Қазақ тілі сөздік қорының аса манызды бөлшегінің бірі– фразалар мен идиомалар. Ол екеуін қосып фразеологизмдер деп те атаймыз. Олардың әрқайсысы жеке сөздерден құралып күрделенген номинатив орайында жұмсалады да, толық мағыналы сөздердің мазмұнына ортақтасып, экспрессивті, эмоциялы бояуларымен сөйлеу тілінде де, әдеби тілде де жиі қолданылады. Олар халық тіліндегі айшықты ойды білдіретін мәнерлік, көріктік қасиеттерге бай бөлшегі.
Фразеологизмдер тіл байлығынан ерекше орын алатындықтан, қазақ тіл білімінде олардың мән-жайын айқындау проблемалары да аса қажетті, өмірлік мәселелерге айналды. Бұл салада академик I. К. Кеңесбаевтың зерттеулері әсіресе “Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі” (1977) тіл білімінің зор табысы деп бағаланды. Сол сөздікте фразалардың түр-түрін толық қамту мақсатымен бірқатарының түрлі вариантта жұмсалуы да қамтылған. Мысалы: мақсатқа (мақсұтқа) жетті; разы (риза, ырза...) болды; апалаң (опалаң) – топалаң; қараңды батыр (өшір); мерейі соқты (тартты, шапты); мезірет жасады (қылды).
Бұл арада жақшадағы сөздерді фразалық варианттың құрамындағы әдеби тілге жатпайтын сөздер деп түсінеміз. Негізінде солай болғанмен, “разы болды”, “риза болды”, “ырза болды” варианттарының қайсысының әдеби екенін ашып айту қиын.
Ал синонимдес (мәндес) сөздердің бірінің орнына бірінің айтылуы арқылы жасалған варианттардың жұмсалуы табиғи нәрсе: мысалы, тәңірі – құдай: тәңір жарылқасын – құдай жарылқасын; тәңір атқан– құдай атқан; миық – мұрт: миығынан күлді – мұртынан күлді; әңкі-тәңкі– даң: басы әңкі-тәңкі болды– басы даң болды.
Осы сияқты фразалық варианттардың әдеби тілдің стильдік мүмкіншіліктерін кеңейтуге пайдасы тиетіні даусыз. Дегенмен солардың әдеби тілде жиі қолданылатындары әдеби норма деп танылу керек. Мысалы, “бас қосты” – норма да, “бас құрды” норма емес; “ертеден кешке дейін” – норма да, “ертеңнен кешке дейін” – норма емес. Немесе “тамырын ұстап көрді” – норма, “тамырын тартып көрді” – норма емес. Сонда да мұндайлар әдеби тілде жарыса қолданылмағанмен, бірі жиі, бірі оқта-текте қолданылатын болса, ондайды нормадан жөнді, жөнсіз ауытқулар деп қараймыз. Мысалы, Б. Майлин “Күн ұясына батты” дегені – “Күн ұясына кірді” деп жазыпты (Б. Майлин. Таңдамалы шығ. 347-б.). Мұны автор әдейі сөйлем мәнін күшейту үшін қолданған. Сондықтан ол нормадан жөнімен ауытқу болады. М. Әуезов “Жүрегінің түгі бар” дегенді әдейі күшейтіп айту үшін “Жүрегінің түгі шыққан” деп жұмсапты. Мұндай авторлық сөз қолданыстары орынды болғанмен, жарыспалы вариант бола алмайды. Ал Ә. Аймағанбетов “Алғашқы ерлік” деген газет хабарында “амалы құрып” дегенді – “амалы таусылған” деп жазды (СҚ, 1977). Ә. Нұрпейісов “кінәламады”, “өлімге кимады” деп айтылуға тиісті сөйлемшені: “Ақбаланы кінаға кимады. Оның қандай қылығын да кешіруге әзір” (Ымырт, 12-6.) деп жазды. “Хабар берді” дегенді “қабарлас кылды” (“Жолаушы қабарлас қылды білем”) деп жазған. Бұлар, әрине, норма да емес, дублет те емес, синоним де емес. Осылардай синоним емес, бірақ мағыналық жақындығы жоқ сөздер фразалар құрамында бөгде сөз есебінде айтылады. Фраза құрамындағы бір сөзді басқа сөзбен ауыстырып айтқанда олар екі түрлі мағынада жұмсалуы да мүмкін. Мысалы, Бердібай бақсы арқасы қозып, мүлде көтеріліп-көтеріліп қояды (Б. Майлин). Жақып Бегайдар аруағын шақырғанда, басқалар түгіл ауылнай Байболдың да деле- бесі қозып тұрды (F. Мұстафин). Бұлардың (арқасы қозу, делебесі қозу) екеуі — екі түрлі фраза.
Әдетте, фразалық тіркестерді “тұрақты тіркес” деп атап, олардың құрамын өзгертпей, әр сөзін бөлек жазу керек дейміз. Осы орфографиялық ереженің сақтала бермейтін екі түрлі ауытқулары бар: 1. Көркем әдебиетте, әсіресе поэзияда оларға ерекше стильдік өң беру үшін, ұйқас, ырғақ талаптарына лайық олардың орны ауысып та, арасына басқа сөздер еніп те, тұлғасы өзгеріліп те жұмсала береді:
Алыстағы айға талпыну: Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс.
(Абай)
Намысын жырту: Бар жазам– күштілермен жарысқаным,
Жыртқаным сорлы жұрттың намыстарын.
(С. Сейфуллин)
Арын сатып алтынға,
Капиталдың жыртысын
Алданып енді жыртпасын.
Орындалған тал абы.
(С. Мұқанов)
Әнге шырқап саламын.
(Н. Байганин)
Фразалардың құрамындағы соңғы сөздер керегінде тиісті қосымшаларды қабылдап, сөйлемдегі басқа сөздермен синтаксистік байланысқа еніп жымдасып жатқанмен, лексикалық тұтастығын жоймайды. Мысалы: Таңертеңнен бері Бораш екеумізге менсінбей қараған балалар алдында менің беделім де көтеріліп қалған сияқты. Бірі бауыр тартып, жымиып қойса, енді бірі менің алдыма қарай нанды жылжытып қояды. Еркелетіп арқама қағар, аймалап сүйер шешең– барлығы бір сәттің ішінде мені өзгелерден едәуір жоғары көтеріп тастады (F. Мүсірепов).
Осындағы фразалық тіркестердің құрамындағы сөздер бөлек жазылып, қалыптасқан сөздер. Кейбір фразалық тіркестердің терминдік қызметте лексикалық тұтастығы күшейеді де, біріктіріліп жазылуға бейім тұрады. Сондықтан баспасөзде беташар, қалыңмал, күретамыр, қоянжүрек, тісқаққан, басараздық, асқазан, соқырішек, атшаптырым, құсбегі сияқтылар біріктіріп жазылып жүр. Мұндайлар публицистік стильдегі фразалар қатарында көп: жатыпішер, арамтамақ, онкүндік, бесжылдық, жетіжылдық, теміржолшы т. б.
Бірақ мерзімді баспасөздерде жиі жұмсалатын терминдік стандартты тіркестерде номинативтік қасиет күшті болғанмен, олар негізгі ережеге лайық біріктірілмей жазылады. Мысалы, социалиста реализм, социалистік жарыс, социалистік құрылыс, саяси тәрбие, саяси сабақ, саяси өмір, сахна шеберлері, ұлт-азаттық бостандығы, man тартысы, man жауы, ауыр өндіріс, жеңіл өндіріс, өндіріс озаты, қант қызылшасы, құрмет тақтасы, социалисты еңбек ерлері т. б.
Фразалық тіркестер құрамындағы сөздер, бірікпей бөлек жазылуы орфографиялық негізгі ереже бойынша дұрыс бола тұра, кейбіреулерінің, жоғарыда көрсеткендей, бірігіп жазылуы нормадан кездейсоқ ауытқу болмаса керек. Олай болу фразалық тіркестердің жай лексикалық сөз байлығымен өзара қарым-қатынасын және байланысын көрсетеді. Тілде бар сөздер негізінде жаңа фразалық тіркестердің жасалуы да соған дәлел бола алады.
Алтынға арын сату: Арын сатып алтынға,
Жыртысын жырту: Капиталдың жыртысын
Алданып енді жыртпасын
Арманы орындалу: Орындалған талабы
(С. Мұқанов)
Ән салу: Әнге шырқап саламын
(Н. Байғанин)
Жалпы алғанда, фразеологизмдер кұрамында дублетті варианттар аз кездеседі. Олай болудың себебі фраза құрамының дәстүрлі тұрақтылығында болу керек.
Фразалардың бір ерекшелігі – синонимдер қатарларының молдығы. Сондықтан I. К. Кеңесбаевтың “Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде” жеке фразалық тіркестердің мағыналары синонимдес бірнеше фразалар арқылы да түсіндіріледі. Соған қарағанда, фразалардың мәндес болып келуі, бір жағынан, лексикадағы жалпы заңдылық болса, екінші жағынан, бір сөзбен айтылатын мазмұнды фразалар арқылы айту әлдеқайда ұтымды, әсерлі болатынымен байланысты. Төмендегі мысалдардан фразалардың тіліміздегі жеке сөздердің синонимі болатынын көруге болады.
Аз, мардымсыз– ауыз жарымайтын; ауыз толтырып айтуға болмайтын; іліп алары жоқ; иненің жасуындай; am төбеліндей.
Азаптау, қинау, шаршату – итаяқтан сары су ішкізу, азапқа салу; сілесін қатыру, діңкесін құрту, әуре-сарсаң ету; ішкенін ірің, жегенін желім ету, жегенін желкесінен шығару.
Алыста, әріде – ит арқасы қиянда, ит өлген жерде, жердің түбінде.
Алыстату, қашырту – іргесін аулақ салу, маңына жолатпау; ат-тонын ала қашу.
Араздасу, өкпелеу, араздастыру– қырғи қабақ болу, ала көз болу; алты бақан ала ауыз болу; am құйрығын кесу; араға от салу, біреуді біреуге айдап салу.
Анық – айдан анық, тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай; бесенеден белгілі.
Аңғырт, көңгіш– ашық ауыз; жібі бос.
Ауыру, науқастану– төсек тарту, ауруга шалдығу.
Ашулану, әкіреңдеу, ызғарлану – талағы тарс жарылу, терісіне сыймау, қанын ішіне тарту, шырт ете қалу; екі көзі қанталау, атарға оғы болмау; қаһарын төгу; ала көзімен ату; қабағын тарс жабу; қаны қайнау, қаны қараю; зығырданы қайнау; ашу кернеу.
Аяу, жабырқау – жаны ашу, сай-сүйегі сырқырау, қабырғасы қайысу; іші-бауыры елжіреу; көңілі босау.
Әурелеу, қинау– әуре-сарсаң ету, сергелдеңге салу; тыным таптырмау.
Батыл, өжет, ер, батыр – жау жүрек, жүрегінің түгі бар; жүрек жұтқан, ер жүрек.
Бекер, босқа, зая – еңбегі еш болу, еңбегі далаға кету, еңбегі зая кету; жолы болмады.
Бұлтақтату, сүйрелеу – бұлаң құйрыққа салу, сиыр құйымшақтату.
Дайындалу, әрекеттену– сақадай сай тұру; етек-жеңін түріну;
Дандайсыған – кеудесіне нан піскен; көз еті өскен; аузымен орақ орған; мұрнын көкке көтерген.
Егде, тоқтасқан– ата сақалы аузына біткен; ішерін ішіп, жерін жеген; жасы кәрі қойдың жасындай (кәрі қойдың жасындай жасы бар).
Есейген – бұғанасы бекіген; оң-солын таныған; бой жеткен; ес біліп, етегін жапқан.
Жазалау, ұрып-соғу – сазайын беру, сазайын тартқызу;, әкесін көзіне көрсету; басына әңгір таяқ ойнату; ойран салу.
Жала, өтірік, кінәлау – жала жабу; өтірікті судай сіміру; өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай; тырнақ астынан кір іздеу, түймедейді түйедей ету.
Жалқаулану – мойны жар бермеу, жалқаулығы ұстау, кежегесі кейін тарту.
Жақтырмау, ұнатпау – оқты көзімен ату; теріс қарау; ала көзі- мен қарау; иттің етінен де жек көру;
Жақтаушы, қошеметші – сойылын соғушы, шашбауын көтеруші, жыртысын жыртушы; жоғын жоқтаушы; атса мылтығы, шапса қылышы; қол шоқпары болу; қол жаулығы болу.
Жас,есеймеген – ана сүті аузынан кеппеген, он екіде бір гүлі ашылмаған, бұғанасы қатпаған; оң-солын танымайтын; мәйегі аузынан шығып тұрған.
Жасу – ұнжырғасы түсу; сағы сыну, тауы шағылу, иығы түсу, еңсесі түсіп кету.
Желігу, желөкпелену, лепіру – арқасы қозу, делебесі қозу, арқасы ұстау, екі иығын жұлып жеу; тыныштық таппау.
Жолатпау, жақындатпау– маңайына жолатпау, маңынан жүргізбеу, бет бақтырмау.
Жорамалдау, болжау– бал ашу, сыртынан тон пішу.
Жылау, еңіреу – көз жасы көл болу, көз жасын сығып-сығып алу, көз жасын ағызу, еңірегенде етегі толу; зар илеу.
Жылату, қинау – қан қақсату, зар қақсату, зар илету, күн көрсетпеу, көзіне көк шыбын үймелету, қорлық көрсету.
Жуас, момын – қой аузынан шөп алмайтын, қойдан қоңыр, бетегеден биік, жусаннан аласа.
Жүгіру, алып ұшу – зыр жүгіру, дедек қағу, қол-аяғы жерге тимеу, тыным таппау, алды-артына қарамау, екі өкпесін қолына ала жүгіру, алас ұру.
Көмектесу, қарасу, болысу — am салысу, қолғабыс ету, қол ұшын беру, жәрдем ету, көмек көрсету, көз қырын салу.
Көнбейтін, қырсық – тіл алмайтын, айтқанға көнбейтін, сөзіңді далаға тастайтын, сөзің құлағына кіріп шықпайтын, тоң мінез, сыңар езу.
Көрікті, әдемі – үріп ауызға салғандай, жүзіктің көзінен өткен- дей, ай десе, аузы, күн десе, көзі бар, көз сүрінгендей, көз тартар- лықтай, көздің нұрын алғандай.
Көп істеу– мұрнынан шаншылу; жұмыс басты болу; сіңбіруге қол тимеу, мойын бұруға шама болмай қалу; жұмысқа белден бату.
Күйзелту, мазалау, ұрып-соғу – мазасын ал, мазасын кетіру, әлек салу, ойран салу, бүлік салу, қырғидай тию; әуре-сарсаң ету; апшысын қуыру; тырнағын батыру, тізесін батыру, екі аяғын бір етікке тығу; қаққанда қанын, соққанда сөлін алу; аяғын аспаннан келтіру; аузы-басын қан қылу; жегенін желкесінен шығару, басына әңгір таяқ ойнату.
Күлу – езу тарту, жымың қату; ыржың-ыржың ету;
Кіжіну, өшігу – тісін қайрау, көз аларту, кек алу.
Қайғыру, қасірет шегу, ызалану– қабағы ашылмау, қабағы қарс жабылу, ішінен тыну, ішкені ірің, жегені желім болу, ыза кернеу.
Қаймығу, беттемеу – тауы шағылу, беті қайту, сағы сыну, басы тасқа тию; жүні жығылу, аузы күю, шекесіне тию.
Қарау, көру – назар аудару; көз қырын салу, көз салу; көз жіберу; көз жүгірту, көз тігу, көзін алмау.
Қашу, жасырыну, көрінбеу – ат-тонын ала қашу; бойын аулаққа салу; шаңы көрінбеу; аяқ-қолы жерге тимеу; зым-зия жоқ болу; азар да безер болу.
Қорқу, үрейлену – үрейі ұшу, зәресі ұшу (қалмау), жүрегі су ете қалу, (шыбын) жаны көзіне көріну; жүрегі mac төбесіне шығу; көзі алақандай болу; төбе шашы тік тұру; аза бойы қаза тұру, жүрегі алып ұшу, зәресі зәр түбіне кету, есі шығу, зәре-құты қалмау, апшысы қуырылу, көзі шарасынан шығу. т
Куану, шаттану – мәз-мейрам болу, қуанышы қойнына сыймау, екі құлағы екі езуіне жету; (екі кұлағы екі езуінде); қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болу; төбесі көкке жету.
Құлау – аяғы аспаннан келу; тоңқалаң асу; сылқ түсу.
Құрметтеу, мадақтау – төбесіне көтеру, қоярға жер таппау, жер-көкке сыйдырмау.
Мұңаю, мазасыздану – салы суға кету, мазасы кету, еңсесі түсу, ұнжырғасы түсу, қабағы қарс жабылу, мойнына су құйылу, мойнына су кету, зықы шығу.
Озбыр, дөкей, мықты – шоң мойын; ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс; аузынан жалын шашқан; жұртты бір шыбықпен айдаған.
Опасыздану– көзіне шөп салу; уәдеден таю.
Өкіну – бармағын шайнау; санын бір-ақ соғу; жер сипап қалу; өкініп қалу.
Өсу, даму, молаю – етек алу, өркен жаю, қанат жаю; өркені өсу; тасы өрге домалау; қазан аузы жоғары.
Өшігу, өштесу, араздасу– тісін қайрау, қырғи қабақ болу; жұлдызы қарсы болу, атарға оғы болмау; am құйрығын кесу.
Пасық, оңбаған – өтірікті судай сіміретін; тырнақ астынан кір іздейтін жексұрын; аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығатын; беті бүлк етпейтін, без бүйрек.
Сағыну, күту – екі көзі төрт болу, қарай-қарай көзі талу.
Сандалу, оттау – ауа жайылу, жоқтан өзгені айту, аузына келгенін айту; аузымен орақ ору; бүйректен сирақ шығару.
Соғылу, қиналу – өмірден соққы жеу, өмірден тепкі жеу; жаны қиналу, жаны алқымға келу; жаны түршігу; азап шегу; азар да безер болу; жегені желкесінен шығу.
Сырлас, мұңдас, жақын — тонның ішкі бауындай; ауыз жаласқан; ішек-қарны араласқан, ыдыс-аяқ араласқан, ымы-жымы бір.
Тез, жылдам, кенеттен — салған жерден; көзді ашып-жұмғанша; табан астынан, қас пен көздің арасында; аяқ астынан, ойда жоқта, ойламаған жерден, жоқ жерден.
Түршігу – аза бойы қаза болу; зар илеу; денесі түршігу; без-без ету.
Тыншу, риза болу — көңілі көншу, жаны жай табу; арманы орындалу, арқа-басы жадырау, дегені болу; жолы болу; мерейі үстем болу; тасы өрге домалау.
Тыңдамау, елемеу — құлақ аспау; немқұрайды қарау; am үcmi қарау, көз қырын салмау.
Ұдайы, үздіксіз — жар құлағы жастыққа тимеу, тыным таппау, зыр жүгіру, дедек қағу.
Ұқсас, айнымаған – аузынан түсіп қалғандай, сойып қаптап қойғандай, өзін көр де оны көр.
Ұлғайту, үлкейту, асыру– түймедейді түйедей ету; асыра сілтеу, далитып жіберу.
Ұмыту — есінен шығып кету, аузына түспей қою.
Ұрламау, иеленбеу — біреудің ала жібін аттамау, кісінің ақысын жемеу, біреудің сабақты жібіне қол сұқпау.
Ұрсу, кею — жер-жебіріне жету; ит терісін басына қаптау; әңкі-тәңкісін шығару.
Ұялу, қызару — бетімнен отым шықты, жерге кіріп кете жаздадым, жерге қарау.
Ұялмау — беті бүлк етпеу, аузы-басы қисаймау, ар-ұятты жинастырып қою.
Үндемеу — жұмған аузын ашпау, ләм-мим демеу, үні өшу; үні шықпау; тіл қатпау, аузына құм құйылу, жағы қарысу, тіс жармау.
Үстірт, берекесіз — түйе үстінен сирақ ұйту, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру; жұмысқа немқұрайды қарау; тіл мен жағына сүйену.
Шаршау, жүдеу, болдыру — қабағы қату, еңсесі түсу; екі иығы ішіне кіру, діңкесі құру, сілесі қату; сүлдесі қалу, табанынан таусылу.
Шыдамау, тыпыршу — дегбірі қашу, берекесі кету, төтеп бере алмау, әкесінің кәрі көзіне көріну, басын тауға да, тасқа да соғу.
Хабарлау, жариялау — дабыл қағу; жер шақыру; құлақтың құрышын жеу; байбалам салу, безек қағу.
Тұрақты тіркестер құрамындағы сөздер, әдетте, белгілі үйреншікті орналасу қатарын түзеп жұмсалады. Олардың орын тәртібі өзгеріп, араларына басқа сөздердің еніп жұмсалуы да олардың тұрақтылық табиғатына нұқсан келтірмейді және ондайлар дублеттік варианттар болып есептелмейді. Мысалы, Оған әбден көзім жетті дегенді М. Дүзенов “Көзім оған әбден жетті” деп жазыпты (Ант, 110-6.). Күнделікті сөйлеу тілінде дублет, варианттардың сыңарларын бір-бірімен ауыстырып қолдануға болады. Ал тұрақты сөз тіркестерінің құрамында айтылғанда, олар ауыстырып айтуға көне бермейді. Мысалы, өмір мен ғұмыр мәндес болғанмен, “ғұмыр сүру” деуден гөрі “өмір сүру” үйреншікті. Сондықтан “ғұмыр” сөзіне әуес жазушылар да ондайға қиянат жасай алмайды. Мына мысал соны байқатады: Сау-саламат болыңыз. Сізге ұзақ ғұмыр тілейміз. Бақытты өмір сүріңіз (М. Дүзенов. Ант, 111).
Сондықтан тұрақты тіркестер құрамындағы кейбір сөздердің басқаша айтылуы көбінесе олардың нормалық сиқын өзгеріске ұшыратудың дәлелі болады: құлақ қою — құлақ салу, тіл қату — тіл жұмсау, діңкесі құру — діңкесі таусылу, тыным таппай жүру — тыным көрмеу: Олар қора-қопсысына шөбін тасып тыным көрмей жүр (Ант, 101-б.).
Жоғарыда әдеби тілге қатысты біраз мәселелерге біршама ғылыми талдау жасалды. Солардың дені, қорытып айтқанда, қазіргі қазақ әдеби тілінің дәрежесін, мән-жайын сипаттайды. Осы айтылғандардың түйіні – қазақ әдеби тілі дегеніміз– шындық өмірдегі бар және аса қажетті қоғамдық құбылыс екендігі. Ол – біздің социалистік қоғамымызға қызмет ететін, сол қоғамның – халқының, орасан зор рухани табысы. Қазақ әдеби тілі өзінің даму барысында көптеген өзгерістерге ұшырап, өмір талабынан туған жаңалықтарды бойына сіңіріп, әр алуан жазба әдебиеттерде тағы басқа халық өмірінде кең жұмсалу нәтижесінде оның стильдік тармақтары сараланды. Әдеби тілдің ертедегі даму арналары Совет тұсында ерекше күш алып, халық тілінің ішкі байлықтары жан-жақты қамтылып, олар орыс тілінің игілікті әсерінен туған жаңалықтармен ұласты. Солардың нәтижесінде қазақ тілі кемелденген бай әдеби тілге айналды.
Тілдің коммуникативтік қызметі адамның әр алуан ойын, сана-сезімін білдірумен қатар, ол әдеби тіл қалпына түскенде, оның эстетикалық сезімді білдіру аясы да кеңейеді. Бұл – әсіресе көркем әдебиет тілінің ауыр жүгінің бірі. Әдеби тілді пайдаланушылардың тілдік талғамы неғұрлым күшті болса, әдеби тілдің сымбаттылық, нормалық қасиеті солғұрлым арта түседі. Біз жұртшылықты, әсіресе жастарды, соған бейімдеуге тиіспіз.
Кісінің тіл мәдениетінің дәрежесі оның эстетикалық талғамының қандай екенімен де байланысты. Сөздің сұлулығы, кісіге етер әсерінің күшті болуы айтылған ойдың айқындылығымен, мазмұндылығымен байланысты. Сонымен қатар, тілдегінің таңдаулыларын талғай білген кісі – тілге деген эстетикалық сезімі күшті кісі болғаны. Ол қасиет адамға бірден пайда бола қалмайды, көп оқып, көп ізденіп, тіл мәдениеті талаптарына қанық болу арқылы қалыптасады.
Тілдік талғам мақсатты ойға лайық құрылған сөйлем түсінікті, сөздері өз орнында, олардың синтаксистік байланысы дұрыс, нормалық жүйесі сақталғанын талап етеді. Бұл айтылғандардан баспасөз көптеген қате-кемшіліктер жіберіп жатса, автордың әлі де ой өрісінің тарлығын, тілден эстетикалық талғамы шамалы екенін көрсетеді. Сондықтан, мысалы, оқушыларға фонетика, грамматика, лексика, синтаксистен, орфоэпия, орфографиядан білім беру – олардың тілдік талғамын тәрбиелеудің тек әдепкі басқышы ғана.
Фонетика, грамматика, лексика дегендер тілдің сүлелі қаңқасы. Оларды білу де, жандандыру да керек. Жандандыратындары – тілдің мағыналық, эмоциялық, экспрессивтік, эстетикалық жақтары. Егер тілдің қаңқасы олардың стильдік қызметгерімен, эстетикалық сипаттарымен қабысып жатса, мектептерде, жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқыту өзінің мақсат-мұратына жеткен болар еді.
Тілдік нормалардың жалпы халыққа міндеттілері бар. Олар– орфографиялык, пунктуациялық, терминологиялық нормалар. Жалпыға ортақ лексика-семантикалық, грамматикалық, орфографиялық нормалардан белгілі мақсатқа лайық ауытқулар болуы мүмкін. Бірақ ол жөнсіз ауытқу болмауға тиіс.
Бұл кітапта әдеби тілге қатысты мәселелерді баяндау барысында олар туралы кейбір ғалымдарымыздың да өзгеше көзқарастарын сөз еттік. Сондағы мақсат – жора-жолдастардың кейбір пікірлеріне сын айту арқылы қазіргі әдеби тіліміздің табиғатын дұрыс түсіну болса, екінші мақсат – басқаларды пікір таласына шақыру.
Балақаев М.Б.
«Қазақ әдеби тілі»- Алматы, 2007.- 446-456 б.