1968 жылы декабрь айында өткізілген республикалық конфе- ренцияның тақырыбы “Тіл мәдениеті және баспасөз” болатын. Сол кез тіл мәдениеті жайындағы ғылымымыз “аяғын қалт-құлт басып”, өзінің зәру мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудара бастаған кезі болатын. Сол тұста, әсіресе конференция қарсаңында, тілдегіні нормалау мәселелері мерзімді баспасөзде қызу талқылаудың басты объектілерінің бірі болды. Олай болу түсінікті де, бірақ сонда тіл мәдениетінің көп мәселелерін дұрыс түсіне бермейтініміз аңғарылды. Соның бірі – тілдегі не нәрсе нормалануға тиіс? Бұл сұраққа жауап беру оңай емес. Өйткені, тіл дегеніміз – көлбіген кең мұхит және оның бұрынғысы бар, бүгінгісі бар, асып-тасып, оның толқындарының қырында қараңдаған, кейде елеусіз де, жаңалықтары, өзгерістері бар.
Солардың бәрін реттеуді тіл пайдаланушылар өз қолдарына алған кезде, тілдің өзіне тән өзінің ішкі “дәстүрі” бойынша дами беретін заңдылықтары негізінде ңені нормалаймыз дегенде, Т. Қордабаев нормалаудың аясы тек алфавит, орфография, пунктуациялармен шектелуге тиісті деп түсіндірмекші болды [1].
Ғалымдардың айтуын негізге алып, норманы жалпыға ортақ (общепринятое»), не қазіргі қоғам қабылдаған (“одобряемые современным обществом”) тілдік тәсілдер мен тілдік жүйелер (система) деп түсінетін болсақ, олардың солай екенін танытатын қандай белгілері бар? Нормалаудың қандай жолдары бар? деген сұрақ туады.
Бұл сұрақтарға жауап беруден бұрын норманы кейбір ғалымдар “ереже” (“правила”) деп түсіндіруін қабылдауға бола ма? деген сұрауға жауап беру керек. Оны ереже деп танитын кісінің бірі К. С. Горбачевич былай дейді: “Норма дегеніміз – әлеуметтік тұрғыдан қолдау табатын ғана ереже емес, ол тілдік тәжірибеге сүйенетін, тілдік системаның заңдылықтарын көрсететін және беделді жазушылардың қолданылуымен расталғаи ереже”[2, 37].
Әдетте “ереже” (“правила”) дегенді қолдан жасалатын қағида деп түсінеміз. Сол тұргыдан қарағанда тілдегіні ресми түрде ереже-норма деп танитындарымыз мыналар: емле ережелері, грамматика ережелері, сөз қолданудың синтаксис ережелері. Ал тілдің сөз құрамын (терминдерді қоспағанда), дыбыстар заңының қандай екенін, емле қандай болуға тиісті екенін, сөз тіркестері, сөйлемдер құрамы қалай құрылу керек екенін анықтауға болар, бірақ оларға арнайы ереже шығару қиын ғой. Сондықтан “ереже” деген ұғымды ресми қағида деп түсінетін болсақ, ол “норма” дегеннің синонимі бола алмайды. Шамасы, К. С. Горбачевич ол терминді кең мағынада түсінетін болу керек.
Олай болса, норманың “тілдік жүйе” (языковая система) дегенге қатысы қандай? Жүйе дегеніміз – бөлшектеуге болатын өзара байланыстағы тұтастық. Оның болмысында жалпыға ортақ бірлестігі болумен қатар, құрамында әр алуан орайда танылатын ерекшеліктер болады. Қалай болса да тіл жүйелері – оның табиғи болмыстарын қамтиды.
Тілдік нормалар, негізінде, сондай тілдік жүйелер орайында, оларға үйлесімді бірлікте жасалады. Мысалы, қазақ тілінің фонетикалық жүйесінде мынандай заңдылықтар бар: дауысты, дауыссыз дыбыстардың басталатын қосымшалар сөз аяғындағы сондай буын, дыбыстарымен үндесіп, қатаң болса, қатаң, ұяң болса, ұяң, жуан болса, жуан, жіңішке болса, жіңішке болып үндесіп айтылуы да, солай жазылуы да – норма. Ал ерін, езу дауыстылардың айтылуында белгілі үндестік болады. Ол орфоэпиялық норма, орфографияда ерін үндестігі ескерілмейді. Сөз аяғында айтылатын ұяң, қатаң дыбыстар кейінді ықпал заңы бойынша жалғанатын қосымшаның қатаңнан басталатын дыбыстарымен үндесіп айтылады, Ол орфоэпиялық норма. Жазуда олай емес, сөздің түбіріндегі соңғы дыбыс әріптері өзгертілмей жазылады, мысалы: (арызшыл), (арысшыл), (ауызша), (ауышша), (қосшы), (қошшы), (басшы), (башшы). Бұл орфографиялық норма.
Бұдан шығатын қорытынды, қазақ тілінің дыбыс жүйесінен тарайтын заңдылықтардың бәрі бірдей орфографиялық та, орфоэпиялық та норма бола бермейді.
Қазақ тілінің морфологиялық құрылысында қосымшалардың түбірден кейін жалғануы, керегінде бірінің үстіне бірінің жалғануы соңғы жағдайда – алдымен жұрнақ, одан кейін көптік, сонан соң тәуелдік, тәуелдіктен кейін септік жалғауының жалғануы – әрі жүйе, әрі норма (мысалы: замандас-тар-ым-ның, жұмыс-шы-лар- ымыз-дан, адам-гер-шілік-тер-і-не).
Осы бір жүйелі ереженің ерекше болып та, қосымшалардың орын ауысып та жұмсалатын жағдайлар бар. Туыстық қатынасты білдіретін (әке, апа, аға, ана, әже, көке, жәке, ата) сөздерге тәуелдік жалғаулары көптік жалғаудан бұрын да, соң да жалғана береді. Мысалы: әкелерім – әкемдер, аталарым – атамдар, ағала- рың — ағаңдар). Мүнда негізгі, жүйелі нормадан ауытқушылық бар. Ол әйтеуір айтыла салған өзгеріс емес. Солай айтылуында мән бар. Соңғы мысалдарда көптік жалғау сол адамның көпті- гін білдірмей, тәуелдіктер арқылы, оның қасындағы адамдарды қоса қамтып айтқанды білдіреді. Сондай, мағынаны айыру үшін жұмсалатын ауытқулар да тілдік норма құрамына енеді. Тағы бір мысал: сөйлем мүшелерінің сөйлем ішінде орналасуы жүйелі түрде, баяндауыш бастауыштан соң, анықтауыш анықтайтын сөзінен бұрын, толықтауыш, пысықтауыш өздері қатысты сөздерден бұрын орналасады. Тәртіпті сақтай сөйлеу және солай жазу әрі орфоэпиялық, әрі грамматикалық норма (Мұнда да жөнді, жөнсіз ауытқулар болады. Олар туралы кейін айтылады).
Сөйтіп, тілдегінің норма екенін, алдымен, жоғарғыдағыдай, тілдің жүйелігіне сәйкес болғанына қарап білеміз. Сол негізде жиі қолданылып, әбден үйреншікті, тұрақталған тілдік тәсілді норма деп танимыз. Оларды жеке кісілердің субъективті көзқарастары бойынша емес, әдебиетте, әсіресе беделді, ана тілі байлықтарын әдебиетке сұрыптап енгізуде ерекше қызмет атқарған, көрнекті ақын-жазушылардың туындыларында, солардың тіл жұмсау дәстүрін сақтап, соларды ілгері дамыта түсетін басқа да әдебиетте, әсіресе мерзімді баспасөзде, көркем әдебиетте жиі қолданы-лып, әбден қалыптасқан тіл байлықтарының бәрі норма деп есептеледі. Осы тұрғыдан қарағанда, тілдегі нормалық сипатты айқындауда сөздердің, тіркестердің т. б. әдеби тілде жұмсала бастау мерзімін кесіп-пішіп айту қиын. Мысалы, негізгі сөздік қордағы байлықтар (мал, бура, қасық, қазан, қызыл, алпыс т. т.), тұрақты тіркестер, грамматикалық тұлғалар атам заманнан бері жұмсалып келе жатса, енді бірқатары әдеби тілге кейін еніп тұрақталған. Мысалы, неологизмдер мен терминдер, жаңа орфографиялық ережелер мен орфографиялық нормалардың қалыптасып нормаға ай- налуына мерзімді баспасөз қомақты қызмет етсе, халық тілінің байлықтарын таңдап, талғап қолданып, әдеби нормаларға айналдыруда атақты ақын-жазушылардың іс-әрекеті ерекше болды. Соңғыны кейбір орыс ғалымдары “беделді түпнұсқа (источник)” деп те атайды. Е. С. Истрина: “Норма деген түпнұсқаның беделділігімен және ойдағы тіл құбылыстарының қолданылу дәрежесімен анықталады. Жалпы халықтық қолданыстың бәрі норма болып есептеледі”[3,19], – деп дұрыс айтқан.
Қазақ тілінің нормаларын тануға осы қағиданы ең басты тірек етуге болады. Бірақ бұндай жағдайда қай тұпнұсқаға жүгіну керек? Жалпыға бірдей танымал, жұрттың бәрі бір қалыпта жұмсайды дегенді де әркім әр түрлі болжауы мүмкін ғой. Мүндайда арқа сүйеу ететіндеріміз Абай, Ыбырай, Мұхтар, Ғабит, Бейімбет, Сәбит, Ғабиден, Сәкен, Әбділда деп көркем-әдебиет классиктерін атаймыз. Бірақ солардың бәріне ортақ қазақ тілінің қара қазанында қайнаған тіл байлықтарының арасында әдеби тілге тән емес, норма деп танылмайтын сөз қолданыстары мен грамматикалық ерекшеліктердің бар екені белгілі. Олай болудың түрлі себебі бар. Мысалы, Абай 13– 19 жастағы кезінде “шағатай әдебиетінің” шеңберінен шыға алмай жүрген кезі болған. Сол ерте кездегі жазғандарында араб-парсы сөздерін сол тұстағы нормаға лайық хаким, ғыззат, ғұмыр, ғарап, ғадат, ғамал, ғалам, ғайып сөздерін өз шығармаларында қатыстырып отырған. Кейін ондайдан суынып, тілге демократиялық бағыт тұрғысынан қарап, әлгіндей сөздерді халық аузында айтылуы бойынша жазатын болған: әкім, іззет, арап, әдет ғанибет, амал, әлем, айып. Осындайлар казір норма. М. Әуезов “Білекке білек” еңбегінде, F. Сыланов “Кең өріс” повесінде, Ә. Нұрпейісовтің “Қан мен тер” романында бірқатар диалектизм мен басқа әдеби нормаға жатпайтын жергілікті қарапайым сөздерді қолданған. Олардың да түрлі себептері бар.
Соларға қарағанда беделді жазушы, ақын шығармаларының тілін жалпы халыққа ортақ өнеге-үлгі деп қабылдаумен қатар, оларда да нормалардан жөнді, жөнсіз ауытқулардың болатынын мойындауға тиіспіз.
Көркем әдебиетте нормаға жатпайтын мынандай сөз қолданыстары кездеседі: кейінің, біреусі, бір үйір саудагер, үй егесі, хабарлас қылды т.б. Кейінің мылтымасы жоқ (Н. Сералиев). Жолаушы хабарлас қылды білем (Ә. Нұрпейісов). Өзің құралпы жігіттер, олардың біреуісі (Б. Соқпақбаев). Бес-алты түйір алмадан басқа дәнеңесі жоқ (Н. Сералиев). Осындайдың бірқатарын жазушылар білмегендіктен емес, біле тұра, белгілі мақсатқа лайық етіп те қолданады. Қалай да қолданылу жиілігі байқалмайтын ондай сөздер мен сөз тіркестері әдеби тілдің нормасы деп есептелмесе керек. Норма және норма еместі айыру үшін жиілік принципін, әсіресе дублет сөздермен жарыса “қанжығада” жұмсалатын сөз тіркестеріне негіз етуге болады. Сол тұрғыдан мына кесте берілген сөздерге назар аударайық:
жиі — норма | жиі емес норма емес | жиі — норма | Жиі емес норма емес |
сияқты, секілді рұқсат қиіз (киіз үй) манадан бері қазір, қазіргі тізе диірмен қарбыз | құрпы, рәуішті ұлықсат кигіз (кигіз үй) маналы бері кәзір, кәзіргі дізе тиірмен дарбыз | Қияр құдағи шұбат кәдімгі шалбар | бәдірең құдағай қымыран кәдуілгі, кәдуескі сым |
Көркем әдебиетте әдеттегідей тіркесу қабілеті жоқ сөздерді тіркестіру арқылы белгілі көркемдік образ, эмоциялы-экспрессивтік мағына оралымы жасала береді. Олар сол қалпында жиі қолданылмауы да мүмкін. Сонда да көркем әдебиет стилі үшін олар да норма деп есептеледі:
Арқанын кербез сұлу Көкшетауы.
( Сәкен)
Жалт беріп құралай көз қарағанда,
Жанымнын жайлауындай жарасасың.
(Қасым)
Норманы айқындаудың тағы бір критерийі – тілдік тәсілдердің мағына жүйелілігі. Мағына айыруға қызмет ететін тілдік тұтастық, тілдік тәсілдердің бәрі нормаға енеді. Мысалы: 1) Қазақ тіліндегі дыбыстардың бәрі емес, тек фонемалары ғана норма. Heгe? – Олар сөз мағыналарын (асты, есті, алды, әлді сияқты) дифференциация лайды: дыбыстар сөз мағыналарын айыру үшін жұмсалады. Ондай сөздер құрамындағы дауыссыз дыбыстар жуан, жіңішке болып айтылуы мүмкін, бірақ сөз мағынасын түрлендірмейді; 2) Синтаксистік құрылыста бастауыш пен баяндауыштын қиысуы әрі жүйелі, әрі мағына дәлдігін аңғартады. Мен, біз, сен, сіз сөздері бастауыш болғанда, баяндауыштар соларға бағынып, мағыналық үйлесімі бойынша тұлғаланылады. Төрт есімдіктен басқа сөздердің бәрі, тіпті тәуелдік жалғауда тұрса да, бастауыш болса, баяндауыштары 3-жақта айтылады. Солай болу норма. Ал өзі, бәрі, екеу, үшеу сөздері тәуелдік жалғауда тұрып бастауыш болғанда, олардың жақтық мағыналары басқаша болады. Салыстырайық: Әкем келді (III), өзім келдім (I), бәріміз келдік (I), баламыз келді (III), үшеуіңіз келдіңіз (II). Бұл да норма.
Ал жіктік жалғауларының (-мын) көсемшеден кейін қысқарып -м (барам), немесе диалектідегі барасыңыз, немесе жіктік жалғауларының түсіріліп айтылуы норма емес, жұмсалуына қарай жөнді, жөнсіз ауытқулар болады. Кейбір өлеңді, мақал-мәтелді сөйлемдерде буын саны артып кетпеу үшін, кейде сөйлемді үнемді ету үшін сөзге жалғануға тиісті жіктік жалғаулар түсіріліп айтылады. Олай болуда жүйелік те, жиілік те, мағына айыру қызметі де байқалмайтындықтан, ондайды норма деп танымаймыз. Сондықтан нормативті грамматикаларда мынандай мысалдар елеусіз болып қала береді.
Сен – темір де, мен – көмір,
Сен – арыстан, мен– қабылан...
(Қазыбек)
Сен салар да, мен салар,
Атқа шөпті кім салар?
(Мәтел)
3) Екі түрлі дыбыстық құрамда айтылатын о бастағы бір сөзге, әсіресе журналистер екі түрлі мағына теліп жұмсайды. Мысалы: өкімет – үкімет, ілім– білім – ғылым, оқиға – уақига, әрекет– харекет, әлем – ғалам (аспан әлемі, он сегіз мың ғалам), өйткені – үйткені. Осындай сөз мағыналарын айыру қызметінде жұмсалатын дублеттер сыңарлары бөлек-бөлек сөз есебінде норма деп танылады. Оның бір жайсыз жағы – осындайдың қайсысы қандай мағынада жұмсалатыны жұрттың бәріне бірдей аян бола бермейді. Себебі, бұл жасанды материал. Ондай жасандылардың жалпы халықтық сипатқа ие болуы үшін көп уақыт керек; 4) Қазақ тілінде калау рай етістіктері түрліше тұлғаларда айтылады. Мысалы, барайық, баралы, баралық.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
(Ы. Алтынсарин)
Мекен іздеп, жігіттер, кел-кетелі,
Ортасында Көктөбе белгі етелі...
(Қозы Көрпештің ” Жанақ нұсқасы)
“Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының тағы бір нұсқаларында кел-кетелінің орнына кел – келелік, белгі етелік түрінде айтылған. Бұлар, әрине, ертеде ауыз әдебиетінде кездесетін көне тұлғалар. Олар қазіргі әдеби тілде әдеби норма есебінде жұмсалмайды.
Норманы айырудың тағы бір критерийі белгілі тілге жаңадан енген тәсілдердің әбден орныққан тілдік модельдермен үйлесімділігі.
1) Октябрьден кейін пайда болған жаңа ұғымдарға лайық көптеген жаңа сөздер жасалады. Мысалы, атым, қысым, басым, күтім модельдеріне ұқсас өнім, түсім, құрам, тізім, басылым сияқты сөздер жасалды; айтыс, күрес, тартыс, шабыс сияқты сөздер моделі бойынша құрылыс, табыс, жаратылыс, жиналыс, көтеріліс сияқты сөздер жасалады. Жолбарыс, жарқанат, ашудас, балықкөз сияқтылардың үлгісімен шекара, баспасөз, өнеркәсіп, келіссөз тәрізді біріккен сөздер жасалды. Олар қазір жалпы халықтық норма дәрежесіне дейін көтеріліп отыр, Қазақ тілінде келешек, болашақ дегендер мен барашақ, білешек, түсешек дегендердің, күте- күте екі көзіміз төрт болды, оның делебесі қозбады дегендер мен күте-күте көзіміз көгерді, оның бүйірі қозбайды (Қазақ әдебиеті, 21.1. 1983) немесе лак,пен лақтыр, тері-терсек пен темір-терсек (сонда) дегендердің арасында ешқандай жақындығы жоқ қателер; өткізсе – өткерсе, түгелденуі – “түгенделді”, пәлендей – “бәлен- дей”... дегендере айтылу нормасы бұзылып, дұрыс қолданыл- маған сөздер. Сондықтан мұндайлар көзге шыққан сүйелдей жат көрініп тұрады.
Орыс тілінің игілікті әсермен синтаксисте бұрыннан бар модельдерге сәйкес көптеген сөз тіркестері жасалды. Олар тез нормаға айналып кетті: Мысалы, еңбек жеңісі – трудовая победа, тәрбиенің пәрменділігі – действенность воспитания, идеялық-саяси тәрбие – идейно-политическое воспитание, социалистік жарыстың қорытындылары – итоги социалистического соревнования, ғылым мен өндірістің байпанысын нығайта беру – крепить связь науки с производством, атеистік насихат– атеистическая пропагандат.б.
Жоғарыда көрсетілген белгілеріне сай тілді әдеби қалпына келті- ретін, нормалайтын нәрселер – әр түрлі сөздіктер мен оқулықтар, оқу кұралдары, әр алуан әдебиет пен көпшілікке арналған үгіт-насихат орындары; оқу-ағарту орындары мен өнер-білім, ғылым мекемелері т. б. Әрбір көзі ашық, сауатты азамат ана тілін қадірлеп, әдеби тіл мәдениетін, өзінің тіл жұмсау мәдениетін арттыру үшін тіл категорияларын дұрыс пайдалануға тиіс. Сөйтіп, тілдік норманы айқындаудың критерийі бірнеше болғанда, соларды баянды етудің, жұртқа танытудың жолы да бірнеше болады:
1) Кодификация жолы (тілдегі заңды құбылыстарды оқулық және басқа құралдар арқылы насихаттау).
2)Теңдестіру жолы (тілдік құбылыстарды ресми түрде қабылдап, оларға жалпы халыққа ортақтық сипат беру, мысалы, орфографияда, терминологияда).
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Қордабаев Т. Тіл мәдениеті мәселелері– Қазақ әдебиеті. 1968, 10 август.
2. Горбачевич К. С. Норма современного русского литературного языка. М., 1978. С. 37.
3. Истрина Е. С. Норма русского литературного языка и культура речи. М.-Л.,1948. С.19.
Балақаев М.Б.
«Қазақ әдеби тілі»- Алматы, 2007.- 423- 430 б.