Қазақ әліпбиін, яғни алфавитін, жазу таңбаларын жетілдіру дегенді алдағы екі жылдық іс-шаралар аясында қарастырсақ, ол– қазіргі қолданып отырған әліпбиімізді қырнау, өзгерістер енгізу, ал әріректегі мақсат-мұраттарды көздесек, ол сірә жазу таңбаларын мүлде ауыстыру – латын графикасына көшу болар. Осы жерде бір-екі сөйлеммен жазу тарихымызды шолып өтсек, соңғы бір ғасыр бойы жазуымызды бірінен соң бірін ауыстыру мен реформалаудан көз аша алмай келген екенбіз: бүгінгі жазуымыз «кириллица» деп аталатын таңбалар негізінде 1940 жылы дүниеге келгені мәлім. Оны халық тілінде «орыс жазуы» деп те кетті, өйткені кириллицаны бірқатар славян халықтары, оның ішінде орыстар қолданып келе жатқан болатын. Бұл әліпбиімізді ресми түрде «қазақтың ұлттық жазуы» деп атаған емеспіз. «Ұлттық жазу» деген алфавитіміз Ахмет Байтұрсыновтың XX ғасырдың 10-жылдарында жасаған әліпбиі болатын. Ол қазақ тілінің дыбыстық табиғатына үйлестіріліп, араб таңбаларының негізінде түзілген-ді және бұл алфавит «қазақтың ұлттық жазуы» деп аталған болатын. Орыс ғалымдары мен өзге туысқан түркі халықтарының білімпаздары мұны «Байтұрсынов жазуы» деп атады. Қалай аталған күнде де бұл алфавит қазақ тілінің дыбыс жүйесіне дәл дұрыс түзілген ең оңтайлы жазу таңбалары еді. Бірақ саясаттың тоқпағымен Байтұрсынов жасаған тұңғыш ұлттық әліпбиіміз 1929 жылы латын жазуымен ауыстырылғаны мәлім. 10-11 жылдай ғана (1929-1940) «өмір сүрген» латын әліпбиі де ұлттық жазуымыз болып тұрақтай алмай, мәдени өмірімізден кетті. 1929 жылғы латынға көшуіміз кириллицаға апаратын уақытша көпір болғанын енді айтып отырмыз.
Латын жазуы он шақты жылдың өзінде екі-үш рет қырналып, кейбір дыбыстардың таңбалары ауыстырып түзетіле бастаса, кириллица қабылданған күннен бері 60 жылдан астам уақыт бойына оның құрамы сан жағынан да, таңбалардың тұрпаты жағынан да ешбір өзгертілмей қолданылып келеді. Бұл тұрақтылық, әрине, осы алфавиттің ешбір мінсіздігінен, қазақ тілінің табиғатына мейлінше сай түзілгендігінен емес екендігі де түсінікті.
Соңғы жылдарда кириллицаның казақ жазуы үшін сәйкеспейтін тұстары көрсетіліп, әрі қарай да қолдана берген күннің өзінде оны реттеу, ықшамдау қажеттігі айтыла бастады: қазақ тілі үшін бүгінгі алфавитіміздегі я, ю, л, э, ц, ч, щ, ъ, ь, ф, х, в сияқты таңбалар артық, оларды әліпбиіміздің құрамынан ығыстыру керек деген пікірлер де естіледі.
Соңғы он шақты жылдың барысында жазуды ауыстыру, яғни кириллицаны қойып, латын жазуын қабылдау керек деген саяси, әлеуметтік үн алатын науқан басталғаны белгілі. Әзірбайжан, өзбек, татар сияқты түркі халықтары көшті бастап та кетті, қайсыбіреулері латынға көшіп те алды, көшпек болып та жатыр, бәрінің соңында қалатын тек біз, қазақтармыз деп ұлттық намысқа тигізіп жатқан пікірлер де бар (дәл осы жерде «социалистік жарысқа» түсу қажет пе немесе тіпті өзгелер жаңа жазуға көшсе, олардан қалыспай, оларғаілесеқайткен күнде де біздің көшуіміз шарт па деген де пікірлер бой көрсетеді).
Егер қазіргі жазуымызды қысқа ма, ұзақ па қолдана берер болсақ, оны ықшамдаудың, қажетсіз таңбаларды (әрине, жоғарыда көрсетілгендердің барлығын емес) әліпби құрамынан шығарудың, осы өзгеріске сай етіп емле ережелерін жаңаша жасаудың қажеттігі даусыз. Дегенмен заман талабы мен әр қилы саясаттың мақсатына орай алдағы жылдардың, тіпті ең әрі кеткенде 5-10 жылдың ішінде жазуымыз өзгерер болса, осындай аз мерзімдік қолданыс үшін бүгінгі әліпбиімізді өңдеп, өзгертудің қаншалықты қажеттігі болмақ? Егер алфавит құрамын ықшамдау түрінде болса да тағы өзгертсек, қазақ мәдениеті соңғы 70-80 жылдың ішінде жазу тәртібін төртінші рет құбылтқан болар еді. Бұлардың әрқайсысына дағдыланудың өзі бір халықтың иығына түскен аз жүк емес, енді алдағы 5-10 жылға бола төртінші жүкті арқалату қисынды бола ма? Сауаттарын қайтадан ашқызып, жазудың жаңа тәртібіне (айталық, құрамынан он шақты таңбаның шығарылып тастаған түріне) көшірту – айтуға немесе қаулы шығара салуға оңай, ал іс жүзінде, әсіресе, оқу-ағарту саласында қиын шаруа екені белгілі. Ол күнде бүкіл оқулықтарды жаңаша, яғни, он шақты таңбаны алып тастаған емлемен қайта бастыру, барлық баспа ісін, газет-журналдарды қазіргіден өзгеше түрде жазу, күллі кеңсе-іс қағаздарын өңделген алфавитпен ұсыну, жазу машинкалары мен компьютер кестелерін өзгерту сияқты қыруар іс-әрекеттерді жүзеге асырудың қиыншылығын ескерсек, әзірге қолданып отырған алфавит жүйемізді сол қалпында қалдыра тұру дұрыс сияқты. Ал егер кириллицаны ұлттық жазуымыз етіп түпкілікті қалдыратын болсақ, әрине, оны қырнап, қазақ тіліне икемдеп қайта түзу (реформалау) қажеттігі даусыз.
Жиірек айтылып келе жатқан пікірлердің бірі – қазіргі әліпбиіміздің құрамын өзгертпей-ақ пайдаланған күннің өзінде орыс тілінен немесе орыс тілі арқылы енген сөздерді «қазақыландырып», яғни тіліміздің дыбыстық, заңдарына бағындырып айтылуынша жазу жайында. Орыс тілі арқылы келген сөздер жазылуда екі топқа бөлініп келе жатқаны мәлім, бірі – қазақ тіліне ертеректе еніп, сөйлеу тілі арқылы сіңісіп, жалпыхалықтық қолданыста болған сөздер, олар – қазақ тілінің дыбыстық заңдарына қарай тұлғалары өзгеріп жазылатындар. Мұндай сөздер көбінесе күнделікті тұрмысқа, сауда-саттыққа, бұйым-жабдыққа, киім-кешекке, сондай-ақ XIX ғасырдағы қазақ қоғамындағы Ресей империясының әкімшілігі мен заң-сот істеріне қатысты сөздер болып келді: мұнанай (меновой двор), жәрмеңке, самауыр, шәйнек, шыт, ботес, бәкебай, бешке, жәшік, ауылнай, поштабай, болыс, сот, түрме, кәтелешке, кір (гиря) т.т. Бұл қатарға соңғы кезде тағы бес-он сөзді қосып алдық, олардың бұл қатарға оңай қосылуына, біріншіден, олардың бұрыннан да көбінесе «қазақылаңып» қолданылғаны (зауыт, тауар, порым (форма), нөл, нөмір) дегендер себеп болса, екіншіден, олар ғылыми-техникалық немесе саяси-әлеуметтік сипаттағы терминдік атаулар емес, қарапайым, көбі тұрмыстық лексика тобын құрайтындар екендігі, үшіншіден, кейбіреулері о бастан түркінің (қазақтың) өз сөздері екендігі (тауар дегеннің негізі – туар, туар қара деп бабаларымыз жылқыны атағанын Шоқан Уәлиханов айтып берген болатын). Осы ережені бетке ұстап, кейбір баспасөз редакциялары мен баспа орындары тағы бірқатар кірме сөздердің тұлғасын қазақыландырып жаза басталды: шенеунік, әртіс, станса (дұрыс қазақшаласақ: ыстансы болуы керек), жорнал, тіпті жалқы есімдерді қазақша жазу әрекеті де жоқ емес, мысалы, «Жұлдыз» журналының беттерінде: Гөте (Гете).Мүнхен (Мюнхень) деп жазылғандарын көрдік. Сірә, баспасөз бен баспа ісінің, оқу-ағартудың бел алған кезінде көбінесе жазба әдебиет арқылы келген чиновник, артист, актер, режиссер, театр, аппарат, велосипед, компьютер, институт, университет, сессия, парламент, депутат сияқты сөздерді ғылыми терминдер емес, қарапайым сөздер деп қазақша тұлғалайтын болсақ, тек чиновник пен артисті ғана емес, барлығын да бірқатар қою керек (режисор, тыйатыр, апарат, белесепет, іністійтот, уніберсійтет, сесийа, депутат, кампитур деген сияқты).
Кірме сөздерді қабылдаған тіл оларды өзінің заңдарына бағындырып игеруді қажет деген қағиданы бүгінгі «қазақшыл» қазақтар шығарған жоқ. Бұл – көптеген тілдерге ортақ заңдылық. Бірақ бұл заңдылықты тілдің өз тіршілігінен тыс факторлардың бұзып кететін тұстары да болатынын Кеңестік дәуірде өмір сүрген түркі тілдері көрсетті. «КСРО-ның құрамындағы барлық дерлік түркі халықтары орыс тілінен енген сөздерді неге орысша айтып, орысша жазылуын қолданып кетті?» деген мәселенің түп-тамырыніздесек, тілдің өз табиғатынан да, тіл, жазу, емле мәселелерімен шұғылданатын адамдардың танымынан, таңдауынан да тыс тұрған, объективтік, саяси-идеологиялық факторлар болғанын ескерту керек. Жабық та, ашық та жүріп келген империялық саясат ұлттық тілдерді ығыстырып, бүкілодақтық ортақ тіл – орыс тілін неғұрлым тез, толық игеру арқылы коммунизмге тезірек жету деген идеологиялық саясаттың пәрмені болғанын білуіміз керек. Қазақстанда орыстардың немесе өзге ұлыстардың көптеп мекендеуі, орыс тілін білмейінше әкімшілік, шаруашылық, өндіріс, тіпті білім-ғылым салаларында жұмыс істей алмайтын ахуалға тап болуы – осылардың баршасы орыс тілінен басқа тілдердің табиғи даму заңдылықтарын бұзғанын да мойындаймыз. Бұл – кірме сөздерді, оның ішінде орыс тілінен келгендерін әр тіл өз фонетикасына лайықтап өзгертіп айтуға, жазуға тиіс деген универсал заңдылықты бұзуға мәжбүр болғанымыздың бір сыры (мотиві). Осы жайттарды ескеріп, қазіргі сауаттылық үрдісімізді бұзбау үшін күні бүгінге дейін «орысша» жазылып келген кірме сөздерді, әсіресе, оның оқулықтарда, күнделікті баспасөзде, ресми іс қағаздарында, әр алуан құжаттарда жиі кездесетін «көпшілік қолдыларының» жазылуын күрт өзгертудің, қалың көпшіліктің көзі, қолы үйренген жазу тәжірибесінен ажыратудың дәл қазір қажеті жоқ деп ойлаймыз. Ал әліпбиімізді бұрынғыша қалдыру немесе латынға көшіру проблемасы түбегейлі шешілген күнде, сөз жоқ, кірме сөздердің орфограммасы бүгінгі қалпында қалмайды, «қазақыланады», бірақ бұл күнде ұсынылып жүргендей бабаларымыз қалай айтар болса, солай жазылады деген ереже емес, мамандар тарапынан белгілі жүйеге келтірілген, ғылыми негізге сүйеніп көрсетілген ереже ұсынылады.
Емлеге келгенде келесі пікір – қазақ сөздерінің ерін үндестігі деп аталатын заңын сақтап, орүн, көрүк, құлұн, өмүлдүрүк, көркөмөнөр, көркөмдүк, өнөрлү деп жазуды ұсыну жайында. Бұл да бұрыннан ара-тұра айтып келе жатқан пікірлер болатын. Қазақ тілінде ерін үндестігі, яғни екінші, үшінші буындарда еріндік ұ, ү, о, ө дыбыстары сөздің айтылуында сақталмағанымен, жазуда езулік ы, і, е дыбыс әріптері қолданылады деген ереже А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов заманынан бері орнығып, әбден қалыптасқан болатын. Сондықтан бұл ұсынысты да қабылдаудың қажеті жоқ деп санаймыз. Бұл жерде сөздің дұрыс дыбысталуы (орфоэпиясы) мен дұрыс жазылуының (орфографиясы) әрдайым бір-біріне дәл келе бермейтінін ескертеміз. Барлық сөздің сөйлеу үстінде айтылуын сол күйінде өзгертпей жазуға мүлде болмайтындығын жақсы білуіміз керек. Өкінішке орай, бізде орфоэпия, яғни сөздерді дұрыс дыбыстау нормалары дегенге мүлде мән берілмей келеді. Мектепте оқытудан бастап, радио, теледидарда, сахналарда сөзді қазақша дыбыстауда алуан түрлі «құлақ кесер» кемшіліктердің кетіп жатқанын тіл мамандары айтып та, жазып та келеміз, бірақ әзірге тыңдап жатқан құлақ жоқ.
Бүгінгі қазақ емлесін жетілдіру ісінде назар аударатын тұстардың тағы бірі – сөздердің бөлек және бірге жазылуын, дәлірек айтсақ, біріккен сөздер мен сөз тіркесі дегендердің орфограммасы. Қазақ тілінің соңғы 40-50 жылдық даму барысында екі түбірді біріктіріп, жаңа мағынаны атау тәсілі бел ала бастағаны байқалады. Әсіресе әр алуан терминжасауда бұл амал кең өріс алып барады. Аң-құс, құрт-құмырсқа, өсімдік атауларын тануда тіл құбылысының осы бағыты ескеріліп, оларды біріккен сөз түрінде жазу реттеліп келеді.
Бүгінгі емле қағидаларымыздың әлі де қырнай түсетін сәттері бар. Айталық, біріккен сөздердің ара-жігінде екі дауысты дыбыс келетін тұстарда біреуін (алдыңғысын) түсіріп жазуды жеке бап етіп ұсынуға болар еді, өйткені кейбір біріккен тұлғаларды өлара (өліара емес), алтатар (алтыатар емес) деп жазу үлгісі бүгінге дейінгі емле сөздіктерінде орын алып келеді, оны теріске шығарған ешкім жоқ. Демек, осы қатарға қарөрік, саптаяқ, алауыздық сияқты біріккен сөздер қосылса, жүйелілік сақталар еді. Бұл тәртіпті әсіресе, терминдік мәндіге сөздерде ұстансақ, бұрыннан келе жатқан біріккен сөздердің бір белгісі дыбысталу жағынан әбден кіріккен тұлға болуы деген ережеге сай келмек. Ал кірігу дегеніміз – екі сөздің бір атау болып қалыптасу барысында дыбысталу жағынан бір-біріне әсер етуі, ықшамдалуы, тіпті алғашқы тұлғасы танығысыз болып өзгеріп кетуі (мысалы, қарлығаш, биыл, өйткені, қайтіп дегендер сияқты). Бұлайша кірігіп барып біріккен сөз болу үшін, әрине, ұзағырақ мерзім керек, дегенмен қайткенде де белгілібір мерзіммен шектеу (біріктірілген датасын іздей отыру) шарт болмас. Дәл осындай кірігу, яғни фонетикалық өзгеріске ұшырау құбылысын және ол құбылысқа жазуда орын беру әрекетін өзге тұстарда да көрсетіп келеміз. Мысалы, қолғап, қолғабыс, көгал, қолғанат сияқты сөздердің жазылуында біріккен екі түбірдің үндестік заңына бағынып, қатаң дыбыстардың ұяңдаған сәттері хатқа түскен. Енді осы қатардан қыргүйек, шегара, көгөніс, көгорай, көгала, алағоржын, алағұрт (ауру аттары) сияқты түлғаларды қоса түссек (ең соңғы шыққан сөздіктерде осылай берілді), алдымен, бұл ереже тіліміздің дыбыстық заңдылықтарына негізделген болады, екіншіден, орфоэпия (сөзді дұрыс айту) нормаларын игеруге жәрдемдеседі,үшіншіден, емледегі жүйелілікті ұлғайта түседі. Сол сияқты сөз соңы екі бірдей дауыссызбен келетін кірме сөздердегі (металл, грамм, грипп, прогресс дегендердегі) соңғы екі әріптің біреуін қалдырып жазуға болады. Қысқасы, осы сипаттас өзгертулер енгізіп, емле ережелерімізді жетілдіре, ықшамдай, өңдей түсуге болады.
Бағдарламада «мемлекеттік тілді дамыту мәселелерін ғылыми тұрғыдан шешуді қамтамасыз етуде А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты басым рөлге ие болуға тиіс» деп көрсетілген. Қазақ тілінде зерттеу, тіл мәдениетін көтеру, әр алуан сөздіктерін жасау сияқты аса зор, жауапты міндеттерді атқарып келген Тіл білімі институтында қазақ тілінің қазіргі емле ережелерін жүйелі тәртіпке келтіріп, жетілдіре түсуге қатысты бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жарты жылдың ішінде институт дайындап ұсынған екі еңбек жарық көрді. Біздің «Қазақ тілінің анықтағышы» кітаптарымыздың қажетке жарайтынына толық сенеміз.
Әрине, осы екі анықтамалық басылыммен, екі-үш мақала жариялаумен қазақ тілінің сауатты жазу мәселелерін, емлесін өңдей, жетілдіріп болдық деуден әсте аулақпыз.
Алдымызда бұдан да үлкен шаруа – қазақ тілі емле ережелерінің жаңа редакциясын түзу тұр. Бұл жұмысты да институт дайыңдап отыр. Ендігі жұмыс бағдарламада аталғандай, орфографиялық кеңес тезірек құрылса және оның құрамына тіл мамандарымен қатар оқу орындарының, баспалардың, баспасөз органдарының өкілдері кеңінен тартылса, Кеңестің ұйымдастыруымен емле ережелерінің Жаңа редакциясын баспасөз беттерінде жариялап, жұртшылықтың, оның ішінде мектеп мұғалімдерінің, жоғарғы оқу орындарындағы қазақ тілі кафедраларының, баспа қызметкерлерінің, баспасөз редакцияларымен пікірлерін, ұсыныстарын жинақтаса. Оларды да мүмкіндігінше баспасөз беттерінде, арнайы өткізілетін жиын-конференцияларда, мәслихаттарда жария етіп отырса, дұрыс болар еді.
Осы қарекеттердің баршасын көп созбай, белгілі бір қысқа мерзім ішінде қазақ тілі орфографиялық ережелерінің ең соңғы өңделіп, жақсартылған нұсқасын ұсыну қажет. Демек, ресми заң іспетті емле ережелерін ешбір редакцияның, баспаның, оқу орындарының және жеке адамдардың бұзуына жол бермейтін қамда болуы өте-мөте маңызды. Осы тәртіпті алдағы кездерде сақтау керек, өйткені емле ережелері баршаға ортақ, тұрақты болуға тиіс. Жасыратыны жоқ, бір сөзді әркім әр түрлі жазып, өзінше ереже жасайтын болып жүр. Сондықтан әлі де емле ережелерін ұстануды заңды түрде орнықтыруға тура келетінін баса айтамыз. Бұл – тілдерді дамыту туралы бағдарламада әзірге алдағы екі жылдық жұмыс жоспарында көрсетілген іс-шараларды жүзеге асырудың бір көрінісі болмақ.
«Егемен Қазақстан». 2001, 17 шілде