Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы



Сөз сазы ережелерін игеруде ескерілетін жайттар

Қазақ тілінде сөздерді дұрыс айтудың (дыбыстаудың) негізгі-негізгі заңдылықтарын, яғни сөз сазы ережелерін саралап көрсетпес бұрын, осы қағидаларды жақсы түсініп, дұрыс игеруге қатысты бірқатар жайттарды әңгімелеу қажет. Олардың бірі – сөйлеу үстінде сөздердің екіден-үштен топтасып, бір деммен айтылатындығы.

Сөйлеу актісінде айтылуы жағынан сөздердің бір-біріне ететін ықпалы, дыбыстық өзгерістері бір деммен топтасқан сөздердің1 ара-жігінде және өн бойларында пайда болады. Сондықтан ең алдымен “бір деммен топтасқан сөздер” дегеніміз не, яғни сөздер қандай жағдайда бір деммен, бір ырғақпен, бір ритмикаға топтасып айтылатындығын біліп алған жөн. Өйткені сөйлеу барысында қатар айтылатын кез келген сөздер бір-біріне әсер етіп, дыбыстық өзгерістерге ұшыратпайды, белгілі бір тіл заңдылығымен ғана топтасатын сөздердің аралығында немесе өн бойларында фонетикалық құбылулар пайда болады.

Қазақ тілінде сөйлем ішіндегі сөздер дауыс ырғағы жағынан әрқайсысы бөлек-бөлек айтыла бермейді, көбінесе екі-екіден немесе екі-үштен бір ырғақты топ құрап, бір деммен үндесіп, үйлесіп айтылады. Мысалы, анықтауыш пен анықталатын сөздер бір ырғақпен жымдасып, дыбыстары бір-біріне ықпалын тигізіп айтылады: айдыңгөл (жазылуы: айдын көл), сұлұуғыз (сұлу қыз), қарөлең (қара өлең), ағайдын (ақ айдын), саратан (сары атан). Сол сияқты екі сөзден тұратын күрделі етістіктер де бір ырғақты топ құрайды: келеғалды(жазылуы: келе қалды), алалмады (ала алмады), жетіппарды (жетіп барды), қолғойдұ (қол қойды). Бұл айтылғандарға мәтін арқылы мысал берелік. Мысалды жазуда әр топтың жігін бір тік сызықшамен, сөйлем аяқталып, толық тыныс (пауза) болған жерді қос тік сызықшамен ажыратып көрсеттік, демек, бір тік сызықшаның ішінде тұрған сөздер ырғақты бір топ болып саналады. Топ құрайтын сөздер шартты түрде қосылып жазылып, дыбысталу қалпы транскрипцияланып көрсетілді.

Мысалы:

Құйрұғұжоқ / жалыжоқ/

Құлаңғайтып / күңгөрөр //

Айағыжоқ /қолұжоқ/

Жылаң ғайтып / күңгөрөр //

Асанқайғы толғауынан деп айтылып жүрген бұл сөздердің жазылуы:

Құйрығы жоқ, жалы жоқ

Құлан қайтіп күн көрер.

Аяғы жоқ, қолы жоқ

Жылан қайтіп күн көрер.

Прозаға қарағанда өлең тіркестеріндегі сөздердің топтарын ажырату оңайырақ, өйткені өлеңнің өзі ырғаққа құрылатындықтан, ондағы сөздердің топтасуы өз-өзінен шығып тұрады, оның үстіне бұған әр тармақтың ара-жігі, ұйқас дегендер де көмектеседі.

Қара сөзбен келген текстерде де сөздер топтарға жіктеліп айтылады. Мысалы, “Қарагөз” драмасындағы Сырымның мына монологіндегі сөздер былайша топтасады:

Қырықкүн // қаралығайғымен / жылаумен / кырықкүнөттү // алдағашан / өлөрмін / итөмүрден / кетермін / дебедім // әлігүнгө / менарсыз / тірімін // кімдігүтөм / нені / медеуғылам / нетілеймін //.

Бұл текстің жазудағы түрі: Қырық күн! Қаралы қайғымен, жылаумен қырық күн өтті. Әлдеқашан өлермін, ит өмірден кетермін деп едім. Әлі күнге мен арсыз тірімін! Кімді күтем, нені медеу қылам, не тілеймін?

Ырғақтық-мелодикалық топтардың ара-жігінде әрдайым айқын сезінерліктей дауыс кідірісі (пауза) бола бермейді, анық пауза көбінесе сөйлемнің соңында, бірыңғай мүшелердің арасында, оңашаланған не айқындалған мүшелердің айтылуында, тағы сол сияқты синтаксистік жіктердің аралығында болады. Мысалы, жоғарғы тексті терең паузаларға қарай ажыратсақ, былайша белгіленер еді (бұл жерде паузалардың ара-жігіне үш тік сызықша қойылды): Қырықкүн / // қаралы қайғымен /// жылаумен қырықкүн өттү /// алдағашан өлөрмін /// ит өмүрден кетермін дебедім /// әлігүнгө /// менарсыз /// тірімін /// кімдігүтөм /// нені медеуғылам /// нетілеймін ///.

Мұндағы бірінші пауза (қырық күн дегеннен дейінгі) өз алдына сөйлем іспетті. Сырым бұл монологінде “қырық күн” деп бөліп айту арқылы Қарагөздің қазасын, ол қазаның халық дәстүрі бойынша белгілі бір меже-мерзімі өткенін (қырқы өткенін) білдіреді де, сол уақыттың ішіндегі өзінің жан күйінішін баяндайды. Қаралы қайғымен, жылаумен дегендердің арасындағы пауза бірыңғай мүшелерді ажыратады. Қырық күн өтті дегеннен кейінгі пауза сөйлемнің соңындағы дауыс үзілісін танытады. Келесі екі пауза тағы да бірыңғай мүшелерді ажыратады да, деп едім дегеннен кейін сөйлем аяқталады. Ал мен арсыз дегеннің екі жағынан паузаның болуы оның орны ауысқан, логикалық екпін түскен бастауыш екеніне байланысты. Тірімін, кімді күтем, нені медеу қылам, не тілеймін дегендердің арасындағы пауза олардың бірыңғай баяндауыштар екендігіне байланысты.

Міне, сөйлем ішінде осы тәріздес ырғақтық топтардың ара-жігінен өзге тұстарда да паузалар болады екен. Бұл паузалардың басым көпшілігі ырғақтық топтардың жігіне сай келеді.

Сөйлеу үстінде сөздер мынадай сәттерде бір ырғақпен айтылып, топ құрайды.

1.Анықтауыш пен анықталатын сөздер бір деммен айтылады да, бір топқа енеді. Мысалы, қалқан құлақ, шегір көз, қара қарындаш, ақ ерке, тас жол, аямас жау, алты ай, қара аспан, ақ орамал, екі қап дегендердің алдыңғы сөздері (қалқан, шегір т.б.) – заттың түрін, түсін, сипатын, қасиетін, тегін білдіретін анықтауыштар, соңғылары – анықталып тұрған сөздер. Мұндай бір ырғақты сөз топтарының компоненттері (құрамды бөлшектері) бір-біріне ықпалын тигізеді, сондықтан олардың жазылуы мен айтылуы бірдей түсе бермейді. Жоғарғы сөздердің дұрыс

жазылуы:

қалқан құлақ

шегір көз

қара қарындаш

ақ ерке

тас жол

аямас жау

алты ай

қара аспан

айтылуы:

қалқаңғұлақ

шегіргөз

қарағарындаш

ағерке

ташшол

айамашшау

алтай

қараспан

Бұл айтылғанға мысал ретінде Абайдың мына бір шумақ өлеңінің дұрыс оқылуын (айтылуын) көрсетейік:

Аласаз / қарагөзү / айнадайын //

Жүрөкке / ыстықтійіп / салған сайын //

Үлбүрөген / ағетті / ашығжүзді //

Тісәдемі // көрүппең / кыздыңжайын //

Анықтауыш пен анықталғыштан тұратын топтардың барлығының бірдей айтылуы мен жазылуы бұлайша алшақтана бермейді. Мысалы, алтын сағат, ағаш қасық, бұраң бел, жомарт адам, арық қой деген топтар қалай жазылса, солай айтылады, өйткені бұлардағы сөздердің бір-біріне тигізетін әсерінде дыбыстық өзгерістер болатын сәттер жоқ.

2. Т о л ы қ т а у ы ш пен баяндауыш, бастауыш пен баяндауыш, пысықтауыш пен баяндауыш араларына сөз түсірмей қатар келсе, жай хабарлау ретіндегі сөйлемдерде олар бір деммен айтылады. Мысалы, Біз үйге кеттік деген сөйлем Біз/үйгөгеттік болып айтылады. Сол сияқты Жолаушы тез келді дегенді Жолаушы / тезгелді деп айту керек. Мұндағы үйге, тез деген сөздер – толықтауыш, пысықтауыштар да, кетті, келді дегендер – баяндауыштар. Сондықтан тезгелді, үйгөгеттік болып үндесіп айтылады.

Кейде баяндауышқа логикалық екпін түсіру керек болады. Ондайда баяндауыш дауыс ырғағы жағынан дара айтылады да, алдыңғы сөзбен үндеспейді. Мысалы, “Еңлік-Кебек” пъесасында Кебек елден пана таба алмай, тау кезіп, тас кешіп кететінін білдіріп: “Ал / біз / кеттік!” – дейді. Мұнда кеттік сөзіне ой екпіні түсу керек, сондықтан бастауыш, баяндауыштар қатар тұрғанмен, кеттік сөзі ырғақтық топқа кірмейді, демек, басқы дыбысы ұяңдамайды. Тағы бір мысалға мына екі сөйлемді салыстырайық: Меңгөрдім / ұзұнғайың / құлағанын // (Абай). Мен қазақпын / мың өліп / мың тірілген // (Ж.Молдағалиев). Алғашқы өлең жолында бастауыш пен баяндауыш үндесіп айтылады (меңгөрдім), өйткені мұнда көрдім сөзіне ой екпіні түсіп тұрған жоқ, ал соңғы өлең жолында мен / қазақпын деген бастауыш пен баяндауыш екі бөлікте айтылуға тиіс, өйткені ой екпіні өзге ұлт емес, қазақпын дегенге түсіп тұр, сондықтан меңғазақпын деп үндестірмей, мен қазақпын деп оқыған дұрыс.

3. Қазақ тілінде фраза мен идиом деп аталатын қалыптасқан тұрақты тіркестер бар, олардың көпшілігі екі-үш сөзден тұрады. Бұлар да бір деммен дыбысталатын тұтастық құрап, жымдасып, кірігіп айтылады. Мысалы:

жазылуы:

ашық ауыз

көз көрім (жер)

қарға адым

қас пен көздің арасында

қырғи қабақ

айтылуы:

ашығауұз

көзгөрүм

қарғадым

қаспеңгөздүң арасында

қырғиғабақ

Әрине, тұрақты тіркестердің барлығы айтылуда бұлайша дыбыстық өзгеріске ұшырай бермейді. Мысалы, ат ізін салмады, таң сыз берді, ауа жайылды деген сияқтылар жазылған күйінше айтылады, өйткені бұларда да компоненттер арасындағы дыбыстық ықпал өзгеріс туғызбайды.

4. Екі-үш сөзден құралып, бір ғана іс-әрекет атауын білдіретін күрделі етістік дегендер болады, олар да бір ырғақпен айтылады.

жазылуы:

ала келді

келе алмады

бармап па еді

айтып берді

оқып отыр

айтылуы:

алагелді

келалмады

бармаппеді

айтыпперді

оқыботұр

Күрделі етістіктердің басым көпшілігі бір деммен айтылғандарымен, дыбыстық өзгеріске ұшырамайды, өйткені бұлардың сөз аралығында үндестік заңдарына қарай дыбыс икемделуі жоқ. Мысалы, келе жатыр, бара бер, айтып қой деген сияқты күрделі сөздер жазылған түрінше айтылады.

Күрделі етістіктердің екінші бір тобы пайда көрді, қол қойды, жүрек жалғады, көз көрген, доп ойнады, асық атты, еске алды, қайқаң қақты сияқты есім мен етістіктен тұратындар болып келеді. Олар да топ құрап, бір ырғақпен айтылады. Жоғарғы мысалдардың айтылуы былайша болады: пайдагөрдү, қолғойдұ, жүрөгжалғады, көзгөргөн, добойнады, асығатты, ескалды, қайқаңғақты.

5. Ол, бұл, сол, не деген есімдіктерменкелген тіркестер де ырғағы жағынан біртұтас болып айтылады. Мысалы: солгезде, бұлгүндері, бұлғалада, олғыз, негерек, негеремет, неғылсаң оғыл. Бұлардың жазылуы: сол кезде, бұл күндері, бұл қалада, ол қыз, не керек, не керемет, не қылсаң о қыл.

6. О, а, я, есияқты одағайларменкелген қаратпа сөздер бір дауыс ырғағымен айтылады да, қаратпа сөз қ, к дыбыстарынан басталып тұрса, бұл дыбыстар ғ, г болып айтылады. Мысалы:

жазылуы:

а Құдай

о керемет

я қызым

айтылуы:

ағұдай

огеремет

йағызым

7. Біріккен сөздер де бір ырғақтық топ құрайды. Олар қалай жазылған күнде де (түбірлерін сақтап немесе сақтамай) бір-біріне үйлесіп, үндестік заңдарына бағына айтылады. Мысалы:

жазылуы:

шекара

айтылуы:

шегара

күздігүні

күздүгүнү

Жезқазған

Жезғазған

Сарыарқа

Сарарқа

өнеркәсіп

өнергәсіп

кәсіподақ

кәсібодақ

жанкүйерлер

жангүйөрлер

орынбасар

орұмбасар

дүйсенбі

дүйсөмбі

өгізшағала

өгүшшағала

ақиық (қыран)

ағыйық

8. Қос сөздердіңсыңарлары да бір деммен үйлесе, үндесе айтылады. Олар көбінесе түбірі сақталып, дефиспен жазылады.

жазылуы:

астан-кестен

көзбе-көз

қолма-қол

келе-келе

қилы-қилы

қоян-қолтық

құда-анда

азды-көпті

айтылуы:

астаңгестен

көзбөгөз

қолмағол

келегеле

қыйлығыйлы

қойаңғолтұқ

құданда

аздыгөптү

9. Күн күркіреу, қой қоздау, аяқ аттау, жүрек жалғау, көзі күлімдеу сияқты бір сыңары з а т е с і м, екіншісі е т і с т і к болып келетін тіркестер де бір-бірімен үндесіп, бір тыныспен айтылады: күңгүркүрөу, қойғоздау, айағаттау, жүрөгжалғау, көзгүлүмдеу. Ауа райын хабарлайтын дикторлар “бүгүн пәлен жерде жаңбыр жауұп күңгүркүрөйтдеп айтулары керек (күн күркірейді емес).

10. Бала кезі, жаз күндері, жан құштары, Алматы қаласы, Байкал көлі, аяқ алысы, көңіл қошы, күннің көзі сияқты бір сыңары тәуелдік жалғаулы сөз болып келген тіркестер де бір ырғақпен үндесіп айтылады: балагезі, жазгүндөрі, жаңғұштары, Алматығаласы, Байкалгөлү, айағалысы, көңүлғошұ, күннүңғөзү.

11 Негізгі сөз бен соған қатысты шылау сездер, көмекші есімдер (қасында, ішінде, үстінде т.б.) бір ырғақпен айтылады. Шылаулардың басым көпшілігі (соң, шейін, дейін, туралы, шақты, сайын, басқа, бөтен, тым, таман, ма/ме, ша/ше т.б.) алдыңғы сөзбен бір топ құрағанымен, араларында дыбыстық өзгерістер болмайды: аздан соң, үйге дейін, саясат туралы, он шақты, барған сайын, бала ма, қыз ба. Дыбыстық өзгеріс қ, кдыбыстарынан басталатын шылаулар және көмекші есімдер мен дауысты дыбысқа немесе з, л, р, н, м, у, й, ң дыбыстарына аяқталған сөздердің арасында болады. Ол шылаулар: қарай, кейін, қарсы, қасында. Мысалы, жазылуы: кешке қарай, түстен кейін, жазға қарсы, үйдің қасында, айтылуы: кешкеғарай, түстеңгейін, жазғағарсы, үйдүңғасында.

12. Әр, кей, бір, ешдеген сөздермен келген тіркестер немесе біріккен тұлғалар бір деммен кірігіп айтылады. Мысалы: әрғашан, әрғалай, әргүнү, әрғайдан, кейгүнү, кейгезде, біргезде, біргүнү, ешпір. Бұлардың жазылуы: әрқашан, әрқалай, әр күні, әр қайдан, кей күні, кей кезде, кей кезде, бір кезде, бір күні, ешбір.

13. Кім, не, қайда, қай, қалай, қайсы сияқты сұрау есімдікт е р і өздеріне қатысты (өздерінен кейін тұрған) сөздермен бір топ құрайды: қайдагеттің / баламау //. Жазуда: қайда кеттің, баламау? Нездейсің / көңлүм / нездейсің //. Жазуда: Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?

Кім, неесімдіктерінің септеулі түрлері де (кімнің, кімге, кімді, кімнен, кіммен, ненің, неге, нені, неден, немен) өзінен кейінгі сөзбен бір ырғақты топ құрап айтылады. Мысалы: Бұл / кімніңғолү?Жазуда: Бұл – кімнің қолы?Немеңгелдің?Жазуда: Немен келдің?

Кім, не, қайсы, қалай сияқты сөздер мынау, ол, бұл деген есімдіктерден кейін келіп тіркескенде де, бір ырғақпен айтылады: мынауыңгім, мыналаргім, бұлғайсың, мұнұңғалай, бұлғалайт.т. Бұлардың жазылуы: мынау кім, мынауың кім, бұл қайсың, мұның қалай, бұл қалай.

14. Екі-үш сөзден құралып, бір ғана түсті білдіретін к ү р д е л і сын есімдер және екі сөзден құралып, бір санды білдіретін күрделі сан есімдер бір ырғақтық топ құрайды: ал қызыл (айтылуы: алғызыл), ал күрең (алгүрөң), қара ала (қарала), қара көк (қарагөк), қара күрең (қарагүрөң), он бір (омбір), жиырма алты (жермалты), он бес (омбес), қырық алты (қырығалты). Бұл жерде біз мысалға дыбыстық өзгеріске ұшырап айтылатындарын ғана келтірдік, ал күрделі сын есімдер мен күрделі сан есімдердің басым көпшілігі бір ырғақтық топ құрап айтылғандығымен, сөз аралығында дыбыстық өзгеріс болмайтындары қалай жазылса, солай оқылады. Мысалы: ақ сары, қызыл ала, ақ құба, құла жирен, он екі, он алты, қырық төрт, елу бес дегендер осы жазылған түрінше айтылады.

15. Екі сөзден құралып, бір заттың, бір құбылыстың, бір іс-қимылдың атын білдіретін (атайтын) күрделі атаулар бір ырғақпен айтылады: Мысалы: ортан қол (айтылуы: ортаңғол), асық жілік (асығжілік), тоқішек (тоғішек), қой қора (қойғора), қонақ үй (қонағүй), ақ жауын (ағжауұн), тас жол (ташшол), тоқым қағар (тоқұмғағар).

Сөйтіп, ырғақтық топ құрайтындар жекежай тіркестерболып та (қалқан құлақ, тас жол, Байкал көлі, оқып отыр, көк ала), фраза, идиомдар сияқты тұрақты тіркестер болып та (ашық ауыз, құр қол, қас пен көздің арасында), біріккен сөздер болып та (кәсіподақ, шекара, Жаңақорған), қос сөздер болып та (қолма-қол, қилы-қилы), мәнді сөз бен шылау, одағайлар тіркесі болып та (о керемет, үйге қарай, желге қарсы)келе береді.

Рәбиға Сыздық. Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы). Астана: Елорда, 2000, - 532 б. ISBN: 9965-06-023-1