Мақаламыздың тақырыбына қарап, оқырман қауымның: «Өзі біріккен сөз болса, оны біріктіріп жазбағанда қалай жазушы едік»,- деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Әңгіме 1963 жылы шыққан «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» біріккен сөздердің бірде біріктіріліп, бірде бөлек жазылғандығында болып отыр. Онда алжапқыш, ақсүйек (шонжар), бесжылдық (пятилетка), қайынаға, қолбасы, қолбасшы, түйеқарын (өсімдік аты), біртектес, т.б. осылар сияқты екі сөзден жасалған біраз сөздер біріккен сөз ретінде біріктіріліп жазылған да, ал осылардан ешқандай айырмашылықтары жоқ төсек жапқыш, ақ сүйек (ойын аты), он күндік (декада), қайын ата, қос басы, қос басшы, түйе табан (өсімдік аты), бір өңкей деген сияқты біраз сөздер біріктірілмей, тіркес ретінде бөлек жазылған. Шындығына жүгінсек, бұлар да алғашқылар сияқты бір ғана заттың атын білдіріп, тілімізде бір сөз ретінде әбден қалыптасып кеткен сөздер.
Мұндай мысалдар сөздікте көп-ақ. Бірақ мәселе мысалда емес. Мәселе – біріккен сөздердің жазылуы деген проблеманың қазақ тіл білімінде күні бүгінге дейін өз шешімін дұрыс таппай келе жатқандығында. Жоғарыдағылардың практикалық өмірдегі жазылуына келсек, көркем әдебиеттерде болсын, газет–журнал беттерінде болсын, тіпті өзіміздің Тіл білімі институтында шыққан әр түрлі сөздіктердің өзінде болсын, біріккен сөздердің бірде олай, бірде бұлай, ала-құла жазылып жүргендігін байқаймыз.
Бұл ретте ҚазССР ҒА–ның корр. мүшесі М.Балақаевтың «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Біріккен сөздерді қалай жазуымыз керек?» деген мақаласын атап өткен жөн сияқты. Онда автор біріккен сөздердің жазылуына байланысты жоғарыда айтылғандай ала-құлалықтарды көрсете келіп, «бұл сияқты ала-құлалықтардан біріккен сөздердің көпшілігін біріктіріп жазсақ қана құтыла аламыз» [1] - деген ой түйген болатын. Қазіргі кезде «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» толығып, өңделіп, қайта басылғалы жатқан қарсаңда бұл мәселеге қайта оралудың ешбір артықшылығы бола қоймас деп ойлаймыз.
Рас, 1963 жылы шыққан орфографиялық сөздікте біріккен сөздер жайында ешқандай да ереже жоқ дей алмаймыз. Онда тіліміздегі о бастан-ақ бірігіп, бертін келе, тіпті, бірімен-бірі кірігіп, сіңісіп кеткен: биыл, бүгін, белбеу, белуар, ышқыр, білезік, қолғап, сексен, тоқсан, түрегел, әпер, өйт, бүйт, т.б. және бір-бірімен кірікпей-ақ біріктіріліп жүрген: адалбақан, айбалта, асқазан, бозбала, балмұздақ, жүкаяқ, көкқұтан, көксағыз, отағасы, еңбеккүн, жартас, итбалық, қарабарақ, қозыжауырын, қалжыңбас, т.б. сөздер біріктіріліп жазылған. Сөздіктің өн бойындағы ондай біріктіріліп жазылған сөздердің саны 360 екен. Орфографиялық сөздіктің біріккен сөздерге деген есігін осы 360 сөзбен ғана «тарс жабуға» әрине болмайды!
Біз орфографиялық сөздікте бөлек жазылған, бірақ біріктіріп жазсақ, бір сөз ретінде қолдануға әбден болатын сөздерді де ерінбей санап шықтық. Олардың – бал қаймақ, көк бауыр, ит аяқ, есеп шот, аяқ қап, тізе қап, көк қарға, жел бау, құлақ бау, тамақ бау, аяқ бау, жарыс сөз, қара құрт, қара торғай, қара май, қара күйе, бас құр, аяқ құр, жер тезек, иіс май, иіс су, төр аға, жан қалта деген сияқтылардың ұзын саны 950 болды.
Біздің ойымызша, бұл 950 сөз өздерінің бастапқы тіркестік (синтаксистік) қасиеттерінен үзілді кесілді мүлде айрылған. Семантикалық жағынан олар бір ғана заттың атауы ретінде қолданылып, бөлінбейтін, мүшеленбейтін бір бүтін сөздерге айналған. Сондықтан бұл сияқты сөздерді орфографиялық сөздіктің келесі басылымында біріктіріп жазған мақұл болар еді.
Мәселен, бал қаймақ сөзі әуелде «балдай тәтті қаймақ» деген ұғымнан шыққанымен, кейіннен оның бір ғана тағам атауы болып кеткендігі даусыз. Қазіргі кезде бұл сөзді ешкім де бал және қаймақ деген сөздердің мағыналарымен байланыстырып жатпайды. Сол сияқты ит аяқ (ит тамақ ішетін ыдыс) сөзін айтқанда да, ит және аяқ сөздерінің мағыналарына байланысты ұғым шықпайды. Ит аяқ сөзі ит және аяқ сөздерінің мағыналарымен ешқашан шатастырылмайды.
Солай бола тұрса да, амал не, бұл сөздер және осылар тәрізді басқа да көптеген сөздер қазіргі кезде жеке сөз ретінде танылмай, сөздіктерде жеке реестр болып алынбай жүр. Кейде олар тіпті сөздіктерге мүлде кірмей қалады. Оның бірден-бір себебі, ол сөздер орфографиялық сөздікте тіркес ретінде бөлек жазылған. Лексикография тәжірибесі бойынша, бұл сияқты бөлек жазылған сөздер әрбір реестр сөздерден соң, ромбик белгісінен кейін, идиома-фразалар берілген жерге алынуға тиіс.
Жоғарыда аталған ит аяқ және онда аталмаған ит жейде (көйлек), ит ала қаз деген сияқты сөздерді ит сөзінің мағыналарынан кейін тіркес ретінде берейін десең, оның ешбір ретін таппайсың. Өйткені, ромбиктен кейін ит арқасы қиянда, ит өлген жер, ит тұмсығы өтпейтін, т.б. деген сияқты идиома- фразалар тұрады. Ит аяқтың, ит жейденің немесе ит ала қаздың бұлармен ешқандай жақындығы жоқ. Тіркесу ерекшелігі, беретін мағынасы жағынан бұлар аталған идиома-фразаларға ешбір ұқсамайды.
Ойымызды айқындай түсу үшін, күрке тауық, көк жөтел, соқыр ішек деген сияқты сөздерді алып қарастыралық. Бұлар да, жоғарыда айтылғандай, орфографиялық сөздікте бөлек жазылған, лексикография тәртібі бойынша, бөлек жазылғандықтан бұлар жеке сөз ретінде реестрге шығарылмайды. Сондықтан күрке тауық тіркесі күрке сөзіне, көк жөтел көк сөзіне, соқыр ішек соқыр сөзіне тіркес ретінде берілуі керек. Ойланып қарайықшы, күрке тауықтың күркеге, көк жөтелдің көкке, соқыр ішектің соқырға қандай қатысы бар? Тіпті азды көпті қатысы бар деген күнде де, бұл сөздерді тіркес деп қарастырудың өзі ақылға қона қояр ма екен!
Әрине, ақылға да қонбайды, ғылымға да сыйыспайды. Сондықтан да, лексикографтар ондай сөздерді сөздікке қалай аларын білмей, дал болады. Сөйтеді де, олар, амалдың жоқтығынан, мұндай сөздерді білмеген, естімеген, көрмеген болып өте шығады («Қазақ тілі көп томдық түсіндірме сөздігінің» екінші томында болуы керек: бет орамал, бал жапырақ, бояу тамыр, бел күрек, бие қарын, боз қараған, бұршақ қап, бұршақ қын, бір табан (ойын) деген сияқты орфографиялық сөздікте бар сөздердің ол томда жоқ болып шығуын тек осы себептен ғана деп түсіндірмеске амалымыз жоқ.- Б.Қ.).
Бұл сияқты сөздерді лексикографтар сөздікке алмай кеткеннен ол сөздер тіліміздің сөздік құрамынан шығып қалмайды. Олар ғылыми, көркем әдебиеттердің бірінде бірге, екіншісінде бөлек жазылып, тіпті бір ғана автордың бір шығармасының өзінде екі үш рет кездескен әлгі сөз бір жерде бірге, екінші жерде бөлек ұшырасып, тілімізде жиі қолданыла береді.
Ал осы жоғарыда аталған сөздер тәрізді екі сөздің тіркесінен құралғанымен, тіркестік (синтаксистік) қатынастарын мүлде жоғалтқан, семантикалық мағынасы жағынан да, грамматикалық қызметі жағынан да тұтас бір бүтін тілдік бірлік ( единица ) ретінде қалыптасқан, бірақ орфографиялық сөздікте не бірге жазылған, не бөлек жазылған күйінде мүлде жоқ: оққағар, балқоспақ, жұлынқұрт, тастабан, таутеке, тоқтыбалақ, ешкіемер, сумай, бетмай, тікішек, аққұман, сауытбұзар, қадаубас, тұлықтас, шаңқобыз, күйсандық, қауынқұрт, балтажұтар (құс), сөзжұмбақ деген сияқты сөздердің саны қаншама десеңізші! Өз тарапымыздан біз олардың да есебін алуға тырыстық. Қазіргі кезде олардың ұзын саны 1350-ге жетті.
Бұл жерде біз орфографиялық сөздікке кірмей қалған біріккен сөздердің саны осы біз жинастырған 1350 сөз ғана деуден аулақпыз. Олардың ішінде біздің қолымызға түспегендері немесе біз біріккен сөз деп тани алмағандарымыз әлі де көп екендігінде дау жоқ. Қанша дегенмен, бір адамның аты бір адам ғой. Көп болып қолға алса, тілімізде екі сөзден бірігіп, бір ғана зат атауын білдіретін сөздердің саны бұдан да көбейе түсері сөзсіз.
Осы жерде өсімдіктердің қазіргі кезде қолымызда бар үш мыңдай қазақша атауларының 70-75 %-і тек екі сөздің бірігуінен жасалған атаулар екендігін де айта кеткіміз келеді. Олар екі түбір сөздің бірігуінен жасалып, бір затты екінші бір затпен ұқсастыру, метафоралық теңеу негізінде жасалынған және ол атаулар екі түбірден құралғанына қарамастан, ботаникалық жағынан бір ғана өсімдіктің атауы болып жұмсалынады. Мысалы, таңқурай, тасжарған, ботақұлақ, сарағаш, қоңырбас, аюбадам, текесақал, т.б. Бұлар және осылар тәрізді екі сөздің бірігуінен жасалған өсімдік атауларының көпшілігі орфографиялық сөздікте жоқ. Егер бола қалса, олардың көбі бөлек жазылған.
Біріккен сөздердің жазылуы туралы айтқанда, қара кер, қара торы, қара көк, қара қошқыл, қара күрең, қара қоңыр, қара сұр, қара қызыл, ақ сары, ақ сұр, ақ құба, ақ боз, ақ қызыл, ақ құба, ақ боз, ақ қызыл, құла кер, қызыл күрең, т.б. осы сияқты сын есімді тіркестерге де тоқтала кету керек сияқты. Бұлар екі сөзден құралып, бір ғана түсті көрсетеді, бір ғана лексикалық единицаны білдіреді. Кейбір зерттеулерде айтылғандай [2], қара көк дегендегі қара сөзі көк сөзін анықтап тұрған жоқ, түстің негізгі белгісі соңғы көк сөзінде емес, қайта бұл екі сөз бірігіп, өзінше бір жеке түсті көрсетіп тұр. Яғни қара да емес, көк те емес, үшінші бір түс – қаракөк. Қаракөк десек, біз қара мен көктің аралығындағы үшінші бір түсті ұғынамыз.
Қазақ тіл білімінде бұл сияқты тіркестер күрделі сын есімдер деп қаралып жүр. Сондықтан болу керек, бұл сөздер «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде (§22)» бөлек жазылсын делініпті. Ал практикалық өмірде жоғарыда сөз болған біріккен сөздер сияқты, бұлардың жазылуында да ала-құлалық кездеседі. Бізше, бұларды күрделі сөздер дегеннен гөрі, біріккен сөздер деп қарап, бірге жазу әрі орынды, әрі тиімді болған болар еді. Бұлай еткен жағдайда бұл сөздердің жазылуында да ала-құлалық болмайды. Мектеп оқушылары қара торы дегендегі екі сөз бөлек жазылғандықтан, екі түс атауы деп ұғынып (қара және торы), арасына үтір қою қателігінен де арылған болар еді.
Жалпы орфографиялық принциптерге қойылатын шарт - олар тілдің өзгеруіне, дамуына, оның байи түсуіне қарсы тұрмаумен бірге, әрбір жеке тілдің жазу мәдениетінің өсуіне де кесірін тигізбеуге тиіс. Ендеше екі сөздің бірігуінен жасалған сөздерді түгелдей жинастырып, оларды біріктіріп жазып, бір сөз ретінде қарастыратын болсақ, бұл, біріншіден, практикалық жағынан қолайлы, ғылыми жағынан дұрыс болып табылады, екіншіден, тіліміздің сөздік құрамы осы біріккен сөздердің есебінен байи түседі.
Екі сөзді біріктіру арқылы жаңа сөз жасау, соның нәтижесінде тілдің сөздік құрамының баюы деген нәрсе, әрине, жаңалық емес. Ол барлық тілдерде бар. Бідің қазақ тіліне де жат емес. Әсіресе, бұл үрдістің үстіміздегі ғасырдың алғашқы жартысында күшті қарқынмен дамығандығы әркімге аян. Оның қазіргі күнде де тоқталмағандығын ешкім теріс дей алмайды. Тек соңғы кезге тән ерекшелік - сөздерді біріктіру арқылы жаңа сөз жасауды мойындау, заңдастыру, оған «біріккен сөз» деген паспорт беру деген сияқты нәрселер жетіспейді.
Проф. Қ. Жұбанов екі сөзді біріктіру арқылы жаңа сөз жасау - тіліміздің ішкі өз мүмкіндігі арқылы баюының ұтымды жолы дей келіп: «Ондай материалдар тілімізде даяр тұр, тек оны заңдандыру, оған азаматтық право беру ғана қалды» [3], - деп жазған екен. Біз де өз тарапымыздан осы айтылған пікірге қосылған болар едік.
Біріккен сөздерді біріктіріп жазу проблемасы біздің, тек біздің емес-ау, көпшіліктің ойындағыдай шешіле қалған күнде әлі де ойласа түсетін тағы бір мәселе бар. Ол - біріккен сөздердің іштей кірігуі деген нәрсе.
«Қазақ тілі орфографиялық сөздігінде»: алаөкпе, қараөкпе (ауру аттары), сарыбауыр, сарыбас (өсімдік аттары), арақатынас, көзқарас, жарқанат, шекара, Ботакөз, қарақұйрық, т.б. осылар сияқты біраз біріккен сөздер дәл осы жерде берілгендей етіп жазылсын делініпті. Яғни орфографиялық сөздік жоғарыдағы тәрізді біріккен сөздердің біразын морфологиялық принцип бойынша сөздердің түбір тұлғасын сақтап жазуға нұсқайды. Ал сөйлеу тілінде бұлардағы екі сөздің түйіскен жеріндегі дыбыстардың бірі түсіп қалады (алөкпе, сарбас,т.б.) немесе олар басқа бір дыбысқа өзгеріп айтылады (шегара, т.б.), естілуі де солай. Біз бұл сияқты сөздерді тек біріктіріп қана қоймай, оларды кіріктіріп, үндестіріп барып (қысқасы, айтылуы бойынша) жазса, әлдеқайда дұрыс болған болар еді деген ойдамыз.
Қай тіл болмасын, оның жазба тілі ауызекі сөйлеу тілінің негізінде жасалады. Олай болса, бұл күнде жазба тілді ауызекі сөйлеу тіліне қарсы қоюдың қажеті бола қояр ма екен.
Бір ғана зат атауын мағыналы екі сөздің тізбектелген тіркесімен білдірудің орнына, дәл сол ұғымды әлгі сөздердің бір-біріне кірігіп, құрамындағы сыңарлары біріне-бірі сіңісіп, ақырында бастапқы түр-тұлғасын өзгертіп, жымын білдірмей жымдасып кеткен бір ғана жай (жаңа) сөз бере алса, біз оны дәл сол күйінде қабылдасақ және солай жазсақ, одан не ұтыламыз! Тілімізде ежелден бері келе жатқан апар, әкел, өйт, сөйт, бүгін, биыл, бүрсігүні, әнегүні, біротала, алагеуім, әумесер, есалаң, жалмауыз, кертартпа, сарсу, өлара, қарағаш, сүттіген деген сияқты сөздер осындай жолдармен жасалып, оларды біз орфографиялық сөздікте де дәл осы күйінде жазып келе жатқан жоқпыз ба! Ендеше, жоғарыдағы алаөкпе, сарыбас, көзқарас... сөздерін алөкпе, сарбас, көзғарас... түрінде жазудың ешқандай ерсілігі жоқ.
Сондықтан тағы да қайталап айтамыз, бұл сияқты біріккен сөздерді олардың тіліміздегі қолданылуы, айтылуы (сөйлеу тіліндегі нормасы) бойынша жазған жөн. Сонда жоғарыда айтылғандарға қоса, онда аталмаған: бие емшек, қанды ағаш, сары ағаш, сары күйік, сары барақ, сары бұға, сары сазан (бәрі де өсімдік аттары), алты аяқ, бата аяқ, бата оқыр, т.б. деген сияқты сөздер биемшек, қандағаш, сарағаш, саркүйік, сарбарақ, сарбұға, сарсазан, алтаяқ, батаяқ, батоқыр түрінде жазылған болар еді. (Көркем әдебиеттердің көпшілігінде, газет-журнал беттерінде бұлар осылай жазылып та жүр).
Әрине, бұл пікіріміз арқылы біз орфографиядағы морфологиялық принцип дегенді жоққа шығарайық деп отырғанымыз жоқ. Морфологиялық принцип – қазақ тілі орфографиясының негізгі принципі. Дегенмен, тіл дамуының бізден (тілші ғалымдардан) тыс, бізге тәуелсіз өзінің заңдары бар емес пе! «Біріккен сөздерді біріктіріп жазайық, ондағы дыбыстық өзгерістерді ескерейік, елейік» дегенді айтқанда, біз тіл деп аталатын құдіретті күштің сол ерекшелігімен санассақ дейміз! Оның өзіндік даму заңын тізгіндемесек, тежемесек дейміз!
Кейбір ғалымдар: - Сөз біріккен сөз деп танылу үшін, яғни екі сөз бірігу үшін, оның құрамындағы компоненттер дыбыстық жағынан да, тұлғалық жағынан да өзгеріске ұшырап, ықшамдалуы шарт; егер мұндай өзгеріске түспесе ол біріккен сөз болып табылмайды,- дегенді айтады. Ақыры бірікеннен кейін бұл сияқты сөздер үшін жоғарыда айтылғандай дыбыстық та, тұлғалық та өзгерістер (кірігулер, сіңісулер, ықшамдалулар) керек.
Сөз бірігудің шарты тек қана кірігу, ықшамдалу десек, әрине, біз қателескен боламыз. Сөздер бірігу үшін олардың әр түрлі дыбыстық, тұлғалық өзгерістерге түсуі міндетті емес. Бұл күнге дейінгі біріккен сөздер деп танылып жүргендердің ішінде компоненттері ешбір өзгеріссіз-ақ бірігіп, бір ғана лексикалық единица (сөз) ретінде қолданылып жүргендері көп. Әсіресе, соңғы кездерде жасалған біріккен сөздердің түбір формаларын ажырату тіптен оңай.
Қорыта айтарымыз, тіліміздегі белгілі бір нәрсенің атауы болып қолданылып жүрген мыңдаған тіркестерді біріккен сөз деп тану және оларды біріктіріп жазу – тек грамматика үшін ғана емес, лексикология мен лексикография үшін де әрі теориялық, әрі практикалық маңызы зор мәселе екендігінде дау жоқ.
Әдебиеттер
1. «Социалистік Қазақстан», 1972, 12 июль.
2. «Қазақ тілі мен әдебиеті», 1959, №5.
3. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы. «Ғылым», 1966. 91-б.
Сөз өнері. «Ғылым», А.,1978, 155-162 б.