Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы



Тағы да қазақ тілінің орфографиялық сөздігі жөнінде

Мақаламызға бұлай ат қойып отырған себебіміз – бұған дейін біз «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің 6-шы басылымы жөнінде» деген тақырыпта бір рет мақала жазып, онда сөздіктің жетістіктері мен кемшіліктері туралы толығырақ сөз еткен едік (Тілтаным, 2008 № 2). Бұл мақаламызда біз сол басылымға және қазақ тілінің басқа да орфографиялық сөздіктеріне ортақ кейбір ойларымызды көпшілік талқысына салғымыз келіп отыр.

Бірінші кезекте айтпағымыз: Орфографиялық сөзіктің соңғы (2007 ж.) басылымында тіліміздің заңдылықтарына сай келмейтін қайшы тұстар бар. Мәселен, сөздікте ақирет сөзі де бар, ақырет сөзі де бар. Бұлар мағыналары әр түрлі сөздер болса, бір сәрі. Жоқ, олардың мағыналарында ешқандай айырмашылық жоқ. Ендеше, бұл сөздердің біреуін қалдырып (біздің ойымызша, ақырет сөзін қалдырған жөн), екіншісін сөздік құрамынан алып тастаған орынды.

Орфографиялық сөздіктің бұрынғы басылымдарында араб, баб сөздері «Б»-мен аяқталған болатын. Жаңа басылымда соңғы сөз (баб) бап болып дұрыс түзетіліпті. Ал араб сөзі сол күйінде қалып қойған. Біздің ойымызша, бұл сөзді де арап деп «П»-мен жазған дұрыс еді.

Аталған сөздікте тарап сөзі осы жерде көрсетілгендей тарап (тарабы емес) деп дұрыс жазылған. Бірақ, неге екенін қайдам, осы сөзге қосымша қосылған кезде сөз соңындағы «П» қатаң дыбысы ұяңдамай сол қалпында қалып қойыпты: тарап+ы (Бұл сөз тарабы болу керек еді). Мұны айтып отырған себебіміз: осы типтес тосап сөзі мұндай өзгеріске түскен (Сөздікке қараңыз: тосап +ы = тосабы).

Орфографиялық сөздіктің жаңа басылымында бұлардан басқа да қайшылықтар кездеседі. Мәселен, онда түгендеу мен түгелдеу сыңарларын салыстыра келіп, олардың орфографиялық дұрыс нұсқасы ретінде «Н» әрпімен жазылған түрін ( түгендеу сөзін) береді. Ал осы түбірге жұрнақ жалғанған сыңарларға келгенде түгендену сөзін емес, «Л»-мен жазылған түгелдену сөзі көрсетіледі.

Қайшылық па? Қайшылық.

Сондай-ақ, айуан сөзін (ең дұрысы – бұл сөзді айұуан деп жазған) дыбысталуы бойынша жазғаннан кейін осы сөздің түбірі болып есептелінетін аю сөзін де айтылуы бойынша айұу деп өзгерткен жөн болар еді.

Сөздікте екі түрлі тұлғада жазылатындай сиынту (352-б.) сөзі мен сыйынты (367-б.) сөздерінің бір-бірінен қандай айырмашылықтары бар? Тіпті тілімізде мұндай сөздер бар ма? Әй, қайдам.

Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің 6-шы басылымы мен оның 3-ші және 4-ші басылымдарын салыстырсақ, алғашқы басылымдарда дұрыс жазылған кейбір сөздердің жазылуы соңғы басылымда аздап өзгерістерге түсіпті. Мәселен, бұрынғы басылымдарда ботагөз, дімкәс, қым-ғуыт, шегара түрінде жазылып көрсетілген сөздер соңғы басылымда ботакөз, дімкас, қым-қуыт, шекара түріне өзгертіліп, бір адым кейін шегініліпті .

Әрине, орфографиялық сөздіктегі дімкас, кастрөл, көкайыл, көкаяз түрінде жазылған сөздерді де қазақша деп айту қиын. Қазақ тілінде «К» жіңішке дыбысынан кейін ешқашан жуан «А» келмейді. Ботакөз, қым-қуыт, шекара, көкайыл т.б. сөздер өздерінің қатаңдықтарымен құлаққа түрпідей тиіп тұр. Бұардың қатаң сыңарларынан гөрі ұяң сыңарлары қазақ тілінің сөйлеу тіліне әлде қайда жақын келеді.

Ботагөз, шегара, қым-ғуыт, көгайыл сипатты сөздерді Г, Ғ ұяңдарымен жазсақ, олар тілімізде бұрыннан қалыптасып кеткен көгал, көгала, көгорай, қолғанат сөздерімен сәйкес келіп, халықтың шатасып қате жазбауына септігі тиген болар еді.

«Қате» демекші, біздің сөздіктерімізде жиі ұшырасатын қате, қазір, қасиет, мұғалім, рәсуа деген сияқты дүбара (жоғарғы тізімге бұл сөздер де қосылады) сөздер жөнінде осы жерде айрықша тоқталғымыз келеді.

Бұларды неге «дүбара сөз» деп атайсыз?- дейсіздер ғой.

Біріншіден, бұларды әрі «қазақтың сөзі», әрі «қазақтың сөзі емес» деуге болады. Қазақтың сөзі болатын себебі – бұл сөздер тілімізде жиі қолданылады. Қазақтың сөзі болмайтын себебі – олар сыртқы түр-тұрпаты жағынан қазақтың төл сөздеріне еш ұқсамайды.

Қазақтың өзіне тән сөздері дыбыстық тіркесімдері жағынан не бірыңғай жуан (мысалы, қата, қазыр, мұғалым деген сияқты), не бірыңғай жіңішке (мысалы, кәзір, кәте, кәсиет, рәсуә дегендер сияқты) болып келеді.

Орфографиялық сөздіктерде кездесетін жоғарғы сөздер болса, олар не әрі емес, не бері емес, жуан-жіңішке дыбыстар араласып келген – дүбара сөздер.

Бұларға байланысты айтар түйініміз: тіліміздің заңдылығына сәйкес мұндай сөздерді не жуан, не жіңішке тұлғада жазып, кейінгі ұрпақтарға оларды солай үйреткеніміз жөн.

Орфографиялық сөздіктің соңғы басылымында тұқым-тұқиян деген сөз көрсетілген. Тілімізде бұл сөздің тұқым-тұғиян, түп-тұғиян, түп-тұқиян, түп-тұян деген басқа да 4-5 түрпеттері (варианттары) бар. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Түсіндірме сөздік бөлімінің картотекалық қорынан қарап едік, осы сыңарлардың ішінен ең көп қолданылатыны - тұқым-тұғиян түрпеті екен. Бұл сөзге 10 автордың 14 карточкесі бар болып шықты. Одан кейінгі көбі - түп-тұғиян сөзі. Бұған 8 автордың 12 карточкесі бар. Ең азы – орфографиялық сөздікке ендірілген тұқым-тұқиян (С.Мұратбеков) сыңары мен түп-тұян (А.Нұрманов) сыңарлары. Бұларға бір-бір автордан және бір-бір карточкеден ғана ұшырасады.

Сонда деймін-ау, бүкіл халық қолданатын орфографиялық сөздікке жоғарғы сыңарлардың ішіндегі ең сирек қолданылатын сыңары неге алынған? Одан гөрі халық тілінде жиі ұшырасатын тұқым-тұғиян сыңарының алынғаны жөн емес пе еді?!

Орфографиялық сөздікке байланысты арнайы тоқтала кететін мәселелердің бірі – екінші буынында қысаң дауыстылар бар ма, жоқ па? – деп, күдік тудыратын сөздер тобы. Орфографиялық сөздіктің соңғы нұсқасында мұндай сөздер әдеттегідей ала-құла жазылыпты. Мыс.: 1) Екінші буынында қысаң дауыстылары бар сөздер: айырым, базына, қорытпа, қорытында, лағынет, майырыл, мақұлық, ресім, саңырау, саңылау, тағылым, төңірек, ұйытқы т.б. 2) Екінші буынында қысаң дауыстылары жоқ сөздер: айрық, айрықша, бағлан, ғибрат, емеурін, емле, наурыз, мағлұм, мақрұм, ресми, сахна, сәурік, сіңлі, тағзым, тәрк, тегеурін т.б.

Сонда осы екі топ сөздердің қайсыларының жазылғандары дұрыс?

Теориялық тұрғыдан бұл екі топ сөздер бір-ақ ұстаныммен жазылуға тиісті. Олардың екінші буынында қысаң дауыстылар не болу керек, не болмау керек. Екі түрлі жазылу мүмкін емес.

Түсінікті болу үшін, екі топтағы сөздерді бір-бірімен аздап болса да салыстырып көрелік: Орфографиялық сөздіктегі жазылулары бойынша, айырым сөзінде «Ы» қысаңы бар, ал айрық сөзінде ол жоқ. Тағылым сөзінде «Ы» дыбысы бар, ал тағзым сөзінде «Ы» жоқ. Ресім сөзінде «І» қысаңы жазылған, ал ресми сөзінде ол жоқ. Міне, осылай кете береді.

Мұндай сөздерді бірдейлестіруге болатын еді ғой (Біздің ойымызша, бұл сөздердің бәріне қысаң дауыстыларды қосып жазған мақұл).

Тағы бір ойласатын нәрсе – қазақ тілі орфографиялық сөздігіне орысша немесе еуропаша сөздерді ендіру қажет пе, қажет емес пе? деген мәселе. Біздің ойымызша, бұл қажет емес. Өйткені орыс сөздерінің жазылуын көрсететін арнайы жасалған «Орыс тілінің орфографиялық сөздігі» (Орфографический словарь руского языка) деп аталатын сөздік бар.

Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің 6-шы басылымын алғаш көргенімде: Аты неге «орфографиялық сөздік»? Неге ол бұрынғыдай «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» де аталмаған? – деп ойланып қалған едім. Оның сырын енді ұққандай болдым. Өйткені бұл басылымға қазақ тілінің сөздерін ғана емес, сонымен бірге орыс, еуропа тілдерінің сөздері де көптеп ендіріліпті.

Менің өз есептеуімше, қазақ орфографиялық сөздігінің соңғы басылымына орыс тілінің В,Ф,Ц,Ч,Э әріптері бойынша ғана 289 сөз ендірілген. Ал авио, авто, аэро, био, гидро, кино, микро, радио сөздерінен басталатын сөздердің саны – 245. Бұл қатарға қазақ тіліне жат АБС, АГ, АК, ГВ, ГЛ, ГР, ИНГ, ИНФ, КА, КЛ, КН, КО, РЕА т.б. әріптердің тіркестерінен басталатын басқа да шетел сөздерін қосыңыз. Сонда олардың сөздіктегі жалпы саны – шамамен 2076 сөз болып шығады.

Бұл – аз ба, көп пе?

Әңгіме санда емес. Әңгіме: тағы да қайталап айтамыз, қазақ орфографиялық сөздігіне орыс сөздерін кіргізгеніміз жөн бе, жөн емес пе?

Сөздікті құрастырушылар: - Біз сөздікке тек қазақ тілінде қолданылатын орыс (еуропа) сөздерін ғана ендіріп отырмыз, - деп, ақталуы мүмкін. Оларға берер жауабымыз: - Орфографиялық сөздік тілдің сөздік құрамын түгелдейтін сөздік емес, ол - сөздердің тек дұрыс жазылуын ғана көрсететін сөздік.

Жалпылай алғанда, біз орыс сөздерін орфографиялық сөздікке алуға мүлде қарсы емеспіз. Оларды да сөздікке алуға болады. Бірақ орыс сөздері болсын, еуропа сөздері болсын, ондай сөздерді тек қазақша айтылуы бойынша жазылса ғана алған жөн.

Бір қуанарлығы орфографиялық сөздікті құрастырушылар ондай орыс сөздерінің біразын қазақша айтылуы бойынша алыпты. Мыс.: бәтіңке, еуропа, еуропалық, жәшік, зауыт, кәмпит, пойыз, көшір, мәйкі, мәшине, нөл, нөмір, пәлте, рөл, сот, үстел, шенеунік т.б.

Біз бұл істі құптаймыз. Алайда, амал не, дәл осылардай қазақшаланған сөздердің кейбіреулері бұрынғыдай орысша күйінде қалып қойыпты. Мыс.: журнал, кабель, съезд т.б. Бұл үш сөздің алдыңғы екеуін (журнал, кабель) Қазақ мемлекеттік терминология комиссиясы жұрнал, кәбіл деп қазақша бекіткен (Егемен Қазақстан,13.06.06). Сөздікті құрастырушылар бұл жайды ескермесе керек. Ал съезд сөзін атамыз қазақ баяғыдан-ақ сиез/сійез немесе сияз деп қолданып келеді.

Ақыр қазақшаланған екен, орыстың «руль» сөзін рөл демей, үрел деп алған жөн еді. Өйткені орыстың «стол» сөзі - үстел деп дұрыс алыныпты ғой.

Орфографиялық сөздіктің соңғы басылымында қазақша сыңары да, орысша сыңары да алынбай қалған сөздер кездеседі. Мыс.: әдіріс/адрес, әртіс/артист, тірәктір/трактор т.б.

Соңғы басылымдағы олқы тұстардың тағы бірі - ондағы бас әріппен басталып жазылатын сөздер санының шамадан тыс көбейіп кетуі.

«Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері» бойынша бұрын тек кісі, жер-су, ру, мекеме, кітап, ән-күй, би, газет-жұрнал атаулары тәрізді жалқы есімдер ғана бас әріппен басталып жазылатын. Бірақ ондай сөздер орфографиялық сөздікке саналы түрде ендірілмейтін. Офографиялық сөздіктің соңғы басылымында бас әріппен жазылатындардың қатарына планета, жұлдыз, мал киелерінің атулары, пайғамбар атаулары, мифологиялық кейіпкер, т.б. атаулар қосылыпты да, олар сөздікке түгелімен кіргізіліпті. Мыс.: Ай, Күн, Жер, Үркер, Егіз, Көнек, Қозы, Үлгі, Хұт, Бидайбасы, Дәлу, Ерентұз, Жақ, Амал, Зауза, Қауыс, Қушық т.б.

Бас әріппен басталып жазылатын сөздердің қатарында тіпті Алла, Тағала, Құдай, Ақ (құдай д. м.), Құран, Зәбүр, Таурат, Әзірейіл, Жәбірейіл дегендер мен Ұлы жүз, Кіші жүз, Орта жүз дегендер және Аллауакбар, Миғраж түні, Жаңа жыл, Алып қарақұс, Месқарын, Бойы бір қарыс, сақалы алты қарыс, Жерден шыққан Желім батыр, Жолбарыс терісін жамылған батыр деген сияқты т.б. атаулар да жүр.

Орфографиялық сөздіктің 6-шы басылымында кездесетін, бас әріппен жазылған мұндай атаулардың жалпы саны - 120-дай. Шынтуайтқа келгенде, біз бұл сияқтылардың біразының бас әріппен жазылғанына қарсы емеспіз. Қарсы болатынымыз – планета, жұлдыз атауларының, сондай-ақ, құран, хақ тағала, таурат, зәбүр, миғраж түні, құрбан айт, жаңа жыл деген тәрізді атаулардың бас әріппен жазылғандығы (Стильдік тұрғыдан бас әріппен жазу басқа мәселе). Бүйте берсек, немістер құсап, зат есім болса болды, бәрін бас әріппен жаза беретін жағдайға жететін шығармыз.

Әрине, сөздікте оны құрастырушылардың өз ұстанымдарына өздері қайшы келетін жерлері де жоқ емес. Олар сөздікте жарықжұлдыз, сарыжұлдыз деп аталатын жұлдыз атауларын кіші әріппен жазып көрсетіпті. Ал қызылжұлдыз атауы сөздікке мүлде енбей қалған.

Қысқасы, ұқыптап қараған кісі біздің орфографиялық сөздігімізден жоғарғылар тәрізді олқы тұстарды әлі де таба алады. Көпшілік болып, ондай кемшіліктерді көрсете алсақ, сөздіктің келешек басылымы сапалы болып шығары сөзсіз.

Тілтаным. 2008. №3. 3-7 бб