Мен академиялық үлкен орфографиялық сөздіктің сонау 1978 жылғы екінші басылымынан бастап күні бүгінге дейінгі оның барлық басылымдарына (5-ші басылымынан басқаларына) өз пікірімді білдіріп келе жатқан адаммын. Сол әдетімнен таймай бұл жолы да орфографиялық сөздіктің 6-шы басылымына (2007 ж. ) байланысты өзіндік пікірлерімді білдіріп, оның жетістіктері мен кемшіліктеріне тоқталмақшымын.
Сондағы мақсат – орфографиялық сөздіктің келесі басылымының сапалы болып шығуына өз үлесімді қосу. Оның үстіне сөздіктің кіріспе бөлімінің соңында жазылған: «Сөздіктен байқалған кем-кетікті көрсетіп, талап-тілек білдірген оқырмандарға күнібұрын үлкен ризашылығымызды білдіреміз» - деген сөз де осы мақаланы жазуыма түрткі болған сияқты (Мүмкін сөздікті құрастырушылар мен оның редакторлар алқасынан алғыс та алып қалармын деген ой да жоқ емес).
Алдымен орфографиялық сөздіктің жетістіктері жөнінде.
1) Бұған дейінгі орфографиялық сөздіктерге кірмей қалған сөздер мен терминдер, сөз тіркестері қосылып, сөздік бұрынғыларға қарағанда толықтырыла түскен. Мыс.: аппақ, әлемиет, дернәсіл, жанқалта, жетіқарақшы, жылқышыата, қарамай, қолғанат, қылауыш, қылсап, сағатқалта, темірқазық, уілдір, шетел, шет тілі, шолпан, шопаната, т.б.
2) Бұрын бөлек жазылып келген күрделі сөздердің біразы (зат, өсімдік, аң, құс, жәндік т.б. атаулар) бұл сөздікте біріктіріліп жазылыпты: атдорба, атжабу, аткөрпе, ашішек, жалаңбас, көкет, көпбалалы, көпсалалы, көпұлтты, қаракүйе, қарабидай, қойбүлдірген, қоянот, тайқазан, тасжол, таскөмір, тоқішек, тотықұс, төсқалта, тұсаукскер, ішкөйлек, ішмай т.б.
3) Сөздікке ендірілген атау сөздер тұлғаларына қарай белгілі бір ретке келтірілген, жүйеге түсірілген (біріздендірілген); қалай жазылатындығы көрсетілген. Мыс.: айғай/айқай, балуан/палуан, барабар/парапар, бұнда/мұнда, бұнша/мұнша, дәнеме/дәнеңе т.б.
4) Орфографиялық сөздікте бұрын тек орысша беріліп келген сөздердің біразы бұл сөздікте олардың қазақша сыңарлары ғана көрсетіліпті де, ал олардың орысша атаулары сөздіктен алынып тасталыпты. Біз бұл қадамды қуаттаймыз. Мыс.: аяқдоп (футбол), бағдарлама (программа), емдәм (диета), дәке (марля), зауыт (завод), кәмпит (конфет), кәстөм (костюм), қолтабақ (поднос), мәшине (машина), пәлте (пальто), тәркілеу (конфискация), төңкеріс (революция), шәкіл (шкала) т.б.
Амал не, жоғарғы 3-ші тармақшада айтылған жүйелілік бұл жерге келгенде сақтала бермепті. Сөздікте олардың қазақша, орысша сыңарлары қатар берілген жағдайлар да кездесіп қалады. Мыс.: кеңес~совет, кеңшар ~совхоз, ұжымшар ~колхоз т.б.
Енді орфографиялық сөздіктің жаңа басылымының кемшіліктеріне келелік.
Алдымен айтарымыз, қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде қайшылықтар бар ма?
Сөз жоқ, бар.
2007 жылғы жүз мың данамен таралған қазақ тілі орфографиялық сөздігінің ең соңғы (6-шы) басылымын қолға алып, ұқыптап қарасаңыз, одан біраз кемшіліктерді табуға болады.
1) Шындығын айтайын, орфографиялық сөздіктің жаңа басылымындағы моңғол сөзінің жазылуы менің көңіліме қонбайды. Құлақ түріп көріңіздерші, қай қазақ моңғол деп, «О»-мен айтады? Кімді тыңдасаңыз да бәрі маңғол деп, бірінші буынды «А»-мен дыбыстайды.
Ең дұрысы: бұл сөзді айтылуы мен естілуі бойынша маңғол деп, «А»-мен жазған мақұл еді. Орфографиялық сөздік дегеніміз – сайып келгенде, ауызша сөйлеу тілінің жазба нұсқасы емес пе?!
Сондай-ақ, біздің орфографиялық сөздігімізде жазылғандай ешбір қазақ «киіз үйдің шаңырағына жабатын төрт бұрышты киізді» түндік деп, «Н»-мен айтпайды. Оны түңлік деп, «Ң»-мен айтады.
Дәл осы секілді сіз ауылдың қазағынан (қаланың қазағы ондай сөздерді бәрібір білмейді): - Омыртқаның жамбаспен жалғасқан ұш жағын не дейді? – деп сұрап көріңізші. «Оны құймышақ деп атайды» деген жауап аласыз. Ал осы сөз орфографиялық сөздікте құйымшақ деп беріліпті.
2) Біздің орфографиялық сөздігімізде бір сөз екі түрлі жазылып, әліпбилік реті бойынша олар екі жерде жүргенін кездестіруге болады. Мәселен, сөздіктің бір жерінде мақшар деп, Қ-мен берілсе, оның екінші бір жерінде махшар деп, Х-мен жазылған. Осылардың қайсысы дұрыс?
Ақнауат (қауынның аты) сөзі екінші бір жерде ақнабат деп алынған. Екеуі де қауынның бір ғана түрінің атауы.
Қауынның тағы бір түрі сөздіктің бір жерінде гүрбік деп, екінші жерінде күрбік деп екі рет алыныпты. Ұр да жық фразеологизмі бірде ұрдажық деп біріккен сөз ретінде алынса, екінші жерде ол ұрда-жық деп, қос сөз ретінде жазылыпты. Жемшөп сөзі біріккен сөз ретінде бірге жазылып берілсе, осы сөзден еш айырмашылығы жоқ жеміс-жидек сөзі қос сөз ретінде жазылған. Бұлардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендіктерін білмей, оқырмандардың бастары қатып жүргенін талай рет кездестірдім.
Ескерте кететін нәрсе: бұл кемшіліктердің кейбіреулерін мен орфографиялық сөздіктің 2-ші басылымынан (1978 ж.) бастап айтып та, жазып та келе жатырмын. Түзетілмегендеріне қарағанда, сөздікті құрастырушылар оның алдыңғы басылымдарына қатысты сыни мақалаларды оқымайтын сияқты.
3) Бірі болғаннан кейін екіншісі де міндетті түрде болуға тиісті бір типтес сөздердің бірі сөздікте бар болғанымен, екіншісі онда жоқ болып шығады. Мәселен, сөздікте айырым - бар, айырық – жоқ; жағармай, жермай, сарымай, тоңмайлар – бар, ал бетмай, сумайлар – жоқ; қарабарақ (өс.) – бар, сарыбарақ (өс.) – жоқ; қолкүрек – бар, белкүрек – жоқ; қызылқайың – бар, аққайың – жоқ; төсқалта – бар, ішқалта – жоқ; тамыратпалы – бар, тамыратпа - жоқ; тамырсабақты – бар, тамырсабақ – жоқ; тамыртүйнекті – бар, тамыртүйнек – жоқ; ел іші – бар, ел ішілік – жоқ т.б. Сондай-ақ, бас бармақ, балаң үйрек, шылдыр шүмек дегендер сөздікте бар да, ал ортан терек, кішкене бөбек дегендер онда жоқ.
4) Сөздердің бірге немесе бөлек жазылуына байланысты да сөздікте кейбір ала-құлалықтар байқалып қалады. Мәселен, бірдей жазылуға тиісті, бір-біріне ұқсас бір топ сөздердің біразы сөздікте бірге жазылған да, біразы бөлек жазылған. Мысалы, онда ақаю – бірге, қара аю, қоңыр аю – бөлек; қара бұрыш сөзі – бөлек, ал қызылбұрыш сөзі – бірге; көкет – бірге, қара ет – бөлек т.б.
Осылар тәрізді беторамал, қолорамал; жанқалта, төсқалта, сағатқалта; жермай, қарамай, сарымай, тоңмай деген сөздер орфографиялық сөздікте бірге жазылған. Осылардан еш айырмашылықтары жоқ асық жілік, кәрі жілік, ортан жілік, тоқпан жілік/тоқпақ жілік; ауыз омыртқа, бел омыртқа, мойын омыртқа, ұзын омыртқа; азу тіс, ақыл тіс, ат тіс, қой тіс, ит тіс, күрек тіс, қасқа тіс, сүт тіс, ұры тіс дегендер бөлек жазылған.
Бұл соңғылар да біріктіріліп жазуға болатын (біріккен) сөздер. Сондықтан оларды да біріктіріп жазған абзал болар еді деп ойлаймыз.
5) Тіл атаулының, әсіресе сөздік құрамның құдіреттілігі – олардың жүйелілігінде. Жүйе бар жерде заңдылық та бар, дұрыстық та бар. Мұны айтып отырған себебіміз: орфографиялық сөздіктің жаңа басылымында бір сөз бірде – бірге, бірде – бөлек жазылып, екі жерде екі түрлі көрсетіледі. Мәселен, ашықхат, ботакөз, сарыала, тайжүзген, торкөз сөздері сөздікте бірде – бірге, екінші жерлерде – бөлек жазылған.
Сондай-ақ, тұлғалары әр түрлі, бірақ жазылу ұстанымдары бірдей болуға тиісті біраз сөздер де сөздікте әр қалай жазылыпты. Мәселен, төмендегі жұп сөздердің алдыңғы сыңарлары орфографиялық сөздікте бірге жазылған да, соңғы сыңарлары бөлек жазылып көрсетілген: біртұтам ~ бір құлаш, біртілім ~ бір буда, жарыссөз ~ алғы сөз/соңғы сөз, қоңырүй ~ қара үй, төсағаш ~ төс темір, сужүрек ~ қоян жүрек, сықпамай ~ сықпа құрт, ұрғашыжіп ~ еркек жіп т.б.
6) Тіпті тұлғасы бірдей бір ғана күрделі сөз немесе тұрақты тіркестердің кейбіреулері сөздікте алдымен әдеттегідей бөлек жазылып, дұп-дұрыс көрсетіледі де, оларға морфологиялық тәсілмен жұрнақ жалғанған кезде әлгілер біріктіріліп жазылады. Мыс.: асыра сілтеу ~ асырасілтеушілік, бүкіл дүниежүзі ~ бүкілдүниежүзілік, жер иеленуші ~ жериеленушілік, шайпау сөз ~ шайпаусөзділік, шайпау тіл ~ шайпаутілділік, іші тар ~ ішітарлық т.б.
Сөздікті құрастырушылардан мен «бұл қалай»? деп, сұрап көрдім. Олар: «Жаңа сөз жасалды ғой. Сондықтан олар бірге жазылған» деп жауап берді.
Сөздің жасалғандығын білсе, мамандар (тілшілер) біледі. Ал орфографиялық сөздікті пайдаланушы көпшілік халық бір ғана сөздік тұлғаның бірде бірге, бірде бөлек жазылу себебін түсінбей бастары дал болады да, қолдарын бір сілтеп, оларды өздерінің білгендері бойынша жазып жүре береді. Біз болсақ, «халық сөздерді өз білгендерінше жазады», «орфографиялық нормаларды сақтамайды» деп, оларға өкпе артамыз.
Сондықтан мынандай ұсыныс айтқымыз келеді: Егер халық орфографиялық сөздіктегі сөздерді дұрыс жазсын десек, жоғарғылар сияқты тіркестердің өздерін де, олардың жұрнақ қосылған тұлғаларын да бірдей жазып (яғни бөлек жазып) көрсеткеніміз абзал.
7) Әрине, біріктіріліп жазылуға тиісті сөздердің біріктіріліп жазылғаны дұрыс. Бірақ біріктіріп жазудың да өз заңдылықтары, өз тәртібі болады. Мәселен, қазақ тілінде қарабарақ (солянкоколосник), сарыбарақ (солянка содовая) деген өсімдік атаулары кездеседі. Бұлар барақ деп аталатын бір өсімдіктің екі түрі (қара және сары) емес. Олар бір-біріне ұқсас екі түрлі өсімдіктің жеке-жеке атаулары. Сондықтан бұл сияқты атауларды (арқаржусан, аюбалдырған дегендер тәрізді) біріктіріп жазып, әр түрлі өсімдіктің атауы ретінде қолданған мақұл.
Осы тұрғыдан алғанда сөздікте кездесетін ақтерек, көктерек, қаратерек, қызылқайың, аққаңбақ, ебеқаңбақ деген сөздер «бекер біріктіріліп жазылған» деп ойлап қаласың. Олар - жеке-жеке өсімдіктердің атаулары емес, терек, қайың, қаңбақ деп аталатын өсімдік түрлерінің (вид) атаулары. Ендеше, мұндайлардың түр атаулары ретінде бөлек жазылғандары жөн.
8) Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің соңғы (2007 ж.) басылымындағы кемшіліктердің ең үлкені - тіліміздегі сын есім мәнді идиомалар мен фразеологизмдердің біріктіріліп жазылғандықтарында деп білеміз.
Ойымыз дәлелді болу үшін мысал келтірелік: ақжарқын, ақжүрек, ақкөз (батыр д.м.), ақниет, ақпейіл, ақсаусақ, алауыз, алақол, алаяқ, алыпсатар, арамтамақ, атүсті (қарау), ашықауыз, әпербақан, басбұзар, бассауға, баукеспе, босбелбеу, бозөкпе, бірбет, жайбасар, жандайшап, жаужүрек, желаяқ, желөкпе, жүрекжұтқан, жылыжүзді, көкайыл, көкаяз, қараниет, қызылкеңірдек, қызылшеке, қырғиқабақ, сарықарын, сойылсоғар, сужұқпас, сужүрек, сүтпісірім, тасжүрек, тоңмойын, түлкібұлаң, тікбақай, үйкүшік, ұркөппе т.б.
Мұндайларды біріктіріп жазуға мүлде болмайды. Олар – бейнелі, образды (ауыспалы мағынада) қолданылатын тұрақты тіркестер. Егер «олар бір сөз ретінде қолданылады» деген сылтаумен (барлық фразеологизмдер бір сөз ретінде қолданылады – Б.Қ.) жоғарғылар тәрізді идиома-фразеологизмдердің бәрін біріктіріп жазатын болсақ, онда кез келген тілде ұшырасатын тұрақты тіркестер (фразеологизмдер) деп аталатын тілік құбылысты жоққа шығарған боламыз.
Әрине, сын есім мәнді фразеологизмдердің бәрі сөздікте біріктіріліп жазылған деуден аулақпыз. Сөздікте көзі ашық, көк долы, көк ми, қара сирақ, қолы ашық, қоян жүрек, тас түйін, ши борбай тәрізді біраз фразеологизмдер бөлек жазылған. Ең дұрысы – жоғарыда көрсетілген біріккен фразеологизмдерді де ослай бөлек жазған.
9) Тілімізде ас та төк, у да шу, ұр да жық дегендер тәрізді тұрақты тіркестер (фразеологизмдер) бар. Неге екені белгісіз, орфографиялық сөздікті құрастырушылар мұндай тіркестерді аста-төк, уда-шу, ұрда-жық деген тұлғада, яғни қос сөз ретінде беріпті. Бұл әрекетті де тілге жасалған қиянат деп білеміз.
10) Өкінішке орай, біріктіріліп жазылуға тиісті нағыз біріккен сөздердің біразы сөз болып отырған орфографиялық сөздікте біріктірілмей, бөлек жазылған. Мыс.: ауыз омыртқа, бас бармақ, көк желке, қара бұрыш, қара ет, қара қағаз, қызыл асық, қызыл су, өлі ет, серек құлақ (қасқыр), төс сүйек, төс темір т.б.
Мұндайлардың саны аз емес.
11) Орфографиялық сөздіктің соңғы басылымы қаншалықты «толықты» десек те, оған кірмей қалған сөздер әлі де баршылық. Мыс.: ақбасжусан, ақ қайың, ащысу (арақ), белкүрек, берен-саран, бетмай, бұрқан-тарқан, еренсіз, жершары, көмпіс/көнпіс, көпмағыналы, кугім, қызылжұлдыз, сарыбарақ, сумай, тамыратпа, тамырсабақ, тамыртүйнек, үзеңгібау, үһ, үһіле, ішқалта т.б.
Ақыр айттық, ойымыздағы пікірлердің басқаларын да жасырмалық.
12) Орфографиялық сөздіктің соңғы басылымында басы артық, тілімізде жоқ, сондықтан да сөздік құрамынан шығарылып тасталатын сөздер де бар. Олар: ақсарағат, ақтағыр, арбағаш, атсілеусін, аябоз, бағзор, дүбілу, дүбілту, итсандық, көгауыз, қаламтараш, мұздыбалақ, мұстазат, сайқұрал, тайкөк, тақайыр, тамыршілік, тәрбият, тоңшакөк, туатаяқ т.б.
Соңына қарай айтарымыз - менен біреу болмаса да біреу: «Сіз сөздіктің редакция алқасының мүшесі екенсіз. Осы жерде көрсеткен кемшіліктерді сол кезде неге айтпадыңыз»? – деп сұрауы әбден мүмкін. Жауап берейін.
Сөздіктің редакция алқасының бірі болғандығым рас. Оның қолжазбасын талқылауға қатысқаным да ақиқат. Сол кезде мен айтқан ескертпелердің бәрі болмаса да біразы ескеріліпті (түзетіліпті). Сонымен бірге менің пікірлеріме дау айтып, қарсы тұрғандар да табылды.
Сөйтіп, сөздік баспаға кетіп, басылып шықты.
Тілтаным. 2008. №2. 139-142 бб.