Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы



Қазақ тілі мәдениетінің бүгінгі проблемалары

Көбінесе «тіл мәдениеті» деп жүрген саланы ендігі жерде «сөз мәдениеті» деп атаған да дұрыс болар ма еді деген пікірді көпшілік талқысына салғанды жөн көрдік. Себебі бұлжердегі «сөз» дегеніміз – «айтылған (не жазылған) ой, әңгіме» мағынасында жұмсалатын термин болмақ. Ұлы Абай: «Сөз айттым Әзірет Әлі, айдаһарсыз» немесе: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегендерінде сөз деп бүкіл поэзиясын, өлеңдерін, ой-пікірлерін айтып отыр емес пе! Ғылыми түсініктеме берсек, тіл дегеніміз – дыбыс, буын, сөз, сөйлем сияқты таңбалардың жүйесі, ал Абайша қолданылған «сөз» (орысша – «речь») дегеніміз – сол таңбалардың қолданыстағы көрінісі, олай болса, «мәдениет» деген ұғымжалпы тілдің дұрыс-бұрыстығы туралы ғана емес, сол тілдің жұмсалу тәжірибесінде көрінетін заңдылықтары, дұрыс жолдары жайында екендігін ескеру керек сияқты.

Тіл (сөз) мәдениеті туралы келелі әңгіме тілге қатысты білім-танымның өзге салаларына қарағанда, әлдеқайда кейін, кешірек пайда болады. Бұлталап тілдің, әсіресе оның жазба әдеби және ұлттықтүрінің біршама дамып, әлеуметтік қызмет өрісі кеңейген кезде күнтәртібіне қойылады және бұл проблема белгілі бір тілдің жалпы қолданысы емес, белгілі бір кезеңдегі, белгілі бір әлеуметтік ортадағы дұрыс қолданысы тұрғысында ұсынылады. Сол себептен қазақ тілі мәдениетінің әңгіме арқауы бола бастағанына аса көп уақыт өткен жоқ.

Үстіміздегі ғасырдың 20-жылдарында да қазақ тілі «мемлекеттік тіл» атанып, оны қазақтардың өздерінің де, өзге ұлт өкілдерінің де үйренулеріне қам-харакет жасалғаны мәлім. Бірақ ол кезде казақ тілінің мәдениетін көтеру проблемасы күнтәртібіне қойыла алмады, өйткені солкезеңде қазақ жұртшылығын жаппай сауаттандыру, қазақ тілінің қолданыс өрісін кеңейту, ұлттық баспа ісін дамыту сияқты шаруаларды жүзеге асырып алмай, тіл тіршілігінің бір ғана қыры – оның мәдениеті деген жүктіқоса арқалаудың мүмкіндігіболған жоқ. Ал қазір жағдай (ситуация) мүлде басқаша. Себебі тіл төңірегіндегі бүкіл іс-әрекеттерімізді екі майданда қатар жүргізуді өмірдің өзі талап етіп отыр. Майданның бірінде – мемлекеттік тіл ретінде қоғам өмірінің барлық саласында қазақ тілінің дұрыс жұмсалуына күшсалынуы қажет.

Қазақ халқы бүгіндей жаппай сауатты болған кезенде, яғни мемлекеттік тілдің қызмет өрісін кеңейтуге барынша күшжұмсалып, жазба дүниелер мүмкіндігінше дамып отырған тұста шаршы топ алдында қазақша баяндама жасау, ауызша жетік сауатты сөз сөйлеу, жүзбе-жүз әңгімелесу сияқты харакеттер етек жая бастаған кезенде қазақ тілінін осы қолданыстарда дұрыс, сындарлы, қысқасы, мәдениетті сипатта болуы – өмір талабы. Айналып соғып, шегелей айтсақ, ендігі жердегі міндет – қоғам өмірінің барлық саласында, оның ішінде мемлекеттік мекемелер мен өзге де ресми орындарда қазақ тілін амал жоқтықтан қолдану, құжаттарды әйтеуір қазақша жазу, жиын-жиналыстарда әйтеуір («өйтіп-бүйтіп») қазақша баяндама жасау немесе ауызша сөйлеу емес, тілді дұрыс жұмсау, сындарлы, әсерлі, әсем етіп сөйлеп, сауатты жазу болуы керек.

Әрине, тіл мәдениетіне назар аудару соңғы төрт-бес жыл ішінде пайда болған құбылыс емес. Әлеуметтік ықылас-ынта мен білім-ғылым сұранысы бұл мәселеге бізді 60-жылдары оралтты. Аталған кезеңнін орта тұсында Академиямыздың Тіл білімі институтының құрамында «Тіл мәдениеті» деген бөлім ашылып, бұлпроблеманың өз алдына ғылыми-практикалық зерттеу саласы болатындығы ресми түрде алға койылды. Алғашқы кезде, әрине, күнделікті сұранысқа қарай қолға алынатын тақырыптар ғана сөз бола бастады. Бұлізденістер, ең алдымен, баспасөз тілінің мәдениеті, ондағы терминдердің қолданысын реттеу, ауызекі сөйлеу тілінің заңдылықтарын ғылыми негізде зерделеу, сөздерді дұрыс дыбыстау (орфоэпия) нормаларын (дәлірек айтсақ үлгілерін) көрсету, аударма тілінің мәдениетіне көңіл аудару төңірегінде қолға алынды. Сол кезден бастап бүгінге дейін тіл (сөз) мәдениетіне байланысты едәуір жұмыстар жүргізілгенін жоққа шығаруға болмайды: сөз, сөйлеу, жазу нормаларын, олардың қолданыстағы дұрыс-бұрыстығын, бұлнормалардан уәжді-уәжсіз ауытқуларды т.б. көрсете жазылған мақалалар, үлкенді-кішілі монографиялар, сөздіктер, анықтағыштар жарық көрді, диссертациялар қорғалды, университеттерде арнайы курстар оқыла бастады, дүркін-дүркін ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп тұрды. Бұліске белгілі ғалым М. Балақаевтан бастап, біраз мамандар еңбек сіңірді, тіл мәдениеті дегенге әлеумет назарын аударып, оны насихаттауда соңғы он жылдықта өмірге келген «Ана тілі» газеті мен сан жылдар бойы қазақ тілінің қамқоршысы болып келе жаткан «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінінде үлесі бар екенін айту керек.

Дегенмен күні бүгінге дейінгі тіл (сөз) мәдениеті проблемасы утилитарлық сипатта, күнделікті тіл қолдану тәжірибесінің зәрулігін өтеуге ғана арналып келе жатқанын да мойындау қажет. Сырт қарағанда, тіл мәдениетін сөз еткенде, теориялық тұжырымдардан гөрі практикалық шешімдерге бой ұратын сияқты болып көрінеді. Ал шындығын айтсақ, ұсынып жатқан ережелеріміз бен көрсетіп жатқан нормаларымыз ғылыми негіздерге сүйеніп жасалуы, түсіндірілуі қажет. Айталық, сөздерді орнымен жұмсауды талап ету үшінлексикология деп аталатын ғылым саласының теорияларына иек артып, әр стиль үлгісінде қай сөз қалайша, қай орында қолданылатындығын ашу қажет, сондай-ақ терминдерді реттеу үшін олардың түзілісіндегі ғылыми негіздер мен принциптерді жалпы түрде емес, әр кезеңге, ғылымның әр саласына қарай айқындаудың қажет екендігі даусыз. Сол сияқты тек баспасөз тілі мен білім-ғылым тілінің қолданыстағы заңдылықтары ғана емес, көркем сөздің сындарлығы мен шешендік сөз талабы сияқтылар да тіл мәдениетінің шаруасы екендігін ескеретін уақыт жетті. Ол үшінтіл білімінің «лингвистикалық стилистика» деп аталатын саласына ден қойып, оған кеңінен кірісу де – кезек күттірмес міндет.

Тіл (сөз) мәдениеті туралы үлкен әңгімеде күнібүгінге дейін жетпей келе жатқан бір нәрсе – тіл қолданысындағы барлық түзулік, нормалылық жүйелікті көрсеткен ережелеріміз бен талдауларымызда теориялық арқаудың, ғылыми дәлелдің (аргументтің) аздығы. Олардың басым көпшілігі дұрыс болған күнніңөзінде бұлардың бұлтартпас негіздері көрсетілмейді, соның нәтижесінде әр тұстан әркім өзінше дәлелдеп, әлі де ауа жайылып жүрген жайымыз бар.

Тіл мәдениетіне қатысты бұдан былайғы жұмысымызда алға қоятын ең маңызды, ең басты, ең қажетті міндет – осы саланың теориялық негіздерін күшейту, ғылыми арқауын ширату болмақ. Себебі тіл мәдениеті дегеніміз – оңаша, оқшау тігілген отау емес, тілдің өзге тарамдарына, қаттауларына осы орайда жанаса қонған, солармен тығыз қарым-қатынаста өмір сүретін ғимарат екенін сөзсіз мойындасақ, тіл мәдениетінің ғылыми арқауы дегеніміз – фонетиканың, морфология меи синтаксистің, лексикология мен терминологияның, поэтика мен әдебиет теориясының негіздерінде жатқандығына да ден қоямыз, деп қоюымыз қажет. Мысалы, дұрыс жазу (орфография) мен сөзді сөйлеу актісінде дұрыс дыбыстау (орфоэпия) ережелерін ұсынуда, олардың негіздерін дәлелдеуде бүгінгі фонология мен фонетиканың, сондай-ақ сөз құрамын зерттейтін морфологияның, сөздердің тіркесу амалдарын зерттейтін синтаксистің, сөздердің түп-төркінін, шығу тегін қарастыратын тарихи лексикологияның, этимологиялық ізденістердің, қысқасы, осы сияқты толып жатқан саланың материалдары мен табыстарын іздеу қажет болады...

Қысқасы, бүгінгі күнге дейін тіл мәдениеті саласынан нақтылы ережелерді түзіп, әр алуан анықтамалық құралдарды, сөздіктерді ұсынумен шұғылданып, бар күшімізбен міндеттеріміз осындай шаруаларға арналып келсе, ендігі мақсат – алдағы уақытта білім-ғылымның аталған саласына жаңа бір қырынан келу және оған қатысы бар сыртқы (экстралингвистикалық) факторлармен санаса отырып қарастыратын сәттері бар деп санаймыз. Олардың бірқатары, біздіңше, мыналар тәрізді:

1. Тіл мәдениетінің бір ұшы тіл саясатына барып ұштасатынын, ал тіл саясаты бүгінде ұлттықдаму саясатына барып тірелетінін есепке алу. Қоғамның әлеуметтік өміріндегі жаңа кезеңдерде ұлттық тілдің одан әрі даму барысында болатын жаңалықтар мен өзгерістер тіл мәдениетін күнтәртібіне қояды. Сондай кезеңді біз қазір бастан кешіріп отырмыз: қазақ тілі мемлекеттік тіл статусына ие болды, қолданылу әдісі кеңейе бастады, дұрыс жұмсалуына талап күшейе түсті, дамуында жаңа бағыт-бағдарлар пайда болды. Атап айтқанда, көп сәттерде орыс тілінің орынсыз жасалған ықпалын азайту, қазақ тілінің сөздік қазынасын сарқа пайдалану, ғылым саласындағы қызметін күшейту т.б. осындай іс-қимылдар басталды. Мұныңбарлығы тілдің колданыс мәдениетін көтеруді алдымызға жүктеді.

2.Тіл мәдениетінің өзегі нормамәселесі екенін ескеріп, сол нормалардың негізін, бағытын көрсету, ғылым тезіне салу, тілдік нормаларды кодификациялау, яғни ережелерді түсіндіріп, тіркеп, бекітіп отыруды жолға қою. Жалпы тілдік (құрылымдық) норма, жазба әдеби тіл нормасы, оның әрбір функционалдық стильдерінің нормасы дегендерді жеке-жеке жігін айырып сөз ету және оны тек ғылыми әдебиетте айтып, баяндап қана қоймай, мектеп окушыларынан бастап, қалың көпшілікке мейлінше айқын, түсініктітүрде таныту, ол үшінғылыми монографиялармен қатар оқулықтар, анықтағыштар жазу, сөздіктер түзу.

3. Көркем әдебиет тілінің ұлттықнормасы дегенді арнайы қарастыратын уақыт жеткенін сезінген жөн. Өйткені тіл мәдениеті айтылған (жазылған) ойды білдіретін тілдің түзулігі (дұрыстығы) мен қатар оның әсерлі, әсем болуын көздейтінін естен шығармау керек. Бұлорайда әдеби норма (стандарт) пен одан уәжді-уәжсіз ауытқу дегендерді зерделеу де көтеріліп отырған проблеманың бір ұшыекендігін жақсы білген жөн.

4.Ұлттық жазудың жаңа түріне – латын графикасына көшуге байланысты қазақ емлесі мен орфоэпиясының жаңа ережелерін түзу харекеті. Жазу мен сөзді дұрыс дыбыстаудың жаңа нормаларын ұсынбас бұрын қазір қолданылып жүрген қазақ емлесінің бірқатар тұстарына азды-көпті өзгерістер енгізу қажет, өйткені жаңа емле қағидаларының негізі бүгінгі жазу тәртібімізде жатқанын білеміз, ал қазіргі емле ережелерімізде сан жылғы жазу тәжірибемізді ескеріп, әрі Ахаң (Байтұрсынов) айтқандай, «көптің жанын қинамас» үшінкейбір ережелердің бірқатар тұстарын қырнай түсу қажет сияқты. Мысалы, біріккен сөздердің түбір тұлғаларының фонетикалық бітімін сақтамай, олардың тоғысқан жіктеріндегі үндесу зандылықтарына қарай жазу керек болар ма еді? Немесе орыс тілінен (және орыс тілі арқылы) енген сөздердің қазақша тұлғалануын осы күнгіше қалдыра тұру керек пе, әлде «айтылуынша, естілуінше» принципін мақұлдап, белесипет, иніститөт, абиекті, аптабүз, килә, әртіс, әктер деп жазуға қазірдің өзінде көше беру керек пе? Көп сәттерде сақталмай келе жатқан жүйелілікті қалпына келтіру де керек сияқты. Мысалы, жалқы есімдерді жазуда қалыптасып қалған қағиданы (яғни қазақша адам аттары екі сөзден жасалған болса, олар қосылып жазылады деген ережені) бұлкүндерде (кімнің батасын алғанын Құдай білсін!) бұзып, жүйелікті бұзып тұрған екі бөлек сөз етіп жазушылыққа (Мырза Әлі, Ғалия Бану деген сияқты етіп), бұдан былай жол бере беру керек пе әлде бір ізге салып, ережені катаң сақтауды жазу мәдениетінің шарты деп ұсыну керек пе? Қысқасы, тіл мәдениетіне қатысты алдымызда тұрған үлкен шаруаның, проблема ретінде қойылатын жұмыстыңбір ұшыемле, яғни сауатты жазуға келіп тірелетініне қатты назар аудару қажет деп ойлаймын.

5.Теледидар мен радиодан берілетін хабарларда және шаршы топ алдында сөйлегенде қазақ тілін қолдану тәжірибеміз бел ала бастаған бүгінгі таңда шешендік өнерді насихаттау, тіпті оған мектеп оқушыларынан бастап, қызмет бабындағыларды да үйретуді, баулуды да тіл мәдениетінің құзырындағы іс-әрекеттердің бірі деп санау, бұлсалада да жеке зерттеулермен қатар оқу құралдарын, анықтағыштарын, үлгілерін көрсететін еңбектер ұсыну қажеттігін мойындамасқа амалымыз жоқ.

6. Қазақ тілінің сындарлы және әсерлі түрде қолданылуын жүзеге асыруды тек мұғалімдер мен тіл мамандарының міндеті деп қарамай, бұл іске барлық күшті(каналды): теледидар мен радио, баспасөзді, театрлар мен эстраданы қосу қажеттігі (тіпті әр алуан топтарға арнайы сабақтар жүргізіп, лекторийлер ұйымдастырса да артық болмас еді) – бүгінгі күнміндеті.

7. Ең соңғы міндет – қайталап айтсақ, тіл (сөз) мәдениетіне қатысты бұрынғы айтылып келген тұжырымдар мен ұсынылыпкелген ереже-қағидалардың ғылыми-теориялық негіздерін нақтылау, дәлелдерін күшейту, бірқатарына жаңаша көзқараспен қарау, мысалы, ауызекі сөйлеу тіл мен әдеби тілді бір-біріне әрдайым қарама-қарсы қоя бермеу, екеуінің араларын жақындастыра түсу, вариант дегендерге де үнемі жауыға қарамау, олардың әрқайсысының қолданылу орындарын дәл тауып көрсетіп, уәжді сәттерін мейлінше таныта түсу т.б.

Міне, қазақ тілі мәдениетінің бүгінгі хал-ахуалы мен алдағы міндеттері жайындағы әзірге өзіміз ой түйіп, пайымдаған пікір-ұсыныстарымыз осындай.

ҚР ҒМ ҒА Хабарлары Тіл, әдебиет сериясы. 1997. №6. 3-7-б.