Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы



Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің 4-басылымы жайында

2001 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің 4-басылымын 1500 данамен басып шығарды. Көлемі 48 баспа табақ. Егер Тіл білімі институты орфографиялық сөздікті бұған дейін әр он жылда бір рет жаңартып отырғанды дәстүрге айналдырғанын ескерсек (оның алғашқы үш басылымы 1968, 1978, 1988 жылдарфы шыққан еді), екі-үш жыл кешіккеніне қарамастан оның 4-басылымын сол дәстүр бойынша тағы да басып шығарғанын біз қуаттаймыз, әрі қолдаймыз. Бұл - шын мәнінде құптарлық іс. Сөздіктің алғы сөзінде: 3-басылымы өңделіп, толықтырылды. Сөзтізбеге бұрын енбей қалған сөздер, ғылыми-техникалық, қоғамдық-саяси терминдер енгізілді, бірге немесе бөлек жазылатын сөздер айқындалып, реттелді», - деп жазылған (2-3-бб.). Солай екендігі рас. Бұл мақаладағы әңгіме орфографиялық сөздіктің 4-басылымындағы сол өзгерістер жайында болмақшы.

Егер сөзді тым көбейтпей төтесінен айтар болсақ, сөздіктің 4-басылымынан мынандай өзгерістерді байқауға болады:

1) Тілімізге орыс тілі арқылы жосықсыз ендірілген интер терминдер, онда да жеке ғылымдардың арнайы салаларында ғана қолданылатын бейтаныс сөздердің біразы (сөздіктің алғы сөзінде «едәуір» деп жазылған) сөзтізбенің қатарынан алынып тасталған. «Біразы» деп отырған себебіміз сөздіктің сөзтізбесінен әлі де алып тастауға тұрарлық мұндай интерсөздердің саны – кем дегенде 5-6 мыңдай. Олар әсіресе а, б, в, г, д, и, к, п, р, ф, х, ц, ч, э, ю әріптерінен басталатын сөздердің ішінде көптеп ұшырасады. Мыс.: аксессуар, бактериофаг, биогеоорта, вакуоль, гальванотерапия, дансинг, дилижанс, инфантерия, йота, каземат, каравелла, парабеллум, спирилла, такелаж, френч, цитрат, чесуга, эшафот, ют т.б.

2) Сөзтізбе жаңа сөздермен азды-көпті толықтырылған. Мыс.: әнұран, әлпігүл, әйкен, әсия, дабылхат, елорда, желжалақ, күнпарақ, қанұйық, түпдерек, ұшақ т.б.

3) Бұрын бөлек жазылып келген бірқатар тіркесті сөздер (күрделі сөздер) сөздікте біріктіріліп жазылыпты. Мыс.: басқосу, бойжету, бойұру, қансонар, қолбала, ойтолғақ, ойтүрткі т.б.

4) Аң, құс, жәндік, өсімдік атауларына байланысты күрделі сөздердің де біразы сөздікте біріктіріліп жазылған. Мыс.: ақбас (өс.), ақкіс, аққайран, ақсары (құс.), ақсерке (балық), ақшұнақ (өс), қарақас, қараматау (өс.), қарақұлақ (зоол.), тасбеде (өс.), суқұзғын, сужылан, суқоңыз, субүркіт, суықторғай т.б. Бірақ бұл саладағы біріккен сөздерге қатысты біздің кейбір ескертпелеріміз бар. Олар туралы әңгіме сәл кейінірек.

5) Бірігіп, одан кейін дыбыстық өзгерістерге түсіп, кіріккен, яғни үндестік заңына сәйкес келген біраз сөздер мойындалған, сөйтіп олар сөздікке сол өзгерген күйінде алынған. Мыс.: көгеніс, көгет, қыркүйек, шегара т.б. Бұлар – шындығында да, құпратлық өзгерістер.

6) Біріккен түбірлердің түйіскен жерінде қатар келген екі дауысты дыбыстың бірі (әдетте – алдыңғысы) түсіріліп жазылыпты. Мыс.: алаөкпе, алтаяқ, батаяқ, батоқыр, босағаттар, ешкемер, қарағаш, қарарша, қарот, қарөлең, қарөрік, саптаяқ, сарағаш т.б. Біз бұл сияқты сөздердің біріктіріліп жазылғандықтарын қуаттаймыз.

7) Орыс тілінен еніп, қазақ тілінің дыбыстау заңдылығына бағынған біраз сөздер әділетті түрде мойындалып, олар сөздікке сол өзгерген күйінде алыныпты. Мыс.: зауыт (завод), келі (кило), пойыз (поезд), рөл (роль), рөмке (рюмка) т.б.

8) Баб, бархан сөздерінің тілдік заңға қайшы келіп жүрген жазылуы түзетіліп, олар бап, барқан түрінде беріліпті. Біз бұл өзгерістерді де құптай отырып, дұрыс бағыт алған ұстанымның тиянақты түрде неге аяғына жетпегеніне ренжіп қалдық. Өйткені қазіргі қазақ тілінің сөздік құрамында Б-ға, В-ға, Г-ге, Д-ға бітетін араб, клуб, штаб, актив, пассив, педагог, округ, йог, жад, пароход, рейд, наряд, йод деген сияқты сөздер аз ба?! Баб, бархан сөздерінің жазылуына түзету ендірген екенбіз, бұл ұстанымды осылар сияқты сөздердің бәріне қолданғанымыз жөн болмас па еді?

Жазылуы түзетілуге тиісті сөздердің қатарына біз кітап, қадір, қазір, қайтіп, қайтейін, қате, қауіп, мұғалім, хат, хабар, хақында деген тәрізді ондаған-жүздеген сөздерді де жатқызған болар едік. Өйткені бұл тәрізділердің жазылуы қазақ тілінің заңдылығына қайшы келіп жүргендігі көпшілікке аян.

Жоғарыда мен бір топ сөздердің біріктіріліп жазылғанын қолдаған едім. Ендігі жерде сол біріктіріп жазу ниетінен туған кейбір кемшіліктерге тоқталайын. Шындығында тіліміздегі біріккен сөздерді біріктіріп жазған дұрыс. Бірақ біріктіргеннің жөні осы екен деп тұрақты түрде тіркесіп келетін сөздердің бәрін жөн-жосықсыз біріктіре беруге болмайтындығын естен шығармауымыз керек еді. Орфографиялық сөздіктің 4-басылымында осындай қателіктер кеткен.

Мысалыға қайың (береза) ағашын алалық. Оның екі түрі (вид) бар: бірі – ақ қайың (белая береза), екіншісі – қызыл қайың (красная береза). Сөздікке бұл екі түрдің екеуі де (аққайың, қызылқайың деген түрде) біріктіріліп жазылыпты.

4-басылымда, сондай-ақ, ақбидай, қарабидай, қызылбидай дегендер де біріктіріліп жазылған. Қарабидай дегенді біріктіріп жазған мүмкін дұрыс та шығар. Өйткені қарабидай – бидайдың ерекше бір түрі (сорты). Оны орыс тілінде де «рожь» деген жеке атаумен атайды. Ал ақ бидай, қызыл бидай дегендердің біріктіріліп жазылғаны жөн болмаған. Себебі олар - бидай дәнінің түсіне қарай қойылған түрлік атаулар.

Өсімдіктерге қатысты күрделі атауларды (басқа күрделі атауларды да) біріктіріп немесе бөлек жазу үшін ең алдымен оның затына, яғни өсімдіктің өзіне қарау керек сияқты. Ат қойылып отырған өсімдік өз алдына бөлек өсімдік пе?! Онда оның күрделі атауын біріктіріп жазуға болады. Ал егер ол бөлек өсімдік емес, белгілі бір өсімдіктің түрі болса ше?! Онда мұндай өсімдіктердің атауларын біріктіріп жазуға болмайды. Олай ететін болсақ, тіліміздегі синтаксистік сөз тіркесі дегендерді жоққа шығарған боламыз. Жоғарыдағы ақ қайың, қызыл қайың, ақ бидай, қызыл бидай дегендер - синтаксис жағынан тіркесіп келген түрлік атаулар.

Мейлі өсімдіктердің болсын, мейлі жан-жануарлардың болсын түр атаулары о бастан-ақ бөлек жазылып келген, әлі де бөлек жазыла береді. Өйткені олар сол бөлек жазылысымен белгілі бір мағынаға ие, сонысымен елге түсінікті.

Ойымызды дәлелдеу үшін жусан (полынь) өсімдігін мысал ретінде келтірейік. Оның ақ жусан, арам жусан, арқар жусан, ащы жусан, боз жусан, бөрте жусан, кермек жусан, құм жусан, қызыл жусан, сұр жусан, қара жусан қасқа жусан, шағыр жусан деген түрлері бар. Орфографиялық сөздіктің 4-басылымында бұлардың ішіндегі ақжусан, бозжусан, бәртежусан, қаражусан, қасқажусан деген бесеуі жөнсіз біріктіріліп жазылыпты. Кермек жусан онда бөлек жазылған. Ал арам жусан, арқар жусан, ащы жусан, құм жусан, қызыл жусан, сұр жусан, шағыр жусан дегендер сөздікте мүлде жоқ. Сонда қалай болғаны? Бір ғана жусан түрлерінің біреулерін біріктіріп, екіншілерін бөлек, яғни әр түрлі жаза береміз бе?

Рас, жусан сөзімен келген өсімдік атауларының бәрін жусан өсімдігінің түрлері екен деп ұғып қалуға болмайды. Мәселен, қазақ тілінде де, ботаникалық еңбектерде де ақбасжусан (тысячелистник), кестежусан (пиретрум), көкпекжусан (лебеда садовая) деген өсімдік атаулары кездеседі. Бұл атаулардың құрамында «жусан» сөзі тұрғанымен, олардың жусан (полынь) өсімдігіне ешқандай қатысы жоқ, мүлде басқа-басқа өсімдіктер. Егер бұлар сияқты өсімдік атаулары сөздікке алынса (өкінішке орай бұл атаулардың ешқайсысы сөздікке алынбапты -Қ.Б.), ондайларды біріктіріп жазған дұрыс болады. Өйткені олар – өз алдына жеке-жеке туыс атауларының аттары.

Осы ойымызды дәлелдей түселік. Ол үшін, бір ғана «ақ» сөзінен басталатын өсімдік атауларына көңілдеріңізді аударалық. Жаңа орфографиялық сөздікте (4-басылымда) «ақ» сөзінен басталатын жоғарыда көрсетілген сөздерден басқа мынандай өсімдік атаулары біріктіріліп жазылыпты: ақжалбыз, ақжуа, ақжүгері, ақжүзген, аққаңбақ, аққарағай, аққараған, аққонақ, ақмия, ақсарымсақ, ақсасыр, ақсексеуіл, ақселеу, ақсора, ақсырттан, ақтал, ақтерек, ақшеңгел, ақши, ақшілік т.б. Ал ақ андыз, ақ өлең дегендер мұнда бөлек жазылған. Ақ сора, ақ сұлы дегендер сөздікке (орфографиялық) кірмей қалған.

Біле білген кісіге бұл жердегі әңгіме «ақ» сөзінен басталатын, біріктіріліп жазылған өсімдік атаулары жайында болып отыр. Бұлар сияқты біріктіріліп жазылған сөздердің екінші сыңарлары – жалбыз, жуа, жүгері, тал... деген жеке-жеке өсімдік атаулары. Олардың әрқайсысының мята, лук, кукуруза, ива деген орысша баламалары бар. Жоғарыда көрсетілген ақжалбыз, ақжүгері ... дегендерді бірге жазылғандықтарына қарап, бір өсімдіктің туыстық атаулары деп ұғатын болсақ, онда оларды орысшаға қалай аударамыз? Амалсыздан белаямята, белаякукуруза деп аударуға тура келеді. Ендеше аталған өсімдік атаулары бір өсімдіктің аты емес, екі сөздің тіркесінен тұрған, бірі – анықтайтын (ақ), екіншісі – анықталатын сөздер (жалбыз, жүгері) болып келген синтаксистік сөз тіркесі болып шығады.

Бұл айтылғандарды былай қоя тұрып, ботаникалық еңбектерге қарап көріп едік, жалбыз өсімдігінің арық жалбыз, бұйра жалбыз, кермек жалбыз, су жалбыз деген түрлері бар екен де, ал оның ақ жалбыз деген түрі мүлде жоқ екен (Биологиялық сөздікке қараңыз).

Орфографиялық сөздіктің 4-басылымында дәл осылар тәрізді қара, қызыл, сары, қоңыр, көк т.б. сөздерінен басталып, біріктіріліп жазылған өсімдік атаулары көптеп кездеседі. Олардың бәрін санап шығу мүмкін емес. Сондықтан әңгімемізді басқа бір мәселеге бұралық.

Жөнсіз біріктіріліп жазу тек өсімдік атауларына байланысты емес, оны кез келген басқа сөздер тобынан да ұшыратуға болады. Мәселен, аң, құс, жәндік атауларына көңіл аударып көрелік. Орфографиялық сөздікте аққоян, аққұр, ақләйлек, ақсусар, ақтұйғын, ақтұнжыр, қаракүзен, қарақарға, алақарға, қарақұр, қараләйлек, қаратүлкі, қаратырна, қызылсусар, қызылүйрек т.б. деген сияқтылар біріктіріліп жазылған. 4-басылымдағы біріктіріліп жазылған сөздердің қатарында тіпті ақылға сыймайтын, миға қонбайтын, әрі-беріден кейін түсінудің өзі қиын ақкүміс, ақтарлан, ақтұшпара, ақірім, қызылқұда деген сияқтылар да жүр.

Жаңа басылымда жазылуы бірдей болуға тиісті сөздердің әр түрлі жазылуы да ұшырасып қалады. Мәселен, сөздіктің 12-бетінде «бөлек жазылады» деген ескертуге қарамастан қарабұрыш сөзі онда бірге жазылған. Ал дәл осы сияқты қызыл бұрыш – сөздікте бөлек жазылыпты. Қарашыбын – бірге, көк шыбын – бөлек. Атжол, тасжол дегендер сөздікте жоқ, теміржол – бірге. Қалған «жолдар» (қара жол, қасқа жол, күре жол, жалғыз аяқ жол) онда – бөлек жазылған. Ақталқан (бірге жазылған) – бар, қара талқан – жоқ. Ақтүлкі, қаратүлкі (осылай бірге жазылған) – дегендер сөздікке кіріпті, ал қызыл түлкі – онда жоқ. Осылай кете барады.

Осы жерде «ала» сөзіне байланысты аздап мысал келтіре кетелік. 4-басылымда қарала, сарала, көгала сөздері бірге жазылған. Ақ ала, боз ала, қоңыр ала, қызыл алалар онда бөлек жазылған. Ал торала, шұбарала дегендер сөздікте мүлде жоқ. Сондай-ақ, қарала, сарала сөздері бір жерде – бірге, екінші жерде – бөлек жазылған.

Орфографиялық сөздіктің 4-басылымындағы бірге-бөлек жазылуға байланысты үшінші бір кемшілік – бейнелі, образды, ауыс мағынада қолданылатын фразеологизмдердің біразының онда біріктіріліп жазылып кеткендігінде болыпотыр. Мыс.: алаяқ, алыпсатар, атқамінер, атүсті (қарау), ақсаусақ, аткөпір, ауызбірлік, арамтамақ т.б. Орфографиялық сөздікте бірге жазылып берілген ақ марал, ақ сұңқар (бейнелі сөздер) дегендерді де осы қатарға қосуға болады.

Фразеологизм болып табылатын екі жүзді, дүние қоңыз дегендер сөздікте бөлек жазылған да, ал осы тұрақты тіркестерден туындаған екіжүзділік, дүниеқоңыздық деген тұлғалар, неге екені белгісіз, онда бірге жазылған.

Бірізділіктің (тұрақты ұстанымның) жоқтығы болар, жоғарыда көрсетілген тілдік бірліктерден ешқандай айырмашылықтары жоқ ақ ниет, ақ көңіл, ақ жүрек, ақ пейіл, қара жүрек, қара бет, қара ниет, қара сирақ, ала ауыз, ала көңіл, аш көз, көк бет, көк ми, көк езу, тас бауыр, тас жүрек дегендер орфографиялық сөздікте бөлек жазылыпты. Біз бұлардың осылай бөлек жазылуын дұрыс деп есептейміз. Өйткені олар – фразеологиялық бірліктер.

Ал нағыз біріктіріліп жазылуға тиісті ауыз омыртқа, бел омыртқа, төс қалта, көк сүт, тай қазан, қара көже, қара ет, қызыл асық, қызыл су, азу тіс, ит тіс, қасқа тіс, сүт тіс, қыз қуу, кәрі жілік, ашық хат, темір қазық (жұлдыз атауы), аш ішек, тоқ ішек, тік ішек, тоң май, іш май, бет орамал, қол орамал, жалаң аяқ, жалаң бас, төс темір, тоты құс деген сияқты біраз сөздер сөздікте бөлек жазылған (көтенішек, жанқалта, сумай, мойыномыртқа деген сөздер сөздікке кірмей қалған). Мұны, әрине, құптау қиын.

«Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» 4-басылымында бұлардан басқа әттегенеайлар баршылық. Солардың бірі – қаңтар, сәуір... деген сияқты қазақша ай аттары тұрғанда олардың январь, апрель ... деген орысша баламаларының да алынуы. Бұл – не қалыптасып қалған кеңестік әдеттен шыға алмаушылық немесе сөздіктегі сөздердің санын көбейтудің амалы ғана. Болмаса бір ұғымның қазақша-орысша сыңарларына бір сөздіктің өзінде қатар берілуінің мәнін ешқандай дәлелмен түсіндіруге болмайды.

Дәл осы сияқты әліпби, емле (дұрысы еміле) сөздері танылып, мойындалып, сөздікке алынғаннан кейін, олардың алфавит, орфография деген орысша баламаларының сөздікке берілуінің ешқандай мұқтаждығы жоқ еді. Мұны айтып отырған себебіміз – алфавит сөзі де, орфография сөзі де сөздіктің 3-21 беттер аралығында өздерінің қазақша баламаларымен (әліпби, емле) бірге жарыса қолданылған.

Сөздердің орысша-қазақша баламаларының жарыса қолданылуы бір бұлармен бітсе бір сәрі ғой. Ондайлардың санын өсіре беруге болады. Мәселен, сөздіктен құяң – радикулит, резеңке (дұрысы – рәзіңке) – резина, пайыз – процент, соқырішек – аппендицит, жұрнақ – суффикс, дәрісхана – аудитория, құжат – документ деген сияқты жарыстыра алынған сөздерді қиналмай-ақ таба аласың.

Сөздікті түзушілер бұлардың қазақшаларын – халықтық атаулар, орысшаларын – ғылыми атаулар деп түсіндіргісі келеді (18-б). Халықты бұлай алдаусыратуға (адастыруға) болмайды. Көрсетілген сөздердің орысша сыңарлары қандай мағына берсе, олардың қазақша баламалары да дәл сондай мағына береді; олардың орысша сыңарлары қандай тіркес құрамында қолданыла алса, қазақша сыңарлары да дәл сондай тіркес құрамында қолданыла алады. Ендеше, сөздерді дұрыс жазуда тұрақты (ғылыми) ұстанымымыздың жоқтығын әр қилы сылтаулармен бүркемелемегендігіміз абзал болар еді.

Мақаламыздың соңына қарай айтарымыз: Орфографиялық сөздіктің алғы сөзінде (бұл сөзді де алғысөз деп біріктіріп жазған дұрыс ғой – Қ.Б.): «50-60 жыл бойы үйреншікті болып қалыптасып қалған таңбалар құрамы мен негізгі емле ережелерімізді түбегейлі өзгертудің қажеттілігі жоқ деп ойлаймыз», - деген пікір айтылыпты (3-б).

Шындығын айталық, бізді шошындырған «ой» осы болды. Өйткені қазақ тіліндегі сөздердің жазылуын ғылыми жүйеге түсіру үшін, бірінші кезекте 1957 жылы бекітілген, қазір әбден ескірген «Қазақ тілінің негізгі емле ережелерін» қайта қарап, сөздердің жазылу ұстанымдарына түбегейлі өзгерістер енгізуіміз, оны тіліміздің құрылымдық ерекшеліктеріне, даму заңдылықтарына сай жөнге келтіруіміз қажет-ақ. Неге десеңіз, әр тіл – өз заңы бойынша дамып, өз заңы бойынша өзгеріп отыратын құбылыс.

Біздің қолда бар, жүзеге асырылып жүрген, 1957 жылы бекітіліп, 1983 жылы «толықтырулар ендірілді» деп өзімізді өзіміз алдаусыратынп жүрген еміле ережелеріміз – шынтуайтына келгенде, тіліміздің дамуын ескерусіз қалдырған, оны шегелеп, цементтеп, қаңтарып тастаған ереже. Оның үстіне бұл Ереже кеңес үкіметінің құлы болған, кеңестік саясаттың күйін күйттеген Ереже екендігіне ешкім таласа қоймас. Егер біз сөздерімізді айтылуы бойынша айта алмасақ, оларды тізімде қолданылуы бойынша қолдана, жаза алмасақ (мысалы, актив>әктіп, заем>зайым, альбом>әлбөм, артист>әртіс, парад>парат деген сияқты), болмаса біріккен сөздерді – біріктіре, кіріккен сөздерді – кіріктіре алмасақ, онда қазақ тілін зерттегенімізден, оның грамматикалық заңдылықтарын білгендігімізден не пайда?» Олай болса, еміле ережелеріміз дұрыс болсын дейтін болсақ, біз алдағы уақытта (көп ұзатпай) әліпбиімізге, негізгі еміле ережелерімізге түбегейлі өзгерістер ендіргеніміз мақұл.

Тілтаным. 2002, №3. 119-124 бб.