Жұбанов та қазақ жазуы фонетикалық принципті ұстануы керек деген пікірде болған. Алайда қазақ жазуының негізі белгілі себептермен (ұлы орыс халқының игі ықпалымен) әлі күнге морфологиялық принцип болып келеді.
Ендігі жерде қазіргі қазақ орфографиясындағы қайшылықтар мен ауытқуларды жинақтап, ғылыми негіздемеге сүйене отырып, бір жүйеге түсіру кезек күттірмейтін мәселе. Біздің орфографиямыз бен орфоэпиямыз жайында айтылып жүрген пікірлерді жинақтап, саралап емле ережесін жетілдіру қолға алу керек. Жазу тәртібі жайында араб алфабитін қолданып жүрген кездегі Ахмет Байтұрсынұлының өзінің“оқу құралында”; тілдегі бар дыбыстың бас-басына арналған белгісі (әрпі) болуы керек деген еді. Ғалымның «Емле жазу үшін шығарған нәрсе, жазу тіл үшін шығарған нәрсе, олай болса тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек» – деген қағидасы әрқашан есте болуы керек. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлының әріптестері Қ.Жұбанов, М.Дулатов, Т.Шонанов, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов сияқты қоғам қайраткерлерінің рөлі үлкен болды. Аға буын ғалымдар үлкен қиындықпен, айтыс-тартыспен жүріп, керемет зор қамқорлықпен қазақ жазуын қазіргі дәрежеге жеткізгені белгілі. А.Байтұрсынов өзінің 1912 жылы “Айқап” журналында жариялаған “жазу тәртібі” деп аталатын алғашқы мақаласында: Қазақ тілінде 24 дыбыс бар. Оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты. Дауысты дыбыстар; а, о, ұ, ы, е - деп анықтаса, осы пікірін кейінгі оқулықтарында, 1927 жылы жазған “Дыбыстарды жіктеу туралы” деген мақаласында қайталайды. Оның жазғандарынан қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде сол кезде 9 дауысты дыбыс болғанына көзіміз жетеді. Олар; а, ә, е, о, ө, ұ, ү, ы, і. Осы дыбыстар орыс зерттеулерінде де жүр.
Профессор Қ. Жұбанов 1935 жылы “Қосар ма, дара ма?” деген мақала жазып, сөз ішінде ұу, үу, ый, ій түрінде келетін дыбыстар тіркесіне айрықша көңіл аударды. Бұлар “Қазақ тілі грамматикасында” (1936) қосынды дауыстылар қатарына енді. Содан көп ұзамай и,у әріптері дауысты дыбыстар болып жарияланды. 1940 жылы орыс жазуына көшкеніміз белгілі. Одан кейін де қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың саны біраз құбылып, тұрақтай алмай жүрді. 1954 жылы академик І.Кеңесбаевтың авторлығымен “Қазіргі қазақ тілі “деген атпен көлемді еңбек дүниеге келді. Бұл еңбек күні бүгінге дейін бірден-бір оқулық болып келе жатқаны белгілі. Бұндағы дауыстылардың саны - 11. Тоғызы монофтонг, екеуі и, у дифтонг.
Бұлар қазақ жазуына орыс тілінің игі ықпалының әсерінен болған өзгерістер деп түсіндіріліп келді. И әрпі кірме сөздердегі жалаң и дыбысымен қатар (кино, икс, философ т.б.) ій-ый қосар дыбыстарын да таңбалайды. Жіңішке айтылатын и-дің алдынан і әрпін жазбау, сол сияқты жуан айтылатын и – дің алдынан да ы әрпін жазбау қазақ емлесінде қалыптасып орнықты дейді автор. Олар оқулықтарымызда дифтонг, дифтонгонд деп аталынып жүргені белгілі.Бұлар дыбыстау мүшелерінің оның ішінде тілдің қатысына қарай; жуан дауыстылар; а, о, ұ, ы,у; жіңішке дауыстылар; ә,ө, ү, е,и болып бөлінеді.
Түбір сөзде де, туынды сөзде де жіңішке естілетін жалаң и дыбысының және қосарлы ый, ій дыбыстарының таңбасы ретінде и әрпі қолданылады.
Енді жазу сауаттылығымызды арттыруға септігі тиген осы и әрпінің әсерінен қазақ сөздерінің айтылуы қиындап келеді. Мысалы: мектеп оқушылары «мійіміз әшійді, басым қышиді, қиін есеп» дейтіндері байқалады.
Баспасөзде: Ұшақты мимен басқаратын бас киім. ... Әлі 1937 жылғы қанды қырғын суый қоймаған ол жылдары ... .М.Байжанинның өлеңі..., Ы.Алтынсариннің еңбектері... дегендегі қосымшалардың жазылуы да әртүрлі.
Ғасырға келген анаңды
Мәпелеген «баласың»
Қосағың силаған
Үлгі алатын ағасың.
Оларды қолмен сипап көрудің өзі мүмкін емес. ... Өмірден түйген тәжірибелерінен бір-ақ ауыз сөзге сидырып ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген ұлы мұрасы.
Телефон шалса «да» дейсің
Орыстан қалған сиың ба?
Өз тіліңде «иә» деу
Соншалықты қиын ба? т.т.
Тере берсең мұндай мысалдар кез келген газет-журналдарда қаптап жүр.
Йы, йі дыбыстар тіркесіне бітетін етістіктерге көсемшенің й дыбысы жалғанғанда, ый, ій әріптерінің орнына бір ғана и жазылады. Мысалы колхоз байы-й-ды-байиды (байыйды, баиды емес), ол кейі-й-ді –ол кейиді (кейійді, кеиді емес).
Ескерту қосарлы ый әріптері тек сый, тый сөздерінде (оларға қосымша жалғанғанда да) жазылады. Мысалы сыйлық, сыйлау, сыйымды, сыяды, тыйым, тыйылу, тыяды.
Ій, ый дыбыстарын жалаң и мен, сол сияқты үу, ұу дыбыстарын жалаң у таңбасымен беру оқу ісінде, мысалы сөздерді буынға бөлуде қиындық келтіретіні айтылып жүр.
Тіл табиғатына қарасақ қиын, қиық, қуыс, гуіл деген сөздер дұрысында қы-йын, қы-йық, құ-уыс, гү-уіл болып буындалуы керек, ал қазір жазылуына қарап шартты түрде қи-ын, қи-ық, қу-ыс, гу-іл деп буындап, соған қарай тасымалдап жүрміз - дейді автор. Осы жерде неге? - деген заңды сұрақ туындайды. Қазіргі қазақ тілі оқулығының фонетика саласында буын жігін айқындауда сөз ортасында дауыстыдан буын басталмайды деген ереже бар. Бұл мектеп оқулығынан бастап айтылып, оқылып келе жатқан ереже. Сондықтан осындай екі жақты ережелердің біреуін тұрақтандыру керек дегіміз келеді. Бұл болашақ латын графикасына көшерде міндетті түрде ескеретін мәселелер.
Ый қосар әріптері тек тый, сый деген сөздерде ғана жазылатынын негізгі ережеден ауытқу ретінде есте тұту керек сый, сыйлық, сыйлау, сыю, сыяды, тый, тыю, тыйылды, т. т.
Енді баспасөзде кездесіп тұратын мысалдарға көңіл аударар болсақ олар да негізсіз емес.
Тіл білімі институтының бір топ ғылыми қызметкерлері ана тіліміздің кең көлемді орфографиялық сөздігін жасаумен шұғылданып келеді.Алғашқы редакциясын басқарғандар; І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев. Содан ең алғашқы сөздік 1963 жылы жарық көрді. Одан кейін толықтырып, түзетіліп 1978 жылы екінші басылымы, 1988 жылы үшіншісі, төртіншісі 2001 жылы, 2007 жылы аталған сөздіктің бесінші басылымы жарық көрді.
1963, 1978, 1988, 2001 жылдардағы сөздіктерде; әр түрлі, әр нәрсе, әр текті, әр уақытта болып бөлек жазылған сөздер 2007 жылғы орфографиялық сөздікте әртүрлі, әрқилы, әртарап, әртекті сөздері бірге жазылған, зауыт, тауар бұрынғы сөздіктерде завод, товар делінген.
1978 жылғы орфографиялық сөздікте – әрқайсы деп жазылса (51 б.) 1988, 2001 жылғы сөздіктерде – әрқайсысы деп жазылған. Шетел боп бірге жазылған, басқа сөздіктерде мүлдем жазылмаған. 2001 ж. сөздікте: көгөніс, көгет (анат), шегара, пойыз, пайыз, зауыт, тауар, нөл, нөмір, рөл, қыргүйек болып жазылса, 2007 ж. сөздікте: көкөніс, көкет, шекара, қыркүйек болып жазылған. 1963, 1978, 1988 ж. сөздіктерде: артист, артистер, артисі деп жазылған да 2007 ж. сөздікте мүлдем жазылмаған. Күнделікті баспасөзде, теледидарда әртіс, халық әртісі болып жазылып жүр. Дұрысы осылай айтылып, осылай жазылғаны жөн болар еді. Сол сияқты Ақтоқты рөлін сомдау кез келген актрисаның арманы... Кино студиясының ролі ерекше. Тұрмыс – адам өмірінде маңызды рольге ие болып, әр түрлі жазылып жүргенін де көріп жүрміз.
1988 жылы жарық көрген орфографиялық сөздікте және соңғы сөздіктерде де таңғалу, таңғалушылық, таңғажайып болып көрсетілген. Орфографиялық ережелеріміз бойынша осылай жазылуы керек сөздер күнделікті баспасөз беттерінде таң қалу (кейде біріктіріп таңқалу) номер, ноль, роль болып жазылып жүр.
Айтайын деп отырғанымыз қазіргі жазуымыздың аталған принциптерінің қайсысын басшылыққа алғанымыз жөн? – деген сұрақ өзінен-өзі туындайды. Бүгінгі жазуымызда сөздің морфологиялық тұлғасын сақтап жазып келеміз. А.Байтұрсынұлы “жазудың идеалы фонетикалық принципте” деген. Ахаңнан соң Қ.Жұбанов та фонетикалық принципті ұстануы керек деген пікірде болды. Біз бұл ұлы ғалымдардың пікірлеріне құлақ аспай келеміз. Біздің қазіргі жазуымыздағы ала-құлалық аталған пікірлерге мән берілмей келе жатқандығынан деп түсінеміз. Ал қосымшалардың жазылуы мүлдем сын көтермейді.