ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВТЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ ӘДІСТЕМЕСІНЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ
Қазіргі таңда білім беру саласында болып жатқан өзгерістер оқытуды, соның ішінде қазақ тілін оқытуды жаңа сатыға көтеруді талап етіп отыр. Осыған байланысты білім беру саласына “жаңа технология” термині дендеп енуде. Әр сала бойынша жаңа технологияларды қолданып оқытудың үлгілері ұсынылуда. Мектеп бағдарламасына да өзгерістер еніп, жаңа буын оқулықтары жарық көруде.
Ғалымдар мен әдіскерлер қолданылып жүрген педагогикалық технология терминін әр қырынан ашып көрсетіп жүр. Мәселен, В.Л.Беспалько “практикада іске асатын нақты педагогикалық жүйе-жоба” деп анықтама берсе, Монахов “педагогикалық технология – оқыту үрдісін жобалау, ұйымдастыру және өткізудің ойластырылған моделі” деп саралайды.
Қазіргі уақытта әдіскер-ғалымдар оқыту технологиясының мынандай түрлерін ұсынып жүр:
- дамыта отырып оқыту әдістемесі (Л.В.Занков, Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов, В.В.Репкин, В.А. Левин);
- түсініктерді қабылдау әдістемесі (С.Н.Лысенкова);
- іс-әрекетті бағалау (Ш.А.Амонашвили);
- оқулықсыз оқыту (В.В.Агеев);
- ұжымдық оқыту тәсілі(В.К.Дьяченко);
- тірек және тірек конспектісінің көмегі арқылы оқыту(В.Ф.Шатолов);
Бұдан басқа дамыта оқыту, саралап оқыту, модуль арқылы оқыту
т.б. оқытудың жаңа технологиялары көптеп қолданыла бастады.
Жаңа технологиялар туралы қысқаша мәлімет берген себебіміз - осы технологиялардың көбінің Қ.Жұбанов еңбектерінде көрініс тапқанын ашып көрсету.
Бүкіл ТМД елдеріне танымал жаңашыл-әдіскер Ш.А.Аманашвили: “Егер балаға берілетін оқу-танымдық тапсырмалар оның күштеріне сай келсе онда соңғылары одан әрі дами алмайды. Бірақ өзінің күші жетпейтін оқу материалын оқушы қалай игереді? Баланың өзі әрине, ол күштерді жұмылдырып, оқу материалын игеруге жұмсай алмайды: мұны қалай жасауды ол білмейді: міне, осы тұста оқушы мен оқу материалы арасындағы дәнекер – ұстаздың ролі түсінікті болады. Тек мұғалім ғана оқушының оқып отырғанын түсінуіне, саралай білуіне, онымен жұмыс істеу тәсілдерін меңгеруіне көмектеседі, таныс еместі таныспен, жаңаны белгілімен байланыстырып, сол арқылы оқушы білімінің неғұрлым биік сатысын құрайды”(1, 31)дейді, енді Қ.Жұбановтың еңбегіндегі мына бір жолдарға назар аударайық: “Сөйлеген сөздеріміздің қай-қайсы да түрлі дыбыстардың түрліше құралысуы, орналасуы сияқты көрінеді. Кірпіш үйдің қабырғасы (дуалы) қабырға бомастан бұрын бөлек-бөлек, ұсақ-ұсақ кірпіштер болып, сол кірпіштерден құралып, қаланып барып қабырға(дуал) қалпына келгені сияқты, тілде де дыбыстардан құралып барып буындар, буындардан жиналып келіп сөздер, сөздерден топталып алып сөйлемдер пайда болатын тәрізді. … үйдің қабырғасы болмас бұрын оны құрастырған кірпіштер, кірпіштер болмас бұрын оны құраған құм-топырақтар болғаны сияқты, сөз – тіл болмас бұрын дыбыстар, дыбыс болғанда да осы күнгі біз білетін а,б, ш дыбыстары болған сияқты көрінеді”(2,126). Бұдан Ш.Аманашивилидің ұсынып отырған әдістемесін Қ.Жұбановтың өз оқулығында баяғыда-ақ ұтымды қолданғаны көрініп тұр. Ғалым салыстыру әдісін өз еңбектерінде шебер пайдаланған. Оқушыға түсінікті тілмен, өмірмен байланыстыра отырып берген.
Түсініктерді қабылдау әдістемесін ұсынған С.Н.Лысенкова: “Тірек үлгілер, немесе жай сүйеніштер дегеніміз сабақты түсіндіру сәтінде оқушылардың көз алдында туындап, таблицалар, карточкалар әшекейлі полотно, чертеж, сурет түрінде көрінетін тұжырымдар. … Бірінші кластықтар – балалар бақшасының кешегі балдырғандары. Олар нақтылы, образбен ойлайды.”(3, 61) деп оқушылардың қабылдауына, образ түрінде әсер алуына ерекше назар аударады.
Қ.Жұбанов “Қазақ тілі грамматикасында” қазақ тілін жете меңгерту үшін әрбір жаңа тақырыпты образды түрде меңгертуге мән берген. Мысалы, сөз бөлшектерінің құралуын меңгерту үшін ғалым: “Сөз бөлшектерінің жасалуы үйдің салынуы сияқты. Ағаш, тас, кірпіш, балшықтарды қалай болса, солай құрастырып үйе салса, үй болмайды, тек үйіншік болады. Үй болу үшін қиынын тауып қалап, байлауын тауып ұстатып; адам тұратын бөлме ме, мал қамайтын қора ма, астық жиятын сарай ма? – қайсысы екеніне – керегіне қарай тиісті түр беру керек” немесе “Сөз бөлшектерінің кітап, әңгіме сияқты ірілері бол, әріп, дыбыс сияқты ұсақтары бол, - қай-қайсы да, бітулі киімдей, айналасы көмкерілген бір бүтін нәрсе. Сөйте тұра бұлардың бүтіндігі бір тұас, сом бүтіндік емес; киімнің өңір, шабу, арт бой, жең, жаға бөлшектерден құралатыны сияқты, әр бөлшектің өзінің ішкі бөлшектері бар; әрқайсысы сол ішкі бөлшектерден қиындалып, құралып барып жасалады” дейді. .”(2, 135). Яғни, бірінші оқушының қабылдауына түсінікті, білетін нәрселерін көз алдарына елестетіп, сол арқылы жаңа хабарды меңгертуді мақсат тұтқан.
Жоғарыда келтірілген мысалдардан қазіргі таңда білім беру саласында жаңа технологиялар ретінде жаңашыл-мұғалімдердің ұсынып жатқан әдістемелерінің Құдайберген Жұбанов еңбектерінде негізі қаланғанын атап айтқымыз келеді. Ғалым қазақ тілін оқушы қауымға түсінікті тілмен жеткізе отырып, оның барлық қырын ашып көрсетеді. Ғалым еңбегінің осы күнге дейін өзінің құндылығын жоймай келе жатқанының басты себебі де осы болар.
“Сөйлем мүшелерінің орын-орны” тақырыбында ғалым көрнекілік әдісін шебер қолданған. Сызба арқылы тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелердің орын тәртібін жете меңгертуге назар аударған. Әрбір мүшенің орны мен өзі байланысатын сөздің байланысын стрелка арқылы нақтылап көрсеткен.
Ғалым еңбектерінде сатылы, жүйелілік, түсініктілік, ғылымилық, теорияны практикамен байланыстыру ұстанымдарын бір-бірімен жақсы ұштастыра отырып ұтымды пайдаланған. Ғалым-ұстаздың әдістеме саласына қосқан үлесін зерттеу – алда тұрған міндеттердің бірі.
Осыған байланысты жарық көрген М.Қ.Жұбанованың “Құдайберген Жұбанов ұлттық дидактика проблемалары хақында” атты еңбегі осы саланы, яғни ғалымның әдістемелік мұраларын зерттеуге көңіл қойған келер ұрпаққа тірек, негіз болатын бірден-бір еңбек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ш.Амонашвили. Мектепке алты жастан. Педагогикалық ізденіс. Алматы:Рауан. 1990.
2. Қ.Жұбанов. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер.Алматы: Ғылым, 1966.
3. С.Н.Лысенкова. Оқуға жеңіл болғанда. Педагогикалық ізденіс. Алматы:Рауан. 1990.
4. М.Қ.Жұбанова. Құдайберген Жұбанов ұлттық дидактика хақында. Алматы:Ғылым. 2002.