1995-96 жылдары мен Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің жанынан ашылған Жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін атрттыру институтының филология кафедрасында профессорлық қызмет атқардым. Әр облыстан келген қазақ тілі мұғалімдеріне «Қазақ тілі фонетикасы», «Қазақ тілі лексикологиясы», «Қазақ тілі лексикографиясы», «Қазақ тілі терминологиясы», «Сөз мағыналары», «Сөз мәдениеті» деген тақырыптарда лекция оқыдым.
Сол кезде мен «Жарыспалы сөздердің жазылуы» деген тақырыпта бір кішкентай эксперимент жүргізген едім. Кейін ол экспериментімді Алматы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтындағы мектеп мұғалімдеріне сабақ беріп жүрген кезімде де ары қарай жалғастырдым. Бұл мақалада мен сол эксперименттің нәтижелері жөнінде қысқаша баяндап бермекпін. Өйткені оның қорытындысы әлі күнге дейін еш жерде жарияланған емес.
Эксперименттің мақсаты - 1) жарыспалы сөздердің жазылу қиындығының деңгейін анықтау; 2) курс тыңдаушыларының жазу сауаттылығын айқындау.
Экспериментке қатысқандар – жоғарыда айттым, Қазақстанның әр облысынан келген Жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін арттыру институты мен Алматы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының тыңдаушылары. Экспериментке қатысқандардың жалпы саны – 86 адам. Бәрі де жоғары және орта оқу орындарында қазақ тілі пәнінен (көбінесе практикалық қазақ тілінен) сабақ беретін мамандар.
Эксперименттің құрылым-құрылысы тым қарапайым. Тілімізде 2 не 3 түрлі айтылып, жазылып, қолданылып жүрген 50 сөзді іріктеп алдым да, оларды өздерінің сыңарларымен бірге бір бетке тізіп жазып, ксероспен көбейттім. Сөйттім де, «Мына сыңарлардың қайсысы қазақ тілінің орфографиялық сөздігі бойынша жазылған? Сол сөздің астын түзу сызықпен сызып шығыңыздар» деген тапсырмамен әлгі барақшаларды әр жолығы курсқа келген тыңдаушыларға бір-бірден үлестіріп беріп жүрдім.
Курс тыңдаушыларына 20 минут уақыт берілді. Олар өздерінің білгендері бойынша дұрыс деген сыңарлардың астын бір сызып, төменгі жағына аты-жөндерін жазып, барақшаны маған қайтарады. Мен оларды тексеріп шығып, 50 жұп сөздің қаншасы дұрыс, қаншасы бұрыс екендіктерін анықтаймын. Ол жұптардың тізімін үлгі ретінде ұсынып отырған 1-ші кестеден көруге болады.
1-кесте
Мына нұсқалардың жазылуы (орфографиясы) жағынан қайсысы дұрыс?
Дұрыс дегендердің астын түзу сызықпен сызып шығыңыз:
Қым-қуыт/қым-ғуыт, дүдәмал/дүдамал, төңрек/төңірек, төртпақ/төртбақ, шүперек/шүберек, бәйтөбет/байтөбет, түкпір/түпкір, дізе/тізе, текпі/тепкі, сау-саламат/сау-сәлемет, сахара/сақара, араб/арап, құдірет/құдырет, таукімет/тауқымет, диірмен/тиірмен, мақұлық/мақлұқ, мақлұқат/мақұлықат, мақұрым/мақрұм, майка/мәйкі, таңдай/таңлай, шекара/шегара, жылыдай/жылылай, ноль/нөл, бұрынғы/бұрыңғы алдынғы/алдыңғы, жауыңгер/жауынгер, түгендеу/түгелдеу, емеурін/емеуірін, ұйтқы/ұйытқы, тебінгі/тебіңгі, інген/іңген, айғай/айқай, палуан/балуан, түңлік/түндік, дімкәстану/дімкәстену, әйбәт/әйбат, сахна/сахына, сармай/сарымай/сары май, тоңмай/тоң май, тайқазан/тай қазан, тор көз/торкөз/торгөз, етпетінен/етбетінен, желбау/жел бау, бешпет/бешпент, шүбәлану/шүбалану, жадыгөй/жәдігөй, іңкәрлік/іңкәрлық, пенжек/пиджак, тегеурін/тегуірін, іңгәсі/іңгәсы = 21.
Адамбекова Г.К.
Ақтау политехникалық институты,
«Қазақ тілі» кафедрасының оқытушысы.
Кестедегі асты түзу сызылған сөздер – тыңдаушының «дұрыс жазылғаны осы сыңар» деп соққан белгісі де, ал қараман терілген сөздер – тексерушінің «дұрыс жазылғаны осы» деп соққан белгісі. Яғни олардың сол кездегі орфографиялық сөздіктегі дұрыс нұсқалары – осы екі белгі тұрған сөздің біреуі. Ал соңғы жағындағы теңдік белгісінен кейінгі цифр – тыңдаушылардың жіберген қателерінің саны.
Тексеру қорытындысы мына жағдайларды айқындап берді:
Экспериментке қатысқан 86 адамның 24-і 50 сөзден 10-нан 20-ға дейін қате жіберсе, 62 адам 21-ден 32-ге дейін қате жіберіпті. Яғни олардың көбі көрсетілген сөзердің орфографиялық сөздіктегі дұрыс сыңарларын дәл таба алмапты. Басқаша айтсақ, жарыспалы сөздердің орфографиялық сөздік бойынша дұрыс жазылғандарын тапқандар – 37,5 %, ал таба алмағандар – 62,5 % .
Бұл, әрине, ойлануға тұрарлық нәрсе.
Эксперимент нәтижесіне байланысты өз ойымызды айтпас бұрын алдымен 1-ші кестеде көрсетілген жұп сөздерді фонетикалық ерекшеліктеріне қарай топ-топқа бөліп, қайта жазып шығалық (2-ші кестеге қараңыз).
2-кесте
1. А/Ә: әйбат/әйбәт, бәйтөбет/байтөбет, дүдәмал/дүдамал, жадыгөй/жәдігөй, сау-сәлемет/сау-саламат, шүбәлану/шүбалану.
2. Ы/І: құдірет/құдырет, тауқымет/таукімет, іңкәрлік/іңкәрлық.
3.Б/П: етпетінен/етбетінен, төртпақ/төртбақ, шүберек/шүперек.
4.Г/К, Ғ/Қ: ботакөз/ботагөз, торкөз/торгөз, шекара/шегара, қым-қуыт/қым-ғуыт.
5. Д/Т: диірмен/тиірмен, тізе/дізе.
6. Л/Н: түгендеу/түгелдеу, түгелдену/түгендену.
7. Л/Д: жылылай/жылыдай, таңдай/таңлай.
8. Н/Ң: алдыңғы/алдынғы, іңген/інген, бұрынғы/бұрыңғы, жауынгер/жауыңгер, тебінгі/тебіңгі, түндік/түңлік, іңгәсі/іңгәсы.
9. Екінші буынға қысаң дыбыстың қыстырылуы не қыстырылмауы: емеурін/емеуірін, сахна/сахына, төңірек/төңрек, мақрұм/мақұрым, мақұлық/мақлұқ, мақлұқат/мақұлықат, тегеурін/тегеуірін.
10. Қатар тұрған екі қатаңның орын ауыстыруы (метатеза): тепкі/текпі, түкпір/түпкір.
11. Қазақша не орысша жазылуы: мәйкі/майка, нөл/ноль, пиджак/пенжек, сахара/сақара.
12. Сөздердің бөлек не бірге жазылуы: желбау/жел бау, сары май/сарымай, тайқазан/тай қазан, тоңмай/ тоң май.
Мақсат – осылардың орфографиялық сөздіктегі дұрыс не бұрыс жазылғандықтарын нақтылай түсу. Есте болатын нәрсе: Оқырмандарға түсінікті болу үшін ол сыңарлардың орфографиялық дұрыс нұсқаларын біз бұл кестеде алдыңғы қатарға шығардық.
Оқырмандардың өздері де байқап отырған болар, 2-ші кестеде көрсетілген 12 топ сөздер белгілі бір фонетикалық ерекшеліктеріне қарай топтастырылғандықтарымен олардың әрқайсысы сол кездегі орфографиялық сөздікте әр түрлі жазылған. Мәселен, 1-2 топтағы жуан/жіңішке сыңарлардың орфографиялық сөздікте бірде жуан сыңары (әйбат, жадыгөй), бірде жіңішке сыңары (бәйтөбет, дүдәмал) беріліпті. Бұл – «осы сыңарлар дұрыс жазудың үлгісі» деген сөз. Сондай-ақ, 3-топтағы сөздердің бірде «Б» сыңары (шүберек), бірде «П» сыңары (етпетінен) дұрыс жазу үлгісі ретінде көрсетілген.
Басқа топтардағы сөздердің жазылу үлгілері де дәл осындай.
Енді жіберілген қателердің көп болу себептеріне келелік.
Себеп әр түрлі. Солардың бірі, дәлірек айтсақ, ең бастысы – жарыспалы сөздерді орфографиялық сөздіктерге дұрыс алудың ұстанымдары бізде әлі айқындалмағандығы. Сондықтан болар, жарыспалы сыңарлар әр түрлі ұстанымдармен жазылып, сөздікті пайдаланушыларға әр уақыт қиындық келтіріп жүр. Мәселен, біз көрсеткен 12 түрлі сөз топтарының 8-ші тобындағы сөздер не бірыңғай «Н» әрпімен, не бірыңғай «Ң» әрпімен жазылған болса, олардан онша көп қате кетпеген болар еді.
Бірақ сөздікті құрастырушылар олай істемеген.
Екінші себеп – соңғы кезде біз орта мектептерде болсын, жоғары оқу орындарында болсын «Сөздердің жазылуы» (орфографиясы) деген пәнді оқытуды тым ақсатып алдық. Әдетте ол пәнге сағат аз бөлінеді. Бағдарламаларға да жөнді ендірілмейді. Мұғалімдер реті келген жерде ғана «мына сөз былай айтылады, бірақ былай жазылады» деп өте шығады. Сонымен әңгіме бітеді.
Үшінші себеп - жазу-сызумен айналысатын жеке адамдар да (жазушылар, жұрналистер т.б.), баспа қызметкерлері де қазіргі кезде сөздердің жазылуы деген мәселеге онша көңіл бөлмейтін болып алды. «Меніңше осылай жазылғаны дұрыс» дегенді қойып, орфографиялық сөздікте ол сөздер қалай жазылып көрсетілсе, біз де оларды солай жазуға дағдылануымыз қажет. Ол үшін, әрине, бірінші кезекте «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» белгілі бір ұстаныммен, ұқыпталып, сауатты түрде, дұрыс жасалуға тиісті.
Мұны айтып отырған себебіміз: 2-ші кестеде көрсетілген сөз топтарының әрқайсысына жеке-жеке көңіл аударып қарап көріңіздер, жоғарыда айтқанымыздай, орфографиялық сөздікте бір ғана ұстаныммен жазылуға тиісті сөздер онда әр түрлі жазылған.
Мәселен, 9-шы топтағы жеті жұп сөзді бір ғана ұстаным бойынша олардың екінші буындарына қысаң дауыстыларды не бірыңғай қосып, не бірыңғай қоспай жазғанда (біздің түсінігімізше, ол жерлерге қысаң дауыстыларды қосып жазған абзал), мұндай ала-құлалықтар мен қателер болмаған болар еді.
Немесе 10-шы топтағы сөздерге келелік.
Түбірі «түп» (бір нәрсенің түбі) сөзі екендігіне қарамастан түпкір сөзін «түпкір» демей, айтылуы бойынша түкпір деп дұрыс жазғаннан кейін осы сөзден ешқандай айырмашылығы жоқ тепкі сөзін де «тепкі» демей, текпі деп, «К»-мен жазса, орфографиялық сөздікті пайдаланушылар үшін ұтымды болған болар еді.
Қайталап айтамыз, белгілі бір тұрақты ұстаным болмағандықтан орфографиялық сөздіктегі бір типтес сөздер әр түрлі жазылып, ала-құла кейіпке ие болған.
Осы ойларымызбен бөлісе келіп, мынандай ұсыныс айтқымыз келеді:
Бірінші кезекте «Қазақ орфографиясының негізгі ережелерін» қайта қарап, оның көптеген тармақтарына өзгерістер енгізу қажет. Екінші кезекте осы жаңа ереже негізінде «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігін» қайтадан жасау керек.
Бұлай дейтін себебіміз, біріншіден, бұрынғы Ереже ескірді. Оның негізгі қағидалары (ұстанымдары) сонау 1957 ж. кеңестік жүйе мен кеңестік саясаттың ұлтқа, ұлт тіліне деген солақай көзқарастарының қарқындап тұрған кезінде қаланған.
Екіншіден, одан бері 50 жылдан астам уақыт өтті. «Елу жылда ел жаңа» дейді халқымыз. Содан бергі уақыт аралығында тіліміз ғалымдар тарапынан жан-жақты зерттелінді. Нәтижесінде біздің тілдік заңдылықтарды тануымыз тереңдей түсті.
Үшіншіден, қазіргі кездегі орфографиялық сөздіктерге байланысты кемшіліктердің көбі сол Ережеге, сол Ережелердің тіліміздің табиғи заңдылықтарына сәйкес келмегендіктерінде екендігін елдің бәрі жақсы түсінеді.
Бір ғана сый/си, тый/ти сөздерінің жазылуын алып қаралықшы. Бұл ала-құлалықтар басында аздап миы бар адамдардың ешқайсысының көңіліне қонбайды. Неге сый, тый сөздеріне ғана «Ы» қысаңын қосып жазуға болады, басқа сөздерге (мәселен, жиналыс, қиын, ми, сиыр, тиын т.б. сөздерге) оны қосып жазуға болмайды?! Неге?! Ережеге айналған бұл «заңдылықты» мүмкін біреу бізге ғылыми тұрғыдан түсіндіріп берер?
Кейбір жолдастар: «1957 жылы қабылданған «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері» 1983 ж. қайта қаралған. Оның редакцияланған жаңа нұсқасы 2006 ж. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік терминология комиссиясында бекітілді. Соны басшылыққа алуымыз керек», – дегенді айтады (Орфографиялық сөздік. А., 2007. 6-б.).
Қолымызды кеудемізге қойып тұрып айта аламыз: «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелеріне» 1983 ж. ешқандай мәнді өзгеріс ендірілген жоқ. Тек бірлі-жарым ғана редакциялық түзетулер жасалды. Біріккен сөздерге байланысты «тыйым» алынып тасталды. «Ә» әрпі 2-ші, 3-ші буындарда да жазылатын болды. Басқалай өзгерістерді біз көріп тұрғанымыз жоқ. Сол баяғы ереже, сол баяғы жат дыбыстар, сол баяғы ескертпелер.
Сондықтан жоғарыда айтылған ұсынысымызды күшінде қалдыра отырып, өзіміз сөз етіп отырған эксперимент нәтижелерінен туған кейбір ұстанымдарымызды айталық та, сонымен әңгімемізге нүкте қоялық.
Ол ұстанымдар мыналар:
1) Жуан және жіңішке сыңарлардан тұратын жарыспалы сөздердің тек жіңішке сыңарларын ғана алу керек (1-2-ші топтарға қараңыз).
2) Сөздердің (дыбыстардың) ұяң және қатаң сыңарлары жарыса қолданылған жағдайда олардың тек ұяң сыңарларын таңдау қажет (3-5-ші топтар).
3) Л және Н, Л және Д дыбыстары жарыса қолданылған жағдайда тек «Л» сыңарына ғана басымдылық берген дұрыс (6-7-ші топтар).
4) Н мен Ң дыбыстары жарыса қолданылған жағдайда «Ң» сыңарын таңдаған жөн (8-ші топ).
5) «Екінші буынға қысаң дауыстыны қосып жазу керек пе, керек емес пе?» деген мәселеге келгенде ондай жерлердің бәріне (ауызы/аузы, ауылы/аулы, дауысы/даусы, оыны/орны т.б. деген сияқты заңдылықтан басқа жерлерде) қысаң дауыстыны қосып жазған абзал.
Бұл қағидалар қазақ тілі дыбыстарының тіркесім заңдылықтарына толық сай келеді. Өйткені қазақ тілі дыбыстарының тіркесім заңдылықтары бойынша, төл түбір сөздерде екі дауссыз дыбыс ешқашан қатар тұра алмайды (9-топ).
6) Тіліміздегі метатеза құбылысының сақталынып жазылғаны орынды (10-шы топ).
7) Бір сөздің қазақша және орысша сыңарлары жарыса қолданылған жағдайда, олардың тек қазақша сыңарларын таңдаған мақұл (11-ші топ).
8) Бірігуге тиісті сөздердің (яғни біріккен сөздердің) бәрінің біріктіріліп жазылғаны жөн (12-ші топ).
Қысқасы, қазақ орфографиясына байланысты ойласар тұстар әлі де баршылық.
Тілтаным. 2008. №4.