Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы



Біріккен сөздердің орфографиясы

Біріккен және кіріккен сөздердің мән-жайын айқындау арқылы оларды дұрыс жазып таңбалаудың ғылыми негіздерін аңғарамыз. Ол сөздер тобы мұғалима, құнажын, дөнежін, студентка сияқты род мағынасын меңзейтін сөздердей азын-аулақ, елеусіз нәрселер емес, қазақ тілі сөз байлығының барлық грамматикалық топтарынан елеулі орын алатын, – заңды құрамы, құрылысы бар лексика-морфологиялық категория. Орасан мол бұл жаңа сөздер жүйесі қазақ тілі лексикалық қорынан елеулі орын алады. Екі сөзді қиюластырып, мағыналық үйлесіміне лайық жаңа сөздер жасай білу халықтың, қала берді, тілді пайдаланушы оның және топтарының, ой өрісінің дамығандығын білдіреді. Әдетте, жаңа сөз – тілдік қатынаста пайда болған жаңа мағына, жаңа ұғыммен ұштасып жатады. Жаңа сөз қажеттіліктен пайда болып, белгілі мағынада тілде қызмет атқару үшін жұмсалады.

Біріккен сөздің сыр-сипатын дұрыс танып, дұрыс жазуда дау тудырып жүрген жайттар, ала-құлалықтар барлық түркі тілдерінің орфографиясына тән. Біріккен сөздердің жалпы құрылысы, негізгі түрлері, ұқсастығы ол тілдердің бәрінде күшті болғанымен, біріккен сөздердің жалпы дәрежесі, оларды хатқа түсіру дәрежесі бірдей емес. Тіпті, бір тілдегі біріккен сөз басқа тілде болмауы, басқаша айтылуы мүмкін. Мысалы, қазақ тіліндегі ара (пчела) ноғай тілінде – «балшыбын», қазақ тіліндегі жүгері (кукуруза) онда – «аьжибидай», қазақ тіліндегі картоп (картофель) ол тілде – «ералма» (жер алма).

Әр тілдің осылардай сөз құрамдарының ерекшеліктері болумен қатар, үұрделі сөздерді дұрыс жазу дәстүрі, орфографиялық тәжірибелер де әртүрлі, күрделі сөздерді таңбалау принциптері де бірдей емес. (Оларды бірдей ету мүмкін емес сияқты). Мысалы, бізде күрделі сан есімдердің бәрін, соның ішінде, 11,12,13,14,15,16,17,18,19 сандарын әріптермен жазғанда да, әр санды бөлек таңбалайтын болсақ, татар жазуында оларды біріктіріп жазады: унбир, уники..., ал гагауздар 11-ден 19-ға дейін және жүз сандарын одан бұрынғы сандарға қосып жазады: онбир, оники, онуч...; учуз (300), алтыуз (600)...

Алтай тілінде кіріккен сөздерді, солардың ішінде бежен (бес он), алтан (алты он), етен (жеті он) дегендерді біріктіріп жазады да, басқа күрделі сөздердің бәрін (біріккендерді) бөліп жазады.

Орфография тілдегі бар заңдылықтарға, тілдегі ұтымды, прогресті құбылыстарды баянды етуге, дамыта түсуге негізделуге тиіс. Бұл талап – біріккен, кіріккен сөздердің де дұрыс жазылуына қойылатын басты талап. Ол құбылыстарды айқындау, дұрыс тани білу оңай емес. Сондықтан біріктіріп жазылуға тиісті сөздердің құрамын, бөлек жазылуға тиісті сөздер мен олардың шекарасын дәл белгілеу оңай болмайтындықтан және осылар жайында әр түрлі субъективті көзқарастар жиі кездесетіндіктен, бірқатар түркологтар біріккендерді таңбалаудың «оңай жолын» іздейтін болды. Кейбір жолдастардың ойынша ол жол – біріккендерді біріктірмей, әр сөзін бөлек-бөлек жазу. Түркі тілдерінің орфографиясын құрастырушы бірқатар ғалымдар жазуды түгелімен сол жолға түсіруге болмайтынына көздері жеткен соң мүмкін болғанша біріккендерді қосып, біразын бөліп жазуды уағыздайтын болды. Қарақалпақ, қырғыз, тува, хакас орфографияларында соны принципке айналдырғысы келеді: «біріккен сөздерді көбінесе екі айырып жазу күрделісөздерді дұрыс жазудың негізгі принципі болуға тиіс», - дейді Д. С. Насиров «Орфография каракалпакского языка» деген мақаласында [1,126]. Осы пікірді басқа ғалымдардың жазғандарынан да кездестіреміз. Түркі тілдері орфографияларымен шұғылданып жүрген К.М.Мұсаев та осы принципке сүйене тұрсақ қалай болар екен дегендей пікір айтады [1].

Бірігіп жазылуға тиісті сөздерді мүмкін болғанынша тежеу, басқаша айтқанда, азайтуда «принцип» деп уағыздағанда не ұтамыз? Әдетте принцип ғылыми болжауға негізделу керек емес пе? Бірігіп жазылуға тиісті сөздердің санын азайт, оларды бөліп-бөліп жазуды көбейт дегеннен не табамыз? Сондайдың тіл – тілдің сөз байлығын дамыта түсуге зиянынан басқа пайдасы бар ма? Бірқатар сөздердің біріккен не бірікпеген екеніне көз жетпегендіктен, оларды бөліп жаза тұрайық деудің жөні бір басқа, ал танымалы біріккен сөздерді бөліп жазудың, немесе екі сөзді біріктіріп жаңа сөз, термин жасауды прогрессивті құбылыс емес деп танудың қисыны жоқ. Дұрысында қиындықтан қашқандық – принципсіздік болды. Мысалы, қырғыз орфографиясында сөздерді біріктірмей, айырып жазуды негізгі «принцип» деп тауып, оны кейбір тіл мамандары былай дәріптейді: «...сөздерді бириктирбей, ар бирин айрим-айрим жазу» айтылған ойды, дәл түсінуге де, сөйлемдегі әрбір сөздің шегін ажыратып тануға да толық мүмкіншілік береді. Егер осы айтылған пікір дұрыс болса, тіл дамуында біріккен сөздер жасалар ма еді? Егер күрделі сөздерді бөліп жазу пайдалы болатын болса, өз еліміздегі тілі басқа, тілдері бір халықтар тілінде, мысалы, орыс тілінде және бір сыңары түрік тілдерінде сөздерді біріктіріп жазу пайдасыз болғаны ма? Қырғыз жазуы үшін ол «дәлел» ғылыми дәйекке негізделген болса, неге кіріккен сөздер мен кісі аттарын, жан-жануарларға қойылған басқа да жалқы есімдерді қосып жазуды ереже етіп қабылдаған? Қырғыз баспасөз тәжірибесінде бөліп-бөліп жаз деген сөздерді біріктіріп жазып жүргендер аз ба? Олар, әрине, екі сөзден жасалған әрбір сөздің жігін анық көрсету, дәл түсіну үшін сөйтеді. Сонда да басқалар бөлек жазуды дұрыс деп дәріптеп жатқан соң, бізге де кейініректе керісінше пікір айтуға тура келеді, мүмкін болғанша «Максимальное раздельное написание» деген принцип болса, оның шегі, мөлшері қалай болмақ? Азербайжан, түрікпен, өзбек, қазақ, татар т.б. халықтары жазылуында біріктіріліп жазылған сөздердің саны көп. Сонда бұл тілдердегі сөздердің мағыналары күңгірттеніп, түсініксіздік пайда болмайды, қайта сөз мағыналары сараланып, дәлділік, айқындылық пайда болады. Бұл аталған тілдердің жазу дәстүрінде бірігіп не бөлініп жазылатын сөздердің шама-шарқы бірдей емес. Мысалы, қазақ орфографиясында бір лексикалық тұтастығы бар зат есімдер бірігіп жазылады да, татар жазуында соңғылар біріктіріліп жазылады. Сонда осынымыз «максимальное раздельное написание» болғаны ма, болмағаны ма? Оны қалай өлшеуге болады? Деген сұрақ туады.

Сөздерді біріктіріп жазудың мақсаты – тілдік санада, тілдік тәжірибеде барды банды ету, жұртты саналы, сауатты жазуға жетектеу. Олардың ғылыми негіздері мыналар:

1. Біріккен сөз – күрделі құрамды сөз. Солай сөз жасау тарихи процесс. Ол – тілдің ішкі заңдарына негізделген заңдылық. Ойдан шығароылған не басқа тілге тән құбылыс емес, қазақ тілі, қазақ жазуы қабылдап, игеріп жатқан құбылыс. Оны дамыта беру үшін графикалық таңба, орфографиялық ережелер арқылы белгілі қалыпқа түсіру – тіл жұмсаушылардың сан-сезімін дамытуға ықпал жасағанымыз болады. Тіл жұмсаудағы бұл прогрестің дамуы – адам ойының ілгері дамуының да көрінісі. Біріккендердің жігін айырып бөлшектеп жазу, немесе біріктіріп жаңа сөз жасауға қарсы орфографиялық қағида ұсыну – күрделенген өскелең өмірімізге жарасымды әрекет болмаса керек. Сөз – сөз тіркестері мен сөйлемдерді құраудың материалы болса, біріккен сөз – сомданған материал. Оларды сол күйінде жазу – бөлшекті бүтін күйінде пайдалану, сөйлемдер арқылы ой дәлдігін білдірудің нышаны. Біріктіріп жазу жинақтылықтың да нышаны. Жинақтылық- мәдениеттіліктің белгісі. Мәдениетті елдің жазуы тілдегі сөз тұтастығын бұзбай, адамдардың психологиялық ойлау қабілетіне сәйкес болуға тиіс.

2. Біріккен сөздерді біріктіріп жазу- тілдің сөз байлығын дамытудың да қамы. Тұтастырып жазу – жазудың тиімді түрі. Ол тіл жұмсаушылардың, мектептерде тіл сабағын оқытушылардың саналы, ойлы әрекетіне негізделеді.

3. Біріккен сөздерді жұртқа біріктіріп жазып оқыту арқылы солардың тұтастығын танытамыз, бір сөз ретінде дұрыс жазып жылдам оқуға тиісті жағдай жасаймыз. Мысалы, біржола, келіссөз, оңтүстік, қосаяқ тәрізді сөздерді бір жола, келіс сөз, оң түстік, қос аяқ деп қырғыздарша бөліп-бөліп жазып, олай оқытқанда, ықшамдылықтың орнына шашыраңқылық, ежіктеу, теріс түсініктер пайда болмай ма? Түсінік үшін бірге жазылатын ақсүйек (ойын), ақсақал (адам, қария), Аққұм, Сұршақыз (ән) сияқтыларды сондай құрамда бөлек жазылатын ақ сүйек, ақ сақал, ақ құм, сұрша қыз дегендей тіркестерінен айыруда үлкен мән бар, сол үшін де оларды біріктіріп жазамыз. Осындай тілдік тәрбие жұртты ойшыл болуға баулиды.

Рас, біріккен сөздерді жай тіркестерден айыру қиын болатын жерлері де бар. Сондықтан бір қазақ тілінің ғана емес, өзге түркі тілдері орфографиясында біріне-бірі қарама-қарсы пікірлер де, түрліше жазу мысалдары да көп кездеседі. Сондай болмаса екен деген оймен кейбір ғалымдардың күрделі сөздерді бөліп жазуды принципке айналдырайық (мысалы, алтай, қырғыз, ноғай халықтары жазуларындағыдай) дегендері тек олардың дәрменсіздігін көрсетеді. Дұрысы, керісінше, біріккен сөздерді барынша біріктіріп жазу орфография ережелерінің негізгі принциптерінің бірі болу керек:

1 Тарихи дәстүрді дамыта түсу арқылы тілдің сөздік құрамын байыту үшін, тілде жаңа сөздер жасалса, соларды танып, біліп, өмірлік қажеттілікке айналдыру үшін, сөздердің айтылуы мен жазылуын біркелкі ету үшін, мағына дәлдігі үшін біріктіріп жазамыз.

2. Графикалық, орфографиялық таңбалар арқылы екі сөздің бірігуі арқылы бір атау, бір ұғым – бір сөз екенін оқушылар мен жазушыларға таныту, оларды басқа сөз тіркестері мен түйдекті тіркестерден айыру үшін біріктіріп жазамыз.

Біртұтас мағынасы бар күрделі (біріккен) сөздерді біріктіріп жазу – графикалық шартты әрі тиімді шешім. Солай жазғанда оқушылар мен оны жазушылардың орфографиялық ой жұмысын жеңілдетеді, сөздік ұғым мен графикалық таңба арасында теңдестік пайда болады. Адамның жазу әрекеті мен көру (оқу) әрекеті үйлесіп қалыптасқан сайын тілдік сана-сезім күшейе түседі, сөз мағынасының шоғырланып абстракциялану процесі оның дағдысына айналады.сондықтан аздаған қиындығын жеңіп, біріккен сөздерді біріктіріп жазу дағдысын баянды ете беру – прогрессивті құбылыс.

Біріккен сөздердің бәрі болмағанмен, көпшілігін тұтастырып таңбалау – қазіргі жазу тәжірибемізде сыннан өткен дұрыс бағыт. Әрине, біріккенді бірікпегеннен айырып, танып барып, бірін олай, бірін былай жазу әлдеқайда қиын. Сол қиындықтан қашып жеңіл жол іздеудің түпкі нәтижесі не болмақ? Орфографиялық ережелер тілдің даму бағдарымен үйлеспей, аяққа тұсау болып жатса, ғылыми болмағаны да. Ол талап іс жүзіне аспай, тіл жұмсаушылар дұрыс жол іздейді. Біз ді сөйттік.

Біріккен сөздерді бөлек жазу қазақ тілінің сөз байлығын молайтудың қамы болмайды, әр алуан сөздіктер жасағанда, дара салмақты сөз қатарына – реестерге – сөзтізбегіне енбей әр бөлшегі әр жерде бытырап жүретін болады.

Екі сөзден біріккен кісі, жер-су аттары көп. Солардың бірігіп жазылуында қиындық та, айтарлықтай ала-құлалықта жоқ. Неге олай? Олардың бірігіп жазылуы неге негізделген? Олардың тұрақтылығы міндеттілігі мен стандарттылығына негізделген. Кісі аттары мен жер-су аттарының лексика-грамматикалық мағыналары да орфографиялық ресми ережелері де бұл жағынан күмән туғызбайды. Өйткені олар – белгілі затқа танылған атаулар. Егер біреудің аты, бір жердің стандарт түріндегі ресми атауы екі сөзден құралған болса, емле ережесі бойынша жұрттың бәрі міндетті түрде ондайды біріктіріп жазып жүрсе, оны біле тұра кім басқаша жазады? Кісі аты қоғам арасында, географиялық атаулар ел арасында, үкіметтің қаулы-қарарларында, іс қағаздарында, картада, транспортта, байланыс орындарында... ресми түрде номинативті қызметті атқаратындықтан, оларды басқаша жорамалдауға болмайды. Екі сөзден құралған кісі аттары қазақ, қырғыз орфографиясында әр сөзі бөлектеніп сызықша (дефис) арқылы жазылады.

Кісі аттары екі сөзден құралса, олар бірігіп жазылады деген ереже әбден орнықты болды, бірақ жалпы есімдерден гөрі дыбыстық, буын құрамында еркіндік, өзгеріс күшті болады.

Ал, ондай құрамдағы жалпы есімдердің жазылуында тұрақтылық болмай, жұртшылықты қиындыққа душар ететін себебі неден?

Мұның себебі көп: біріншіден, күрделі есім, етістіктердің қандайын «біріккен сөз» деп тануға тиісті екеніміз жұрттың бәріне бірдей аян болмайды. Оның 4 – 5 белгісінің ішінде (мағынасы, сөйлемнің бір-ақ мүшесі болатындығы, сөз екпіні, байланысы, синтаксистік қатынасы) мағына тұтастығы ең сенімді , басты белгісі болса, оны да кейбіреулер тайғанақ болжам деп түсінді. Оған қосымша тірек ететініміз – екі сөздің ритмика-фонетикалық топ құрап ұйысуы іс жүзінде онша еленбеді. Сөйтіп, біріккен сөздерді семантика-фонетикалы орайда тұтас бір сөз деп танудың орнына, кейбір ғалымдарымыз басқаларға еліктеп, сөздерді біріктірмей бөліп жазудың жаршысы болды.

Дұрысында, біріккен сөздер тобының мағыналық және ритмика-фонетикалық тұтастығын, бүтін бір сөз екенін жұртқа танытатын да, олардың сол тұтасқан қалпын қатайта, қалыптастыра түсетін де олардың біріктіріліп жазылуы болуға тиіс қой. Жүннен текеметбастыру технологиясының мәні қандай зор болса, екі сөздің мағыналық-фонетикалық бірлігінің хат жүзіндегі технологиясы олардың біртұтас етіп біріктіріп жазылуы деп білеміз. Көп жылғы тәжірибеміз соны көрсетеді. Оған мән бермей, біріктіріп жазуға тиісті сөздерді бөліп жазу немесе мүмкін болғанынша ондайдың санын азайту жаңа сөз жасаудың,сауаттылықты арттырудың іргесін бекемдей түсудің қамы болмаса керек.

Екіншіден, ресми орфографиялық ережелерімізде бірігіп жазылуға тиісті сөздердің саны мен сапасы әбден тежеліп, азайтып жазу уағыздалса, іс жүзінде біріккендерді біріктіріп жазу бағыты күшті болды.

Біріктіріп жазылуға тиісті күрделі сөздер туралы «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде» былай делінген:

«Ғылымның әр алуан саласындағы (саяси-әлеуметтік, биологиялық, астрономиялық т.б.) терминдік мәнге ие болып қалыптасқан атаулар және басқа сөздер де бастапқы тұлғалары сақталып дағды бойынша бірге жазылады «... қалыптасқан», «дағды бойынша» деген сөздер бірізділікті, біркелкілікті көздемейді, қалыптасқан – қалыптаспаған, дағдыға айналған – дағдыға айналмаған деген екіұштылықты білдіреді.

Бірігіп «қалыптасқан», «дағдыға айналған» деген ұғымдар дәстүрлі принципке негізделген. Солай айтудағы мақсат – бірігіп жазылатын сөздерді тежеу, санын көбейтпеу. Тек ылаждың жоқтығынан бірігіп жазылып, терминдік мағынаға ие болып әбден сіңісіп кеткендерін ғана дәстүр бойынша солай жазайық дегенді көздейді. 1963 жылғы «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» осы көзқарасты бекемдей түсу үшін оның алғы сөзінде де тағы мынаны ескертеді: «Сөздікте жазылуы әбден қалыптасып кеткен тек мынадай бірлі- жарым (курсивпен берген – М.Б.) сөздердің ғана орфографиясы бұрынғы қалыптасқан күйінше өзгеріссіз берілді. Мысалы, тасбақа, көлбақа, кұрбақа, шөлбақа, бесжылдық, жетіжылдық». Осы айтылғандардан шығатын қорытынды мынау: біріккен сөздердің бірігіп жазылып қалыптасқандары ғана (олар бірлі-жарым емес) сол күйінде жазылады да, жаңадан біріктіріп сөз жасауға тыйым салынады. Жұртшылық оны еледі ме? Елеген жоқ. Бұрынғының ізімен біріккен сөздер жасалып, бірігіп жазылып қазақ тілінің сөздік қорын көбейтіп жатты. Оған ешкім тыйым сала алмады.

Дәстүрлі принципті уағыздайтын кейбір совет ғалымдары ол принципті жақсы жағымен алданады да, зиянды жақтарын елемей, халық үшін жазуды жеңілдеткен жөн болар деген оймен біріктіріп жазуымызға тиісті жаңа сөздерді бөліп жазу керек дегенмен әуре.

Тілдік өмір, әдеби тілді өткір құралы ретінде пайдаланушылар олармен есептесіп жатқан жоқ, дағдыға айналған біріккен сөздердің қатарына лексика-семантикалық принципке сүйеніп мыңдаған жаңа біріккен сөздер енгізіліп жатыр. Дұрысы – сол. Тіпті, 1963 жылғы орфографиялық сөздіктің алғы сөзіндегі және ережелер жинағындағы жоғарыда біз келтірген тежеу цитататалардағы пікірлер сөздіктегі біріккен сөздердің берілуімен үйлеспейді: ереже мен нұсқауда бірігіп «жазылуы қалыптасқан», «дағдыға айналған», «тек... бірен-саран сөздер ғана» бірігіп жазылады дегендер бір редатордың көңілі үшін айтыла, жазыла салған сияқты. Ал ол сөздіктегі сөздер тізімінде бұл нұсқаумен үйлеспейтін мыңдаған сөздер бар. Соның өзіне біріккен, бірігіп жазылуға тиісті сөздерді азайтудың да қамын жегендігі байқалады. Мысалы, бірігіп не бөліне жазылатын күрделі сөздерді олардың лексикалану, мағыналық тұтастығына қарамай, құрамы жағынан солармен сыбайлас басқа сөздерге қарап, оларды сол ұя ішіне енгізгені белгілі, мысалы, ауызбастырық, ауызбірлік сөздері ауыз қора, ауыз қуысы, ауыз үй сияқты сөздер болғандығынан бөлініп жазылған.