Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы



Ақын-жазушылардың сөз қолдану мәдениеті

Сөз – көркем әдебиет тілінің көріктеу құралы, көркем суреттің бояуы. Сөздің ондағы нәрі, көріктеу қызметі қаламгерлердің соларды жұмсай білу шеберлігі деңгейінде танылады. Сондықтан көркем әдебиет тілінің де бас арқауы – сөз. Көркем әдебиетте сөз шеберліктің, көркем суреттің бейнелеуші материалы болатындықтан, оны ақын, жазушы ұқыптылықпен қадағалап, талғап қолданады. Сол үшін олар бір жазғандарын қайта-қайта түзеп, көшіpiп “азаптанады”. Осы жай Сырбай Мәуленовтің мына өлеңінде жақсы айтылған:

Өшіремін, көшіремін,

Қайта қарап тесілемін.

Жыртып-жыртып лақтырамын,

Көрген күнім осы менің.

Әлсіздерге қанды жинап,

Құйған қуат емшілердей,

Сөз теремін жанды қинап,

Ойды қазып кеншілердей.

Тек, осылай “жанды қинап” терген сөздерде ғана керемет күш-қуат болады. Ал жүрдім-бардым қосақтала, ұйқастыра салған сөздерде ондай береке болмаса керек. Бұл айтқандарымыз көркем сөз шеберлеріне айтылатын тілек те, талап та.

Ал әдеби тілдің дәрежесі халық тілі байлықтарын жазба әдебиетке енгізу мөлшерінің аз-көптігімен өлшенеді. Ең оңайы тілде бар байлықтарды, олардың әдеби тілге енген-енбегенін жекелеген ақын-жазушылар туындыларының сөз байлықтарынан түгел қамтып, кейбір болжам жасауға болады. М. О. Әуезов Абай шығармалары тілінің сөз байлығы туралы былай дейді: “Абай шығармаларында қазақ тілінің байлығы бар қалпында, Пушкин шығармаларына орыс тілінің байлығын кіргізгендей болған... Абай шығармаларының көлемі аз болғандықтан және әдебиет бір жанрды, көбінше поэзия түрінде ғана жазғандығынан дейміз. Бір ғана жанрда, саны осыншалық мол емес шығармалар шеңберінде Абай өзі білген қазақ тілінің де барлық қорын пайдаланып болмаған.

Рас, оның шығармаларының тілінде, халықтық қордың ең асыл, көрікті, мән-мазмұнды қасиеттері қамтылғаны анық. Егер Абай поэзиямен қоса, қалың роман тәрізді, повесть сияқты, не драматургия сияқты үлгілерде көп жазған болса, өз халқының сол замандағы салттық сөзінен, тілінен де көп сөздіктер кіргізген болар еді. Халықтың салттық сөздерін молынан пайдалануға драматургия жанрының да орны ерекше. В. Шекспир саны көп, сапасы зор неше алуан драмалық шығармаларды көп туғызғандықтан, оның сөздігі 18 мың жеке сөзден құралған [1, 93]. Мұхтар Әуезов осыны айтқан кезде (1950 ж.) Абай шығармаларының сөз саны қанша екені белгісіз болатын, ол “Абай тілі сөздігі” шыққаннан кейін анықталды. Ол сөздікке 5017 сөз енген. Осыны Д. Мамин- Сибиряктың “Приваловские миллионы” дегенімен (онда 11283 сөз бар), В. Шекспирдің шығармалары сөздерінің санымен (он­да 18000, тағы бір есеп бойынша -15.000) салыстырсақ, әрине, М. Әуезов айтқан себептер бойынша онда өте аз. Бірақ “Абай қазақтың халықтық, салттық және өзінен бұрынғы ауыз әдебиетіне көрік берген мол, шебер сөздік қорынан түгел пайдаланып, халықтың әдебиеті тілін қалай жасаудың жолын көрсетті”. Абай сол аз сөзбен қыруар көп образдар жасады, қазақ сөздерін көркем суреттің алтын қорына айналдырды.

М. Әуезовтің “Абай жолы” романының жиілік сөздігін құрастырушылар онда 16 мың сөз бар екенін анықтаған [2]. Бір романда соншалықты көп сөздің жұмсалуы автордың тіл байлығының молдығын аңғартса керек. Сондықтан болар, қазақ жазушылары роман тілінің байлығын мақтан етеді: “Бүгінгі роман тілі де күн өткен сайын толығып, байып келеді” [3], – дейді Д. Досжанов.

Көркем әдебиет тілін байыту – айналып келгенде, әдеби тілді жетілдіре түсудің қамы болмақ.

Сөзді көркем әдебиетте бейнелеудің, образды ойды жеткізудің бояуы ету үшін сөзбен салған суреттің тігісі жатық болуы – ақын- жазушының сөз қолданыс шеберлігі. “Бітпейді іштегі ғашықтық жарасы”, “Қараңғы түнде тау қалғып, ұйқыға кетер балбырап” (Абай), “Жанымның жарық жұлдызы” (Қ. Аманжолов) сияқты көркем үлгілер, - ерекше сөз қолданыстар.

Ауылдың жаны терең сай,

Тасыған өзен гүрілдеп...

Жазға жақсы киінер қыз-келіншек,

Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек...

(Абай)

сияқтыларды жазба әдебиеттің жаңа көркем сөз үлгілері дейміз. Жазба әдебиетке дейін дәл осылардай болмағанмен, соларға жақын метафоралық сөз тіркестері болуы мүмкін, бірақ олар ол кезде халық әдебиеті үлгілерінің аясында жұмсалатын. Бұлар қазір де ақын-жазушылар тілінің нәрлілігін көрсетеді. Ол тек дарынды, сезімтал суреткер тіліне тән. Ақын-жазушының басқа да сөз жұмсау даралықтары тіл шеберлігімен үйлесіп жатса, әдеби тілге, ауызекі сөйлеу тіліне тән сөз байлықтарын орынды қолданса, солардың нәтижесінде, қаламгердің тіл жұмсауда өзіндік шеберліктері байқалып жатса, әрине, олардың сөз зергері болғандағысы. Ақын-жыраулардың сөз қолданыс ерекшеліктері тілдің әдебилігінің бірден-бір белгісі болуы екіталай. Себебі “әдеби тіл” деген ұғым тек өлең, жыр материалдарын ғана қамтымайды. Әдеби тілдің “басты белгілері” дегенге тек өлеңнің, не проза, не пуб­лицистика, не ғылыми әдебиет тілін ғана жатқызбау керек. Оған басқа да компоненттер енетінін жоғарыда айттық. Бірақ көркем әдебиет тілі әдеби тілдің бір белгісі болғандықтан, оған жазушылар барынша мұқият болғаны қажет-ақ.

Жазушы, ақынның сөз қолданыс ерекшеліктері олардың өзіндік стильдерін қалыптастырады. Мысалы, Б. Майлиннің синтаксисінде тұжырымдап, дәлме-дәл құрастырған сөйлемдер арасында көріктеу, көркемдеу тәсілдері, әсіресе метафоралық тіркестер көп қолданылады. М. Әуезовтің синтаксисінде ой қазбаланып, жан-жақты қамтылу көзделетіндіктен, сөйлемдері күрделенген, зілді келеді, мақал, мәтел, теңеу, метафора сияқты көріктеу амалдарының қатарында бірынғай мәндес сөздерді ұластырып жұмсау жиі кездеседі. Мысалы: “Қораның ішінде Құнанбайды қоршаған кәрі-жас Ырғызбайлардың киім сәні бөлекті және қаладағы саудагер, имам, қалпелердің сәлделі, шапанды, құндыз бөрікті, байлық, барлық көріністері де басқа... Ол екеуі қажыпталған түрлерімен, ашаң, жүдеу жүздерімен өзгеше сұп-сұр, көнетоз, жыртық киімдерімен, ерекше бір азап дүниесінен келгендей” (Абай, 2-т., 11-6.). Сөз өнеріне ұқыпты қарайтын F. Мүсіреповтің синтаксисінде шашау шыққан сөздер болмайды, бәрі логикалық байланыста, әрқайсысы өз орнында тұрады. Сөйте тұрып ол өзіне тән езу тарттырғандай “жеңіл” әзіл-оспақтарды жиі қолданады. Мысалы: “Бір топ саудагерім бар” деудің орнында “бір үйір саудагерім бар” дейді (Ұлпан). Сол кітаптың 38, 39-беттерінде автор самаурынды “пысылдақ сары”, “сары бие” деп атайды.

Жазушы осылай, оғаштау айтылған сөздерге белгілі мән береді. Қазақ сүйгенін шұнағым дейді ғой, сол әдетке лайық Артықбай Сәдір батырды бар пейіл-ықыласымен қуана қарсы алып отырып:

Батырым-ай, оқ өтпесім-ай, найзагерім-ай, сені де көретін күн бар екен-ау! Сен ит он бес жыл бойы ат ізін бір салмай кеттің! - дейді. Тағы бірде:

– “Ит-ау, қайда жүрдің, қайда жоғалып кеттің?” - дейді.

– “Қылышынан қан тамған кезі” дейтінді Ғабит “қамшысынан қан сорғалаған кез” деп күшейтеді, Тұрлыбекті “Есенейдей ұрт мінез, өр көкірек емес, заң шеңберінен шықпайтын, жегін аттай жортақы адам еді” (29-бет), - дейді. Осындайлар да жазушының өзіндік сөз қолданысы болып көрінеді.

Тілді жақсы біліп, көп жазатын кейбір жазушыларымыз қазақша жатық, көркем тілде жазу үстінде қазақ тілін байытамыз деп, көпшілікке түсініксіз жергілікті диалектизм, жасанды сөздерді қолдануға әуес, бұл да жазушының өзіндік ерекшеліктерінің бірі болса керек. Олар мақсатқа қаншалықты лайық, орынды- орынсыз екені – өз алдына мәселе. Қалай да солар жазушының сөз қолдану ерекшелігіне жатады.

Сөз – ой өрнегінің мағыналы бөлшектері. Сондықтан қарапайым ой қаңқасы да, айқын ойдың көріктеу бояуы да сөз дәлдігімен өлшенеді. Бұлдыр ойдың сөзі күңгірт, алыстағы сағым сияқты бұлыңғыр болады. Сөз дәлдігі – ой дәлдігі.

Т. Әлімқұлов “Өзім орыс әдебиетінің дәстүрінде баулынған жазушымын”, – деп жазады [4,160]. Оған сенеміз” сонда да А. С. Пушкиннің мына сөзін есіне сала кеткім келеді: “Дәлдік пен ықшамдылық – прозаның артықшылығы осында. Ол терең ойды, пайымдауды керек етеді. Олар болмаса, әдемі сөздер мен сөйлемшелер өз мақсатына жете алмайды [5, 17].

Т. Әлімқұлов та, Д. Досжанов та негізінде түсінікті, жатық тілде жазады, бірақ олардың шығармаларында жиі кездесетін көпшілікке түсініксіз сөздер аяққа оралған шырмауықтай еркін, ілгері оқып кете беруге кесірін тигізіп жүр.

Көркем әдебиет стилінің тармақтылығы (многоплановость) тек сөз мағыналарының құбылмалылығын көрсетпейді, сонымен қатар көріктеу амалдары мен арнаулы стильдік қорының өр алуан болуын да көрсетеді. Соның өзінде оның әрбір сөйлемі, сөз тіркестері, сөздері бүтіннің бөлшегі ретінде, ұзыннан-ұзақ тартылған желінің бір арқауы сияқты танылса керек. Сондай қоршауда кейбір тіл жасандылығы жарасымды болып та шығады. Мысалы, “белбеулеу” деп айта бермейміз. Ал F. Мүсіреповтің мына сөйлемінде бұл үйреншікті сөз сияқты “Батыс жақта жанған соғыс өрті тұтасып, қып-қызыл күреңденіп, түнгі аспанды едәуір белбеулеп кетіпті”.

Т. Әлімқұловтың орыс тілі - қарындасшыл, қабылдампаз тіл деген курсивпен берілген сөздердің екеуі де жасанды, бірақ орынды. Кейбір жазушылар шығармаларында кездесетін диқан сөзінен диқаншы, ұры дегеннен ұрлықшы, екі қабат дегеннен екі қабатты (ақ үй), ұғымдыдан ұғыныңқы, білгені дегеннен білдігі деп өзгеше жұмсауда ешқандай мән жоқ.

Тіл мәдениетінің берекесін қаштыратын жаман әдет – сөздің табиғи, жалпы халықтық тұрқын бұзып, “басын жарып, көзін шығарып” жұмсау деп білеміз. Мысалы, Есқара Тоқтасыновтың жазуында аяулы, қасіретті, қарбыздай, сақаба, дүңкіл, шартта- шұрт сөздері аяғы, әсірет, дарбыздай, сыхаба, түңкіл, шарта-шұрт тұлғасында қолданылған. (Бұлар туралы “Қазақ әдебиеті” газетінің 1981 жылғы 4 декабрьдегі санында басылған Ә. Нұрмағанбетовтың мақаласын қараңыз). Мүмкін, мұндағы кейбір сөздердің жазылуындағы әріп қателеріне автор ғана емес, баспа орны да кінәлі болар.

Жазушы халық тілі қазынасындағы тілдік қордан керегін таңдап алып пайдалана білмесе, оның үстіне тілде бар байлықтарға шеберлік деңгейінен қарап, оны көріктендіру тәсілдерімен байыта түспесе, ол сөз шебері бола алмайды.

Әрбір жазушының тіл жұмсау дағдысы, бұрыннан бар тілдік, стильдік өнегелі үлгілерге сәйкес болумен қатар, өзіндік, өзіне ғана тән шеберлігі болуға тиіс. Оның өзіндік өзгеше жаңалықтары көркем әдебиеттің мәдениетін дамытуға қосқан үлесі болады. Кейбір жазушы әдеби тілде жоқ сөздерді молынан енгізуді елеулі үлесім деп ойлайды да, түсініксіз сөздерді көп қолданады. Егер көркем әдебиет тілін байытатын сөздер арасында көпшілікке түсініксіз сөздер болатын болса, оны жазушы сілтемеде түсіндіріп отырса теріс болмас еді.

Тілдегі айқындылық шындыққа, “сезімталдыққа” негізделеді. Біздің дарынды жазушыларымыз сондай қасиеттерімен көзге түседі, олардың шығармаларын жұрт сүйіп, сүйсініп оқиды. Сондай ақын-жазушының бірі Сәкен Сейфуллин туралы М. О. Әуезов былай дейді: “Сәкен ақындығының екінші зор қасиеті – шыншылдығы. Оның шығармаларына біткен сезімнің барлығы да айқын, ашық. Тұтас бітімді, жоталы тұлғадан туатын көрнекті бүтіндігі бар сезімдер. Белгілі шығармаларынан өлеңін, әңгімесін, поэмасын алсақ, барлығында да сүюі мен ашуы, ырзалығы мен наразылығы, үміті мен күдігі әрқашан барынша шын сезімнің толқыны боп білінеді. Сонысымен әсерлі де, күшті боп шыға алады. Өз ішіңде тұрған көңіл- күйін оқушыға жеткізіп, қоңдырып, ұқтыра алады” [6, 37].

Сәкен түрмеден қашып шығып нағашысы Ілиястың үйіне келеді. Оның кедей шаруа екендігін бірден айта салмай, үй ішінің көріністері мен жиһаздарының қандай қалыпта екендігін суреттейді: “... үй ішінің жабдығы да нашар” деп алады да, ол заттардың ұсқынсыз кескінін әр алуан эпитеттермен айқындайды: “Қазан жанында пұшық құман, ескі шоқпыт, текемет, бұрынғы заманда болған бір көрпенің сілемі, ырбиған ағаш есік, бір-ақ көзі бүтін, шоқпыт жамаулы, сығырайған кішкене терезе, ырсиған әбдіре нұсқасы, темірмен жамаған шынаяқ, сынық диірмен, жамаулы, ағаш сары табақ” (“Тар жол, тайғақ кешу”, 389-б.). Әрі қарапайым, әрі әсерлі, көркем суретті шындық.

Әдеби тілде бар стильдік тәсілдердің көбі ауызекі тілден алынған. Олардың иесі - халық. Бірақ халықтық мұра сол қалпында сіресіп қатып қалмайды. Олар өзгеру, даму процесінде болады. Кейінгі жылдары пайда болған жаңа ұғымдарға лайық көптеген сөз, сөз тіркестері, фразалық түйдектер, стильдік тәсілдер әдеби тілге молынан енді.

Кейде әбден қалыптасқан тұрақты тіркестерді белгілі мақсатқа лайық өзгертіп те қолдануға болады. Мысалы, Сәбит Мұқанов “Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас” деген кертартпа мақалды өзінше өзгертіп:

“Құм жиылып тас болды,

Құл жиылып бас болды”, –

деп жазды. Саналы түрде, осылайша, өзгеріс енгізу болмаса, олар көрінгеннің ермегі бола алмайды. “Ай десе – аузы жоқ, күн десе – көзі жоқ” деген теңеу әйелдің сұлулығын дәріптегенде айтылатын. Соны кейбіреулер, “аузы жоқ, көзі жоқ әйел сұлу болушы ма еді?” деп әлгі тұрақты тіркесті “Ай десе, аузы бар, күн десе, көзі бар” деп жазатын болды. Соны жазған кісі мынаны түсінбейді: бір сұлуды айға, күнге теңеп айтқанда, айдың аузы жоқ, күннің көзі жоқ, ал сұлуда бар деп ұғынуға тиіспіз. Осындайды сезбейтін кейбір жолдастар “қандай да болмасын” деген тіркесті “қандай да болсын” деп жазып жүр. Сондағы ойы тілдегі қалыптасқан тіркесті жөнге салу болса керек. Дұрысында ондай “операция” тілге қиянат жасаумен бірдей. “Қандай да болмасын” дегенде, барлығы, бәрі деген мағынамен қатар, онда экспрессивтік, күшейту ұғымы бар ғой. “Қандай да болсын” дегенде, сол ұғымынан айрылады. Орыс тіліндегі “какой бы-то не был” – қалай болса да, “не могу не говорить” – айтпай тұра алмаймын сияқты “болымсыздық” құрылыстар сондайлар үшін жаратылған болар.

Әдебиетте әрбір орынсыз қолданған сөз, дұрыс құралмаған сөз тіркестері мен сөйлемдер көзге шыққан сүйелдей оғаш көрініп тұрады. Мысалы “Лениншіл жас” газетінде (8. V. 82) жарияланған әңгімесінде Мұқан Наушабаев былай дейді: “Кейбірі мұнысына сұраулы көзбен қарады”, “О баста үлкендердің айтуымен сатушылықты қалағанмен, шынын айту керек, онша құлқы болмады”, “...алюми­ний заводына келгенде бұдан кейінгі тағдырын айқындайтын мақсатына жолыққанын ұқты”, “Қатаң жазалаудың зиянды болмауын да ойластырған жөн”, “Өзгелерді де осы пікірге көндірді”.

Осы мысалдардағы “сұраулы көзбен қарады” дегеннің қазақшасы “таңдана қарады”, “күдіктене қарады” емес пе? “Құлқы болма­ды” – “ықыласы болмады” емес пе? Ал “тағдырын айқындайтын мақсатына жолыққанын ұқты” – бұлдыр сағым сияқты бірдеңе, “пікірге көнді” дегеннің дұрысы – пікірге қосылды емес пе?

Осылардай жүрдім-бардым айтыла салған орашолақ сөйлемдер мен сөз тізбектері жазушыны шеберлікке баулымайды, қайта жауапсыздыққа итермелейді. Көркем сөз сұлулығының белгісі тілдің табиғатына енбейтін жасандылық емес, – халықтық даналыкқа негізделген түсініктілігінде, оның басқаға етер әсерінде.

Жалпыға бірдей түсінікті болатын жайдары сөздер жазушы туындыларында неше алуан стильдік бедерлерімен әсем болып көрінеді. Мысалы, оянған, тулаған, дауыл, кезу сөздері оянған бала, тулаған тай, дауыл болды, ел кезесің десек, сөздер тура өз мағынасында айтылған болар еді де, оларда пәлендей көркемдік сезілмес еді. Соңғылардың орнына – “Оянған өлке” (Мүсірепов), “Тулаған толқында” (Сәрсенбаев), “дауыл өкіріп”, “дүниені, көңілім, кезесің” (Абай) дегенде, әлгі сөздер жаңа мағынада жұмсалып, бейнелі өрнектің әдемі көрінісі болып тұр. Әшейінде бұлай сөйлемейміз. Себебі ол сөздердің үйреншікті мағыналары тек синтаксистік еркін тіркесті керек етеді. Сол тұрғыдан өлке ояна ма, толқын тулай ма, дауыл өкіретін өгіз бе, дүниені кезетін көңілдің аяғы бар ма? – деген сұрақтар тууы әбден заңды. Бірақ эстетикалық түсінік тұрғысынан ондай сұрақтар қоюдың қажеті жоқ. Сөздерді осындай көркемдік қызметте жұмсау – көркем әдебиеттің ісі.

“Қалауын тапса, қар жанар” дегендей, қыбын тапса, өмірлік, кім болса сол айта беретін сөздерден де әсерлі сөз нақыштарын жасауға болады, жай сөзден көрікті көркем сурет салуға болады: Оған бір мысал:

Сыр сандықты ашып қара,

Ашып қара, сырласым.

Сым пернені басып кара,

Басып қара, жырласын!

Сұлу сымда перне әуені,

Перне әуені жыр айтар

Көңіл ашар тербеу әні,

Тербеу әні сыр айтар.

Шыққанбыз, дос, шыңға талай,

Талай сырды ойланып,

Ақтаралық алтын сарай,

Алтын сарай қойманы.

(С. Сейфуллин)

Жүректі қозғайтын осы әсем жолдарда халық тілінен ерекше жаратылған сөз жоқ, ондағы сөздің бәрі де халық тіліне тән сыр сандық, аш, қара, сым, перне, сұлу, жыр, айтар дегендей жалпы халық тіліне тән сөздер.

Көркем әдебиеттің сөздік құрамының негізі – жоғарғыдай, жалпы халық тілінің сөздік құрамы. Сөз өнерінің шеберлерінің (ақын, жазушы, драматург, очеркист, фельетонист) – бәрі де халық тілінің байлығын пайдаланады. Бірақ олардың бар сөзді білу, игеру, пайдалану дәрежесі бірдей емес. Тек ірі суреткер жазушының ғана сөз байлығы өзгеден ерекше мол болады. Олар өзіне керекті тілде бар сөзді сарқа пайдаланып қоймайды, сонымен қатар өздерінің творчестволық әрекетінде жаңа сөз жасауы да, бар сөздерге қосымша стильдік қызмет беріп, олардың икемдігін арттырып отыруы да мүмкін.

Сөз көркемдігінің бір белгісі – айқындылық.

Шеберліктің бір амалы – аз сөзбен көп мағына білдіру. Мұндағы принцип – “сөзге орын тар болсын да, ойың кең болсын”,

Осы талаптардың бәрі көркем әдебиеттің сөздік құрамынан лайықты сөз таңдай білуді керек етеді. Ол үшін көркем әдебиет стиліне тән сөздерді, шамалап болса да, білу керек. Оларды мағынасына және стильдік қызметіне қарап, негізінде төмендегіше бөлуге болады: 1, Көпшілік қолды сөздер (тау, тас, жүрек, сандық, отыр, сана, ақ, қара т. б.); 2. Поэтикалық, кестелі сөздер (өрен, ләззат, албырттық, әсем, әшекей, қасірет, т. б.); 3. Кісінің көңіл -күйін, әсерін, сезімін білдіретін сөздер: қапқам, жаным, әкетай, байғұс, кісісымақ т. б.; 4. Қарапайым сөздер мен диалектизмдер. Бұлардан басқа терминдер де, кәсіби атаулар да, жаргондар да – бәрі көркем әдебиетте қолданыла береді. Бірақ олар көркем әдебиет стиліне тән сөздер емес. Сонда да олардың кейбіреуінің көркем әдебиетте жұмсалуына тоқталып кетейік.

Термин сөздердің көркем әдебиет тіліне бұдан 30- 40 жыл бұрын да, сондай-ақ одан бергі аралықта да енгені белгілі. Бірақ солардың бәріне бір тұрғыдан қарауға болмайды. Өйткені, халқымыз социалистік құрылысқа көше бастаған сонау жиырмасыншы, не одан берідегі колхоздандыру процесі етек ала бастаған отызыншы жылдар ішінде орыс тілі арқылы енген сөздерді алатын болсақ, олар алғашқы кездегі қолданылу аясынан шығып, әдеби тілімізге кең көлемде орныға бастады. Мысалы, партия, комсомол, социализм, коммунизм, трактор, комбайнжәне т. б. Бұл сөздер сол жылдары әдеби тіліміздегі жеке бір стильде пайда болып, әдеби тіліміздің қазіргі дамуында басқа да стильдік қабаттарда кеңінен қолданып, жалпы стильге тән болып отыр. “Қалың малдағы” немесе одан берідегі жиырмасыншы жылдарда жазылған әңгімелер мен повестердегі айталық, Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол тайғақ кешуі”, Бейімбет Майлиннің “Раушан коммунисі” сияқты прозалық шығармалардағы ұшырасатын өзге тіл элементтерін, терминдік атауларды, тың сөз оралымдарын бүгінгі тақырыпқа жазылған көркем туындылардағы терминдермен қатар қойып қарауға бол­майды. Осы күнгі тақырыпқа жазылған көркем туындыларда ноль, единица сияқты орыс сөздері ұшырасатын болса, бұларды жазушының бір ерекшелігі деп атап көрсете қою қаншалықты орынды бола қояр еді. Ал осы единица, ноль, пошел тәрізді сөздердің Абай өлеңдерінен кездесетіні мәлім. Абай тілін зерттеуші бұл сөздердің қолдану ерекшелігін айтпай кете алмайды.

Кейде жұмсалу аясы тар сөздерді де әдебиетке қолдануға тура келеді. Олар, әсіресе кәсіби лексикаға жататын сөздер.

Өндіріс процесін, ол өндірісте еңбек ететін жеке кісілердің жайын бейнелейтін әдеби шығармаларда кәсіби және техникалық атаулардың, терминдердің біразы қолданылуға тиіс. Бірақ олар ав­тор сөзінде барынша аз, ал диалогтарда, персонаждардың іс-әрекетінің, сөйлеу кескінінің қалай екенін көрсету үшін, көбірек жұмсауға болады. А. И. Ефимовтың зерттеуі бойынша, мысалы, Д. Мамин-Сибиряк тау-кен жұмысшыларының өмірі туралы жазған шығармасында автор атынан арнаулы терминдерді өте аз қолданған, онда да олардың тұсына тиісті түсініктемелер беріп отырған.

“Беллетристика бірден, бір секундта миға қона қалуға тиіс” (А. П. Чехов). Осы тұрғыдан F. Мұстафиннің “Қарағандысына” көз жіберейікші. Онда көмір өндірісімен, шахтерлер өмірімен байланысты айтылатын кәсіби сөздер мен арнаулы терминдер көп. Олардың көбі автор сөзінде айтылады, бірақ автор оларға түсінік бермейді. Онда фабрика, вагон, шахта, электр, автомаши­на, сүтке сияқты әдебиетке ертеден еніп жұртқа әбден түсінікті, үйреншікті болған сөздермен қатар рештак, ташке, целик, леветке, опракит, мехцех, порожняк, вагонетка, беремсберг, ствал, корен­ной штрек, легнанка, плас, камерон, движок, врубмашина сияқты арнаулы терминдер де бар. Соңғылардың көптігі сондай, кейде оқып отырғаным көркем әдебиет емес, көпшілікке түсініксіз сөздері көп арнаулы әдебиет пе деген де ой келеді. Егер Қарағанды туралы жазылған бұл кітап тек шахтерлерге арналған болса, оның жөні бір басқа. Автор алдына ондай міндет қоймаған болар, кітапты қазақша түсінетін кісілердің бәрі оқысын деп жазған бо­лар. Орыс тілінен арнаулы терминдерді көркем әдебиетке шамадан тыс енгізуді мақтан ете алмаймыз. Көркем әдебиетте оларды барынша ықшам түрде кейде тиісті түсініктемелерді бере отырып пайдаланған мақұл.

Октябрь революциясынан бұрынғы кітаби тілге мәслихат (ақыл), бағзы біреулер (кейбіреулер), мехнат (бейнет), құбыла, намаздігер сияқты сөздер тән болатын. Онда араб-парсы сөздері қазақша айтылмай, ерекше мәнермен, молдаларша, мақамдалып айтылып, айтылғанынша жазылатын. Сол жаман әдеттен әдеби тіліміз әлі арылған жоқ. Кейбір жазушылар “мүмкін болғанынша” деудің орнына “мүмкін хадерінше” (Көбеев), “тамақ жеу” демей “тағам жеу”, “кейбіреулер” демей “бағзы біреулер” (Мұста­фин) деп те жазады. Діншілдерді, ескілікті дәріптейтін адамдарды сөйлеткенде болмаса, автордың өз сөзінде олардың орын алмағаны дұрыс.

Сөйтіп, көркем әдебиетте қолданылмайтын сөз жоқ, бірақ әрқайсысының орны бар, қолданудың жөні бар.