Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы



Тілдік норма және поэтикалық фразеологизмдер (жалғасы)

Тілге тиек, ойға арқау болатын сөздің стильдік, қала берді, грамматикалық қызметі әр алуан. Ол тілде оқшау қалпында емес, бірімен-бірі «отасқан», қосағын тауып тіркескен жағдайда жандана түседі. Сөздің өмірі сөйлемде, сөз тіркесінің құрамында ғана болады. Сондықтан, сөздің басқа сөзбен ұласып, сөз тіркесініңқұрамында айтылуы оның басты қызметінің, грамматикалық қасиетінің бірі дейміз.

Тіл ғылымында ақ қар, жүйрік ат, теңіздің толқыны сияқты сөз тіркестері жалпыға ортақ грамматикалық норма есебінде жан-жақты қарастырылады. Сонда сөз тіркесі деп танылатын тілдік единицалар мағыналық, синтаксистік үйлесімі (байланысы) бар сөздер тобы болуға тиіс. Ал көркем әдебиетте, сырт қарағанда, мағыналық үйлесімі жоқ, әшейінде өзара тіркесе бермейтін орамдар жиі кездеседі. Мысалы: 1. Ақ басты Алатаудың Жамбылымын (Жамбыл); 2. Алтайдың macтарына сәлде ораған (Иса); 3. Кәрі құдың қыс келіп әлек салды (Абай); 4. Кәрі Каспийқара көк көзін ашты, Жылы жүзбен Терек амандасты (Абай). Осы мысалдардағы ақ басты Алатау, тастарына сәлде ораған қыс- кәрі құдаң, кәрі Каспий көзін ашты, Каспий жылы жүзбен Терекке амандастыдегендер әдеттегі жай синтаксистік тіркестер емес, жансызға жан бітірген, табиғат көрінісін: адам көрінісіне келтірген сөз өнерінің бейнелі орамдарына жатады.

Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,

Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын

( Сәкен)

немесе

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым – жырт, дел – сал ғып,

Түн басады салбырап, –

(Абай)

деген жолдарда бейнелі тіркестер болмаса, олардың поэзиялық нәрі, сөзбен салған суреттің бояуы мұншалықты тартымды болар ма еді!

Жай сөз тіркесі қатарында, мысалы, үркек тауық, семіз mac, сиыр- дың бүйрегіндей демей жылқының бүйрегіндей сияқты сөздерді тіркесу қабілеті жоқ, көркемдік бояуы жоқ сөздер деп күле қараймыз. Дәл солардай болмағанмен, кейбіреулердің түн құлаққа ұрғандай, түйтектеген түйе, қортаңдаған қой, сиқырлы сыр, шынайы шабыт тәрізді «шашақты» сөз орамдары қай жағынан алсаң да, үйлеспей-ақ тұрады. Немесе жүйкесі шаршап («Алау»), шолақ мұрны («Қара көзіл- дірік») деген сияқтыларда қандай мән бар?

Сөйлеу тілінде бар ойсыл қара, аша тұяқ, жуан жұдырық, шоң мойын, боқ мұрын, жез өкше, қыпша бел, күлім көз, қолаң шаш сияқты тіркестер әдебиетте де жұмсалады, бірақ ондай дайын тіркестер шығарма тілін едәуір нәрлендіргенімен, қаламының ебі бар жазушы үшін олар жеткілікті болмайды. Жазушы өз бетімен белгілі мақсатқа лайық түрлі-түрлі кестелі сөз өрнектерін құрастырып жазады. Соның бәрі поэзияда да, прозада да шындықты эмо­ция және эстетикалық қабылдау тәсілдері ретінде қолданылады. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанында»[4] Артықбайдың құдаларынан Ұлпанды тартып алып кетуге келген жігіттердің бірін Сәдір «кебіс ауыз, бірін «мысық мұрт», енді бірін «қара жапалақ» деп мұқата- ды. Солай айту мақсатымен автор мынадай түсінік береді:

«Жекпе-жекте болсын, соғыста болсын, қарсыласқан жауыңды солай бір мазақтап, қорлап алсаң, оңай ашуланады. Ашуланған адам ұтылмай, жеңілмей қоймайды...» (41- 42-6.). Осы кітаптың 37, 38, 39-беттерінде Артықбай бие байлап, қонақтарға қымыз беретіндей қауқары жоқтығын білдіру үшін самауырды «сары бие», «пысылдақ сары» деп атайды: «Қара биесі жоқ үй – қымызы жоқ үй, сары биесіне – самауырға ұмтылады». «Жарықтық, ииді де тұрады... Қа-т-ен! Сары биеңді жебей сауғайсың». Осындай ауыспалы, астарлы фразалы сөз тіркестері «Ұлпан» повесінде орнымен жиі қолданылады. Повестің басты кейіпкері Есенейді жақсы көргендіктен:

«“ А, білдім, білдім... Сен қара бурасың! Таудай үлкен қара бурасың. Қой деймін, кәрі бура, қой енді, басыңа бәле шақырмай!» (34, 35-6.), - деп қолпаштайды. Сонда арыстаным, ит-ай, сен ит дегендерді де ұнамды мағынада, Артықбай келген қонақтарын құшағын жайып қарсы алғанда айтады. Мұндай қолданыстар оқушының жүрегіне жылы тиеді.

Поэтикалық фразеологизмдердің бір түрі – метафоралық тіркес. Әдетте, метафора деп заттардың, құбылыстардың ішкі-сыртқы ұқсастығына қарай ауыс мағынада жұмсалуын айтамыз, оны троптың бір түрі деп танимыз:

Мен – темір де, сен– көмір,

Еріткелі келгенмін.

Мен – арыстан, сен – қабылан,

Алысқалы келгенмін.

(Қаз дауысты Қазыбек)

Сен жаралы жолбарыс ең,

Мен киіктің лағы ем.

(Абай)

Гималай – көктің кіндігі

Гималай – жердің түндігі.

(Ілияс)

Өлеңім – балға, ән – қашау

Саламын таудың кеніне.

(Жамбыл)

Метафоралық тіркес– метафораның күрделенген, барынша абстракты, кемінде толық мағыналы екі сөзден құралып, бір заттың қандай екенін басқа затқа тән қасиеттерімен қоса қамтып айылатын түрі. Мағыналы сөз тіркестері көркем әдебиеттің стиліне, әсіресе, поэзияға тән. Көркем әдебиетте олар белгілі автордың белгілі шығармаға бауыр басып, сол шебер қолданылған орнында нұр-нұр жайнап тұра береді, басқалар оларды іліп алып қайталап жатпайды. Сәнді жасаудай еппен қаланған метафоралық сөздер тобы эстетикалық талғамды, әсерлі болатындықтан, мерзімді баспасөздерде де оның «жылжымалы», бейнелі түрлері жиі қолданылады: мысалы: ақ алтын (мақта), қара алтын (көмір), темір тұлпар (трактор), көгілдір экран (телевизор), бесінші мұхит(космос), екінші тың (қой шаруашылығы), көгілдір отын (газ), жасыл желек (орман), қанатты түлік (құс), дала кемесі (түйе), болат жолдың батырлары (темір жол- шылар), ақ халатты абзал жандар (дәрігерлер).

Метафоралық тіркестегі сөздер, көбінесе, қабыса, матаса байла- нысқан есімдер болып келеді:

Құлақтан кіріп бойды алар

Жақсы ән мен тәтті күй.

(Абай)

Маржан құмы, күміс суы

Көл еді кең айнадай.

( Сәкен)

Гималай тауы үстінде алтын бесік,

Кеш болса - ақ күн қонады сонда түсіп,

Оянып күн туғанда ұйқысынан,

Жел есер жұпар сеуіп алтын будан.

(Тоқай)

Сен бір – жабы, мен – тұлпар,

Сен – қарға да, мен – сұңқар.

(Қашағанның Ізбасқа айтқаны)

сияқты метафоралар қазақ әдебиетінде ертеден бар. Метафоралық тіркестер халық әдебиетінде жиі кездеспейтін, ол – жаңа сапалы, өресі биік үлкен поэзияның жаңалығы ретінде әдебиетке кең тараған көркемдеудің ұтымды тәсілі.

Поэтикалық тілді зерттеушілер сөз шеберлерінің осындай бейнелеу тәсілдеріне көңіл бөледі.

Олардың көркем әдебиеттегі қызметі – көрнекті ойды көркем етіп айту. Сол тәсілді көркем әдебиеттің поэзия стилі тудырған. Олар батырлар жыры, бұрынғы ақын, жыраулар, халық ақындарының тілінде қазақ әдебиетіндегі нәрлі, жаңа тәсілі. Сондықтан, оны жазба әдебиеттен жиі кездестіреміз.

Метафоралық тіркестерді тыңнан көп құрастырып, поэтикалық өнерінің арқауы еткен, сол туралы кейінгілерге өнегелі үлгі қалдырған Абай деп білеміз. Оның «асау журек аяғын шалыс басқан», «жүректің кең дариясы», «суық ақыл», «жанымның жарық жұлдызы» тәрізді сөз тіркестері поэтикалық асқақ шеберлігінің бір көрінісі болмақ.

Метафоралық тіркестер, осылардай, әдетте тіркесу қабілеті жоқ, «қиыннан қиыстырған» сөздер бір затқа тән сапалық белгілерді басқа затқа теліп айту арқылы жасалады да, олар теңеудің ерекше нәзік формасы болып ұғынылады.

Сөз – қандай болмасын, әдебиеттің, соның ішінде көркем әдебиеттің де, бірден-бір мұқтажын өтейтін ой өрнегі. Ол әр түрлі орайда, әр түрлі стильдік қызметте жұмсалады. Ол – жайдары, жайсаң, қарапайым ойды айтудың да, асқақ сөзімді, көрікті, көркем ойды білдірудің де материалы. Оларды бөлек алып қарағанда, қызмет аралары алшақ дүниелер емес, көпшілігі аралас-құралас жұмсалып жататын жалпы халықтық қасиеті бар әдеби тілдің сөз байлығы болып есептеледі. Мысалы, поэзия тілінің сөз байлығы, негізінде, кәдімгі жалпыға ортақ әдеби тілдің соз қорынан сусынданады. Дегенмен, поэтикалық сөздердің өзгеден өзгеше қасиеттері болуға тиіс қой. Соларын айқындауда, алдымен ескерілуге тиісті – сөздің ойқастана жұмсалуы. «Қалауын тапса, қар жанар» демекші, жұмсай білсе, қарапайым, жұпыны сөздердің өзі поэтикалық ой деңгейінен көріне қалуы ықтимал. Мысалы, әдеттегі қарасөзін қара бояу, қара көйлек, қара сиыр тәрізді құрамда жұмсасақ, оларда пәлендей әсемдік, ерекше нақыш сезілмейді, ал оны қара жер, қара аспан, қара жүрек, қара көңіл («Сарна да, зарла, қызыл тіл, Қара көңілім оянсын»; «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» — Абай) тәрізді құрамда қолдансақ, ол сөз әдеттегідей заттың түсінің анықтауышы гана емес, қайғылы касіретке ұшыраудың сырлы бояуы тәрізді.

Әдетте, поэтикалык лексика дегендер эмоциялық, эстетикалық, пафостык сөз орамдары құрамдарыңда пайда болады; мыса­лы: жүрек (асау жүрек, жаралы жүрек, ыстық жүрек, суық жүрек), алтын (алтын таң, алтын бесік, алтын аймақ, ақ алтын), маржан (сөз маржаны, маржан күлкі, Сыр маржаны), күміс (күміс күлкі, күміс су), толқын (асау толқын, тулаған толқын, жүрек толқыны, толқын шашы), бақыт (бақыт құшағында, бақыт бақшасы), Отан (Отан жүрегі, Отан құшағы, Отан ұлы), жібек (жібек жел, жібек шаш, жібек баурай).

Осындай сөз тіркестерінің синтаксистік құрылысы әдеттегі еркін тіркестегідей анықтауыштық қатынаста болады. Бірак еркін тіркестің мағыналық орталығы басыңкы сөз болса, образды тіркестердің бағыныңқы сыңарлары көркемдік сапаны білдірудің мағыналық негізі болады; мысалы: өткір тіл, жүйрік тіл, асау толқын, ыстық жүрек (Абай), мөлдір махаббат (Сәбит), кербез Көкшетау (Сәкен).

Көркем әдебиетте метафоралық тіркестер шеберлік биігінен қаралып, жаңаша жасалған болса, барынша ұтымды болады. Ал сол бір құрам кайталана берсе, онда олардың көріктеу қасиетін жойып, сапасыз сөз саптауға айналады. «Қазақ әдебиеті» газетінде (1976, 8 август) жарияланған сын мақаласында филолог Нәдір Байқуатов: «Біздің кейбір ақындарымыз өздерінше көңілі ұнатып калған бір сөзді жөнді-жөнсіз қайталай беретінін көріп жүрміз. Мұның өзі жақсы сөздің де құнын түсіруге әкеліп тірейді. Тәттіні көп жесең, жүрегің айниды ғой», - дейді де, Аян Нысаналиннің «Көзайым» жыр жинағынан оған мысалдар келтіреді. Сол мысалдарда мынандай тіркестер бар: бал дәурен, бал құйып, бал күнді, бал бұлақ, бал күнің, бал татқызар, бал құйған, бал ләззатын, бал сөзімдерді, бал махаббатын; тәтті ой, тәтті ұйқы, тәтті мұңы, тәтті ызамен, тәтті сағыныш, тәтті қиял, өмірдің тәттілігі. Осылар бір жинақтың 5– 80-беттерінде кездесетін «жаңа» тіркестер, бірақ әсерлі емес кой, неге олай? Себебі - тіркес құраудың олақтығынан болса керек. Бал, тәтті сөздері поэтикалық лексика қатарындағы сөздер болып ұғынылуы үшін де, поэтикалык фразе­ология құрамыныц компоненті болып танылуы үшін де олармен тіркескен басқа сөздердің мағыналары ерекше үйлесімді болу ке­рек. Метафоралық ұғым жеке сөзден емес, сөйлем ішінде, не екі сөздің тіркесу нәтижесінде пайда болады. Егер сөздерден әдеттегі еркін сөзтіркестері құралғанда, жаңа грамматикалық мағына, анықтауыштық, толықтауыштық қатынас пайда болатын болса, метафоралық сөзтіркесін құрауда ондай қатынастар негіз болмайды, - көркемдік бояу, әсерлі өрнек, кестелі нақыш ұғымдары пайда бо­лады. Ондайлар иіндескен екі сөздің бірі-біріне нұр сеуіп тұратындай болуға тиіс. Көркем әдебиетте үсті-үстіне қосақтала берген жасанды тіркестер де, бір сөзді қайда болса сонда сүйрелеп құрастырған түрлі сөз тіркестері де тілдің көркемдігінің материалы болмаса керек. Көркем әдебиетте сырты сұлу сөздер, жасанды тіркестер, жалпы, шығарма тілінің табиғи элементтері болмай, жасанды- лығы көз тартпай тұрса, әрине, ондай тәжірибені басқаларға үлгі етуге болмайды.

Тек теңін тауып тіркескен сөздерге поэтикалық жүк артқанда, ол сөздер бұрынғы құшағын жазып, қайтадан «жібек жіпке» тізілген моншақтай әсем, әрі нәрлі болады. Сонда сөздердің кестелі топтары творчестволық талғам орайында жаңадан пайда болған сөздер тіркестері болып есептеледі де, белгілі мақсатка лайық тұрақтылық касиетке ие болады. Олардың бірқатары бел­гілі шығарма өрнегі аясында қалып қойса, бірқатары жалпыға ортақ «әсем ән мен тәтті күй», «Сыр маржаны» (күріш), «темір тұлпар» (трактор), «өткір тіл», «терең ой» сиякты әдеби тілде жиі колданылады.

Қорыта айтканда, метафоралық тіркестер – поэтикалық шығармаларда сөз арқылы образ жасаудың бір түрі, кұнарлы, әсерлі түрі. Сондықтан, оларды да көркем әдебиет тілінің көркемдігіне өлшем етеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Мүсірепов Ғ. Авгейдің ат қорасынан бастайық// Социалистік Қазақстан. 1976. 28 ноябрь

2. Уақыт және қаламгер (үшінші жинақ). Алматы, 1975. 12-б.

3. Пушкин А. С. Полн. Собр. Соч. Т.7. С.438-439

4. Мүсірепов Ғ. Ұлпан. Алматы, 1975.

Балақаев М. Б.

«Қазақ әдеби тілі»- Алматы, 2007.- 290-304 б.