Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы



Фразеологизмдердің басына су құйған сөздік

Мақаламыздың тақырыбына қарап, «Ол қандай сөздік болды екен?»-деп, тағатсызданып отырған боларсыздар. Айтайын: Ол сөздіктің аты – «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі».

Менің алдымда «Орфографиялық сөздік» деген жұпыны ғана аты бар қазақ тілі орфографиялық сөздігінің 6-шы және 7-ші басылымдары жатыр (Алматы, 2007, 2013). Онда ақжүрек, ақкөңіл, ақниет, алауыз, алаяқ, ашықауыз, әпербақан, басбұзар, безбүйрек, бозөкпе, ержүрек, желаяқ, желөкпе, көкезу, қарабет, қумүйіз, өркөкірек, сужұқпас, сужүрек, тасбауыр, түлкібұлаң, тісқаққан, шуаяқ, ұркеппе т.б. деген сияқты 160-170-тей есімді фразеологизмдер біріктіріп жазылып берілген. Орфографиялық сөздікте біріктіріліп жазылғаннан кейін бұл фразеологизмдер 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» (ҚӘТС-те) де біріктіріліп жазылып, фразеологизм емес, біріккен сөздер ретінде алынған. Неге?

Бұл мақалада біз тек есім мәнді «фразеологиялық тұтастықтар» (яғни идиомалар) туралы ғана сөз етіп отырмыз. Тілімізде бұлардан басқа Орфографиялық сөздікте біріктіріліп жазылған жандайшап, желтақым, көзкөрім, көкаяз, көкшулан, көріпкел, күлдібадам, күнкөріс, күнсоқты, қаратаяқ, қозыкөш, қолғанат, қолсозым, қутабан, сойылсоғар, шүйкебас дегендер сияқты «фразеологиялық бірліктер» мен «фразеологиялық тізбектер» де көптеп ұшырасатындығы мәлім. Осы жерде айтылатын мәселелердің бұларға да қатысы бар екендігін ескерте кеткіміз келеді.

Фразеологизм дегеніміз не?

Фразеологизм дегеніміз – екі немесе одан да көп сөздердің тұрақты түрде тіркесуі арқылы жасалып, ауыспалы, бейнелі мағынаны білдіретін сөз тіркестері. Ғылыми еңбектерде фразеологизмдерге үш түрлі белгі тән екендігі айтылған. Олар: 1) тіркес тұрақтылығы, 2) мағына тұтастығы, 3) қолдану тиянақтылығы. Яғни фразеологизмдер қолдануда (сөйлеуде, жазуда) бұрыннан қалыптасқан даяр күйінде жұмсалынады. Тіркес құрамындағы сөздер бір-бірімен тұтасып, жымдасып кетеді де, фразеологиялық мағына сол сөздердің жалпы жиынтығынан келіп шығады. Сөйтеді де бір ғана мағынаны білдіреді. Қайталап айтайық, фразеологиялық мағына әр уақыт ауыспалы мағынада жұмсалып, әрдайым бейнелі, образды және экспресивті, эмоционалды мән тудырады. Фразеологияның құрамындағы сөздер басқа сөзбен алмастырылмайды, ондағы сөздердің орын тәртібін өзгертуге болмайды (Қазақ тілі. Энцеклопедия, 1998, 437-б).

Осы айтылған қағидалар тұрғысынан қарағанда жоғарыда көрсетілгендерді біріккен сөздер деп емес, фразеологиялық тұрақты тіркестер деп ұғу (тану, түсіну) онша қиынға соқпайды. Олай болса, мұндай тұрақты тіркестерді (фразеологизмдерді) біз неге біріктіріп жазуға тиістіміз?!

Фразеологизмдерді біріктіріп жазу орфографиялық сөздіктің осы 6-шы, 7-ші басылымдарынан ғана басталған жоқ. Оның басы сонау 1968 жылы шыққан орфографиялық сөздіктің 1-ші басылымынан-ақ бастау алып, онда ақкөңіл, ақсүйек (шонжар), алаөкпе, атүсті, баукеспе, бірбет, жаужүрек, қызылкеңірдек дегендер сияқты біраз фразеологизмдер біріктіріліп жазылып берілген. Он жылдан кейін (1978 ж.) шыққан Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің 2-ші басылымында біріктіріліп жазылған фразеологизмдердің саны бұдан да арта түсті. Мысалы, алыпсатар, ауызбастырық, ауызбірлік, ашықауыз, әпербақан, басараз, жұлынқұрт, сужүрек, үйкүшік, шөпжелке т.б.

1984 жылғы жазылған « Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі туралы» деген мақаламызда біз бұл мәселелер туралы толығырақ жазғанбыз (ҚазССР ҒА-ның Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. 1984, №2, 36-42 б.).

1988 ж. Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің 3-ші басылымы басылып шықты. Бұл сөздікте көк долы, көк езу, көк мылжың дегендер сияқты бір топ фразеологизмдер бөлек жазылған күйінде берілген еді. Ал 2005 жылғы 5-ші басылымда көк долы сөзі бөлек жазылған күйі қалыпты да, көкезу, көкмылжың дегендер біріктіріліп жазылыпты. Бұларды да айтып мақала жаздық. Бірақ бұл пікірлерге көңіл аударып, «ойлану керек екен-ау» деген әріптестерімнің сол кезде де, кейін де ешқайсысын кездестірмедім.

Сол себепті 2007 жылы шыққан орфографиялық сөздіктің 6-шы басылымындағы біріктіріліп жазылған фразеологизмдерге байланысты тағы да арнайы мақала жазып, оларды да санап тұрып көрсеттім. Олар: ақжарқын, ақжүрек, ақкөз («батыр»деген мағына), ақниет, ақпейіл, ақсаусақ, алауыз, алақол, арамтамақ, басбұзар, баукеспе, босбелбеу, бозөкпе, жандайшап, желаяқ, желөкпе, жүрекжұтқан, жылыжүзді, көгайыл, қараниет, қызылшеке, қырғиқабақ, сойылсоғар, сужұқпас, тасжүрек, тоңмойын, түлкібұлаң, тікбақай, үркеппе т.б. (Қараңыз: Тілтаным, 2008, №2, 139-142 б.).

Бұлардың бәрі академик С.К. Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде (1988 ж.) бөлек жазылып, тұрақты тіркес (фразеологизм) ретінде алынған.

Сонда қалай?! Академик С.К. Кеңесбаевтың пікірі дұрыс па? Жоқ. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігін толықтыру, басып шығару міндеттері жүктелген Тіл білімі институтының Тіл мәдениет бөлімі қызметкерлерінің пікірі дұрыс па? Қайсыларына сенеміз?

Біздің ойымызша, академик С.К. Кеңесбаевтың пікірі дұрыс. Өйткені ол кісі кандидаттық диссертациясын да, докторлық диссертациясын да қазақ тіліндегі фразеологизмдерден қорғаған. Аталған фразеологиялық сөздік құрметті ағамыздың көп жылғы тынымсыз зерттеуінің жемісі.

Оның үстіне жоғарыда көрсетілген фразеологизмдерді ғылыми тұрғыдан біріктіріп жазуға мүлдем болмайды. Олар – бейнелі, образды (ауыспалы мағынада) қолданылатын тұрақты тіркестер. Егер «олар бір сөз ретінде қолданылады» деген сылтаумен (барлық фразеологизмдер бір сөз ретінде және синтаксистік сөз тіркестерінің бір сыңары ретінде қолданылады – Б.Қ.) жоғарғылар тәрізді идиомалардың бәрін біріктіріп жазатын болсақ, онда кез келген тілде молынан ұшырасатын тұрақты тіркестер (фразеологизмдер) деп аталатын тілік бірліктерді, олар туралы қалыптасқан тұрақты ғылыми үғымдарды жоққа шығарған (құртқан) боламыз.

Ендеше, тіліміздегі фразеологизмдердің басына су құйылмағанда не қалды?!

Мен орфографиялық сөздікті шығарушылардың бірі – Н.Уәлиден: «Фразеологизмдерді неге біріктіріп жаздыңыздар?» - деп, сұрадым. Ол: – Өйткені олар бір сөз ретінде қолданылады және олардан туынды сөздер жасалынады», - деп жауап берді.

Фразеологизмдердің бір сөз ретінде қолданылатындығы және олардан туынды сөздер («сөздер емес-ау, туынды фразеологизмдер – Б.Қ.) жасалынатындығын біз теріс дей алмаймыз. Мәселен, аш көз деген фразеологизмінен аш көзден, аш көзді, аш көздік дегендер сияқты туынды фразеологизмдер жасалынады. Бірақ бұл туындылардан фразеологизмдерге тән «тіркес тұрақтылығы», «мағына тұтастығы», «қолдану тиянақтылығы» деген сияқты қасиеттержоғалып кеткен жоқ қой. Туынды фразеологизмдерде де сол баяғы тұрақты тіркестерге тән белгілер, оларға тән ауыспалы, бейнелі, образды мағыналар сақталып тұр.

Жарайды-ақ, миға қонбаса да «туынды сөздер жасалатын» болған соң, біраз фразеологизмдер орфографиялық сөздікте біріктіріліп жазылды делік. Ал «туынды сөздер жасалынбаған, жасалынбайтын» ақтабан, алаөкпе, бозөкпе, жатыпішер, желауыз, желбақай, желбуаз, желбұйда, желғабыз, желқуық, желтабан, желікбас, жұлынқұрт, көкбақа, қандыауыз, қандықол, қолжаулық дегендер тәрізді 70-80 фразеологизм неге сөздіктерде біріктіріліп жазылып жүр?! (Орфографиялық сөздік пен 15 томдық ҚӘТС-ке қараңыз).

Бұған жауап жоқ.

Қазақ тілі фразеологизмдеріне қатысты айтылатын мәселелер бұлармен ғана шектелмейді. Олардың (фразеологизмдердің) бір-біріне қайшы қолданылуы (бірде – біріккен сөз, екінші жерде – тұрақты тіркес), әртүрлі сөздіктерде әрқилы жазылуы (бірінде толық нұсқасы, екіншісінде қысқарған нұсқасы), сөздіктерде қамтылу-қамтылмауы (бір сөздіктерде - бар, екінші сөздіктерде – жоқ) дегендер сияқты түйткілді мәселелерге байланысты ғалымдар болып ойласар тұстар әлі де баршылық.

Мәселен, біраз фразеологизмдер орфографиялық сөздікте біріктіріліп жазылған да, 15 томдық ҚӘТС-те олар бөлек жазылып берілген. Яғни, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері өздері жазған орфографиялық сөздікке өздері бағынбаған. Мысалы: жылыжүзді ~ жылы жүзді, жылымқұрт ~ жылым құрт, қандыауыз ~ қанды ауыз, көзбояу ~ көз бояу, қуаяқ ~ қу аяқ, қужақ ~ қу жақ, қырғиқабақ ~ қырғи қабақ, қырықпышақ ~ қырық пышақ, сазбет ~ саз бет, салпыауыз ~ салпы ауыз, салпыетек ~ салпы етек, түлкібұлаң ~ түлкі бұлаң, тікмінез ~ тік мінез, шықбермес ~ шық бермес, т.б.

Немесе керісінше: орфографиялық сөздікте бөлек жазылған фразеологизмдер 15 томдық ҚӘТС-те біріктіріліп жазылып, біріккен сөз ретінде алынған. Мысалы: көк бармақ ~ көкбармақ, көк бет ~ көкбет т.б.

Фразеологизмдердің тағы бір тобы 15 томдық ҚӘТС-те бірде – бірге, бірде – бөлек жазылып, екі рет алыныпты. Мысалы: қаражүрек (9,319) ~ қара жүрек (6,617), қаражүзді (9,319) ~ қара жүз (9,284), қумүйіз (10,202) ~ қу мүйіз (10,169) т.б.

Әрине, мұндайларды келешекте біріздендірген дұрыс.

Біз сөз етіп отырған фразеологизмдердің кейбіреулері, жоғарыда айттық, әртүрлі сөздіктерде әртүрлі жазылып жүргендері де жоқ емес. Мысалы, алаөкпе, сарысүйек (құда)дегендер орфографиялық сөздікте осы жерде көрсетілгендей толық түрінде жазылыпты. Ал осы сөздер 15 томдық ҚӘТС-те алөкпе, сарсүйек түрінде кіріктіріліп алынған. Сондай-ақ, орфографиялық сөздікте 6-шы басылымында ұрда-жық түрінде жазылған сөз 15 томдықта ұр да жық деп, тіркес ретінде жазылыпты. Дұрысы – осы соңғы жазылыстар.

Бұл айтылғандарға қарап фразеологизмдер әр уақыт осылай шатастырылып жүр екен деп ойланып қалуға болмайды. Өз табиғатына сай фразеологизмдердің дұрыс жазылып, сөздіктерге дұрыс алынғандары да бар. Мәселен, бал бармақ, бір езу, бітеу жара, көк долы, көк ми, көр соқыр, қанды балақ, қара сирақ, қолы ашық, қоян жүрек, қу бас, қу борбай, қу сирақ, қызыл көз, ши борбай деген фразеологизмдер орфографиялық сөздікте де, 15 томдық ҚӘТС-те де бөлек жазылып, фразеологизм ретінде берілген. Біз, міне, осы ұстанымды жақтаймыз.

Менің осы тәріздес сыни мақалаларымды оқыған кейбір «тістеуік» әріптестерім «осы ойыңызды сөздік баспадан басылып шыққанға дейін неге айтпадыңыз?», – деген қағытпа сұрақ қоюды ұнатады («Абай kz.» сайтына қараңыз). Жауап берейін.

Айту жағынан менде ешқандай «кемістік» болған жоқ. Орфографиялық сөздіктің алғашқы басылымдықтарын құрастырушылардың бірі ретінде және оның редакция алқасының мүшесі ретінде сөздіктің 6-шы басылымын (2007) баспаға берер алдында мен үш нәрсеге, атап айтқанда, 1) фразеологизмдерді біріктіріп жазуға, 2) аспан денелерінің атауларын (Темірқазық, Шолпан т.б.) бас әріппен жазуға, 3) біріктіріліп жазылуға тиісті күрделі сөздердің бөлек жазылуына қарсы екенімді айтып, ойымды дәлелдеуге талай рет тырыстып бақтым. Қанша айтсам да, қалай айтсам да, «Байынқол бекерден-бекер шырылдап отырмаған болар, келіңдер ойласайық», - деген ғалымдарды көрген жоқпын. Орфографиялық сөздікке жауаптылардың аузы қалай қисайса, қалған біраздарының аузы да солай қисайды. Басқа ғалымдар ауыздарына су ұрттап алғандай мылқиды да отырды. Сөйтіп, орфографиялық сөздіктің 6-шы басылымы 2007 жылы ешбір өзгеріссіз, түзетусіз басылып шықты.

Енді, міне, оның 7-ші басылымы да жарық көріп отыр (Неге екенін қайдам, соңғы, яғни 2013 жылғы басылымына 6-шы басылым деп қате жазылыпты – Қ.Б.). Бұл мақаладағы әңгіме осы соңғы (7-шы) басылымдағы біріктіріліп жазылған фразеологизмдер жайында да болып отыр.

Тоқ етерін айтқанда, тілге, тілдік бірліктерге (фразеологизмдер сол тілдік бірліктердің біреуі), олар туралы қалыптасқан тілдік заңдылықтарға ұқыпты болайық. Әсіресе, тілші ғалымдарға тілге қалай болса солай қарау, қалай ұққың келсе, солай ұғу, қалай қабылдағың келсе, солай қабылдау және оларға солай талдау жасау жараспайды. Ол ғылымға да, ғалымға да тән қасиет емес. Бізді басқа жұрт «тіл мамандары», «ғалымдар» деп біледі. Біздің айтқандарымызға олар сенеді. Сенеді екен деп оқырмандарды алдауға, адастыруға болмайды.

«Ана тілі» газеті 2016 жыл