Тіліміздегі фонетикаға қатысты зерттеу еңбектері мен оқулықтардың буынға тиісті тарауларында буындардың алмасуы, буындардың жылысуы немесе буындардың кірігуі туралы тоқталып өтеді де, оның басты себебі ретінде жалаң ашық буын мен тұйық буынның түбірге жалғану үдерісінде екені атап өтіледі. Бірақ неліктен осы екі түрлі буын жалғанғанда буын алмасу құбылысы байқалатыны нақты көрсетілмей келеді. - ...Қазақ буындары сөз өзгерген сайын өзгеріп,жылжып отырады: Бір деген бітеу буын. Бұған –ақ деген жалғау қосса, бір-ақ күйінде қалмайды, буын қалпы өзгеріп, бі-рақ қалпына көшеді. Осы сияқты әрбір түбір сөздің соңғы буыны тұйық я бітеу болса, оған жалғанатын жалғау дауысты болып басталса, буын қалпын өзгертіп жібереді,- дейді проф.Қ.Жұбанов (1). Бұл үдерісті ғалым буындардың жылысу заңы дейді. Ал екі дауыстының қатар келген кездегі біреуінің түсіп қалуын (бара алмады// ба-рал-ма-ды) буындардың кірігуі дейді. Өткен ғасырдың 30-жылдары айтылған осы қағида әлі күнге дейін маңыздылығын төмендеткен жоқ.
Кей оқулықтарда бір буынның соңғы дыбысының екінші буынға ауысып, буындардың бастапқы сапасының өзгеруін буынның жылысуы немесе алмасуы(2) делінсе, екіншісінде дауыстыдан біткен буынға дауыстыдан басталған буын жалғанса, алғашқы дауысты түсіп қалады. Бұны буын ығысуы дейміз(3) делінген. Қалай айтылса да, буын алмасуы бар жерде дауысты дыбыстың қатысы бар екені белгілі. Бұл құбылыс сөз ішінде де, сөз арасында да үнемі байқалып отырады.Қалай байқалатынына назар аударайық:
Сөз ішінде | Біріккен сөз арасында | Тіркес сөз арасында |
Ант- ы| ан- ты | Сарыарқа| Са- рар- қа | Келе алмады |ке- лал- ма- ды |
Салт - ым |сал- тым | Қараағаш| Қа- ра- ғаш | Айта алмады| ай- тал- ма- ды |
Арман- ы| ар- ма- ны | Қараой| Қа- рой | Сары алтын| са- рал- тын |
Бұлт- ы| бұл- ты | Сарыөзек |Са- рө- зек | Басы ашық| ба- са- шық |
Көріп отырғанымыздай, дауыссыз дыбысқа біткен буынға жалғанған дауысты дыбыс буын алмастыру үдерісін жасағанмен, буын санын өзгертпейді. Ал екі дауысты қатар келген кездегі буын алмасу үдерісінде буын саны қысқарады. Дауыссыз бен дауыстының қатар келуіндегі буын алмасу құбылысы тек сөз ішінде ғана емес, біріккен сөз бен тіркес сөздер арасында да болады.Мысалы: көзайым// кө- за- йым, халықаралық// ха –лы- қа- ра -лық, барар еді //ба-ра- ре -ді, сипат алады//си- па- та- ла- ды. Буын алмасу үдерісін ерекшелеу – буын түрлерін ерекшелеудің басты сипаты. Тіпті буынның анықтамасын беруде басты назарда ұстайтын үдеріс. Өйткені, әлі күнге дейін ешбір зерттеу еңбегі мен оқулықта буынға нақты ереже берілген емес.Бірінде ...фонациялық ауаның қарқынымен кілт үзіліп шыққан бір немесе бірнеше дыбыс тобын буын дейміз (З)десе, бірінде ...сөздерді айтудағы дауыс құйылысының бірнеше толқынмен бөлшектеніп үзіліп-үзіліп айтылуындағы ауаның бір толқынын буын дейді(2) деп келтіреді. Бұндай ережелердің негізіне сүйенсек,буын алмасудың себебін іздеудің қажеті шамалы. Одан әрі буынның түрлері, буынның дауысты дыбысқа тәуелділігі баяндалады. Зерттеу еңбектері мен оқулықтардың бәрінде жалаң ашық буын мен тұйық буынның сөз басында ғана келетіндігі айтылады. Бұлар басқа буында келсе,міндетті түрде, буын алмасу үдерісі көрініс береді. Яғни,жалғыз дауыстыдан және дауыстыдан басталатын буынның сөз ортасы мен соңында келмеуі – заңдылық.Қазақ тіліндегі заңдылық тек орфоэпияда ғана бар.Буын алмасу осы заңдылыққа бағынады.Басты мәселе жалаң ашық буын мен тұйық буынның сөз ортасында келмеуінде емес, айтылмауында жатыр.Сөз ортасында дауыстыдан басталатын буын келсе, сөздің айтылу ырғағы бұзылады.Кілт үзілу емес,әуені жымдасқан сөз бөлшектері ғана буын құрай алады. Сондықтан болар, проф.Құдайберген Жұбанов: ...буынды жақсы білмесең, емлені де жақсы білмейсің..,буынды білмейінше,сөз екпіні(ударение),сөз сазы(интонация) секілді сөйлем жүйесіне қатысты тіл құбылыстарының да сырына қана алмайсың, буынды аңғармасаң, «ажарлап сөйлеу», «әсерлеп сөйлеу» сияқты сабақтарды да дұрыс алып бара алмайсың,-дейді(1). Буын алмасу үдерісі дұрыс сөйлеу ырғағын сақтап қалу үшін ғана жүзеге асырылады.Бұл - тілімізде табиғи түрде қалыптасқан құбылыс. Сондықтан буындардың жылысуын,кірігуін немесе жалпы алмасуын буынның түрлеріне қатыстыра сипаттағаннан гөрі,керісінше, буынның түрлерін осы буын алмасу үдерісіне қатысты айшықтаған нақтырақ болар еді. Тілімізде көкейкестілік деңгейі төмендемей келе жатқан фонетикаға қатысты біраз мәселенің түйінін буын алмасу үдерісі тұрғысында шешіп алуға болады. Біріншіден, У және И дыбыстарын дауыстылардың қатарына жатқызып, буын жасату арқылы көптеген кереғар тұжырымдарға тап болудан арылтар еді. Буын,жуын,суық,уық,қиық,қиын,жиын секілді сөздерді бу- ын,жу -ын,су-ық , қи- ық, қи- ын, жи- ын түрінде буынға бөліп оқытып келеміз. Бұларды айтқан кезде ешқандай ырғақ сақталмайды.Керісінше,кілт үзілістер арқылы(пауза) қинала қайталаймыз. Себебі,буын алмасу үдерісін сақтап, бұ- уын,жұ- уын, сұ- уық, қы- йық, қы- йын, жы -йын үлгісінде айтсақ, еш қиындық тумас еді. Әрине, У мен И дыбыстарының қосарлы екенін,олардың алдынан ұ- ү және ы- і дыбыстары келетінін білеміз. Білгеннен кейін ереженің бәрін теріске шығармай, шартты түрде алынған дауыстылар екенін оқушыға түсіндіргеніміз жөн сияқты. Екіншіден, буын алмасу құбылысы И мен У- дың ешқашан дауысты бола алмайтындығын түбірге қосымша жалғау арқылы дәлелдейді. Ереже бойынша сөздің соңы дауыссызға бітсе, қосымша дауыстыдан басталуы тиіс.Яғни,ту- ыс, жу- ып, қу- ар, жи- ыс, жи- ып,қи- ыл сөздеріндегі у мен и дауыссыз дыбыстар қатарына жатады.Тұйық етістіктің У жұрнағы да дауыссыз дыбыс болып саналады. Бұл жұрнақтан кейін де қосымшалар дауыстыға басталады: бару- ым,жүру- і, айту- ы, келу- і,толу- ы,қону- ы,көну-і. Үшіншіден, буын алмасу үдерісі қатар келген екі дауысты дыбыстың айтылған кезде қайсысының түсірілетінін де айқындап береді.Негізінен,сөз арасындағы қатар келген екі дауыстының алғашқысы түсіріліп айтылатындығы(элизия) ережеге айналған. Әйтсе де, проф. А.Айғабылов екінші дауысты дыбыстың да түсіріліп айтылытынына мысал келтіреді: не үшін/нешүн, жаңа ыдыс/жаңадыс . Бұның себебін тіркес құрамындағы мағыналық байланыстан іздейді. ...Не үшін тіркесіндегі бірінші сөз не бары екі дыбыстан тұратын бір буынды сөз. Оның соңғы дыбысы түсірілсе, н дыбысы ғана қалар еді де,мағынадан айрылған болар еді, -дейді(4). Буын алмасу үдерісі тіркес құрамындағы сөздердің мағыналық байланысынан емес, айтылу заңдылығынан туындайтынын осы тұста тағы бір рет байқауға болады. Не істеді? /нестеді ? қала іші / қалаші, қара ішік / қарашік,тете інім / тетенім,басқа ырым / басқарым секілді тіркестердегі қатар келген дауыстылардың екіншісі айтылмайды. Егер мағыналық тұрғыдан келер болсақ, не екен? тіркесінде алдыңғы дауысты түсіріледі – некен? Өйткені қатар келген екі дауысты да - ашық. Сондықтан қатар келген дауысты дыбыстардың қайсысы түсіріліп айтылатынын дауыстылардың ашық немесе қысаңдығынан іздеген жөн. Ашық дауыстыдан кейін қысаң дауысты айтылмайды. Буын алмасу жолымен айтсақ, ашық дауыстыға біткен ашық буыннан кейін қысаң дауыстыға басталған тұйық буын келсе,екінші дауысты түсіріліп,буындардың кірігу құбылысы (буындардың ығысуы) пайда болады. Сөздердің құрамындағы буын жігін ажырата білу, буын түрлерінің ерекшеліктерін айшықтау, буын алмасу үдерісінің себептерін дұрыс түсіну қазақ тіл білімінде дәстүрге айналған кейбір қағидалардың қарадүрсіндігін сипаттай алады.Солардың бірі - тасымалға тән қағидалар: - тасымал буын арқылы жасалып, келесі жолға көшірілген буын дауыстыдан басталмайды; - дауыстының алдындағы й және у дыбыстары сол буынмен бірге келесі жолға көшіріледі.
Бұларды жеке жеке қағида қылудың қажеті шамалы. Егер сөздің ортасы мен соңында дауыстыдан басталатын буын келмесе, оның тасымалдануы туралы қағида жасағанымыз жөн емес. Дәл осы секілді , сөз ортасы мен соңында дауыстыдан басталатын буын келмесе, оның алдында тұрған дауыссыз й мен у- ды бөліп алуға болмайтыны онсыз да түсінікті ғой. Бұл айтылғандардың бәрі ғылыми негізге сүйеніп тұжырымдалғандықтан, тілдік қолданыста орфографиялық ережелері мен орфоэпиялық заңдылықтарын сақтауы тиіс. Бірақ іс жүзінде,яғни оқыту үдерісі кезінде қате түсіндіріп, қателігімізді қайталаудан жалықпай келеміз. Мектеп бітірушілерге арналған оқулық - тест оқу құралындағы тапсырмаға назар аударайық:
№ 6 нұсқа, 21- тапсырма. Қай сөздің 4-ші буыны тұйық буын?
А. Тарихи жерлерді аралау өте керемет.
В. Мен әдебиет сабағын жақсы көремін
С. Таудан төмен қарай құлдилады.
Д. Ақырын басып үйге жақындады.
Е. Оның ағасы жау тылында қаза тапты. (Шың- кітап, 2013, 2014, 2015 ж.ж.)
Дұрыс деп берген жауабының астын сызып қойдық. Жыл сайын қайталанып отырған тапсырманың кереғарлығы - сөздің басында ғана келетін тұйық буынды төртінші буынға дейін ығыстырғаны. Онымен қоймай, жыл сайын мектеп бітіретін 150-160 мың(шамамен алғанда) түлекке заңдылыққа қайшы келетін тілдік ұғым қалыптастыруы. Бұдан әрі тасымалдауға болатын сөздердің нұсқасын ұсынып(А.екі, В.бір, С.ашық,Д.буын, Е.сөз), дұрыс жауабы ретінде буын сөзін көрсетеді(Шың- кітап, 2013ж.). Бұған керісінше,тасымалдауға болмайтын сөздерді ұсынып(қиыр,суық,бейім,қия,жиһан), қия сөзін белгілейді. Сонда буын, қиыр,суық сөздерін буынға қалай бөлгендігі өзінен - өзі белгілі болып тұр. Одан әрі тасымалданбайтын буыны бар сөзге әулие сөзін белгілеп көрсетеді. Жалаң ашық буынды сөздің соңына апарып қойғандағысы - бұл. Біздің мақсатымыз- қаншама жылдар бойы қалыптасқан қазақ тілін оқыту бағдарламасын өзгерту емес, сол бағдарламадағы берілген тақырыптардың қателігін оқушыға көрсетіп, шартты түрде алынған(амалсыздан алынған десе де болады)нұсқалардың шынайы тұстарын ашып беру. Жалаң ашық буын мен тұйық буынды меңгерту жолын сол буындардың ерекшеліктеріне қайшы мысалдармен емес, басқаша әдіспен ұсынуға болатынын жеткізу. Буын алмасу үдерісі арқылы қайшы мысалдардың түп негізін анықтап, буынға дұрыс бөліну үлгісін қосымша көрсетіп жатсақ, құба- құп. Оқулықта берілу бар да, оны ары қарай оқыту,жай ғана оқыту емес, дұрыс оқыту үдерісі бар.Оқыту бар да, оны тілімізде қолдану үдерісі бар. Буын алмасу құбылысы, буын және оның түрлері де осы дұрыс оқытуды қажет ететін көкейкестілік сипатынан әлі арыла қойған жоқ. Біздің міндетіміз де - сол мәселенің бір қырын ғана ашып көрсету.
Әдебиеттер:
1.Қ.Жұбанов, Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер, Алматы : 2010
2.І.Кеңесбаев,Ғ.Мұсабаев, Қазіргі қазақ тілі (лексика,фонетика),Алматы:1975
3.Ғ.Әбуханов, Қазақ тілі, Алматы : 1982
4.А.Айғабылов, Қазақ тілі морфонологиясы мен лексикологиясы, Алматы 2006