Біз сөздеріміздің бәрін дұрыс жазып жүрміз бе? Мәселен, түгендеу деп жазғанымыз дұрыс па, әлде түгелдеу деп жазғанымыз дұрыс па?
«Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» соңғы (үшінші) басылымына (1988 ж.) қарасақ, түгендеу де дұрыс, түгелдеу де дұрыс. Мүмкін бұл екі сөздің мағыналық жағынан айырмашылықтары бар шығар деген оймен біз оларды «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінен» іздедік. Онда түгелде дегенге 1. «Бір нәрсенің санының дұрыстығын анықтау, санақ жүргізу, 2. Кем-кетігін толтыру, толықтыру», - деп, ал түгенде дегенге 1. «Бір нәрсенің санын анықтау, есеп жүргізу, 2. Кем-кетігін толтыру, толықтыру», - деп анықтама беріліпті. Яғни бұл аталған екі сөздің бір-бірінен ешқандай айырмашылықтары жоқ деген сөз. Олай болса, бұлардың қайсысының жазылуы дұрыс?
Біздіңше, бұлардың түгелде дегені дұрыс. Өйткені оның түбірі – түгел («барлығы, бәрі, тегіс» деген мағынада). Орфографиялық сөздікте түгел түбірінен түгелдей, түгелден, түгелдет, түгелдік, түгелімен деген бес түрлі туынды сөз жасалыныпты. Ал түген түбірінен түгендел, түгендет деген екі-ақ сөз туындаған. Оның үстіне жоғарыдағы мғынада тілімізде түген деген түбір сөз жоқ (Кез келген есім сөздің орнына жүретін түген, түгенше дегендер мүлде басқа сөздер - Б.Қ.).
Біздің бұл жердегі мақсатымыз – осы екі сөздің қайсысының дұрыстығын ғана анықтау емес. Егер мақсатымыз тек сол ғана болса, айтпақ ойымызды осымен бітіре салуға болар еді. Біздің мақсатымыз – «Қазақ тілі орфографиялық сөздігіндегі» қате немесе ала-құла жазылып жүрген кейбір сөздерге оқырманның көңілін аудару үшін әлгі сөздерді «кілт» ретінде пайдалану ғана.
Әңгіме мынада: Орфографиялық сөздікке қарап отырсақ, бірдей жазылуға тиісті сөздер екі не үш түрлі жазылып жүргендігін көреміз. Мәселен, сөйлеу тілінде мақұлық/мақлұқ түрінде екі сыңарда кездесетін бір сөздің орфографиялық сөздіктегі дұрыс деп көрсетілген сыңары – мақұлық. Ал фонетикалық құрамы, құрылысы жағынан осы сөзден ешқандай айырмашылық жоқ мақұрым (мақрұм) сыңарларының дұрысы деп әлгі орфографиялық сөздік мақрұм сыңарын көрсеткен. Сонда «осы сөздерді орфографиялық сөздікке алушы автор қандай ұстанымға сүйенген?» - деген сұрақ туады (Бұл сөздерді орфографиялық сөздікке алушы кісінің бір-ақ адам екендігіне біздің күмәніміз жоқ – Б.Қ.).
Жарайды-ақ, сөздік құрастырушы бұл сөздерге келгенде жаңылып, қателесіп кеткен делік. Олай болса, мақұлық сөзіне -ат қосымшасы қосылудан жасалған мақұлықат сөзі орфографиялық сөздікте қалай жазылып көрсетілген дейсіздер ғой? Ол сөздің жазылуы – мақлұқат. Яғни екінші буындағы ұ дыбысы түсіріліп жазылған.
Осы ұстаным бойынша, орфографиялық сөздікте аю деп жазылған сөзге -ан қосымшасын қоссақ, аюан болуы керек қой. Жоқ, олай емес. Аюан сөзінің орфографиялық сөздіктегі жазылуы – айуан (хайуан, хайуанат сөздері де дәл осы жерде көрсетілгендей жазылған).
Ең болмаса, ол сөз сөйлеу тіліндегідей айыуан деп жазылса бір сәрі ғой!
Бұл сияқты мысалдар тек осымен ғана бітпейді. Ондай әртүрлі жазылған тілдік мәнбілер (фактілер) біздің орфографиялық сөздігімізде жетерлік. Айталық, сөз ішінде кездесетін б/п дыбыстарының алмасуы орфографиялық сөздікте қалай көрініс тапты деген оймен біз одан етбетінен/етпетінен, төртбақ/төртпақ, шүберек/шүперек сөздерін қарастырып көрдік. Алдыңғы екеуі етпетінен, төртпақ түрінде п әрпімен (дыбысымен) жазылыпты да, ал соңғысы - шүберек деп, б әрпімен жазылыпты. Дәл осылар тәрізді алағат, қым-ғуыт, жарғанат, қолғап түрінде жазылған сөздерге қарап, «Е, мұндай сөздер фонетикалық ұстаным бойынша (айтылуы бойынша) жазылған екен ғой» деп ойлап қалсақ, осылардан ешқандай айырмашылықтары жоқ ала-құла, жарқабақ, қазанқап сөздері морфологиялық принциппен жазылыпты. Сонда біз осы сөздердің қайсысының жазылғаны дұрыс деп білеміз?
Қысқасы, бір түрлі жазылуға тиісті мұндай сөздер біздің орфографиялық сөздікте әртүрлі жазылып жүргендігі ақиқат. Олар туралы біз «Қазақ орфографиясындағы қайшылықтар» (Алматы, 1994 ж.) деген шағын кітапшамызда толығырақ айтқанбыз. Сондықтан оларға көптеп мысалдар келтіріп, уақыт алдырып жатпаймыз. Бұл жерде біз оқырманның зейінін бір-ақ нәрсеге бұрғымыз келеді. Ол -біздің қазақ тілі орфографиясының басты (негізгі) ұстанымы не болуы керек? Морфологиялық ұстаным ба, жоқ, әлде фонетикалық ұстаным ба деген мәселе.
1957 жылы бекітілген, 1983 жылы өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, редакцияланған «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелеріне» ден қойсақ, онда: «Сөздер естілуінше (айтылуынша) жазылмай, негізгі тұлғалары сақталып жазылады» (§17), - делінген. Яғни, бұл - қазақ орфографиясының негізгі ұстанымы - морфологиялық ұстаным деген сөз.
Осы жерде бізге мынадай ой келеді. Орфографияда неге тек бір ғана ұстаным негізгі (басты) ұстаным болуы керек? Морфологиялық ұстанымның қатарына негізгі ұстаным ретінде неге фонетикалық ұстанымды да қоспаймыз?
Біздің ойымызша, бұлай етуге әбден болады. Әсіресе, әлі қалыптасып болмаған қазақ тілі үшін бір ғана ұстанымды емес, екі ұстанымды, атап айтқанда: әрі морфологиялық ұстанымды, әрі фонетикалық ұстанымды негізгі ұстаным етіп алу - қазақ тілінің қазіргі даму сатысына сай келеді.
Енді осы ойымызды аздап тереңдете түселік.
Қазақ сөздерінің басым көпшілігі негізгі түбір тұлғасын сақтап жазылады. Бұл негізінен дұрыс. Біз оған қосыламыз. Бірақ бұл - жаңа жасалынған сөздердің алғашқы кезеңіне ғана тән нәрсе. Ал сол жаңадан жасалынған сөздер тілімізде көп уақыт бойы қолданылып, әбден танылғаннан соң, олар фонетикалық өзгерістерге түсіп, өзгеше өң алады, тілдік заңдылықтар бойынша дыбысталады. Ендігі жерде әлгі сөздерді сол бұрынғысынша морфологиялық ұстаным бойынша жазылып, оларды тізгіндеуге, аяғына тұсау салып қоюға, сөйтіп мәңгілікке цементтеп, қатырып тастауға болмайды.
Мысалы, қазақ үйдің шаңырағына жабатын төрт бұрышты, төрт баулы киіз - ең алғаш түндік (түн +дік) деп аталынған және солай жазылған. Қазіргі кезде ол сөз сөйлеу тілінде түңдік немесе түңлік деген екі нұсқада айтылып жүр. Олай болса, ендігі жерде оны осы соңғы айтылған күйінде түңлік деп жазбай, түндік деп алғашқы жасалған қалпында жазу - қиянат. Тілдің (сөздің) өсуіне, дамуына кедергі келтіру, бөгет жасау дегеніміз - осы. Сөз туады, дамиды, қалыптасады. Сөйтіп, ол үздіксіз қозғалыста болады.
Егер біз жоғарғы сөзді алғаш туған кезінде түндік деп жазсақ, мұнымыз - сол кез үшін, әрине, заңды. Оның себебі - алғаш туған кезінде кез келген сөз мотивті болады. Түндік сөзінің мотиві - «түн болғанда жабатын киіз» деген ұғым. Қолданыла-қолданыла келе бұл сөз де дамыды, өзгерді. Қазір оның дыбысталуы өзгеріп, енді ол түндік деп емес, түңдік, түңлік деп аталатын болды. Осыған байланысты қазір оның алғашқыдай емес, мотиві де ұмытыла бастады. Ендеше, бұдан былайғы жерде ол сөздің жазылуын да айтылуына сәйкес өзгерту керек. Оны түңлік деп жазсақ, ең дұрысы - сол. Өйткені сөздің даму заңы соны талап етеді. Тіліміздегі ежелден келе жатқан түбір сөздердің мотивтерінің ұмытылуы, дәлірек айтсақ, жоғалып кетуі, міне, осы заңдылықтың (дыбысталуы жағынан өзгерудің) нәтижесі. Әйтпесе, алғаш жасалған кезінде ондай сөздердің бәрінің де мотивтері болған (мәселен, жаңқа, жоңқа сөздерінің мотивтері - жону).
Біз тек түбір сөздердің ғана емес, көпшілік туынды сөздер мен біріккен сөздердің де мотивтерінің ұмытылуы немесе ұмытыла бастауы әлгі сөздердің дыбысталуы жағынан өзгеріске түсуінен және олардың сол өзгерген күйінде жазылуынан деп білеміз. Оған мысал жетеді. Ойымызды дәлелдеу үшін, осы жерде олардың үшеу- төртеуін ғана келтіре кетелік: апар (алып бар), әпер (алып бер), әкел (алып кел), әнеугүні (ана күні), әумесер (аума есер), белбеу (бел бау), биыл (бұл йыл/жыл), бүгін (бұл күн), қыстыгүні (қыстың күні), түрегелді (тұра келді/тұрып келді), ышқыр (іш құр) т.б.
«Сөздердің жазылуы емлесі (орфографиясы) тіліміздің өсуіне, дамуына кедергі келтірмейтіндей болуы керек» деген ойды біз көп сөзділікке ұрынбас үшін бір ғана түндік сөзі негізінде ғана айттық. Әйтпесе жазылуы жағынан тіліміздің дамуын тежеп жүрген сөздер біздің орфографиялық сөздігімізде, өкінішке орай, баршылық. Мысалы өздеріңізге жақсы таныс жауынгер (бұл сөзді ем+гер, кәсіп+кер сөздерімен салыстырып көріңіз - Б.Қ.), сарымай, тепкі, түпкір, тор көз сөздерін ғана алып көрелікші. Аталған сөздерді қазір ешкім дәл осы жердегідей айтпайды. Олардың айтылуы (қолданылуы) - жауыңгер, сармай, текпі, түкпір, торгөз. Жазу үстінде бұл сияқтыларды бірде - жауынгер, бірде - жауыңгер, бірде - сарымай, бірде - сармай... деп әрқалай жазып, қателесуіміздің сыры - әлгі сөздерді жазушы адамның кемшілігі емес, ол біздің орфографиялық сөздігіміздің кемшілігі.
Біз бұл жерде түбір сөз бен қосымша аралығында болатын өзгерістер туралы (Мәселен, Бейсембай - Бейсенбай, Дошжан – Досжан, Қонұспек –Қонысбек, жұмышшы-жұмысшы, жасса-жазса, теңішші- теңізші, боз гөде - боз көде, қара ғазан –қара қазан, ағ лақ –ақ лақ, доп пер - доп бер деген сияқтылар туралы) айтып отырғанымыз жоқ. Біз айтыла-айтыла келіп, әбден қалыптасып кеткен, тұрақталған әлдегім (әлдекім), көзғарас (көзқарас), өнергәсіп (өнеркәсіп), шегара (шекара) сияқты біріккен сөздерде және осылар сияқты кейбір түбір тұлғаларда болған дыбыстық өзгерістер туралы ғана айтып отырмыз.
Әрине, біздің қазіргі орфографиялық сөздігімізде мұндайлар мүлде ескерілмеген деп айта алмаймыз. Ондайлардың біразы сөз жоқ ескерілген. Мысалы, алтау (алты+ау), кеуіп (кеп+іп), оқу (оқы+у), табу (тап+у), тұрағым (тұрақ+ым), сөйтіп (солай етіп), т.б. Бірақ бұлар тым аз. Олардың санын әлі де көбейте түсуге болады. Сонда диктант жазушылар жіберетін қателердің саны да азая түскен болар еді.
Қысқасы, біздің орфографиямызда ақылдасар, ойласар тұстар аз емес. Оған тағы бір қайта оралып, оның олқы жақтарын аша түссек, кемшіліктерін түзесек, орфографиямыздың негізгі ережелерін дамыта, жетілдіре түскен болар едік.
Қайталап айтамын, мен морфологиялық ұстанымға қарсы емеспін. Бірақ оны (морфологиялық ұстанымды) аспаннан аяғын салбыратып түскендей етіп, тым әспеттеп жіберуге болмайды. Оның да жетістік жағы, кемшілік жағы бар.
Бұл сияқты сөздерді мен тек фонетикалық ұстаным бойынша ғана жазайық деп те отырған жоқпын. Бұл ұстанымның да жақсы-жаман, артық-кем жақтары бар. Менің бұл жердегі айтпағым: Егер жазуымыз тіліміздің заңдылығына сай келсін десек, морфологиялық ұстанымның жетістік жағын молынан пайдалана отырып, ал оның кемшілік жағын фонетикалық ұстаныммен толықтырған жөн деу ғана.
Ана тілі. 1995. 7-қыркүйек