Сөздің “киелі” күші поэзияда көбірек кездеседі. Оның сөзі салмақты, әрі әсерлі болмаса, поэзия бола ма? Фариза Оңғарсынова “Торғайдың торғын түндері” деген өлеңінде дарқан даланың құшағында жыр мен әнді ерлік еңбектің үні сияқты етіп суреттейді. Онда “жалын жыр”, “нөсерлі жыр”, “жыр нөсері” деген тіркестер соның іргетасы сияқты:
Күндер аулап дүниеден жыл көшеді,
Жыл көшеді – сәбиден тұлға өседі.
Бір ақиқат – сен барда, дарқан дала,
Жоғалмайды қазақтың жыр нөсері!..
Ән қандай, ән болмысты қыздар қандай!
Тоң жібігі, әуенінен мұз жанғандай!
Сырлы сөз Сарыарқадан ескен сайын,
Барады көңілдерде ызғар қалмай.
Сыры бар бұл әуенде жүректердің,
Мұңы бар шынжыр заман – түнектердің,
Емдей түс жүрегімді ән нәрімен
Ой қазып ортаңа мен жүдеп келдім.
О бастан ән өрбіткен нұр босаға
Әлі де өнерлімен сырласа ма?
Бас иер ұрпағына ән тәңірі
Ақынның өзі келіп тыңдаса да!
Бұл жолдарды оқығанда, жыр, ән-күй қазақтың қуанышын да, бұрынғы-соңғы мұң-зарын да, қайғы-қасіретін де сездірткендей, құндақтап әлдилейтін бесігін елестеткендей әсер аласың.
Ақын – сезімтал, көреген сөз зергері. “Талапты ерге нұр жауар” деп қолына ақын қаламын алған адамның ақыл-ойын билейтін “Талант” деген құдіретті күші болуға тиіс. Ондай ақынның “қиыннан қиыстырған” өлең жолдарында сол зергерлік өнері, құдіретті күші анық байқалып тұрады. Жазғандарында олар байқалмайтын ақын – ақын емес.
Көркем әдебиет стиліне тән сөз қоры (ресурстары) поэзияға да ортақ. Солай бола тұра, поэзия тілінде жиі қолданылатын сырты сұлу, іші алтын сөздер болады. Оларды поэтикалық сөздер деп танимыз. Олар әдеби тілдің сөздік қорынан оқшау тұрған “сиқырлы” сөздер емес, – кісінің көңіл- күйін, сана-сезімін білдіретін, эмоциялық -экспрессивті күші бар, көріктеу, көркемдеуге негізгі арқау болатың сөздер. Мысалы: жан, жүрек, отан, жалын, толқын, күш, қайрат, білек, наз, қылық, көрік, көркем, әсем, сұлу, нөсер, тасқын, күн, ай, жұлдыз, дарқан, маржан, алтын. Осындай сөздерден жанымның жарық жұлдызы, жүрек оты, Отанымның жүрегі, жалынды жыр, жыр нөсері, нөсерлі жыр, толқында туғандар, дарқан дала, қуаныш құсы, ақ маржан, ақ алтын сияқты кестелі тіркестер жасалады, осы айшықты сөздер жансызға жан бітіреді, еңбек ерін, отан ардагерлерін, еліміздің табысын, социалистік құрылыстың даңқты өндіріс орындарын қолпаштайды.
Солардың бәрінде жоғарыдағыдай поэтикалық тіркестер, теңеу, әсірелеу, метафора, синекдоха сияқты көріктеу тәсілдерін, мақал-мәтелді, фразалық тұрақты тіркестерді орынды қолдана білгеннен ақын-жазушының туындылары жанға қуат, өмірге азық бола алады. Кейде солардың бірі жоқ жайдақ ұйқастардан құралған өлеңдер де кездеседі.
Абайдың, оның ізімен әдебиетші-сыншылардың айтуына қарағанда, өлеңді ақын оймен ғана емес, “жүрекпен ойлап” ұғыну керек. Өйткені, “ақын эмоциясы сөздің бетінде емес, ішкі астарында, тереңде жатады” [7]. Темірхан Медетбековтің бұл ойы Абайдың:
Ақылмен ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар, –
деген тұжырымына негізделген сияқты.
Т. Медетбеков жоғарыда аталған мақаласында Ш. Сариевтің “Мұз айдыны” деген өлеңін дұрыс сынаған. Өлеңнің мына жолдарын оқып қарайық:
Аяғыма – бойдақтық
Байлап алып конькимен.
Қуып едім бес қызды,
Басып озып тоқтамай,
Тепкесін бе кеш мұзды
Жеткізер қыз жоқ қалай?
Осында мағыналық, грамматикалық үйлесімі бар сөздер бар ма? Аяғыма бойдақтык, байлап алып... Мұны қалай түсінеміз? Бойдақтықты аяғына байлап алған ба ? Әлде бойдақтық конъкиді аяғына байлап берген бе?“Байлап алып конькимен” емес, “байлап алып конькиді” болу керек емес пе? “Басып озғаннан” кейін “тоқтамай” деген сөз артық емес пе? “Тепкесін бе кеш мұздының” дұрысы – “тепкесін кеш конькиді”. Мұзды теппейді, конькиді тебеді, конькимен сырғанайды емес пе ?
Әдеби тілдің мәдениеті тұрғысынан қарағанда, поэзия тіліне кейбір еркіндік беріледі. Өлең жолдарында сөздердің орналасу тәртібі, сөздердің поэтикалық үйлесімі, өлең жолдарының буын саны, ұйқасы тағы басқа ерекшеліктері жалпыға ортақ тілдік нормаларды сақтамауға мәжбүр етеді. Мысалы, буын санының ыңғайына қарап, едімді – ем, келемінді – келем, болып–боп, жеткеннен соң – жеткесін, алады – алад қалпында қысқартып жұмсау ауызекі тілде бар құбылыс болғандықтан, поэзияда олар ақынның керегіне жұмсалса, пәлендей оғаштығы жоқ, оны кешірімді ауытқу деп қараймыз. Мұны Сәкеннің мына өлең жолдарындағы қысқартып алынған сөздерден байқауға болады:
Өткеміз Октябрьдің қиын жолын,
Сол жолдан қазақ болып еңді тайма!
Сиыр бопты Сатайдың
Шұбар ала тайшасы.
Мен, сірә, жанға жалған айтушы ма ем?.
Мойныма ондай кірді артушы ма ем?
Мен, сірә, итше-зорға жағынғам ба?
Бағынсам, құлша жымып бағынғам ба?
(Қызыл am)
Осы жолдардағы өткеміздің толық түрі – өткенбіз, боп – болып, айтушы ма ем, артушы ма ем ?дегендердің толық түрі – айтушы ма едім, артушы ма едім ?
Осылар әдеби нормадан жөнімен ауытқу дегенге жатады.
Ал ақын сөздерін өз орнында қолданбаса, оларды дұрыс тіркестірмесе, лексика-грамматика заңдылықтарын сақтамаса, әрине, ондайға немқұрайды қарауға болмайды. Кейде ақын-жазушы қарапайым персонаждың аузына қарапайым, кейде “мүжілген” сөз салады. Сол тұрғыдан Бейімбет Майлиннің “Шал мен қыз” деген өлеңінің мына жолдарына көз жіберейік:
Сықақ қып мені ешкім көрген жоқ,
Намысты қолымнан бергем жоқ.
Мал бергем, құшақтап жатамын,
Ұрысып кетуге келгем жоқ.
(Толық жинағы, 58-б.)
Осындағы “сықақ қып” (сықақ қылып), “бергем жоқ” (берген жоқпын), “мал бергем” (мал бергенмін), “келгем жоқ” (келген жоқпын) дегендер қарапайым шалдың сөзі болғандықтан, әдеби тіл үлгісінен сәл өзгешелеу айтылуы автор үшін – тілдік образ. Бірақ соны Бейімбет жазды екен деп, әдеби тілдің үлгісі дей алмаймыз.
Көркем әдебиет шығармаларында “мен мұндалап” тұрған алуан түрлі сөздерді, тіркестерді кездестіруге болады. Жазушы соларды керегіне жарату үшін айтылатын ойдың құр сүлдесін ғана емес, ой тереңдігін, сурет нақыштарын дұрыс, дәл бере алатындарын таңдайды. Көп сөздердің тура мағыналарынан басқа біреу біліп, біреу біле бермейтін келтірме, астарлы, ауыспалы, жанама, жасанды мағыналары болады, кейде оларды жазушының өзі сомдайды. Егер солардың тілдегі бар заңдылықтарына сәйкес сомдаса, оның жасандылығы білінбей тұрады.
Осылардай ауыспалы сөздердің жағымды, жағымсыз мәнді болуына қарай, тілде олар өмірде барды эмоциялық-экспрессивті орайда, эстетикалық талғам тұрғысынан жұмсайды. Мысалы: “мақтаны” – ақ алтын,“мұнайды” – қара алтын, “түйені” – дала кемесі, “бай-манаптарды” – жуан жұдырықтар деп атау әдеби тілде де жиі қолданылады.
Әсіресе көркем әдебиетте кісінің атын атаудың орнына оның мінез-құлқын, жексұрындығын білдіру үшін кебіс ауыз, мысық мұрт сияқты сөздерді қолданса, ұнамды персонаждарды кейде ит, қасқыр, бура, арғымақ деген сияқты сөздермен атайды. Әдебиеттен бірер мысалдар келтірейік. М. Әуезов “Қорғансыздар күнінде” тағдыр дауылы сөз тіркесін бақытсыздық сөзінің орнына қолданған: Бұлардың басынан тағдыр дауылы жаңа ғана соғып өткен. Қораның алдындағы жас бейіттер сол дауылдың салдарынан туған (Қараш-Қараш, 127-б.).
Мына бір мысалда “ақ жаулық” әйел деген мағынада жұмсалады:
Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық.
Әбден айтыла-айтыла үйреншікті болған сөздер қауызынан ажыратылмаған тарыдай, табиғи қалпында өздеріне тән жылтырымен тілдің кең байлығы есебінде ауызекі тілде жұмсала береді. Ал олар көркем әдебиетте, әсіресе поэзияда, жарқылдап, сана-сезімге жарығын шашып, өзара сыбдыр қағып сыбырласа жөнеледі, “жұпар исі” аңқып гүл-гүл жайнайды. Оны көркем сөз шеберлерінің жазғандарынан байқаймыз. Соларға қарап, сөздің бүкпелі, жасырын сыры әр уақытта солай ашылып жатса екен деп үміттенеміз.
Қаламының ебі бар, ысылған жазушылардың тәжірибесіне қарағанда, олар ауызекі тіл мен әдеби тілдің бірлік-тұтастығын сақтап, жатық тілмен жазады. Жібектей ескен ондай жазуды оқушы сыдыртып оқып келе жатқанда, жайшылықта айтыла бермейтін көріктеу тәсілдеріне кездеседі. Егер олар “жүні жатық” сөздер жаннаты болса, құба-құп. Ондайлар шығарманың көркемдік нәрі болып есептелетіндіктен, оқушыға әсері де күшті болмақ.
Б. Майлиннің жазғандарын оқығанда, біріне-бірі кептелген сөздер емес, ұласа ұштасқан жайсаң қарапайым тіркестер мен сөйлемдердің ара-арасында мақал-мәтелдер, идиома, фраза, теңеу, әсірелеулермен қатар, мынандай метафоралық тіркестер және сөз шумақтары кездеседі:
Қара дауыл, бақытсыз қол, тәтті үміт, ызғарлы ашу, уытты кек, өлім тырнағында (260, 335, 351, 474-б.).
Дөңес жерлер қарауытып, қабағын жауып түнеріп тұр (346-6.). Бақыт жұлдызым күле қарады (364-6.). Жүрегінің әлдеқайдағы түкпірінде жасырынып жатқан ескі сырлар біртіндеп бас көтеріп “мен ше, мен ше” деп көз алдында елестеп келген секілді болды (347-6.).
Ешбір жазушы барлық шығарма тілін осындай тіркес, осындай сөйлемдерден құрастырмайды. Егер ол ойын тек солай құрастырған болса, бояуы баттиған дөрекі тілді шығарма жазған болар еді.
Көркем суреттің бояуын түрлендіріп тұратын әдістің бірі – эпитет. Ақын-жазушының бәрі оны пайдаланады. Кейбірі оны құрастыруға олақ, шорқақ. Енді біреулер эпитетті қолдануда үлкен шеберлік танытады. Бұған Б. Майлиннен бірнеше мысал келтірейік: Тап осы сөз өткен өмірдің бүркеулі шымылдығын серпіп ашқандай болды (683-6.). Әлдеқайдан әйелдердің қосылып салған сүйкімді әні естіледі (682-6.). Үкібас шөптер теңселіп, тәжім қылғандай болды (683-6.). Бір кезде қанталаған көзін Жәукеге қадады (688-6.). Бұл сөйлемдердің шебер құрастырылғандығы, тартымдылығы тек эпитеттердің ғана дұрыс құрастырылуында емес, сонымен қатар, басқа тіркестердің де (шымылдығын серпіп тастағандай, шөптер теңселіп, тәжім қылғандай, көзін Жәукеге қадады) шеберлікпен қолданылуында.
Жансызға жан бітіріп, поэтикалық тіркес құрап жаза білу – ақын-жазушының эстетикалық талғамдылығын, көркем сөз шеберлігін аңғартады.
Көркем сөз, бір есептен, “сиқырлы” сөз. Ол керегінде жоқты бар, барды қолақпандай етіп те көрсете алады. Бір затқа тән қасиетті, болмысты басқа затқа тән етіп, жансызды жандандырады, жандыны биік шыңға көтереді. Мысалы:
Асау Терек долданып, буырқанып,
Тауды бұзып, жол салған тасты жарып.
(Абай)
Жүрегінің әлдеқайдағы түкпірінде жасырынып жатқан ескі сырлар біртіндеп бас көтерді... (Б. Майлин, 347-6.).
Әдетте асау біте қайнасқан үйреншікті сөздер тіркесі болса, жоғары мысалдағы асау сөзін Терекөзенінің сапасы етіп айту арқылы ақын долданып, ышқынып, тулап аққан өзенге жан бітіргендей көз алдына елестеді. Екінші мысалда жазушы ескі сырды жүректің түкпірінде жасырынып жатқан сыр деп, ол біртіндеп бас көтерді деп, көркем де, әсерлі етіп суреттейді. Егер оны қарапайым тілмен “Ешкімге айтылмаған сырлар айтылды” деп жазса, ол әсерлі болмай, жай хабар болып шығар еді.
Әлгіндей, дарынды ақын– жазушылардың шеберханасында сомдалатын тіл материалдары кез келген жазушының қаламына іліне бермейді. Бірақ өзін ақынмын, жазушымын деп есептейтін адам көркем сурет нақыштарын қалай құрастыру керек екенін білу керек. Оған қоса дарынды суретші болу керек. Әңгіме “жаралы жүрек”, “жүрек оты”, “жүректің түкпірі”, “бақыт жұлдызы” сияқтыларды орынды-орынсыз қайталай беруде емес, ондай үлгілермен пішілген жаңа тіркес, жаңа сөз бояуларын әрбір жаңа туындылар желісіне арқау ете білуде.
Әдебиет сыншылары шығарманың көркемдік сапасын оның тек тіл байлығы деңгейінде таниды, “автор тілге бай, тілі жатық, түсінікті, тартымды” дегендей баға береді де, несімен тартымды екенін, сөз жұмсау жаңалықтары жөнінде еш нәрсе айтпайды. Соңғы кезде жас жазушылардың шығармаларына сын, рецензия жиі жазылып жүр. Көптеген жақсы пікірлердің тілге қатыстысы сөз болса, әңгіме жеке сөздер маңында болады. С. Қирабаев жазушы М. Ы. Ысқақбаевтың кітабының тілі туралы мынандай пікірін айтады: “Марал шығармаларының тілі жатық, бейнелі. Жазушы тіл образдарын не жайдақтамай, не үсті-үстіне үстемелемей, жинақы пайдаланады. Оның суреттері де, баяндау мәнері де көңілге қонымды. Өзіндік үні бар. Кейіпкер тілін даралау мен оны характер үйлесіміне ыңғайластыра беруде де автордың жап-жақсы ізденісі танылады” (Қазақ әдебиеті, 19/ХІІ, 1980). Осында көп нәрсе айтылған. Бірақ сол пікірлері өзгелерге үлгі, сабақ болатындай нақтылы мысалдар келтіріліп айтылса жақсы болар еді. Кейбір сыншылар көркем әдебиет тіліндегі жақсы үлгілерді жалпы атамай, мысалдармен көрсетіп отырады. Мысалы, Мәжит Күдерин К. Жүнісованың “От пен гүл” повесінің тілі туралы былай дейді: “Жазушы тілі тартымды. Мәселен, сіңлісінің қасына көшіп баруға асыққан кемпірі Қайшаға Қамза қарт: “Қутыңдауын, жабағы жүні көтеріліп...” (116-6.) дейді. Бұл – қой түлігінің көктемде көкке тойып, жабағы жүні көтеріліп, түлеуге бет алған сәтін адамның көңіл- күйімен байланыстыру, әрі кейіпкер психологиясын ишаралап, образды түрде бейнелеу. Автор енді бірде: “...жұмыр жер дөңгелей келіп, машинаның доңғалағына оралған шайы орамалай”, – деп зулап бара жатқан машина үстіндегі адамның көңіл- күйіне орайластыра суреттейді. Осындай мысалдарға құрылған, көркем әдебиеттің көріктеу тәсілдерін жан-жақты сөз қылатын еңбектерді жиі көргіміз келеді. Тіліміздегі сөздер мен сөз тізбектерін дұрыс қолданбау – көркем шығарманың тілінің сапасын төмендететіні белгілі. Мысалы, Кәрібай Ахметбеков “Аққала” шығармасында діңкесін құртты деген тұрақты тіркесті діңкесін тауысты деп жазады. Немесе, “Сәлиманың күйеуге кеткеніне бір айдың жүзі болған екен” – деп жазыпты. Сәлима күйеуге кеткен демей, күйеуге тиді, тұрмысқа шықты сияқтылардың бірі жазушының қаламына ілінбеген бе?
Кейбір тіл біледі деген жазушының шығармаларынан жаңылыс қолданған, бұзылып айтылған сөздер көп кездеседі. Мысалы: “Жүзікті шынтағына тақты” (“шынашағына” болу керек қой), күйеуінің... мінезіне сүйінеді (сүйсінеді емес пе?), айқарып ұстады (айқастырып емес пе?). Ал төмпешіктер – төмпелер, кейбіреуі– кейсісі. ...Кейсісінің қолында жуан таяқ..., кейсісінің жуан мұрты салбыраған (I. Есенберлин, Көшпенділер, 319-6), тізе – дізе, киіз– кигіз (үй) деп әдеби тілге тән емес сөздерді авторлық монологта қолдану – жұртқа тіл білдіру емес, тіл білдіруге теріс әсерін тигізетін жай. Олай дейтін себебіміз, жұрт әдеби тілдің жақсы үлгілерін әдебиеттен, әсіресе көркем әдебиеттен үйренеді, екінші жағынан, олар жазушы тіліне сыншы да. Осындай да жазушының бар сенгені шығарманың тілі болатын болса, оған немқұрайды қарау – оның қаламгерлік борышын жете түсінбегені.
Бұл айтылғандарға “тырнақ астынан кір іздеу” деп қарамау керек. Әңгіме әдеби тілде, халық тіліндегі барды таңдап, талғап қолдана отырып, әр жазушы өзінің мақсатты ойына, көркемдік талантына сәйкес сөз бояуын, көркемдеу, көріктеу тәсілдерін шеберлерше пайдалану керектігі жайында болып отыр.
Кейбір жазушылар демократ болудың жөні осы деп тек халықтың сөйлеу тілінде жазуға тырысады. Әдеби тілде емес, тек сөйлеу тілінде жазу, А. С. Пушкин айтқандай, тіл білмегендік. Қаламының ебі бар әрбір жазушы ана тілінің байлығын күректеп пайдалануға ерікті. Бірақ олар “Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса” дегенді басшылыққа алмай, ана тілінің байлығын қызғыштай қорғап, ішкі заңдылықтарын сақтай білу керек. Ғасырлар бойы жасалып қалыптасқан ана тілдің ешкім сағын сындырып, құрылысын өзгерте алмайды. Олай болса, баспасөзде “амалы таусылған”, “оқ жыландай оратылды” (оралды емес пе?), “қанға малшынды” (малынды емес пе?) сияқты жөнсіз ауытқуларға жол бермеуіміз керек. Рас, әрекетті – қарекет, дұшпанды – дұспан, оқта-тектені – әредік деп айту ел аузында кездеседі. Әбіш Кекілбаевтың шығармаларындағы сүрініп-қабынып, жымсиып, күңірсітіп, қурағыта дегендер бір аймақта айтылатын болар, немесе Тәкен Әлімқұлов қолданған кіді, сырқынды, түрпеті, ығыты, місетінде сөздері де бір жерде болмаса, бір жерде айтылуы мүмкін. Өткізсе дегенді өткерсе, баратын, түсетін, білетін дегендерді барашақ, түсешек, білешек деп, барды місе тұтпай әдеби тілде жоқ сөздерді, тұлғаларды қолданады. Егер әдеби тілге ондайларды қаптатып жіберсек, олар етек алып кетсе, онда әдеби тіл ұсқынсыз, қиыр-шиыр, соры қайнаған тіл болар еді. Мүмкін, осындай көмескі сөздерді автор – өз баяндауында қолдануы әдеби тілді байыту деп есептейтін шығар. Мұндайда жазушы әдеби тілде баламасы жоқ, көпшілікке түсініксіз болса да, әдеби тілді байыта түсетін сөздерге түсініктеме беріп отырғаны жөн болар еді.
Оқырман кітапты оқи бастағаннан оның тілінің тартымдылығына назар аударады. Егер оқушы жатық тілде жазылған шығарманы оқығанда, кедір-бұдыр сөздерге кездесе берсе, оның қабылдау қабілеті мұқалып, ақырында, маңдайы тасқа тірелген шортандай, ондай кітапты жылы жауып қоя салады. Ондай кітаптың өмірі де ұзаққа созылмайды.
Мен жазушылардың жазғандарын екі түрлі мақсатпен оқимын: біріншісі – әдебиеттен өзімнің мамандығыма сәйкес керекті материалдар жинап, оларға лингвистикалық талдау жасау да, екіншісі – білім, эстетикалық тәрбие алу. Әрине, эстетикалық ләззатты әркімнің қабылдау қабілеті әр түрлі болады. “Кейбір өлеңді, қарасөзді кім жазғанын білмей тұрып, стиліне, сөз саптауына қарап, Абайдың, Ілиястың, Тайырдың, Касымның жазғандары ғой деп жорамалдағанымыз дұрыс болып шығады. Ондай “балшы” болып, дөп басу үшін, әрине, жазушының, ақынның, өзі- не тән сөз орамдары және басқа көркемдік ерекшеліктері саған бұрыннан таныс, стиліне қанық болуға тиіссің. Бұл, әсіресе, авторы белгісіз шығармаларды болжауда көп пайда келтіреді. Қалам қайраткерлерінің өздерін өзгелерге танытудың “дұғалы” керемет жағы – осы. Кейде жазушының, ақынның қай елден, қай жақтан екенін тани кету оңай. Қолға түскен жаңа романды, поэманы оқығанда, көп автордың аты бізге таныс емес, беймәлім болып шығады. Бірақ оның қай жақтан (әсіресе, оңтүстіктен бе, шығыстан ба) екені бірден көзге түседі. Әрине, қаламгер белгілі тілдік орталықта туып-өскен соң, сол айналаның тілдік дағдысы мен ерекшеліктері шығармаларында шаң беріп қалуы түсінікті, заңды да. Бірақ оқиға желісіндегі айналаға құштарлығын тіл ерекшелігімен қоздырып, жергілікті элементтерді шамадан тыс шығармағатыққыштай беру жөн болар ма екен? Балықшының өмірінен роман жазған кісі Гурьев қазақтары үшін, бау-бақша шаруашылығы туралы поэма жазған кісі тек оңтүстік қазақтары үшін жазбайды ғой, бүкіл қазақ халқы үшін жазады. Біздің жазушылардың біразы осы бір жайтты көп ойланбайтын сияқты. Жазушы түгіл, кейбір облыстық, аудандық газеттердің тілі сол жергілікті өңірге үйлесімді болсын деп, әдеби нормалардан алшақ кетіп жатқаны да байқалады. Ол да дұрыс емес. Жазушы, ақын, журналист, жалпы халыққа ортақ әдеби тілде жазуға міндетті.
Біздің біртұтас республикамыздың біртұтас әдеби тілі бар. Ол– сымбатты, әрі бай тіл. Құлашты кең сілтейтін ақын-жазушы да, газет-журнал қызметкерлері де, оқу-ағарту, мәдениет қызметкерлері де, – барлық сауатты қазақ азаматтары сол ортақ әдеби тіл талаптарына сай жазуды азаматтық, мәдениеттілік борышым деп есептеуге тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Әуезов М. Қазақ әдебиет тілінің мәселелері. – Каз ГУ-дің ғылыми еңбектері, 13-т., 5- шығуы. Тіл және әдебиет. Алматы, 1950, 93-94 б.
2. Әуезов М. «Абай жолы» романының жиілік сөздігі. Алматы, 1979
3. Досжанов Д. Роман және оның проблемалары. – Қазақ әдебиеті, 1978, 28 апрель
4. Әлімқұлов Т. Өнер алды – қызыл тіл. – Уақыт және қаламгер. Алматы, 1975, 160- б.
5. Пушкин А.С. – критик. М.-Л., 1934. С. 17
6. Әуезов М. Шыншыл, тәкаппар ақын. – Жұлдыз, 1964. №5. 37 б.
7. Медетбеков Т. Мақсат– ой айту ма, ойландыру ма? – Қазақ әдебиеті, 1981. 4 декабрь.
Балақаев М.Б.
«Қазақ әдеби тілі»- Алматы, 2007.- 397-416 б.