Тілімізге енген шет тілі сөздерінің үндестік заңына бағынбай жазылып жүргендігін Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Қошке Кемеңгерұлы сияқты ардақты ағаларымыз сонау 20-ыншы жылдардың өзінде-ақ білген де, көрген де екен. Олай етуге болмайтындығын жеріне жеткізіп айтқан да екен. Бірақ ол кісілердің айтқандарын тыңдаған ешкім болмапты. Тіпті кейіннен мүйіздері қарағайдай болып, атақтары да, лауазымдары да зор тілші ғалымдарымыздың өздерінің ішінен «мыналардың айтқандарында жан бар екен» деген біреуі болсайшы!
Жоғарыда аты аталған ағаларымыздың кейбір пікірлеріне құлақ түріп көрелік.
Халел Досмұхамедұлы: «Жат сөздерді өзгертпейінше жүргіземіз деп, қазақ тілін бұзғандар да, халықты мәдениетке үйретеміз, өнер шашамыз деп, арақ пен шылым, жұқпалы ауру таратқандар да бір есеп. Арақ, шылым, аурулар адамның денесін бұзса, зорлықпен кіргізілген жат сөздер елдің түп қазығы болған тілді бұзады» [7].
Ахмет Байтұрсынұлы: «Жат тілден енген сөздерді тіліміздің ішкі заңдылығына бағындырмай алудың түбі күндердің күнінде қазақ тілінің қураған бұтақтай сынып түсуіне әкеліп соғады» [8].
Қошке Кемеңгерұлы: «Білімпаздар тобы жат сөздерді қазақ тілінің үндестік заңына үйлестіріп алуы керек еді. Мұны жүзеге асыратын алдымен жазушылар, оқытушылар болуы керек еді. Бірақ мұны жүзеге асырушылар некен-саяқ», - дей келіп, оған италияге, курстар, уаде сөздерін мысалға келтіреді. Сөйтеді де: «Италия жуан сөз, -ге жіңішке сөздің жалғауы. Бұл екеуін бір жерге қосақтау «Тіл құралын» /Ахаңның –Б.Қ./ өмірде бір оқымаған топастың жұмысы болады» - деп, ашына жазады [9]. Ал біз болсақ, күні бүгінге дейін курс+қа, курс+ы деп, орфографиялық сөздікке ендіріп келе жатырмыз.
Дәл осы тәріздес ойларды белгілі ғалымдар Ә.Жүнісбеков пен С.Мырзабеков жолдастар да кейінгі кезде жиі қайталап жүр [10]. Бірақ бұған селт еткен жан жоқ.
Қысқасы, тілімізге араб-парсы, орыс сөздерінің көптеп енуіне және ол сөздердің үндестік заңына бағынбай жазылуына байланысты, сондай-ақ орыс сөздерін қазақ балаларына оқыту, жазғызу мақсатында 12 орыс әрпінің (дыбысының) қазақ әліпбиіне күштеп ендірілуіне байланысты қазақ тіліндегі үндестік заңының бұзылғаны анық.
Соның салдары болуы керек, қазақ тілінде жаңадан жасалынып, енді ғана жүзеге аса бастаған кейбір тілдік құбылыстар ары қарай дамымай, жетілмей қалды. Бұған мысал ретінде тіліміздегі үндестік заңына бейімделіп үлгермей қалған көмектес септігінің жалғаулары (орақпен орды, машинамен келді) мен меншіктілікті білдіретін -нікі, -тікі, -дікі қосымшаларын (онікі, мұнікі т.б.) келтіруге болады.
Ойым айтады: Бұл құбылыстар жасалуы жағынан жазу-сызудың өмірде басты рөл атқару кезеңімен қатарлас келуі мүмкін. Басқаша айтсақ, жоғарыдағы қосымшалардың үндестік заңына сәйкес жуан-жіңішке сыңарларының болмау себебі – жазу-сызудың өмірімізге тереңдеп енуіне байланысты болуы керек. Өйткені жазу-сызудың адамзат ойын, мәдени-рухани мұраларын дамытатын ілгерлеткіш (прогрестік) қасиетінің болуымен бірге, оның тілдік құбылыстарды цементтеп тастайтын кері (регресивтік), тежеуші (статикалық) қасиеті де жоқ емес.
Мұны айтып отырған себебіміз, жазу-сызу өмірге тереңдеп еніп, грамматикалық ережелердің негізі айқындалғаннан кейін, ол ережелер оқулыққа ендіріледі (жазылады). Ендіріліп қойылған соң, сол оқулықпен оқыған адамдардың бәрі тек әлгі ереже бойынша ғана айтып, сол ереже бойынша ғана сөйлейді. Оны бұзбауға тырысады. Тіпті бұзудан да қорқады. Осының салдарынан тілдің өзіндік даму заңдылығы тежеледі, бір сөзбен айтқанда, тоқталып қалады. Әйтпесе төңкеріске дейінгі қазақтардың тілінде атпан келдім, арбаман көштім, онықы, мұнықы деген сияқты оралымдар болған.
Амал не, алғаш оқулық жазған адамдардың біреуі атпен келдім, балалармен ойнадым, онікі, мұнікі деп, әлгі оқулыққа жазып жіберген болуы керек. Оқулыққа жазылғаннан кейін оны басқалар де солай айтып, солай жазуға дағдыланып кеттік.
Бұл айтылғандарды қазіргі кезеңнің мәнбілерімен де (фактілерімен де) дәлелдеуге болады. Сіздер қазіргі қазақ мектептерінде оқыған балаларға бөрөнө, бүлдүргөн, көбөлөк, құлұн, жұлұн, күлкү, түлкү деп айтқызып көріңіздерші. Ешкім олай айтпайды. Өйткені бұл сөздер оқулықтарда бөдене, бүлдірген, көбелек, құлын, жұлын, күлкі, түлкі түрінде жазылған. Оқулықта солай жазылғаннан кейін оқушылар да оларды солай айтады.
Тоқ етерін айтсақ, қазіргі жазуымыздағы ала-құлалықтың көбі өзіміздің осылар сияқты қайшылықтарымыздан туындап отыр. Бұл қайшылықтарды жоюдың, яғни қатесіз жазудың (жазуды да бір ізге түсірудің) бір-ақ жолы бар. Ол – қазақ тілінің табиғи қалпын сақтап, үндестік заңы бойынша жазу [11].
Сонымен, үндестік заңы – ұлы заң. Өзін қазақпын деп есептейтін әрбір адамның бұл заңды бұзуына қақылары жоқ. Өйткені қазақ тілін тіл етіп тұрған – осы заң.
Енді еңбектің басында айтылған екінші мәселеге келелік. Ол – біріккен сөздердің жазылуына байланысты қайшылықтар:
Шындығына келгенде, бұл жердегі әңгіме 1988 жылы шыққан «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» біріккен сөздердің кейбіреулерінің біріктіріліп, дәл сондай екінші біреулерінің бөлек жазылғандығы туралы болғалы отыр. Анығырақ айтсақ, басқұр, бөріқарақат, қазоты, қайнаға, қараторғай, қолбасы, қолбасшы, оқжылан, төрағасы, тілхат, шашбау сияқты екі сөздің бірігуінен жасалған сөздердің біразы орфографиялық сөздікте біріктіріліп жазылған да, ал осылардан ешқандай айырмашылықтары жоқ аяқ құр, бөрі жеке, қаз жуа, қайын ата, суық торғай (снегирь), қос басы, қос басшы, су жылан, той ағасы, ашық хат, уық бау деген сияқты біраз сөздер біріктірілмей, тіркес ретінде бөлек жазылған. Ғылыми тұрғыдан қарастырсақ, алдыңғы (бірге жазылған) сөздер сияқты соңғы (бөлек жазылған) сөздер де бір ғана заттың атын білдіріп, тілімізде бір сөз ретінде әбден қалыптасып кеткен тұлғалар. Сондықтан олардың бөлек жазылатын жөні жоқ еді.
Мұндай мысалдарды сөздіктен көптеп келтіруге болады. Бірақ мәселе мысалдарда емес. Мәселе – біріккен сөздердің жазылуы деген проблеманың қазақ тіл білімінде күні бүгінге дейін өз шешімін дұрыс таппай келе жатқандығында. Жоғарыдағылардың практикалық өмірдегі жазылуына келетін болсақ, көркем әдебиеттерде болсын, газет-журнал беттерінде өзінде болсын, тіпті бұрынды-соңды шықан әр түрлі сөздіктердің өзінде болсын, бұл біріккен, бірақ біріктірілмей жазылып жүрген сөздердің бірде олай, бірде бұлай, ала-құла жазылып жүргендігін байқаймыз.
Біз орфографиялық сөздікте бөлек жазылған, бірақ біріктіріп жазсақ, бір сөз ретінде қолдануға әбден болатын сөздерді де ерінбей санап шықтық. Олардың, яғни бөлек жазылған май қарағай, ит көйлек, төс темір, жан қалта, төс қалта, алғы сөз, қайын ене, қайын бике, қайын сіңлі, ауыз омыртқа, бел омыртқа, мойын омыртқа, бет орамал, қол орамал, серек құлақ (қасқыр), су бүркіт, су құзғын, тоты құс, қызыл бұрыш (красн.уголок), сарала қаз деген сияқтылардың ұзын саны әжептәуір.
Біздің ойымызша, бұл сөздер өздерінің бастапқы тіркестік (синтаксистік) қасиеттерінен үзілді-кесілді мүлде айрылған. Семантикалық жағынан да олар бір ғана заттың атауы ретінде қолданылып, бөлінбейтін, мүшеленбейтін бір бүтін сөздерге айналған. Сондықтан бұлар сияқты сөздерді орфографиялық сөздіктің келесі басылымында біріктіріп жазған мақұл болар еді.
Мәселен, май қарағай сөзі әуелде «жаңғағының дәні май сияқты нәрлі қарағай» деген ұғымнан шыққанымен, кейіннен оның (қарағайдың) бір түрінің атауы болып кеткендігі даусыз. Қазіргі кезде бұл сөзді ешкім де май және қарағай деген сөздердің мағыналарымен байланыстырып жатпайды. Сол сияқты, көк бауыр (селезенка) сөзін айтқанда да, көк және бауыр сөздерінің мағыналарына байланысты ұғым шықпайды. Көк бауыр сөзі көк және бауыр сөздерінің мағыналарымен ешқашан шатастырылмайды.
Солай бола тұрса да, амал не, жоғарыдағы сөздер және осылар тәрізді басқа да көптеген сөздер қазіргі кезде жеке сөз ретінде танылмай, сөздіктерде жеке атау сөз болып алынбай жүр. Кейде олар тіпті сөздіктерге мүлде кірмей де қалады. Оның бірден-бір себебі – ол сөздер орфографиялық сөздікте тіркес ретінде бөлек жазылған. Лексикография тәжірибесі бойынша, бұлар сияқты бөлек жазылған сөздер әрбір атау сөздерден соң, ромбик белгісінен кейін, идеома-фразалар берілген жерге алынуға тиіс.
Жоғарыда аталған көк бауыр және онда аталмаған көк қарға (сизоворонка), көк тамыр (вена) деген сияқты сөздерді жазылуына қарап, көк сөзінің мағыналарынан кейін тіркес ретінде берейін десең, оның ешбір ретін таппайсың. Өйткені ромбиктен кейін көк долы, көк езу, көк мылжың, көк есекке теріс мінгізді, көк ала қойдай етті деген сияқты идеома-фразалар тұрады. Көк бауырдың, көк қарғаның және көк тамырдың бұлармен ешқандай жақындығы жоқ. Тіркесу ерекшелігі, беретін мағыналары жағынан бұлар көрсетілген идеома-фразаларға ешбір ұқсамайды.
Ойымызды дәлелдей түсу үшін, ит көйлек, итала қаз, тай қазан, темір қазық деген сөздерді алып қарастыралық. Бұлар да, жоғарыда аталған сөздер сияқты, орфографиялық сөздікте бөлек жазылған. Лексикография теориясы бойынша бұлар бөлек жазылғандықтан жеке сөз ретінде реестрге шығарылмайды. Сондықтан, ит көйлек тіркесі ит сөзіне, итала қаз – итала сөзіне, темір қазық – темір сөзіне, ал тай қазан – тай сөзіне тіркес ретінде берілуі керек. Ойланып көрелікші, ит көйлектің «итке», итала қаздың «италаға», темір қазықтың «темірге», тай қазанның «тайға» қандай қатысы бар? Тіпті азды-көпті «қатысы бар» дей қалған күнде де, бұл сөздерді тіркес деп қарастырудың өзі ақылға қона қояр ма екен?!
Әрине, ақылға да қонбайды, ғылымға да сыйыспайды. Бірақ амал не, осылар тәрізді екі сөздің тіркесінен құралғанымен, тіркестік қатынастарын мүлде жоғалтқан, семантикалық мағынасы жағынан да, грамматикалық қызметі жағынан да тұтас бір бүтін тұлға ретінде қалыптасқан, алайда, орфографиялық сөздікте бөлек жазылып жүрген сөздер тілімізде көп-ақ.
Мысалы: аяқ киім, бас киім, сырт киім, іш киім, аяқ бау, жел бау, қамыт бау, құлақ бау, тамақ бау, асық жілік, кәрі жілік, ортан жілік, тоқпақ жілік/тоқпақ жілік, бүйрек май, тоң май, шарбы май, іш май, тоқ ішек, тік ішек, тел сөз, төлеу сөз, жалаң бас, жалаң аяқ, жалаң бұт, көк ет, көк сүт т.б.
Осы жерде өсімдіктердің 3,5 мыңдай қазақша атауларының 70-75 пайызы екі сөздің бірігуінен жасалған атаулар екендігін де айта кеткіміз келеді. Олар екі түбір сөздің бірігуінен жасалып, бір затты екінші бір затпен ұқсастыру, метофоралық теңеу негізінде жасалынған және ол атаулар екі түбірден құралғанына қарамастан, ботаникалық жағынан бір ғана өсімдіктің атауы болып жұмсалынады. Бірақ олардың біразы, өкінішке орай, орфографиялық сөздігімізде бөлек жазылған. Мысалы: аю балдырған, бал қарағай, бөрі бұршақ, жер алмұрты, жер алмасы, жер жаңғақ, қара бидай, сиыр бүлдірген, сиыр жоңышқа, төбе сораң, түйе жоңышқа, түйме бас, түйме шетен, тікен қурай, үй бидайық, үрме бұршақ, бұғы қынасы, бұғы мүгі т.б.
Біріккен сөздердің жазылуы туралы айтқанда, қара кер, қара торы, қара көк, қара қошқыл, қара күрең, қара қоңыр, қара сүр, ақ сары, ақ сүр, ақ құба, ақ боз, құла жер, қызыл күрең деген сияқты сын есімдік тіркестерге де тоқтала кету керек сияқты. Бұлар екі сөзден құралып, бір ғана түсті көрсетеді, бір ғана лексикалық единицаны білдіреді. Кейбір зерттеулерде айтылғандай, қара көк дегендегі қара сөзі көк сөзін анықтап тұрған жоқ, түстің негізгі белгісі соңғы көк сөзінде емес, қайта бұл екі сөз бірігіп, өзінше бір жеке түсті көрсетіп тұр, яғни қара да емес, көк те емес, үшінші бір түс – қаракөк. Қаракөк десек, біз қара мен көктің аралығындағы үшінші бір түсті ұғынамыз.
Қазақ тіл білімінде бұл сияқты тіркестер күрделі сын есімдер деп қаралып жүр. Сондықтан болу керек, бұл сөздер «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде» бөлек жазылсын делініпті. Ал практикалық өмірде жоғарыда сөз болған біріккен сөздер сияқты бұлардың да жазылуында ала-құлалықтар кездеседі.
Бізше, бұларды күрделі сөздер деуден гөрі, біріккен сөздер деп қарап, бірге жазу әрі орынды, әрі тиімді болған болар еді. Бұлай еткен жағдайда бұл сөздердің жазылуында да ала-құлалық болмайды. Мектеп оқушылары қара торы дегендегі екі сөз бөлек жазылғандықтан, екі түстің атауы деп ұғынып (қара және торы), арасына үтір қою қателігінен де арылған болар еді.
Жалпы орфографиялық принциптерге қойылатын шарт – олар тілдің өзгеруіне, дамуына, оның байи түсуіне қарсы тұрмауымен бірге, әрбір жеке тілдің жазу мәдениетінің өсуіне де кесірін тигізбеуге тиіс. Ендеше, екі не үш сөздің бірігуінен жасалған сөздерді түгелдей жинастырып, оларды біріктіріп жазып, бір сөз ретінде қарастыратын болсақ, бұл, біріншіден, практикалық жағынан қолайлы, ғылыми жағынан дұрыс болып табылады, екіншіден, тіліміздің сөздік құрамы осы біріккен сөздердің есебінен байи түседі.
Екі сөзді біріктіру арқылы жаңа сөз жасау, соның нәтижесінде тілдің сөздік құрамының баюы деген нәрсе, әрине, жаңалық емес. Ол барлық тілдерде бар. Біздің қазақ тіліне де жат емес. Әсіресе, бұл үрдістің үстіміздегі ғасырдың соңғы жартысында күшті қарқынмен дамығандығы әркімге аян. Бұл процестің қазіргі күнде де тоқталмағандығын ешкім теріс дей алмайды. Тек соңғы кезге тән ерекшелік – сөздерді біріктіру арқылы жаңа сөз жасауды мойындау, заңдастандыру, оған біріккен сөз деген «паспорт» беру деген сияқты нәрселер жетіспейді.
Проф. Қ.Жұбанов екі сөзді біріктіру арқылы жаңа сөз жасау – тіліміздің ішкі мүмкіндігі арқылы баюының ұтымды жолы екендігін айта келіп: «Ондай материалдар тілімізде даяр тұр, тек оны заңдандыру, оған азаматтық право беру ғана қалады» - деп жазған екен [12]. Біз де өз тарапымыздан осы айтылған пікірге қосылған болар едік.
Біріккен сөздерді біріктіріп жазу проблемасы – біздің, тек біздің емес-ау, көпшіліктің ойындағыдай дұрыс шешіле қалған күнде әлі де ойласа түсетін тағы бір мәселе бар. Ол – біріккен сөздердің іштей кірігуі деген мәселе.
«Қазақ тілі орфографиялық сөздігінде» алаөкпе (ауру аты), бөріаяқ, қандыағаш (өсімдік аттары), көзқарас, қазанқап, қазықұрт, шекара деген сияқты біріккен біраз сөздерді дәл осы жерде берілгендей етіп жазуды ұсыныпты. Яғни орфографиялық сөздік жоғарғылар тәрізді біріккен сөздердің біразын морфологиялық ұстаным бойынша сөздердің түбір тұлғасын сақтап жазуға нұсқайды. Бірақ бұл ұстаным сөздіктің өзінде бірізді емес. Онда дыбыстық тұлғасы ұқсас бірнеше сөздердің біреулері морфологиялық принцип бойынша, ал екіншілері – фонетикалық принцип бойынша жазылған. Мысал үшін, бір ғана сары сөзінен басталатын біріккен сөздерді алып көрелік. Алдымен кірікпегендері: (морфологиялық принцип): сарыбас, сарысадақ, сарысазан, сарысояу, сарытікен, сарымай. Кіріккендері: (фонетикалық принцип): сарағаш, сарауру, сарбұға, сарбөртпе, сарсолма, саргідір, сарқұлақ, сарсу, сартабан, сартал, сартұқыш, саршұнақ т.б.
Бұл сияқты біріккен сөздердің сөйлеу тіліндегі қолданылысына келетін болсақ, олардағы екі сөздің түйіскен жеріндегі дыбыстардың бірі түсіп қалады (алөкпе, бөраяқ, қандағаш) немесе басқа бір дыбыстарға өзгеріп кетеді (көзқарас, қазанғап, қазығұрт, шегара). Біз осы тәріздес сөздерді тек біріктіріп қана қоймай, оларды кіріктіріп, үндестіріп барып жазса, әлдеқайда дұрыс болған болар еді деген ойдамыз.
Бір ғана зат атауын мағыналы екі сөздің тізбектелген тіркесімен білдірудің орнына, дәл сол ұғымды әлгі сөздердің бір-біріне кірігіп, құрамындағы компоненттері біріне бірі сіңісіп, ақырында бастапқы түр-тұлғасы өзгеріп, жымын білдірмей жымдасып кеткен бір ғана жай сөз бере алса, біз оны дәл сол күйінде қабылдасақ және оны солай жазсақ, одан не ұтыламыз! Тілімізде ежелден бері келе жатқан бүрсүгүні, әнегүні, алагеуім, әумесер, есалаң, кейтартпа, өлара, қарағаш, Қожахмет, Дәметкен, Торайғыр деген сияқты сөздер осындай жолдармен жасалып, оларды біз орфографиялық сөздікте де дәл осы күйінде жазып келе жатқан жоқпыз ба?! Ендеше, жоғарыдағы сарыбас, сарысадақ, сарысазан, сарысояу, сарытікен, сарымай, сөздерін сарбас, сарсадақ, сарсазан, сарсояу, сартікен, сармай түрінде жазудың ешқандай ерсілігі жоқ.
Сондықтан, тағы да қайталап айтамыз, бұл сияқты біріккен сөздерді тіліміздегі қолданылуы, айтылуы бойынша жазған жөн. Сонда жоғарыда айтылғандарға қоса, онда аталмаған қандыауыз (құрал аты), қараот, қараөлең (өсімдік аттары), қараөкпе (ауру аты), Қандыағаш, Сарыөзен (жер атаулары) деген сияқты біріккен сөздер қандауыз, қарот, қарөлең, қарөкпе, Қандағаш, Сарөзен түрінде жазылған болар еді.
Әрине, бұл пікіріміз арқылы орфографиядағы морфологиялық ұстаным дегенді жоққа шығарайық деп отырғанымыз жоқ, морфологиялық ұстаным – қазақ тілі орфографиясының негізгі принципі. Дегенмен, тіл дамуының бізден, яғни тілші ғалымдардан тыс, бізге тәуелсіз өзіндік заңы бар емес пе! «Біріккен сөздерді біріктіріп жазайық, ондағы дыбыстық өзгерістерді ескерейік, елейік» дегенді айтқанда, біз тіл деп аталатын құдіретті күштің сол ерекшелігімен санассақ дейміз. Оның өзіндік даму заңын тізгіндемесек, тежемесек дейміз!
Кейбір ғалымдар: - Сөз біріккен сөз деп танылу үшін, яғни екі сөз бірігу үшін, оның құрамындағы компоненттер дыбыстық жағынан да, тұлғалық жағынан да өзгеріске ұшырап, ықшамдалуы шарт, егер мұндай өзгеріске түспесе, ол біріккен сөз болып табылмайды, - дегенді айтады [13]. Ақыры біріккеннен кейін, бұл сияқты сөздерге жоғарыда айтылғандай дыбыстық та, тұлғалық та өзгерістер (кірігулер, сіңісулер, ықшамдалулар) керек-ақ. Оған біз құба-құп дейміз.
Алайда сөз бірігудің шарты тек қана кірігу, ықшамдалу десек, әрине, біз қателескен боламыз. Көпшілік ғалымдар айтып жүргендей, сөздер бірігу үшін олардың әр түрлі дыбыстық тұлғалық өзгерістерге түсуі міндетті емес. Бұл күнге дейінгі біріккен сөздер деп танылып жүргендердің ішінде компоненттері ешбір өзгеріссіз-ақ бірігіп, бір ғана лексикалық единица ретінде қолданылып жүргендері көп. Әсіресе, соңғы кездерде жасалған біріккен сөздердің түбір формаларын ажырату тіптен оңай.
Сөйтіп, тіліміздегі белгілі бір нәрсенің атауы болып қолданылып жүрген жүздеген, мыңдаған тіркестерді біріккен сөз деп тану және оларды біріктіріп жазу – тек грамматика үшін ғана емес, лексикология мен лексикография үшін де әрі теориялық, әрі практикалық маңызы зор мәселе екендігінде дау жоқ.
Ендеше, жоғарыда айтылған ой-тұжырымдарымызды қорыта келе, біздің мынандай ұсыныстар айтқымыз келеді:
1. Орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге еуропа тілдерінен келген сөздерді жазғызу үшін, тілімізге арнайы ендірілген 12 орыс әрпін қазақ әліпбиі құрамынан шығарып тастап, өзіміздің төл әліпбиімізді қайта құрастыруымыз керек.
2. Шет тілінен келген сөздердің бәрін үндестік заңына бағындыра отырып, оларды өзіміздің төл дыбыстарымызбен ғана жазуымыз керек. Яғни, әр сөз қазақша айтылуы бойынша жазылсын.
3. Қазақ сөздерінің ішіндегі бұған дейін үндестік заңына бағынбай жазылып жүрген сөздер үндестік заңына бағындырылып жазылатын болсын.
4. Тілімізде біріккен, бірақ орфографиялық сөздігімізде әлі күнге дейін біріктіріліп жазылмай жүрген сөздерді орфографиялық сөздіктің келесі басылымынан бастап біріктіріліп жазғанымыз мақұл.
5. Біріккен сөздерді тек біріктіріп қана қоймай, реті келсе оларды тіліміздің ішкі заңдылығына сәйкес кіріктіріп те жазған абзал.
6. Осы айтылғандарға орай «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерін» қайта қарап, оған тиісті өзгерістер енгізуіміз керек.
7. Жазу мәдениетін қалыптастыратын бірден-бір құрал - ол орфографиялық сөздік. Ендеше, одан кейінгі кезекте орфографиялық сөздігімізді қайта түзуіміз керек.
8. Содан кейін барып, мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының шәкірттеріне арналған бағдарламаларды, оқулықтарды қайта жазуымызға болады.
Осылай етсек қана қазақ тілі өзіндік ерекшелігін жоғалтпай, тілдік қасиетін сақтап қала алады. Өзінің даму ерекшелігін тоқтатпай, алға қарай ілгерілей алады. Әйтпесе, Халел Досмұхамедұлы айтқандай, «тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт» болып шыға келеріміз анық [14].
Әдебиеттер
1. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. Өңделіп, толықтырылып үшінші басылуы. Алматы, «Қазақстан», 1988.
2. Кеңесбаев С., Мусабаев Г., Неталиева К. Орфография казахского языка // Орфография тюркских литературных языков СССР. М., 1973. С.110.
3. Мырзабеков С. Қазақ орфографиясының арнаулы курсы бойынша методикалық нұсқаулар. Алматы. 1991. 17-б.
4. Ең болмаса бұл сөзді үндестік заңы бойынша гүжбән деп жазса бір сәрі ғой. Сөздікті түзушілер ойланбастан оны күжбан деп бірінші буынын жіңішке, екінші буынын жуан жазып, өзімізге де, оқушыларға да түсініксіз бір нәрсені ұсынған – Қ.Б.
5. Ең болмаса, қабілет, қағілез, қасірет, құдірет, тақсырет, хазірет деген сияқты үш буынды сөздердің ортаңғы буындарының жіңішке қысаңдары жуан қысаңдарға ауыстырылмағанына таңымыз бар – Қ.Б.
6. Досмұхамедұлы Х. Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы. Ташкент. 1924. 30-б.
7. Жоғарыда аталған еңбегі. 33-б.
8. «Ана тілі», 30 қаңтар, 1992. 6-б.
9. «Жаңа мектеп», 1926. №14-15.
10. Джунисбеков А. Сингармонизм в казахском языке. Алма-Ата, «Наука». 1980. Джунисбеков А. Просодика слова в казахском языке. Алма-Ата, «Наука». 1987. Мырзабеков С. Қазақ орфографиясының арнаулы курсы бойынша методикалық нұсқаулар. Алматы. «Қазақ университеті». 1991. Мырзабеков С. Қазақ тілінің фонетикасы. Алматы. «Қазақ университеті». 1993.
11. Мен бұл жерде тек буын үндестігі туралы ғана айтып отырмын. Егер бұл мәселе қазақ тілі тұрғысынан дұрыс шешілетін болса, онда еріндік, езулік үндестіктері туралы да арнайы сөз етуге де болады – Б.Қ.
12. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы. «Ғылым», 1966. 91-б.
13. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. Алматы. «Мектеп». 1972. 85-86-б.
14. Досмұхамедұлы Х. Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы. Ташкент. 1924. 49-б.
Қазақ орфографиясындағы қайшылықтар. А., 1994 ж.